Жаздыгүн шілде болғанда...

Бөлісу:

09.07.2018 21480

Абайдың табиғат лирикасы үлгісіндегі өлеңдерінде ақынның ой-сезімі, жан дүниесі терең ашылған. Ол өзінің шығармашылығында жыл маусымдарын: қысты, күзді, көктем мен жазды қайталанбас бояумен бейнелеп берді. Абай пейзажды адамның тұрмыс кешетін табиғи ортасы, мекен-жайы ретінде ала отырып, әлеуметтік өмірмен, қазақ халқының көшпелі тұрмысымен тығыз байланыстырып көрсетеді.

Кемеңгер ақынның асқан шеберлікпен кестелеген шығармаларының шоғыры жылдың төрт мезгіліне арналған өлеңдері екені баршамызға мәлім. Бұл жайында өткен ғасырдың бас кезінде-ақ ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов былай деген: «Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ. Оның жылдың төрт мезгіліне арналған (көктем, жаз, күз, қыс) тамаша жырлары оны Еуропаның атақты ақындарының қатарына қосар еді...».

Хәкім Абайдың 1886 жылы жазған «Жаз» өлеңі көшілікке таныс. Бұл өлең ақын ауылы Шыңғыстау бөктеріндегі Бақанас өзенінің бойына жайлауға қонып жатқан көрініс әсерімен жазылған. XIX ғасырдағы қазақ тұрмысына тән табиғат пен тіршіліктің тамаша тұтастығын көрсететін «Жаз» өлеңі 1889 жылы Көкбай Жанатайұлының атымен «Дала уәлаяты» газетіне басылды. Өлең басына: «Семей уезі Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбайұлы ауылының Бақанас өзенінде Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» деп жазылған да: «Кісіден үйреніп жаздым Көкбай Жанатаев» деп қол қойған.

Өлеңнің жазылу тарихы жайлы Көкбай былай дейді: «Абай ауылының ең өрістеп барып, орнықпақ болған жайлауы Бақанас өзенінің бойы еді. Көш жүріп кетті, біз Абаймен бірге бірнеше кісі болып артынан келдік. Ауыл Бақанастың бойындағы Көпбейіт деген жерге қонып жатыр екен. Абай қонып жатқан ауылды көріп: «Осы суретті өлең қыл», - деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сонымен үй тігіліп болып бәріміз жайланған соң, Абайға келіп едім: – Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой», – деді. Мен: – Асса, басында мен қолқалап алған нәрсе емес еді. Енді өзіңіз ретін тауып қайта аларсыз, – деп қалжыңдадым. Сөйтсем сол күні «Жазды күн шілде болғанданы» жазған екен. Оқып берді. Өзі жазған сөзіне ең алғаш рет аз да болса қанағат қылғанын көргенім осы. Менің қалжыңыма орай қылып: - Сен соғымына бір ту бие ал, мен енді өлеңімді өзім алайын, - деді».

«Жаздыкүн шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бәйшешек,

Ұзарып өсіп толғанда;

Күркіреп жатқан өзенге,

Көшіп ауыл қонғанда».

Абай поэзиясының тілі бір қарағанда ауыр болып көрінуі мүмкін, дегенмен егер мұқият зер салып оқысаңыз, сізге мұндағы ғажап суреттің, терең идеяның әлемі ашылады. Әбден қажып, қытымыр қыстан шыққан жұрттың қуанышты көңіл-күйі, бағзыдан үзілмей келе жатқан қазақы тіршілігі өлеңмен өріледі.

«Абайдың алдындағы казақ әдебиетінің үлгісі – батырлардың жырлары, билердің, шешендердің сөздері, жыраулардың толғауы, ақындардың айтысы, араб-парсының ескі қисса, ертегілері ел әдебиетінің түрлері еді. Абайдан бұрынғы заман әдебиеті – сол ескі жұртшылықтың заман бетінен торыққандығынан туған әдебиет еді. Абай, негізінде, осы жұртшылықпен қайнасып, осы әдебиетпен аяқтасып жатқан ақын», – дейді қазақтың белгілі ақыны Ілияс Жансүгіров.

Расында «Жаз» өлеңі де жыраулық дәстүрдің ізімен жазылған шығарма екені анық аңғарылады. Өлеңнің бүтін болмысынан сонау бабалардан қалған асау екпін сезіледі. Бір ерекшелігі – бұл жорық жыры емес, лирикалық сарынға қарай ойысқан көркем шығарма.

Сонымен қатар, Абайды өзіне дейінгілерден мейілінше асып түскен шебер суреткер деуге толық негіз бар. Жылқылардың өзен жағасына келіп, шалғынға аунағаны, мәре-сәре күй кешкені, айналасында құлын-тайдың кісінеп, жарысып ойнағаны, қыз-келіншектер күлісіп, әңгіме-дүкен құрғаны ерекше әспеттеледі.

Жыл мезгілдеріне, шөп шығымына, малдың күйіне қарай сауылатын биелерді мал иесі мен жылқышы іріктеп алады. Онда биелердің ауру-сырқаудан амандығы, құлындардың ширақтығы еске алынады. Жадау биелер немесе қарақұлақ болып марқаймаған кұлындар белгілі бір мерзімге дейін байланбайды. Бие байлау деп енелері сауылатын құлындарды ноқталап, желіге байлап ұстауды айтады. Құлыны байланған биелер қашан құлыны ағытылғанға дейін ауыл маңына жайылады. Сондықтан тозған қоныс жиі-жиі ауыстырылып отырылады.

«Сабадан қымыз құйдырып,

Ортасына қойдырып,

Жасы үлкендер бір бөлек

Кеңесіп, күліп сылқылдап»,

– дейтін тұсында қазақтардың қымыз ішіп марқайған бейнесін ерекше бейнелейді.

«Жаз» өлеңіндегі ауыл – Абайдың өз ауылы. Абайдың астындағы аяңшылы – Абайдың Әбдірахметінен алған аяңшыл Күреңтөбел аты. Айқайшы шалы, сол жылы өз ауылымен көрші болып отырған әнет Бармақ деген шал. Құс салып жүрген жас жігіттер өзінің балалары – Ақылбай, Әбдірахман болатын. Осыдан кейін өлеңді жиі жаза бастады», – дейді ақынның досы Көкбай ақын. Осыған қарап, «Мылтық атқан, құс салған» жас бозбалалар – Абайдың балалары Ақылбай мен Әбдірахман екені айқындала түскенін көреміз.

Жалпы, көшпенді халық үшін жаз мезгілі – тіршіліктің қайнаған шағы, жылдың мамыражай маусымы. Тұмса табиғаттың көрікті келбеті ақын жанын селт еткізді. Сол шабыттан жаралған «Жаз» өлеңі ақынның екінші тынысын ашқандай. Бұл өлеңнен кейін Абай өзіне-өзі риза болып, алғаш рет өлеңіне қанағаттанады, ақындықтың алақұйынды күйін кешеді. Әсілі, қырық қырқалаған сөз зергерінің сабырлылығына таңдай қақпасқа шара жоқ. Өйткені, мұның алдындағы өлеңдері ақынның ішкі сынынан өтпей, биік талғамының көлеңкесінде қалып отырды. Ендеше, «Жаз» өлеңі – Абайды жаңа әлемге жетелеген классикалық туынды деп қорытынды жасауға болады.

Біржан АХМЕР

Бөлісу:

Көп оқылғандар