Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

09.04.2025 1570

Тоқсанға келген абыз 12+

Тоқсанға келген абыз - adebiportal.kz

Тілі қыңыр адамның көңілі ақ, жүрегі таза болатынын өмір салты өзі талай дәлелдеген аксиома. Адам ақ сөйлеуі үшін де ішкі «менінің» мынау өмірге деген қарсылығының тура болуы шарт деген ұғымды ортаға шығарсақ, сатира, фельетон жанрына қалам тартуға жүрегі дауалаған адамның әділетсіздікке қарсы шабар қаруы – қызыл тілі мен әділетшіл ақ жүрегі дер едік.

Қазақ әдебиеті сатира жанрының дамуына бір кісідей тер төккен, турашылдықты ту еткен қаламгерлердің бірі – Ғаббас Қабышұлы. Ғ.Қабышұлын айырықша атап өтіп отырған себебіміз – сатирик жазушымыз торқалы тоқсан жасқа шығып отыр. 1935 жылы 9 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Ұранхай ауылында дүниеге келген жазушының балалық шағы екінші жаһан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келіп, ерте жастан еңбекке араласып, ерте есеюіне себеп болады. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ әдебиетке деген қызығушылығы оянып, алғашқы өлеңдері мен әңгімелерін жаза бастайды.

1955 жылы еңбек жолын облыстық «Алтай большевигі» (қазіргі «Дидар») газетінде корректор ретінде бастаған Ғаббас Қабышұлы кейін бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Бұл кезеңде ол журналистика саласында мол тәжірибе жинақтап, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтере бастайды. 1966 жылы республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысады. Он жылдай облыстық газеттерде қызмет атқарып, сол кездегі астана Алматы қаласындағы «Қазақ әдебиеті» газетіне қалай ауысқаны туралы Ғ.Қабышұлы «Қазақ әдебиеті» газетінің 2024 жылғы қаңтардың 12 күнгі 1 санында «Әдеби ортадағы отауым» атты естелігінде былай деп келтіреді: «1966 жылы наурыз айында кезекті сессияға келгенбіз. Бір күні старостамыз газеттің техникалық көркемделуінен лекция болатынын, сонсоң одан сынақ тапсыратынымызды ескертті. Лекция оқуға келген жігіт өзін: «Аты-жөнім – Кәкімжан Қазыбаев. Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасарымын», - деп таныстырды. Қоңыр үнімен ақырын сөйлейді екен. Сабырлы, салауатты. Лекциясын үш күн оқып, соңында сынақ алды. Бізбен қоштасып тұрып, маған иегін ұмсынта қарап:

- Сіз, Ғаббас жолдас, макеттің мастері екенсіз, қай газеттен келдіңіз? - деді.

- Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінен.

- Ә, Мұқан Әбуғалиевтің кадры екенсіз ғой?

- Иә, сол кісінің кадрымын.

- Қызметіңіз?

- Жауапты хатшымын.

- Мені сыртта тоса тұрсаңыз, әңгімелеселік, - деді.

Екеуміздің әңгімеміз «Жетісу» газеті редакциясына, жауапты хатшының орынбасарлығына шақырылуыммен аяқталды», - дейді. 

Осылайша ертеңінде уәделі кездесуге аптығып-аласұра жол тартқан Ғаббас Қабышұлына жол жөнекей Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов кездесе кетеді. Қандай ғажап кездесу! Алматыға сессияға талай келіп-кетіп жүріп танысқан екі тұлғамен шұрқырай амандасып, өзінің қайда асығып, неге аптығып бара жатқанын түсіндіріп айтады.

«Редактор кабинетіндегі әңгімеміз менің: «Жарайдымен» аяқталып, дәлізге шықсам, Жұмекен тұр.

– Иә, қалай? – деді ол, көзі жылтырай жымыңдап.

– Сөйлестік. «Жарайды, үй-ішіммен ақылдасайын» дедім.

– Біздің журнал да осы үйде, бірақ менің бөлмем оңаша емес, үш кісі отырамыз, жүр, далаға шығайық, саған бір қызық айтайын, – деді Жұмекен. Ол «Мәдениет және тұрмыс» жорналында бөлім меңгерушісі. Екеуміз сыртқа шықтық.

– Иә, не айтасың? – дедім.

– «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында бір орын бос екен, сен мынаны қой да, соған бар! – деді Жұмекен.

– Мен келісіп қойдым ғой, – дедім, қалайша олай дегенімді өзім де аңғармай.

– Келісіп қойғаның қалай? «Үй-ішіммен ақылдаспай не дей аламын?» дегенің қайда?

– Келетін шығармын деп ойладым да...

– Тәйір-ай, «келісіп қойдым ғой» дегенің сол ма? – деп Жұмекен ақырын ғана күлді де: – Әдебиет газетіне барғаның дұрыс болады, онда да жауапты хатшының орынбасары керек екен, жаңа анықтап білдім, аптасына бір рет шығатын газет. Әңгімеңді жазуға да уақытың жетеді, – деді.

– Мені не қылады олар? Мен жазушы емеспін ғой?

– Барып көрсеңші, тоныңды шешіп алмас. Бар, редакторы – Нығмет Ғабдуллин деген жазушы, жақсы адам, тура өзіне барып сөйлес.

– Жұмекен, ей, сен қызық екенсің? – дедім шын таңданып.

– Ғабекесі, ей, сен де қызық екенсің, жан тыныштығыңды білмейтін! – деп Жұмекен қарымта қайтарды. Үнінен реніш табы аңғарылды.

– Жарайды, барып көрейін, – дедім.

– Сөйт, молодец! – деп Жұмекен жайдарлана қалды…», - дейді жазушы. 

Бізге аңыздай болып кеткен, мемлекеттік әнұранның авторлары болған қос тұлғамен қатар жүздесіп, тіпті сол кездегі Жазушылар одағы ғимаратында отыратын «Қазақ әдебиеті» газетіне орналасуына тікелей ықпал еткен Жұмекен екенін оқу қазіргі буын үшін тым алыс уақыттай, мүмкін емес адами қарым-қатынастай елестері анық. Бұны аз десеңіз, Ғаббас Қабышұлының Мұқағали Мақатаевпен де етене аға-бауырдай жақын қатынаста болғанын естеліктерінде еш бүкпесіз баяндайды. «Мұқағалиды Жазушылар одағы мүшелігінен «шығарған» кім?» атты естелікте ұлы ақын Мақатаевтың өмірінің соңғы шағы жазушы көзімен баяндалған бір үзік сырдай, ақын жан-дүниесінің әдеби ортадан да, қоғамнан да медет сұрап аласұрған жанының күйініші мен сүйінішін әспеттеусіз, артық боямасыз жеткізе алған. Айтатын жерінде кесіп тұрып айтып тастайтын адамның естелігі де кісіні сендіре алатын құдіреті барын, Ғаббас Қабышұлы естеліктерін оқығанда түйсінеді екенсің.

Мақатаев туралы жазушылар одағындағы бір талқы да ақынды одақтан шығару, шығармау туралы дау туады. Қарсы тарап Мақатаевты сөзбен тықсырып, бұрышқа тақағандай болады. бұл туралы Ғаббас Қабышұлы естелігінде былай дейді: «Олжас әдетінше Мұқағалиға шүйіліп біраз сөйлеп: «Мақатаевты кәсіподақтан, Жазушылар одағы мүшелігінен шығару керек!» деп ұсыныс жасады. Мінберге шыққандар қостай бастады. Мен шығып:

– Мұқағалидың анда-санда масаңдау жүретіні рас, бірақ, ешкімнің басын жарған жоқ, көзін шығарған жоқ, Сәкенінен, Ілиясынан, Бейімбетінен, Мұхтарынан, Сәбитінен, басқа да үлкен-кіші тұлғаларынан айырылған қазақ әдебиетіне енді жетпей тұрғаны Мұқағалиды қуып тастау ма? – дей келіп, орынсыз ұсынысқа мүлде қарсы екенімді айттым. Жазушылар Бексұлтан Нұржекев пен Оразбек Сәрсенбаев мені қостап сөйледі», - дейді. Естеліктің осы тұсына келгенде Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» еске түседі. Мұқағали бейне Қожадай бәріне кінәлі, бәріне жазықты. «Одақтан шығару керек» деген  «тәртібі» нашар таланттың еркіндігін көтере алмаған күйі жазаға тартқысы, қол-аяғын бір етікке тыққысы келетін бюрократтық өктемдікті көресіз.

Бүгінгі күннің абыз ақсақалына айналған Ғаббас Қабышұлының жас шағында Жазушылар одағының кіріс-шығысына, қаламақы тағайындап отыратын «Әдеби қорын» басқарғанын еске сала кетсек, сол замандағы жас Ғаббастың жұмыс орнына келген Ғабиден Мұстафиннің айтатын ақсақалдық бата іспетті кеңесін жазушы «Әдеби қорда істеген жылдарымда ағалық кеңес берген бір ғана адам – Ғабиден Мұстафин» атты естелігінде Ғабиден ақсақалдың бүгінгі біздің заманның да кәрілерінен көрініс табатын сұрамшақтық әдетті қалай дәп басқан: «Саған ешқандай бұйымтайым боп келген жоқпын, көрейін, танысайын, бір тілек білдірейін деп қана келіп отырмын. Бұл Әдеби қор – бір ісі жүз сөз болатын, көптің көзі қадала беретін жер, аттылы да, жаяу да іздейтін өткел. Мұнда қазіргі шалдардың біразы істегенбіз. Әлбетте, кешегіден бүгінгісі бөлектеу, өзгерісі, жаңалығы көбірек, қапшығы толығырақ шығар. Ал ақша жүрген жерде әзәзіл жүреді, албасты да жүреді, ең қиыны – сол. Әзәзіл мен албасты, егер адам сақтанбаса, абай болмаса, іштен де, сырттан да шалады. Алтын көрген періштенің кебін құшқан талайды өкіндірген. Сен, қалқам, сақтана біл, абайлай біл, күнбе-күнгі ісіңе күнбе-күн қырағы бол, адал бол, әділ бол. Бүгінде бізде не көп, кім көп – мұқтаждық көп, жас та, жасамыс та жазушы көп. Жазушының бәріне ақша керек. Шын керек ететіндер – үйсіз, күйсіз жүрген анау жастар, жас талаптар. Сен қолыңнан келгенінше соларға көмектес, соларға қарайлас. Мен сияқты шалдар сұрап келсе, – деп маған езу тарта қарап қойды да, сөзін сабақтай берді: – Анау деп, мынау деп, жылы қабақпен шығарып сал, егер тонын айналдырар болса, ондайлардан үрікпе де қорықпа, себебі біз сенен ақшаны еріккендіктен сұраймыз, қалтамызда сықап тұрса да сұраймыз, өйткені солай дағдыланғанбыз»,- дейді. Ғабиден Мұстафиннің бұл кеңесі бүгінгі заманның да шындығы. Қазір Әдеби қор болмаса да, министрлікті жағалап, Ақорданы сағалап, медаль мен марапатқа емінген, қаламгерлігін, зиятты зиялылығын дүниеқоңыздыққа айырбастаған қаншама ақсақал-қарасақалды «зиялы» бар. Халыққа ес боларлық, үкіметке сес боларлық зиялы қауым өкілдері Ғабиден Мұстафин айтқан шұңқырдан шыға алмай, беделінен, салмағынан бүгіндері айырылып болғаны өтірік емес.

Бір қарасақ, тілге тиек етіп отырған, 90 жылдық ғұмырының шамамызша қорытындысын шығарып отырған ақсақал сатирик Ғаббас Қабышұлы да Ғабеңнің осы өсиет сөзінің мәнін өмірлік ұстаным еткендей. Сонау, елу жыл бұрынғы осы кездесуден бүгінгі күнге дейінгі Ғаббас Қабышұлының принципінен айнығанын бір көрмейсің. Бәлки ішкі турашылдығына Ғабеңнің кеңесі тіпті де бұрау салып кеткендей, тағанын тіктеп, ақиқаттың мұнарасын құламастай қорғауға ант еткен тәрізді.

Қорытындылай келе тоқсан жылдық ғұмырды төрт беттік жазбамен түйіндей алмасымыз анық. Өзінің өмірін өзгеше мінезімен әспеттеп өрген азаматтық ұстанымдағы қалам ұстаған тұлғалар саусақпен санарлық бұл күнде, Ғаббас Қабышұлындай ардагер қаламгерлердің көзі тірі жүруінің өзі көңілге медеу, көзге қуаныш. Шежіре кеуде, ғасыр ғұмырлы ақсақалдың басып өткен өмір жолында қазақ мемлекеті мен әдебиетінің бізге мәлім де, беймәлім қаншама естеліктер мен уақиғалар санасында сайрап жатыр десеңізші. Ақсақалдың алтын басына, асыл кеудесіне амандық тілеп, бүгінгі туған күнін портал атынан әдеби орта өкілдеріне: «Осындай да тұлғаң бар», - дегендей ескерте кету мақсатында, жазушының өмірі мен естеліктерінен аз да болса сыр шертіп, осы жазбаны жариялауды жөн деп таптық. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар