Абзал Сүлеймен. Қарға көмілген естелік

Бөлісу:

10.02.2019 5371

Қай жылдан бері тұрғаны белгісіз

Бетон дуалдағы суреттерге қарап,
Еріксіз өткенді еске алдық...

Үскірік аяздың жазды күні сезілетініндей,
Ысқырған желдің жайдары күні сезілетініндей,
Қарға көмілген ескі көліктегі шалдың тыныштығын -
Тек сағат тілінің дыбысы ғана бұзады.

Кешеден жеткен әннің
Көп қабатты үйлердің ауласында әуелегенін,
Кешеден жеткен елестің
Көп қабатты үйлерді аралап кеткенін көріп,
Еріксіз өткенді еске алдық,
Басымызды терезеге сүйеп...

Бақылаушы

Қақ айырылған мұз жарығын қиялымызбен жамап,

Тесілген бұлттарды қиялымызбен жамап,

Жаңбыр аққан жырықтарды қиялымызбен жамап,

Бақылаймыз тек,

Құшағын ашып жүгірген баланы.

Құшағын ашып жүгіреді ол –

Ауада қалқыған мыңдаған ойларды құшып,

Құшағын ашып жүгіреді ол –

Уақыттың тоқтамауы да үшін.

Сарғыш шамдарға қонып үлгермей аққан қарға,

Жерге түсіп үлгермей кепкен жаңбыр тамшысына,

Гүлдеп үлгермей солған бәйшешекке қарап,

Асфальтқа салады ол қауырсын суретін,

Оның да ұшқысы келді...

Тұман

Қырау сояуын шаншып, гүл сабағын құрсауға алды,
Терезеден шыққан ыстық ауа -
Кеше де,
Бүгін де қалаға жайылған тұманға сіңе береді,
Сіңе береді міз бақпай тұрған аспанға...

Таксиде,
Үйде,
Дүкенде де радиодағы жүргізушінің дауысы естілді:
"Анасы баласын таба алмай қалды",
"Анасы баласын таба алмай қалды"...

Қырау құрсауындағы гүлдің өлімі,
Тұман құрсауындағы қаланың ұйқысы,
Радиодағы диктордың дауысы -
сіңе береді, сіңе береді міз бақпай тұрған аспанға...

Əке өлтіру

Қашан өткені де,
Қалай өткені де белгісіз балалық шағымыз
Бізді тапжылмай күткен туған жерде əкені еске алдық,
Лезде ұмытуға тырысып қайта.
Мəйітті жерлеушілердің ауаны тербеген күрсінісі,
Артында жылағандардың ауық-ауық дауысы -
Бір сəт ауада қалқып...
Бір сəтке бəрі меңіреу күй кешіп,
Ештеңенің мəңгі еместігін түсінгендей.
Аяғымызды сүйретіп басамыз,
Құдды тек қозғалыс қана тірілтердей уақытты...
Оның соңғы сапарында желден жусан жапырылып,
Құйын топырақ көтерді.
Жерледік сосын біз оны,
Естеліктерімізбен бірге зіл батпан топырақ астына...

Желге ұшқан түстер

Тағы біз,
Тәніміз байланған қараңғы көшені кезуге мәжбүрміз,
Біздің көзіміз де, қолымыз да байланған.
Жалаңаш ағаштар қолдарын созып шақырады тағы -
жел ізін салған көшеге...
Яки бір қыстың,
Яки бір күздің
салқыны кезеді,
самалы еседі,
Көп қабатты үйлерді əлдилеп.
Түс пен өңнің сірескен жібін үзуге тырысып.
Үнсіз бақылауға ғана жетеді шамамыз,
Қолымыздан жел болу жайлы армандау ғана келеді...
Сосын тағы жүреміз көшеде түнекке ұмтылып,
Күн орнына күн болуға тырысқан шамдарға көңіліміз толмай,
Менің де жел болғым келді...

Бөлісу:

Көп оқылғандар