Гумилев ғұмырындағы арулар
Бөлісу:
Алтайдан Атырауға дейінгі қазақтың кең даласында қаншама сал-серілер өтті. Олар туралы аңыздар жаңа дәуірде көркем фильмге, көркем әдебиетке айналды. Том-том кітап жазылды. Біз соларды көріп, соларды оқып басқа бір әлемге түсіп кеткендей күй кештік. Бір қарасаңыз, сол елдің еркесіне айналған серілердің бәрінің айналасында әйелдер туралы әңгіме міндетті түрде қозғалады. Бірақ, біздің менталитет, біздің бұйығы сана көп дүниені өзге елдердей ашық жаза бермейді. Тек екеуара әңгімелерде ғана айтылып, әрі сол жерде қалып жататыны болмаса... Сол себепті де бізге бүгін сал-сері, ақын-жазушыларымыздан гөрі, өзге елдердің тұлғалары туралы айту жеңілірек көрінді. Оларда бұндай тақырыптарды қозғау қалыпты жағдай. Өйткені, олардағы тұлғатану өз деңгейінде дамып кеткен. Өмірінің қай қалтарысы болсын толық зерттеледі. Жазылады. Айтылады. Насихатталады. Ендеше, хал-қадерімізше орыс әдебиетінің белгілі тұлғасы Николай Гумилевтің махаббаты жайлы сөз қозғап көрейік.
Анна Ахматова
Ақын, саяхатшы, акмеизм ағымының негізін қалаушы – Николай Гумилев туралы сөз қозғағанда бірінші ойға оралатыны – Анна Ахматова. Қаламгердің өміріндегі өзге нәзікжандылар Ахматованың тасасында қалып қоятыны анық. Сонда да оның өмірінде әйелдер көп болғанын жақын араласқан жандар жиі айтады екен. Оған дәлелді Гумилевті жақсы білген Иоганнес фон Гюнтердің естеліктерінен де анық байқауға болады. Онда: «Гумилевтің түрі әдемі, сымбатты болмаса да, өзінің жетістігінің арқасында қыз-келіншектерді өзіне қаратып, әрқашанда ғашық болып жүретін», - дейді. Оны тіпті өлеңдерінен байқауға да болатын сияқты. Ақынның шығармашылығын зерттеген ғалымдар өзінің өлеңін кейде тіпті кімге арнап отырғанын анықтай алмай жазған кездері болған деседі. Мысалы, Одевцева: «Гумилев кейде «экономия» үшін бір мадригалды бірнеше әйел затына арнаған», - деген. Енді қараңыз, бәрімізге белгілі «Приглашение в путешествие» атты өлеңінде шаштың түсіне байланысты көптеген өзгертілген жолдары кездеседі.
Порхать над царственною вашей
Тиарой золотых волос.
Немесе:
Порхать над темно-русой вашей
Прелестной шапочкой волос.
Бұны оқығанда еріксіз ішіңізден жымиғаныңызға күмәніміз жоқ...
Ал ендігі сөз Анна Ахматовадан кейінгі Николай Гумилевтің өміріне, шығармашылығына әсер еткен нәзікжандылар турасында болмақ....
Елизавета Дмитриева
(әдебиеттегі бүркеншік аты Черубина де Габриак)
Елизавета – кішкентайынан дімкәс болған екен. Ол туралы ақпаратты замандастары жиі айтатын. Тіпті, соның салдарынан аяғын сылтып басатын болған. Оның ежелгі досы, суретші Евгений Лозов қыздың бет-әлпеті өте сұлу болмаса да, мінезінің жұмсақтығы мен қарапайымдылығын ерекше атап өтеді.
Дмитриева мен Гумилев 1907 жылы Парижде суретші Себастьян Гуревичтің шеберханасында танысады. Арада біршама уақыт өткеннен кейін Елизавета сол кездесуді былай еске алады:
Помню вечер в холодном Париже,
Новый мост, утонувший во мгле...
Двое русских, мы сделались ближе,
Вспоминая о Царском Селе...
...Кейін олар 1909 жылы Петербургтегі суретшілер академиясының лекциясында жолығады. Дмитриеваның естеліктері бойынша ол ерекше кездесу болатын. Гумилев оның альбомына:
«Ұяңдық та, байқалмай тіпті тарпаңдық,
көздерге тіке қарадым.
Аққу мүсіндер ішінен,
қалқамды жиі табамын», –
деп жазып берген екен.
Ол ақын қызға тіпті бірнеше рет тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасаған болатын. Ал ол болса:
Оның сынбайтұғын еркіндігі бар еді,
Мейіріңе де қарамай кетер.
Ал менің қырсықтығым бар еді,
Бар ойы – азаптау бекер, -
деп жазады... Бұл бір шумақтың өзі көп дүниені астарлап жеткізіп тұрғандай. Қалай десе де, бұлар ер мен әйел емес, әуелі еркіндікті ұнататын шығармашылық адамдары еді... Бұлар үшін тұрақтылық – шығармашылықтарында ғана сияқты.
Мамыр айында екеуі Макси Коктебелге барады. Баяғыдан бері жақсы көрген Дмитриева оның да көңілі барын байқап қалып, Гумилевке кетуін өтінеді... Шығармашылық адамдардың әрекеті тосын келеді ғой. Алексей Толстойдың айтуынша Гумилев бір апта бойы өрмекшілерді жинап, оларды «төбелестірген». Сосын шатырға шығып, «Капитаны» атты өлеңдер циклын жазған. Содан кейін ғана әлгі жинаған өрмекшілерді босатып, өзі кетіп қалған екен. Бұл істен мүмкін, ақынның өзі алған бір ішкі ләззаты болған шығар. Ал, айналасындағыларға түсініксіздеу әрекет болып қала берді...
Күзде «Аполлон» журналының бас редакторы Сергей Маковский «Черубина де Габриак» деген жазуы бар хатты алады. Осылайша Волошин мен Дмитриевадан әдебиеттегі күміс ғасырдың мистификациясы басталады. Сол күзде Волошин Гумилевті дуэльге шақырады. Әрине, не үшін екенін өздеріңіз сезіп отырған боларсыздар... Қара өзеннің маңында болған дуэльде абырой болғанда қан төгілмеді. Өйткені, Волошин көкке атса, Гумилевтің оғы тимеді...
1911 жылы Дмитриева инженер Всеволод Васильевке тұрмысқа шығып Петербургтен кетеді. 1921 жылы оларды тұтқынға алып Екатеринодарға жібереді. Сол жақта ол Самуил Маршакпен балалар пьесасы бағытында жұмыс жасайды. Өкінішке қарай, ол 1928 жылы Ташкентте қайтыс болады.
1927 жылы өзінің «Исповедь» атты шығармасында Гумилевпен арада болған сезімі жайлы жазады. Бастан кешірген махаббаты ақынның өлеңіне айналып кетті. Дер кезінде қос ақын бір-бірін түсінісе алмаған да шығар. Дегенмен, өткен күндерін де Гумилевті де кешіргенін келесі өлеңінен байқауға болатын сияқты:
Все что было холодного, злого,
Это не было ликом твоим.
Я держу тебе данное слово
И тебя вспоминаю иным...
Әрине, бұның бәрі тағдыр шығар... Ал қос ақынның тағдыры аңызға айналды да, ақ парақ беттерінде өлең болып қала берді...
Ольга Высотская
Әдебиеттің айналасындағы адамдар өздеріне әрдайым жаңа орта, жаңа шабыт беретін дүниелер іздеп отыратын сияқты. Өйткені, өткенін айналсоқтай беру – шығармалардың бірсарынды болып кетуіне себеп болатыны тағы бар...
Ақынның музасына айналған тағы бір ару – Ольга Высотская. Всеволод Мейерхельдтің шәкірті, театр актрисасы. Гумилев бұл арумен 1912 жылдың қаңтар айында Бальмонттың 25 жылдық шығармашылық кешінде танысады.
Бір өкініштісі, ақын мен актриса арасындағы нәркес сезім ұзаққа созылмады. 1913 жылдың наурыз айында ешбір себепсіз Высотская Гумилевтан кетіп қалады. Ол кезде актрисаның аяғы ауыр еді. Сөйтіп, қазан айында Высотская Гумилевтің екінші баласы Орестті дүниеге әкеледі. Гумилев ол баланы ешқашан көрмеген. Бірақ, Анна Ахматова мен оның үлкен ұлы Лев Гумилев (танымал тарихшы) 1937 жылы онымен танысады. Ақын мен актрисаның арасындағы роман осылай аяқталады...
Әрине, әр қаламгердің өміріндегі нәзікжандылар – міндетті түрде олардың шығармашылығының өрлеуіне немесе құлдырауына ерекше әсер ететіні анық.
Лариса Рейснер
Бұл ару да ақын еді... Өзі журналистика саласында қызмет етті. Толығырақ айтар болсақ, Лариса Рейснер – әскери корреспондент, Всеволод Вишневскидің «Оптимистическая трагедиясындағы» комисар-әйел прототипі, депломат Федор Раскольниковтың әйелі, Карл Радеканың ғашығы, ақылды, батыл, ерекше сұлу әйел болған. Дегенмен, Гумилев екеуінің арасындағы сезім ұзаққа созылмады. Өйткені...
Әңгімемізді олардың қалай танысқанынан бастасақ.... Лариса Рейснердің ақын болғанын айттық. 1916 жылдың жапырақтар жауған күзінде «Привал комедиантов» дәмханасында өлең оқып тұрған жас қызға Гумилевтің назары ауады. Сол таныстық қос ақынның алты ай бойғы әдемі сезімді кешуіне себеп болады.
Кейбір зерттеушілердің пікірінше Гумилевпен арасы ажырағаннан кейін қайғысын ұмыту үшін Рейснер революциялық жұмыстармен айналысып, өзіне алданыш тапқан көрінеді. Осылай жасасам, оны ойлауға уақыт қалмайды деп шешсе керек... Тіршілікпен өзіңді алдауың мүмкін, ал жүректі ше?... Қаламгер үшін жүректің дауасы – жазу ғана еді. Гумилев оны «Гондла» пьесасының басты кейіпкерінің есімімен Лери деп атаса, Лариса оны оның «Отравленная туника» шығармасының басты кейіпкері Гафиздің есімімен атаған екен... Тіпті, ол Ларисаға жазған хатының басын өзінің «Гондла» атты пьесасындағы: «Лера, Лера, тәкаппар бикеш, сен бұрынғыша менен қашып кетіп барасың...», - деген сөздерімен бастаған екен. Содан-ақ бұлардың арасындағы сезімнің, шығармашылықтың тандемін байқауға болатын сияқты... Бірақ, бұл романның не себепті осылай хоштасумен біткені бізге беймәлім. Біреулер Гумилевтің Рейснерден көңілі бірден суып, Рейснердің оған деген сезіміне қарамастан оны тастап кетті деп жорамалдайды. Енді біреулері Ахматованың соңынан кетті деген дәйектемелер де айтады. Қалай дегенмен қос ақынның бұл сезімдерінен опа таппағанын ұзақ бірге тұрмағандарынан-ақ білуге болатын сияқты...
Анна Энгельгарт
Гумилев тарихшы әрі жазушы Николай Энгельгардттың қызы Аннаға 1920 жылы үйленеді. Мәдениет үйінде оны екінші Анна деп атаған. Бір қызығы бұл жұбайы Гумилевтің айналысып жүрген ісіне де, шығармашылығына да еш араласпаған екен. Ол өте нәзік болғанымен, сәйкесінше өте тұйық, біртоға жан болған. Ол туралы Анна Ахматова: «Он вообразил, будто Анна Николаевна вокс, а она оказалась – танк», - деген мінездеме қалдырған....
Гумилев екінші Аннадан туған қызының есімін Трояндық соғыстың басталуына себеп болған, жер бетіндегі ең сұлу әйелдің құрметіне Елена деп атаған.
Ол әйелдің мінезі туралы ақпарат өте аз. Себебі, мінезі тұйық қана емес, тіпті өте аз сөйлейтін адам болған деседі... Гумилевтің әпкесі Александра Сверчкова екінші Аннаның өз ауызынан 1924 жылы: «Когда я узнала о трагической смерти Коли, я даже плохо танцевала,» - дегенді, жазып алған... Сондықтан да Николай Гумилевті бұл үшін жазғырудың қажеті жоқ шығар. Кім болса да, өз эйфориясын тапқанша өзге ғұмыр иесін іздей беретіні анық...
Әңгімеміздің соңын Жүрсін Ерманның бір шумақ өлеңімен қорытындыласақ:
Сырыңды соған ашасың,
Шөліңді содан басасың.
Адамның күні – Әйелмен,
Әйелдер мәңгі жасасын!
Материалды дайындаған Айжамал Көпеева
Бөлісу: