Тұрсын Жұртбай: ... Абай - Мұхтардың дәл өзі (Бейнет сусыны кітабынан)
Бөлісу:
2. ІЛІК «НЕДЕ?»
Өстіп, осындай «Іліктен» сюжет дамиды. Бірақ та әлгі үш келіншекті «Үш бәйтеректің» прототипі ретінде қарастыруға бола ма? Әй, қайдам. Жоққа шығара алмаймыз, бірақ:
Батырлық, байлық кімде жоқ,
Ғашықтық жөні бір басқа, –
дегендей, прототиптің жөні бір басқа.
Прототип – ілікке себеп, әңгімеге желеу, сюжетке желі емес, ырғағы мүлдем басқа әуен. Жоғарыда айтылғандардың барлығы да шығарманың құлақ күйі.
Ал прототип дегеніміз – перне. Әр прототиптің өз нотасы бар, яғни, өзіне тиесілі өмірбаяны, қалыптасқан мінезі мен көзқарасы, оқиғаға араласқанда атқаратын міндеті, оқиғаның дамуына, шиеленісуіне, суреткердің көркемдік шешім қабылдауына тікелей араласады. Сондықтан да шығарманың толыққанды мүшесі ретінде шығармашылық үрдістің барлық заңдылықтарына шешуші дауыспен араласатын «толық адам». Суреткер де оның алдында, әсіресе, тарихи туындылардағы өмірлік кескіні анық кейіпкерлердің алдында белгілі бір дәрежеде жауап береді.
Ілкіде бір ескертіп өткен жеті шарттың: прототип өмір сүрген қоғамдық формацияны, туып, өлген мерзімін (қалай өмір сүріп, қалай өлгенін емес, ол авторлық идея мен көркемдік шындықтың еншісіне жатады), ұстанған дінін, табиғи жағырапиясын, жеке дене бітімін, заңды некесін (неше баласы бар, етбауыр ма, өгей ме, ол көркем талдаудың міндеті), өркениет игілігінің жетістігі аясына (заман шындығына) сыйғызуы тиіс.
Өмір шындығығына сәйкестігі тұрғысынан прототптік сыпат: өмірлік деректері анық, өмірлік шындық пен көркемдік шындық араласқан және тек көркемдік шындыққа құрылған кейіпкер – деп үшке бөлінеді.
Бірінші және үшінші сатыдағылардың болмысы барынша анық.
Ең күрделісі – екінші деңгей. Гюгоның «Тосан үшінші жыл», Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», Ролланның «Жан Кристоф», Әуезовтің «Абай жолы» осы топқа жатады. Мұнда сол дәуірде өмір сүрген триумфатор Напалеон, Кутузов, Бетховен, Абай сияқты кейіпкерлер тарихи прототип ретінде оқиғаға араласады. Өмірлік деректері де барынша анық, тарихи шындық қамтылған.
Қайталап айтамыз, кейіпкер өмірінің ұзына сүлдері ғана бейнеленеді! Мұның өзі де сыртқы алдамшы әсер. Напалеонның да, Кутузовтың да, Бетховеннің де, Абайдың да нағыз өмірі мен жандүниесі онда жоқ. Өйткені ол кейіпкерді демімен үрлеп тірілткен – суреткер, демек, жан иесі де суреткер.
Өзге жұрттың көркем әлемін ысырып қойып, өзімізге етене «Абай жолы» роман-эпопеясын тілге тиек етсек де жеткілікті. Мұнда Құанабайдың ақын ұлы Абайдың өмірбаяны жоқ, жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Абай образының өмірбаяны бар. Бұл екеуі – екі Абай. Тіпті бір-біріне атынан басқа ұқсастығы аз, алшақтығы басым, тіпті, қарама-қайшы. «Абай жолын» оқып алып, Абай Құнанбайұлының өмірбаянын айтып беруге болмайды.
Абай бұл арада көркем шығармадағы тарихи образдың прототипі ғана! Одан басқа ешкімде емес. Өйткені ол суреткер Мұхтар Әуезовтің көркем қиялынан туған көркем бейне ғана. Ал ақын Абай – жай ғана өмірлік фон!
Біздің оқырмандарымыз бен дүмбілездеу әдебиеттанушыларымыз осының жігін ажыратпай, қапсыра жөргеумен келеді. Егер ұшынған заманы қыстамаса ең сүйкімді әрі сенімді жар болып Айгерім емес, Ділдә суреттелер еді. Романның бірінші кітабы солай басталған. Романның екінші бөлімі талқыға түскенде кедей қызы Айгерімнің шыққан таптық тегінің «өтімділігі» Алшынбайдың немересін сақнадан ысырды. Міне, сонда Абай өмірінің шындығы мен «Сен мені не етесің, Мені тастап, Өнер бастап, Жайыңа Және алдап, Арбап, Өз бетіңмен кетесің!» – деп қыстығуының сыры ашылар еді.
Бұған қосарымыз, Толстойдың: «Анна Каренина – менің өзім», Пушкиннің: «Татьяна деген – мен», Ғабит Мүсреповтің «Ұлпан – мен» – деген мойындауларын қаперлеріңізге ұсына кетеміз.
Ал «Абай жолындағы» Абай – Мұхтар Әуезовтің өзі! Ол Абай арқылы өзінің бар зар запыранын сыртқа шығарған. Даналардың бұл мойындаулары прототип дегеннің астарын тереңірек пайымдауға жетелер деген үміттеміз.
Қош, бұл біздің әбден сартап еткен жолымыз еді, ақиқатын «Бесігіңді аяла!..», «Құнанбай» атты әфсанадан тәпсірлеп аларсыздар.
Біз шығарманы жазылу психологиясына қатысты көркем шешім мәселесіне көшеміз.
3. «ҚАЙДА?»
Көркем шындық – көркем идеяның басты көркемдік нысанасы мен ұстанымы. Бір данышпан: «Шындықсыз шығарма – жай ғана ертегі» – депті. "Жоқ, шындық біткен жерден шығарма басталады" – дейді екіншісі. Салыстырып қарасақ, екеуін де бір адам – жазушы әрі ғалым Юрий Тынянов айтыпты. Бір адам неге екі түрлі пікір білдіреді?
Шындық, тарихи шындық, көркемдік шындық дегеніміз не өзі? Қодар мен Қамқа оқиғасы өткен кезде Абай туған да жоқ. Ендеше "Абай жолы" тарихи шығарма емес пе?
Бәрі де дұрыс. Мәселе мынада.
Шындық, тарихи шындық және көркем шындық: – арнасы үш саладан келіп қосылған: о баста әр қайсысының бастау алған көзі, тағаны мен табаны, ағатын ағысы мен қарқыны, жары мен жағалауы, қамысы пен құрағы, тоғай мен өлең шөптері, су құрамы мен топырақтың мөлшері, бәр-бәр қасиеті басқа болғанымен де, үлкен дарияға құйып, ашық айдынға қосылғаннан кейін, қай тамшысы қай өзеннің суы екенін ажырату мүмкін емес теңіз суы сияқты.
Бірақ, қай тамшының қай өзеннен қосылғанын анықтай алмасақ та, жоғарғы ағысқа барып судың құрамындағы заттарды тектеу арқылы қай өзеннің үлесі басым екенін тұщынатынымыз сияқты, осы үш шындықты да жоғары көмейлетіп барып, жігін барынша ықтиятты түрде ажыратуға талпынып көруге болады. Егер бұл ізденіс ешқандай нәтиже бермесе, онда бұл нағыз ұлы суреткердің туындысы деп бағалап, шама жеткен жерден аттың басын қайырған лазым.
Бұл – дауасыз дертке дауа іздегендіктен емес.
Осынау бір тылсым да құпия құбылысты түсіну үшін ғана қаншама әдебиеттанушылар ғұмыр бойы қалам тербеді десеңші. Біз де, жиырма бес жаста соған құмартып, есті өмірдің есіл жылдарын арнаппыз. Жеті кітап жазыппыз. Соның өзінде ұшығына жетпеген тақырыптың ұшынан тағы да ұстап, сурытпақтап отырмыз. Тиянақты алыстан іздемей, төл әдебиетімізге бауыр тарта отырып, ойымызды дамытамыз. Соның ішінде осы үш шындықтың басын қосқан «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Дәрмен мен Құнанбай бейнелері туралы негізгі дәйектерді әлгі аталған еңбектерге сүйене отырып, қысқа дегенде қысқа баян ететінімізді ескерте кетеміз.
Байыбына барсақ, осы үш шындық та шығармадағы тартыстан, яғни, жағымды, жағымсыз кейіпкерлердің қақтығысынан келіп туындайды.
Қыр қазағының бүкіл стихиясын, философиясын, психологиясын тамырымен қоса қопарып, ірі-ірі қақтығыстарды салт-сана, дәстүр, этнографиялық көріністермен көмкерген «Абай жолындағы» көшпелілердің тіршілік коллизиясы, яғни, көркемдік шындық – Қодар-Қамқа қасіретінен басталады. Ал, рух, рухани өмір, мәңгілік үзілмейтін үміт дүниесі тұрғысынан, Қодар өлгенмен Дәрмен «тіріледі».
Енді, ұшы-қиыры таусылып бітпейтін қисындарды қажет ететін Абай бейнесін шымылдықтың сыртында ұстап, екінші бір жағымды кейіпкер Дәрмен кім, соны суыртпақтаймыз.
Белгілі жайды бұлдырлатпай анығына көшсек, ақын Дәрмен – Мұхтардың қиялынан туған, көркем ойдың жемісі. Ол – Абайдың көңіл жұбанышы, көз қуанышы. Абай «ұзап кеткен ел көшінің ішінен Дәрменнің үнін естіп» жаны жай табады. Ол көшке: «Көгерермісің, көктермісің мен еккен дән!» – деп Абай тілек қосады. «Ақтармын сеніміңді... ол дәнің өлмейді, Абай аға!» – деп Дәрмен ант береді. Дәрмен – Абайдың орындалмаған арманының өтеуі, көрмеген қызығының қанағаты, қысқа қайырылған ғұмырының жалғасы.
Демек, Дәрмен – поэтикалық, яғни,көркем образ. Оған дәйек, Мұхтардың басына қысылтаяң күн туып, тірі қалу үшін сонау Мәскеуге жасырын жетіп, «Литературная газетаға» жолдаған хатында Мұхтар Әуезовтің өзі: «Қодардың ұрпағы – жас Дәрмен – тұтасымен ойдан шығарылған образ. Қазақ халқының төлі менің романдарымда революцияға дейін өмір сүреді. Оның тағдыры арқылы әр түрлі бағыттағы көптеген қазақтардың тағдыры бейнеленді»,– деп жазды.
Ендеше, сол кейіпкер қатарына қосылмай қалған тарихи «көптеген қазақтар» кімдер? Әуел бастағы автордың ойы қандай еді және ол жоспарынан неге бірте-бірте бас тартты?
Өмірге жанасымды шындық, яғни, бірінші прототип: қазақша басылымдарында Құнанбай Мекеге жүрерде Қодардың құнын даулап барған Дәркембай қарияның қасына ерткен баласы – Дәрмен. Ал орыс тіліндегі және сол арқылы шетелдерге тараған нұсқасында – Қиясбай. Тіпті, эпопеяның төрт кітабы түгелдей аяқталып, басы қосылып Алматыдан, Москвадан басылып шыққан соң да ол Дәрменнің орнына Қиясбайды суреттеп отырмын деп есептеді. «Абай» романының жазылу жайынан» атты мақаласында:
«Одан әрі Құнанбай Мекеге жүрер алдында Дәркембаймен кездесіп, екеуінің арасында қақтығыс боп қалады. Дәркембай баяғы Құнанбай асып өлтірген Қодардың немересі... Қиясбайға рақым сөзін айтады. Мұны жай құбылыс деуге болмайды. Мұнда терең сыр бар: тек бір жетім баланың ғана емес, бүкіл халықтың алдындағы өз қарызын мойындайды», – деп жазды.
Яғни, Дәрмен – Қиясбайдың әдеби прототипі. Әуезовтің өзі оны мойындап отыр. Мұны, кәдімгі шындық, яғни, өмірлік шындық десе де болады. Қодардың немересі өмір сүруі мүмкін. Ол кәдімгі: «Ақ сиырдан туады жирен айғыр»,– дейтін Қиясбайдың өзі. Иә, сол Қиясбай.
Ал тіршілікте көзі қитар, әлем-жәлем киінген, диуана текті сол Қиясбайдан – соңғы екі кітаптағы, «көзі отты, ажарлы», ер мінезді Дәрменді тануға бола ма? Жоқ.
Мұның мәнісі не?
Уақыттың, санасы есіркенген шолақ белсенділердің қасақана қыспағынан құтылудың амалын таппаған Мұхтар, 1951-1953 жылдардың аралығында күрт шешім қабылдап, Дәрмен образын эпопеяға кіргізді. Алғашқы екі кітаппен арасында жалғастық табу үшін Қиясбайды – Дәрмен деп өзгертеді де: «Бір кезде Қиясбай атанып кеткен Қодардың тұқымы осы Дәрмен еді» – деп түсініктеме берумен тынады.
Ал орысша мәтіндерде сол Қиясбай қалпында жүр: «Этот мальчик – племянник того Қодара из рода Борсақ, – объяснил Даркембай, – Кодар погиб, а его единственный брат, Когедай, жил тогда в батраках далеко на землях Сыбана... Немощный был, всю жизнь болел, умер шесть лет назад... Қиясбай сын Когедая, единственный наследник Кодара. Вот этот мальчуган», – деп сол алғашқы нұсқасын сақтаған.
Ал, кейде Абайдың өзімен имене отырып сөз таластыратын, пікір жарыстыратын, ұлы ұстазының бұрылмаған жолдарымен де жүріп, тосын тақырыптар ұсынатын сал-сері Дәрмен кім еді? Қарама-қайшы әдеби бағытта талаптанып, үнемі Абай төңірегінде тоғысып отырған таланттар шоғыры, яғни, көркем шындыққа желі тартатын шоғыр болған ба?
Болған және жалғыз да, жалқы да емес, көп еді. Бірақ солардың арасынан суырылып шығып, Дәрмен сияқты халықтық сипатқа ие боларлықтай дара тұлға кім? Мұның мәнісін «Абай жолы» эпопеясының жазылу тарихына, ондағы әр образдың бір тараудан екінші тарауға, бір кітаптан, екінші, үшінші, төртінші кітапқа ауысқан кездегі іс-әрекетіне, мінез-құлқына, авторлық түсініктемелер мен анықтамаларға қарап, оның астарын ашып барып көз жеткізуге болады. Сонда ғана Қиясбайдан Дәрмен боп шыға келген адамның өмір тарихын, мұрат-мақсатын, тіршілігін, тағдырын аршып алуға мүмкіндік туады.
Мысалы, Шәке осы екінші кітапта барлық жан жадыратар жақсылығымен көрініп, Абайдың көңіліне көп жұбаныш әкеледі. Ертеңінен үміт күтеді. Ән-күйге, шежірелі оқиғаға, серуен мен серілікке жаны құмар. Шәкенің саятшылығы Абайдың да аң құмарлығын оятып, иен Шыңғысқа салбурынға шығады. Сол жол адастырып жүріп Машан тауының бөктеріндегі Тоғжанның ауылына алып келеді. Міне, екінші кітаптағы кесек оқиғаларға араласқан Шәке қалған екі кітапта анда-санда бір көрініп, жанама кейіпкердің дәрежесінде қалып қояды.
Бара-бара өмір сахнасынан ығысып, ысырылып барып, орынын Дәрменге береді. Ендігі бапшыл құсбегі, көркем шындықтың иесі Дәрмен боп шыға келеді. Неге? 1947-1953 жылдардың арасында жеті жылға созылған әділетсіз сындар шығарманың тас-талқанын шығара сынап, феодализмді дәріптеуші туынды етіп көрсеттті. Мұхтар шығарманы былай қойып, өз басын аман сақтаудың қамымен жанталасып кетті. Міне, сол кездегі жоғарыдағы мақалаға орай өткізілген талқылауда жас жазушы Тахауи Ахтанов баяндама жасап, әділетсіз сынға әділ жауап беруге тырысқанымен, ішінара «мінеу» қажет болды. Тахауидің бұл баяндамасындағы:
«Романдағы Абайдың барлық ағайын-туысқандарын кіргізе беруі орынсыз екенін автор түсінбеген сияқты. Абайдың Құдайберді деген ағасы бары, оны Абайдың жақсы көргендігі кімге керек, сол сияқты бала жігіт Шәкені, оның аң аулағанын суреттеудің қанша қажеті бар. Осы сияқты өмір материалдарын шығармаға керектігіне қарай талғап алмау, авторды кейде қатеге де ұрындырған. «Абай» романының екінші кітабында екі жерде Абайдың кіші баласы Тұраштың аты көрсетілген. Бірақ оның аты Абайға абырой әпере ме? Жоқ. Қайта, алашордашыл байдың атын кітапка енгізу — автордың саяси қатесі», – деген жалғыз абзац Шәке образының бүкіл болашағын қиып тастады.
Қырдың сергек көңілді, қаршыға мінезді құсбегісі Шәке, сол Шәке арқылы емеуірін танытқан Шәкәрім Құдайбердіұлы барлық адамгершілік қасиетімен ашыла алмады. Бұл арада Құдайбердінің – Әмір, Шәке, Шәкәрім есімді үш ұлының барлығын біле тұрып, Мұхтар Шәке образын жазғанда Шәкәрім өмірінің бір қырын, оның өзі қатты ұнататын құсбегілігін баяндау ниетін көздеген. Амал қайсы, ол мұраты да орындалмады. Абайдың өз кіндігінен тараған бел баласы Тұрағұлдың атын атаудың өзі «саяси қателік» саналғанда, жазықсыздан-жазықсыз чекистердің қолынан қазаға ұшыраған Шәкәрімді Абайдың шәкірті ретінде қалай бейнелесін.
Сонымен, екінші прототип Шәкәрім – дұшпан боп шықты! Оның басы ашық. Ол занды да. 1951 жылы Сәбит Мұқанов:
«Әуезов жолдастың Шәкәрім бандит боп өлгеннен кейін де, оған мейірімді көзбен қарауы, ен жеңіл тілмен айтқанда – ұят. Әуезов жолдастың былтыр басылып шыққан «Ақын аға» деген романында, Абай шәкірттерінің бірі боп Шұбар деген жүреді, сонда ол Шәкәрім болмағанда кім? Олай дейтініміз, кітап боп шығып, елге тараған «Еңлік-Кебек» Шәкәрімдікі. Мағауия «Еңлік-Кебекті» жазыпты деген сөз әлі дәлелденуі керек. Өйткені, Мағауиянын өзге өлеңдері әр түрлі жазбаларда сақталғанда, ол жазыпты деген «Еңлік-Кебек» ешқайда сақталмай, тек Мұқаметхановтың айтуынша, Мұхтардың Семейдегі архивінен табылыпты-мыс. Ол не қылған архив! Және ол архивті 1934 жылғы мақаласына дейін Әуезов жолдастың өзі неге білмеген? Одан бұрынғы мақалаларында неге айтылмаған? Мағауия жазды дейтін «Еңлік-Кебек» жайы осындай» – деп жазғырды.
Сонда, енді Қиясбайды, Шәкәрімді есептемегенде, Дәрменнің үшінші «серігі» бар ма?
Иә, ақиқаттың ақ жолы солай қарай бұрылып тұр. Ол адам да Абай мен Шәкәрімнің жаты емес, жақыны. Құнанбайдың әйелі Айғыздан туған үлкен ұлы Халиолла. Шоқанның інісі Махмұдимен бірге Омбының кадет корпусын тәмамдаған Халиолла Құнанбайұлы Өскенбаев. Оның ғашық қызы – Айғаным, Семейдегі Тінібайдың қызы. Екеуінің арасындағы трагедиялық қайғылы хал көркем шығармадағы Дәрмен мен Мәкеннің үйленуі хикаясына телінген.
Біздің көз алдымызда Дәрмен де мәңгілік жас күйінде қалды.
Бұл әрі өмірлік, тарихи әрі көркем шешім осыдан келіп туған. Абай бейнесі кереғар заманның шыңырауына – катарсисіне түсті. Өлімнен өзге шешім – тарихи уақытты да, көркемдік уақытты да, көркемдік шындықты да, суреткерді де, жетекші тұлғаны – Абайды да қанағаттандырмайтын. Сол үшін одан «сорлы заманның» аяған түгі де жоқ еді.
Көк Аспан, Жер-Ана, Сорлы Заман қалды. Сол үшеуінің ортасындағы алып Бәйтерек – мәңгілік өмір белгісі қалды.
Абай бейнесі туралы М.Әуезовтің өзі: «Жазушы – автор ретінде қаншама еркіндік жасап, қиялға жол берсе де, түптеп келгенде тарихи Абайдан тым алшақ кетуіме жол жоқ еді»,– деп түсіндіріп бергеніндей, ақын образы – тарихи және көркемдік шындықтың шебер өрімдесуі арқылы дүниеге келген әлем әдебиетіндегі ұлы көркем тұлғаға айналды. Міне, көркемдік шешім дегеніміз осы.
Шығармашылық психологияны зерттеушілер аңғарған тосын құбылыстың бірі — суреткер мен кейіпкерлер әлемінің астасып кететіні сондай, туынды иесі өмірінің сындарлы сәттерінде сол шығармасындағы көркем шындықты өмірлік шындық ретінде қабылдайтындығы. Мұның соңы Дж.Лондон мен Хемингуэй сияқты күйініш те, Гете мен Гюго сияқты сүйініш те әкелген. Сондай-ақ, басына үйірілген пәлекеттің барлығын жағымсыз кейіпкерінен көріп, оны қарғап-сілеген қаламгерлер де болыпты. Оның қатарына Толстой, Бальзак, Достоевский қосылады.
Қазақ әдебиетіндегі сондай шағымды «шатақтың» бірі – Мұхтар Әуезов пен Құнанбайдың өзара «қарым-қатынасынан» өрбіді және ол «Абай» романындағы Құнанбай бейнесі неғұрлым дараланып, дербестікке ие болған сайын, соғұрлым күрделене түсті. М. Әуезов «Дала феодализмінің бөрілік сипатын Құнанбайдың бейнесіне жинақтай отырып, оны (Абайдың – Т. Ж.) көз алдынан өткіздім... Абай – жаңа, Құнанбай ескі қоғам», – деп Құнанбайды «ұстап берді».
Адам тағдырын, соның ішінде өзінің кейіпкерін қақпақылға салып, қарақшы ретінде көрсетуге жазушы Мұхтар Әуезовтің қақы бар ма еді? Тарихи тұлға ретінде ешқандай да құқы жоқ.
Міне, осыдан келіп барып, творчество психологиясы мен жазушы психологиясы арасындағы қарама-қайшылық туындайды. Бұл әдебиеттану мен психология ілімінің тұсындағы тылсым мәселе және сол ұлы талант иелерінің пікірі өзара тоғыспаған тоқсан тараулы түйсікті тұжырым. Тіпті нақты ұғымды тілейтін ғылыми-шығармашылық пайымдаулардың өзінде де түсіндірілуі мүмкін емес түйін.
Көркем шындықтың өзі сол таланттың тарихқа деген көзқарасы болып табылады. «Егерде тарихи ақиқаттың өзі дәлелді қажет ететін болса, онда көркем шығармадағы шындықтың дәйектемесінің дұрыс-бұрыстығын ең алдымен сол ұлы тарихтың өзіне жүгіне отырып саралау қажет... Қателікке ұрынбай, шығарманы дәйектеу деп таңдап алған жалғыз бағыттың дұрыстығына көз жеткізу үшін ойымызға тұтқа боларлық тіректі — шығармадан тыс дәйектен — өмірбаяндық деректен, тарихи-әдеби немесе жалпы тарихи оқиғадан іздеуіміз қажет»,– дейді академик Д.Лихачев.
Құнанбай – ұлттық руханияттан орын алған тарихи тұлға. Яғни, Құнанбайдың өмір жолы бұрмаланса – қазақ тарихы да, ұлттық танымы да бұрмаланады. Өнердің өзегі – көркем шындық дегенмен де, ол – тарихи қиянатқа баруға негіз қаламайды.
Көркемдік әдіс-тәсіл мен шеберліктің көмекке келетін тұсы осы.
Даналар мен тұлғалар – қалыптасқан зандылықтан тыс өмір сүреді. Тіршіліктің ағысына қарсы жүзбесе – онда көркем шығарманың өзегіне айналмас еді.
Сонымен, мейлі жағымды, мейлі жағымсыз болсын, бәрібір, жазушы өз кейіпкеріне көркем шындық арқылы оның тағдырына араласуға қақы бар ма, жоқ па? Гоголь бұл мәселені: «Жазушы ешқашан да өзінің кейіпкерімен керіспеуі керек: ол екеуі қол ұстаса жүріп әлі де соқтықпалы-соқпақсыз ұзақ жол жүруі тиіс, бұл – еріккеннің ермегі емес»,– деп татулықпен шешеді.
Ал Толстой: «Егерде оқырман суреткердің әлденені зорлықпен солай иіп әкелгенін, ал оның мүлде басқаша арнамен дамуға тиіс екенін сезсе, яғни, суреткердің өзін, оның зорлығын біліп қойса бітті, онда өнерді өлді деп есептеңіз», – деп мүлде қарама-қарсы пікір білдіреді.
Оның бұл мүддені қатаң ұстанғаны, «Соғыс және бейбітшілікті» жазарда Кутузовты келемеждеп көрсетуге тырысқанын, алайда ақыры тарихи шындыққа иіліп, халықтық кейіпкер ретінде сомданғанынан-ақ аңғарылады.
«Суық шығармашылықтың» иесі Флобер авторлық мәтін туралы : «Менің ойымша, роман жазушы адамның мынау дүниеде не болып, не қойып жатқаны туралы өзінің пікірін білдіруге қақысы жоқ. Ол өзінің шығармасының жаратушысына пара-пар болуға тиіс, яғни, жаз, бірақ үндеме»,– деп уәж айтады. Сөйтіп айтып алады да, іле: «Автор өзінің туындысының ішінде жалғанды жаратқан жаратушы сияқты көзге көрінбей қатысып отыруы қажет»,– дейді.
Сайып келгенде, мұның барлығы әрбір таланттың жеке шығармашылық психологиясына қатысты жайт. Алайда бір шындық бар. Ол – жазушының өз кейіпкеріне деген адалдығы. Гоголь: егер шығарма менің еркіме бағынса, онда он жылдан кейін Чичиковты адам етіп шығарар едім, – депті-мыс. Демек, ол өзін кейіпкерлерінің алдында кінәлі санаған.
Әуезовтің Құнанбайға қатысты өз үкімінің тарихи шындықпен сәйкеспейтінін терең сезінген. Сезіне отырып: «Тарихи романдардан оқушы көбіне көрсетілген шындықтардың өмірлік дерегін, типтердің прототиптерін, искусство шындығының арқауы болған өмір шындығын іздейтіні бар. Бұл тұрғыдан келгенде, өзі әр түрлі жасанды қылықтармен жақсы адам ретінде көрсетпек болған дала феодалы Құнанбай жөнінде нағыз шындықты табуым қиындау болды, басқаша айтқанда, оның жеке әрекеттері арқылы өз бейнесін дәл елестету қиын еді» – деп тұлға Құнанбай мен оқырманның алдында ақталғандай болды.
Бұл – Пушкиннің: «Мына Татьяна тұрмысқа шыққалы жатыр. Қой десеңдерші», Толстойдың: «Аннаның өлгісі келіп жүр. Қалай араша түсеміз!» – дейтін алмағайып сәті.
Л.Толстойдың Кутузов пен Болконскийге деген жеке көзқарас қайшылығы да соны аңғартады.
Кеңес өкіметі Құнанбайлардан қатты сескенетін. Өйткені: «Көркем шығарма – терең зерттеудің нәтижесінде дүниеге келетін көркем тарих. Қилы-қилы оқиғалар арқылы өмірдің түрлі-түрлі жағдайына тап болған адамның мінез-құлқын сынақтан өткізіп, кейіпкердің характерін жан-жақты ашады, шындықты терең түсініп, оның түйткілін түбегейлеп береді. Соның нәтижесінде ол сол мәселенің қырындысындағы қоясын шығарып, түпкі пиғылы мен қитұрқысын әшкере етеді. Және ол исі адамзаттың мән-маңызы бар ақиқатқа айналады, мұндай дәрежеге жеткен ақиқат суреткердің өзі өлгеннен кейін де ғасырлап өмір сүреді», – дейді «Гетенің шығармашылық жолы» атты терең зерттеудің авторы А.Аникст.
Бірінші кітапта Қодар-Қамқа оқиғасы тұсында Құнанбайды барынша қатал әрі әділетті шешім иесі етіп қанық бояумен суреттелуі – тарихи шындық талабы. Толстойдың творчестволық психологиясы туралы академик Д.Лихачевтің: «...Оның тарихтың нағыз қорғаушы күшін білуге ұмтылған құлшынысы – өктемдік құрып қалған тарихи тұжырымнан құтылуға ұмтылған құлшынысы болатын. Толстойда өлшем үлгісі жоқ... Толстойдың барлық жағымсыз кейіпкерлері әдеби әдепті қатаң сақтайды, ал жағымды жандары оны білдірмейді... Толстой өзінің кейіпкерлерінің мұндай бекзадалық әдепті сақтағанын қаламайды. Міне, бұл оның каһармандарының психологиясындағы басты конфликт болып табылады», – деген пайымдауының Мұхтарға болмаса да Құнанбайға қатысы бар.
Мұхтар Әуезов Құнанбайдың айбарының алдында именгендей болып: «Мен .... Құнанбайдың өмірлік прототипін, бойына тарихи қайшылықтарды түгел жиған, даладағы жаңа атаулының бәріне қарсы жауыз феодалдың типін белгілеуіме негіз болды»,– деген уәж айтады.
Уәжі – уәж. Бірақ та «Құнанбайдың – даланың сұмы, қу әміршісі», «соншалықты қатыгез, мейірімсіз», «парақор біреу» екеніне тарихи айғақ керек.
Тек тарихи шындық қана ақиқатты ажыратып, көркем тұжырым жасауға негіз қалайды. Себебі: «Достоевскийдің әрбір романы өзінше бір тарихи зерттеу болып табылады, оны кез-келген адамның өз көзқарасы арқылы қабылдауға толық қақысы бар, ал сол көзқарастың өзі аса маңызды тарихи дәлел болып табылады» .
Құнанбайдың тарихи дәйегі «Абай» романындағы Абай бейнесі. Егерде шығармадағы Құнанбайға қарап, Құнанбай Өскенбайұлының жеке басына баға берілсе, нағыз қиянат сол. Баласы дана, әкесі пәле, демек, Абай пәледен туған дана болып шығады.
Тарихи дәлелдер мен дәйектерді іріктеу барысындағы жүгінген жөн-жобасын шындық есебінде тәпсірлей келіп М.Әуезов: «Абай өмірінің маған белгілі жеке фактілері шынында да әр тарап, әр түрлі, шашыраңқы жатқан нәрсе. Ал романда олар шашыранды күйінде емес, белгілі бір үлкен арнаға топтастырыла, нағыз өмірлік шиеленіс түрінде, тартыс үстінде көрінеді. Бұл – жалғыз менің романдарымда ғана емес, кез-келген реалистік шығармада болып отыратын құбылыс. Мысалы, екінші кітаптың бірінші тарауында қандай оқиға болады?» – деп Құнанбай өз басынан кешпеген, демек ол үшін мән-маңызы жоқ ойдан қосылған көріністі алдыға тартады.
Шығармашылық психологиясының қисынына жүгінсек: «Текстің жазылу тарихы шығарманың көркемдік нысанасын анықтап береді. Тек қана тарихи ақиқат қана көркем шығарманың қасиетін тануға жол ашады».
Егер де шығармашылық психологиясынан келіп, логиқалық талдауға жүгінсек, суреткердің өзінің тарихи жетекші тұлғасына қарап ұстанған қарым-қатынасында әділетсіздік басым. Одан пейіл емес, пиғыл аңғарылады. Абайдың жолына Құнанбай көлденең тұрмаса, Құнанбай бұл дүниеге келмесе Абайдың бақыты ашылып сала берер еді – деген емеуірін танылады. Тіпті мұның өзі автордың көркемдік концепциясына қарсы. Құнанбайдың көзі құрығанымен де қоғамдағы, Абайдың жеке басындағы қарама-қайшылық жойылып кетпес еді. Қайта М.Әуезовтің өзі атап көрсеткеніндей:
Сонда, шығармадағы көркем шындық, өмірлік шындық, тарихи шындық қайсы?
Құнанбайдың мойнына адам құнын арқалатқан, зұлым да қатыгез етіп көрсеткен бірінші оқиға – Қодар мен Қамқаны түйенің өркешіне дарға асқызуы. Иә, бұл өмірде болған оқиға, яғни, өмірлік шындық. Жазаны шариғат жолымен жүзеге асырған – Құнанбай. Өте қатал да тосын үкім. Бірақ, жалғыз ұлы өлген соң жесір қалған келінінің қойнына барып, ақыры елсізге алып қашып кетіп, әуейі болған Қодардың қылмысын қалай ақтауға болады? Солардың соңынан ере кетіп, әуейілік құрған бозөкпелер мен бойжеткен қыздарға кім тыйым салады. Атасы мен келінінің арасындағы қасиетті сыйласымдықты зинақорлыққа айналдырған Қодар мен Қамқаға қандай сот кешу береді? Егер мұндай бейбастаққа үкім кеспесе, қазақ жұрты азып, тозып, ар-ұяттан айрылмай ма? Бір елдің тізгінін ұстаған Құнанбай оны билер келесіне салып, ашық сот жүргізіп, жазаға тартуын қандай заң жоққа шығара алады. Бұл – қасиетсіздікке үкім, ұрпаққа ескерту, ұлттың ұятын қорғау. Ел иесі ретінде сондай шешімге барғаны үшін де Құнанбай жазықты ма?
Құнанбай Қодар мен Қамқаны нақты елбұзар зинақорлығы үшін өлім жазасына кескен.
Дәл осындай сұрақты Құнанбайды жексұрын, қатыгез, шариғатшыл етіп көрсететін Әмір сал мен Үмітей қыздың арасындағы ғашықтық хикаясына да қатысты қоюға болады. Тарихи дерекке жүгінсек бұл арада да Құнанбай күнәдан сыртқары. Оның екі машайықтың алдында да, елдің алдында да, заңның алдында да жазығы жоқ. Мұны М.Әуезов жақсы білген және «Қаракөз» пьесасында бояуын сіңіре суреттеген. Өзінің бұл қадамын ақтаған сыңай танытып: «Енді ол (Құнанбай) мораль сақтағансып: Әмірді, оны сүйген Үмітейді сол ниетіне құрбан етпек болады», – дейді сенімсіздеу желеумен.
Бұл арадағы «мораль сақтағансып» – деген тіркестің үлкен мәні бар. Үмітей мен Әмір туралы ілгеріде егжей-тегжейлі баяндап өткендіктен де қысқа қайырайық. Қазақ жеті атаға толмай өзара қыз алыспайды. Ал Әмір мен Үмітей бір әкеден туған ағайынды екі кісінің ұлы мен қызы, Құнанбайдың өз немерелері. Ырғыз байлылығынан сескенген жұрт олардың бұл «серілігін» Құнанбайдан жасырады. Екі әйелі, балашағасы бар Әмірдің астамсып кеткені сондай Үмітейдің ұзатылып барған жеріндегі шымылдықтың ішін босатпайды. Бұл – басыну ғана емес, қанша Ырғызбай тұқымы, сал-сері болса да арсыздық еді. Сүйекке таңба! Жазушының өзі: «Абай Әмір мен Үмітей үшін мына жұрт өсегінен қысылып кетті... Мыналарға да, өзіне де ауыр болады-ау деп қысылу үстіне ұялып та барады», «Шолактеректегі ел бұл келіске сұмдықтай қарады. Сол ауылдардың аталық, елдік абыройын таптағандай көрді», «Үмітей болса бұған сіңлі (анығында қызы Т.Ж.) есепті еді. Айғыз сол өз төркінінің тойынан ашуланып қайтты» деп емеуірін танытады. Тіпті Құнанбайдың ата жауының өзі Қаратай да: «Сені мен менің өлер күнімізде бетке таңба түсті. Сені аяғанмен айтпай тына алмадым. Өзге кімге айтушы ем!» – деп қипақтайды. Абайдың өзі: «Бұларды шариғат та қосады» – деп арабтардың немерелес туыстарына үйлене беретінін меңзейді.
Ол – мұсылман болса да – араб! Ал, Құнанбай және оның екі немересі қазақ еді. Ал қазаққа ағасы мен қарындасының қойындас болуынан өткен масқара, мазақ жоқ! Ендеше Құнанбайдың: «Менен туған арам қан, бәдбақыт нәсілдерім мына екеуі. Жаратқан ием, я Кәрім Алла, менің қолымнан өлтіртпедің. Бендең болған бар тілегім сол болсын. Ал мына екеуін! Жібер өзіңнің ақ бұйрықты ажалыңды. Уын, зәрін өзгеге жаймай тұрғанда, жой көздерін, жоғалғырлардың!» деп, қолының сыртымен теріс батасын беруі», – сауап! Осы үшін де Құнанбай ақ некелі махаббатты қорғағаны қатыгез боп шыға ма?! Егер атасы мен келінінің, ағасы мен қарындасының әуейілігіне тыйым салмаса – Құнанбай – Құнанбай бола ма, ел билей ме? Үрім-бұтағының азғындық жолына түсуіне қалай жол беріп қояды. Құнанбайдың бұл қаталдығы – қатыгездік емес, қатал да әділ үкім!
Ендеше бұл үшін де оны жазғыра алмайсың. Қарғамайсың – алғайсың! Өйткені өз мүддесі емес, ұлттың ұятын арашалап отыр. Мұны: «екінші желіде Оралбай, Әмір, Абай тоғысады – бұл феодализмнің қатал заңына қарсы күрестің көрінісі», – деп Әмір мен Үмітейді бүркемелей ақтау, сол үшін Құнанбайды тағы да тұқырта нұқып, соқыр көзін шұқу – ойын тәртібінен тыс тәсіл.
Құнанбайға тағылған үшінші айып – «дін жолындағы құлшынысы». Соның ішінде немересі Әмірді «салалы саусақтарымен шеңгелдей қылқындыруы». Жазушы бұл оқиғаны Әмір мен Үмітейдің әуейілігі тұсындағы теріс батамен қабаттаса суреттейді. Құнанбайдың намазын бұзу үшін таңғы мінәжатқа ұйып отырғанда жынды емес – әумесер, сал-сері емес – сайтан, бала емес – қос қатыны, үш баласы бар әке – Әмір жайнамазды аяғымен баса отырып aп, «Жалаңбұт» атты көргенсіз күйді тартып, саусағын, тілін шығарып, бет-аузын қисандатып:
Сыпыра бойдақ, сылқылдақ,
Буыны жоқ – былқылдақ.
Сұлу келіншек, сұлу қыз,
Кез келсе — Әмір сылқылдат.
Сылқылдат, Әмір сылқылдат!, –
деп ән айтқан есерсоқ немересінің «алқымынан, жалаңаш мойнынан сығымдап қысып кеп буындырып, өзіне қарай сілке тартып, қинамағанда» Құнанбай не істейді!
Әмір – Біржан сал да, Ақан сері де, Үкілі Ыбырай да, Әсет те емес. Алланы, атаны, ана сүтін сыйлаудан қалған «қасиетсіз арам қан!». Сондықтан да «Қызарып атқан таңда, мынау зауал таңда... аталық қарғысын айтуы» да орынды. Қайта осыншама қорлық пен мазаққа көнген Құнанбай көмпіс, шыдамды, сабырлы жан. Жайнамазды аяғымен басу – бетіне түкірумен пара-пар басыну. Өзгеге шыдаса да азғындыққа шыдамаған жан ашуы, айтқан лағынеті!
Міне, осы үш оқиға үшін Құнанбайға қарғыс қамыты кигізілді. Абайдың арашада жүруі сиымды да сенімді. Осы үш оқиғаның бойында өмірлік, тарихи, көркем шындық бар.
Өкінішке орай, көпшілік қауым көркем шындықты өмірлік шындық деп қабылдап, қиялға сенуменен келеді. Тіпті бұл ұғым жалпы ұлтқа сіңісті болып кетті. «Кісі айыбын айтпақтан оңай жоқ, өз айыбыңды өзің айтқаннан ауыр жоқ» – деген Құнанбайдың «айыбын» исі қазақ қауымы жарты ғасыр бойы бетіне басты.
Сонда Құнанбайға қаратыла айтылған қатал да қисынсыз көркем шындықтың тарихи айғағы, дәлелі, дәйектемесі қайсы?
Ол – Мұхтар Әуезовке тиесілі суреткердің тарихи әрі көркем кеңістігі мен уақыты.
Көркем уақыт, сол замандағы қоғам, сол қоғамда өмір сүрген адам психологиясның тоғысынан барып тарихи көркем ой туындайды.
Кеңістік пен уақыттың соншалықты ділгір мәселеге айналуы – дүниеге деген идеалистік және материалистік таныммен тамырласып жатыр. Егер өнердегі көркем кеңістікті мойындасақ, онда бір ғана жаратушының бар екенін, оны әр адам: 1. Космогониялық мифтік түйсін арқылы елестететініне. 2. Оның ұлы сарынын, аянын жеткізетін иеміз бен киеміздің бар екеніне бой ұсынуымыз қажет. Яғни, әуелі сана, содан кейін – болмыс.
Ал материалистік таным, марксизм-ленинизм ілімі мұны жоққа шығарды. Сондықтан да түйсіктегі ұғымның барлығын уақытқа сидырды. Өнердің де шегін уақыт, яғни, тарих мөлшерімен өлшеді. Нақты тарихи уақыт, суреткер және көркем уақыт деген қағидалар соның нәтижесінде дүниеге келді және кеңістік ұғымы көркем уақыттың ішінде қарастырылды.
М.Әуезовтың көркем кеңістігі – көшпенділер әлемі. Ал оның көркем жобасы (Д.Лихачевте – образ) – «Абай жолы» роман-эпопеясы. Көркем кеңістіктің елесі, ойлау жүйесі, бейнесі (образы), сарыны суреткердің жадынан, түйсік болмысынан, сана сәулесінен оянған.
Суреткер көшпелілер кеңістігіне – сол көшпелілер әлемінің ақыл-ойы, сарыны, мұқым болмыс-бітімі бойына ұйыған дана кейіпкері хакім Абайды шығарады. Ал көркем кеңістіктің шыңына шыққан Абай өз кезегінде: «қуарып, шошайып қалған жалғыз ғана қу ағаш» боп «көк аспанға тіл қатты. Не жазып ем, не сұмдық, не зұлымдық етіп ем. Біттім, міне, тек көк аспан куәм едің сен, сенен ғана сұраймын. Сорымның да куәсі, көгерген гүл атқан шағымның да куәсі сен едің – кең көк аспан! Сен ғана бір айтшы... Мен өлейін, бірақ сол сан жылдарда сенің желдерің қуып әкеткен гүлдерім, дәндерімнен ұрпақ, нәсіл қалар ма?» – деп Мәңгілік кеңістікпен бақұлдасады. Мұндағы «қуарған ағаш» уақыттың, «кең көк аспан» кеңістіктің нысаналы белгісі.
Аспан – Мәңгіліктің, ағаш уақыттың өлшемі. Қазақ ертегілеріндегі аңыздың сарыны, мифтік бейне бойынша Бәйтерек – кеңістік пен уақыттың арасындағы көпір. «Ертөстіктегі», «Күн астындағы Күнікей қыздағы» Бәйтеректер сол кеңістіктің белгісі. М.Әуезов: «...биік басына шыққан зәулім өскен алып шынар құлады» – деп Абайдың уақыты біткендігін айтып отыр. Ал оның рухы – Кеңістікте, Мәңгілік «кең көк аспанда». Абай арқылы Әуезов кеңістіктің түпкі иесімен тіл қатып тұр.
Көркем кеңістік – кәдімгі уақытқа тәуелсіз. Сондықтан да абсолютті шындыққа жақын. Көркем уақытты бір сөзбен, бір сөйлеммен немесе бір-екі ауызекі пікір алмасумен қадым ғасырдан бүгінгі күнге әкелуге, заманалар мен дәуірдің орнын алмастыруға не белгілі бір мезетке тоқтатып қоюға болады. Екі дүниені қатар қойып жарыстыра салыстыруға да суреткердің еркі бар. Бірақ бұл – уақытқа шексіз өктемдік жасау деген бейпіл қағида емес. Оның да өзіндік логикасы мен заңдылығы бар. Уақытты тоқтата ма, соза ма, жоқ тездетіп жүргізе ме, бәрібір, тек тарихи шындықпен сәйкес келетін шартты уақыт межесін таңдап алуы тиіс.
Мұхтар Әуезовтің таңдаған уақыты – «тарихи мүмкіндіктердің ауысқан кезеңі», «қазақ халқының жүз жылдық тіршілігі».
Қаншама ұлы талант иесі болса да енді осынау өзі тандап алған уақыт шеңберінен шығуға қақысы жоқ.
Мұхтар Әуезов уақыт шекарасы ретінде Құнанбайдың аға сұлтандыққа сайланған тұсын меже етіп алды. Бұл, милади есебі бойынша 1849 жылдың 16 шілдесіне тура келеді. Суреткердің өзі мұны: «Абай кезіндегі қазақ даласында күні өтіп бара жатқан, бірақ тамыры әлі де тереңдегі Ескіні мен Құнанбай образына жинақтадым. Ал оның баласы Абайдың бойында енді туып келе жатқан Жаңа бар», – деп өзінің көркем уақытының шекарасын нақтылап береді.
Міне, осы арадан бастап тарихи дәлел мен тарихи тұлға толықтай жазушының еркіне көшеді.
Роман-эпопеяның ұлы сүйегін ұстап тұрған негізгі арқау – осы көркем уақыт. Мұхтар «ақын Абайдың қалыптасуын... ескі мен жаңаның диалектикалық қарама-қайшылығын, күрес нәтижесін, ескіні жаңаның жеңуі үшін» – әкесі мен баласының өмір сүрген уақытын алмастырды. Аға сұлтан Құнанбай ақын ұлын тарих сахнасына иығымен көтеріп шықты. Абайдың жолына өзі баспалдақ болып қаланды. Суреткер еріксізден еріксіз Абайды он бес жасқа есейтуге, тарихи оқиғаларды бері жылжытуға мәжбүр болды. Өйткені заман қайшылығы мен көркемдік шындықтың өзі соны талап етті. Көркем уақытқа сәйкес көркем айғақ, көркем дерек қажет. Әйтпесе, Абай бейнесі «етекбасты» күйінде қалатындай қауіп төнді. Сондықтан да Мұхтар Әуезов еріксіз еркіндікке барды.
Мысалы: I. Жас Абайдың жүрегін түршіктірген Қодар-Қамқа оқиғасы Абай дүниеге келмей тұрып, одан 10 – 15 жыл бұрын өткен болатын. 2. Әйгілі Мұсақұл соғысы тұсында Абай бесіктен енді ғана шыққан, бір жасар сәби. 3. Құнанбай аға сұлтандыққа сайланған кезде Абай төрт жасқа енді толған. 4. Ал Бөжейдің асында Абайдың кісі күтіп жүруі мүмкін емес-тін. Өйткені Бөжей 1853 жылы дүниеден қайтты. Абай онда жеті жаста. 5. Базаралы «итжекенге» Құнанбай емес, Абай болыстық құрып тұрған кезде Тәкежанның жылқысын барымталағаны және Зағипа қыз бен Нұрғанымның арасындағы махаббат машаһаты үшін айдалды.
Тарихи шындық пен уақыттың ақиқаты осы. Ал бұл оқиғаларды алып тастасаңыз, не оның барлығы Абайдың қатысуынсыз өтсе – «Абай» романы қандай күйге түсер еді? Даналардың уақытқа бағына бермейтіні, өз «заманына сыймайтыны», «замананың ақыры оны илейтіні» (Абай) сондықтан. Өйткені уақыт мәңгілік, адам фәнилік. Тек көркем уақыт пен көркем шындық қана оны тірілте алады. Қалпына келтіреді. Екінші өмір береді. Көркем уақыттың шекарасын дәл анықтап, уақыт шындығын сара санамен белгілей білгендіктен де Мұхтар Әуезов Абайдың көркем өмірін ұзартты.
Енді көркем шығарманың көркем уақытына сай сол уақыттың жетекші тұлғасы анықталуы тиіс. Ол тұлға уақытын қозғалысын, бағытын, мінезін, тіршілік ырғағын, қоғамдық қоллизиясын, еркін, нысанасын, өмір сүру тәсілін, ішкі қайшылығын, адамдардың арасындағы психологиялық шиеленісін, ерік-жігерін, жалпы алғанда мұкым шығарманың болмысын анықтап береді. Анықтап қана бермейді, өзгені өзінің дегеніңе көндіріп, айтқанын істетеді. Кемеліне келген, ырғақ-екпін алған, ішкі рухы қуатты тұлғаланған каһармандар тіпті автордың өзіне жөн көрсетіп, оған бағынбай, бәсекеге түседі. Мысалы «Соғыс және бейбітшіліктегі» сері князь Андрей Болконский Толстойдың еркіне көнбей, Бородино майданында жаралы күйінде Наташаға көрінгісі келмей, ажалды таңдап алған. Соның нәтижесінде «Декабристер» атты романын жазудан еріксіз бас тартқан. Өйткені Болконский образын Сенат алаңына әскер бастап шығаратын жетекші тұлға ретінде дайындап келе жатқан екен. Болконскийді өлтірмеу – суреткердің құзырында. Бірақ дана Толстой көркем шындықтың заңына бағынған.
Сөйтіп, уақыттың қайшылығының өзі, яғни, Тарихи уақыт пен Көркем Уақыттың қайшылығы – шығарманың композициялық желісіне айналды. Заман қайшылығын әкелген – Құнанбай, ал Абай көркем уақыттың қайшылығы арқылы заманға қарсы шықпақ..
.
Тарихи дәлелдің көркем Уақыттан талап ететін тағы бір басты айғағының бірі жер аттары, табиғат суреттері, хайуандар әлемі. Құнанбайды – Ырғыздың, Абайды – Кеңгірдің бойында туды: Қаратауда өмір сүрді, құлан аулады, есекке мінді, тауыс ұстады; жатақтар – күріш, қарашекпендер – қауын екті – деуге болмайды. Достоевский «Қылмыс пен жазадағы» оқиға өтетін үйдің баспалдағына шейін дәл санапты. Толстой «Соғыс және бейбітшіліктегі» суреттелетін ортаның алаңқайлары мен ағашын да сол қалпында бейнелепті. Бұл өте түйінді мәселе. Өйткені табиғат — уақытпен қоса өзгеріп отырады. Көркем шындық сол жоғалған тіршілікті қалпына келтірудің және оның өмірде болғандығына сендірудің бірден-бір мүмкіндігі.
Достоевскийдің шығармашылық психологиясының тамырына зейін қойған Д.Лихачев ғұлама: «Кейіпкерлерінің нақты тұрған жері, шығармаларындағы оқиғалар өткен мекен-жайы оқырмандарын қатты қызықтырған одан (Достоевскийден) басқа жазушы табыла қояр ма екен. Достоевскийдің оқырмандарының ішкі жандүниесіндегі осынау құлшыныс – көркем әсерді толықтыруға деген құштарлықтан туған... Топографиялық дәлдік – оның көркемдік мақсатына ғана емес, жалпы шығармашылық әдіс-тәсілінің өзегіне айналды. Өзі сақнаға шығарған образына актер қалай кірісіп кетсе, сол сияқты Достоевскийдің де өзі суреттеп отырған көріністің шынайылығына сондай сенді әрі сене отырып өзі де соның ішінде жүргеніне күдіксіз иланды» – деп жазды.
Ал Мұхтар Әуезов көркем уақыттың табиғатын қиялдың қуатымен тірілткен жоқ, өзі соның ішінде өмір сүрді. Жетекші және қосымша кейіпкерлері өмір сүрген ортаның рухани картографына айналды. Мұхтардың: «Жер әңгімеші, жер әңгімеші болған соң – ел әңгімеші. Жер – анасы, ел – баласы деуге болады. Ел айтқан әңгімені ел мекені, ер бесігі жер де айтады. Көз жібертсең, көңіл тоқтатсаң, тыңдап көрсең – көпті айтады. Алдымыздағы, айналамыздағы көк өзен, өлке, қойтас, қырқа, бұлақ, шалғын – барлығы да қазақ халқына сүйікті, қымбат болған, көп-көп өлеңнің туған ұясы, тербелген бесігіндей. Бұл жерлер – әсіресе әңгімеші жерлер» – деп жазушының өзіне өзі мінездеме бере толғануы да сондықтан.
Бұл реттен алғанда «Абай» романы қазақ даласының қағаз бетінде жазылған картасы мен салынған сурет деуге толық негіз бар. Өйткені: «романдардағы географиялық атаулар, пейзаж бәрі де шындық. Әсіресе, пейзаж Абай туған даланың жай, жалаң көріністері ғана емес, тірі табиғаттың сырлы суреттері. Түрліше оқиғаларға куә жайлау, қыстау, қоныс аттары өз күйінде алынған». Көркем уақыт пен жер тарихы берген мүмкіндікті қапы жібермеген. Бұл қосымша дәлелді қажет етпейтін қалтқысыз шындық.
Көркем уақыт пен тарихи дәлел тұрғысынан аса ұрымтал, суреткер үшін шешуші әрі түйткілді мәселе – әр кейіпкердің, оның ішінде басты тұлғаның «өзіне жүктелген міндетті» атқару үшін шығарманың ішіне кіретін тұсы. Бұл негізінен көркемдік шешімнің құзырындағы талдауға жатады. Алайда басты тұлғаның оқиғаға араласуы – сол туындының мерзімін анықтап, қалған тарихи дәлелдерді дәйектеп беретін айтулы сәт. Үш күндік жолдың... соңғы күніңде шәкірт бала» – Абай – болашақтағы Мәңгілік екінші өміріне жету үшін «барын салып» «Абай жолы» роман-эпопеясының ішіне кірді. Бұл кезде Абай Құнанбайұлы бар болғаны он үш жаста болатын.
Міне, дәл сол мезеттен бастап романның көркем уақыты өзінің сәт сағатын соқты. Абайдың алдында бүкіл көшпелілер әлемінің Қаражартасы – Құнанбай тұрды. Екі уақыт жалғанның екі жартасы бір-біріне қарама-қарсы жүрді. Олар қашан және қалай, көшпелі әлем кеңістігінің қай түкпірінде қалай қақтығысады ол суреткердің еркіндегі көркем құбылыс. Оған, ал біздің жағдайымызда, «Абайға» Мұхтардан басқа ешкімнің үкімі өтпейді. Енді тек сол көркем уақыттың соңғы сәті жеткенше «Абай өмірден өткенше» Әуезовтің көркем әлемінде серуендеу ғана қалады.
Көркем уақыттың үкімін күтесің.
Сол ұлы кеңістіктің ішіндегі тарау-тарау күре жолдарды тоғыстыратын кіші кеңістіктегі тағдыр соқпақтарына апаратын өмір баспалдақтары қалай қойылған, гәп сонда. Бұл гәптің түйіні – Заман деп жалпылама айтыла салатын Көркем уақыттың тарихи сәттерінің қақтығысында жатыр.
Көркем коллизия делінетін мұндай шақта дүниенің быт-шыты шығып, ой ұйытқысы ыдырап, рухани жүйкенің жіптері үзіледі. Шығарманың жалпы әсерінің шағымды шағы осы.
Мұндай зауалды шақтар – көркем уақыттың қақтығысы сол суреттеліп отырған оқиғадағы ситуациялардың қарама-қайшылығынан туады. Шығарманың тұтастай әсер-болмысы және ондағы көркем Уақыт өзара табиғи түрде жалғасып жатқан, «қуатты ойдан бас құраған» (Абай) тараулы талқылардан құралады. «Бүкіл тұлғалы туындының бойындағы жекелеген тараулардың өзіндік желісі, өзіндік сюжеттік бұралаңы, өзіндік ой қорыту жүйесі болады»... Солардың басы тоғысқаннан кейін барып Уақыт-заман қозғалысқа түседі.
Міне, осыдан кейін барып уақыттық, замандық шындықтарды іріктеу, орын алмастыру, ойдан қосу, қиыстыру басталады. Тарихи дәлел мен көркемдік қисындар көңіл көрігінен өтеді. Талант қуаты мен талғамның төсінде сомдалып, түрленіп, тума шындыққа ауысады. А.Толстой айтқан: «Қиялдың өзі кейде шындықтан да шынайы боп шығады, Иә, нақты шындықтың өзінен де басым тұрады, көбінесе жалаң деректің өзі сенімсіздік тудырады, өйткені – деректі жазбаның өзі – бір ғана көріністің куәсі, ол фотобейне сияқты – адамның қасқағым сәттегі бір ғана бет әлпетін білдіреді, ал оның түртүсінің бет-бейнесінің құбылуын тұтастай қамти алмайды. Өнердің міндеті (портрет жасаудың да) характер, типтік тұлға жасау» деген уәждің жүзеге асатын кезі осы.
Уақыт та, тарихи оқиға да суреткердің көркемдік мақсатына қызмет етеді. Заманы ортақ үлкенді-кішілі кейіпкерлер мен елеулі-елеусіз оқиғалардың барлығы да жетекші тұлғаның тұрлануына жұмылдырылады.
Міне, бұл – суреткер даналығының кепілі болып табылады.
Ал осыдан келіп туындайтын тарихи уақыт сәйкессіздігі, яғни, тарихи шындық пен көркем шындықтың арақатынасы туралы мәселе – жазушының шеберлігі мен шығармашылық логикасына қатысы әдеби пайымдаудың еншісінде және ол – дербес талдаудың тақырыбы. Өйткені, тұтас бір әлемге айналып отырған Көркем кеңістіктің өзі де сол жымы білінбей құрастырылған ұсақ бөлшектерден – тағдырлар тоғысынан тұрады. Мұның өзі «дәлелсіз дәлел» немесе «жаңсақ деректер» (неточные материалы) деп те аталады. Онсыз шығарманың тұзы татымайды, дәмсіз-татусыз сұлу сөздердің жиынтығы болып қалады.
Ендеше, «Абай» романындағы көркем уақыттың еншісіндегі «жаңсақтықтардың көкейкесті» мәні бар және ол сиымды мөлшерде» пайдаланылған деуге толық негіз бар.
Мұхтар Әуезов туралы екі мыңыншы жылға дейін дүниежүзінің баспасөз беттерінде жарияланған үш мың бес жүзден (!) астам зерттеу мақалалардың ешқайсының жазушының көркем уақыты мен көркемдік шындығына шүбә келтірмеуі соған дәлел.
Көркем уақыттың иесі – суреткер. Шығарманың аты, тақырыбы арқылы ол өзі таңдап алған құбыласын көрсетті. Алғашқы сөйлемнен бастап оның өз көркем әлемі ашылды. Ендігі жанталас сөз иесінің жан дүниесіне көшеді. Бойына жиылған барлық түйсік талшықтары – ділі, тілі, пейіл мен бейілі, көзқарасы, адамдық пен пендешілік мінезі, көрген-білгені, оқып-түйгені іске қосылады. Жазушы өзінің елесімен өзі арпалысады. Сол майданның көркем нәтижесі бүкіл шығарманың бақталайын шешеді.
Тақырып пен тартыс желісін таңдап алғаннан кейін: «Ол исі адамзаттың ортақ мүддесін зерттейтін сиқырлы әлемнің кілтін қолына алады. Көркем талдаудың тұжырымы тосын әрі ойлағаныңнан да терең тұңғиыққа тартады» (В.Шкловский). Оған тарихи шындықтың да, талант иесінің де үкімі жүрмейді. Мәселені жетекші тұлғалар Құнанбайлар ғана шешеді. Тек талант түйсігі ғана олардың жолын ашып, жан-жағын тиянақтап, артық-ауыс оқиға мен кенеусіз кейіпкерлерге, тұрлаусыз тартыстарға жолатпай, қимыл-бағытын реттеп отырады.
Жазушының жеке басындағы психологиялық шиеленістің шегіне жететін шабытты әрі шағымды шағы. Сол сәттен былай суреткердің өзі де тұлғаға айналады.
Ендігі көркем әлемнің жаратушысы оның өзі ғана!
Мұндайда тарихи дерекке жүгінумен не соның сорабына түсумен мақсатыңа жетпейсің. Ю.Тыняновтың: «Тарихтың салмақты дәлелдерін саралау қиынға соқса да бұл мені қызықтырды... Менің алдымда деректер мен куәгерлердің, естеліктерін пайдалану немесе пайдаланбау туралы мәселе тұрды. Мен деректерге басымды игемін жоқ. Адамның бүкіл өмірі қағаз бетіне түспейді... Деректің астарын түсініп, оның неге жазылғандығының амал-айласы мен мақсатын ажырату үшін де оған сенуің қажет қой – деген пікір содан келіп туған.
Мұхтар Әуезов те бұл күйді басынан кешіріп, түрлі деректерді көркемдік таным таразысынан өткізді. Оқиғалардың, кейіпкерлердің, уақыттың орындарын алмастырды. Желіге тың кейіпкер тартылды немесе қысқартылды. Барлық сюжет пен композициялық құрылым, тартыс пен шешім Абай бейнесіне қызмет етті. Бұл – тек жазушылық көркем тәсіл ғана емес, тарихи-философиялық, әлеуметтік, көркемдік түбегейлі нысана болатын. Ол үшін ең алдымен жетекші тұлғалардың – Құнанбай мен Абайдың өз өмірбаяндары сана сүзгісінен, ой елегінен өтті. Кей тұстарда – даналық, кей тұстарда екі ұшты шешімдерге барды. Бірақ бұл шешім – суреткердің шешімі. Неге былай? – деп шамдануға ешкімнің құқы жоқ.
Ал өмірлік шындық пен көркемдік шындықты салыстыра отырып суреткердің шешімін талдау, қисындарын ашу, оны түсінуге, түсіндіруге тырысу – әдебиеттану ілімінің міндеті.
Бөлісу: