Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жеңіс-80
Майдангерлер әзілінен...

05.05.2025 2626

Майдангерлер әзілінен 12+

Майдангерлер әзілінен - adebiportal.kz

Майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов Жамбыл облысының Сарысу ауданында оқырмандармен кездесу өткізеді. Ауыл мектебінің әдебиет пәнінің мұғалімі Әзекеңнің шығармашылығы туралы баяндама жасайды. Мұғалім ұзағынан сөйлеп келіп:

- Сіздің “Махаббат қызық мол жылдар” романыңыз ел-жұртыңыздың жүрегіне жол тапқан ұлы шығарма! – деп сөзін ұрандай қорытады. – Мұндай роман жазған жазушы өлсе де арманы жоқ!

Сонда Әзілхан орнынан баяу тұрып:

- Ғафу етерсің, інім! – депті иіліп тағзым етіп. – Мен “Аңыз бен ақиқат” деген тағы бір дүние жазып жатыр едім. Сол роман аяқталған соң сіздің мына ұсынысыңыз жайында ойланайын!

 ***

Халық батыры, майдангер жазушы Бауыржан Момышұлы ертеректе “Сарыағаш” санаторийіне бара жатып, Шымкент қаласындағы бір қонақүйде аялдапты. Мұны естіген жазушы Нәсіреддин Сералиев (1930–1984) бір топ жас қаламгерді ертіп, батырға сәлем бермекке қонақүйге келеді. Жүрексіне есікті тықылдатады.

- Войдите! – дейді арғы жақтан. Жазушылар имене ішке кіреді. Үстел үстінде қағаз ақтарып отырған Баукең:

- Кімсіңдер? – деп сұрайды.

- Мына жастар сәлем беріп, сізді көруге келіп еді! – дейді Нәсіреддин күмілжіп.

Сонда Баукең:

- Сәлемдерің жөн, қабылдадым, ал көретін мен сендерге зоопарк емеспін! – деп шығарып салыпты.

****

Майдангер ақын, соғыс жылдарында теңізші болған Тоқаш Бердияров (1925–1988) бірде қаламгерлер ортасында:

- Шіркін, тағы бір соғыс болса екен! – депті.

- Тоқасы-ау, қайдағы жоқты айтып... мұныңыз қай сасқаныңыз?–дейді достары таң қалысып. Сонда Тоқаш:

- Атып тастайтын бірер кісім бар еді! – дейді. Бұл әңгіменің астарын түсіне қалған ақын Өтежан Нұрғалиев:

- Тоқа, соғыс болған күннің өзінде сіз “атамын” деген адамдарыңызды ата алмайсыз... Өйткені олар ебін тауып тылда қалып қояды. Соғысқа сорыңыз қайнап тағы өзіңіз кетесіз! – деп мырс-мырс күліп жіберіпті.

****

Майдангер-жазушы Қалмұқан Исабаев – қаламгерлер арасында әзілкештігімен, тауып айтар тапқырлығымен мәшһүр кісі. Бірде сол ағамыз қаламгер інісі Адам Мекебаевты іздеп Жазушылар одағының екінші қабатына көтеріледі. Қараса төрдегі диван үстінде шүйіркелесіп бір топ ақындар отыр екен.

- Адамды көргендерің бар ма? – дейді Қалекең салған жерден.

Қалекеңнің аман-саулық жоқ, төтеден сұрақ қойғанына қитыға қалған ақын Мейірхан Ақдәулет:

- Қалеке, сонда біз не... адам емеспіз бе? – дейді.

Сонда Қалекең:

- Мен бұл жерден адам көріп тұрғам жоқ! – деп бұрылып кетіпті.

****

Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов стол басында жұмыс істеп отырған кезде де қасындағы телефонның құлағын көтеріп сөйлесе береді екен. Сөйлесіп отырып та жазуын жаза береді екен. Сәбең осылайша қауырт жұмыс істеп жаткан кезде, бірде оған әйгілі партизан-жазушы Қасым Қайсенов телефон шалады. Жазу жазып отырған Сәбең телефонды көтеріп, немқұрайды көңілмен:

Әллеу! - дейді.

Ассалаумағалейкүм, Сәбе! - дейді Қасым.

- Уағалайкүмассалам! - дейді Сәбең ойын жазуынан аудармаған күйі.

Одан арғы әңгіме былайша жалғасады:

- Сәбе, бұл Қасым ініңіз ғой... 

- Е, дұрыс болған екен.

- Сәбе, өзіңізбен бір мәселе жөнінде ақылдассам деп едім.

- Е, дұрыс болған екен.

- Өзіңіз білесіз, мен соғыста оқ тиіп, бір көзден айырылып келдім ғой.

- Е, дұрыс болған екен.

- Сол оқ тиген көзім соңғы кезде ауырып, мүлдем мазамды алып жүр...

- Е, дұрыс болған екен.

- Дәрігерлерге көрініп едім, «көзіңнің ауруы асқынып кеткен», - деді.

- Е, дұрыс болған екен.

- «Операция жасап көзіңді ойып алып тастаймыз» деді.

- Е, дұрыс болған екен.

- Сәбесі-ау, көзімді ойып алып тастаса, оның несі дұрыс деп отырсыз? - деп осы сәтте Қасым шамданғандай болып, дауыс көтеріпті. Сонда Сәбең түсінен шошып оянғандай селк етіп:

- Ай, Қасым, «көзімді ойып алып тастайды» дедің бе?.. Онда ол дұрыс болмаған депті жалма-жан ақталып екен.

Әлібек Асқаров «Әдебиет әлемінің әзілдері» кітабынан

*****

Даңқты партизан Қасым Қайсеновтың сыйлас інілерінің бірі - өзі де майдангер жазушы Қалмұқан Исабаев бір күні Қасекеңе сәлем бере келіп, әңгімелесіп отырып қалады. Бір кезде Қасекең:

Қалмұқан, сен осы соғыста жараландың ба? – деп сұрайды.

- Пәлі, жараланғанда қандай, - деп даусын көтере созып, аузын толтыра жауап береді Қалекең.

- Жаралансаң, қай жеріңнен жараландың?- дейді Қасекең.

- Басымнан.

- Ой, сенің басында оқ паналайтындай жер жоқ қой, қалай жараланып жүрсің? - деп ағасы әзілге шаптырып, Қалмұқанның тақыр, жалтыр басына көз жүгірте қарайды. Әзілге жүйрік Қалекең де іркілместен басын бір сипап өтіп: 

-Бәсе, Қасеке, немістің оқтары ұшып келіп менің басыма тиюі тиіп жататын да, ылғи қасымдағылар не өліп, не жараланып қалушы еді. Сөйтсе менің басымнан тайып кеткен оқтар ылғи соларға тиген екен ғой... - деген екен, майдангер жазушы.

***

Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының 80 жасқа толуына арнап, батырдың жары Жәмила Алматыдағы «Әсем» тойханасында үлкен той жасайды. Тойда Әзілхан Нұршайықов белгілі режиссер әрі сез шебері Асқар Тоқпановпен қатар отырып қалады. Өзіне сөз кезегі тигенде Тоқпанов тойға келгендердің біразын мінеп, шенеп, ешкімнің атын атамай, шетінен сыбап шығады. Асекеңнің аумалы-төкпелі мінезін білетін жұрт үн-түнсіз отыра береді.

Режиссер орнына отырғаннан кейін қоразданып, жазушыға қарай бұрылып:

Сен Бауыржан туралы кітап жаздың. Бауыржан сияқты мен де тура, тік айтамын, тіліп түсемін, оны өзің де білесің. Көрдің ғой, осында отырғандарды сойып салдым, әнеки. Ендеше, осы мен туралы неге кітап жазбайсың?- дейді әзіл-шыны аралас. Сонда Әзілхан сәл жымиыпты да: 

- Бір адам екі арыстанмен алыса алмайды ғой, Асеке, - деп жауап беріпті.

***

Әйгілі партизаны Қасым Қайсенов бірде өзінің жеке меншік машинасымен тау бөктеріне қарай серуенге шығыпты. Адам бейнет шегейін десе аяқ астынан емес пе, бөктер жолмен келе жатқан машина 3 метр терең жарға аунап кетеді. Абырой болғанда Қасекең қатты жарақаттанғанмен, тірі қалады. Қып-қызыл ала қан болып ауруханаға түседі.

Мұны естіп, жылап-еңіреп құрдасы Сырбай Мәуленов жетеді. Сырбай мән-жайды, қалайша мұндай кейіпке тап болғанын сұрайды. Қасым рухы берік жан ғой. Егіліп отырған Сырбайға сыр білдірмей, қарабайырлап жағдайды айта бастайды: «Содан ойда жоқта 3 метр құлама жардан аунап-ақ кеткенім!» - депті. Сонда күйзеліп отырған Сырбай көзінің астымен сүзе бір қарап алып:

- Бәрекелді, Қасеке-ау, сіздің дардай атыңызға 3 метр деген ұят қой. Бұл сөзіңізді мен ғана естиін. Менен басқаға 30 метрден құладым деңіз, - деген екен.

Кейін Қасекең жазылып шығады. Күндердің бір күнінде Сырағаңды көшеде мотоцикл қағып кетіп, ауруханаға түседі. Мұны естіп енді Қасым көңіл сұрай келеді.

Көңіл сұрап отырып Қасекең:

- Әй, Сырбай, сен бұл әңгімені менен басқаға айтпа, ұят болады; түйедей Сырбайды торпақтай мотоцикл қақты деген не сұмдық. Сен жұртқа КамАЗ қағып өтті де, сонда жарасады, - деген екен.

***

Халқымыздың даңқты ұлдарының бірі, рейхстагқа ту тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаев әскерден аман-есен оралған соң көп жыл бойы моншаның директоры, соңынан «Алматы» мейманханасының директоры қызметтерін атқарады. Сол Рахаң бірде қаламгер достарының арасында отырған кезде:

Осы сендер менің әскердегі өмірімді, рейхстагқа ту тіккенімді тәптіштеп, оқырманды мезі етіп, қайта-қайта жаза бересіңдер. Жазғыш болсаңдар - менің содан кейінгі өмірімді неге жазбайсыңдар? Мәселен, мен қандай директормын, сол туралы пікір білдірсеңдер етті?! - деп базына айтады.

Мұны естіп отырған ақын Сырбай Мәуленов сол арада суырылып сөз алып:

Мейірің – нұры мол сарай,

Мінезің - бейғам баладай. 

Жүрегің – ыстық моншадай, 

Көңілің – мейманханадай,- деп мақтап ала жөнеліпті.

***

Ертеректе Жазушылар одағында Кеңестер одағы көлеміндегі іргелі жиын өтеді. Тақырып: «Әдебиетіміздегі кеңес жауынгерлерінің қаһармандық бейнесі». Жер-жерден келген шешендер суырылып сөйлеп жатады..

Сырбай Мәуленов трибунаға көтеріледі. Өзіне тән зор күркіреген дауысымен:

- Біз, жазушылар, кеңес жауынгерлерінің алдында үлкен борыштымыз. Олардың шынайы қаһармандық бейнесін әлі де ойдағыдай жасай алмай келеміз... - деп гүрілдеп сөйлеп өтті. Түйдек-түйдек ойларын жеткізу үшін қолын сермей сөйлейді. Ол кісінің екі саусағы жоқ болатын.

Одан соң қарақалпақ ақыны сөз алады. Ол да Сырағаң сияқты қолын сермеп сөйлеп тұр. Оның да екі саусағы жоқ екен. Соны байқап отырған Қалтай Мұхаметжанов:

- Мына екеуінің қолын бір неміс атқан ғой, сірә, – деген екен.

 

Өмірзақ Озғанбай

Көпболсын Бекмағамбет

«Отты жылдар әзілдер мен аңыздар» кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар