Алтынай Досанова. Шоқтай қызыл белбеуден түйген ой

Бөлісу:

26.04.2018 5578

Жапон жазушысы Асаи Рёоидың "Шоқтай қызыл белбеу" әңгімесін қазақ тіліне жазушы, аудармашы Қуандық Шамахайұлы қазақ тіліне аударған болатын. Осы аударма туралы психологиялық талдау жасаған педагог ғалым Алтынай Досанованың жазбасын ұсынып отырмыз.

Жапондық жазушы Асаи Рёоидың адам өмірінде кездесіп тұратын терең психологиялық жағдайына байланысты жазылған әңгімесін танып білуімізге септігін тигізген жазушы-аудармашы Қуандық Шамахайұлы ағамызға алғысым зор. Аударма тілі оқуға өте жеңіл, түсінікті,қазақы тілмен оқиға қолмен қойғандай сәтті аударылған екен. Әңгіме өте қызықты. Оқырманды бірден баурап әкетеді. Танымал қаламгер, кәсіби білікті аудармашы Қуандық Шамахайұлының шығармашылық ісіне табыс тілей отырып, өзге халықтардың мәдениеті мен әдебиетін танып білуімізге әлі де талай үлес қосады деген ойдамын.

Адам баласы өмірде түрлі жағдайларға тап болып, соның әсерінен қатты күйзеліске түскенде сандырақтап, психикалық күйзеліске ұшырайтынын өмірден көріп жатамыз. Алайда біз ондай көріністерге қатты мән бере қоймайтынымыз тағы бар.

Жапондық Асаи Рёоидың «Шоқ қызыл белбеу» жазушы күрделі психологиялық жағдайға құрылған бір оқиғаны баяндайды. Бала кезінен атастырылған қыз бойжеткен шаққа дейін ата-аналарының өзара келісімі мен оның куәсіндей болған қызыл белбеуге адал болып, келіп қалар деген үмітпен сүйген жігітін күтеді. Қанша уайым-қайғыға түсіп жазылмас дертке ұшыраса да, сөз салған өзгелерге қарамай атастырылған жігітке адал болуы – қыз баланың үлкендердің айтқан бата тілегі мен махаббаттың биік сезім екендігін жоғары бағалауы. Жігіттің хабар-ошарсыздығынан үміті үзілген қыз айықпас дерттен көз жұмады.

Қыздың о дүниеге аттанып кеткенінен бейхабар, сенімді түрде үміттеніп келген Хэйжиге де қыздың өлімі қатты әсер беріп, кенеттен күйзеліске түсуінің салдарынан ақыл есінен айырылып, уақыт пен кеңістіктен тыс өзгеше әлемге (трансқа) тап болады. Сөздің (ойдың сыртқа шығуы) құдіретімен "Ертісті де кері ағызуға болатынындай, терең психикалық күйде жүрген Хэйжи бозбаланың көзіне қыздың ата-аналары кешқұрым қонақтан кеп арбадан түсіп жатқанда кіші қызынан бірдеме түсіп қалғандай көрінеді де, барып қараса балалық шақтағы қызыл белбеу боп шығады. Өйткені Хэйжи белбеудің қайтыс болған атастырылған қызының белінде қабірде екенін білмеуші еді. Сөйтіп Хэйжи белбеуді тауып алғандай сезімде болып, бұрынғы алаңсыз балалық шақта бірге ойнап, бірге өскен күндерін еске алып ерекше сезімге беріледі. Қолындағы шоқтай қызыл белбеудің құдіреті Хэйжи бозбала мен қыздың арасында беймәлім сиқырлы «байланыс» орнатты. Ал жігіт белбеудің жерлегенде қыздың беліне орап қалдырғаннан әлі де бейхабар екенін еске түсіре кетейік.

Эзотерика ғылымы бойынша, қайтқан адамның ең алдымен физикалық денесінде тіршілік белгісі тоқтайды да, 40 күнге дейін менталдық және астралдық денелері бойынан толық шығып үлгермейді. Сол себепті де қыз бен жігіттің арасында «байланыс» орнап, жігіт трансқа түкенін автордың әңгіме желісінен ұғуға болады. Әңгімеде автордың «жігіт асығып жетіп келгенде қыздың бір ай бұрын ғана дүниеден өткенін» нақты айтуы да сондықтан.

Қалың ой жетегіндегі Хэйжи сағына күткен қызымен космостық байланысы одан әрі жалғаса түсіп, (қыз да қатты сағыныш нәтижесінде сондай күйзелістен ауырып қайтқаны мәлім) бір айдай өңмен түстің арасындағыдай күй кешіп сүйген қызымен шынымен бірге жүргендей болды, қызыл белбеуді де өзімен бірге ұстап жүргендей болды! Осы тұста айта кететін нәрсе, жігіт «өзгеше әлемде» жүрген кезде кіші қыздың кешке таман оған барып: «Әпкемді ажал айдап әкетті. Мұнан өткен қасірет жоқ шығар. Мен бағана қызыл түсті белбеу түсіріп алыппын, соны сіз алған жоқсыз ба? Егер алған болсаңыз, сіз екеуіміздің бас қосуымыз тағдырдың маңдайға жазғаны болады. Сол себептен сізге келіп тұрған жайым бар. Өмір бойы бір бірімізге адал болуға ант-су ішісейік!» деп айтқаны, бұл тек жігіттің ойы ғана, шын мәнінде кіші қыздың ол жігітке бару туралы ойында да болмаған және бармаған да еді. Бұл кіші қыздың кейпіне еніп, елес боп келген үлкен қыз еді!

Осылайша, сүйген қызының жастайынан атастырылған жігітіне деген ақ адал, шынайы сезімі туған сіңлісін кепілдікке қоюға мәжбүр етеді. Қыздың жаны сіңлісінің кейпіне еніп, оны да апасы секілді ғашықтық дертке ұшыратып, беймәлім күйге түсіріп, ауруға ұшыратады. Қайтыс болған апасы "сіңлісі сүйген жігітіне қосылғанда ғана жаны жай табатынын, сонда ғана сіңлісі құлан таза айығатынын" сіңлісінің физикалық денесі арқылы өз дауысымен хабардар етті. Мұнан жігіттің ата-анасының баласына деген шын жүректерін жарып шыққан ақ ниетін, Алладан тілеген тілегін сіңірген қызыл белбеудің және атастырылған қыздың адал да тым тереңде жатқан сентименталды сезімінің құдіреттілігін танығандай боламыз.

Иә... махаббат сезіміне берік болу... Бұл бүгінгі таңда біздің жастарымызға да ең қажет нәрсе деп ойлаймын. Егер қандай да бір ісіміз биік махаббатпен орындалса, биік махаббатқа негізделген болса, бүгінгі күнгі қоғамдағы болып жатқан көптеген келеңсіз мәселелердің алдын алар ма едік... кім білсін?!

Жазушы Асаи Рёои бұл әңгімесінде кейіпкерлердің тек сырт бейнесін ғана суреттеп қоймай, олардың ішкі жан-дүниелері, мінез-құлықтары мен сезімдерін түрлі оқиғалар арқылы түсіндіруге көбірек мән берген.

Қазақ әдебиетінің тарихындағы асау тұлпар, үкілі домбыра, алты қанат киіз үйді ұлттық символдар деп қарасақ, жапон халқының да киімдерінде белге байлайтын белбеуі олардың ұлттық символы екені белгілі. Және өрік-шие ағаштарының гүлдеуі де (сакура) жапондықтар үшін керемет ұлттық мереке болып табылады және ол туралы жазбаған оны жырламаған жапон жазушысы жоқ деуге болады. Олай дейтінім, бастауыш сынып «Музыка» оқулығында да («Атамұра» баспасы, 2002) «Сакура» атты жапондық балалар әні болатын және оның қысқаша түсініктемесі бар еді. Әңгімеде қыздың өлер алдында сия сауытқа жазып кеткен бір шумақ ақтық өлеңінде «...таңғажайып көркем өрік ағашы!...» деп жазып қалдыруы да оның ішкі жан дүниесіндегі махаббат пен сағыныш сезімінің сакура гүлдеріндей тым нәзік болса да, «мен оған өте мықты болғанымды түсіне біл» дегені еді жігітке. Осындай символдық бейнелер қазіргі қазақ әдебиетінде де ұлттық сипат пен мінездің психикалық қырынан танылуына жағдай жасап жүргені белгілі.

Қыздың ата-анасы да бозбала Хэйжидің түбі қайта оралып келетінін білмей, белдікті қыз беліне тағып қалдыруы – “бәрі де осымен бітті” дегеннің белгісі еді. Алайда, сыйға берілген қызыл белбеудің алланың бұйрығымен Хейджидің қолына қайта оралғандай болғаны – бұл екі жастың ата-аналарының ақ батасының құдіретті күшінің шоқ қызыл белбеуді жігітке «қайта табыстырып» үмітті қайта жалғауға себеп қылғаны еді. Әңгімеде қызыл белбеудің құдіреті атастырылған қыз қайтыс болса да, бәрібір жігіттің бақытты болғандығын қалайтынын көріп білуімізге болады. Бата-тілектің (жақсы сөздің, жақсы ойдың) алатын орнының зор екендігін айтқысы келгендей автор. Қазақта да «жақсы сөз жарым ырыс», «батаменен ел көгерер...» деген нақыл сөздердің бар екенін ескере отырып, қай халықта болмасын адамдық қасиеттердің ортақ екендігін көруімізге болады. «Айтылған сөз – атылған оқ» деген мақалды көбінесе біреуді қатты сөзбен ренжітіп алғанда қолданып жатамыз, алайда осы әңгімеде автор «айтылған бата тілектің «атылған оқ секілді» көздеген мақсатына бәрібір жеткізгендігін» суреттеп жеткізгенін көруге болады.

Әңгімені оқу барысында белгілі болып отырған жапон халқының осындай қыз балаға құда түсу, белгі сый тарту секілді салттарына ұқсас, қазақ халқында да "атастыру", "бесік құда", "сырға салу" секілді ұлттық әдет-ғұрыптардың бары белгілі. Алайда "атастыру" мен "бесік құда" болу салттары бүгінде өткен тарихымыздың бір көрінісі ретінде өз салмағын жоя бастаған әдет-ғұрып. Халық арасында ұмытылып кетпесе де, оны соңына дейін орындап жататындары кем де кем. Ал ұл-қыздарымыз кәмелеттік жасқа толғанда "құда түсу" мен "сырға салу" дәстүрлері бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатырғаны қуантарлық жай болғанымен, асыра төкпе шығын шығарып жататын тұстары да бар.

Қазақ халқындағы «ырымдап сыйлық тарту», «бата беру» деген салттарға ұқсас жапондарда да ырым-жоралардың бар екенін әңгіме барысынан байқауға болады. Қазақ халқында да бата сөздердің мән-мағынасы, қадір-қасиеті айрықша бағалы. Ғылымда да ойлау мен сөздің құдіретінің адам өміріне тигізетін әсері зор екендігі дәлелденген.

Қорытындылай келе, жапондық жазушы Асаи Рёои «Шоқтай қызыл белбеу» атты әңгімесінде әрбір кейіпкердің көзге көрінбейтін құпия жан-дүниесін, ішкі сезімін, психикалық күйзелістерін ескере отырып, кейіпкерлерді толықтай тануымызға болатынын дәлелдеп берді. Кейіпкерлердің жан дүниесі әрбір оқырманның жан сарайына жететіндей көркем сөзбен өрнектей білді.

«Шоқ қызыл белбеу» әңгімесінің оқырмандардың қызыға оқитын шығармасы болары анық.

Алтынай Досанова,

педагогика ғылымдарының

кандидаты, доцент

Abai.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар