Жүректен өшіп сағыныштың азабы
Бөлісу:
Жас ақын Таңсәуле Әгенқызының өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Күрілі судың...
Күрілі судың жанымды емдеп жазады,
Мөп-мөлдір ғана жазылған саған ғазалым...
Көзімнің жасын жағаңа келіп шайдым мен,
жүректен өшіп сағыныштың бір азабы.
Тазарып санам, жаңғырып ойым қайғыдан,
Сан жылдар тартқан сағыныш дерттен айығам.
Ақ бұлақтан сол уыстап ішіп, шөл басып,
Балалық шақты бір шолып шықтым ойымнан.
Еңсемді тіктеп аласармастай күйге енем,
Ешқашан тіпті өмірді былай сүймегем.
Бешпетті көрдім жасаңда жатқан жаюлы,
Анамды аңсап тағылған сонау түймеден.
Балалық шаққа саяхат шегіп базарлы,
Сай саласына қыдыртып ойды, назарды.
Күміс судың күрілі тербеп жанымды,
Жап-жасыл жайлау, жан рахат ғажабы...
***
Дулыға сынды күмбездер...
Сөзінің асыл салмағы,
Тағылымның тарланы.
Алла Елшісі Мұхаммед,
Адамзаттың ардағы.
Қанатын қағып құс ғұмыр,
Қиялап қырдан ұшты бір.
Иман, сенім, отаның,
Исламда үш тұғыр.
Әуелгі тұғыр иманың,
Исламға иландым.
Рахым нұры жауса егер,
Бөленерсің сыйға мың.
Бола ма әр кез жоққа сын,
Берекет сонда тоқтасын.
Мереке болар басыңда,
Береке болса отбасың.
Отаным байтақ дарханым,
Шаттығым өзің шалқарым.
Тыныштық тілеп Отанға,
Мінәжат еткен әр таңым.
Үш тұғыр берік болса егер,
Шуағын Алла мол себер.
Рахмет нұры аялап,
Пендесі рахым жол шегер.
Өмір - асау, өр өзен,
Шөлден бір кепсе кенезең.
Тағылым тамшы жауса егер,
Жуылар көңіл терезең.
Құтпасын оқып ғұлама,
Мұнартады мұнара.
Дулыға сынды күмбездер,
Сүйеді сыртын күн ана.
Мұсылманға күнә жат,
Тартарсың кейін мың азап.
Иманның басы – ислам,
Аллаға қылсаң мінәжат.
Құландар жортқан құба қыр,
Көңілге шашып Жұма нұр.
Алладан сұрап амандық,
Алақан жайып дұға қыл.
Өмірдің соңы қиямет,
Төгілсін жырым сия боп.
Мешіттер рух ордасы,
Мен жеттім саған ұя деп.
Ғибрат болса ғұмырың,
Алтыннан болар тұғырың.
Жаратушы бір Алла,
Теңдесі жоқ Ұлығың!
****
Қош енді мекен сенде бір қалған зарым бар,
Он алты көктем арайлап атқан таңым бар,
Ессіздеу болдым, есейдім мені бастады,
Арманман қоса ілестірмейтін сағымдар.
Бел астым талай, өзеннен өттім өзгеше,
Топтарды жардым ешкімге бермей сөзге есе,
Булығып тұрып жиында өлең оқыдым,
Бақытым өзің жырдағы отым сөнбесе.
Анамның рухы... аймалап желмен жебеді.
Сағынған жанға туған жер сенсің керегі.
Бейуақтарда мазалап жанды беймезгіл,
Ауылға деген сағыныш еді-ау, себебі...
Көкейді жарып керім кештерде туса жыр,
Шөлдедім суын сағынып әр кез сусадым,
Жеткізбей жүрген арманым алақанымда,
Ал бірақ қайда? мені алдаған қу сағым...
17.07.2018
Сағындым сені ...
Теңселіп тең баса алмай аяғымды,
Күз келді күреңітіп дала мұңлы.
Кездесу шат, қоштасу қиын екен,
Мұң торлап қала бердім жанарымды.
Сені күттім сол жолдан ізің қалған,
Бір көру болды–ау шіркін, жүзіңді арман.
Біз қоштасқан шілденің сол кешінде,
Жазым кетіп өзіңмен күзім қалған.
Білмеймін, біле алмаймын бағым қайда?
Қу жүрек дегеніңе бағынбайды ә.
Жасыл орман ішінде бір сары мұң,
Мен гүлдейтін мезгілім шағым қайда?
Ұнатушы ең арналар жалын жырды,
Жақ ашпаймын жатқа һәм жаным сырлы.
Білесің бе, жолыққан сәттен бастап,
Сенің бейнең мың есе сағындырды...
02.08.17
Таңсәуле Әгенқызы
Бөлісу: