Жанат Боқашұлы. Қағушы
Бөлісу:
(эпикалық сарын)
әкем, Боқаш (Үрімхан) Бесікбайұлы рухына
Бүркітші тау басында, қағушы ойда,
Іздің бетін түзетіп аңдағанда. . .
Абай
Бұрынғының бұрғандай көшін бері,
Кеңесімен әкемнің есімдегі.
Жаңғыртайын жаңалап көне күнді,
Көзден өткен туған жер төсіндегі.
Көкірегімде көненің сан қилы әні,
Сыбызғыдай сырлары шалқиды әрі.
Ақтарғанда ағымнан жарылғандай,
Отыз жылғы бұрынғы оқиғаны.
Көкейінен кеткендей күйлер саулап,
Тәтті әңгіме еріксіз тартты баурап.
Үйірілдік жанына бала едік,
Мал қоралап болған соң азын-аулақ.
Бір қызықты сезеді, ішім анық,
Байқап едім әкемнің түсін бағып.
Ұлытаудай ұлықтай көрінеді,
"Көк темекі"ерінге күсіп алып.
Бір түйіліп жазылып қас қабағы,
Еліктірді біздердей жас баланы.
"Атты суыт"деді де бір ағама,
Саят жайын сондағы бастағаны.
* * *
Шаршағанын сездірмей талғандығын,
Ертегіге алғандай жалғап жырын.
Пеш жанында бүргелі "қызыл түлкі"
Хикаясын саулатты алған мұның.
Сарыөлеңде* түлеген жақын маңның,
Түлкісі екен айтайын отыр бәрің.
Дегенінде аңқиып бір тізерлеп,
Шетін ала сырмақтың жақындадым.
Басталғанда кеңесі төрден қырдың,
Суреті алыс елестеп жерден бұрын.
Әңгімесі былайша, қағушы боп,
Көрші шалға бүркітші ерген бүгін.
* * *
Ат жолымен қиынмен жалғыз жортар,
Жота кезді сан қилы қатпар-қатпар.
Төрт аяғы мұздай боп бүршіктелген,
Қыста мінер астында "сарбас" ат бар.
Бүркітшіден бір елі қалыспады,
Қой жорғалап желіп те жарысады.
Біршама жер ауылдан алыстады,
Ауыздықпен сарыбас ат алысады.
Біраздан соң жырақтау қалып қойып,
Көк адырды көзімен шолып толық.
Тас лақтырды үстірттен қағушы да,
Айт-айттады етегін қағып қойып.
Тұрғанында айқайлап ұран салып,
Жылт еткендей бір қыбыр сылаң қағып,
Тастан қорқып, тасадан шыға келді,
Қырдың қызыл түлкісі бұлаң қағып.
* * *
Томағасын тартты аңшы көргенінде,
Көз пердесін тағының түргенінде.
Әйгі қыран аспандап қалықтап ап,
Әккі қуға аспаннан төнгенінде.
Қанатынан қара бұлт тілінгендей,
Сірә тегі аспан жер бүлінгендей.
Шүйілгенде шеңгелі болды әуелі,
Дәл таңынан алдымен ілінгендей.
* * *
Тұра ала ма, мұндайда көрген ер де,
АБАЙ айтқан қызық ғой көрген пенде.
Шапандары жалпылдап шапты екеуі,
Қалт жібермей түлкіні бүрген жерге.
Аңкөс жан-ды аулаған бұрын да аңды
Аңшылықтың өзіне сыры мәлім.
Ұшқыр атпен ұштырып тізгін ұшы,
Бүркітшіден әкем сәл бұрын барды.
Дәл тақамай аулақтау түсе қалды,
(Көнелердің осылай іс амалы )
"Ат демінен адамның көзінен де"
Деген сөз бар қу түлкі "күш алады "
* * *
Көрінеді түлкінің төсі ағарып,
Бүре түсті жатқандай өшін алып.
Бір шеңгелі таңында бірі ауызында,
Отыр қыран астына басып алып.
Болжағанға мұның да сыры бар-ды,
Айта берсең таусылмас жыры бар-ды
Ебін тауып маңына тақау барып,
Тоқпағымен түлкіні ұрып алды.
Айтып болмас қызығын сол араны,
Ат байлаусыз, қарайтын жоқ амалы.
Ауыздықпен жайылған сарыбас аттың,
Сағағына сары өлең оралады.
* * *
Ата салтын бір елі аттай ма алды,
"Сақтамаса салтын да бақ тайғаны"
"Үйірімен үш тоғыз"деп сілкіп ап,
Алдына ақсақалдың тастай салды.
Бүркітші шал жатпай-ақ ойлап енді,
Ол да ата дәстүрге бойлап еді.
"Еңбегің бар алғашқы сенікі" деп,
"Қанжығаңа қарағым байла" деді.
** *
Асатып ап, қызыл ет бүркітіне,
Жалғағандай тым қысқа күнді күнге.
Жолықса "қу" қызыққа батпақ болып,
Аттарын бүлкектетіп жүрді бірге.
Бір-біріне қосқандай құба белді,
Күн де еңкейіп ұяға ыға берді.
Домалатып бір тасты қалып еді,
Бір қыраттан бір "бұлаң" шыға келді.
* * *
Шарықтап ап, паң мінез бір көгіне,
Заңғардан кеп бүрмек боп шеңгеліне.
Шүйілгенде жалт беріп түлкі де әккі,
Тасқа түсті ілінбей ілмегіне.
* * *
Деп әкем де өкінді таяп барды,
Шүйілгенмен амал не таятпады.
"Қыр қызылы еді-ау" деп амалың не...
Әңгімесін осылай аяқтады.
* * *
Өтер дәурен жан бар ма, қарайлаған
Алдың үміт болғанмен арайланған.
Өзектерді өртеген сонан бері,
Талай жылдар өтіпті-ау талай заман.
Үмітпенен елітіп алды уақыт,
Көргенімен күнін де таңын бақыт.
Қайран әкем басынан өтті-ау бір күн,
Түлкі-заман түріне таңырқатып. . .
2013 жыл, ақпан
Бөлісу: