Өмірден кім өткенін білесіз бе?
Бөлісу:
Қазақ руханияты үлкен қазаға душар болды. Көрнекті қоғам қайраткері, майдангер жазушы, ғалым, көсемсөзші Сапабек Әсіпұлы 93 жасында пәниден бақиға озды.
Сапабек Әсіпұлы 1925 жылы 21 қарашада қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданы жеріндегі Сарының Алакөлі деген жерде дүниеге келген. 12 жасынан шығырға құлақшы болудан еңбекке араласқан Сапабек Әсіпұлы кейінгі бар өмірін журналистикаға, әдебиет пен ғылымға арнайды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Сапабек Әсіпұлы майданнан оралған соң ақпарат саласында қызметке кіріседі. Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінде бас редактордың орынбасары, аудандық партия комитетінің хатшысы, «Қазақ совет энциклопедиясы» бас редакторының бірінші орынбасары, редакция меңгерушісі т.б. қызметтер атқарған.
Академик Мәлік Ғабдуллиннің жетекшілігімен қазақтың топжарған ақыны Нұрхан Ахметбеков шығармашылығынан филология ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын қорғаған.
«Қазақ қасіреті» (1994), «Қатерлі дерт, қалжыраған халық» (1998), «Танталовы муки степи» (2001) кітаптарының және ел мен жер тақырыбындағы ондаған мақалалардың авторы.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері. Мемлекеттік наградалардың иесі.
«Әдебиет порталы» Сапабек Әсіпұлының отбасына қайғыларына ортақ екендігін білдіріп көңіл айтады. Алдағы күндерді жазушының өмір жолы, шығармашылығы жайлы кең көлемді материал берілетін болады.
Бөлісу: