Сәбит Мұқанов шығармаларындағы өмір шындығы
Бөлісу:
«Өмірде болған оқиғаның бәрі кітапқа кіруге сұранып тұрады», – деген екен француз ақыны Малларме. Өзі көрген , сезінген, жүрегінің түбінен терең орын алған нәрселерінің бәрін маржандай етіп тізіп кітабына енгізген дүниеде екі жазушы болса, оның бірі Сәбит Мұқанов.
Сәбит – тарихшы, жазушы. Оның жазушылық тәжірибесін қадағалап қараған адамның қай-қайсысы болса да, бұл пікірге қол қоя алады. Жазушы қазақ қоғамының даму жолын, ондағы негізгі бетбұрыс кезеңдерді өз шығармаларында үлкен шыншылдықпен бейнелеп келді. Бірде дәуірдің оқиғаларына сүйене, бірде кітаптарын өмірде нақты болған адамдардың іс-әрекетіне құра отырып, ал халық өмірі дамуының бұлтарыссыз шындығын өз шығармашылығының өзекті тақырыбы етуде. «Адасқандар» болған оқиғаның ізімен жазылғанын білеміз. «Теміртас» та революциядан кейінгі ауылды советтендіру кезінің шындығын бейнелерлік нақты суреттерге бай. «Ботагөз» революциялық күрес тарихының айнасы. Жазушының бұдан кейінгі шығармаларын қарасақ та, олардан осы тарихи белгілерін мол табамыз. «Балуан Шолақ» пен «Аққан жұлдыз» тарихи болған адамдар, қазақ халқының ардагер ұлдары туралы шығармалар. «Өмір мектебі» мемуарлық үлгіде жазушының өзі бастан кешкен тарихи дамудың шындығын дәл суреттейді. Ал «Сырдария», «Тыңдағы толқындар» болса, совет адамдарының табиғатты игеру жолындағы күресінің нақты деректері негізінде жазылған. Әрқайсы әр дәуірдің шындығын көрсете отырып, осылардың бәрі жазушы шығармашылығында XIX ғасырдың орта тұсынан бастап, күні бүгінге дейін қазақ халқы бастан кешкен ұзақ дәуірдің үлкен эпопеялық шежіресін құрайды.
Осы бір тарихи шындыққа бай, дәуір тынысы кең қамтылған шығармаларға қажет материалдарды халық өмірі, оның қуанышы мен қайғысы, күресі берді. Сәбит Мұқанов өзі де сол халық ішінен, оның қиын да азапты тіршілігінің шыңырау түбінен қайнап шықты. Халық мұңын жүрегіне ұялатып, оның көз жасымен шер – шеменін ойына түйіп өсті. Бұл жағынан оның балалық шағы Джек Лондонға, Максим Горькийге ұқсайтын еді. Осы аталған екі ұлы жазушы сияқты бұл да үлкен өмір мектебінен өтті. Оның бәрі өміртану, бақыт іздеу жолы еді. Осы бір халық басынан кешкен азапты сапарды Сәбит «Өмір мектебі» атты үш томдық тарихи мемуарлық романына арқау етті.
«Өмір мектебі» кітабында бас кейіпкер автордың өзі, ол сондағы оқиғаларға белсене араласып отырады, замана жайында да толғаныс, тебіреністерін ортаға салады. Бұл кітап халық өмірін, түптеп тарта, асықпай-саспай кең қамтиды да, оның салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр құбылыстарын егжей-тегжейіне дейін дәл суреттеп отырады. Біздің көз алдымызда қырық жылғы бойғы уақыттың алуан түрлі қарбалас шиеленіс, қызу және қызық оқиғалары дәл бүгінгідей барлық әр – нәрімен туындап жатады.
Романның бірінші кітабында Сәбит Мұқанов революцияға дейінгі қазақ ауылындағы феодалдық-потриархалдық қарым-қатынастардың сонау тереңде жатқан түп-тамырларына дейін өте дәл және үлкен шыншылдықпен айқын ашық көрсетті, жан түршігерлік жоқшылық, теңсіздік, зорлық-зомбылықты, отаршылдар мен байлардың екі жақты қанауымен тепкісін нанымды суреттермен бейнелеп берді. Бірақ суреткер әлеуметтік әділетсіздіктің түп тамырын дәл басып, ашып көрсетіп қана қоймай,халықтың терең қойнауында, халықтың жомарт жанының қалтарыс құрышында жыл санап жиналып, қонысына сыймай сыртқа тепкен жаңа да жарқын күштерін көрегендікпен аңғарып, жеріне жеткізе сипаттай білді. Бұл арада көптеген оқиғаларға автордың өзі белсене араласып, көзімен көргені өмірбаяндық мемуарлық шығарманың сәтті шығуына айрықша ұтымды әсер етті. «Өмір мектебі» – аса дарынды, өзгеге ұқсамайтын өзіндік мәнері бар әңгімешіл ретінде автордың өзін-өзі дәл тапқан төл қасиет туындысы. Ол барлық оқиғаны өз атынан баяндау формасын да дұрыс таңдап алған, сондықтан да шығарма жемісі соншама нанымды, дәлелді болып өздігінен құйылып-төгіліп тұрады. Ауылдың жарлы-жақыбайларының қайнаған ортасынан шыққан, барлық ауыл кедейлерінің балалары сияқты, революцияға дейінгі жетімдік пен жоқшылықтың ауыр қасиетін басынан кешкен үлкен жазушының, қоғам қайраткерінің өмірі кітапта өз халқының бостандық пен қайта өрлеу үшін күрестегі тарихи жолымен табиғи жағынан қиюласып, астасып жатады.
Сәбит Мұқанов қоғамының барлық топтар өкілдерінің аса бай портрет голереясын жасады десек артық айтқандық болмас еді. Оның кітаптарында әсіресе халықтың өзі ішінен шыққан қарапайым адамдардың, ер көңілді, адал бейнетқорларды: аңшылар мен малшылардың, ұсталар мен ер-тұрман шеберлерінің, етікшілер мен тігіншілердің, зергерлер мен кілемшелердің –өз іскерлігін мақтан тұтатын және оның үстіне суырып-салма ақындығы мен ділмар шешендігі бар, әнші –жыршылығы бар алуан түрлі кәсіп иелерінің образдары өте-мөте тартымды шыққан. Мәселен, саяткер аңшы Ораз бен Аткелтірдің, жаны сұлу халық шеберлері Қабдол Хасеннің, Жабайдың, сондай-ақ дарынды домбырашы, ертегішілердің жарқын бейнелері ұмытылмай есте қалады. Жазушы басқа бір топты да ерекше сүйіспеншілікпен суреттейді. Олар- қазақтың революцияға дейінгі үркердей ғана демократияшыл интеллигенциясы. Баймағанбет Ізтолин, Спандияр Көбеев, Мырзағазы, Халит, Ғабит Мүсірепов. Баймағанбет Ізтолиннің бейнесі айрықша айқын, ерекше сүйіспеншілікпен суреттелген, әңгіме арқауына оның өлеңдерінің еніп отыруы да сәтті шешім болып шыққан. Жас ақын, халық мұғалімі Ізтолин революцияға дейінгі басқа да көптеген ауыл балалары секілді жас өспірім Сәбит Мұқановқа шын жаны ашып, қамқорлық жасайды. Ізтолин образы арқылы жазушы туған халқының бақыты мен бостандығы үшін күреске ұмтылған қазақтың интеллегенциясының алдыңғы қатарлы аз ғана тобының революцияға араласуын, онда атқарған рөлін нанымды сипаттады.
Сонымен қатар, осы романда әсіресе, оның ұлағатты ұлы адамдармен кездесуі, өзінің шығармашылық өсу жолы, қоғамдық, мемлекеттік қайраткер ретінде еліміздің игілігі үшін қызмет атқаруы, қаламгер достары, қазақ халқының белгілі өнер қайраткерлері жайлы сансыз сырлар шертіледі. Солардың ішінде Қажымұқан, Балуан Шолақ, Иманжүсіп сияқты күш аталары мен өнерді өрге бастыруда елге елеулі болған Иса Байзақов, Күләш Байсейітова, Ақмолалық атақты Ғазиз ақын, Әміре Қашаубаев сияқты өр тұлғалар да баршылық. Жазушы өз шығармасында бұл адамдардың есімдерін құрметпен атай отырып, олардың адамгершіліктері, өмірдегі өрен жүйріктігі жайлы жұртшылыққа толық мағлұматтар бере кеткен.
Жаңа өмір орнату, жаңа адамдар тәрбиелеп шығару, әрине оңайға түскен жоқ. Сәбит Мұқанов оны жақсы біледі және бұрылыс-бұлтарыстарының тігісін жатқызбай боямаға салмай-ақ, жаңа дүние орнату жолындағы күресте жеңістеріміз бен жетістіктеріміз үшін қаншама құрбандық бергенімізді бүкпей ашып айтады. Осыған орай турасын айту керек, «Өмір мектебі» – Қазақстандағы ең ауыр кезеңнің, ауыл шаруашылығында өрескел қателер жіберілген 1929-1932 жылдардың қайшылықтарын батыл да терең ашып көрсеткен қазақ әдебиетіндегі ең татымды, ең тұңғыш шығармалардың бірі. Жазушы бұл кезеңді партиялық тұрғыда байсалды ой елегінен өткізіп, ол туралы партиялық қаржымен, шын және әділ әңгімелейді. Нағыз халықтық сипатта жазылған бұл еңбегіне суреттелетін жайттардың бәрі де социолистік дәуірдің қым-қуыт қызу оқиғаларын бастан өткізген жауынгердің, коммунист жазушының көзімен суреттеледі, сондықтан да мұндағы айтылған әңгімелердің бәрі өзінің тарихи нақты шындығымен баурап алады, оқушыны тебірентіп, болған іске кәміл сендіреді, сонымен қатар оған эстетикалық ләззат беріп, заманымыздың ақиқат көркем шындығы жайлы деректерді молайта түседі. Жазушы өзі туралы, өзінің рушылдығымен оны жеңуі туралы, өзінің үйленуі, баласының туу туралы жазғанда да ақиқатқа қиянат жасамайды.
«Өмір мектебі» мемуарлы шығарма болғанымен, қазіргі дәуірімізбен үндесіп тұр. Ол тіпті өзінің балалық шағын баяндағанда да біз оның ақырына дейін ақылмен қорытқан, айқын позициясы бар осы заманғы үлкен жазушы екенін аңғарып отырамыз.
Қазақ әдебиетінде Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» атты трилогиясының айрықша мәні бар. Өйткені XX ғасырдағы қазақ халқының аумалы-төкпелі тағдыры, жаңа заманның адуында бейнесі көркем арнадан көрініп, эпопеялық сипатқа ие болады. Осы мәнді шығармаға байланыстыра бір жайды айрықша атап көрсеткен жөн. «Тура айтып, туғаныңа жақпайсың» дегендей, дүниеде шындықты айтудан, оны тарихта болған ірі тұлғалармен жанастыра айтудан қиыны жоқ. Себебі, ақиқат әрқашан ащы, ал оны көркем шығарма бетінен көре беруге ешкім де құмар емес. Сөз жүзінде құптағанмен, көңілде сызат қалып қояды. Сәбеңнің «Өмір мектебінде», әсіресе, оның үшінші томы «Есею жылдарында» болсын талай қайраткерлердің тарихтағы түр-келбеті, іс-әрекеті ашық айтылып, айқын суреттеледі. Оны өздері де, кейінгі ұрпақтары да тіксіне қабылдап, ұнамсыз болса сөзге қалдырып жатулары не сан. Сондықтан көркем шығарма деп жанға тимейтін әйтеуір біреулерді суреттеген шығармадан тарихи шындық негізінде жазылған туындылар дау-дамай тудырып жатады. Ал мұның өзі әдебиеттің әлеуметтік қызметін өсіре түсіріп, шығарманың өміршеңдігіне, жазушы пәрменділігіне жол ашады, ел алдындағы бағасын асыра түседі.
Сәбит Мұқанов шындық жолында күресе білді. Т. Кәкішев өзінің 1999 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарнамаланған мақаласында былай дейді: «Сәбит тағдырына қатты алаңдадым, оны кінәсіз, мінсіз,кемшіліксіз деп ешкім есептемейді. Өмір өткелінде өзінің демократтығынан, адамға жақындығынан Сәбеңе жететін жан жоқтығынан емес, осы әдетін толық сақтамағаннан таяқты көп жеген адамды табу да қиын. Тұла бойы қайшылыққа толы қайраткер араша түсу мақсатымен емес, бір сыр-сипатын тарихи шындық деңгейінде көрсетуді ойлап, көпшілік түгілі тіпті Сәбиттің өзі білмеген, жұрттың көзіне түсе қоймаған бір құжатты бір оқушыға таныстыруды қажет тауып отырмын, өйткені, ол өсек-аянның ішіне су құяды».
Сәбит Мұқановтың кім болғандығын, не тыңдырып кеткендігін, түсіндіремін деп арамтер болудың еш қажеті жоқ. Тарихи таразысына, уақыт құдіретіне кезіккен ұлы дарынның артында қалдырған мол мұрасының қазақ әдебиеті мен мәдениетінде қандай салмағы бар және өзі өмр сүрген заманның ең айбынды жаршысы болып жүргенде қоғамға қандай олжа салды, дүниетаным мейірімдерінен нені іріктеп алып, келешекке қалай жалғастыруға тиістіміз деген түбегейлі мәселелер төңірегінен ой өрбітіп, қорытынды жасаған жөн деп ойлаймын.
Қоғамдық өмір еш уақытта бір ізбен жүрмейді. Замана доңғалағы әрқашан жаңа арнамен ілгерілейді деген диалектика заңына ғана бағынғанда ғана ұлы қайраткерлердің қадіріне жетеміз, ардақтаймыз, мадақтаймыз. Сәбит Мұқанов осындай кемеңгердің қатарынан табылатын қайталанбас тұлға екеніне де дау жоқ. Сондықтан оның әлеуметтік – қоғамдық іс-әрекетіне, ұлылығын танытатын ел-жұртына рухани азық болған әдеби шығармашылығына құдіреті күшті уақыт бедерінен қарайық. Сонда ғана қазақ әдебиетіне қосқан орасан зор үлесі өзінен-өзі айқындалады.
Сәбит пенде ретінде адамға мейлінше үйірсек жан болатын. Еш адамды жатсынып, бөтенсініп көрмеген, үлкенмен де, кішімен де тең сөйлесіп, тіл таба білу жағынан да, жақынан да ойын жасырмай айтатын әдет Сәбеңнің күнделікті тірлігінде, жазған шығармаларында әсіресе «Өмір мектебі», оның үшінші томы «Есею жылдарында», әдебиеттің бүгінгі өкілдері жайында жазған мақалалары мен естеліктерінде тарихи шындықтың бетіне шіркеу түсірмей, ақиқатты ашық жазу, ұлы тұлғаның бақыты да, соры да болды деп ойлаймын.
Сол кезде болып жатқан саясатқа қоғамдағы тартысқа қарамастан шындықты бар бет пердесімен, ашық, өзгеріссіз мына отырған біз кейінгі ұрпаққа жеткізу менің ойымша, үлкен батырлық.
Ұлы дарынның өнегелі де, жемісті жолына шолу жасап, Сәбит Мұқанов қазақ совет әдебиетінің негізін қаласқан, оның өркендеуі үшін орасан еңбек сіңірген аса көрнекті сөз шебері, ел еңбекшілерінің бүгінгі өмірінен, ой-арманынан нәр тауып, шабыттана жырлаған азамат ақын, дәуір шындығын көркемдік деңгейде суреттеген халықтық жазушы, сахна өнерінің өркендеуіне үлес қосқан драматург, әдебиеттану ғылымын өрге сүйреген жауынгер, парасатты оқымысты болғанына көзіміз жетті деп ойлаймын.
Ақерке Оразбайқызы
Материал sc0015.kokshetau.akmoedu.kz сайтынан алынды
Бөлісу: