Қасым солай болмаса...
Бөлісу:
«Өлуші ме еді ер шіркін!»
Дара, дана тұлғалар өздерінің қадір - қасиетін тірісінде білетін құбылыс бар, Қасымда өзінің өлмейтінін білгендей:
«Өлуші ме ед ер шіркін!
Сілкінді ол бір дүркін,
Келе жатты аралап,
Өзі туған ел – жұртын», -
дейтін өлең жолдарынан қан майданда ақынды ажал жеңе алмайтынын, ақынның мәңгі өмірі өлеңдерімен өшпейтінін сездергендей. Қасым өлеңдері халықтың жүрегінде, есімі халық жадында, оның өлеңдері өшпейді, жас ұрпақ Қасым лирикасын құшып оқып, өлең құдыретіне еніп, ләззат пен қуат алады.
«Өзіммен бірге өлмесін өлеңім»
Мұхтар Әуезов: «Қасым Аманжолов – ғажап ақын! Оның өлеңдерін сүйіп, қастерлеп оқыңыздар!», - деген өсиет қалдырды.
Ақындық тұлғаның көрінетін жері – ақын өлеңі. Қасымның өлеңге деген көзғарасын қарайық, өлең – ақын үшін өзі, сондықтанда ақын шығармаларында өлеңге деген түсінік анық болуы тиіс. «Өзім туралы» өлеңінде Қасым:
«Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім», -
деген талап қояды, оның поэзиясы өлмейтін жан сезімнің, өмір мен өлімнің, қуаныш пен қайғының, ерлік пен ізгілік туындыларына айналды.
Ақынның әдеби құрдасы Әбділда Тәжібаев: «Ақын жауапкершілігі және оның кейінгілерге ықпалы» атты мақаласында: «Бұл барлық ақындарымызға жаңа бір ой түсіргендей тың сөз еді. Қасым бәрімізді қоса бір-ақ сілкіп қалғандай, поэзия жауапкершілігін қорқытып отырып, қайта оқытқандай болды» деп жазды. Қазақ поэзиясының жаңа буынына Қасымның ықпалы, оның лирикалық жаңашылдығы, ойы мен шабыты, Қасымша жазу үрдісін алып келгенін паш етті.
Қасым өлеңге деген қатынасын жоғарыда өлеңмен жазса, елуінші жылдардың басында «Көп оқып, үйреніп, жақсы жазайық» деген мақаласында өлең құруға қатысты мынадай ойларын айтты: «Біздегі бір қалмай келе жатқан жаман әдет – қалай болса солай құрастырылған, аяғы үйлестірлмеген қара сөзді – өлең деушілік. Өлеңнің қасиеті оның аяғының үйлесуінде емес, идеясында, мазмұнында, іші сырты бірдей келген көркемдігінде екенін ұмытпау керек», - деп түйеді.
Егер дана Абайдың: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасында»: өлең «тілге жеңіл, жүреке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасын» дегенін еске алсақ, Қасымда өзінше өлеңге талап қойды, жүрекке жылы тигізіп, жүрегімен жазды. Қасым қазақ поэзиясында дәстүр жалғастырушы, дәстүр туғызушылар қатарындағы ақын.
Қасым қасқиып жазған лирик ақын. Қасым әр шығармасына үлкен талап қойып, мұқият, «құрысып жазса» ақын жауапкершілігінен болса керек. Осы тұрғыда 1949 жылы жазған «Өлең туралы» өлеңінде Қасым:
Отырам кейде құрысып,
Бойымда бір жүк жатқандай,
Өтеді уақытым жылысып,
Өз міндетін атқармай..., -
дейді: Қасым поэзияға қойылатын міндеттерді шебер атқара білді.
Сырбай Мәуленов: «Ол өмірде, өлеңде шыншыл болатын»
Қасымның кісілік және ақындық тұлғасын айтқанда екі ұғымды біртұтас қарау керек. Қасым Аманжоловтың өміріне, шығармашылығына, әдеби мұрасына, поэтикасына арналған әдеби ғылыми еңбектер, публицистикалық материалдар оның поэтикалық әлеміне арналып, Қасым таланты мен тұлғасын ашқан дүниелер көптеп саналады. Ақын Сырбай Мәуленов: «Қасымның ең үлкен қасиеті – ол жалған айтып жалтармайтын, өмірде де, өлеңде шыншыл болатын. Сол шыншылдығы оны жылдар сынынан жоғары алып шықты. Қасым шындықтың қараңғы аспанды найзағайдай қақ жарып мерейі үстем болып жарқылдап шығатынын көрсетті. Шындық сырлары мен көкейтесті ойларын дәл басатын дәрежеге жетті. Оған сол үшін табиғат бұлбұл көмей, сұңқар дауыс, сергек сезім сыйлап еді. Оның қаршыға сияқты қияпаты алысқа, биікке ұшу үшін жаралған сияқты еді», - дейді.
Қасым өмірде ақиқат жыршысы болып өтті. Ақындық қасиетті де, кісілік қасиетті де биік ұстады. Қасымның ақындық тұлғасына қатысты:
Өз еркімше сілтемей,
Қашан ғана имендім?!
немесе:
Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы,
– деп жырлады, енді бірде:
Мен бір жанмын ерікті,
Жарысып желмен жүгірген.
Ерікті ақын, еркін Қасым сияқты ақын өз қоғамының қандай сипатына қарамастан шындықты жол арасында қалдырмады:
Жаман жігіт атқа мінсе,
Атасына жау боп тиер,
Ақымаққа билік берсе,
Елірер де ел бүлдірер, -
деп береді.
Серік Ақсұңқарұлы: «Қазақтың Қасымы – ғаламның жасыны»
Ақын Серік Ақсұңқарұлы: «Қазақ өлеңінің шежіресінде өзінен кейінгі буынға Қасымдай айрықша ықпал еткен ақынды табу қиын. Мүмкін, Қасымнан кейін осындай ілу де шалу қасиетке ие болған тұлғалардың бірі ретінде Мұқағалиды айтуға болатын шығар. Мұқағалидан бастап Жұматай мен Есенғалиға дейінгі талантты толқынның өне бойында Қасым музасының тегеурінінде тентек дауылы буырқанып тұр. «Дүниеге келер әлі талай Қасым...», - дегенде кемеңгер ақын кереметті болжағандай пайғамбарлық жасағаны екен...», - деп жазады.
Қасымның кейінгі ақындар буынына ықпалы туралы жоғарыда Серік Ақсұңқарұлынан артық сөз айтудың керегі жоқ сияқты.
«Мен қазақпын, сен фашиссің»
Қасым елін сүйген, жерін сүйген, қазақты шексіз сүйген патриот ақын, ол Отанды, елді сүюдің үлгісін көрсетті. Қасым сұрапыл соғыс майдан отына түскен қайсар, ержүрек ақын.
Ғабит Мүсірепов «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 6 маусымдағы номерінде «Майданнан соққан жаңа леп» мақаласында: «Көп шығармаларымызда Отанын сүйген, елін сүйген» деп келемізде соны шын әдебиет тілімен айта алмаймыз. Отанын сүйді дедік, міндет атқарылды делік. Ал осыны Қасым қалай берген? Ол Абдолланың жан жалынын, сезім толғауын көрсету арқылы бере алған. Жалт-жұлт еткен жау отының бір шоғы келіп, Аболланың жүрегіне түскендей болады. Сонда Абдолла қайтеді:
Ер күрсініп алды демін,
Қызғыш болып қызғанышы,
Қимай жауға көл арнасын.
Жалын шарпып демалысы,
Құшып жерін, сүйіп тасын,
Жүргеніндей сол аймақтың
Алас ұрды намыс ұлан!
Міне, Отанын сүйген адамның тұлғасы осылай болу керек дейді - Ғабең әдебиет сынының класикалық үлгісіне айналған атақты мақаласында.
Аманжол –Рахымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын....
Ақын өлеңдерінде қайсар жүректі, асыл мінезді Қасымды, мейрімге толы азамат Қасымды және Сарыарқа төсінде шырылдап жетім қалған бала Қасымды көресің:
Жұбанып сол Сарыарқаның құшағында,
Есімде ойнағаным жас шағымда,
Жетімдік жалбыр тонын, жерге соғып,
Құмартып ауған бұлтқа, алыс шыңға.
Қасым өмірінің тарихы «Өзім туралы» өлеңінде жатқанын қауым жақсы біледі:
Өзге емес, өзім айтам өз жайымды,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында,
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,
Тербетіп, тулатып бір қозғайында ...
Аманжол – Рахымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын,
Біреуге жұртта қалған жасығымын,
Біреуге аспандағы асылымын, -
деп жырлаған Қасым барша қазақтың асыл ақыны.
Салауат Кәрім
Бөлісу: