Қазақ әдебиеті – әлем назарында
Бөлісу:
Бүгін Астана төрінде «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазіргі қазақ әдебиеті антологияларын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмысы жөнінде шетел аудармашыларымен кездесу өтті.
Жиында Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей және Қытай аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының өкілдері жұмыс барысы жайлы баяндамалар жасап, авторлармен пікір алмасты. Жаһан оқырмандарына жол тартатын антология екі жинақтан тұрады. Біріне проза, екіншісіне поэзия шығармалары топтастырылады.
Басқосуда сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұ.Есдәулет шетел тіліне аударылған шығармалардың сапасына, бүгіргі аударма ісінің жай-жапсарына тоқталып, алыстан келген қаламгерлерге алғыс білдірді.
Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Р.Кенжеxанұлының айтуынша, әлемнің алты тіліне аударылатын әрбір жинақтың таралымы 10 мың данадан болады. Антологиялар алдымен іргелі университеттердің кітапxаналарына тегін таратылады.
«Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тілі – ағылшын, қытай, орыс, француз, испан және араб тілдерінде 70-тен астам ел сөйлейді. Барлығында 2,5 миллиард xалық тұрады. Қазақ әдебиетінің антологиясы екі жинақтан тұрады. Әрбіреуіне 30 автордың шығармасы енді. Демек, проза мен поэзия бойынша 60 автор бар. Әрбір авторға бір баспа табақ беріліп отыр. Сонда әрбір жинақ 400-500 беттің көлемінде болады. Бұл – өте үлкен әрі ауқымды жинақтар. Авторларды Жазушылар одағы іріктеп берген болатын. Негізгі мақсат – аударманы мейлінше жетік, мейілінше сапалы етіп дайындау. Өйткені бұған дейін біздің тариxымызда қазақ әдебиетін мұндай көлемде, мұндай деңгейде аудару мен тарату тәжірибесі болған емес», – деп атап көрсетті Р.Кенжеxанұлы.
Шарада қазақ тіліндегі шығармаларды БҰҰ-ның алты тіліне аудару келіссөздері кезінде ол шығармаларды тарату мәселесі де пысықталды. Мәселен, антологияның ағылшын тіліндегі нұсқасын Ұлыбританияның Кембридж университетінің баспасы әзірлейді.
«Бұл кісілер біраз ойланып, өз келісімін берді. Бәріміз жақсы білеміз, Кембридж университетінің беделі де, тәжірибесі де мол. Ал университеттің жанындағы баспа үйі дүниежүзінде өзін ең алғашқы баспа үйі деп таныстырады, 500 жылдық тарихы бар. Бүгінде осы баспа аудармаға кірісіп, қазақ тілінен ағылшын тіліне аударманың жолма-жол нұсқасын әзірлеп қойды. Алдағы уақытта бұл мекеме аударманы жинақ үлгісінде басып, ағылшын тілінде сөйлейтін негізгі елдерге өзі таратады. Соның ішінде Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия сияқты мемлекеттер бар. Ағылшын тіліндегі екі антология да кемінде 10 мың данамен басылып, жаңағы елдердегі негізгі кітапханалар мен оқу орындарына тегін таратылады», – деді Р.Кенжеханұлы.
Антологияның француз тіліндегі нұсқасын дайындауға Париж қаласының мэриясы және Франция ұлттық кітап орталығы негіз болды. Осы елден арнайы келген Кристина Зейтунян Белоус қазақ қаламгерлерінің туындыларына жоғары баға беріп, қазақ-француз байланысының нығая түсетініне сенім білдірді. Ол белгілі қазақ ақындары Ф.Оңғарсынова, Е.Раушан, Т.Медетбек, С.Нұржан, А.Дəулетбаева, Е.Жүніс, А.Елгезектің өлеңдерін француз тілінде сөйлетті.
Сондай-ақ, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей және тағы басқа танымал жазушылардың шығармалары осы жоба аясында шетел тіліне аударылып, әлем оқырмандарына жол тартады.
Антологияның испан тіліндегі нұқасын шығаруды осы елдің мәдениет министрлігі қолдады. Әйгілі Сервантес институты кеңесші ретінде тартылып отыр. Ал 40 жылдық тарихы бар «Визор» баспа үйі антологияны басып, Испанияның өзінде және Латын Америкада испан тілінде сөйлейтін 20 шақты елдерге тарататын болады.
Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті орыс тіліндегі нұсқаны әзірлесе, Қытай Халық Республикасының Ұлттар баспасы екі жинақтың қытай тіліндегі нұсқаларын даярлайды. Ал араб тіліндегі нұсқаны даярлау міндетін Мысыр Араб Республикасының мәдениет және білім орталығы өз мойына алып отыр.
adebiportal.kz
Бөлісу: