Алаш ардақтысы - Ахмет Маметов
Бөлісу:
Қазақ руханиятында аса күрделі мәселенің бірі тұлғатану мәселесі. 70 жыл бойы қылышынан қан тамған кеңестік кері идеологияның үстемдік еткен уақытында қазақ тарихындағы «ұлтшыл тұлғалардың өмірін тану» жабық, тиым салынған тақырып еді. Кеңестік идеология салдарынан қазақ интеленциясының көбісі «халық жауы» аталып, қыршыннан кетті. Солардың бірі Күнбатыс алашорда мүшесі, ағартушы-журналист, ақын, дәрігер Ахмет Мәметов (Ахмедғали Мамытұлы). Ахмет қазақтың батыр қызы – Мәншүк Мәметованың әкесі.
Ахметтің есімін бүкіл қазақ жұрты біледі деген бекершілік. Қазақ руханиятына сүбелі үлес қосқан алаш арысының өмірін тарихшы, алаштанушы ғалымдар білетіні болмаса, кейінгілердің жас ұрпақтың хабары жоқтың қасы. Өзімізде Оралға барған сапарымызда білгеніміз болмаса, ақындығы және ағартушылығы жайында мүлдем хабарсыз едік. Тек бүгінгі таңдағы тәуелсіздік аясындағы бақытты шақта қазақ руханиятына, әдебиетіне, тарихына сүбелі үлес қосқан қайраткердің шығармаларын ұрпақ санасына сіңіріп, Мәншүктей батыр қыздың Отан соғысына аттанардағы бала жүрек арманы «Әкемнің жау емес екендігін дәлелдеймін» деген арманын ұрпақ санасында жаңғырту.
Тарихтан білетініміздей, сол кездегі жиырмасыншы ғасыр басындағы Ахмет Маметовтың өмірі соқтықпалы соқпақсыз жерде өтті. Ұлт қамын биік тұғырға қойып, қаймана қазақтың таңы ататын бақытты шақты олар үлкен арманмен күтті. Сол бақытты шаққа жету жолында өмірлерін құрбан етті. Алаш арыстарындай ұлт интелегенцияларымен ниеттес, идеялас болып, бірлесе жұмыс атқарды. Ахмет Мәметовтың өмірбаянына, тарих сахнасында атқарған қызметін айтар болсақ, деректердің аздығы алдымыздан орағытады да тұрады. Ақын шығармашылығын зерттеген Қазыбек Құттымұратұлы, алаштанушы ғалым Дәметкен Сүлейменова еңбектері, одан қалса Батыс Қазақстан облыстық архивінде сақталған құжаттары бар. Ендігі міндет алаш арысының өмірін тереңінен зерттей түсіп, ел естімеген өлеңдерін қайта зерделеп, оқырман санасына сіңіру. Бәлкім ақынның шығармашылығын кітап етіп бастыру. Ендеше ұлтына қамқор болған, алаш арысы Ахмет Маметовтың өмірін оқырман қауымға таныстыруды да жүзеге асырсақ.
Ақын - Ахмет Маметов.
Батыс Алашорда қайраткері, Алаш қозғалысына қатысушы, ағартушы, ақын, журналист, дәрігер Ахмет Маметов Орал губерниесі, Бөкей уезі, Орда ауданындағы Қойтоғыт қонысында дүниге келген.
Жасынан оқуға зерек, сауатын ауыл молдасынан ашқан алаш арысының өмірі де ұлт интелегенциясының шоғыры білім алған Уфадағы «Ғалия» медресесімен де байланыста. Белгілі алаштанушы ғалым Дәметкен Сүлейменованың айтуынша, Ахмет Маметовтың алғашқы өлеңдері медресе оқып жүргенде-ақ баспа бетінде жарық көрген. «1912 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспаханасынанн «Аберт» (орысша «Назидание») жинағы жарық көреді. Қазақ халқының тәуелсіздігін армандаған балғын жастың «Тілегім» атты өлеңі сол жинақта басылып шықты». Алғы бетінде: «Автор Ахмет-Али Маметов. Букеевец. 47 страниц. Казань делінген». Әйгілі медреседе білімін жалғастырып, кейін Орынбордағы «Хұсайния» медресесіне ауысып, еліне білікті, білгір азамат болып оралады. Өз дәуірінің озық ойлы ағартушысы Ахмет Маметов медреседегі білімін жетілдіріп, Алаш қозғалысының мүшелерімен бірге жұмыс атқарады. Сол уақыттағы қаймана қазақтың тіршілігін, өмір жағдаяттарын өлеңдері мен саяси мақалаларына арқау етеді.
«Орал өңірі» газетінің тарихына қатысты деректерді жинастырған белгілі журналист Қазыбек Құттымұратұлы Ахмет Маметовтың өңірге белгілі журналист болғанын, жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ баспасөзіне редактор болып басшылық жасағанын айтады.
«1919 жылы «Дұрыстық жолы» атауымен шыққан газетіміздің редакция алқасында болған Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев секілді ұлт арыстарымен есімі қатар аталатын Ахмет Мәметов те 1920-1921 жылдары Орал облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы болған еді»,-дейді Қ.Құттымұратұлы.
Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосып, қазақ баспасөзіне бар ғұмырын арнаған Ахмет Маметовтың алғашқы өлеңдері мен саяси мақалалары «Айқап», «Қазақ», «Қазақстан» газет-журналдарында басылды. Тіпті алғашқы өлеңдерін 1912 жылы «Қазақстан» газетіне жариялаған. Мақала соңында жарияланған өлеңі осы газеттің алғашқы сандарына шыққан. Бұл жырды да қолымызға табыстаған журналист ағамыз Қазыбек Құттымұратұлы.
«Ахмет Маметовтың кейінгі өмірі де қазақ баспасөзімен тікелей байланысты: 1914-1917 жылдары «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде өлеңдері жарияланады. 1916 жылы босқын қазақтарға көмек беру үшін «Қазақ» газетінде Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Жәнібековтермен бірге елге үндеу тастайды. Ақпан төңкерісінен кейін Ташкентте «Алаш» газетіне мақала жазып, журналист ретінде танылады. 1917-1918 жылдары «Бірлік туы» серіктестігіне кіреді. М.Шоқай, С.Қожанов, Х.Болғанбаев әр кездері басқарған «Бірлік туы» газеті басқармасында жұмыс істейді. 1918 жылы күзде Түркістан автономиясын большевиктер таратқан соң «Ойыл уәлаятына» барады. 1919 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен облыстық жер басқармасы жиналысының шешіміне сәйкес «Еркін қазақ» газетінің уақытша шығарушысы болып тағайындалады»,-дейді өз зерттеулерінде Қ.Құттымұратұлы.
Тарихқа сәл шегініс жасайтын болсақ, 1918 жылдың 18-21 мамыры аралығында Жымпиты қаласында Орал өңірі қазақтарының кезекті съезі өтеді. Осы алқалы жиында «Ойыл уәләятын» құрылып, төрағасы Жаһанша Досмұхамедұлы болады. Үкіметтің жанынан баспахана ісі қолға алынып, жоғарыда журналист ағамыз сөз еткен «Еркін қазақ» газетін шығару туралы айтылады. Бұл жұмысты Мәншүктің әкесі Ахмет Маметова іске асырады. Бұл газет туралы алғашқы мәліметтерді Жымпитыда болған, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин тарихи-мемуарлық романына арқау етеді. Ақынның «Тар жол, тайғақ кешу» романында өз көзімен көріп, өзі бел ортасында жүрген оқиғаларды суреттей отырып былай дейді: «Күнбатыс Алашорда» (Батыс бөлімі) сүйтіп, өзінше істей берді. Айтқандайын, Ойыл қаласында газет шығарды. Газетінің аты жаңылмасам, «Жаңа қазақ» («Еркін қазақ») болса керек. Шығарушысы - Ахмет Мәметұлы деген дәрігер».
Кейін 1920 жылдары Батыс Алашорда үкіметі таратылғаннан кейін Орал қаласына келіп, халық ағарту, медицина саласында да жемісті қызмет атқарды. Басқасын айтпағанда, 1930 жылы Алматыда Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтының негізін қалап, алғашқы директоры болған ол 1931 жылдан бастап Орал облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары ретінде еңбек етті.
Қазақ медицинасының қайраткері
Күнбатыс Алашорда орталығы болған Жымпитыда қызмет істеп жүргенінде қажының қызы, текті ханның ұрпағы Әмина Маметовамен танысады. Кейін шаңырақ көтеріп, Әмина анамыз екеуі халық ағарту саласында талмай еңбек етеді.
Әмина Сүлеймен қажының қызы, Көсепқали Нұрлыханның немересі, яғни ханның шөбересі, тікелей ұрпағы болып келеді. Сол уақыттағы қазақ ағарту саласына үлес қосқан мұғалім, ағартушы Әмина Маметова Саратов университетінің педагогика факультетін бітіреді. Кейін Орал облыстық оқу бөлімінде әдіскер қызеттерін атқарған. Мәншүктің әкесі жоғарыдағы «Хұсайня» медресесін аяқтаған соң Саратов университетіне оқуға аттанып, осындағы медицина факультетіне оқуға түседі. Күнбатыс Алашорда үкіметі тараған соң, Ахметтің өмірі денсаулық сақтау саласында өрбиді. Денсаулық сақтау инспекторы, дәрігер, редактор, ғалым, институт директоры, Қазақ Денсаулық сақтау халық комиссариатының коллегия мүшесі секілді қиын да қызық, жауапкешілігі күрделі, жұмыстарды атқарады.
Өлең де жазған өршіл ақын дәрігер мамандығын істей жүріп, халық медицинасы туралы мақалаларын газет-журнал бетіне жариялайды. «Әйелдерге кеңес», «Жануарлардан жұғатын ауру», «Жеке бастың тазалығы және эпидемиямен күрес», «Жұқпалы аурулармен күресу жолдары», « Мерез ауруы», «Теңге қотыр», «Шешек қандай ауру» т.б. көптеген тері ауруларының шығу тарихы, таралу жолдары, олардың алдын-алу секілді оқу-әдістемелік, ғылыми маңызды кітаптар да жазып үлгереді. Адам бойына сыйып тұрған осыншама тамаша қасиеттері арқылы таныла бастаған зиялы жанның қазақ баласы үшін артықтыққа бағалаған кеңестік дәуірдің идеологиясының шырмауына айналған саяси-қуғын-сүргіннің құрығы тым ұзын болғаны аян.
Ал енді кешегі қылышынан қан тамған кеңестік идеология салдарынан Мәншүктің әкесі Ахметтің есімі көпке шейін айтылмай келді. Ахмет Маметов Батыс Алашорданың қайраткері болып, 1938 жылы «халық жауы» атанып, атылып кетті. Кейін 1958 жылы 27 ақпанда СССР Жоғарғы сотының әскери алқасы ақтау шешімін шығарды. Алашым деп алаш баласының бақытты өмір сүруін арыстай азамат армандап, соған бүкіл ғұмырын осылайша сарп етті. Әкесінің атына кір келтірмеген қызы Маншүк Мәметова фашистерге қарсы ерлікпен қаза тауып, Кеңестер Одағының Батыры атағына ие болады. Мәншүктің де майдан даласына аттанып, соғысқа қатысуыда әкесінің кінәлі еместігін дәлелдеу болған.
Ахмет Мәметов репресия құрбаны болып, атылып кетпегенде батыр қыз Мәншүк Мәметованың тағдыры басқаша болуы мүмкін еді. Әке жолын қуып, Алматы медицина институтына түсіп, дәрігер боламын деген арманы орындалушы ма еді. Қазақ медицинасында оның аты ойылып жазылар еді. Дегенмен Мәншүк Мәметова соғысқа кеткенге дейін әкесінің атылып кеткенін білмеген. Бұған майданнан жазған хаттары дәлел. Анасы Әмина Сүлейменқызына жазған хатында: «...Егер қаза болсам, Отан үшін, әкем үшін және сіз үшін...» деп атап көрсетеді. Оның осындай хаттары қазір Оралдағы мұражай-үйінде сақтаулы.
Осылайша Отаны үшін, әкесі үшін майданға аттанған Мәншүктің соғыстағы ерлігі талай жазылды, талай өлең-дастандар дүниеге келді. Бастапқыда қазақстандық 100-атқыштар бригадасының штабында қызмет еткен ол мұны қолай көрмей, көп ұзамай пулеметші атанып, алдыңғы шептен бір шықты. Пулеметшілер бөлімшесінің командирі болған гвардия аға сержанты Мәншүк Мәметова Невель қаласы үшін кескілескен шайқаста қаһармандықпен қаза тапты. Ұрыс даласында жалғыз қалып, жараланса да, пулеметтен оқ жаудыруды тоқтатпады. Екі қолы пулемет тұтқасынан айрылмастан көз жұмған батыр қыздың алдында жетпістен астам фашистің өлігі жатты. Мәншүктің ерлігі майдандастарына қатты әсер етті. Мәншүк үшін кек алуға ұмтылған кеңес жауынгерлерін ештеңе де тоқтата алмады.
Әкесінің өлімі туралы Мәншүк Маметова көпке дейін білмей жүреді. Өзіне халық жауының қызы деген айыппен қарағандардың сөзіне де ісіне де көңіл бөлмей, фамилиясын өзгертуге тырыспай-ақ, әке жолын қуу мақсатында медицина институтына оқуға түседі. Ел басына күн туғанда сын сағатта Ұлы Отан соғысына да ойланбастан әкесінің ардақты атын ақтау мақсатымен алдыңғылардың бірі болып майданға аттанады. Батыр қыз Мәншүк Мәметованың ерлігі осылайша әкесін ақтап алу және отан үшін жанын пида ету мақсатында болған. Бүгінде тарихтың ақтаңдағы әкесі Ахмет Маметовты ақтап, оның қайраткерлік жолындағы еңбектерін ұрпақ санасына сіңіруде. Тегіне тартқан тектіліктің арқасында батыр атанған Мәншүк пен алаш арысы Ахметтің тағдыры қасірет шеңберінен аман қалғанда қазақ медицинасында өшпестей есімдері қалған ғалымдар болуы да бек мүмкін еді. Бірақ тарих және болашақ ұрпақ оларды даңқты батыр ретінде ұрпақ жадында сақтайды. Ахмет Маметовты қазақтың қайсар қызын тәрбиелегені үшін мәңгі есте жаңғыртады. Бізде алаштың абзал азаматтарын ардақтап, Ахмет Маметовтай алаш арысының ғұмырын жастар санасына ұқтыруды басты парызымы деп ұқтық. Оның артынан қалған өлеңдері мен ғылыми публицистикалық еңбектерін зерттеп зерделей түсуді жөн көрдік.
Ахмедғали Мамытұлының шығармашылығынан
Жаз
Жаз келді дүнияға нұрын шашып,
Гүрілдеп әрбір сайда сулар тасып.
Жанданып құрт-құмырсқа, маса-шыбын,
Алланың әмірімен көзін ашып.
Көлдерге көзің салсаң ерте тұрып,
Отырар үйрек-қаздар сыңқылдасып.
Бәйшешек һәр бір гүлдер басып жарып,
Құбылып жердің жүзін кетті басып.
Қарасаң, осыларға көз жіберіп,
Көңілің көтерілер жоғары асып.
Осы күн бір Алладан кеңдік болды-ай,
Шаттықтан әрбір жанның көңілі толды-ай.
Қыстауда қыс бойында сасыған жан,
Көк орай көк шалғынға келіп қонды-ай.
Қыс бойы шаруасынан шықпағандар,
Кең жайлау, саф ауаға келіп оңды-ай.
Алланың рахметі еніп бүгін,
Рахат бай-жарлыға бірдей болды-ай.
Барша жан кетті бүгін тіріліп-ай,
Зарланып бір Аллаға сиынып-ай.
Кеудеден шығып кеткен өткен жылда,
Қайтадан келіп кірді шыбыны да-ай.
Жанданып, тыпырласып орынынан,
Тымыққа кетті шығып жүгіріп-ай.
Ұмтыл Қазағым
Ұмтыл Қазағым, жиһад айтып ұмтыл алға,
Бұрынғы күн екен деп жатып қалма.
Басқа ел өнер-ғылым білген шақта,
Қалып жүр біздің қазақ жүріп жалға.
Бұл заман - өнер-ғылым заманасы,
Жалқаулық, надандықты ойыңа алма.
Жүргізген жансыз затты өнер-ғылым,
Қаламыз оны көріп біздер таңға.
Керемет ешбір түрлі жоқ қасиет,
Шығарған бұл нәрсені адамдар да.
Керемет қасиеті сол жерінде,
Үйреніп әрбір пәнде кеткен алға.
Ұйықтап, жалқауланып біз сықылды,
Етпеген тыныштықты шыбын жанға.
Сол еткен жігерінің арқасында,
Өнер мен ғылым-дағы болған алда.
Көз салып дүниеге қарап тұрсақ,
Бір жан жоқ бұ жаһанда бізден арда.
Бұрынғы өтіп кетті қайта келмес,
Тырысу керек енді қазір алға!
Айгерим Наурызбай
Бөлісу: