Баспаққа байланысты байламдар

Бөлісу:

09.06.2018 9893

Абайда астарлы сөздер көп. Қарапайым оқырман түгілі, небір ғалымдар да шешімін таппай, жауабын іздеп жатады. Сондай жұмбақ болып келе жатқан жұмбақтардың бірі – «Байы – баспақ, биі – саспақ» деген сөзі.

Бұл сөз төңірегінде абайтанушы, алаштанушы, мұхтартанушы ғалым Тұрсын аға Құдакелдіұлы өзінің болжамдарын ортаға былайша салған болатын:

«Бұрын – «баспақ» дегенді қорғаншақ, аямшақ, шешімсіз деп түсінетінмін.

Сөздің түпкі негізін іздесек, ол былайша екен: Баспақ – қара мал атауы. Екіншіден, сиырдың екі бақайының арасына шығатын кесепатты жұқпалы бөрткен. Мал аяғын баса алмай, баспақтап қалады. Ақыры асқына келе еті қарайып, қанталап, арам қатады. Сонда Абай өзіне де, еліне де пайдасы жоқ, тәуекелсіз, қорғаншақ, ақыры «сабылатын малды» «айтты – көндім, алды – бердімге» салып отырған шарасыз байды мекзеп отыр ма?

Нағашым Серік Қоспақұлының пайымдауынша: баспақ деген – аттың терісінен жасалған, ауызы бүрілген шөншікті айтады. Байлар өзінің қолына түскен құнды бұйымды соның ішіне баспалап, нығарлап сала береді. Ырысым шашылады деп ырым етіп, оны ашпайды. Кейін не тыққанын ұмытып та қалады. Сараң байлар өлген соң ғана әлгі баспақты тіліп ашады. Абайдың мекзеп отырғаны осы баспақ, яғни, сараңдық болуы да мүмкін.

Қош, баспақ мұнымен де таусылмайды. Аманжан ақынның айтуынша: баспақ – деген саулыққа семіздіктен келетін дерт екен. Көктемде күйлі саулықтардың іш майы іштегі төлге оратылып, бунақталып қалатын көрінеді. Сөйтіп, семіздіктің кесірінен саулық та, төл де шығасыға, бос расуаға жатады. Абайдың меңзегені осы, байлығынан да не өзіне, не елге пайда жоқ. Сондықтан да, «еш көмектің, босқа әлектің орны жоқ» деп отырғаны анық.

Ал біз осының қайсысына иланамыз? Қалай десек те, баспақтың беті ашылды. Әйтеуір, туытында тұншыққан тұмса байлықты меңзеп, астарлап айтады екен».

(Т.Жұртбай. «Күйесің, жүрек... сүйесің!», Алматы қаласы, «Қайнар» баспасы, 2009 жыл, 392-393-беттер).

Біз де осы сөз төңірегінде ойымызды айтсақ деген ниеттеміз.

Баспақ - басуға байланысты шыққан сөз екендігі белгілі. Қазақта «Басшысы жоқ – баспақ» деген сөз бар. Сөз астары – жөн айтар, жол нұсқар әділ басшыға жарымаған елдің аяққа таптаулы хәлін сипаттап тұр. Ал бұл сөздің түп төркіні – бұрынғы өгіздің, не тайыншаның басының терісінен жасалған шәркейден (тапочка) шығып отырса керек...

Яғни Абай да бұл жерде осындай ұғым бойынша алып отыр деп ойлаймыз. Абай:

«Кедейі – ер,

Кеселі – зор,

Малды байдан сорлы жоқ», - деп неге айтты дейсіз? Себебі, байдың малы ұры мен бидің азығы.

«Айтты – көндім,

Алды – бердім,

Енді өкіндім, өзіме аз», - деп жыларман болады бай. Неге? Мұнда – бидің, басшының рөлі сөз болып тұр емес пе. «Пәле шақырғыштардың», «мал сұрасқыштардың» араны – апандай. Олар бай берсе – қолынан сұрап алады, бермесе – жолынан ұрлап алады. Бай биге барады жалынып. Малын даулап. «Жарымадық жақсыға бір іргелі» (Абай) деп санын соғатыны сондықтан.

Осылайша амалы жоқ көнбіс байды ұры мен басшылар қатар еміп отырады. Бұлар сол – «әулекі аспақ сыпыра қулар». Осыған көнген бейшара байлар «баспақ» болмағанда не болады?! «Басқа түссе – баспақшыл болады». Байдың құқығы – табанға таптаулы. Дауы – аяқсыз қалады. Ол – сауын сиыр сияқты. «Байды жаулап жетісерлердің» айыбын би де олардың мойындарына қойып бере алмайды.

Бұл жерде:

«Аққа тартқан,

Жөнге қайтқан,

Ақыл айтқан бенде жоқ».

Керісінше, әділ төрелік айтуға тиісті мұндай дауда – бидің екі жақтан да алатын «өз үлесі» бар. Бидің – саспақ болатыны содан.

«Ел қағынды, мал сабылды, ұрлық, өтірік гу де гу» мұндай істі әділдікті жатқар би жоқ, екі тараптан да пара жегіш бидің қорқау бейнесін ашып береді Абай. Сондықтан да не былай, не былай дей алмай отырған бидің хәлі – саспақ күйде.

Сондай-ақ, Абай «Сегізінші қара сөзінде» де билер туралы:

«Басында өзіндік жұмысы бар: «Ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, яки өзіміз шығындап, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба?» - деген есбіне қарай біреуді жетілтейін, біреуді құтылтайын деген бейнетінің бәрі басында, қолы тимейді», - деп айтпап па еді?!

Һәм «Он бірінші қара сөзінде» де былай делінеді:

«Ұлықтар алып берем деп дәугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп жүр».

Сонымен, байдың баспақтығы, бидің саспақтығы белгілі бола түсті деп ойлаймыз.

Ұры мен биге қатар жем болған байдың:

«Айтты – көндім,

Алды – бердім,

Енді өкіндім, өзіме аз», - деуінің сыры сол екен.

Бай – басшысы жоқ баспаққа айналып отыр. Өгіздің бас терісінен жасалатын шәркейдің күйін кешіп отыр. Ондай жылы-жұмсаққа әркім аяғын сұғады. Яғни амалсыз байдың құқын әркім аяққа таптайды: ұрлайды, тонайды.

Біз бір сөздің сыры осылай деп ойлаймыз.

Бауыржан Берікұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар