Бұлт бұрқан ба, пұт-бұрқан ба? (Бұқар жырау өлеңінің текстологиясы туралы)
Бөлісу:
Белгілі бір тарихи кезеңде туған жыраулар поэзиясында басы ашылмаған мәселелер жетерлік. Оның бірі «Көмекей әулие» атанған Бұқар жырау шығармаларында кездесетін тарихи жайттар. Бұқардағы мына бір жолдарға үңілсек:
Кіші қара қалмақ бүлерде
Бозылардың билігі,
Бұлт бұрқан болысты,
Уағыдадан жылысты,
Буыршындай тіздесті,
Жамандықты іздесті,
Бірін-бірі күндесті.
Енді осы жолдардың мәніне бойласақ. Бұқардың «кіші қара қалмақ» деп отырғаны – Жоңғар хандығын құрып отырған ойраттар. Осы ойрат ордасындағы өзара қантөгіс, бұлғақтан хабар береді. Бұл шамамен 1753-55 жж. аралығы болса керек. 1745 жылы қазақтарға қанқұйлы болған атақты ойрат қонтайшысы Қалдан Серен қайтыс болады. Таққа Қалдан Сереннің екінші ұлы Сыбан Доржы отырды. Бірақ оны таққа таласқан ағасы Лама Дорж өлтіріп, кезегінде қонтайшы болды. Қызметші күңнен туған себепті, заңды мұрагер саналмаған Лама Доржыға қарсы нояндар мен тайшылар Дабашы мен Әмірсананы бас қылып, күрес жолына түседі. Дабашы мен Әмірсана Қалдан Сереннің туған жиендері, елге белгілі әулеттерден болатын. Ойрат дәстүрі бойынша жиендер де толық құқылы мұрагер саналатын. Сондықтан екеуі де жоңғар тағынан үміткер еді. Олар Қазақ ордасының ханы Абылайдан көмек алып, Лама Доржының көзін құртады. Таққа Дабашы отырады. Енді оған қарсы топ құрып, Әмірсана қарсы шығады. Міне Бұқар жырында осы бұлғақ айтылса керек.
Бізді ойландыратыны осы жырдағы «Бұлт бұрқан болысты» деген сөзді қалай түсінеміз? Біртүрлі түсініксіз сияқты. Мағынасы бұлдыр. Ойлана келе тапқанымыз мынадай болды. «Бұлт» сөзі Бұқар сөздерін ескі қадым жазуынан біздің қазіргі кирилл әрпіне көшіргенде қате кеткен «бұт» немесе «пұт» сөзі болып шықты. Көшірушілер қате көшірген, не ескі қадымшадағы араб әрпін түсінбеген. Екеуінің біреуі. Сонда дұрыс оқысақ «Пұт (бұт) бұрқан болысты» болып шығады. Сөз тіркесі – «пұт бұрқан». Пұты түсінікті. Ал бұрқаны несі? «Бұрқан» сөзі араб тілінде «фуркан» деп айтылады. Мағынасы – бөліну, ажырасу. Ол қасиетті кітаптар – «Құран кәрім», «Тәурат», «Інжілге» қатысты айтылады. Ал түркі-моңғол тайпалары «бұрқан» деп будданы атаған. Ал Бұқар «пұт бұрқан» деген де екі ханзада Дабашы мен Әмірсана басқарған елдің ламаизмдегі діни лауазымдарын мегзеп отырса керек. Мәселенің кілтипаны да осы сөзде болса керек. Енді бәрі айқындалған сияқты. Осындай текстологиялық мағынасы бұлдыр сөздер Бұқарда да басқа жыраулар мәтіндерінде де кездесіп қалады. Зерттеушілер мақсаты – осындай сөздерге реконструкция (қалпына келтіру) жасап, мән-мағынасын айқындап отыру. Рухани мұраларымызға ыждахаттылықпен қарау ләзім!
Сәбит Жәмбек
Бөлісу: