Бала тілін түсінген ақын
Бөлісу:
Ернұр Сейдахметтің шығармашылығы туралы бірер сөз
Балалар әдебиеті деген өзінше бір қызық әлем бар. Осы бір қызыққа кіру, жалпы балаға арнап шығарма жазу оңай ма?! Бір қарағанда, бір шумақ өлеңді жазу оңай сияқты көрінгенімен, балаға арнап шығарма жазу – қиынның қиын ісі. Осынау қиын әрі жауапты салаға соңғы жылдары бірқатар жаңа авторлар келіп қосылды. Болашағынан зор үміт күттіретін, балалар әдебиетіне арналған «Дарабоз», «Балауса», «Астана – Бәйтерек» конкурстары арқылы танылған әдебиеттегі жаңа есімнің бірі – жезқазғандық Ернұр Сейдахмет.
Ернұр Сейдахмет 1984 жылдың 13 қарашасында дүниеге келген. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «инженер-технолог» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда «Қазақмыс» корпорациясының қызметкері. Инженерлік жұмысынан қолы қалт еткенде балаларға арналған жүрек сөзін қағазға түсіреді. Домна пештер мен өндіріс ортасындағы қызу тіршілік арасында жүріп, балалар әлеміне үңілген инженер-ақын қаламынан «Қашан үлкен боламын?» (2010), «Тентек доп» (2012), «Күлші, кәне, балақай!» (2014) атты өлеңдер жинағы жарық көрді.
Ернұрдың шығармашылық әлемімен таныса келе, оның балажан екенін аңғарасыз. Оның қай өлеңін алсаңыз да бала психологиясының қыр-сырын терең меңгергенін байқауға болады. Ақын өлеңдерін оқи отырып, көз алдыңызға көбелек қуып, асыр салып жүрген балдырғандардың бейнесі келеді де тұрады. Меніңше, бұл оның шығармашылық шеберлігі болса керек. Балалар әдебиетінің қызығы сол – тақырыбыңды игеру мен бала тілін түсіну, оның ойы мен мінезін түйсіну. Бұл жағынан келгенде, біздің Ернұр өз тақырыбының кілтін тапқан автор болып саналады. Өйткені оның жан-жүрегі де, тілі мен ойы да сәбидікіндей мөп-мөлдір!
1 маусым – балалар күні. Дәл осы мереке күнінде балаларға арнап шығармалар жазып жүрген авторымыз Ернұр Сейдахметтің шығармашылығы туралы пікір білдіруді ниет еттік. Ақынның 2012 жылы шыққан «Тентек добы» жас оқырманның қызығушылығын бірден өзіне аудартты. Бұл кітапта берілген өлеңдер мазмұны жағынан тәрбиелік мәнге ие, өнегеге толы. Автор мектеп жасына дейінгі балалардың бойына жақсы қасиеттерді дарытып, әдептілікті үйретудің ұтымды жолы тілге жеңіл әрі қызықты өлеңдер жаттату деп есептейді. Бұл ретте жас оқырманға «Тентек доп» жинағындағы өлеңдер мен аудармалар көмек болатыны анық.
Жинақтағы өлеңдер сан алуан тақырыпта жазылған. Мәселен, бірінші бөлімде берілген өлеңдер ұқыптылық, тазалық; әдептілік, қамқорлық, жомарттық, үлкенге құрмет көрсету; жыл мезгілдері, табиғат құбылыстары, жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемі; достық туралы; туыстық атаулар; тұрмыстық құрал-жабдықтар; ұлттық аспаптар сияқты көптеген тақырыптарды қамтыған. Мәселен, «Домбыра мен бесік» өлеңі ұлтымыздың дүниетанымын көрсететін екі қастерлі ұғымның мән-мағынасын ашу мақсатында жазылған:
«Жаматпады тесігін,
Қайғы бұлты бұршақтап.
Көшті бабам бесігін,
Домбырасын құшақтап.
Іздеп жұмақ есігін,
Жүгінді ел данаға.
Тастамады бесігін,
Домбырасын далаға.
Текке құмдай көшіп пе,
Үміт артып сенімге.
Қалды белгі бесік пен
Домбыраның ішегінде»
Көшпелі өмір салтын ұстанған халқымыз домбыра мен бесікті ерекше кие тұтып, ұлт болмысын сақтаған құндылық деп таныған. Бұл өлең арқылы баланың бойында ұлтына, жеріне деген сүйіспеншілік сезімі оянады, тарихына деген құрмет байқалады.
Екінші бөлімде Эмма Мошковская, Ирина Токмакова, Сергей Михалков, Борис Заходер, В.Лифшиц және т.б. авторлар шығармаларының аудармасы берілген. Тақырыбы жағынан аударма өлеңдер қызықты әрі тағылымға толы. Бұл бөлімде еңбек ету, жалқау болмау, жақсылық жасау, анаға сыйлық беру, білім алу, достарды құрметтеу, тазалықты сақтау сияқты мазмұндағы өлеңдер ұсынылған. Мысалы, В.Лифщиц деген автордың өлеңі әр нәрсенің мәнін ұғуға, қадірін түсінуге, еңбек етуге баулиды. Бұл бала санасының сергек болып жетілуіне ықпал ететіні белгілі. Өмірдегі адам қолымен жасалған әр заттың еңбек арқылы келетінін оқырманға түсіндіреді:
Ұйықтайтын кереует,
Отыратын орындық,
Бәрі-бәрі керемет!
Шана.
Шаңғы.
Бәтеңке.
Доп.
Шанышқы.
Ас қасық.
Ожау.
Оқтау.
Тәрелке.
Тағы-тағы басқасы...
Қәнеки, кім ойланды?
Кірпіш қайтіп қаланды?
Күнде өзіміз жазатын
Кім жасады қаламды?
Нан ше, пеште пісті ме?
Әлде көктен түсті ме?
Айтшы, достар, еңбек пен
Маңдай терден күшті не?
Біз де еңбек етеміз!
Жарық күнге жетеміз!
«Қарлығаш» әуен, балғын саз
Жуырда композитор, ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әліби Әбдінұров пен ақын Ернұр Сейдахметтің шығармашылығы негізінде «Қарлығаш» деп аталатын балаларға арналған ән жинағы жарық көрді.
«Қарлығаш» атты балаларға арналған әндер жинағында ұсынылған ән мәтіндері бүлдіршіндер тіліне жеңіл әрі танымына сай етіп жазылады. Ән мәтіндерінің тақырыбы балалардың таным көкжиегін кеңейтуге, бойында тәрбие мен үлгілі мінезді, әдеп пен ұқыптылықты қалыптастыруға көмек болатыны анық. Жинақтағы мәтіндерді былайша жіктеуге болады: баланың жеке тұлғалық қасиеттерін анықтау, ой-өрісін дамыту, тәрбие мен тәртіпке баулу мақсатында жазылған әндер: «Көрінемін биіктен», «Балабақшада», «Кім болам», «Әткеншек бар менде», «Тентек доп»; балаға қоршаған орта, табиғат құбылыстары, жыл мезгілдерін үйретуге жәрдемдесетін әндер: «Қар жауғанда», «Қарлығаш», «Торғай», «Қар атаулары», «Аяз», «Әтеш», «Аққала», «Алма», «Асқабақ», «Қауын». Ал «Бесік» жыры өлеңі жас аналар үшін тағылымды көмекші құрал ретінде қызмет ете алады.
Бұл әндер бөбектерге лайықты етіп шығарылған. Тілі жатық, қызықты әндер мектепке дейінгі және бастауыш сыныпта оқитын балалардың сөйлеу дағдысын дамытуға, қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды жылдам тануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар автор ән мәтіндерінде ұлттық мінезді, құндылықтарымызды ұлықтауға көңіл аударған. Осы ерекшелік арқылы бала санасына сапалы әрі мәнді дүниелерді сіңіруді көздеген. Мәселен, «Көрінемін биіктен» әні бала қиялын ұшқыр, арманшыл болуға тәрбиелеп, биік мақсатқа ұмтылу идеясын алға тартады. Қаныш, Тұманбай, Бауыржан, Тоқтар, Бекзат сияқты ұлтымыздың ардақты азаматтарын өнеге етіп таңдаудағы мақсаты – баланың үлгі тұтатын тұлғасын таңдап, соған еліктеп өзінің бойында жақсы қасиеттерді дамытуға құлшынысын арттыру.
Бала мектеп табалдырығын аттамас бұрын қоршаған әлем құбылыстарын танып білуге талпынады. Сол себептен жан-жануарлар, өсімдіктер, аспан денелері туралы мәліметті оңай әрі мағыналы сөздермен түсіндірудің маңызы зор. Мысалы, «Қарлығаш» әнінде қазақ танымындағы адамға құт-береке әкелетін, жаңбырды ескертетін құс – қарлығаштың киесін төмендегідей суреттейді:
Жауатынын жаңбырдың,
Төмен ұшсаң білемін.
Суарса бұлт ой-қырды,
Жайқалады гүл, егін.
Шын көңілмен достыққа,
Құшағын кең ашады ер.
Таяу ұшпа мысыққа,
Маған жақын ұша бер.
Жем берейін ұнаса ал,
Дейсің бе сен «қарным аш».
Біздің үйге ұя сал,
Ұшып кел де, қарлығаш.
Аталмыш ән жинақтың бала тәрбиелеу ісінде ата-аналар мен ұстаздарға көмекші бола алатын тағылымды құрал екені сөзсіз. Бүлдіршіндер ән айту арқылы бос уақытын пайдалы әрі қызықты іспен өткізу мүмкіндігіне ие бола алады. Балалардың сөздерді дұрыс айтуға, тілін жетілдіруге де көмек тигізеді. Ән жинағындағы мәтіндерді балалар мерекелік іс-шараларға, сайыстарға қатысқанда да жатқа айтуға болады.
Сөз соңында өмірін балалар әдебиетімен байланыстырған Ернұрдай талантты ақынның шығармашылығына шалқар шабыт, деніне саулық тілей отырып, әрқашан жас оқырманды жаңа жырларымен қуантып жүре бер демекпіз!
PS: Бүгінгі балалар әдебиетінің ең жас өкілдерінің бірегейі, ақын – аудармашы Ернұр Сейдахмет үш жеке жинақтың, бір ұжымдық ән жинағының авторы болып отыр. Оның үстіне, Алматы, Астана сияқты үлкен шаһарда емес, жырақтағы Жезқазғанда жүрген талапты ақынның шығармашылығын қолдап, оны мүшелікке қабылдау – жаңа құрамы бекітілген Жазушылар одағының міндеті деп ойлаймыз.
Жарқын Әлі
Бөлісу: