Мен жалындап өтемін
Бөлісу:
Қаңтар айының 23 жұлдызында сағат 19.00-де Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақстанның халық ақыны, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Мен жалындап өтемін» атты музыкалық әдеби кеш өткізеді. Поэтикалық кеш «Астана» концерт залында болмақ.
Фариза Оңғарсынова – қазақтың аса көрнекті ақыны, қоғам қайраткері. Ол өзінің өміршең отты жырларымен халықтың ыстық ықыласына бөленіп, елдің жұмыр жүрегінен мәңгілік орын таба білді. Бүгінгі таңда поэзия патшайымының өлеңдерін күллі қазақ баласы сүйіп оқып, жатқа айтатыны жасырын емес.
Алғашқы өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1958 жылы жарық көрді. «Алмас қылыш», «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Қарғыс», «Қасірет пен ерлік жыры» поэмалары, «Үйім менің – Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамалары ұлтымыздың жадында.
Көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылды. Соның ішінде Чили ақыны Пабло Неруданың «Жүректің төрт мезгілі» кітабын, орыс ақыны А.А.Блоктың «Нәпсі», «Куликов даласы», «Он екі жыл өткен соң», «Кармен», «Қарлы перде» өлең топтамаларын, сондай-ақ, Р.Ф.Казакованың, Е.А.Евтушенконың, араб ақыны Әбдірахман әл-Хамисидің жекелеген шығармаларын қазақ тіліне аударған бірегей ақын.
Кеш аясында аяулы ақынның өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған «Жаным-дала, көгінен бұлт арылмай», «Айналайын, Оралым», «Қимастарым», «Фариза, Фариза жан, Фариза қыз» т.б әндері орындалады.
adebiportal.kz
Бөлісу: