«Ұлы даланың ұлы ақыны» көрмесі Астанада

Бөлісу:

21.05.2018 6814

17 мамырда Астана қаласында Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің ұйымдастыруымен Қолжазбалар мен сирек кітаптар Ұлттық орталығында хәкім Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлы даланың ұлы ақыны» көрмесі ашылды.


Көрме Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында және 18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай ұйымдастырылып отыр. Аталмыш іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, мәдениет және қоғам қайраткерлері, студенттер, Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты.


Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысы Қуатжан Серікқазыұлы Абай есімі, Абай поэзиясы, Абайдың философиялық қара сөздері – қазақ халқының ұлттық санасының оянып қана қоймай, рухани қайта жаңғыруында, қоғамның өркениеттілікке ұмтылуында айрықша орын алатын алтын діңгек екенін атап өтті.


Сонымен қатар, шараның құрметті қонақтары Қазақстан Республикасы Ұлттық Архивінің директоры Жангелді Меңлібайұлы, Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің Кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддин, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбекұлы сөз сөйлеп, көрмені тамашалауға келген меймандарға алғысын білдірді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің ұстазы, дәстүрлі әнші Гүлмира Сарина Абай әндерін орындады.

Хәкім Абайдың өмірі мен шығармашылығынан, қоғамдық қызметінен сыр шертетін көрме Астана жұртшылығына құнды деректер мен жәдігерлерді ұсынып отыр. Көрмеден Абай оқыған медресе кітаптарын, Абайдың өлкетану музейіне өз қолымен тапсырған құнды заттарды, Абайдың ұлы Мағауияға жазған хатын, әкесі Құнанбай қажының тақиясын, Абайдың нағашы атасы Тұрпанның ер-тоқымын, Шәкәрімнің шоқпары мен саптыаяғын, Тобықты елінде кең тараған үш ішекті домбыраны тамашалауға болады.

«Ұлы даланың Ұлы ақыны» көрмесі 2018 жылдың 25 маусымына дейін қызмет көрсететін болады.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
қорық-музейінің баспасөз қызметі

Бөлісу:

Көп оқылғандар