«Алтын тұғыр – 2018» жинағы жарық көрді
Бөлісу:
Бүгін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұйымдастыруымен Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Алтын тұғыр – 2018» III томдық әдеби жинағының тұсаукесер салтанаты өтті. Жинаққа былтыр «Ауыл» партиясы және «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» интернет-жобасы бірлесіп ұйымдастырған «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби онлайн конкурсына қатысқан 213 қаламгердің шығармалары «поэзия, проза, драма» жанрлары бойынша топтастырылып, енгізілген.
Әдеби жинақтың тұсаукесер салтанатына ҚР Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, драматургтер, конкурстың 2017 жылғы жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты.
Жиын тізгінін алған «Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев: «Әдеби конкурсқа қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді. Әсіресе жас қаламгерлердің қызығушылығы аса жоғары болуы қуантарлық жайт. Конкурстың ережесінде көрсетілгендей, мақсатымыз – қаламгерлерді ауылдың рухани өмірін, тыныс-тіршілігін, ауылда жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық процестерді суреттеуге ынталандыру, ауыл құндылықтарын насихаттау, ақындар мен жазушыларды қолдау және шығармашылығын дамыту, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосу. «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби конкурсы толыққанды онлайн байқауға айналды деуге негіз бар. Бұл тұрғыда өздерінің ақпараттық алаңын ұсынып, конкурстың кең ауқымды аудиторияны қамту үшін техникалық мүмкіндіктерді беріп отырған «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» интернет-жобасының ұжымына алғысымызды білдіреміз. Жыл сайын әр жанр бойынша келіп түскен шығармалар топтамасын үш томдық жинақ етіп басып шығаруды да дәстүрге айналдырдық», – деп атап өтті.
Сондай-ақ, «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» интернет-жобасының Бас редакторы м.а. Олжас Уалиханұлы: «Ауыл» халықтық демоктариялық партиясы мен біздің порталдың бірлескен жобасының биылғы ерекшеліктері бар. Соның ішінде 18 жасқа толмаған жеткіншектерге арналған «Эссе жазып үйренейік» жобасын тілге тиек еткен жөн. Бұл жобаның басты мақсаты – қалада тұратын, бірақ түбі ауылдан шыққан тұлғалардың ұрпақтары, немерелері, ұлдары өздерінің ауылдары туралы толғанып, шығармалар жазса деген ұсынысымыз бар. Жылдың соңында үздік деп танылған шығармалар «Қазконтент» АҚ басшылығы атынан бағалы сыйлықтармен марапатталады. Жалпы, онлайн форматта бұл байқау белсенді түрде насихатталып жатыр», - деді.
Одан кейін қазылар алқасының төрағасы, Мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлы ауылдың маңыздылығын, ұлттық кодымыз – ауылда жатқанын атап өтсе, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Құрманжанұлы: «Ауылдың алтын тұғыр болатын себебі – елдің тең жартысы ауылда, осы тұрғыдан алып қарағанда «Алтын тұғыр» деген атауға сәйкес келеді. Өйткені бұл жай ғана сөз тіркесі емес. Ойланып, толғанып қойылған атына заты сай сөз тіркесі», – деп өз пікірін білдірді.
Ал танымал айтыскер Аманжол Әлтай болса: «Әрбір қазақ баласы ауылын сүюі керек. Біздің генафонымыздағы ғасырлар бойы жинақтаған қасиетінің барлығы осы ауылдан бастау алады. Әлемдік руханиятқа олжа салған ұлы тұлғалардың барлығы сол ауылдағы боз жусанның жұпарын иіскеп, қазақтың қарапайым қараша үйінде ер жеткен ұл-қыздар еді. Сондықтан ауыл тақырыбындағы шығармаларды жинақтап, үш томдықтың ішіне сыйғызып, біздің ауылдың бейнесін, ауылдың образын оқырман қауымға жеткізіп жатқандарыңыз – бұл халыққа, ұлтқа деген үлкен жанашырлық», - деді.
Әдеби жинақтың биылғы тиражы 1000 дана. Кітап «Ауыл» партиясының аймақтардағы филиалдары арқылы еліміздің түкпір-түкіріндегі кітапханаларға таратылмақ.
«Ауылым – алтын тұғырым» әдеби онлайн-конкурсы биыл да өз жалғасын тапқанын еске сала кетейік. Қаламгерлердің шығармалары adebiportal.kz порталында онлайн түрде қабылдануда. Биылғы конкурстың қорытындысы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шығарылатын болады. Дарынды қаламгерлеріміздің ауыл тақырыбындағы тың туындылары қазіргі әдебиетіміздің қорына қомақты үлес болып қосыларына семіміз мол.
Біржан АХМЕР
(Фото: Артем Чурсинов)
Бөлісу: