Зәкір Асабаев. Үш алыптың достығы
Бөлісу:
- Темірбек Жүргеновтің кабинетінде домбыра болатын.
- Бейімбет Майлиннің «Шұғасы» тұңғыш рет қалай сахналанды?
- «Шұға» бүгінде қойыла ма? Ескеретіндер бар ма?
– Жазу-сызу аздап қолымнан келгенмен, мен ақын да, жазушы да емеспін. Тек өнерге қатысты көзім көріп, куә болғандарды ғана әңгімелеуге құлқым бар, – дейтін қарт әнші, еңбегі сіңген артист, марқұм Бісміллә Балабеков. – Сендер 1930 жылдар ішінде қазақ өнерінің қалайша өсіп-өркендегенін онша біле бермессіңдер. Қазақтан шыққан тұңғыш театр режиссері Жұмат Шанин мен министр Темірбек Жүргеновтің қазақ өнеріне қамқорлықтары ерекше еді ғой. Екеуі де «халық жауы» боп атылып кетті. Олар жөнінде қазіргі айтылып, жазылып жүрген дерек-мәліметтерде дәлсіздік, білместік, бұрмалау жоқ емес. Тіпті, олармен үзеңгілес боп, жұмыс бабында қатар жүрген мен де бес саусақтай білемін дей алмаймын. Әйтсе де, есімде сақталған кейбір жайларды ортаға салу парыз.
Бір таңқалатыным, халық таланттарының 1934 жылы өткен республикалық слеті жөнінде егжей-тегжейлі айтылатын қомақты еңбек әлі күнге дейін неге жоқ? Слетті кімдер ұйымдастырды, кімдер қатысты, кімдер қандай жүлдеге ие болды, жалпы, қалай өткенін жан-жақты баяндайтын – қатысушылардың бәрінің суреті басылған – кітап неге шығармасқа?! Әркімнің өз білгенінше тиіп-қашып сөз ететіні аз. Білместік, кереғарлық сондайдан туындайды.
Темірбек Жүргенов
Енді негізгі айтарыма келейін. Құдай берген дарынның арқасында 1932 жылдың басынан бастап Қарағанды радиосында біраз уақыт Қали Байжанов, Иса Байзақов, Қосымжан Бабақовпен бірге әнші боп істедім (бұл жұмысқа мені композитор Борис Ерзакович алдырған болатын). 1933 жылдың басында Сібірге әкем, қарындасым Рахима үшеуміз гастрольге шығып, Кузбасстың айналасындағы қазақтарға үш ай концерт көрсеттік. (Әкем мен қарындасым Рахима Кузбасстың өз басында тұратын). Новосибирск радиосынан ән салдық. Ұлты орыс болса да, радио басшылары Алматыдағы жағдайларға қанық екен. «Сендердің астаналарыңда «Айман-Шолпан» деген спектакль қойылды. Режиссері Жұмат Шанин. Бұл хабарды біз Мәскеу радиосынан естідік, газеттен оқыдық, сенің орның сонда емес пе?» – десті (мұндай сөзді өзіміз түскен үйдің иесінен де естіп едік).
Сол қамшы болды ма, қайдам, ертеңіне әкем мен қарындасымды Кузбассқа аттандырып, бірден Алматыға тарттым. Бұрыннан жақсы білетін Жұматтың үйіне түстім. Оның үй-іші арқа-жарқа боп, қуана қарсы алды.
Жұмат Шанин
Жұмат таяуда Қырғызстаннан оралғанын, онда жаңа спектакль қойғанын айтты. Бұл 1934 жылдың көктемі еді. Жұмат ертеңіне мені оқу-ағарту (мәдениет, өнер де соған қарайды) комиссары Темірбек Жүргеновке апарды: «Мен қырғызға кеткенде, бұл Новосибирскіде жүріпті, тауып алдым», – деп жатыр. Министрмін деп отырған Темірбек жоқ, өте қарапайым, сыпайы, ашық. Бұрыннан таныс болғандықтан: «Кәне, «Қызыл бидай», «Алтыбасар», «Топай көк», «Қанапияны» айтып жібер», – деді. Домбырам жоғын байқасымен, оң жағында қабырғаға сүйеулі домбыраны алып, қолыма ұстатты (көрдің бе, қазір қайдам, ол кездегі министрлердің кабинетінде домбыра болатын). Темірбектің сұраған әндерін кабинеттің ішінде шырқап бердім. Министр ризалық сыңаймен Жұматқа қарады. Жұмат басын изеді.
Кабинеттен шығысымен театрға бардық. Қызметке қабылдандым. Сәл күннен соң Жұмат: «Алматыда халық таланттарының слеті өтеді, әкең де қатыссын, шақыр, біліп қой, бұл министрдің ұсынысы. Темкең әкеңді де біледі», – деді. Бір жеті өтер-өтпестен әкем келді. Жұмат пен әйелін (Жанбике) дәмге шақырдық. Әкем Жұматтан Әбікей Сәтпаев, Әміре Қашаубаевты сұрады. Әбікей аман-сау, Әміре қайтыс болды дегенде көз жасын төгіп жіберді.
Әміре Қашаубаев
Әкем солығын басып, көңілі біраз жайланды-ау дегенде:
– Қазақстандағы күллі өнерпазды жинап байқау өткіземіз. Озғандарға бәйге беріледі. Сіз сахнаға шыққанда Біржанның «Май-да қоңыр», «Жамбас сипар» әндерін жиырма бес жасыңыздағыдай айтыңыз, – деді Жұмат.
– Қартайдық қой, – деді әкем.
– Алда Бейімбеттің «Шұға» пьесасын қоймақшымын. Бұйырса, сондағы қарттардың бірінің рөліне шығасыз, – деді Жұмат.
– Ол болмас, – деді әкем. – Қинама. Басқалар бар ғой. Мен ән салуға жарасам да жетер.
– Жарайды, онда әннен сүрінбеңіз. Алда өтетін слеттің мәні үлкен. Мақсат – халықтың ән-күйлерін мадақтау, жинау, кейінгілерге аманаттау. Жүргенов солай деп отыр, – деді Жұмат асықпай сөйлеп.
– Бұларың орынды екен, – деді әкем. – Ал, енді сен өзің де қара жаяу емес едің ғой, басқа жерде болмаса да, осы дастархан басында бір-екі ән салсайшы, біз де бір жасап, жырғап қалайық.
Жұмат пен Жанбике сызылтып ән салды. Ой, сағынышты күндер-ай. Енді қайтып келмейді-ау. Қайран Жұмат, арманда кеткен арысым-ай!..
Сонымен, Пушкин көшесіндегі музыка театрында (кейін ұзақ жыл «Қазақконцерт» сонда болды) өнерпаздарды тыңдау басталды. Елдің әр түкпірінен ат сабылтып келгендер қаншама. Бір ғана Жамбыл ақын мен Дина күйші не тұрады десейші. Екеуі де керемет екен. Біліп қой, Жамбылды мен әлі даңқы жер жармай тұрған, елден кел-ген талант иесі ретінде көріп, тәнті болғанмын.
Қазақ театрының алғашқы өнерпаздары
Өнер өкілдері бірінен соң бірі шығуда. Үздік дегендерді қазылар мен Жүргеновтің өзі жазып алып жатыр. Бір кезде сахнаға үстінде үлкен жеңіл шапаны бар Жәкең (Жамбыл) қырғыз қалпағын шалқайта киіп шыға келді. Даусы қоңыраудай, өткір, ашық. Үзіліс кезінде оны Ораз, Кенен, Сәкен, Жүргенов, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Ахмет, Сәбит, Затаевич, Жұматтар ортаға алып, құрмет көрсетті. Ұлы ақын: «Әттең, осы күн жиырма бес жасымда келмеді-ау», – деп жымыңдайды.
Келесі күні Жамбыл бізді сөзін өзі жазған «Угайым», «Тоқсан бес» деген екі әнімен таныстырып: «Екеуін де сен айтасың, тез үйрен», – деді маған. Қорытынды концерт күні бас жүлде алған Жамбыл, Дина және менің әкем Балабек жиналыс төрінде отырды. Үшеуіне де бірінші дәрежелі диплом, құрмет грамотасы тапсырылды, дербес зейнетақы тағайындалды.
Осы слетті ұйымдастырған әрі музыка театрының келешегін ойлаған Темірбек пен Жұмат жар құлақтары жастыққа тимей зыр қағып жүріп, байқауда көзге түскен айрықша дарын иелері – қобызшы, сыбызғышы, сырнайшы, күйші, биші, әншілерді слеттен кейін алып қалуға күш салды. Ғарифолла Құрманғалиев солардың ішіндегі шамшырақ іспетті еді. Жұмат Шанинді – кәсіби маман ретінде – опера және балет театрының да іргетасын қалаушы деуге әбден болады.
Авт. Б. Майлин, реж. Е. Обаев, «Шұға», 1971 ж.
Шұға – Р. Әшірбекова, қойшы бала – А. Кенжеков
Бұл кездер Жұматтың Бейімбеттің «Шұғасын» сахнаға шығаруды ойластырып жүрген шағы-тын. Слет аяқталған соң көп ұзамай дайындыққа кірістік. Жұматтың режиссерлік тәсілі қарапайым, қонымды, актерлар мен актрисалардың тез түсініп, қабылдауына ыңғайлы. Жұмат әуелі оларды бір-екі күн қатар отырғызып, пеьсаны не өзі оқиды, не басқаға оқытып, тәптіштеп түсіндіреді. Әркімге тапсыратын кейіпкерінің мәтінін жаздырады. Сөйтеді де: «Ал, енді жазған қағаздарыңа қарап отырмай, сөзді бірінен соң бірің іліп әкетіңдер, – дейтін. – Сөздерді жаттап алыңдар, суфлерге сенбеңдер. Ол сендер сүрініп-қабынбас үшін шұңқырда бұғып отыратын аңдушы. Екі көздерің суфлерде боп, құлақтарыңды түре бермеңдер. Кім қай жерде не айтады, қай жерде іркіледі, дауысты қалай шығарады, құбылтады, айқайлайды, күледі, жылайды – бәрін өзі біліп, өзі шешуі тиіс. Спектакль сонда ғана жұрттың көңілінен шығып, табиғи мәнге ие болады», – дейді.
Күнде дайындық, ақ тер, көк тер. 20-25 күннен кейін театр залына дайындықты көру үшін Бейімбет Майлин келді. Бұл кезде артистер өз рөлдерін түгелге жуық меңгерген. Жұмат: «Бейімбеттің алдында қысылып-қымтырылмаңдар, тіпті, оның отырғанын білмеген боп ойнай беріңдер», – деп кеңес берді.
Бейімбет Майлин
Мен бақсы болып шыққанда Жұмат Бейімбеттің жанында отыр екен. Биағаның жүзіне күлкі үйіріліп, масаттанғаны көрініп тұр. Дайындықтан соң Жұматқа: «Пьесаны маған бере тұрыңдар, біраз ұштайын. Әсіресе, анау бақсының аузына өтімдірек сөз салайын, бірдеңе жетпейтін секілді, шамам жеткенше өткірлейін», – деп шығармасын алып кетті.
Ол күні біздің де арқамыз кеңіп, сыра ішіп, ырғап-жырғап қалдық. Ертеңіне дайындық күндегіден әлдеқайда қызу жүрді. Ертелетіп кел-ген Биағаң Шұға рөліндегі Күләш Байсейітова, Әбіш рөліндегі Ибәди Тәуекелов, оны алмастырғыш Қанабек Байсейітовті қайта-қайта тексеріп, шеберлікті шыңдауға үйретті. Оған шамданған Жұмат жоқ, қайта жазушыны көтермелеп, дем береді, «мен ескермеген екенмін, мұныңыз орынды» деп жайраң қағады, алғыс білдіреді. Биағаңның жас кезінде өз аулындағы қызыл отауда пьеса қойғанын да сол жолы: «Әй, Жұмат, егініме түсті деп өкпелеме, сендей сайыпқыран болмағанмен, менің де режиссерлігім бар», – дегенінен аңғардық.
– Әй, Бісміллә! – деді Биағаң маған бұрылып. – Бақсы келеді де-генде қарапайым жұрт оның жыны болады деп былай да қорқады, білдің бе? Ауруды қарағанда бақсы халықты алдап, дүние-мүлікті көбірек қарпу үшін барынша құтырады. Шұғаның жанына ба-рып, аузыңнан ақ көбігің бұрқырап зікір салғанда, өтірік сөйлеп, алдайтының сезіліп тұрсын. Айтатын сөздерді қайта жаздым, толықтырдым. Жақсылап таныс, жатта, құйындатып, зуылдатып, жұрт үркетіндей етіп сөйле!
– Құп болады, Биаға! – деймін қол қусырып. – Жаным садақа! Дайындық бітіп, «Шұғаны» халыққа көрсететін күн де жетті.
Жұмат бәрімізге жеке-жеке қосымша ақыл-кеңес, нұсқау береді, пысықтайды. Тектілігінде шек жоқ, сабырлы, байсалды, сенімді.
Ойын басталды. Зал лық толы. Жұрт біресе Шұға мен Әбіштің мөлдір махаббатына сүйсініп, қуана құптайды, біресе бастарына түскен машақаттан торығып, қайғы-мұңдарына налиды, көздеріне жас алады. Міне, айықпас дертке ұшыраған Шұға төсекте жатыр. Кезек бақсыға жетті. «Жындарымды» шақыра жұлқынып шықтым да, қобыз тартып отырған бейбақтың қолынан аспапты жұлып алдым. Көзімді алақ-жұлақ еткізе барып, қабырғаға сүйеулі аса таяқты жерге салдыр-гүлдір атып ұрдым. Қайта көтеріп, еденді түйіп-түйіп қалдым. Қобызды жерге бір соғып, аурудың айналасында отырғандарды үркіте қуып жібердім. Біресе секіріп, біресе күжірейіп, Шұға болып «ауырып» жатқан Күләшті екі айналдым. Аса таяқты оқтала сермеп, залда отырғандарға қарай екпіндей жүгірдім. Бар да-усыммен «аллаһу-ақ, бәлекті қақ!» – деп зікір саламын. Аузымнан ақ көбік атылады. Қайтадан қос аяқтап қарғып-секіріп, Күләштің жанына бардым. Әлденелерді айтып, аса таяқты жоғары-төмен ұрғылаймын. Күләшқа көзім түсті. Теріс қарап күліп жатыр. Мән беруге болмайды. Одан сайын екіленіп: «Аллаһу-ақ, бәлекті қақ!» – деп барылдаймын, уілдеймін, секіремін, шыр айналып жүгіремін. Бір сәт дамылдап, залға қарадым. Қыран-топан. Орындарынан тұрып, қайта отырып жатқан адамдар. Маған ежірейіп, үрке қараушылар одан көп. Сарт та сұрт шапалақ. Жұмат мәз-мейрам. Жанбике жеңгем тіпті риза. Биағаның екі езуі екі құлағында. Әттең, не керек, Шұғаны «бақсылықпен» жаза алмадым. Бақиға аттанды.
Күләш Байсейітова
Ойын бітті. Артистер мен Жұмат, Бейімбет сахнаға шықты. Сәкен, Ілияс, Сәбит, Мұхтар, Ғабиттер олардың кезек-кезек қолдарын қысып, құттықтап жатыр. Арынымды баса алмай, терімді құрғатып, аса таяғымды тауып алғанша «бақсы, бақсы!» деген айғай шықты. Аса таяқты көтеріп залға шыққанымда жұрт маған да құрмет білдіріп, дуылдата қол соқты.
Шымылдық жабылды. Жұрт тарап жатыр. Бейімбет Жұматтың қолынан ұстап тұрып: «Бәрекелде, бауырым! Дарыныңа бас иемін. «Шұға» бұлай шығады деп ойлаған жоқ едім. Бір бақсының өзі-ақ анау-мынау кем-кетікті жойып жіберді», – деді. Біраздан соң маған да жақып кеп: «Саған үлкен рахмет. Мен де біраз бақсыны білуші ем, бірақ, сен бұрын-соңды мен көрмеген тосын қимылдар жасап, пьесаға одан сайын жан бітірдің. Залға қарай тап берген тұсыңда бәріміздің төбе шашымыз тік тұрып, кәдімгідей шошындық. Әсіресе, жеңешең орындықтың астына кіріп кете жаздады», – деп селк-селк күлді.
– Ал мен сені залдағы халықты айдап шыға ма, қайтеді деп ойладым, – деді Сәкен аға.
– Таңертең біздің үйге кел, Жұмат та келеді, – деді Биағаң қоштасарда. – Ұмытып жүрме, келістік пе?
– Ұмытпаймын, қазір жүр десеңіз де баруға әзірмін, – дедім әзілдеп.
– Қазір болмайды, – деді біз қалжыңшыл деп ойлайтын Биағаң бұл әзілімді түсінбегендей. – Дайындық жоқ, жеңгеңнің де осында келгенін көрдің ғой. Айтпақшы, домбыраңды ала кел. Өз домбыраңмен ән салғаның дұрыс. Біздің домбыра саған жарамайтын шығар. «Ағаш аяқ», «Юран-ай»,» Сапар», «Қызыл бидайды» сенен артық айтатын ешкім жоқ қой, соларды тыңдап бір рахаттанайық. Келмей қалма!
Шақырып отырған Биағаң болса, шалқаятын мен кіммін? Таңертең барсам, Жұмат менен бұрын барып, Биағаң екеуі әңгімелесіп отыр екен. Дастархан алуан түрлі дәмді тағамға толы. Әне-міне дегенше, исі мұрын жаратын қызыл қуырдақ та келді. Қызыл дейтінім, сол кезде қала қазақтары асқа жаппай томат езіндісін пайдаланатын. Бірінен-бірі көріп, еліктейтін болса керек. «Тамақ жеуің онша емес қой» деген Биағаңа Жұмат: «Мынаның құйрығы қайсы, өкпе-бауыры қайсы, ажырата алмай отырғаным», – деп бәрімізді ду күлдірді. Бірер сағаттан кейін дастарханға әкелген бір табақ еттің көбі құйрық екен. Биағаң елеусіз ғана. «Ал, міне, құйрық та келді, асай бер»,− деді тағы да Жұматқа қарап.
Осылай әзіл-қалжыңымыз жарасып, түс ауғанша отырдық. Биағаңның қалаған әндерін шырқап бердім. Жұмат пен Биағаң ертең Жүргеновке барып, елге гастрольге шығу жөнінде сөйлесеміз десті.
«Шұға» мен «Айман-Шолпанды» апарсақ, ұпайымыз түгел болады деп те қалды.
«Шұғаны» тағы да бір ай қойып, кем-кетігін түзеп шираттық.
Халық үнемі көп жиналады, бос орын болмайды.
Бір айдан кейін Қарағандыға аттандық. Бір күн «Шұға», бір күн «Айман-Шолпан» қойылады. Соңынан концерт көрсетеміз. Шахтерлер қаласында қазақ аз емес-ті. Зал бір күн бос болмайды, халық азаю орнына көбейе берді. Құрманбек жасаған Көтібар, Күләш жасаған Шұға, Айман, Манарбек жасаған Жарас бейнелері жұртқа ерекше ұнады. Күн сайын оларды да, басқаларды да іздеп келеді, қонаққа шақырады. Жұматқа құрмет мүлде бөлек. Сонау Қарқаралыдан іздеп келушілерде есеп жоқ. «Елге жүріңіз» дейді. Жұмат бара алмайтынын айтады. «Онда бәріңді алып кетеміз» дейді. «Ол да мүмкін емес, алдын-ала белгіленген жерлерге ғана баруымыз керек, тәртіпті бұзуға болмайды», – дейді Жұмат.
"Айман - Шолпан" қойылымынан
Қазақша, орысша газеттерде біз туралы күнде жазылады. «Шұғаны» жазған Бейімбет Майлин, «Айман-Шолпанды» жазған Мұхтар Әуезов, оларды сахналаған режиссер Жұмат Шаниндерге алғыс айтады. Құрманбек Жандарбековті көбірек дәріптейді. Оның артистігі де, дарыны да ғажап болатын. Әйелі Шараның шыққан тегін ескеріп, екінің бірі «күйеу бала» дейді. Жас қыз-келіншектер «жезде» дейді.
Гастрольдік сапар сәтті өтті. Театрға қыруар қаржы түсті. Артистердің де қалталары томпайып, шала байыды-ау деймін. Бірақ, сол жолы Жұмат Шаниннің бір тиын алмағаны есімде. Қолы таза болатын, ақшаға қызықпайтын, аз ба, көп пе, жалақым бар, сол жетеді дейтін.
Келер жылы қырғыз ағайындарға бардық. «Шұғаны» олар да жылы қабылдады. Құрмет те, табыс та жеткілікті болды.
1937 жылдың лаңы басталып, Жүргеновтен бастап, Биағаң да, Жұмат та атылды. Олармен бірге «Шұға» да құрдымға кетті. Біржола ұмытылды. Сондай пьеса болған еді деп атауға да қорқатын кез келді.
Солайша жолы кесілген «Шұғаны» қайта тірілтуге (онда да пьеса емес, повесть ретінде) Биағаң, Жұмат т.б. ақталған соң қол жетті. Осы күнде театрлардың «Шұғаны» неге қоймайтынын білмеймін. Ол деген кез-келген театрдың репертуарын байытып, гүлдентіп жіберетін шығарма емес пе? Тиісті орындар мен мамандар осыны ескерсе қайтеді?
Міне, қазақтың халық әндері мен күйлерін жинап, екі рет кітап етіп шығарған аса құрметті Александр Затаевичке қазақтың небір інжу-маржан әндерін жаздырған, халық таланттарының тұңғыш слетінде жүлдегер атанған әйгілі әнші Балабектің ұлы, еңбек сіңірген артист, ол да әнші әрі актер Бісміллә Балабеков марқұм Бейімбеттің (өзі бастан-аяқ қатысып, риза болған) «Шұға» пьесасының тұңғыш сахналанғаны жайлы әңгімесін осылай тамамдап еді. 1960 жылдардың соңына қарай «Мәдениет және тұрмыс» журналына кел-ген орта бойлы, мығым денелі қартаң адам: «Танысып қояйық, – деді маған қолын ұсынып. – Сенің орындауыңдағы «Айнамкөз», «Бурылтай» әндерін радиодан тыңдап жүремін, нақышымен айтасың», – деді салған жерден. Ол – жоғарыда әңгімелеген − Бісміллә Балабеков еді. Зейнеткер, ұмыт қалғандай күй кешіп, жабырқап жүреді екен. Іргедегі Мәдениет министрлігіне ертіп барып, министр Ілияс Омаровтың қабылдауына жаздырдым. Министр жылы қабылдап, 70 сом мөлшерінде көмек бергізіпті. Бұл жайлы білетін көзі тірі куәгерлер қазір де баршылық. Мәселе онда емес. Алматыға жақын Жандосов совхозында тұратын өнерпазбен кейін де ұшырасып жүрдік. Кезінде елге танымал боп, қазақ өнеріне бір кісідей еңбегі сіңген әкелі-балалы хас өнерпаздардың арттарында қалған мұрасын жинақтап, кәдеге асырса, тіпті де артық болмас еді. Павлодар өңірінде туып-өскен Балабек пен Бісмілләдай өнер саңлақтары жайлы сол аймақтағы көкірегі ояу, көзі ашық азаматтар да қозғау салса, нұр үстіне нұр болмақ. Кезінде Бісмілләнің аузынан жазып алынған жоғарыдағы дерек-хикаяны оқырмандарға ұсынып отырғанымыздың тағы бір себебі сол еді десек те болғандай. Бісміллә кейбір оқиға-деректерді көзі тірісінде жарық көрген шағын кітабында да баян етеді. Біз де кей жайларды сондағы айтылғандармен толықтырып, нақтылай түскенімізді қаперге саламыз. Өз басым Бісмілләдай қазына қартпен 1966-1971 жылдарда көрісіп жүрген едім. Иманды болсын.
Бөлісу: