Зәкір Асабаев. Шәмші әндерінің шоқжұлдызы «Сыған серенадасын» тұңғыш рет бізге әкелген еді
Бөлісу:
Тегінде халықты халық етіп, мерейін көтеретін айрықша дарын иелері екеніне ешкім таласпаса керек. Табиғат сыйы. Күшену, зорлану, еліктеу, солықтаумен ешкім де алысқа ұзауы мүмкін емес, ондай болмаған. Жүзден озған жүйрік, мыңнан озған тұлпарды табиғат жарататынына айғақ мол. Жер арқасы қияндағы қарақалпақ топырағында өмір есігін ашқан ақиық ақын Төлеген Айбергенов те осы пікірге дәлел іспетті дер едік. Төлегенді Төлеген еткен біреу-міреудің қолдап сүйеуі, қолпаштауы емес, өз болмысындағы дарын құдіреті. Музыка тарихында ойып алған орны бар, Қызылқұм өңірінің тумасы Шәмші Қалдаяқов та солай. Бұл тізімді жалғастыра беруге боларын сіз де, біз де жақсы білеміз, әрине.
Бұл жолы атақты (сазгер емес) композитор Шәмші хақында өз білгеніміз төңірегінде азын-аулақ есте қалғандарды сөз етіп көруге құмбылдық танытып отырған жай бар. Әрине, Шәмшімен сәті түскенде жүз көрісіп, пікір алмасып, әңгімелесу бұйырған қаймана көптің бірі ретінде. Себебі, Шәмші де, өзге дарын иелері де − алдымен көптің қазынасы, қалың жұрттың қалаулысы, сүт бетіндегі қаймағы. Олармен кез-келген пақыр екінің бірі, егіздің сыңарындай бола алмасы да түсінікті. Ол шарт та, міндет те емес.
Өз басым Шәмшіні өткен ғасырдағы 1958 жылдың жаз айларында тұңғыш рет көрдім. Радиодан там-тұмдап берілетін алғашқы әндерін естіп, аты-жөніне сырттай қанық болатынбыз. Әндері жағымды, сүйкімді-тін. Сондықтан, біреулер «мына жігітті білесің бе, бұл Шәмші ғой» дегенде, кәдімгідей елең еткенбіз. Ол кезде радио күшті насихат құралы болатын.
Менің дәм жазып «Лениншіл жас» газетіне қызметке іліккеніме көп болмаған. Мекеме қазіргі Абылай хан даңғылы мен Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы төрт қабат үйдің жоғарғы қабатында. Қарсыда «Пионер» журналы, онда Тұманбай Молдағалиев, Сәкен Жүнісов жұмыс істейді. Екеуі де өндір жас, қылпылдаған қылыштай. Төменгі қабатта – Қазақстан комсомолының Орталық комитеті, жаңадан ашылған «Балдырған» журналы мен «Қазақстан пионері» газетінің редакциясы. Шәмшіні сол екеуінің бірінде көрдім ғой деймін. Пионер газетінде бөлім меңгерушісі боп істейтін жас ақын Қосжан Мүсіреповке жиі баратынмын. Шәмшінің мұнда не үшін, кімге келетіні есте жоқ. Әйтеуір, екі күннің бірінде кезігеміз. Аман-дасудан әріге ұзамаймыз. Шәмші тым қарапайым, тұйықтау болып көрінетін. Мінезі ашық, жүзінен нұр төгіліп тұратын Қосжанмен бірден шүйіркелесіп кетсек, Шәмшімен өйте алмадық. Тіпті, «көп әндеріңді тыңдап жүрміз, қалай, кімге арнап шығардың, өзің композиторсың ба, не бітірдің?» − деп те айта алмаймыз.
Бірақ, келесі кездескенде ескі таныстай арқа-жарқа амандасамыз.
Ол да, мен де одан әріге бармаймыз, сонымен бітеді.
Өзі қандай қарапайым болса, пошымы да сондай, киімі жұпыны, қос құлағы қалқиған, аласа бойлы, ашаң жүзді қара жігіт. Егер біреулер оны Шәмші осы демесе, ән шығаратын қабілеті бар деп ойлауға болмастай.
Кейін білуімізше, бұл сол кезде оның Еркінбай Әкімқұлов, Сабырхан Асанов, Өмірзақ Айтбаевтармен бір пәтерде тұрып, аралас-құралас боп жүретін кезі екен-ау (мұны Еркінбайдың повесінен де оқыдық).
Орта мектеп бітірген біраз бала жоғары оқу орнына бірден түстік те, жолы болмағандар әскерлік борышын өтеп келген соң, үш-төрт жылдан кейін оқуға ілікті. Сондықтан мен Ташкенттен келіп, «Лениншіл жас» газетінде істеп жүргенде, аттестатты бірге алған кейбір кластастар осындағы институттарда студент екен. Мені тауып алып, оқтын-оқтын келіп тұрады. Солардың бірі – зоотехникалық-малдәрігерлік институтта оқитын Өсерхан дейтін досым бірде ойда-жоқта редакцияға кіріп келді. Жанында жүзі таныс, жас шамасы өзінен сәл үлкендеу дерлік қалқан құлақ, аласа бойлы, ашаң қара жігіт. Енді бұл, әрине, Шәмші болатын. Өсерхан салған жерден:
– Танысып қой, Шәмші деген жерлесіміз, Сарыағаштағы зоовет-техникумды бітірген, – деді жайраң қаға.
– Е, біз таныспыз ғой , – деді Шәмші бәсең үнмен.
Сонда да қол алысып, жақынырақ танысу ырымын жасаған болдық. Студенттің аты студент, қалтасы жұқа, біздейлерді ақшаға қарық боп жүреді деп ойлайтыны анық, сабақтан шыққан бойда екі өкпесін қолына алып жеткен досымды мұндайда дереу төмендегі асханаға апарамын. Бұл жолы да сөйттім. Шәмші қасымызда. Үшеуміз бірге тамақтандық. Кірпияздығы жоқ, қарапайым болғанмен, Шәмші бұл жолы да көп сөзге барған жоқ. Маған биіктен қарап, менсінбей отырған тағы ештеңесі жоқ. Олар көп бөгелмей қайтып кетті. Содан бастап Шәмшімен бұрынғыдан гөрі іштарта сәлемдесіп жүрдік. Бірақ, бәрібір әмпей-жәмпей бола алмаймыз. Ол «жазғандарыңды оқып жүрмін», мен «әндеріңді тыңдап жүрміннен» аспаймыз. Бұл енді сол кездің көзімен қарағанда, басқаша болуы тиіс те емес жоралғы. Әркімнің өзі қуған арманы бар дегендей...
Арадан екі-үш жылдай өткенде мен Сарыағаш аудандық газетінде істеп жүрдім. Бұл аралықта Шәмшінің атақ-даңқы мейлінше дүркіреп, абыройы аспанға өрлеген шақтар болатын. Күні кешегі көзге қораштау көрінетін, біреу танып, біреу танымайтын «қарға бойлы қара бала» жұрт назарын күрт аударған тұлғаға айналған. Екінің бірінің аузында – Шәмшінің әндері. Радио, теледидар, концерт залдары, ауыл сахнасы – қайда да Шәмші. Әсіресе, «Қайықта» деп аталатын ән ғашықтар ұранына айналған әрі оны шырқайтын анау-мынау емес, Бибігүл Төлегенова, Жамал Омарова, Роза Бағланова, Майра Жүрсінова орындайтын ғажап әндер қаншама.
Осы жерде шамалы шегініс жасауға тура келеді. Әрине, Шәмші алғашқы әндерімен-ақ елді елеңдетіп, алабөтен атақ-абырой үшін емес, табиғат сыйлаған дарынының арқасында танымал болғаны аян. Ол тіпті, 1959 жылы эфирге шыққан «Ақмаңдайлым» әнімен-ақ «Бұлбұл» деген бір әнімен тарихта қалған орыс композиторы Аляьбев көтерілген биікке көтерілді десе де болғандай-тын. Әлбетте, сол Алябьевте басқа да әндер болған шығар. Алайда, оны Алябьев еткен сол әні екені де ақиқат. «Огинскийдің полонезінің» авторы Огинский, қазақтың «Дайрабай» күйін шығарған Дайрабай, Ғазиз («Ғазиздің әні»), «Қалқа» әнін шығарған Қалқа да соған ұқсас. Шәмші олай емес. Тұшымды, шұрайлы, екпінді, нәзік лиризмі ба-сым әндері бірінен соң бірі көкке шарлап жатты. «Ақмаңдайлым» әнін сол кезде сымдай тартылған, ұзын бойлы, аққұба өңді, әзілкеш, әрі бойдақ, сұлу қыз көрсе тек тұра алмайтын аяулы ақын, марқұм Сабырхан Асанов толғана айтып жүретіні есте (1959 жыл).
Сол жылдарда Шәмшіден өзге де Бекен Жамақаев, Күнсайын Қуатбаев сынды «әуесқой» десе де, әуесқой еместерді қалпақпен ұрып алатын біраз дарынды композиторлар бой көрсетті. Сан жағынан олар аз емес-ті. Нұрғиса Тілендиев, Әблақат Еспаевтарды бұл топқа қоспай отырмыз. Себебі, қимаймыз. Бірақ, олар-ды да әуесқой не «жартылай» композитор деуге құлшынатындар топ-тобымен табылып жататыны жалған емес-ті. Халық қадірлеп, жаппай ардақтаған Шәмшіні де қырларына алып, шамалары жеткенше төменшіктетуге жандарын салатын олар өздері де онша жек көрмейтін ащы суға әуес деп те өршеленді, өсек-аяң таратып, қия бастырмаудың айла-шарғыларын жасап бақты. Мен енді Шәмшінің соншама бақастық, іштарлық, пәле-жалаға қалай қарсы тұрып, қалай төзгенінен хабарым жоқ. Алайда, оңай соқпағанын риясыз сеземін, ұғамын, түсінемін. Бәлкім, кей-кейде сондай қырсықтың салдарынан бір мезет ащы судан татса татқан шығар. Егер ащы судың біржола басыбайлы құлы болса, әуесқой емес, кәсіби композиторлар шығара алмаған ғаламат әндерді қалай шығарар еді.
Шамасы, әуесқой еместердің тарапынан ба екен, Шәмшіге жақсы атақпен қоса, жарқанаттың көлеңкесіндей жағымсыз сұлба да жармаса жүретін. Ондайды еститін қалың қауымға да оңай тимейтін. Біреу Шәмші консерваториядан екі рет шығыпты десе, біреу үш рет шығыпты деп даңғазалап, е ол деміне нан піскен біреу дегенге саятын. Сөйтіп жүргенде Шәмші шығармалық сапармен Сарыағашқа келеді екен деген хабар жетті. Бұл 1963 жылдың қараша айының соңы не желтоқсанның бас кезі. Онда Төлеген Айбергенов Сарыағашта тұрады, кешкі орта мектептің директоры.
Ал, осыдан бір жыл бұрын әлдебір шаруамен «Қапланбек» зоовет-техникумына соғып, Бердуәлі дейтін азаматтың үйіне бір қонып кету үшін түнделете келген Шәмшімен Төлеген менің көзімше тұңғыш рет дидарласып, екеуі жақын танысты. Аудандық газетте істейтін Бердуәлі Тұрмағанбетов кешкі сағат он бір шамасында «үйге Шәмші келді» деп Төлеген екеумізді қоярда-қоймай ертіп апарған. Таңғы сағат жетіде «Қызыл Ту» стансасынан Алматы пойызына отыруы тиіс Шәмшімен екі-үш сағат дастарқандас болғанбыз. Сол жолы Алматыдан таныстығы есіне түскен Шәмші маған да ілтипат білдіріп, бір жасағанбыз.
Содан кейін енді, міне, Сарыағашқа келеді деген хабар бойын-ша аудандық Мәдениет үйінде дайындық жасалып, күллі халық жолына қарап, тағатсыздана күтті. «Шәмшінің бұл сапарға шығып, ел-жұртпен кездесуін ұйымдастырған Өзбекәлі Жәнібеков. Осыдан оралған соң Шәмші консерваториядағы оқуын қайта жалғастырады екен» деп те айтылып жатты.
Шәмші келді. Қасында облыстық комсомол комитетінің жауапты қызметкері, екі-үш әнші, сарыағаштық өнерпаз, әнші, баяншы Ілес Қасымов бар. Кездесу тамаша өтті. Шәмші қардай бораған сұрақтарға жауап бере отырып, арасында әндер шырқалды. Кездесуден кейін аудандық мәдениет бөлімі жайған дастарқаннан дәм татып, онан соң қонақтық Төлеген Айбергеновтің үйінде жалғасты. Сөзге анда-санда араласқаны болмаса, Шәмші көп ештеңе демей, Естайдың «Қорлан» әнін екі-үш рет қайталап айтты. «Мені мақтап жатырсыңдар ғой, бүгінге дейін шығарған әндерім көңілімнен шығады. Бірақ, әлі өзім ойлағандай ән шығарғаным жоқ. Егер мүмкіндігім жетсе, ол ән «Қорлан» деңгейлес болуы шарт, уақыт көрсетер»,–деп түйіндеді сөздерін.
Ертеңіне көрші Жетісай ауданына шығарып салдық. Төлеген бірге кетті. Сол жолы ол Жетісай, Киров, Мақтаарал аудандарында Шәмшімен бірге болып, үш-төрт күннен кейін қайтып келді. Олардың сол достығы Төлеген Алматыға келген соң әрі қарай жалғасып, өле-өлгенше үзілген жоқ. Екеуінің Маңғыстау, Атырауға барған сапарында «Ақерке-Ақжайық» атты ән келді өмірге. Ән болғанда қандай!
1964 жылғы сәуір айының басында мен Алматыға қоныс аударып, сол кездегі кең тарайтын айтулы басылым – «Мәдениет және тұрмыс» журналына орналастым. Бір жарым жылдан соң Төлеген де көшіп келді.
Шыны керек, өз басым бұл жылдарда Шәмшімен пәлендей жақын жүріп, аралас-құралас болдым дей алмаймын. Бірақ, ниет түзу, тілектестік жайында. Тағы да бір айтарым, Шәмшінің тосын мінез, іс-қылығын аңғарған жоқпын. Біреулер аңыз етіп айтатындай ішкеніне де куә болғаным жоқ. Бірақ, композитор ретінде биіктен-биікке өрлегеніне қуанып, біліп жүрдік. Мен композитор деп отырғанмен, ол шақтарда Шәмшіге ондай атақты қимайтын өр кеуделер түрткілеудей түрткілеп, санға кіргізбеуге, елемеуге тырысатыны жалған емес. Бізде не бар? Шама белгілі.
Уақыт өтіп жатты. Шәмші оқта-текте келеді. Бірінші бастыққа кірмей, орынбасар – маған кіруге құмбыл. Уақыт тапшылығына қарамай жағдайын сұрап, сөзін асықпай тыңдауға тырысамын. Жүзінен ризалық байқалып тұрады. Шаруасын айтады. Жаңадан жазған әнін әкеліп, соны журналға бассаң дейді. Ұзамай жарық көреді. Әлдебір жерден телефон соғып, рахмет айтады. Кейде өз аяғымен келіп айтады. Артық-ауыз сөзі жоқ, қашан да дегдар, сыпайы, мұң шалып налымайды, жыланбайды. Өзін төрт құбыласы тең адамдай ұстайды.
Ал, Шәмші туралы әңгіме қозғалғанда жұрт не демейді, анда жүр екен, мында жүр екен, әйтеуір, мойнына дорба байлап, қайыршы боп кетіптіден басқасының бәрін мүңкітудей мүңкітеді-ай сабаздар. Жамбыл облысындағы дүнгендер ауылынан жекеменшік үй салып, сонда тұрады екен деп те қояды. Рас-өтірігі беймәлім. Алматыға қашан келіп, қашан кетеді, ол жағы маған қараңғылау. «Ішуді қойыпты» деген сыбыс шығады. Оған да пәлендей елеңдей қоймаймын. Қойса қойсын, кім ішіп, кім қоймай жүр. Бірде Қызылқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы (маған туған құда) Қалдарбек Есімбеков «Қазақстан» қонақүйінің ресторанында сол ауданнан шыққан бір топ зиялы қауымды қонақ етті (оның Алматыға келген сайын сөйтетін әдеті болатын). Дастарқан басында Мұхтар Әлиевтен бастап, біраз үлкен-кіші бар. Қайдан пайда болғанын қайдам, араларында Шәмші де отырды. Сәл кешігіп келіп, бас изеп амандастым. Шәмші маған екі алақанын көкірегіне басып, мәз бола ризалық білдірді. Өңі жүдеулеу, шаршаулы сияқты. Басқалар сен іш, мен іш деп дуылдасуға көшкен сәтте, ол ащы судан мүлде татқан жоқ. Демек, қойғаны шын. Бәрекелді!..
Шәмші таза шығармашылық жұмыспен айналысады. «Жигули» жеңіл машинасы бар, қайда барып, қайда жүру өз шаруасы деп те естіп жүреміз.
Бірде мен отыратын кабинетке күтпеген жерден Шәмші кіріп келсін. «О, Шәке, аман-саусыз ба? Көптен көрінбеуші едіңіз, қайдан жүрсіз?» – деп жатырмын.
– Жамбыл жақтамын ғой, – дей салды селқос қана. – Мұнда келгеніме бір апта болды. Бір ән жазып едім, соны тастап кетсем деп едім. Бұл әннің бұрынғылардан сөзі де, өзі де, жөні де бөлек. «Сыған серенадасы» деп аталады. Осындай ән жазуды ұзақ жылдар арман-даушы едім. Міне, – деп мәтін мен нотасы жазылған қағаздарды алдыма қойды.
«Айтып берейін бе?» деген жоқ. Әдетте, ән шығаратындардың көбі солай дейді ғой. Шәмшіден ондайды кездестірген емеспін. Олай дейтінім, Шәмші әндерінің көбі сиясы кеппей жатып алдымен «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында басылатын. Онан соң ел-жұртқа қалай тарайтынын өзі біледі.
Нота танымасақ та, Шәмші әндерінің жаман болмасын түсінеміз.
Сондықтан «әніңізді алдағы саннан күте беріңіз» дейміз.
Бұл жолы өңі жақсы, көңілі сергек, сөзі ширақ, қимылы мығым.
Маған тік қарай отырып:
– Бір өтініш бар, − деді миығынан жымиып.
– Айтыңыз, Шәке.
– Айтсам, есік алдында «Жигули» машинам тұр. Қорапта бес-алты шөлмек арақ, коньяк, тіске басар бірдеңелер бар. Сен білесің бе, білмейсің бе, мен қазір ол жарықтықтардың бәрімен қоштасқанмын ғой. Кімдерді ертесің, өзің біл, үш-төрт жолдасыңмен бірге «Медеу» жаққа шығып, демалып қайтуға қалайсың?
– Рахмет, – дедім жұмысбастылығымды емеурінмен байқата.– Денсаулығыңыз қалай?
– Денсаулық жақсы, шүкір.
– Онда былай оқта-текте жүз грамм алып тұрсаңыз болады екен ғой, – дедім не дер екен деген сыңаймен.
– Жо-жоқ, – деді ол күле сөйлеп. – Болмайды. Аллаға шүкір, денсаулық жақсы дедім ғой. Жүз грамм да, тұтастай бір шөлмек те түк емес. Бірақ, болмайды. Неге дейсің бе? Себебі, мен ол пәлені бастасам, кемі бір не екі апта тоқтай алмаймын. Сондықтан ат құйрығын кестім бе, сол қалыптан айнымауым керек.
Қайран Шәкеңді сол жолы лифтіге дейін шығарып салып, қайыр-қош айтыстық. «Сыған серенадасы» журналда жарық көрді. Шәкеңнен хабар-ошар болмады. Бәлкім, Алматыға келіп-кетіп те жүрген шығар. Бірақ, кездеспедік. Одан кейін арадан үш-төрт жыл өткенде бірде іргеміздегі «Балдырған» журналында істейтін Сабыр-хан Асанов келіп, бір әннің нотасы мен сөзі жазылған қағаз берді де: «Мұның аты – «Теріскей»,– деді қуақылана езу тартып. – Әдейі сізге әкелдім, көке (марқұм Сабырхан жасы сәл кішілігіне қарамай, мені «көке» дейтін).
– Шәмшіге Теріскей туралы да ән керек қой деп қайта-қайта қолқалап жүріп, сөзін өзім жазып, осы әнді өмірге келтірдік. Осыны бассаңыз деп едім.
– Болды, әңгіме жоқ.
Ол ән де жарыққа шықты. Неге екенін қайдам, «Сыған серенадасы» да, «Теріскей» де журналда жарық көруін көргенмен, олар-ды жылдар бойы ешкім орындамады. Бірнеше жылдан кейін бір күні «Сыған серенадасы» радиодан шырқалды. Әнді орындаған мен бұрын танымайтын әйел адам. Дауысы, орындау мәнері мүлде өзгеше. Жұлынды үзіп түсердей бөлек ауқым. Аты-жөні Зәуреш Есбергенова. Қатты қызықтым. Сұрау салдым. Радиодағы музыкалық редакцияның (сол кездегі) бас редакторы Шәміл Әбілтаевтан сұрағанымда: «Е, Зәуреш деген күшті әнші ғой, қазір «Қазақконцертте» жұмыс істейді. Өзі театр режиссері, Жамбылдың драма театрындағы режиссерлік жұмысын тастап, азабы мол жерге әдейі ауысып, әнші боп істеп жүр», – деді.
«Сыған серенадасы» – Шәмші әндерінің шоқтығы биік шоқжұлдызы. Өзі армандаған Естайдың «Қорланына» пара-пар сұрапыл әуен. Бір кездегі дипломы болса да, жартымды дәнеңесі шамалы, теориямен құрсай «қаруланған» кәсіби композиторсымақтар «әуесқой» деп кемсіткен, кейін «Қазақ вальсінің королі» атанып, Әнұранның авторы болған Шәмшіден қалған мәңгілік мұра, інжу-маржан.
Ұзамай Зәурешті тауып әңгімелестік. Ол енді өнер адамы болған соң, нота таниды. Аталмыш әннің нотасын журналдан көріп, өзінше көп ізденіпті. Кемеліне келтіре орындай алар шаққа жеткен соң таспаға жаздыртып, эфирге шығарыпты.
– Мамандығыңыз театр режиссері, белгілі адам екенсіз. «Қазақконцертке» ауысуыңызға себеп не? – дедім Шәмілден естіген деректерді көлденең тартып.
– Нанбасаңыз телефон соғып сұраңыз, мені ешкім қуған жоқ, театрдан кеткен өзім. Өйткені, бала жастан әнді, оның ішінде халық әндерін жақсы көруші едім. Сондықтан, кеш те болса, осы жолға түстім, – деді ол алқын-жұлқын тіл қатып.
– Қалай, «Сыған серенадасы» сізге ұнады ма? – деді онан соң.
– Сіздің орындауыңызда ұнағанда қандай!
– Рахмет.
«Сыған серенадасының» бір хикаясы осындай. Оны Шәмші көзі тірісінде тыңдай алды ма, жоқ па, ол жағы маған белгісіз.
Кейін Тоқтар Серіков және басқа әншілер айтып жүр. Жаны нәзік, ұстарадай өткір, белгілі ақын әрі композитор Исраил Сапарбаев ініміз сол ән негізінде пьеса жазып, басты рөльді сомдаушы Бекжан Тұрысов өзін елден-ерек биіктен көрсетті. Жарайсың!
«Мәдениет және тұрмыс» журналында тұңғыш рет жарияланған «Сыған серенадасы», неге екені белгісіз, ұзақ уақыт тыңдаушыға жетпей, жолы болмай жатты дедік. Әйтеуір, жарыққа шықты (бәрібір солай болатынына күмән жоқ еді, әрине). Қызық болғанда, Шәмшінің «Теріскей» әні де сол кепті киді. Таяуда Нұрғали Нүсіпжанов Шәмші қайтыс боларынан біраз бұрын «Теріскейдің» нотасын маған өз қолымен әкеліп беріп еді деді.
Зәуреш Есбергенова Ақтау театрында режиссер болып істеген еді. Әннен қол үзбесе керек. Сонау бір жылы Алматыдағы Ғалымдар үйіне келіп концерт берген болатын. Одан кейін де келіп тұрды. Қазір білмеймін.
Осы жазбалар қағазға түсерде тарының кебегіндей қасаң көрген білгендерді сан рет електен өткізіп, бүге-шігесі ойша тексерілді, сарапталды, зерттелді. Шәмшіні соншалық жете білмесек те, тәуекелге орын бердік. Жаңылмас жақ болмас дегендей, мүлт кеткен тұстар болса, әуелі Шәмші әруағынан, онан соң оқырман қауымнан үзір сұрай отырып, ғафу өтіну арға сын еместігін де еске сала кеткенді жөн санаймыз.
Бөлісу: