«Абай туралы естеліктер» кітабы да бес мың данамен жарық көрді
Бөлісу:
Жақында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің асыл қорында сақталған қолжазбалардың негізінде «Абай туралы естеліктер» кітабы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы аясында 5000 таралыммен жарық көрді.
Кітаптың жалпы редакциясын басқарған – жазушы, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық музейінің директоры Болат Жүнісбеков.
Оқырмандар бұл кітаптан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың хәкім Абайдың ЮНЕСКО көлеміндегі 150 жылдық мерейтойы қарсаңындағы «Абай туралы сөз» баяндамасымен, А.Құнанбаевтың немере інісі Әрхам Кәкітайұлы мен баласы Турағұл Абайұлының, замандасы әрі шәкірті, көрнекті ақын Көкбай Жанатайұлының, абайтанушы, шежіреші Ниязбек Алдажаровтың естеліктерімен таныса алады.
Дала данышпаны, кемеңгер тұлға Абайға қатысты әр дерек, әрбір тарихи жазба баға жетпес құндылық. Сол құндылықтардың мұрағат түкпірінде елеусіз қалып қоймай, уақытпен бірге жасап, кезіндегі түрлі оқиғалардан сыр шертіп, бүгінгі қауымды кешегі күндердің сыр-сипатына қанықтырып отырғаны абзал. Абайды тану арқылы өмір құбылыстарын, қоғам дамуының құпияларына да тереңірек бойлайтынымыз анық. Осы тұрғыдан келгенде «Абай туралы естеліктер» жинағы тек абайтанушылар мен оқытушы, студенттердің ғана емес, ойлы оқырманның сұранысын қанағаттандыратын қазына.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
қорық-музейінің баспасөз қызметі
Тел.: 8 (7222) 56-59-76
Бөлісу: