Динара Мәлік: Жер-Ана сөйлеп тұрды сағынышпен
Бөлісу:
Балалығым - үйімде еркелейді,
Даналығым - сөйлеуге ерте дейді.
Бұл қала құшағыма кіріп алып,
Өзің болып өппейді, өртемейді.
Өзің құсап сүюге сескенеді,
Сенім серті бұл жақтан көшкен еді.
Мен егер сүйіп қалсам жат біреуді,
Даланың киесіндей кешпе мені!
Жүрекке жүрмесе де бұл -әмірім,
Шыдам боп, шың үстінен сына Күнім!
Желменен домалайды жалғыз басым,
Жанымның сая болар сыңары кім?
Барымды шашып алдым бір адамға,
Сезімде суыт келіп сынаған ба?
Өмірдей ойлануға дәрменім жоқ,
Әйел боп әлеміңді ұға алам ба?
***
Ерекше көңілдімін,
Алтын түске бояды көгімді кім?
Күтпеген сый көрердей күмілжимін,
Келетін кезің бе еді сенің бүгін?
Ауамен тілдесемін,
Жыр жазуға асығам түнде несін?
Дала мені құшады әлсін-әлсін,
Кешір енді... жалғыздық күндемесін!
Сен бардай назданамын,
Саған жетер бірінші жазған әнім.
Мен сыйлаған бақыттың бәрін сезін,
Сен сыйлаған жетеді аз ғана мұң.
Ақ қардай алып-ұштым,
Сырын ұққым келді ме сағыныштың.
Қауырсын қанатымнан қалам жасап,
Жұп-жұмсақ жерге түсіп жаңылыстым.
Ал, бүгін қуанамын,
Жанын жайған шыршалар куә, жаным!
Адам болып жүргенім қандай бақыт,
Ақ қар болып қайтадан туа аламын!
Диалог
- Қара жер алшы мені құшағыңа,
Пенде ғана пендені құшады ма!
Күлкімді көз жасыма құйып алдым,
Күбірлер аяғымды тұсады да.
Қара жер саған ғана сыңар едім,
Адамдарға аярлы сұрақ едім.
Өзің ғана көтеріп бар күнәмді,
Өзің ғана табасың бір-ақ емін!
Жер-Ана тапшы менің қалауымды,
Қара түн жасырады қаламымды.
Ақ қағаз менде сендей аппақ едім,
Бақытым қайда қалды бала күнгі?
Әлдименен тербетпес бесігіңді,
Өмірдің сүйрейді екен көші кімді?
Сенен ғана көре алам кеңшілікті,
Сенен ғана сұраймын кешірімді.
Қара жер қабағыңнан айналайын,
Топырақ боп төсіңде ойланайын.
Жұлдыздар жыр түсінсе жетер маған,
Жібектей сәулесіне жалғанайын!
Қара жер бұршы маған назарыңды,
Сенде жатып естиін ғажап үнді.
Құшағыңнан тарыдай орын сыйла,
Тастап кетем тіршілік тозағымды!
- Тамшы боп жанарыма түнегесін,
Жан едің ғой қарағым білер есін.
Құрсағына сиғансың тар өмірдің,
Анаң байғұс арыңды тілегісін.
Алла білер ақсың ба қарамысың,
Сен де бір Ақжауынның жанарысың.
Тамшыны жел әкетер бағытымен,
Өмірің қайда ұзап барады шын?
Өмір саған келмеген күйік үшін,
Сенде бір топырақтың түйірісің.
Мен үшін көп күнәнің біреуісің,
Аспан үшін арманның биігісің!
Қанша рет қан кұйылды жүрегіме,
Пенде біткен күйімді тіледі ме?
Жапырақтар құлайды мезгілімен,
Қара жердің қадірін біледі де…
Ием маған сыйлаған кеңшілігін,
Адам маған қимайды бір шыбынын.
Жүрегіме сәжделер жайылады,
Аллаға аманаттап құлшылығын.
Мен солай бар күнәмен қоштасамын,
Таңертең таңмен бірге басқашамын.
Кең болу сүю екен – Жаратқанды,
Аппақ аппақ тілекпен астасамын.
Кеше емес пе үмітпен түлегенің?
Бұл қалай күдікпенен жүдегенің?
Сендегі сағынышты басу үшін-
Мендегі сабырлықты тілер едім.
Түнерсең мен де бірге түнеремін,
Тыныштыққа қонатын тілек едім.
Сендегі өкінішті өртеу үшін -
Мендегі мейірімді тілер едім.
Бақытқа бастар жолды өткел етіп,
Өмір сені жүр ме екен өкпелетіп?!
Жанарымнан бір тал гүл үзіп ал да,
Шашыңа тағып алшы көктем етіп!
P.S.
Жер-Ана сөйлеп тұрды сағынышпен,
Көкпенен Жерге ғана бағынышты ем.
Жасымды жұтып алдым, күліп тұрып,
…Өртеніп кетер ме екем жанып іштен…
***
Мен гүлмін ғой,
Су құйып жүрші сезіммен.
Мен Күнмін ғой,
Көрініп тұрам көзіңнен.
Мен желмін ғой,
Алдыңнан шығам ұмтылып.
«Сағындым» дедің келдім ғой,
Жүрекпен бірге ынтығып.
Мен жыр екем,
Жазылмай жүрген түндерде.
Сүйген бір шақта тірі екем,
Сезініп сен де көрдің бе ?
Мен жас екем,
Жан адам оны көрмейтін.
Өмір дегенің осы екен...
Жанарға симай сырғитын.
***
Сағынып жүрмін,
Сағынбай қалу мүмкін бе?
Тамшылап жиған тағдырым кетті күлкіңде.
Сағынышыма даланың өзін сендіріп,
Келмейсің неге бір күнге?
Сағынып жүрмін,
Бұл дертке қалай шыдаймын?
Заңдылық шығар,
Қосылмауы да Күн Айдың.
Сен жүрген жерге табаным тиген талай рет,
Сенсіз-ақ елге ұнаймын...
Азабың шығар...
сыйғыза алмайтын сөзге де,
Қазанда туып қайғыра алмадым Күзге де...
Сағыныштың да бояуы қалар бұлыңғыр
Сағынбай қалсаң, іздеме!
***
Хабарсыз қалғаның не қамықтырып,
Жанымды жіберсеңші Жарық қылып.
Сен мені жалғыздықпен жазалайсың,
Күйімді көлеңкеде бағып тұрып.
Хабарсыз қалғаның не тiршiлiгiм?
мен әлі күтіп жүрмін білші күнім.
Қандай қиын, гүлдердің қурағаны,
Қандай жақсы, естіген гүл сыбырын!
Хабарсыз қалғаның не аңсағаным,
күндерді сенсіз қалай тауса аламын?
Өн бойыңды өлең боп жылытайын,
Көктемде Күн астында тоңса жаның....
...Сағаттар жылжып жатыр үндемедің,
«Менсіз-ақ бақытты боп жүр» демегін.
Өртенуге жаралған өмір мынау,
Сағынуға жаралған түн дегенің...
***
Тағдырыма жазсам ба екен арызды,
Жоғалттым деп, аяулымды жаны ізгі...
Басым, кеудем, жүрегім де Құдай-ау,
Менікі емес тәрізді...
Көздерімнен мұң ауырлап кеткендей,
Сөздерімнің құны жерге шөккендей.
Сүре алатын адам көп қой өмірді,
Сүйе алатын жан жоқ деп ем тек мендей!
Жаратқанға ауыр өпке айта алмай,
Сені сүйген жар жолымнан қайта алмай...
Тыныш ұйықтап жүр ме екенсің түндерде,
Жер үстінде қалай жүрсің шайқалмай!
Үнсіздігім шексіздікке тығылып,
Түн ішінен тағы шықтым тіріліп.
Жанарымнан жылап түскен сағыныш,
Кірпігіңе қалды ме екен ілініп...
Әлде оны жүр ме екенсің жасырып,
Құлатуға, ұмытуға асығып.
Екеумізді бір адамбыз деп жүргем,
Қай қиырда қалдық екен шашылып..
Бөлісу: