Әбіл-Серік Әбілқасымұлы: Қанаты күйген әдемі әдеби көбелек

Бөлісу:

29.03.2017 3412

(Қанат Әбілқайырдың «Соқыр үміт» миниәңгімесі бойынша)

434_66a2cf6ac9caa1a8eacb51a005611cae.jpg

Әдебиет порталы жақсы үрдісті дүниеге әкеліп отыр. Ол – жұмбақ жағдайдағы тылсымды авторға қаламгерлер мен ғалымдар тарапынан өз пікірін білдірткізу.

Іні буынның кесек қаламгері Нұрлан Қабдайұлы кіші буынның ерек қаламгері Қанат Әбілқайырдың «Соқыр үміт» миниәңгімесіне өзінің ағалық тілегін білдірді. “Барды” – бар, “Жоқты” – жоқ деп інісінің шымбайына бататын сөзді ағалық ізетпен батыра айтып, әдеби жанашырлық жасады. Айтқандары көңілге қонымды. Ойға қиысынды. Шетін бұра тартатын еш қисынсыздыққа орын берген жоқ. Солай десек те, медальдің екі жағы бар. Біз Қанаттың ұлт әдебиетінің кеудесіне таққан медалінің көрінбес тұсына қатысты өз пікірімізді білдіруді орынды деп таптық. Қанат әңгімесі тініндегі «Қазақтағы Орыс әлемінің трагедиясы» өзіне қатысты Нұрлан Қабдайұлынан кейінгі ойды айтуға жетеледі.

ҚАНАТТЫҢ АВТОРЛЫҚ БЕЙНЕСІ ЖАСЫРЫН ОТАРШЫЛДЫҚ ЖАЛЫНЫНА ҚАНАТТЫ КҮЙГЕН ӘДЕМІ ӘДЕБИ КӨБЕЛЕКТІ ЕСКЕ САЛАДЫ. Оның: Орыс әлемінің арманын «кішкентай адамдар трагедиясы» арқылы беруін осы әңгімедегі мына жолдардан танимыз: «О, ол кезде күмбірлеген мынандай музыка ойнамаушы еді. Елдің бәрі бір тілде сөйлейтін, бір тілде ән айтатын. Айналасындағы адамдар не айтып жатқанын түсінетін, білетін. Өзіне жақпайтын, ұнамайтын сөз естісе, шап ете түсетін. Ешкім де мұны сыртқа теппейтін-ді. Осы автобуста өзі би, өзі қожа еді. Ол Сергей барда бақытты еді ғой, бақытты еді!..». Биліктің алаш санасына өз жерінде қожайын болуды емес, КСРО кезіндегі «кеңестік ұлтты» алмастырған, «қазақстандық ұлттың» бірегейі емес, бірі ретінде «толерантты» болуды талап етуіне қарсы туған әдеби-протест туындыны автор өмірге әкеліп отыр. «Имаготема» (осы термин мәнісіне кейін тоқталатын боламыз – Ә.Ә.Ә.) барша «әуелі Пушкинін, кейін пушкасын әкелетін» Ресей империализміне берілген Орта Азиядағы жалпыбұқаралық «аққұлақ» этнотерминінің әдеби атауы: туындыда екі «имагема» (бұған да кейін түсінік беріледі – Ә.Ә.Ә.) бар: Наташа – «Орта Азия орыстары», «Сергей» – «Метрополия: Мәскеу». Автор осыны Геосаясаттағы «Ғаламзатты – Адамзаттандырып» әдеби карикатуралық туындыны саяси образбен айшықтап өмірге әкелген. Көрінбейтін «Мәскеу қолын» қоспағанда туындыда Үш персонаж бар: орыс тілділердің «асыл арманының» Наташа кейпінде сомдалған образы (түрік ағайын өз курорттары мен қонақ үйлерінде жын ойнақтаған орыс тілді жезөкше қыздарды “Наташа” деп атайды, сондықтан, «өз су ішкен құдығына түкірген» саяси жезөкшелікті білдіру үшін автор осы атты әдейі таңдап алған сияқты); жасырын биліктің символдық образы және орыстардың аза бойы қаза тұратын «Алаштың» жиынтық образы. Біздің биліктің байқағысы келмейтін келбетімізді автор модерндік үрдіспен постмодерндік аңыста беріп отыр. Кезінде классик жазушымыз Төлен Әбдіков «Тозақ оттары жымыңдайды» хикаятында «үндістер тарихы арқылы» – қазақтың КСРО кезіндегі «рухани-мәдени аштыққа ұшырауының нарративтік тарихын» баяндап бере білген болатын, енді, кіші буын өз тарапынан шағын жанр аясында опа әпермейтін «қазақстандық ұлтқа» қарсы өз әдеби протесін білдіріп отыр. Қанаттың бұл туындысы – екі орыстың махаббаты емес, ішкі және сыртқы жаудың алашқа кеткен есесі үшін қазақты бағуының жанрлық сонылықпен қазақ әдебиетінде көрініс беруі. Осы проблемаға арналған тақырыптық туындылардың ішіндегі – шоқтығы биігі ретінде «Соқыр үміт» ақылман оқырманды өзіне тәнті етсе, қарапайым оқырыман, «Мына жігітті жын ұрған ба, қазақ құрып қалғандай екі орыстың махаббатын жазып алжасқаны не?» деп бойын тіксінтеді. Бұл – аллегориялық-карикатуралық сипаттағы жастардың мәдени-рухани «жоғалған нысанды» табу жолындағы шығармашылық ізденісі. Оған түсіністікпен қарауымыз керек. Постмодерндік тәмсіл дәстүрін жастар осылайша абсурдтық аңыста қазақ әдебиетіне енгізіп отыр.

Біз миниәңгімедегі авторлық «алаш ақыл-ой империализміне» негіз болған «Қазақтағы Орыс әлемінің трагедиясы» концепцияның «Наташа тағы да Саяхат автобекетіне бет алды» деген сөйлеммен басталып, «...Көр де тұр, Наташа Сергейдің етегінен ұстап Мәскеуге кетеді. Мәс-кеу-ге...» деген сөйлеммен аяқталуына жете ден қойғанымыз орынды.

“Саяхат” ұғымы (мәдени коды) бұл арада «бәріміз білетін автобекетті» емес, 250 жылға созылған орыс билігін білдіреді. Ал, “Мәскеуге кету” (мәдени коды) орыстардың үдере көшуін емес, алаш қоғамына іріткі салатын « саяси идеялар мен стратегиялық жобаларды» танытып тұр. Әрі бұл шығармадан адами махаббатты іздеу орынсыз. Өткені, бәрі «авторлық масканың тасасында» тұр.

Оған мысал:

«Наташа шиқылдап келіп, ентіге тоқтаған автобусқа мінді. Автобустың іші күңгірт тартып кеткен секілді. Күңіренген бір күй ойнап жатыр. Осы, осы қара адамдардың күйі де, әні де қайғылы болатыны несі екен?.. Бұларда неге қуанышты әндер жоқ?.. Әйтеуір, зарлайды да жатады. Онсыз да жетісіп жүрген жоқпын. Қолдан келмейді-ау, әйтпесе ана музыканың үнін өшірер еді. Серёга келсінші, мұны да айтам. Ол орыстың әуезді әнін қойғызады. Сөзсіз сөйтеді.»

Сергей – «Мәскеу билігі» де, Наташа – «колонизатор орыс тілділер». Екеуінің қосыла алмай қалуы – КСРО-ның күйреуі. Және автор әке-шеше ұғымы аясында тағы бір мәдени кодты бере білген. Ол орыстардың үдіре көшуіне мүмкіндік бермей отырған қазақ билігі енді осы сөйлемді тұтас келтірейік: «Наташа Серёганың «Ресейге кетейік» деген ойымен келіспеген болатын. «Мынау аспанмен таласқан таулары бар Алматымды, Талғарымды қимаймын» деген. Оны былай қойып, Сергейдің: «Мәскеуге барып қыдырып қайталық. Менің диплом алу кешіме қатыс», –дегеніне де көнбеп еді. Негізі, Мәскеуге барып келуге болар еді, әкесі ғой жібермей қойған.»

Бұл туындыда бәріде бұлыңғыр, сырт қарағанда реалистік туынды сияқты көрінгенімен, қаламгердің мақсаты таңдаған «авторлық маскасы» бәрін бастан аяқ төңкеріп бере біледі. «Диплом алу» - Мәскеуде орын алған «отарсыздану» процесі. Осы процеске қатысып, өзге елден кетуді мақсат тұтқандарға қазақ билігінің «орыстар тілділер кетсе, Қазақ елі қараң қалады» деген ұстанымы да болғандығын жасырып жауып керегі не, автор биліктің осы қотырын қасып қанатып отыр.

Қазіргі ұлттық әдеби процесте өзін белсене тантыта бастаған кіші буын прозаиктері үлкен екі топқа жіктеліп үлгерді. Постсоцреализмнен кейінгі алаш әдебиетінде өздерінің алғашқы қаламгерлік қадамын жасағандар арасында әдеби маскасын кие білгендер мен оның не екенін әлі ұғынбай жүргендер бар. Қанат –қазіргі әдебиет әлеміндегі авторлық бетпердесін таба алған талантты жас жазушылардың бірі.

Осы бетперде оған мынандай тамаша әдеби қадам жасатып отыр:

«Сергейі, бәлкім, бүгін оралар. Егер бүгін келмесе бар ғой, одан үмітін біржола үзеді. Несі бар, қартайып тұрғаны шамалы. Бұған лайық біреу жолығар. Жасы бар болғаны он сегізде емес пе?.. Гүлдей құлпырып тұрған Наташаны кез келген жігіт ұнатып қалары сөзсіз. Наташадай сұлу әйелді кім арман етпейді дейсіз. Бұл қандай жігіттің болсын бағын ашады. Сергейдің өз обалы өзіне. Оны күтіп, жастық шағын қор етуге болмайды ғой. Шыдамның да шегі бар. Сергей өзінің бағын бағалай алмады. Егер бағаласа, осы уақытқа дейін келер еді ғой.»

Біздің бұдан ұққанымыз. Қазақ мәдени-рухани кеңістігінде орыс билігінің ЛугаДондағы оралуын аңсаудың сарыны жатыр. Оны автор «Наташа» символдық образы арқылы беріп отыр. Бұл орыс әлемінің Орта Азиядағы ақырзаманының жастар прозасында түрлі қырынан көрініс табуы. Өйткені, қазақтың жастарының махаббаты құрып қалғандай «автор неге «шағын этникалық топтың» ғашықтығын күйіттеп отыр?» деген оқырман сауалына жауап ретінде Қанат тың шығармашылық «өз бен өзге» концептісіне түсірілген сюжет өрімін өмірге әкеліп отыр.

Бұл шығармадан орыстардың махаббатын іздеген жан қателеседі, ал, орыстардың бір саусағын бүгіп «Мәскеуден пәрмен» тілегенін ұққан жан ұтады.

Сонымен кіші буын іштей «авторлық маска» мен «авторлық маскасыздардан» тұрады. Әрі бұл буын марксизм ілімімен уланбаған «бостан дәуір» әдебиетінің серкелері болып табылады. Олар интелектуалды әдебиет майданына «алаш ақыл-ой империализмі» концепциясын енгізді. Ешкімге бас имеген дәуірдің жаңа тұрпатты әдебиетінің өкілдерінің бергенінен берері көп. Жазғандарында ресми биліктің көзін тас төбесіне шығарып, жүрегін ұстатын ой алуандығы молынан кездеседі. Енді-енді әдеби сын мен әдебиеттану олармен санаса да бастады. Осы санасудың әдеби көрінісі бір-бірінің өкшесін басқан қос буын арасында, яғни, іні буынның кесек қаламгері Нұрлан Қабдайұлы кіші буынның ерек қаламгері Қанат Әбілқайырдың «Соқыр үміт» миниәңгімесі төңірегінде орын алды.

Біз жазушының стиліндегі селкеулікті емес, айтар ойындағы кесектікті басшылыққа алып отырмыз. Өйткені селкеулікті Қанат бауырымыздың аталған әңгімесіне қатысты бізге дейін Нұрлан Қабдайұлы өзінің жеке тұлғаттық пікірін ел назарына ұсынған болатын. Бұған себеп, жаңа талап алаш прозаиктері түгіл әлем таныған классикалық туындылардың да кемшіліктері жетіп артылады. Сондықтан ағасының осы сынына інісінің тарпаңдық танытпай түсіністікпен қарағаны орынды. Қаламгерлік қарымы “Әдеби сынға” ішке дық сақтамай, шығармашылық амалятты тұлғаттық жанудан тұрады. Өзін өзгеден дараландырудан тұрады. Бір қуаныштысы – Қанатта осындай әзірше өз буынынан дараланудың барлығы. Осы даралану кейін келе, қазіргі ой құлыншағын, шығармашылық тұлпарына айналдырып, олардан қара үзуге ұласса деген үміттің жетегіндеміз. Әзірше Қанаттың шығармашылық тұлға ретіндегі қол жеткізгені – қазақ проза әлеміндегі өз кеңістігін, өз қағанатын құруда адаспайтын жолға түсе білгендігі болып отыр. Қанаттың кей әріптестері – ешқайда бастамайтын жолға түсіп жүр. Соларға Нұрлан Қабдайұлындай ақыл айтатын жан болса шіркін!?

Қанат не ұтты дегенге – біз енді жауап бермекпіз. Ал, Қанат неден ұтылды дегенге інісінің жазу мәнеріне қатысты қаламдас ағасы – Нұрлан Қабдайұлы бір Қанатқа ғана қатысты емес, жалпы кіші буын прозаиктерінің бәріне тән кемшілікті айтып кеткентін.

Бір нәрсе айқын әдебиеттанудағы неоқөзқарастар бір ғана сынаудан тұрмайды. Ол – мүмкіндігінше белгілі бір туындыға қилы пікір айтуышылардың шығармадағы «алаш ақыл-ой империализмін» ашып көрсетуінен де тұрады. Өйткені, қаламгер өз ойын еліне жеріне жеткізбей айтсын, пікір ағынын ұлтына арнасынан асыра жеткізіп айтсын, бәрібір алаштың сөз егесі. Жұрт жазушының аузына қарайды, сөзіне құлақ түреді. Кемшілігін – кешіріп, жетістігін – асырып бағалауға әмсе дайын тұрады.

Қанаттың өз қатарының алды екенін оның миниәңгімелеріндегі ой ауқымдылығынан аңдап жүрміз. Кемшілік те бар, бірақ жетістік жетіп артылады. Бізді оның кіші буын прозаиктері арасындағы осы жаңашылдығы қуантады. Құр сөздің тұтқынында қалатын қаламгер бар, оты ойдың жалында өрттенген қаламгер бар. Қанат – осы отты ойдың жалында қанатты күйген әдемі әдеби көбелек. Енді оның шығармашылық трасформацияға ұшырап әдеби қаршығаға айналуы ғана қалды. Қашан прозалық қаршығаға айналады сол кезде ұлт әдебиетінен өзінің орнын табады. Әл-әзір әдеби бағытын тапқан сөз иесі ретінде проза жанашырлары арасында өз тілеулестерін тауып үлгерді.

Постмодерндік аңыстағы «өз-өзге» концептісі талай ғылыми ой түйіндеуге негіз болды. Біз бұның алдында осы порталда жарық көрген Серік Сағынтайдың “БАС” моноспектакліндегі «Дәйекшелік ойлауға» қатысты біраз дүниелердің басын ашуға талпыныс жасаған едік. Енді осы мәселені бұрынғы сөз етілген мәтінге қатысты пікірлер негізінде әдебиеттанушылық жосықта басқа қырынан Қанат Әбілқайырдың «Соқыр үміт» миниәңгімесіне қатысты қарастыруға талпыныс жасамақпыз.

Метамәтінді «өз-өзге» концептісі аясында интермәтінен ажыратып алуымыз керек. Метамәтін дегеніміз – сырын ішіне бүккен «автордың бет пердесі». Ол қазіргі Ел Үкіметі жалаулатып отырған КСРО-лық репеттегі «халықтар достығын», алаштың толеранттығын еш қабылдамайды. Автордың өз шығармасын өмірге әкелудегі алға қойған мақсаты – саясатшылардың жалған ойынынан мүлдем бөлек. Ұлттың басқаны жатсынуы – қазақ прозасы мен поэзиясында мен мұндалап тұрады. Осы «Жат жарылқамайды» дейтін халық даналығындағы мәселе – саяси табу қойылып зерттелмей жатыр. Кіші буын жастар шығармашылығы ата, аға және іні буын тарапынан оны зерттеудің өзектілігін әдебиеттанудың күн тәртібіне қойып отыр.

Осы репетте Қанат әңгімесіне кезек берейік: «Наташа бұрын мұндай бетімен кеткендерді бірауыз сөзбен жуасытушы еді. Бұ қара адамдар не болып барады?.. Баяғыда жасқаншақтап тұрмаушы ма еді?! Шынын айту қажет, Наташа қара адамдарды ұнатпайды. Неге екенін қайдам, оларды иттің етінен жек көреді. Сергей де сондай болатын. Ол бұларды «қазақ» деп атауға қарсы еді. «Біз казакпыз, бұлар ол атты иемденуге лайық емес, бұлар – қара адамдар» деп күлетін. Сол күннен бастап Наташа да жергілікті халықты «қара адамдар» деп атап кетті. Сергей бірде қабағын қара адамдармен төбелесіп жарып алғанын айтып берген. «Сол қаныпезерлер болмағанда» деген еді тісін сықырлатып...

Наташа күйініп тұр. Қазір Сергей қасында болса, мына әйел басынар ма еді. Шіркін, өткен күндер қайта оралса ғой, көздеріне көк шыбын үймелетер едім.

Наташаның жанары жасаурап сала берді.»

Жастар КСРО дәуірінен мұраға қалған бір күндік «плакаттық» үн қосушы поэзия мен прозалық шығармалар дәуренін келмеске кетірді. Олар барлық дүниені алаштық идеологияның басы байлауы баспағына айналдырудың өзіндігін жосығын өмірге әкелді. Бұған біз талдап отырған Қанаттың әңгімесі дәлел.

Дүниенің бәрін итермәтіннің жетегіне ілестіріп жіберуге болмайды. Әдебиеттану мен өнердегі «Метамәтін» ұғым-түсінігі түрлі дау-дамайға арқау болып жүр.

Метамәтіндемелікке ең алғаш қазіргі біздің ұғынуымызға өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның берік діңгегі: дін, тарих, ғылым, психология, өнерді қарпитын «мәтін туралы мәтін» немесе «мәтіндегі мәтіндерге» жуықтау пайымдама жасаған XIX ғ. басындағы неміс романтизмінің теорияшысы Фр. Шлегель «Die Poesie der Poesie» («поэзиядағы поэзия») терминін бірінші рет ғылыми айналысқа түсірді.

Француз философы Ж. Ф. Лиотар мен америка әдебиеттанушысы Фр. Джеймсон XX ғ. ортасында «нарратив», «метамәтін» теориясын жасап шықты. Р. Барт өз кезегінде «Әдебиет пен метатіл» (1957) еңбегінде метатіл мен метаәдебиет проблемаларын көтерді.

Жапон зерттеушісі Ким Хюн Еун «авторлық әңгімелеу турасындағы авторлық әңгімелеуді» метамәтінді ұғынуда осы термин туралы лингвистика мен семиотикада қалыптасқан түсініктен өзгеше әдебиеттанушылық қадам жасауымыз оңды болады деген пікір түйеді.

Сонымен әдебиеттанудағы метамәтін дегеніміз – бұл тек қана тақырыпқа ғана бет бұрмайтын, сонымен бірге ол туралы авторлық сөзге назарын аударатын мәтін. Біз осыны авторлық туындыларда ұшырасатын өзге мәдениетке деген жаткөздену арқылы ашып көрсетуге Қанаттың «Соқыр үміт» әңгімесі негізінде талпыныс жасаймыз, әрі имагологиялық ой толғаймыз.

«Бөгде» характерге, ділге, мәдениетке қатысты сауал адамзатты оның барша тарихында толғандырумен келеді. Оған әлемнің түрлі елдерінің фольклор мен әдебиетінен көптеген мысалдарды жолықтырамыз. Осы орайда біз «имагология» ұғым-түсінігін аттап өте алмаймыз. Көркем әдебиетте өмірге келген «бөтеннің» образы салыстырмалы әдебиеттану игеретін «көркем имагология» туралы сөз қозғауға мүмкіндік береді.

Имагологияның түп негізі «өз-өзге» концептісі.

Автордың мына жолдары алаш қоғамындағы қазақ пен өзге ұлттың күнделікті өмірдегі қақтығысын білдіреді:

«– Сасымай, кішкене арырақ тұршы!

Автобустағы бір келіншек Наташаны итеріп жіберді.

– Өзің ары тұр!

Наташа бар күшімен келіншекті нұқып қалды. Келіншек Наташадан әлділеу екен. Оның нұқығанын маса шаққан құрлы көрмеді.

Ызаға булыққан Наташа «дура» деді. Келіншек те қарап қалған жоқ, аузына түскен ұятты сөзді көлденеңдете салды.

Наташа бұрын мұндай бетімен кеткендерді бірауыз сөзбен жуасытушы еді. Бұ қара адамдар не болып барады?.. Баяғыда жасқаншақтап тұрмаушы ма еді?! Шынын айту қажет, Наташа қара адамдарды ұнатпайды...

Наташаның жанары жасаурап сала берді.»

Француз зерттеушісі И. Шеврель өзінің «Салыстырмалы әдебиеттану» кітабында имагологияны заманалық компаративистиканың бір халықты екінші халықтың өз таным-түсінігі аясында жүйелікпен зерделейтін өзекті бағыты деген пікірін алға тартады[Сhevrel I. La litterature comparee. Paris. 2006]

Бұл термин гуманитарлық ғылымының айналысына таяуда ғана енген. Шығу төркіні –латынның imagо (бейне, образ, кескін) сөзі. Имагология ғылыми пән ретінде «өзге», «бөтен» ұлттың, елдің, мәдениеттің милет адамы қабылдайтын образын зерделейді. Имагология «өзгенің» образын ашып қана қоймайды, сонымен бірге оны қабылдау мен бағалаудың процесімен байланысты қабылдаушы субъектінің ұлттық сана-сезімі мен өздік құндылықтарының жүйесін ашып көрсетеді.

Осыны Қанат қалай бере білген, енді соған әңгімеден мысал келтірейік:

«Күн ұясына батып барады. Сергей тағы да оралмады. Оның шынымен Наташаны ұмытқаны ма? Жоқ әлде басқа біреуді сүйіп қалды ма? Наташадан да әдемі бір қыз кезіккен шығар. Бұ дүниеде бәрі де мүмкін ғой. Егер басқа біреуі болмаса, Сергей зарықтырмай келуі керек еді. Жоқ, Сергей Наташадан басқа ешкімді сүйе алмайды. Ол Наташаның ақ адал махаббатын лайламайды. Ол түптің түбінде Наташаға оралады. Наташаның мауқын басады. Қазіргі ауыр күндердің бәрі ұмытылады. Наташа мен Сергей шаңырақ көтереді. Балалы болады.»

Автордың «Балалы болу» дегені қазіргі бұрынғы отар елдерді қайтару жолындағы Путин ұстанып отырған саясат. Бірақ біздің «Наташа» тұрмысқа шықса да, бала көтере алмайды. Өйткені кемпір болған – отаршы образы арқылы Путиннің әрекетті «өлі талға» су құйып, тірілтем деудің бос әрекеті екенін ұқтырады. Әрі біздің «Наташа» - автор ұстанымда «жынды». Қазақты орысқа қайта құл қылам деу «саяси делқұлының» тірлігі. Біздегі «орыс жікшілдері» дегеніміз – өткенін аңсаған «есінен алжасқан кемпір».

Ал, әдебиетану имагологиясы XIX басында өз болмыс-бітімін айқындағанымен «имагология» термині ХХ ғасырдың соңында ғана ғылыми айналысқа енді. Зерттеушілердің басым көпшілігі ол өз алдына дербес пән ретінде Францияда пайда болып, басты назарын көбіне көрші халықтардың көркем образына аударды деген уәж атады. Әдебиеттанушылық имагологияның құлашын жая дамуы ХХ ғасырдың екінші жартысының еншісіне тиеді.

Имагологияның қаузайтын өз тақырбы, зерделеу жасайтын өз әдіснамасы бар болғандықтан дербес пән ретінде тануға құқымыз бар. Оның бір ғасырлық тарихында дербес пән ретінде қалыптасып, аяғынан тік тұрып кетуі кезеңіндегі АҚШ пен Еуропада имагологияның дамуына өз үлесін қосушылардың қатарына Дизеринк М.-Ф. Гияр, Рене Уэллектерді жатқызады. [Dyserinck H. Komparatistische Imagologie. Zur politischen Tragweite einer europäischen Wissenschaft von der Literatur // Europa und das nationale Selbstverständnis: Imagologische Probleme in Literatur, Kunst and Kultur des 19. und 20. Jahrhunderts. Bonn, 1988. S. 13–33]

Поляк зерттеушісі М. Швидерска ханым Поль Рикердің герменевтикалық феноменологиясына иек сүйей отырып, әдебиеттанушылық имологияның өмірге келуіне компаративист-ғалым Ж.-М. Мур түрткі болды деген өз пікірін алға тартады. «Ж.-М. Мурдың пікірінше қоғамдық фантазия идеологиялық немесе утопиялық сипатқа ие әдебиеттегі «бөттеннің» мәдени-жанама образдарының өмірге келуіне сеп болады. Мәтінде осы образдар аталған топты, халықты немесе мәдениеті тас-талқан етуге не ықпалдасушы (идеологиялық), не болмаса субверсивтік (утопиялық) рөл атқарады (қазақта бұл «қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрінер» деген ұғымда әлі күнге үстемдік етіп отыр)» [Schwiderska M. Das literarische Werk F.M.Dostoevskijs aus imagologischer Sicht mit besonderer Berücksichtigung der Darstellung Polens. Muenchen, 2001.]. Айтылған назарияттық алғышарттар негізінде М. Швидерска әдебиеттанушылық имагологияны «интерпретацияның (“түсіндірудің”) герменевтикалық әдісі, көркем мәтіндер әлемінде көрініс беретін «өзгенің» мәдени, ұлтты немесе этникалық феноменінің “тереңдетілген семантикасы” (Поль Рикер)» деп айқындап береді (осы кітапта).

«Наташа қара адамдардың не деп жатқанын түсінген жоқ. Түсінгісі де келмейді. Сергей аман келсінші, бұлардың да сазайын беремін. Адамды осылай қорлауға бола ма екен?! Бұлар неге менің тілімде сөйлемейді?.. Мен олардың шүлдірлеген тілін білмеймін, ал бұлар орысшаны шемішкеше шағады ғой.

Ах, Серёга, Серёга... Мені қара адамдардың табасына қалдырмай Мәскеуіңе әкетші. Мыналардың ішінде жүру қандай қауіпті. Ертең біреуі мені өлтіріп кетсе қайтем?.. Жоқ, жоқ бұлар өлтірмейді. Бұлар – өте жуас халық. Наташаның атасы осы Талғар өңіріне қалай көшіп келгенін жыр қылып айтаушы еді. Ол кісі: «Өзінің жауы мен досын айырмайтын мұндай халықты көрсем, көзім шықсын!» – деп отыратын.»

Әлбетте, «жат» образы архетип болып табылады. «Бинарлық» архетиптер «ауыл – қала», «өмір – өлім» және т.б. қазақ әдебиеті мен фольклорына да жат емес. Осылардың көмегімен ұлттық дүниетанымыздағы оппозициялық көзқарас қалыптасады да, «өз-өзге» концептісі түрлі қырынан ұлт әдебиетінде таңбаланады.

Қанат «өз-өзге» концептісіне құрылған «орыс-қазақ» әдеби оппозициясын өмірге әкеле білген.

Әдебиеттануда әл әзір белгілі халыққа қатысты «имагонама» («имаготема») болып табылатын қызылбасты, қара қытайды, сары орысты, сарттан т.б. этникалық топтан шыққан кейіпкерлерді таңбалайтын «имагема» (Imagem) термині мен олардың образдылық сомдалуын білдіретін «имаготип» «өз-өзге» концептісі аясында қарастыруымызды сұранып тұр.

Кеізнде әдеби процесте: Мәшһүр – сартты, Сәбит Мұқанов – татарды «өз-өзге» концептісі аясында бірі – поэзияда, бірі – прозада жатысына суреттеген болатын. Енді осы үрдіс қайыра жаңғырып, Қанаттың буыны – бұрын жамандауға болмайтын «аға халықты» осы концепті аясында карикатуралап беруді жолға қойды.

«Серёга бүгін аман-есен келсе болды, енді оны ешқайда жібермеймін. Ешқайда. Егер тағы жолға қамданар болса, «мені де өзіңмен ала кет» деймін. Мейлі, Мәскеуге барса да одан бір елі қалмаймын. Наташаға мына құрып кеткір Алматының құны көк тиын! Мұның жұмағы Сергейдің қасында. Ол жердің қай қиырына кетсе де, бұл сонда барады. Осыдан дипломын әкелсінші...»

Ойдың нәшін келтірем деп, Сөздің әрін кетіруден арылса, қазақ әдебиетіне Қанат сыйлайтын медальдің құны да, бағасы да арта түседі.

«Наташа жолға шықпас бұрын қызыл көйлегін іздеген болатын. Қайда қалғаны белгісіз, қызыл көйлек ұшты-күйлі жоғалыпты. Амал жоқтықтан қолына ілінген киімді кие салды. Артынша ернін боямақ болып айнаға қарап еді, шошып кетті. Кішкене ғана қол айнаның ар жағында он сегіздегі қыз емес, алпысқа келген кемпір тұр.»

Бұдан ұғарымыз орыс билігін аңсаушы 18 жастағы орыс тілділер емес, КСРО дәуренін аңсаған 60 жастағылар. Автор бәрін бір кейіпкердің іс-әрекеті арқылы әңгіме тінінде сыналап беріп отырады. Әңгіме бойына ұлттық иедология мен алаштық саясатты енгізу жастар прозасының өзіндік ерекшелігі бұдан Қанат прозасы да тыс қалмайды.

«Әлден уақыттан соң Наташа өз-өзіне келе бастады. Денесі сонда да дір-дір етеді.

– Маған не болған? Мен шынымен қартайып кеткенмін бе? Мына түрімді Серёга көрсе, безіп кетеді ғой менен... Безіп кетеді.

Қос қолымен шашын жұлып еңіреп қоя берді.»

ЛугаДонның жерімізде орын алмауын, бірақ оның орын алмауы «орыс адамы» үшін трагедия екенін танытатын бұл жолдар оқырманын бей жай қалдырмақ емес. Жастар әлемдегі оқиғаларды бізден артық біледі, әрі оған өз топшалауын жасайды. Туындыдағы автор топшалауы ҚР «орыс жікшілдігінің» өміршеңсіздігі. Енді бір буын ауысқанда біз бұл проблемадан құтыламыз деген кесік жасайды. Ол – “Қос қолымен шашын жұлып еңіреп қоя берген” Наташа сөз образы.

«Соқыр үміт» жетегінде қазақ емес, ҚР «орыс әлемі» жүр. Әңгіменің атының оның үкімі болуы Қанаттың тақырып қана емес, оған ат таңдай білуін ғана білдіріп қоймайды, бірден шығарма шешімінің қандай болуын да алдын ала сездіреді. Қазір кіші буын өз туындылары атымен не айтпақ болғанын оқырманына бірден сездірудің бұрынғы БАҚ тән сипатын әдеби үрдіске енгізе білді. Бұған тек қуанамыз. Қазақ еліндегі орыс тілділер мен ұлт билігін карикатуралаған жаңа туынды оқырманға жол тартты. Біз автордан тек «Соқыр үміттегідей» әдеби жаңашылдық тілейміз.

Әзірше Қанат бауырымыз:

“– Құдайым-ай, не жаздым мен саған? Жазығым не? Серёганы үмітімді үзбей күткенім үшін осылай жазалағаның ба? Ендігі өмірім не болады? Сенің алдыңда қандай күнәм бар еді? Айтшы. Не болса да айтып өлтірші...” деген еліміздегі жасырын “наташалықты” осы әңгімесіне жазу арқылы көптің көкейінде тығылып жүрген ойды ашып айтып идеологиялық жақтан өлтіріп отыр. Қанат өз “Наташа” образымен деколонизация (отарсыздану) дәуіріндегі неоколонзаторлық көңіл-күйдегі отандастарымыздың жинтық бейнесін сомдай алған. «Наташа» кейіп еліміз бен «Алаш» кейіп елді қосыла өрілте суреттеуге арналған туындыдан біз түйген ой осындай.

Тек: ӘДЕМІ ӘДЕБИ КӨБЕЛЕКТІ ЕСКЕ САЛАТЫН ҚАНАТТЫҢ АВТОРЛЫҚ БЕЙНЕСІ АРЫ ҚАРАЙҒЫ ЖЕКЕ БАСТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПРОЦЕСС БАРЫСЫНДА СОЛҒЫНДАМАСА ЕКЕН...

Бөлісу:

Көп оқылғандар