Ә.Нарымбетов – библиография ғылымының компасы
Бөлісу:
ЭНЦИКЛОПЕДИСТ-БИБЛИОГРАФ
Көрнекті ғалым Әбділхамит Нарымбетовтың туғанына 90 жыл
Ә.Нарымбетов – библиография ғылымының компасы
З.Қабдолов
2018 жылы ұлттық әдебиеттану ғылымының жұлдыздары: Мырзабек Дүйсенов, Жұмағали Ысмағұлов, Зәки Ахметов және Әбділхамит Нарымбетовтердің туғанына 90 жыл! Бұл тұлғалар, яғни 1928 жылдың тумалары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының белді мамандары болған ұлттық әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі болып қана қойған жоқ, академиялық мектебін қалыптастырған, ғылыми кадр даярлау ісін дамытқан жетекші ғалымдар еді ғой...
Қазақ әдебиеттану ғылымының өркендеп өсуіне мол үлес қосқан ғалымдарымыздың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор Әбділхамит Нарымбетов. 1928 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген Әбділхамит Қуанұлы өзінің қатарластарымен бірге иықтаса жүріп, қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесіне, әдеби сынның дамуына күш салған. Орал пединститутының филология факультетін тәмамдаған бозбала академик, әдебиет теоретигі Қажым Жұмалиевтей алпауыт ғалымның назарына ілігіп, Қазақ ғылым академиясының Тіл-әдебиет институтына аспирант болып қабылданады. Аспирантурада жүрген кезінде-ақ «Ана тілін ардақтайық!» деп қазақ тілінің мәртебесін ұлықтау туралы проблемалық мақала жазады. «Шаш ал десе, бас алатын» сол заманда бұл мақала да, мақала авторы да «ұлтшыл» деп қараланып, партияның талқылануына салынған-ды. Бұл уақытта Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов сынды әдебиеттану могикандары 58 статья бойынша басқа ғылым саласының өкілдерімен бірге лек-легімен айдалып, қуғын-сүргенге ұшыраған. Қиын заманның салқынына өрімдей жас кезінен шыдай білген азамат екен. Сол жас желең шағынан өзінің әділ пікір, ашық көзқарасымен көрінген Әбділхамит Қуанұлы өмірінің соңына дейін ұлт әдебиетіне, әдебиеттану ғылымына адал қызмет етті.
Әдебиеттану ғылымының негізгі үш саласы болып саналатын әдебиет теориясы, әдебиет тарихы және әдебиет сынынан бөлек, текстология, тарихнама және библиография сынды үш жанама саласы бар. Біздің кейіпкеріміз – қадірлі Әбең, Әбділхамит Қуанұлы, осы библография саласының білгірі болатын. Энциклопедиялық білімі көл-көсір ғалымның 90 жылдық мерейтойы аясында жас буын – немене шәкірті ретінде әдеби-ғылыми қызметі мен шығармашылығы туралы бірер сөз айтуды жөн санадық:
Ә.Нарымбетов 1954 жылы академик-жазушы Қ.Жұмалиевтің жетекшілігімен «20-30 жылдардағы қазақ поэмасы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған. Ал, 1974 жылы академик, сыншы-ғалым М.Қаратаевтың кеңесшілігімен «Қазақ-кеңес поэмасының даму жолдары мен проблемалары» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап, поэзия жанрының, соның ішінде поэма табиғатын, оның жанр ішінде трансформациялануын (түрленуі) зерттеген. Қос бірдей үлкен академик-ғалымның тағылымын көрген зерттеуші Ә.Нарымбетовтың қаламынан қырыққа жуық әдеби сын, зерттеу монография, төрт жүзден астам мақала туған екен. «Қазақ совет әдебиеті», «Дәуір және поэзия», «Қазақ совет поэмасы», «Қалижан Бекқожин» сынды монографиясы – ұлттық әдебиеттану тарихындағы қазыналы еңбектер қатарына қосылды. Ғалымның Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, аса талантты ақынымыз Қалижан Бекқожиннің шығармашылығына зор ықыласпен қарап, ақын творчествосын бүге-шүгесіне дейін мұқият қарап, жан-жақты зерттеген еңбектері – бекқожинтанудың негізіне айналды. Зерттеушінің Тайыр Жароков, Қадыр Мырза Әлі сынды классик ақындарымыздың да шығармашылығы туралы жазған кесек еңбегі поэзия жанрының табиғаты мен түрін, дәстүрін тануға зор мүмкіндік берді. Сөздің әділін айтсақ, әдебиет зерттеушісінің осы еңбектері әлі күнге дейін студент, магистранттардың керегіне жарап-ақ тұр! «Ғалымның хаты өлмейді» деген осы болар...
Әбділхамит Нарымбетовтың аса елеулі қызметі – библиографиялық көрсеткіштерді даярлау ісіне атсалысуы. Қазақ әдебиетінің даму тарихы мен әдеби өмір шежіресі, жылнамасы бәрі-бәрі профессор Ә.Нарымбетовтың қаламымен қағазға түсіп, қатталып отырған. Өткеннің бәрі – тарих. Тарих үшін негізгі жәйт оқиғалардың жылнамасы мен шежіресі. «Сәкен Сейфуллин», «Ғабит Мүсірепов», «Зейнолла Қабдолов», «Серік Қирабаев», «Мүсілім Базарбаев», «Шериаздан Елеукенов» сынды жазушы, әдебиеттанушылардың биобиблиографиялық көрсеткіштерін даярлап, құрастырған. Жекелеген шығармашылық адамдарының өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылығы, жетістігі т.с.с. мәселелерді кеңінен қамтып, архив ақтарып, ескі газет-журналдардың тігіндісін шолды. Бұл бір қарағанда оңай жұмыс болғанымен, қиындығы шаш етектен келетін машақаты көп іс емес пе?! Небір азаматтың шығармашылығын жіпке тізгендей жылнамасымен құрастырып жүрген библиограф Ә.Нарымбетовтың қажырлы еңбегін көріп, замандасы, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов: «Ә.Нарымбетов – библиография ғылымының компосы» деп жоғары бағасын берген-ді.
Ақиқатында, профессор Ә.Нарымбетов тұңғыш рет библиографиялық көрсеткіші бар «Қазақ совет әдебиетінің очеркі», «Қазақ әдебиеті» сынды бес томдық академиялық еңбектерді құрастырып, түсінігін жазған. Совет заманында жыл сайын әдебиет проблемасына арналған «Уақыт және қаламгер» жинағы шығатын. Осы жинақтың соңында үнемі профессор Ә.Нарымбетов даярлайтын әдеби өмір шежіресі болатын. Өкінішке қарай қазіргі уақытта бұл дәстүрдің желісі үзілген. «Уақыт және қаламгер» жарыққа шықпағалы қашан?!
PS: Уақыт алға жылжыған сайын өткеннің қадірі арта түсе ме?!
Бүгінде әдебиет дегеніміз – халтура, ғылым дегеніміз – плагиат болды. Көркемдік нәрі жоқ жазбасы ең жоғары сыйлықты алған халтуршик те аға-көке, таныс-тамыр, құда-жекжат жүйесімен сөзін өктем өткізеді. Көшірген дүниесіменен ғылыми атақ пен дәрежені иемденген су милардың тасы өрге домалап тұр... Қадірі қашып, құр сүлдері қалған руханиятқа жаның ашиды. Әдебиет пен ғылымның таза фанаттары, ақжүрек қайран ағаларды осындайда сағынып, жарық күнде шам жағып іздесең де, таппайтыныңа өкінеді екенсің... Ойхой, бес күндік жалған дүние-ай, қадірлі Әбділхамит Қуанұлының бұ дүниеден өткеніне де 10 жыл болыпты ғой... Алла алдынан жарылқасын!
Жарқын ӘЛІ
Бөлісу: