Мен – балаң жарық күнде сәуле қуған...

Бөлісу:

25.06.2018 35955

(С.Торайғыровтың туғанына 125 жыл)

“ Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам... ”

С.Торайғыров

Қазақ әдебиетінің көгінде жарық жұлдыздай жарқ еткен, Абайдан кейінгі реалист ақын – Сұлтанмахмұт Торайғыров. “Болар бала болмысынан белгілі” демекші, Сұлтанмахмұт жасынан ізденгіш, алғыр бала болып өседі. Қазақ әдебиеттану ғылымының ардагер абыздарының бірі Б.Кенжебаев: “Сұлтанмахмұт мейлінше зерек, алғыр, мейлінше пайымшыл болды. Ол алты жасында хат таныды, ер жеткен соң орыс тілін, орыс әдебиетін, бір сыпыра пәндерді, қоғамдық әлеуметтік мәселелерді өздігінен оқыды.... Ол көбінесе ғылым иелерінің, ақыл-ой кемеңгерлерінің, философтардың шығармаларын оқыды, тарих, саясат туралы мәнді, бағалы ой-пікір айтты”,- деген еді. Ол жасынан ауыл молдаларынан ескіше білім алады. Сұлтанмахмұттың ақындық жолға түсуіне ықпал еткен Мұқан мен Нұрғали деген молдалар еді. Мұқаннан өлең сөз туралы тәлім алса, Нұрғалидан орыс және шығыс әдебиетінің үлгілері туралы білім алады.

Екі жасында анасы дүниеден озып, жетім қалады. Жоқшылықпен қоса жетімдіктің де тақсіретін тартып өседі. Білімге деген құштарлығы оны ғылым белестері мен асуларына құлшындыра жетелейді. Өмірдің бар қиыншылығы мен азапты асуларына кездессе де, мойымаған болашақ ақын “білім теңізіне” бойлап, өшпес білім, зор рухани қуат алғысы келетін. Бұл халін өзінің “Өмірімнің уәдесі” өлеңінде айқын суреттеп жазады.

Оллаһи ! Ант етемін алла атымен,

Орыс тілін білемін һәм хатымен.

История, география пәнді білмей,

Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен,

- деп, өзінің алдына зор мақсат, үлкен міндет қояды.

Ескі діни оқудың адамгершілік, имандылық тұрғысында берері болмаса, жаңа дүниелік сырлар мен ашылулар туралы берері болмасына көзі жеткен соң, осылайша жырлауға бет бұрады. Ол молданың білім беруін жаратпай, оларды ашық сынауға көшеді.

Молда көп “молда” деген атын сатқан,

Бас алмай өтірік соққан шариғаттан.

Өзі хат білмесе де , “оқуы” көп,

Бас айналған, мылжыңнан діңкең қатқан,

- дегені, оқытудың ескі түрі жаңа заман талаптарына сай еместігіне, көпшілік молдалардың оқытуды күн көріс қамына айналдырып, не өзі , не шәкірті түсінбейтін халге жеткізгендігін әшкерелегені еді.

Сұлтанмахмұт білім алуды қара басының қамы үшін емес, елінің “көзін ашып, көңілін оятумен” байланыстырды.

Сол үшін де :

Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам.

Қараңғылықтың кегіне,

Күн болмағанда кім болам?!,

- деп жырлайды.

Надандық пен қараңғылықтың уысында отырған халқына жұлдыз немесе ай емес, бүкіл әлемді нұрға бөлейтін,қараңғылықты сейілтетін күн болам дейді. Ақын қазақтың көгіне өрмелеп шығып, оқу-білімнің нұрын шашуды көздейді. Өзінің бар білгені мен түйгенінің қызуымен қазақ халқының жүрегіндегі “надандық теңізін” тартылтпақшы. Тартылған “теңіздің” орны ортайып қалмайды, оның орнын білім толтырады, “қызығын жайлап ел көреді” дейді.

Ендігі бір өлеңінде:

Мен – балаң жарық күнде сәуле қуған,

Алуға күнді барып белді буған.

Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,

Болмасам толған айдай балқып туған,

- деп, өзінің биік арман – мақсатының негізі халыққа қызмет етуде екендігін ашық көрсетеді де.

Әр дәуірдің өзіндік шындық жолы бар.

Ақын “Ендігі беталыс” деген өлеңінде шындықтың аулын іздеп жолға шығады:

Шындықтың аулын іздеп шықтым жолға,

Разымын не көрсем де осы жолда,

Шаршармын, адасармын, шалдығармын,

Бірақ бір табармын деп көңілім сонда,

- деп, сол жолда қиынға да, қияметке де бел буғанын байқатады.

Тұрмыста үмітім көп жеңем деген,

Жігермен жеңуіме сенем деген,

- деп, көздеген арман-мұратына жігермен жететініне сенсе, енді бірде:

Менде жоқ қажу деген, ашу деген,

Тарығып болымсызға жасу деген,

- дейді.

Шындықты іздеу жолында қажырлы, қайратты адам ғана қажу мен ашуға бой алдырмайды. Қажыған адамда не ізденіс, не талпыныс болмайды. Ал ашуға келетін болсақ, “Ашу-дұшпан, ақыл-дос...” Ашуға ерік берме, одан да ақылыңа ақыл қос. Осы жолда соқтығарсың, шатасарсың, бірақ өзің көздеген белден асасың. Соңында ақын былай деп қорытады:

...Достарым, оған шейін асықпаңдар,

Алдыңда әлі ататын жарық таң бар.

“Жарық таң” дегені ізденімпаз жастың алдына қойған өмірлік маңызы бар мақсаттарының толықтай орындалып, ел игілігі үшін еңбек етуге жараған сәті еді. Кеудесіндегі жұдырықтай жүрегінің әмірімен алдына “толған мақсат, таңдау” қойған Сұлтанмахмұт үшін өмір биігі халқына қызмет ету болды. Адам өмірі қызмет, дәулетпен емес, артына қалдырған ісімен өлшенбек.

Данышпан Абай атамыздың: “Адам баласы бірі-бірінен ар-ақыл, мінез-ғылым, өнер деген нәрселермен озбақ. Одан өзгемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық” дегені ойға оралады да, осы аталғандардың бәрі де Сұлтанмахмұтта мол болғандығына кәміл сенесің. Осындай ірі қасиеттердің барлығының жалыны тұтасып келіп, талапкер жасты тыныш өмір сүруден бас тартқызып, үнемі ізденіс, үнемі күрес жолына салғандығын байқаймыз.

Сұлтанмахмұт – өмірді өлеңмен өрнектеген реалист ақын. Өз халқының заманында өзге жұрттан мәдени және рухани артта қалғанына күйіне отырып, “Анау-мынау” өлеңін жазады:

Анау қырда татар тұр,

Басқалармен қатар тұр.

Мынау ойда қазақ тұр,

Қастарында азап тұр,

Ұйқысы көп, ояуы аз

Бұл не деген ғажап түр,

- дейді.

Ойлап қарасақ, қыр ойдан биігірек. Қырдағы татар айналасын қазақтан бұрын көре алады. Басқа елдердің жетістіктерін көріп, үйреніп, шамалыдан соң солармен “терезесі тең” өмір сүре алады екен. Татар осылай талпыныспен өмір сүріп жатқанда ойдағы қазақ “шырылдауық шегірткенің тірлігін ” кешіп,“өз ырқы өз қолынан кетіп, “күш сынасқан күндестік шырқын бұзып “, ” сартша айнып, сабынша бұзылып”, “ұстарасыз мұрты аузына түсіп, жақсы мен жаманды айыра алмай”, “басы-дауға, малы-жауға” қор болып, ұйқылы-ояу жүр. Ақынның мұнда “қастарында азап тұр” деп атап көрсетіп отырғаны ел ішін кеулеп кеткен жоғарыда санамалап өткен қырсық мінездер еді. Сондайлық дәрежеге жеткен жұрттың:

Ұйқысын аш, көңілін аш,

Алға қарай барып қал,

- деп қорытады.

Ақын өзінің өлеңдері мен поэмаларына, романдарына шындықты арқау ете отырып, ескіліктен құтылып, жаңаға ұмтылуды, өнер-ғылым үйренуге үгіттейді.

Академик жазушымыз С.Мұқанов “С.Торайғыров – классик ақын. Абай мен қазақ әдебиетін бекем жалғастырып тұрған үлкен көпір ”,- деген еді. Кезінде Абай да “ қалың елі, қазағы, қайран жұртының” қамын жеп, елді, кері кеткен заманды түзеудің бірден бір жолы деп өнер-ғылымды ұсынған еді. Абайдың осы өсиетін Сұлтанмахмұттың өзі де жалғастырды. Өлеңдерінде өнер-ғылымның пайдасын жырлап қана қоймады. Сол білімді игеру үшін күресті де. Жоқшылықтың зардабын тартып жүрсе де оқу-өнер іздеу жолынан айныған жоқ. Оған Томск қаласында оқуда жүргенде еліне жазған мынау хаты дәлел бола алады: “Күні-түні айналдырғаным ала қағаздың беті...халім қиын болса да сонда да қайғырмаймын, бір тиыным қалғанша оқимын....тұрмыс қандай жүк салса да көтерем. Бірақ көңілім оқуда болмақ”.

Күні өткен кешегі дәуірдің тар қамауында тұншығып жүрсе де, болашақтан, жақсылықтан үмітін үзбеген жас жігіттің арманы зор еді. Халқымыздың дуалы ауыз шешендері айтатын: “Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болады” деген нақылды шындыққа айналдырған нар тұлғалы ұлдарының Сұлтанмахмұт болды десек, жаңылысқанымыз емес шығар.

Данышпан Абай арман еткен “Толық адам” бейнесін Сұлтанмахмұттан көреміз. Өзінің әрлі де, әсерлі шығармаларында көтерген әлеуметтік ой-пікірлері арқасында қазақ әдебиетінің төрінен орын алды. Қамшының сабындай келте ғұмырында артына жақсы атын, өшпес мұрасын қалдырды. Көп жасамаса да, көпті көрген ақиық ақынның мұралары өзінің құндылығын жойған жоқ. Сондықтан бүгінде біз оны заманында басқа ақындар, жазушылар шыға алмаған, тек Шоқан, Ыбырай, Абайлар ғана шыққан биіктен көреміз.

Сұлтанмахмұт көтерген оқу-өнер тақырыбы бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ. Тәуелсіздігімізді алғалы бері еліміздің жастарының әлемнің жетекші елдеріндегі білім ордаларында оқуына Президентттің өзі қамқорлық жасап отыр. Бүгінгі білім алу мен кешегі білім алудың арасы әлдеқайда күрделі жауапкершілікпен алшақтай түскен. Бүгінгі Отанымыздың әрбір білімді жасы “Отан маған не береді деп емес, мен Отанға не беремін” деп ойлануы тиіс. Бүгінгі міндет осы. Осы үлкен міндеттің басында кешегі күні Шоқан, Ыбырай, Абай, Сұлтанмахмұттардың тұрғаны мені шынайы қуантады. Себебі, олар өздеріне жаратушының әмірімен артылған аманат жүгін біздің дәуірімізге жеткізіп кетті, саналы өмірлерін, биік арман-мақсаттарының түп негізін халыққа қызмет етуден іздеді, еңбектерін халқына арнады.

Біз де солардай болсақ екен !!!

ЖАРҚЫН ӘЛІ

Бөлісу:

Көп оқылғандар