М. Жолдасбековтің күнделігінен үзік сыр
Бөлісу:
25.05.2013
Менің ауылымда Қорабайұлы Жолдас дейтін ағамыз болды. Дүкен ұстаған ұста еді. Шебер болатын. Кірпияздау кісі еді. Көп сөйлемейтін. Ол кісінің көрігін қыздырғанды әуес көруші едік. Арбаның (сатылы, жәшікті, жайдақ) неше түрін жасай беретін. Балта, шот, кетпен, айыр, қалақ көсеу, шымшуыр көсеу, т.б. тіршілікке не керек, соның бәрін жасаушы еді. Әулие тұтып, бала таппаған әйелдер, ауруға шалдыққан кісілер ол кісінің көрігіне түнейтін. Жай жүретін, баяу сөйлейтін, дауыс көтермейтін, кірпияздау кісі еді. Артық сөйлегендерді жақтырмайтын.
Әйелі Қамқа деген жеңгеміз саңырау, айқайлап, саудырлап сөйлейтін. Айқайлап сөйлейтіні сонша үйді азан-қазан қылып басына көтеретін. Үлкен ұлының аты Төлеген, бізбен қатар еді. Жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, кескін-келбеті әкесінен аумайтын. Одан кейінгісі Базарбай. Базарбайдан кейін екі қабат кезінде тағы да ұл туамын, оның атын Сансызбай қоямын деп айқайлап жүретін. Ұл туды, Сансызбай қойды. Одан кейін тағы ұл туамын, атын Шегебай қоямын деп жүрді. Солай болды. Ең соңында енді қыз туамын, атын Жібек қоямын деп жүрді. Айтқаны келіп, қыз туды, атын Қызжібек қойды. Осы Қызжібегі – бүгінде елге белгілі әнші Мейрамбек Беспаевтың шешесі.
Жеңгеміз Қамқа сақау еді. Сансызбайды Тансызбай, ұстаны тұтта деуші еді жарықтық. Болыстың қызы, ақкөңіл, кісіге зияны жоқ адам еді, содан дама, әйтеуір, Алла сол кісінің аузына салғанын беріп отырды. Аюдай ақырып жүргенмен, перзент көрмеген кісілер де болды ауылда. Алланың ісіне шара бар ма?
Жолдас ағамыз өзі момын болғанмен, балалары өнерлі болды. Сансызбайы дәрігер еді, қалғаны бүгінгі ұрпағына дейін қолына домбыра алып ән салады. Мейрамбектің өз ата жұрты да өнерден құралақан емес қой, десе де, «үйдің жақсысысы ағашынан, жігіттің жақсысысы нағашысынан» демекші, Мейрамбектің өнері алдымен нағашы жұртынан ба деп ойлаймын...
жалғасы бар...
Бөлісу: