Аты аңызға айналған ұстаз-ғалым, заңгер, «Отан» орденінің иeгepi, академик Салық Зиманұлы Зиманов Ұлы Отан соғысының жауынгері ретінде жеті жыл қан майданда болған.
Полк командирі дәрежесіне дейін көтеріліп, жеңіске жетіп, елге аман-есен оралған. Жеңістің биылғы 80 жылдығы қарсаңында ұстазым туралы айтарым көп.
Бейбіт өмірде ғылымның көшбасшысы, реформаторы болып, көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Ол кісінің бір қасиеті – талантты адамдарды маңайына жинай білді және олардың көпшілігіне қабілетіне қарай ғылыми жұмыстардың бағдарламасын ұсынды. Ол кісінің шекпенінен шыққан атақты ғалымдар - Жабайхан Әбділдин, тарихшы Қабдеш Ыдырысов, заңгер Еркеш Нұрпейісов сынды тағы басқа азаматтарға және маған да жол ашып берді.
Салық Зиманов қазақ ғалымдарының арасынан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының докторы, профессор және Қазақ Ұлттық ғылым академиясының академигі болған ірі тұлға. Кезінде ҰҒА-ның президенті Қаныш Сәтбаев Салық Зимановтың дарындылығын байқап, оның заң тану саласындағы жолына батасын берген болатын. Ал С. Зиманов сол ақ батасын, аманатын өзінің айналасындағы азаматтарды, жастарды тәрбиелеу арқылы ақтады.
Халыққа және қоғамға айтары бар адам көп әңгіме айтқанша, кітап жаза білгені пайдалы қазына емес пе?!
Мен де осындай ойға келіп, ұлттық рухани ұстазым, заңғар ғалым Салық Зимановқа арнап көзінің тірісінде «Құқықтық публицистикалық ойлар» және «Ғылымдағы ғасыр абызы» деген тақырыпта екі кітап дайындадым.
Ол кітапқа еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері Ә.Нұрпейісов, Т.Шарманов, К.Ормантаев, К.Сағадиев, Қ.Сұлтанов, М.Құлмұхамед және тағы басқа тұлғалардың естеліктерін алты айлап жүріп, аузынан жаздырып алып, енгіздім.
Ал ол тұлғалардан естелік алудың өзі уақытына байланысты оңайға түскен жоқ. Қаншама күндер мен айларды, уақытымды ұстазым үшін сарп етіп, естеліктерді көзі тірісінде жаздырып алғаныма осы күнде дән ризамын.
Бұл кітаптарды кезінде көп тиражбен өз қаржыма шығарып, Қазақстан аудиториясына тегін тараттым. Ал қазір осы аталған көп тұлғалар бақилық болып кетіпті. Менің қуанатыным кітап естелік ретінде әлі сөйлеп тұрғаны қандай тамаша.
Ал енді өмір өте қызық. Бұл өмірдің шиеленісі, ондағы тартыстар көп адамның басында кездесетін табиғи заңдылықтар. Мен қызметті ерте бастадым. Өзімнің көркем жазуларыммен көпшіліктің көзіне ерте түскен болуым керек, сөйтіп жүріп жас кезімде оңтүстік өңіріндегі Сарыағаш аудандық сотының төрағасы, жас ғалым, журналист, жазушы ретінде танылдым. Сондай-ақ еліміз егемендік алған кезеңнен бастап құқықтық реформа туралы бағдарламаларымды ұдайы жазып отырдым.
Міне сондай ірі тақырыптың бірі – «Қылмыстық кодекс, ол қандай болуы керек?» деген кітапты 1993 жылы жылдар бойы жазған ұсыныс мақалалардың негізінде шығардым.
Менің бұл еңбегіме көптеген заңгер ғалымдар және қазақтың зиялы қауым өкілдері зер салған екен.
Міне осындай кезеңде 1994 жылы жаз айларының әдемі күндерінде Ташкентте өтіп жатқан халықаралық ғылыми конференцияға қатыстым. Осы жиында аты аңызға айналған заң ғылымдарының корифейі, сол кездегі Жоғарғы Кеңестің депутаты, заңдылық жөніндегі комитет төрағасы Салық Зиманов алғашқы баяндама жасады. Ол кісі сөйлеген сәтте залда тыныштық орнады.
Қатысушылардың бәрі жас шәкірттері секілді С. Зимановтың аузынан шыққан әрбір сөздерге ден қойып, тамсана тыңдап, қол шапалақтап отырды. Ойпырмай, академиктің әрбір сөзі өте терең ойлы, құқықтық реформа туралы толғаныстарын жайып салды. Не деген энциклопедиялық білім! Шешендігі қандай! Баяндама барысында философиялық толғамдар айтып, зиялы адамның жоғары мәдениеттілігін көрсете білді, залдан қойылған бірнеше сұрақтарға шапшаң жауап беріп, әр сөздерін ғылыми кітаптардың атын атап, тарауларына сілтеме жасады. Баяндама аяқталғанда залда отырған Өзбекстан Ұлттық Ғылым академиясының екі академигі - Әнуар Ағзамқоджаев пен Шафкат Уразаев екеуі орындарынан тік тұрып, ду қол шапалақтады. Зал түгел түрегеліп кетті. Осылайша дүйім ел Салық Зимановқа құрмет көрсетті.
Үзіліс кезінде әңгімелесіп тұрған сәтте көзі маған түсіп, қасына шақырып алды. Маған сонда айтқаны: «Алауханов, сенің орталық баспасөздегі мақалаларыңды оқып жүрмін, кейбір еңбектеріңмен таныспын. Маған сен туралы ҚР Әділет министрі Нағашыбай Шайкенов жақсы пікірлер айтқан. Менің хабарым бар, сен өзің жас болсаң да елге бас болып, аудандық соттың төрағасы ретінде қызмет атқарып, ауыр кезеңде екі гектар жерімен жарамсыз болып қалған үш қабатты нысанды сот ғимаратына айналдырып, өзің меценат ретінде ауқымды қаражатыңа күрделі жөндеу жасап, Әділет министрлігінің балансына өткізіпсің. Мұны естіген жаңа Министр Н.Шайкенов 1993 жылы 12 тамызда сол соттың базасында үлгі ретінде республикалық семинар-кеңес ұйымдастырғанын білемін. Осындай өтпелі кезеңдегі жұмысың құптарлық іс» - деді.

Ол кісі маған: «Ертең сағат 11- де келіп, мені Сарыағаштағы кеңсеңді көрсетуге алып кет, содан әрі Алматыға ұшып кетемін» деді. Біздің ұлы академикпен ұстаз бен шәкірт арасындағы таныстығымыз осылай басталды. Ол кісінің айтуымен, көптеген тақырыптар ұсынуымен бірнеше ғылыми еңбектерді жазып шығардым. «Криминология» және «Қылмыстық құқық» оқулықтарын кең көлемде орыс және қазақ тілінде жаздым. Олар Санкт- Петербург, Мәскеу, Алматы қалаларының баспасынан да ерте кезеңде шықты. Ол кісінің көзі тірісінде мен туралы «Хабар» телеарнасына берген «Ғалым қандай болуы керек?» деген тақырыптағы сұхбаттары да бар. Жалпы Салық Зиманов өте талапшыл, жұмыс барысында қатаң, сесі бар азамат болатын.
Міне Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы қарсаңында айтарым, ол кісінің соғыстың басынан аяғына дейін 7 жыл қатысып, қан майданда қаншама қиыншылықтар көргенін өз аузынан естігенмін. Апталап қоршауда қалғанда ашаршылықтан, судың тапшылығынан қаншама әскерлердің қырылғанының куәгері болған екен.
Міне, сондай текті азамат бейбіт өмірде де бүкіл саналы өмірін Қазақстанның білімі мен ғылымына арнады. Әсіресе, еліміздің егемендік туралы тұңғыш Декларациясын дайындау бойынша жұмыс тобының жетекшісі ретінде және тұңғыш Конституцияның авторының бірі ретінде үлкен жұмыстар атқарды. Алғашқы Декларацияны Жоғарғы Кеңестің мінбесінен 5-6 сағат бойы тік тұрып, оның әрбір тармақтарын депутаттарға түсіндіруде шаршамай талмай, жеткізе білгенін сол кездегі Жоғарғы Кеңестің депутаты, медицина ғылымының докторы, профессор Иманәлі Байдәулетов жыр ғып айтады.

Міне соның нәтижесінде ҚР-ның тұңғыш Декларациясы бекітілді. Айта берсе ол кісі туралы әңгімелер көп. Ол кісі 91 жасына қараған шағында дүниеден озды. Артында қалдырған еңбектері өте мол. Ата заңдар туралы 10 томдық көлемді еңбекті де жазып қалдырды. Біз секілді шәкірттеріне артқан аманаты да есімізде, «Сен біздің еліміздің бас криминологі ретінде қалыптастың, ал саған артатын аманаттың жауапкершілігі мол» деп айтқан сөзі ұстазымның маған деген үлкен сенімі болды.

P.S. Кейде жұмыс үстеліндегі жазбаларды көріп, Салық Зимановты еске алғанда ол кісінің ғылыми жұмыстарға жасаған шатпақтарын қарап, ол алыс сапардан оралатындай көңіліміз алаңдап отырады. Көзі жоқ болса да оның бізге берген бағыт-бағдары мәңгі жүрегімізде сақталыпты. Өзі оқыстан келіп: «Әй, Есберген, мынау құқықтық реформаларға айтатын қандай ойларың бар?» деп сұрайтындай елестейді. Ол кісінің маған сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, қатаң талапшыл, әкелік қамқорлығы, тәрбиесі ерекше болды.
Шындығын айтқанда, мұндай өнегелі адамның жақсылығын көру - көп адамның басына қона бермейтін бақ десе болады.
Сондықтан мен әр кезеңде өзімнің ұлы рухани ұстазым Салық Зимановты мақтан тұтамын!
Мен де өмірімді шәкірттер тәрбиелеумен айналысуға арнап келемін.
Есберген Алауханов,
Заң ғылымдарының докторы, профессор,
зимановтанушы, халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.