Әңгіме
Хаттар (эпилог)
1
Әрең дегенде көз іліндіргенім сол еді, топырлаған аяқ дыбысынан оянып кеттім. Олар дыбыстарын шығармауға барынша тырысқан сияқты, алайда өте ебедейсіз біреулер екен, аяқтарының тырпылы керісінше құлағымды тесіп бара жатты. Басымды тас бүркеп, келесі бүйіріме аунап түстім.
Бейне қырықаяқтай тырп-тырп еткен аяқтар баспалдақпен көтеріліп, әжетхананың жанынан өтіп менің тұрағыма жақындап келе жатқандай. «Сұмырайлар! – деп кіжіндім іштей. – Мына шайтан алғыр кісі өлтіретін қаныпезерлерді бүркемелеуші үйіне қалта ұрысын әлде баукеспе ұрыны әкеле жатыр-ау!» Алайда аяқ дыбыстары одан әрі өтті де тоқтады, шамасы сегізінші пәтердің тұсы болуы керек. «Кәззап! – деп ойладым. – Бұл қисық бұт жезөкеше бірден бес адамды қалайша қабылдай алады?» Бірақ әлгі тырпылдаған аяқтар сегізінші пәтерден де аса берді. «Ендеше, – дедім тағы да өзіме, – бұлар тоғызыншы пәтерге келе жатыр. Автокөлік ұрлаушылар ақыры мына шоферге де жеткені ме?»
Тырп-тырп басқан аяқтар тоғызыншы пәтерден де өтіп кетті. Енді мына қабырғаны тесіп өтуді ойламаса, олар онда, сөз жоқ, оныншы пәтерге, яғни менің тұрағыма бағытталып келеді. Соны түсінген сәтте басымды жастықтан жұлып алып, тура егеуқұйрық қақпанының серіппесіндей төсегімнен лезде атып тұрдым. «Түн ортасында кім және не үшін келіп тұр? Менің арым таза. Құйрығыма шала байланатындай ештеңе болған жоқ. Не жағдай болуы мүмкін екенін тіпті ұға алсамшы!»
Бас жақтағы жарқыраған сағат тілі түнгі үштен жиырма минут кеткенін көрсетіп тұрды. Жалма-жан ұйпаланған көйлегімді түзеп, сипалап жүріп шалбарымды тауып алып өзіме қарай жақындаттым да, аңысын аңдауға көштім. Топырлаған аяқ дыбыстары бірінен соң бірі менің есігімнің алдына жеткенде тыныштала қалды. Деміңді ішіңе тартып шыңырауға үнілгенде айнала қалай тына қалса, дәл сондай тыныштық орнады. Тың тыңдағанымда құлағым әдеттегісінен де қатты түріліп, әлдебір жәндіктердің ызыңы денемді түршіктірді, бейне жақындап келе жатқан тайфунның дыбысын сезгендей болдым.
Есікті біреу тырмалағандай дыбыс шықты, артынша есік қағылды, ақырын, әйтсе де бірқалыпты. Тура сол тықылдаған дыбысқа жауап қатқандай, менің де жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Ақырын бір-бірімен сыбырласты, сәл үзілістен соң қайтадан тықылдатты, бұл жолғысы бұрынғысынан қаттырақ.
– Бұл кім? – деп сұрадым, алайда тұтқыр сілекей тілімді таңдайыма жабыстырып тастағандай дауысымды шығара алсамшы.
Бұрынғысынан қаттырақ ұрғылай бастады, есіктің ар жағында тұрғандар мазасызданған болуы керек.
– Бұл кім?
Бұл жолы дауысымды естіртуге тырыстым. Бірақ өзіме өз дауысым ауыздан емес, құлағымнан шыққандай сезілді.
– К.-сан (сан – сыпайы қарым-қатынас кезінде адамның есіміне қосылып айтылатын сөз), – орта жастағы ер адамның сыпайы дауысы, ешқандай күмәнім жоқ, менің есімімді атады, – кештеу мазалап жатқанымызға кешірім өтінеміз, қазір түн ортасы, бірақ... – деген жауап естілді.
Іле-шала тағы біреуі:
– Тым кештеу, түн ортасы... – деді, жас әйелдің дауысы секілді.
Дауыстары жұмсақ, қарапайым болғаны сондай, тез есімді жиғызып, жарық күн қалың тұманды қалай сейілтсе, менің бойымдағы негізсіз қорқынышымды да солай тарқатып жіберді. Бұдан соң бірнеше адамның аяқтарын тыпырлатқаны естілді – шамасы олар ыңғайсыздық сезінді-ау.
Беймезгіл әбіргерге бір мырс етіп, шалбарымды кидім де жарықты жақтым. Неге екенін, белбеуімді таба алмаған едім, сосын да шалбарымның ышқырын қолыммен ұстап, ойланып тұрмастан, дұрысырақ айтқанда ықыласпен есікті ашып, шақыртусыз келгендерді қарсы алдым. Шам жарығы бойыма батылдық берсе, бұлар кім деген әуестік жүзіме жылы шырай бергендей.
Менің алдымда үстіне сәнді қара костюм киген, тамағына көбелек-галстук жапсырған бекзат болмысты мырза мен жүзіне күлкі үйірілген дәл сондай бекзат болмысты ханым тұрды, шамасы әлгі мырзаның әйелі болуы керек, үстінде төгілген кең бүрмелі көйлек. Оның қасында қызыл иегі көрінгенше аузын кең аша күлімсіреп, таяққа сүйеніп қалт-құлт еткен, беті әжім-әжім кемпір тұр. Кейуананың жасы жүзден асып кетті десе, еш шүбәсіз сенер едің. Олардың артында жиырма жас шамасынан бастап, қыздың қолындағы жаңа туған нәрестеге дейінгі шұбырған сансыз бала бүтін баспалдақ алаңқайын жайлап алыпты. Тура келісіп алғандай, бәрі жамыраса күлімдеп, бірі оң, бірі сол жақтан бастарын иісті.
– Қожайынның мазасын алалық, – деді бекзат болмысты мырза бері бұрылып.
Мен жұмған аузымды ашпасам да, бәрі жапа-тармағай пәтерге лап қойды. Барлығы тоғыз адам екен. Олар сол сәтте-ақ пәтерге лық толды.
– Тарлау, – деді бекзат болмысты мырза.
– Тарлау, – деп құптады әйелі.
– Қазір жинап аламын, – дедім асығыс төсекке қолымды созып жатып.
– Қажет емес, қажет емес, – деп аузы ұрадай опырылған кемпір менің қолымды таяғымен жасқады.
– Мен қатты шаршадым, дәл қазір жата кетемін.
- Ал еркінсу керек болса! – дедім ашулана, сосын бекзат болмысты мырзаға бұрылдым – ол менің жазу үстелімнің тартпасын ашып қопарыстырып жатты. Есім шығып қолына шап бердім де:
– Сіз не істеп жатырсыз? – дедім ызаға булығып.
– Жәй, темекі іздеп жатқаным ғой, – деп жауап қатты ол, бейне ерсі ештеңе жасамаған адамдай.
– Сіздер өзі мұнда неге келдіңіздер?
– Неге дейсің бе? – деді мырза қабағын түйіп, сосын күтпеген жерден: – Біз өз үйімізге келсек, бізден неге келдіңдер деп сұрайды, бұл не өзі? Сен орынсыз сұрақтар қояды екенсің – деді бетпақтанып.
– Тіпті де олай емес, бұл менің пәтерім. – Қорқыныштан мен де бірден түсімді суыттым. – Былай қарағанда мас емес сияқтысыздар, бірақ мына істеп жатқандарыңыз еш ақтауға келмейді. Түн ортасында бейтаныс адамдар баса-көктеп кіреді де, бұл біздің үйіміз деп мәлімдейді. Мен сізге қалжыңның да шегі бар екенін ескерткім келеді.
Бекзат болмысты мырза кеудесін керіп, астыңғы ернін сыртына шығарды, көзін сығырайтып, маған менсінбей жиіркенішпен қарап:
– Хм, не деген топас адам! Түн ішінде дауласып, басы ашық мәселе бойынша керісу тіптен ақылға сыйымсыз. Жұрттың шырқы бұзылуына сен кінәлісің. Жарайды ендеше, бұл пәтер біздікі ме, жоқ па, қазір саған ең қарапайым тәсілмен түсіндіріп береміз. – Бекзат болмысты мырза қалғандарына бұрылып: – Достар, мында біздің тұрағымызға таласқан бір адам пайда болды. Тұрағымызды қорғау үшін дереу жиналыс өткізуіміз қажет. Алдымен кім төрағалық етеді, соны шешіп алайық. Жиналысты жүргізуді маған тапсыратын шығарсыздар деп сенемін? – деді.
– Сізге тапсырамыз! – деп балалар бір ауыздан шу ете қалды.
Мына айқайды естіген көршілер реніш білдіріп жүре ме деген қорқыныштан бүріскеннің үстіне бүрісе түстім.
– Сонымен, – деді бекзат болмысты мырза, – жиналысқа мен төрағалық етемін. Күн тәртібіндегі мәселе – бұл пәтер біздікі ме, жоқ па, пікір білдірулеріңізді өтінемін.
– Әрине біздікі, – деді иығын қомдаған үлкен ұл. Өзі зіңгіттей жігіт, салмағы жетпіс келіден де асып кетеді-ау.
– Айдан анық нәрсе, бұл арада дауласатын түгі жоқ, – деп кейістік білдірді екінші ұл, ол да үлкен ағасы сияқты еңгезердей біреу.
– Осы пікірмен келісеміз! – деді қалғандары бір ауыздан. Дауыс беруге ұйықтап жатқан кемпір мен кішкентай сәби ғана қосылмады.
– Міне, көріп тұрсың ба? – деді маған қарай бұрылған бекзат болмысты мырза.
Мен бұлқан-талқан болдым:
– Сіздер не айтып тұрсыздар? Бос сандырақ қой бұл!
Бекзат болмысты мырза бұған ренжіп қалды:
– Бос сандырақ дейсің бе? Демократияның ең маңызды принципі саналатын көпшіліктің пікірін сен бос сандырақ деп тұрсың ба? – Сосын ол жиіркенішпен: – Фашист! – деп арс етті.
– Мұның бәріне түкіргенім бар, – дедім батыл түрде қарсылық көрсетіп. – Сіз не десеңіз де, бұл бөлме менікі, сіздің бұған ешқандай қатысыңыз жоқ, кетіңіздер бұл жерден. Тезірек кетіңіздер. Сіз сияқты ақымақтардың кесірінен мен сондай қорқынышты сәттерді басымнан өткеруге мәжбүр болдым!
– Фашист, – деп қайталады бекзат болмысты мырза түнерген күйі. – Бәрі сенің пайдаңа шешілмей жатқандықтан көпшіліктің еркін таптап өтіп, күш қолдануға тырысып жатсың ба? Түн ортасында мына кәрі кемпір мен байғұс балаларды көшеге қуып шығу нағыз оңбағандық болады. Біз өзіміздің бостандығымызды қорғау үшін жүгінуге тиісті құрал...
– Қоғамды гуманизммен қаруландыру, – деп оның ойын жалғастырды үлкен ұлы.
– Зорлық-зомбылыққа әділдіктің күшін қарсы қойып күресу керек, – деді бұдан соң екінші ұлы.
Көзді ашып-жұмғанша бекзат болмысты мырза мен оның екі ұлы мені жан-жағымнан қоршап алды.
– Мен дзюдодан бесінші дан иегерімін, полицейлер мектебінде бапкер болғанмын, – деді бекзат болмысты мырза.
– Университетте реслингпен айналысқанмын, – деп толықтырды үлкен ұлы.
– Ал мен боксшы болғанмын, – деді екінші ұлы.
Үлкен ұлы мен екінші ұлы екі жағымнан қолымды қайырып тұрды да, бекзат болмысты мырза өзінің дәу жұдырығымен кеуде тұсымнан оңдырмай ұрды. Сол сәтте ышқырым төмен сырғып кетті, сол ыңғайсыз күйімде есімнен танып қалыппын.
2
Есімді жисам, таң атыпты.
Мені екі бүктеп үстелдің астына тыға салыпты.
Басқыншылардың ешқайсысы оянған жоқ. Бөлмеде қолдарына түскен төсек, жамылғы, киімнің бәрін жастанып алған олар қорылға басып жатты. Ағаш жапырақтары арасынан терезеден таңғы шапақ құйылып тұр. Көше жақтан соя сүзбесін сататын сатушының кернейлеткен дауысы естіледі. Шынайы өмірдің осындай сәтін сезініп жатып, үйіңдегі бетпақ басқыншыларға көзің түскенде, өмірің бұрынғысынан да айқын әрі жиіркенішті көрінеді екен.
Ортада пиджагін шешіп үстіне жамылып, қолын басына жастанған бекзат болмысты мырза қорылдап жатыр. Оның сол жағында шошайған иегін оңға-солға бұлтаңдатып, менің төсек-орынымды басып алған кемпір жайғасқан. Оның дәл қасындағы әйелдің аяқ-қолдары екі жаққа созылып кетіпті, бір аяғы мен қолы кемпірдің төсегінің үстіне шығып қалған. Күндізгі жарықта әйелдің үстіне киген көйлегі біртүрлі көрінді. Ол шетелдіктердің операларында (кез келген елдің халқы көретін) ойнайтын актерлердің театр киіміне көбірек ұқсайтын. Бүрмесі көп жасыл көйлектің бетінде қалай-солай салбыраған өрік түсті қиықтар шала тазартылған балықтың қабыршықтары секілді. Көйлегінің етегін тым артық жыртып жіберген – ол әдейі солай істеген-ау деймін. Бұл менің мазамды қашырып, ыңғайсыздық сезіндірді. Бекзат болмысты мырзаның оң жағында бастарын ішіне тығып, бір-біріне қарама қарсы қарап жатқан үлкен және екінші ұл да қорылдарын үдеткен. Біреуі пысқырынып демін шығарса-ақ болды, екпінінен екіншісінің шашы көтеріліп кетеді. Бекзат болмысты мырзаның аяқ жағында кішкентай сәбиді бауырына алып он жеті жастар шамасындағы шашы төбесіне түйілген қыз бүктетіліп ұйықтап жатыр. Қыздың бет-әлпеті сүйкімді секілді. Мені астына тыға салған үстелдің үстінде адам түсінбейтін қалыпта, бейне бір-бірімен тірескендей болып жасөспірім қыз бен жасөспірім бала етпеттеп жатып алған. Бала шамасы түсінде жүгіріп бара жатқан болуы керек, ара-арасында аяқтары тура ток соққандай селк-селк етеді, ал қыз бала тоқтаусыз бірнәрселерді күбірлей береді – сонысымен ол маған өте жағымсыз әсер қалдырды.
Бөлмені көзіммен шолып шыққаннан кейін іштей «жоқ, бұл түсім емес» деп ойлап, өте көңілсіз күйде үстел астынан шықтым. Буындарым бейне біреу бамбук сындырып жатқандай сытыр-сытыр етеді. Осы дыбысты құлағы шалған әйел кемпірді теуіп қалып еді, ол болса сол бойда келесі қырына ауып түсті, құдай оңдағанда ешқайсы оянған жоқ.
Мен болсам, түсіп кете беретін ышқырымды кешегідей қолыммен ұстап, бір сыңары жоқ болса түкке жарамайтын тамақ ішетін таяқшадай, намыстан жұрдай күйде сүмірейіп тұрмын, кенет басыма «бұл менің пәтерім ғой» деген ой келді. Бойымды ашу буды: мына сілімтіктер мені өздерінің айдауымен жүруге мәжбүрлемек қой. Оларды желкелерінен түйіп шығарып тастайын – онда тұрған не бар? Алайда, кеше бұлардың маған жасаған зорлық-зомбылығы есіме түскен сәтте бойымды қорқыныш биледі. Бәрін заңды жолмен шешу керек. Мұндай әділетсіздіктерге, оның үстіне ақылға сыймайтын әрекеттерге кім үн-түнсіз жол береді? Осындай жағдайларды реттеуге арналған қоғамдық келісімшарт бар емес пе?
Дыбысымды шығармай үйден шығуға дайындала бастадым. Қабырғада ілулі тұрған пиджагімді алғанда астынан кеше таба алмаған белбеуім шықты. Пиджагімді киіп алған соң қалталарын тексеріп көріп едім, әмияным табылмады. Онымен бірге оттық, мүштік пен темекім де ұшты-күйлі жоқ болыпты. Жол жүру билетін қозғамапты, бірақ оған түйрелген тамақ талоны мен S.-коның (менің сүйіктім) фотосуреті жоқ. Тек жазба кітапшам мен сынық қарындашқа ғана тиіспеген.
Бұл мені таң қалдырғанымен, болған жайды қабылдауға мәжбүр болдым, әйтсе де сыртқа шығып, таза ауада тыныстап, тыныш жерде қабылдауға тиіс шараларды ойластыруға бел байладым. Сол оймен аяғымның ұшымен ұрлана басып дәлізге зып бердім.
Бір жеңіл тыныстағаным сол еді, әлдекім иығыма қолын салды. Бұл сол сүйкімді қыз еді. Айналасынан сақтанған кейіпте ол сәби иісі аңқыған бетін маған тақады.
– Сізге ескертейін дегенім, олар тұрғанша шай қайнатып, мүмкін болса, тамақ әзірлеп қойсаңыз, жаман болмас еді. Таңертеңгілікте менің ағаларым үнемі төсектен көңіл-күйлері болмай тұрады. Егер оларға бір нәрсе ұнамай қалса, сол бойда жиналыс өткізіп, сізді қолайсыз жағдайға қалдырады.
Ах, солай ма, еңдеше қалайда бірдеңе істеу керек. Қолыма ұстаған бәтеңкемді ендігі кигелі жатыр едім, алайда ол ойымнан қайтып, қолыма ұстаған күйі есікті ақырын ашып сыртқа шықтым. Әлгі қыз ізімді ала:
– Сіз ұйықтап қалғаннан кейін өткізілген жиында сізге бәтеңке мен киім-кешекті қолдануға рұқсат беру туралы шешім қабылданды, – деп сыбырлады. Сосын қыз мен жапқалы жатқан есікті ұстап тұрған күйі: – Осы айтқандарымның бәрі екеуміздің арамызда қалуы керек. Егер олар бұл жайында біліп қалса, мен де сазайымды тартамын. Сізге жаным ашиды. Мен сіздің тілекшіңізбін, – деді сөзін жалғап.
Қыздың тек көзі ғана күлімсіреді, ол асығыс бөлмеге кіріп кетті.
Сыртқа шыққан бойда ең бірінші болған жағдай туралы біреумен ақылдасуым керек деп ойладым. Сөйте тұра, мен тап болған мына қиын жағдай осы уақытқа дейін ұстанған өмір сүру салтыма үшін өкінуге мәжбүр еткенін де түсіндім. Енді бәрі кеш, алайда біздің үйдің тұрғындарымен жақын араласпағаныма өкінуге тура келді. Сөйлесетін де ешкім жоқ енді. Оларға айтсам, мені келеке қылады ғой.
Аяғымның дыбысын шығармауға тырысып әжетханаға да жеттім-ау. Ақыры бәтеңкемді де киіп алып, қажеттілігімді өтеп болған соң, беті-қолымды шайып, көйлегімнің етегіне сүртіндім. Соның өзіне кәдімгідей сергіп қалғаным сондай, бойымда батылдық пайда болып, үй басқарушысымен сөйлесуге бел будым. Мұны шынында да батыл шешім деп атауға болатын еді. Өйткені маған түрі шимпанзеге ұқсайтын, ақыл-ойдан жұрдай, қайырымсыз дүниеқор сұмырай әйелді, пәтерақы төлеуді еске салмас үшін қасына жолағым келмейтін адамға, ой-тұжырымдарымның әлеуетті қарсыласы деп қана білетін жанға өзімнің проблемаларымды ашық айтып, сөйтіп өзіме одақтас жасауым керек.
Жол жаққа қарайтын терезеге шынтағын тіреп қойып, радиодан беріліп жатқан таңғы жаттығудың ырғағымен мүштігін бұрқыратқан үй басқарушысы жылтыраған кішкене көздерінің қиығымен су құбыры басына жиналып қалған әйелдерге қарап отыр екен. Содан соң мойнын да бұрмастан көз қиығын келесі жаққа аударып, маған салқын қарады. Ол аузынан мүштігін алғанда, бозғылт көк түсті әжімді еріндерінің шетіне күлкі үйірілді, ол өзінің әдеттегі «Пәтер ақысын төлеу керек» деген сөздерін айтуға осылай дайындалады деп ойладым. Одан бұрын қимылдау үшін қасына тез жетіп бардым да, өтірік күлімсіреп басымды идім:
– Кешіріңіз, маған сіздің көмегіңіз ауадай қажет. – Үй басқарушысының еріндері бұрынғысынан да жайыла түскенде, мен кәдімгідей жүрексініп қалдым, алайда тез бойымды жиып: – Кеше түнде, түн ортасынан ауғанда, әлдебір біртүрлі адамдар... – деп сөзімді жалғап, бір деммен болған жайдын бәрін айтып бергенде, үй басқарушысы мүштігін қаққыштап, басын төмен тұқыртты:
– Сіз не айтып тұрсыз? Мен түк түсінген жоқпын.
– Түсінбейтін несі бар? Мен сізден оныншы пәтер менікі екенін растап беруіңізді сұрап тұрмын.
– Кімнің пәтері болса да мен үшін бәрібір. Кім ақсын төлейді, пәтер соған беріледі, ал ақысын төлеуші кім, онда менің шаруам жоқ.
– Бірақ сол төленген пәтер ақысы төлеген адамға сонда тұру құқығын бермей ме? Оныншы пәтерді жалға алушы мен боламын, сол үшін ақы төлеймін, сондықтан маған мүлдем бейтаныс адамдардың менің пәтеріме баса-көктеп кіруіне ешқандай құқы жоқ.
– Сіз қандай құқық туралы айтып тұрсыз? Мен ештеңе білмеймін, мұның бәрін пәтерді кім жалға алады, сол реттеуі керек. Бәлкім, тым ашық айтып тұрған шығармын – мен пәтерлерді адамдарға бермеймін, оларды ақша жалға алады. – Үй басқарушысы маған қиық көздерін қадады. – Айтпақшы, меніңше сіз пәтеріңіз үшін әлі төлеген жоқсыз, қашан төлейсіз? Мұны жақсылап ойлағаныңыз жөн.
Мен, әрине, бәрі тез шешіле қояды деп күткенім жоқ, бірақ үй басқарушысы дәл осындай рақымсыз деп ойламап едім. Қатты жабырқап сыртқа бет алдым, уақытты мүлдем есімнен шығарып ішкі аулаға апаратын тас баспалдақ үстінде тастай қатып тұр едім.
– Қайырлы таң, – әлдекім иығымнан сарт еткізіп, сосын қолымды алды, – түрің бірнәрсе ойластырып жүрген адамға ұқсайды. – Бұл басқыншы отбасының екінші ұлы еді, ұртына мен жақында ғана сатып алған тіс щеткасын қыстырып алған, ерініне тіс пастасы жағылып қалыпты.
Дәл осы кезде қасымыздан қолына шоқ үрлеуге арналған желпуіш ұстаған үшінші пәтердегі қылықты жесір келіншек өтіп бара жатқан, екінші ұл бейне онымен он жылдан бері таныс адамдай тіс щеткасын қысып ұстаған қолын көтеріп, жайдары амандасты:
– Қайырлы таң, Оку-сан. – Жесір келіншек маған да, оған да көз қиығын ғана салып, жанымыздан өтіп кетпекші болып еді, ол соңынан тұра ұмтылып, қолынан шап берді: – Тіс пастасына былғанып қалыппын, кешіріңіз. – Содан соң оның мықынынан құшақтауға ыңғайланып жатып, маған бұрылды да: – Бері қара, әкем қазір жиналыс өткізеді. Тезірек сонда бар, – деді.
Жесір келіншек маған көптен көзін ойнатып жүрген-ді. Баспалдақ алаңқайының оңашалау бұрышында, ол жерде ешкім болмаған кезде мен көрсін деп, әдейі шұлығын түзеген болып етегін жоғары түретін, бірақ мен еш уақытта оның еліктірме әрекеттеріне қызыққан емеспін, менде іс жүзінде оған ешқандай қызығушылық болған емес. Сондықтан мына жексұрын ұл менің көзімше жесір келіншекке қол жүгірткенде ешқандай қызғаныш сезінген жоқпын, өйткені мен одан бүтін болашақ өмірімді түбірімен құртатын дұшпандықтың ұшқынын көргендіктен, ол маған жай ғана жиіркенішті әсер қалдырды.
Бір сөз айтпастан үйден шығып жүре бергім келген, ол соңымнан айқайлап тоқтатты:
– Жиналыс басталады. Егер оған қатыспайтын болсаң, ешқандай жақсылық күтпе. Соған бар тезірек.
Оның сөзіне қайырылмастан көшеге атып шықтым. Рас, менің қандай да бір айқын жоспарым болған жоқ. Алайда, буырқанып шыққандықтан, аяқ астынан өзім әдетте сене бермейтін полиция үйшігіне баруға бел будым. Әлде, дұрысы, басқа баратын жер ойыма түспегендіктен, өзім беттегім келмейтін жерге барудан басқа жол қалмады деп айтқан жөн шығар. Үйшіктің ішінде орындықтарға жайғасқан екі полицейдің түрлері зерігулі еді, оның біреуі жас, екіншісі мосқал, қолдары бос болғандықтан олар шылым шегіп отырды. Мен не үшін келгенімді айта бастаған кезде жас полицей өзінше қыр көрсетіп, теріс айналып кетті де, әлдебір нәрсе ойына түскендей жазба кітапшасын парақтап, бірдеңелерді түрте бастады. Ал мосқал полицей ара-арасында тыңдап отырмын дегендей түнере басын изеп қояды.
– Солай деңіз, – деді ол. – Біз мұндай әңгімелерге әбден тойғанбыз. Көріп отырғаныңыздай, бәлкім сіз оны білмейтін де шығарсыз, қазір біз жұмысқа көміліп жатырмыз. Сондықтан, уақытыңыз болғанда бізге қайыра бір бас сұғарсыз, бәлкім?
– Мен мұны бір минут та кейінге қалдыра алмайтынымды сіздер қалай түсінбейсіздер? Қараңыз, менің әмиянымды алып қойды, менің пәтерімде өздері қожайын секілді ойларына келгенін жасап жатыр...
– Ешқандай асығыстық жоқ. Жұмысыңызға бара беріңіз, оған ешкім кедергі болмайды ғой. Оның үстіне сен айтқандай істерге араласу бізге өте қиын. Алдымен, сенің бұл маған мүлдем бейтаныс адамдар деген сөзіңді алып қарайық, бірақ тек бір тараптың берген куәлігін сөзсіз шындық деп қабылдауға бола ма? Айталық, бұл адамдар сені өте жақсы білеміз дейді – біз осы уақытқа дейін кездестірген жағдайлардан білетініміздей, олар дәл осылай айтады. Сонда сенде осындай мәлімдемені жоққа шығара алатын салмақты дәлелдер бар ма?
– Қисыннан артық қандай дәлел керек.
– Жоқ, ондай дәлел түкке жарамайды, оған табан тірей алмайсың. Бізде тек қана заттай дәлелдер ғана жүреді. Мұндай істермен айналысу қаншалықты қиын екенін сенің өзің де түсінуге тиіссің. Егер менің пікірімді білгің келсе, айтайын, осындай дау-дамайлардың шешілетініне тіпті күмәнім бар. Сен бұлай күйгелектене берме, бәрі жақсы болады.
Мен аузымды ашып үлгергенше, жас полицей:
– Мылжыңдауыңды қоймасаң, біз сені қылмыскер деп санайтын боламыз, – деді ызбарлана.
Ол темекі тұқылын шертіп жіберді де, телефонға жете алмай жатқан сияқты болып, мені үйшіктен итеріп шығарып жіберді.
Үйге қайтып барғым келмегендіктен, уақыт әлі ерте болса да, жұмыс істейтін фирмама тіке тартып кеттім.
3
Түскі үзіліс кезінде S.-коны бірге тамақтануға шақырғам. Бірақ сол сәтте әмияным жоқ екені есіме түсті. Қысылғаннан бетім дуылдап қоя берді, абырой болғанда S.-коның өзі мені сондай бір жылылықпен жұбатты:
– Қапаланбай-ақ қой, бүгін еңбекақы беретін күн ғой.
Басқа уақытта қолымды шапалақтап қуанар едім, ал бұл жолы бәрі керісінше болды – сарыуайымға салынып кеттім. Бойымда әлдебір меншікке иелік етемін деген нық сенім болмағандықтан бәріне секемшіл, өзіме де сенімсіз болып кеткендеймін. S.-ко өзінің бұрынғы фотосын (басқыншылар ол суретті тамақ талонымен бірге менен алып қойған болатын) жаңасына айырбастағысы келетінін айтып, маған өзінің фотосуретін ұсынды – мұнда ол бұрынғысынан да әдемі көрінді. Мен өзімді оның жасы мен көңіл-күйіне сәйкес келетін кейіпте ұстап отырып, «келбетіңді жүрегімнің түпкіріне терең сақтаймын» деп ойланбастан уәде берген сәтімде, бойымдағы ұстамдылығым сыр бергендей болды. Тіпті, оған болған жайдың бәрін жайып салғым келді, алайда оны бекерге мазаландырмас үшін өзім әлі толық ой елегінен өткізіп болмаған оқиғаны әңгімелеуден іркіліп қалдым.
Бейне мені көк аспанға көтеріп алып кеткендей жан-дүниемді құлазытқан жалғыздықты сезіндім, уақыт та бітеліп қалған несеп жолдарындай бір орында тұрып қалған секілді. Ойым да шым-шытырық, жұмысым да алға жылжымады, осының бәрі адам төзгісіз ашу-ызаға булықтырып, бойымды фирмадан безіп кетуге итермелеген бір күш буғанда өңім қашып, сұрланып, үйге барғанда басқыншылармен күресуге бекем бел будым.
Фирмадан шығып бара жатқанда әдеттегі шақыруымды күтіп тұрған, бәлкім, бұл жолы қатты абыржулы S.-коның қолына еңбекақым салынған конвертті қыстырдым да, жүрісімді тежеместен:
– Бүгінше сенде болсын. Ертең жексенбіде киноға барайық, мен саған соғамын, – дедім.
Осыны айтып, жүгіруге шақ қалғанша адымымды тездетіп, оның қасынан ұзай бердім, алайда есімді жиып артыма бұрылсам, ол әлі абдыраған күйі тұр екен, ал өңі бейне Пикассо портретінен шыққандай қан-сөлден айырылып қатып қалыпты, сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін еместей.
Ә дегенше үйіміздің ауласын аралап өтіп, бірінші баспалдаққа аяғымды арта бергенім сол еді, соңымнан атымды айтып айғайлаған әйел дауысын құлағым шалды.
– К.-сан, сіздің қонағыңыз өте қызық адам екен, – деді жесір келіншек өтірік күлімсіреп.
Мен дұрыстап тұрып балағаттап жібергім келді, бірақ оны алдымен жесір келіншекке ме, әлде әлгі екінші ұлға бағыттауым керек пе, сол арасын ажырата алмай біраз кідіріп барып, өз-өзімді ұстап қалдым.
Менің үйімде дөңгеленіп отырып алған отбасының бүкіл мүшесі тамақ ішіп жатты. Бекзат болмысты мырза алақанымен аузын сүртіп, жұмсақ жымиды:
– О-о, келді ақыры. Таңертең таңғы ас дайындаған жоқ, ол аз болғандай, – кенет оның түрі өзгеріп, ызғарлы кейіпке енді, – шай да қайнатпай, бізді қиын жағдайға қалдырып жайбарақат жүре берді. Егер алда да осылай болатын болса...
Шошып кеткен әйел ыдыстан басып көтеріп алды:
– Егер алда да осылай болатын болса...
Бекзат болмысты мырза сөзін жалғастырды:
– ...бұл бізді қиын жағдайға қалдырады. Бізге жұмысты өзара бөлісіп алуға тура келді: біреуміз азық-түлік сатып алуға кетсек, екіншіміз от жақтық. Біз үшін мүлдем бейтаныс жерде осы шаруалардың бәрін мойынымызға артып қоюға бола ма? Сен бұған назар аударуға тиіссің. Саған бүгін еңбекақы берді ғой, бұл жақсы болды. Әйтпесе, сенің жұп-жұқа, сол кездің өзінде бос деуге болатын әмианыңда шаруашылыққа қажетті заттар алғаннан кейін түк те қалмады. Сенде басы артық мәселелер болғанын қаламаймын, сондықтан ескертемін: болашақта алдын ала менімен ақылдасып алып, бәрін жоспармен жаса.
Менің ысыған бетімді бір нәрсе жұмсақ сипап өткендей болғаны сонша, жол бойы аузымды ашсам ақтарыла жөнелердей көрінген алдын ала дайындаған көп сөздерім заматта есімнен шығып кетті.
– Неғып жайылып отырып алғансың есуас адамдай, кәне, тұр!
Бір шетке жайланып отырған үлкен қызы сөзге құлақ асып, орнын босатты да, маған бұрылған кезде бір көзімен ғана болар-болмас күлімсіреді. Мен оның қасына құлықсыз тізе бүгіп, малдасымды құрып отырдым.
– Бәлкім, алдымен ыдыс-аяқтарды жинап, шай әзірлерсің? – деді үлкен ұл, мен демімді алып үлгермей жатып.
Бейне тік жардан тайғанақтап бара жатқандай еріксіз орнымнан атып тұрдым да, ашуға булығып:
– Не айтып тұрсыз! Мен олай істеуге міндетті емеспін. Оған қоса, бұл жерден кетіңіздер деп айтуға да құқығым бар. Енді бір қадам да кейін шегінбеймін, біліп қойыңыздар. Заттарыңызды жинаңыздар да, кетіңіздер! – дедім.
– Кетіңіздер дейсің бе? Біздің ондай жоспарымыз болып па еді? – Екінші ұл айналасын қуақылана шолып өткенде бәрі қарқылдап күлді, тіпті кішкентай сәбиге дейін сықылықтап сілесі қатты. Мен қысыла сасқалақтағаным сондай, жылап жіберуге шақ қалдым.
– Бұл адам біздікіндей қазіргі заманғы өмірді қабылдап үйренбеген. Сондықтан оны келеке қылуымыз қатыгездік.
Егер қызы қалғандарын сабырға шақырмағанда, мен сөзсіз, есірігі ұстаған адамдай өршеленіп кетер ме едім. Алайда, қызының сөзі менің аяқ-қолымды тұсап тастағандай болды.
– Өте дұрыс, – деді бекзат болмысты мырза. – Барлығы да демократиялық жолмен шешілуі керек. К.-кун (кун – тұрпайы тіл қатқанда адам есіміне жалғанатын жұрнақ) өзінің өмірлік ұстанымын демократиялық негізге сай құруға әлі үйренбеген. Бұл, әрине қолайсыз жағдай, егер біз оны барлық туындаған мәселелер бойынша жиналыс өткізу арқылы демократияға дағдыландыра алмасақ, үлкен қиындықтарға тап боламыз. Қане, әдеттегідей төраға сайлап, К.-кун ыдыс-аяқ жинап, шай дайындауға міндетті ме, жоқ па, соны шешіп алайық. Кім төрағалық етеді?
– Саған тапсырамыз, жиналысыңды жүргізе бер! – деді балалар бір ауыздан.
– Сонымен, – деді бекзат болмысты мырза, – төрағалық міндетті өз мойныма аламын. Сіздерді қинағаным үшін кешірім сұраймын, назарларыңызға К.-кун айтылған жұмыстарды істеуге міндетті ме, жоқ па деген мәселені қарауға ұсынамын. Кім міндетті деп санаса, сол өз еріктерін қол көтеріп білдіруін өтінемін.
Ол сөзін аяқтағаны сол еді, барлығы бірдей өздері үшін өте айқын мәселе құсатып бұған титтей де болса күмән келтірмегенімен қоймай, «не деген адам бұл» дегендей, маған үн-түнсіз айыптай қарап, келісім белгісі ретінде бір мезгілде түгел қолдарын жоғары көтерді. Тіпті, әлі сөйлеуді үйренбеген сәбидің өзі ойланып жатпастан кішкентай томпақ қолдарын жоғары созғанда мен еріксіз қайран қалдым.
– Сонымен, басым көпшілік дауыспен мәселе шешілді. Бұрын азшылық көпшілікке үстемдік етіп келді, онымен және жеке өз күшіңмен ғана күресуге болатын еді, алайда адам санасы алға қарыштап дамыды. Көпшіліктің еркі қисынды түрде заңға айналды. Басқасын айтпағанда, бұл тәсіл барлық жағынан түсінікті және тиімді. Айтып өту керек, бұл шынында да кемелділік.
Қолдарын ысқылап маған жеңімпаз кейіпте қараған бекзат болмысты мырзаның қасында отырған екінші ұлы:
– Әке, темекі берші? – деп сұрады.
– Темекі дейсің бе? Сенің әкең темекі дүкенінің қожайыны емес, мұны білуің керек. Маған шамадан тыс талаптар қойып жүгінуді доғарыңдар, сондайды ұнатпаймын.
– Қалжыныңды қоя тұршы, әке. Соңғы бір тал темекіні үш сағат бұрын шегіп бітіргенмін. Менде темекі таусылғанда не болатынын жұрттың бәрі жақсы біледі, өз-өзімді ұстай алмай, теріме сыймай кетемін.
– Сені жақсы түсініп тұрмын, Дзиро-тян (тян – кішірейтіп, еркелетіп айтқанда қосылатын жұрнақ, Берікжан, Серікжан деген секілді), – деді үлкен ұлы, – дегенмен, бір-бірімізге қоқан-лоқы көрсетуді доғарайық, одан да не істейтінімізді ойлаған жөн. Әкеміз бізбен темекісін бөліскен күннің өзінде бұл мәселені уақытша ғана шешеді. Расын айтқанда, әкеміздің жаңағы сөзі өзінің мінезі десек те, маған да тым артық айтылғандай көрінді. Бәлкім, қаржылық тұрғыдан түбегейлі шешім қабылдау мүмкіндігін талқылау үшін осы жағдайды пайдаланған дұрыс шығар? Бақытымызға қарай, әкеміз жаңа ғана К.-кун. бүгін еңбекақы алғанын тұспалдады емес пе. Ол жалақысын тезірек беруі керек, сонда біз өзіміздің бюджетімізді құрып шығамыз. К.-кун, қане, еңбекақы салынған конвертті бері бер.
Бәрі мен күткендей болып шықты. Тап осы сәтте бүкіл бұлшық еттерімнің арасынан ток жүріп өткендей денем ысып сала берді.
– Мұны қандай негізге сүйеніп айтып тұрғандарыңызды білмеймін, мен өзім де жалақы алғым келген. Алайда, оны алған күннің өзінде сізге беруге ешқандай құлықты болмас едім.
– Біздің басымызды қатырма, – деді бекзат болмысты мырза. – Әдепті адам өтірік айтпауы керек. Ақылды адамдарды оңайлықпен алдай алмассың. Сенің жаңа айтқан сөзің қаншалықты рас екені жай көзге анық байқалып тұр. Саған әлі ыдыс-аяқтарды жинастырып, жуу керектігін ұмытпа. Никотин жетіспегендіктен қазірдің өзінде Дзиро-тянның қаны қайнап бара жатыр, сосын біз бюджетімізге қатысты маңызды жиналыс өткізуіміз қажет, сондықтан еңбекақыңды бері әкел, тезірек. – Оның соңғы сөздері айбарлы естілді. – Уақыт – ақша, созбалақтай берсең – өсім төлеуге мәжбүрлейміз.
– Өзімде жоқ нәрсені қайдан аламын? – деп бұрқ еттім.
– Жарайды еңдеше, егер олай болса, біз де саған бірнәрсе әзірлеп қойып едік. – Ол көзімен ұлдарына белгі берді. – Іс жүзінде өзіңде бар нәрсені жоқ деп дәлелдеу үшін сөздерді оңды-солды жауапсыз қолдануыңды белгілі бір деңгейде зорлық-зомбылық демеске амал кем. Сөзді мен адамның қоғамдық өміріндегі қарым-қатынас үшін қажетті, баға жетпес құрал дер едім. Ал сен болсаң оны қалай болса солай, оның үстіне заңсыз қолданасың. Бұл фашистік зорлық-зомбылық. Мұндай ұстанымға қатысты біз қандай шара қолдануымыз қажет?
Ұлдары орындарынан көтеріліп, екі жағыма келіп тұра қалды.
– Онда бар ма, жоқ па, бұған ғылыми тұрғыда көз жеткізуіміз қажет, ең дұрысы осы, – деді үлкен ұлы.
– Ал егер қарсылық көрсетсе, біз күш қолданамыз, басқа жол жоқ, – деп қостады екінші ұлы.
Сол бойда олар қолыма шап беріп, сілкілей бастады. Ағайынды екеуі алып күш иесі, менімен салыстыруға келмейді. Оның үстіне, шынында да еңбекақым өзіммен бірге болмағандықтан олар не істегісі келсе, соны істесің, тіпті жанымды көзіме көрсетсе де, дыбысымды шығармай барынша сабырлық сақтауға бел будым.
Бекзат болмысты мырза мені асқан ептілікпен тіміскілеп, әмиянымды алды да қызына берді.
– Қызық екен. – Басын еңкейткен ол ұлдарына қарады.
Ал мен болсам іштей: «Сол керек өзіңе» дедім.
Сол сәтте әйел қызының қолындағы әмиянды жұлып алғанда S.-коның фотосуретін көрді.
– Ой, – деп баж ете түсті ол, – қандай жиеркенішті, қандай жиіркенішті, тағы да сол әйелдің суреті! Жиіркенішті, ол маған сондай жиіркенішті!
– Сіз не істеп жатсыз?! – деп айқай салдым.
– Анашым, фотосуретті қайтарып бер оған, – деді қызы.
– Жыртпа, тоқтай тұр, анашым. Ол бізге әлі қажет болады. Көріп тұрсың ба, сыртында: «S.-ко» деп қол қойған. Бұл сол сен кеше жыртып тастаған фотодағы қыз. Түсініп тұрсың ба? Бәлкім, біз осы қыздың көмегімен бұл сары ауыз фашистің еңбекақы салынған конвертін қайда тыққанын білерміз, – деді менің оң қолыма жармасқан үлкен ұлы.
– Дәл солай, К.-кун, сен, шамасы бұл тек өзіме ғана тиесілі деп ойлап, мына қызбен бірге бәрін ың-шыңсыз жайғастырғансың-ау, – деді бекзат болмысты мырза.
– Ың-шыңсыз, ың-шыңсыз дейсің бе?! Оңбағандық, нағыз оңбағандық! – деп зарлады әйел.
– Олай деме, – деді бекзат болмысты мырза, – К.-кун да бәрін жан-жақты ойластырған.
– Еңдеше, бұл істі маған тапсырыңыз, көп жыл жеке тыңшылық агентте істеп әбден шыңдалғанмын. – Сөй деген үлкен ұлы менің қолымды босатып, анасының қолынан әмиянды жұлып алуға тырысты.
Алайда, оның жолын екінші ұлы бөгеді:
– Тоқтай тұр, ағатайым. Мен мұны саған сенбегендіктен айтып тұрған жоқпын, әйтсе де, әңгіме ақшаға қатысты болғандықтан, бұл іспен тек бір адамның айналысуына жол бермегеніміз жөн. Бір-бірімізді жеккөрушілік болмасын, сондықтан бірге әрекет етейік.
– Мен сенің ұсынысыңа ризамын, Дзиро-тян, бірақ нақты әрекеттер қажет. Бұл істе тікелей сызықтармен көрсетілген картаны негізге ала отырып қозғалу мүмкін емесін біз жақсы білеміз. Іздеу жұмыстарын мүлдем бейтаныс жерлерде жүргізуге тура келеді. Бұл беймәлім өнер. Мұнымен бір адам айналысуы керек.
– Бәлкім, өзін бәрін мойындауға мәжбүр етерміз? – деді екінші ұлы мені иегімен нұсқап.
– Сен әкеміздің гипноздық мүмкіндігін айтып тұрсың ба? Мен әкемнің техникасына сенбейді емеспін... – үлкен ұлы жымысқылана күлді.
– Бері қара, Таро-тян, бұл не әңгіме өзі?! – деді бекзат болмысты мырза жұлып алғандай.
– Жай әншейін, ештеңе, – үлкен ұлы ақтала бастады. – Мәселе мұның тым ұзаққа созылып кетуі мүмкін екендігінде болып тұр. Бұған қоса, қолайсыздау бір шыңдық – үйде бір тиын ақша жоқ. Қолымызда тек жол жүру билеті ғана бар, біз болсақ үйден шыққалы жатырмыз. Ал үйден шыққан кезде ол билетті бір адам ғана пайдалана алады, сондықтан іздеуге тек өзім аттануға тиіспін. Оның үстіне, – деп ол інісіне бұрылды, – саған ақылға салып, кеңірек ойлаған артық болмайды: біз әлгі қыздың үйіне бардық делік, содан соң не істейміз? Ол қыз әлі тәжірибесіз ғой. Оның басын бір адам айналдырғаны дұрыс.
– Дәл осындай іске менің шынайы талантым бар емес пе, – деді екінші ұлы. – Сондықтан мен де бірге барамын. Бақылаушыны қапы қалдырамыз, мұның түк қиындығы жоқ. Мынадай қызды саған бере салсам, өкініші естен кетпес.
– Не айтып тұрсың! Сен секілді бикештердің басын айналдырудың шебері қыздың көңілін тапқанда, оның ашыла кетуін күтудің қажеті болмай қалар. Сен жаңа ғана бірінші қабаттағы өзің әлі толық танысып үлгермеген жесір келіншекпен әлдене сыбырластың ғой, болашақта мұның бізге мықтап кесірі тиюі мүмкін. Осындай әдет-қылығыңа бола бір күні біреумен міндетті түрде не жұдырықтасуға, не кейін шегінуге тура келеді деп ойламайсың ба?
– Қойыңдар, қойыңдар, – деп сөзге араласқан бекзат болмысты мырза ұлдарын екі жаққа айырды, – сендердің тәжірибелерің жеткіліксіз, сол себептен де, тәжірибесі өте көп адамның сөзіне құлақ салыңдар. Менен өзге ешкім...
Сол сәтте басын олай-бұлай шайқаған әйел зарлап қоя берді:
– Міне, ең сорақысы енді басталды!
– Әке! – деп дауысын көтерді қызы.
Жасөспірім ұл мен қыз бір-біріне қарап сықылықтай жөнелді, тістері жоқ аузын қолымен басып кәрі кемпір де жырқ-жырқ күлді.
– Хм, олай болса, – деді бекзат болмысты мырза, – Таро-тян, жалғыз өзің бара бер. Оған сенімсіздік көрсетуге тиіс емеспіз. Егер Таро-тян бізге адалдығын көрсетсе, болашақта S. есімді қызға саусағымыздың ұшын да тигізбейміз. Естіп тұрсың ба, Дзиро-тян?
– Жарайды, еңдеше. Бойжеткен қыздар мені онша қызықтырмайды, – деді екінші ұлы.
– Неткен сұмпайылық, – деп жиіркенішпен күңк етті әйел.
– Ал, еңдеше, мен кеттім. – Үлкен ұлы маған миығынан күліп қарады.
Осы кезде менің жүрегім тура бір тамыры шіріп кеткен құрғақ ағаштай денемнен ажырап, дымы қалмай үгітіліп, аяғымның астына түскендей күй кештім. Қыздың маған жаны ашып қарағанын сезінгенде көзімді төмен түсіріп, мұрынымды тартқыштап, лықсып келіп қалған көз жасыма әрең ие болдым.
– Қане, тезірек, – деді екінші ұлы, ағасының соңынан есікке дейін барып, бұдан соң кімге айтқаны белгісіз: – Мен де аз уақытқа шығып келемін. Бірінші қабаттағы жесір келіншекке уәде беріп қойғандықтан емес, тіпті уәде берген күннің өзінде оны жай ғана орындамас едім, менің мақсатым – темекі тауып келу, – деді.
Қолымды қалтама салып, дәрменсіз күйде қараңғыланып келе жатқан терезеге көз салдым, айдаһардың шала піскен сары жұмыртқасындай болып көрші үйдің төбесінен қорқынышты айдың сұлбасы көтерілді. Кенет – мұны өзім де күтпеген едім – аяқтарым мені еріксіз есік алдына алып келді.
– Қайда барасың?! – Бекзат болмысты мырзаның дауысына селк етіп кері бұрылғаным сол еді, маңдайыма жұмсақ, сулы бір нәрсе былш ете қалды, жалма-жан кемпірдің артына тығылған кішкентай ұл мен қыз сылқ-сылқ күлді. Маңдайыма жабысқан сағыз екен. – Сен бос сенделіп жүруге тиіс емессің, – деп сөзін жалғады маған жақындаған бекзат болмысты мырза, – жұмысыңа кіріс. Ұлдары кетіп қалды, енді не қаласам, соны істеймін деп ойламай-ақ қой. Айтқанымдай, мен дзюдодан бесінші дан иегерімін, полиция мектебінде нұсқаушы болып істегенмін. Қане, тезірек. Бір-біріміздің өмірімізді қиындатпайық.
– Әке, – деді бәрін сырттай бақылап тұрған қызы, – ол мұндай жұмысқа дағдыланбаған. Бұл және оның кінәсі емес. Оны осылай етіп тәрбиелеген ескі қоғам кінәлі. Ол ыдыс жуу әйелдің жұмысы деген феодалдық түсініктен әлі арыла қойған жоқ, бар мәселе осында деп ойлаймын.
– Сен оны сондай бір ыждағатпен қорғаштай береді екенсің, – деп түнере тіл қатты бекзат болмысты мырза.
– Тіпті олай емес, – деп қызы батыл түрде қарсылық білдірді. – Оның барлық ыдысты қиратып тастағанын қалайсың ба? Оның үстіне, демократия басқа нәрселермен қатар гуманизмді де қуаттайды. Ал зорлық-зомбылықты қолдамайды.
Маған ыдыс толы бамбуктен тоқылған үлкен себетті көтеріп, әйелі және басқаларының инедей қадалған өткір көздерінің астында сұр қабырғалардың арасымен ортақ су құбыры бар қараңғы бөлмеге қарай бұрандалы қуыршақ секілді қыздың соңынан ілесуге тура келді.
Осы сәтте өзімді өте қолайсыз сезінгенім болмаса, былайынша бұл түкке тұрмайтын жұмыс болатын.
– Қандай ептісіз, тіпті күткен жоқпын, – деді қызы, сосын мені жұбатуға барын салып сөзін жалғастыра берді, ал мен болсам тастай қатып, жұмған аузымды ашпадым. Егер қандай күйді бастан кешкенімді айтар болсам, өзімнің тірі жан иесі екеніме өзім әзер сенгендеймін.
Қайтар жолда, үшінші пәтердің тұсына жетпей жатып топырлап, айқайлаған дыбыстарды құлағым шалып кейістікпен:
– Кішкентай балалардың ең үлкені ғой, – дедім.
Қыз бұл жолы үндемеді.
Пәтердің ішінде кішкентай інілері шаң көтеріп, сумо палуандарына ұқсап алысып-жұлысып жүр. Әйел болса құлап түскен адамдай арқасын қабырғаға тіреп, түріліп кеткен етегінің астынан дәу сандарын шығарып қойып ұйықтап жатыр. Терезе алдында айға қарап отырған кемпір, неге екені белгісіз өз-өзінен ыржия береді. Оның тізесінде жатқан кішкентай сәби өзін біреу сойып жатқандай шырқырайды келіп. Менің үстеліме жайғасқан бекзат болмысты мырза ешқайда мойын бұрмастан бірнәрсе оқып отырды.
– Бітірдің бе? – деп сұрады ол, еріндеріне жабысып сөнуге қалған шылымын алып жатып. – Енді маған шай бер.
– Шай жоқ, – деп жауап қайтардым мізбақпастан.
– Мен сенен шай бар ма, жоқ па деп сұрап тұрған жоқпын. Шай құйып беруіңді талап етіп тұрмын. Сен осындай ұстанымыңмен бірлесіп өмір сүреміз деп ойлайсың ба?
– Жоққа жүйрік жетпейді.
– Дегенмен де, бәлкім, күш салып көрерсің? Өйткені қасиетті Інжілде: жақсылық жасаудан шаршама. Табандылық көрсет, сонда уақыт өте келе мол өнім жинайсың дейді емес пе. Жалпыға ортақ игілік үшін күш-жігеріңді аямауың керек. Иса Мәсіх: бақыт - алуда емес, беруде деп үйретті. Көршілерге барып, осы бақытқа кенел. Сіздерге тіпті де сенбеймін деген желеумен бізге осындай қорлық көрсетпексің бе?
Мен үн-түнсіз есікке қарай беттедім, алайда бекзат болмысты мырза басына кенет бір ой келгендей, мені асығыс айқайлап тоқтатты:
– Тоқтай тұр. Түрің бір нәрсеге көңілің толмаған адамның түріндей. Мұны жасыруға тырыспай-ақ қой. Сенің, бәлкім, бізден қашып кетпек ойың бар шығар. Жоқ, олай болмайды. Одан бәрібір ештеңе шықпайды. Отты жаға бер. Шай мәселесіне келсек, Кикуко, бір жаққа барып қарызға алып келші. Егер одан ештеңе шықпаса, мына жерден бес-алты кітапты алып сатарсың.
4
Үлкен ұлы теңселе басып үйге оралғанда сағат түнгі бір болған еді. Оның удай мас екені белгілі болды. Бәрі тымырая қалды, ал екінші ұлы ағасына тап беруге шақ тұрғандай қатулана қарады. Ал ол болса, таңданғаннан кекештеніп, көзін адырайтып міңгірлей бастады:
– Шатырда бақа, аспанда кішкентай құс... Маған сонша қатулана қарайсыңдар, қайран қалып тұрсыңдар-ау, шамасы. Хм, сенбейсіңдер ғой. Қойыңдар ондайды.
Бекзат болмысты мырза бері жақындады:
– Ақшаның жайы не болды?
– Ақша, баяғы ақша ма?
– Дәл солай, ақша. Сен оны ішіп қоймаған шығарсың?
– Сен «ішіп қойдың ба» деп сакэ, сакэні айтып тұрсың ба? Іштім әрине, не менің түрімнен ішкенім көрінбей тұр ма? Аулақ жүріңдерші.
– Мас болғанша ішкенсің, ар-ұятың жоқ. Түсінікті.
– Сендерге ештеңе де түсінікті емес. Мен ішіп қана қоймай, жегенімді де айтуым керек пе? Мазамды алмаңдаршы.
Ұрыс-керіс өрши түсті, оған екінші ұлы да қосылды, бәрі еліріп алған, біреуі бірінші болып жұдырық сілтегеннен кейін сұмдық төбелес басталды да кетті. Төмендегі көршілер сыпырғыштың сабымен түрткілеп жатыр, жанымыздағы көршілер қабырғаны жұдырықтарымен ұрғылады. Ақырында бүтін үй оянып, бұзылған араның ұясындай гулеп кеткенде барып, қырқысып жатқандар шаршаған қолдарын төмен түсірді. Үлкен ұлы қарқылдап күліп қалтасынан ақ конвертті шығарды.
– Бұл не? – Бекзат болмысты мырза таңданғаннан көзін бақырайтып, конвертке шап берді, сегіз мыңды тез санап шығып, конверттің сыртында көрсетілген соммамен салыстырды. – Теңдесі жоқ адамсың ғой, бірден айту керек еді, сонда осынша калорияны бекерге жұмсамас едік!
Үлкен ұл қоймастан қарқылдап күлді.
– Бұл керемет жаттығу болды. Мұндай ширыққан сезімді сезіну – жанға таптырмас дауа. Мұның бәрі сендердің миларың жұмыс істемейтіндіктен, – мен өз ақшамды ішпейтінім сендердің ойларыңа қалайша келмеді? Мені әлгі қыз сыйлап жіберді. S.-ко керемет қыз екен. – Ол маған көз қиығымен қарап қойды. – Мен оған ғашық болып қалдым, ертең киноға апаруға уәде бердім, – деді.
– Сұмпайылық, не деген сұмпайылық, – деп қоймастан зарлады әйел. – Маған ешкім бұлай көңіл аудармайды.
Суып қалған шайдың сарқынын ішіп алған үлкен ұлы ұйқыға бас қойғанда, қалғандары да бір жеңіл тыныстап өз орындарына барып жайғасып, әркім хәлі келгенше ұзағырақ дем шығарды. Бекзат болмысты мырза қолына менің еңбекақым салынған конвертті мықтап қысып ұстағанымен, бәрібір сабасына түсе алмады. Ал мен тіпті теріме сыймай кеттім. Кенет бойымды долы бір ашу қысып, орнымнан атып тұрдым да, төбелесті бастап кеп жібердім. Мұның ақыры немен аяқталғанын айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Жиналыс өткізіліп, көпшіліктің шешімімен ақшаның өздеріне тиесілі екені расталды, бұған қосымша ретінде екінші ұлы оң көзімді жұдырығымен ұрып, ісіріп қойды.
– Фашист! – деді бекзат болмысты мырза зілдене. – Мұны оқытып болғанша, итті сөйлеуге бұрын үйрететін шығарсың. К.-кун, сен біздер сияқты қазіргі заманғы мәдениетті адамдардың өміріне тезірек бейімделуің керек. Өзің үшін ғой. Айтқандай, мен қазір итті сөйлеп үйрету мүмкіндіктерін зерттеп жүрмін. – Сосын ол маңғазданып: – Осы зерттеуімді аяқтап шықсам, қоғам заңдарында түбегейлі өзгерістер болады. Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып берсем де, бәрібір сен сияқтылардың көзін жеткізе алмаспын. Сөйлеу физиологиясын зерттеген Павловтың жұмысын негізге ала отырып, мен гипноздың көмегімен иттің миына әсер ету арқылы оның сөйлеу орталығын меңгеруге тырысамын. Ал қалай екен, бірақ сен ештеңе түсінбеген шығарсың? Тек мен ғана емес, бүкіл отбасы мүшелері өздерінің жеке жұмыстарын жүргізеді. Қоғам игілігіне қызмет ететін ғаламат ғылыми жұмыстар бұлар. Үлкен ұл қылмыстың практикалық психологиясына мамандануда. Екінші ұл болса әйелдердің климактерийлік (климакс) кезеңіндегі сексуальдық психологиясын зерттеп жүр, менің әйелім бұған зерттеу нысаны ретінде алынған. Анам алдыңғы шептен баяғыда шыққан, бірақ ертеректе ерлердің психологиясын зерттеп, сонымен бір мезгілде әмбебап сауда дүкендеріндегі сатушылардың көз қырағылықтарын зерттеуде үлкен беделге ие болған. Қазір бұл жұмысты ағалы-қарындасты екеуі кішкентай кездерінен-ақ жалғастыруда. Үлкен қыз – сәл әпенділеу – өлең жазады. Жақын арада оның «Адамзатты сүю» деген жыр жинағы жарық көреді. Ал ең кішкентайы, әлі сөйлеу білмесе де, қолын көтеріп келісімін білдіруге жаттыққан, оған қоса, итті сөйлеуге үйрету саласындағы зерттеулерге керемет сынақ материалы ретінде қызмет атқарады. Міне, қазіргі мәдениетті отбасының өмірі шамамен осындай. Қалай, таң қалып отырсың ба? Егер сен де біздің жұмысымызға қосылып, бірлесетін болсаң, бұл біздің зерттеулерімізді сәтімен ілгерлетіп қана қоймай, өзің де алдыңғы қатарлы мәдениетті адамның қасиеттерін игерер едің.
Осы кезде мен дыбысын шығармай жылап жатқан қыздан өзгесі қайтадан қалың ұйқыға бас қойғанын байқадым.
– Саған не болды?
– Неліктен екенін, маған өте көңілсіз, – деп жауап қатты қыз, өзіне таңдана қараған әкесіне.
Әкесі қыздың бетін жапқан шашын артқа қайырғанда, оның жүзі солғын тартып, мұңайып жатқанын көрдім.
– Ештеңе де ойлама, ешнәрсеге күмәнданба, – деді бекзат болмысты мырза көңілсіз ғана, сосын ұйықтап жатқан отбасы мүшелерін көзімен шолып шықты. – Қане, ұйықтайық. – Сөй деген ол маған бұрылып: – К.-кун, демократиялық принциптерге сүйене отырып, мен сені ешнәрсеге мәжбүрлегім келмейді. Әйтсе де, сен менің емеуірінімді айтқызбай ұққаныңды қалаймын. Мына бөлме кішкентай. Меніңше, бұл он адамның түнеуіне тым тар, ауа жетпейді. Айтпақшы, күндіз үйді түгел тінткілеп шыққанда шатырдың ішіндегі ешкім тұрмайтын қойманы көрдім. Мұны естіген момын жан не істер еді?
Ішін өрмекшінің торы басқан қоймада түннің бір уағына дейін егеуқұйрықтармен алысып, қорқыныш пен қорлықтан көз іліндіре алмай, қатты ойландым. Кек қайтаруға бекініп, ертеңнен бастап жасайтын әрекеттерімнің жоспарын құрып шықтым:
1. Үлкен ұлы үйден шыққанша, одан ерте қимылдап S.-комен кездеседі (Ол қауіпті жағдайда қалды. Оған өзімнің қандай жағдайға тап болғанымды егжей-тегжейлі түсіндіріп, ол менімен бірге күреске шығатындай одақтастыққа қол жеткізу керек.)
2. Қызметіне адал адвокат табуға тиіс.
3. Үй тұрғындарына арнап жазылған үндеулерді жапсырып шығу. (Екінші пәтердегі теңізші пәтер ақысының көтерілуіне қарсы үндеу жазып жапсырғанда, тұрғындардың бәрі бірігіп, оны қолдаған еді).
Алғашқы трамвайдың қоңыраулы дауысы естілді. «Қозғалатын уақыт жетті», – дедім іштей, алайда сол сәтте біреу әжетханаға бет алды. Шатырға көтерілетін баспалдақ әжетхананың жанында еді, сосын да кірген кісінің қайтып шығуын күтіп жатқанда бойым дел-сал тартып, еріксіз ұйқыға көміле бердім.
5
Қойманың қақпасын әлдекім түрткендей болғанда көзімді бір аштым. Әлдебір жерден күн сәулесі құйылып тұр, айнала жап-жарық.
– Тезірек, тезірек.
Асықтырған дауысқа құлақ түріп, аузымнан аққан сілекейді сүрте салдым да қойманың қақпасын аштым – келіп тұрған үлкен қызы Кикуко екен.
– Сізге келдім, – деген ол дәл жаныма түзе бүкті. – Қарыныңыз ашқан шығар? – Ол май жағылған бір тілім нан ұсынды.
– Сағат неше болды?
– Бір болып қалды.
– Тьфу!
Ақырын, ұяла күлімсіреген ол орнымнан атылғалы тұрған мені тежеп:
– S.-ко-санға ма? Сіз кешігіп қалдыңыз, – деді.
– Маған не істемексіз?
– Адамдар арасындағы қатынастың, өмірдің заңы ғой. Жер бетіндегі алғашқы күнә.
– Қарақшылар!
– Мен сізді аяймын.
– Есуастар!
– Кімдер? Аналарды айтасыз ба? Шынында да, олар біртүрлі, бірақ менің ойымша, анамнан басқасы есуас деуге келмейді. Жалғыз анам ғана нағыз есуас. «Не деген жексұрындық, жексұрындық» деп қоймастан қақылдағанда ол әлдебір жағымсыз қиялдарға берілетін сияқты, бәлкім, әкеме еліктегісі келетін шығар. Қалай болғанда да, содан басқа сөзді ұмытып қалғандай.
Мен қызға таңдана қарадым:
– Сен менің жағымдасың ба?
– Әлбетте. Өйткені сізді жақсы көремін.
Мен сол бойда өзім ойластырған жоспардың бірінші бөлімін өзгертуге бел будым: Кукиконы өзімнің одақтасыма айналдырып, сол арқылы қарсы жақтың арасына іріткі салу керек.
– Сен маған жоспарымды жүзеге асыруға көмектесесің бе?
– Әрине, сол үшін осында келдім ғой.
– Мен мына жағдайдан шығуым керек. Бұған келісесің бе?
– Келісемін. Мүмкіндігінше бұл жерден тезірек қашайық.
– Қашайық дейсің бе... Сен мұны жақсы айттың. Иә, дәл солай, қашамыз. Мен ақыл-парасатым аяққа тапталған жерде өмір сүре алмаймын.
– Махаббат. Мәселе ақыл-парасатта емес, махаббатта. Тек махаббаттың күші ғана өмір сүруге мүмкіндік береді.
– Жақсы, жақсы, бірақ ақыл-парсат жоқ жерде, махаббат та болмайды ғой.
– Жо-жоқ, меніңше, сіз қателесіп тұрсыз. Бәрі керісінше. Ақыл-парасат дәл осы махаббаттан туады.
– Иә, шамасы мен қателескен шығармын, – деп оның сөзін шын жүрегіммен мақұлдадым, – қалай десек те, біз бірдей ойлайтындықтан, бұдан былай да бір-бірімізге көмектесіп жүруіміз керек сияқты. Мен сені көрген бойда отбасының басқа мүшелерінен өзгешелеу екеніңді бірден байқаған едім. Қалай дегенмен, ақынның аты - ақын. Енді көріп тұрмын, сен періштедей әдемі екенсің. Егер сен бұл отбасынан тәуелсіз болғаныңда, бәлкім, саған ғашық болар ма едім.
– Демократиялық қоғамда адамның жеке басы тәуелсіз екеніне ешқандай талас жоқ.
– Олай болса, мына адамдарды қалай қуып шығуға болатынын ойластырайық.
– Қуып шығу дейсіз бе? Біз өзіміз қашуға бел байладық қой.
– Қашудың тіпті де қажеті жоқ. Біз оларға берілуіміз керек пе? Одан да қуып шығайық. Пәтер менікі екені айдан анық. Жарайды, қаштық делік, бірақ мынадай пәтер мәселесі қиындап тұрғанда қайда барасың?
– Мен ондай мағынада айтып тұрған жоқпын. Қашу – бұл рухани мәселе. Бәрін де көтеруге мүмкіндік беретін махаббат жолымен қашуды айтып тұрмын.
– Бұл не дегенің? Сонда сен қазіргі жағдайға мойынұсынасың ба?
– Жоқ, онымен келіспеймін. Алайда, оны өзгерту қолымыздан келмейді деп ойлаймын. Кім-кімге де маңдайға жазғаны болады емес пе.
– Солай ма? – Орнымнан атып тұрып, бетіме жабысқан өрмекші торын сыпырып тастадым. – Сен менің жауым болып шықтың ғой. Бәлкім, сені менің басқан ізімді аңдуға жіберген болар, саған сенуге болмайтын шығар?
– Сіздің осылай айтатыныңызды біліп едім. – Кикуко орнынан көтерілгенде, шашынан аңқыған жұпар иісті сезіндім. – Сіз сияқты адамдарға мен талай рет ғашық болғанмын, алайда ешқайсының маған көңілі аумады.
Кикуконың дауысынан көкірегін қарс айырған мұң байқалды, шынын айтып тұрғаны да айқын сезілді. Мен екіұшты күй кештім. Әйтсе де, екіұштылық мені бәріне басқаша қарауға бәрібір мәжбүрлей алмады.
– Талай рет... – еріксіз сыбырлап қайталадым, кенет бұл сөздердің мағынасы миыма жеткенде қорқыныштан тастай қаттым да қалдым. Әйтсе де, оның айтқан сөзіне қайта оралуым қажеттігін де ұққандаймын. – Демек, сенің отбасыңның құрсауына мен сияқты талай адам түскен ғой, солай ма? – Қыз тұнжырап басын изеді, мен болсам әр сөзімді нықтап: – Сосын олардың тағдыры не болды? – деп сұрадым.
Қыз менің кеудеме жартастардың көлеңкесі түскен суда жүзіп жүретін балыққа ұқсас аппақ қолдарын қойды. Дауысы мұңлы болса да, әдемі еді.
– Бәрінен шаршаған олар демалысқа кетті.
– Бұл қаза болды деген сөзің бе?
Шатырдың сиқыры күтпеген жерден көзімді бұлдыратып жіберді де, қызды құшағыма алып, ақырын сүйдім, біздің түйіскен беттеріміздің арасынан, әлде менікі, әлде оныкі, көз жасы сырғып ағып жатты.
6
Сол күні кеште басқыншылардың зорлығына ұшырадым – олар әжетхананың тұсындағы қойманың қақпағын шегелеп тастады да, қабырғаға құрылған шкафтың тұсынан төбені тесіп, шатырға шығатын өткел жасады. Енді қоймаға тек пәтер арқылы ғана кіріп-шығуға болатын еді. Осылайша үнемі олардың қырағы бақылауында қалдым.
Масқара жағдайдағы күндерім жалғаса берді. Басыбайлы құлға айналдым. Жұмысқа мені үнемі кішкентай бұзақылар – бала мен қыз апарып салады, алып қайтады. Жолда олар арасында бірінен соң бірі бір жаққа жүгіріп кетеді де, көзіне түскен нәрсенің бәрін – сағыз, кәмпит, кейде сағат немесе моншақ, тіпті өздеріне түк қажеті жоқ отверткадан бастап, жүктіліктен қорғайтын дәрі-дәрмектерге дейін қолтықтай келеді. Кейде олар маған өздерінен қалған нәрселерді жеуге береді. Мен үнемі аш жүретіндіктен оны қымсынбай алып жеп қоямын.
S.-ко фирмада кездескен сайын менімен сәлемдеспейтін болған. Мен онымен қанша сөйлесуге тырысқанымен, әркез орайын тауып сытылып кетіп жүрді. Екі аптадай уақыт өткенде ол бұл фирмадан біржола басқа жаққа ауысып кетті. Ал мен болсам, оны бұрынғыша жақсы көретінмін.
Үйге келгеннен кейін де үнемі бақылауда боламын. Басқасын айтпағанда, ақыл-есінде ауытқуы бар әйелі ешқашан үйден аттап ешқайда шыққан емес. Алғашқы кездерде ол менімен әуейі болуға тырысты (оған кіммен әуейі болса да бәрібір еді, әйтеуір үнемі сондайды қалап тұратын, тіпті көзге көрінбейтін біреулермен де әуейі бола беретін). Алайда, мен оның қылымсыған қылықтарына көңіл аударуға құлқым жоқ екенін түсінгеннен кейін ұстанымын өзгертіп, менің қас жауыма айналып шыға келді. Ал қызы бұрынғысынша маған мейірімін байқатып жүрді, бірақ біздің бір-бірімізбен оңаша қалу мүмкіндігіміз болмағандықтан, бұл қарым-қатынасымыз жалғасын таппады. Тапқан күннің өзінде оның маған деген сезімі өте шектеулі боларын, біздің бір құпия кездесуімізден соң анық түсінген едім.
Қалғандарына келетін болсақ, олардың мінез-құлқын өзіңіз көзге елестете беріңіз.
Неге мен қашып кетуге тырыспадым? Кикуко айтқандай рухани емес, тура мағынасында неге қашпадым? Өйткені мен әлі де күреске деген ерік-жігерімді жоғалта қойған жоқпын және үмітім де үзіліп бітпеген еді. Мен ұрымтал тұсты күттім.
Күндердің күні сондай бір мүмкіндік туды. Үйге қайтар жолдағы көшелердің бір бұрышына шапито-цирк құрып қойған екен. Мені бағып жүрген кішкентай бала мен қыз осы циркті көруге қызығатынына ешқандай күмәнім болған жоқ. Оларды сыртта күте тұрамын деп алдап, циркке алып келдім. Сөйтіп бір сағат жарым уақыт ішінде өзім бұрыннан көздеп жүрген заңгердің кеңсесіне де барып үлгердім. Заңгер кеңсесінде көп отбасы бар еді. Үлкендер мен балалар бірінен соң бірі үзіліссіз келе берді, келе берді, содан соң қайтадан кетіп қалды. Ең соңында түрі аянышты, әбден қажыған бір адам төбе көрсетті – бұл осы кеңсенің қожайыны болатын. Шашына өрмекші торы жабысып қалғанын сезген ол абдырап басын қаси береді, онысы маған өте қолайсыз әсер етіп, мазамды қашырды.
Мен оған болған жайды суыртпақтап айта бастадым, алайда, адвокат мәселенің мәнісін түсінген бойда сұқ саусағын асығыс ерініне қойып:
– Ақырын, ақырын, – деді.
Мен сөйлеп отырғанда, оның көздері үрейден алақ-жұлақ етіп, жан-жағына қарай берді, ал әңгімемді аяқтаған кезде оның жүзі қан-сөлден айырылғандай бозарып кеткен болатын.
– Бәрін айтып болдың ба? – деп сұрады адвокат дауысы қырылдап. Содан соң ол орнынан көтеріліп, мені қолымнан алды да, сыртқа қарай бастады. – Қандай өкінішті болса да, айтуға мәжбүрмін, мұндай істе сізге көмектесу мүмкін емес. Біздің ешқайсымызда да сізді қорғайтындай күш жоқ. – Ол дауысын одан сайын төмендетіп: – Мен өзім басқыншы отбасының тұтқынымын. Сіз он үш адамнан тұратын отбасын көрген шығарсыз деп ойламын. Сіз сияқты жалғызбасты адам осындай күйге ұшырағанда, оның жағдайы шүкір деуге болады. Ал мен сияқты отбасылы адам болса, бұл - тіпті азап. Менің әйелім балаларын алып кетіп қалды, дұрысын айтқанда олар оны қуып жіберді. Менің қызметшілерімнің бәрі жұмыстан кетіп қалған, қазір мен бүтін жұмысты – хатшылықтан бастап, қызметшіге дейінгі міндеттердің бәрін жалғыз өзім атқарып жүрмін. Бір айдың ішінде отыз келіге арықтап кетіппін. Тағы бір айдан соң бүтін салмағымнан айырылатын шығармын.
Онымен қоштасып жатып:
– Біз дос боламыз, – дедім қолын қысып.
Бірақ ол көңілсіз кейіпте басын шайқап:
– Өтінемін, енді мұнда келмей-ақ қойыңызшы, – деді.
7
Бұл менің соңғы талпынысым еді.
Оны жүзеге асыру оңай болған жоқ, өйткені үйге әр оралған сайын олар мені мұқият тінткілеп шығады. Әйтсе де, ара-тұра орайын тауып әрбір қолайлы сәтте жинастырған қағаздардан отыз парақтан тұратын үндеу жазып шықтым:
«Үйдің тұрғындары, ақыл-есі мен сана-сезімі бар азаматтар! Өрескел басқыншылыққа ұшыраған достарыңыздың бірі сіздерден өтініп көмек сұрайды.
Маған мүлдем бейтаныс бір отбасы, бұған ешқандай құқығы болмаса да, аяқ астынан тұрғын-жайымнан айырып, менің бүтін өмірімді билеп-төстей бастады. Оған қоса, жұмыс істеп, ол адамдарды асырауға міндеттімін. Олар заңсыз әрекеттерін көпшілік дауыстың шешімі деген әдемі сөздермен бүркемелеп, өздерінің көптігіне арқа сүйеп, өз шешімдерін заңды түрде менің мойныма артады. Мұндай өрескел әрекеттерге жол беру – қоғамды төмен құлдыратудың ең тиімді тәсілі! Бұл менің ғана мәселем емес. Бұл ертең сіздерді де тосып тұрған тағдыр. Сондықтан біз күш біріктіріп, заңсыз көпшілікпен күресуіміз қажет. Бірінші кезекте мен пәтерақысы қымбаттауына қарсы шыққан тұрғындарға жүгінгім келеді: бұл жолы одан да қымбат құндылық – бостандығымызды қорғау үшін қайтадан неге бас біріктірмеске?! Сіздердің ауызбіршіліктеріңіз мені, сонымен бірге өздеріңізді де қорғайды.
Ақылдан жұрдай көпшіліктің орнына нағыз шынайы көпшіл қоғам құрайық!»
Енді қалғаны «ешкінің мойнына қоңырау тағу» болатын. Менің қол-аяғым тұсаулы, сол себепті үндеу парақтарын жапсырып шығуға әзір мүмкіндігім болған жоқ. Ал кезекті жалақы алатын күн болса таяп қалды, егер батыл әрекет жасамасам, мына адам төзгісіз азапты тағы бір айға созуға тура келеді деген ойдан қан жұта қайғырдым. Сөйтіп жүріп бір күні әжетханаға бара жатқан сияқты болып шықтым да, үндеу парақшаларын жапсыра бастадым.
Үшінші парақшаны жапсырып үлгермей жатып біреудің жөткірінген дауысын естіп жалт қарағанымда, бекзат болмысты мырза мен оның үлкен ұлын көрдім.
– Жұмыс істеп жатсың ба? – Олар бір-біріне қарап мырс етісті, әйтсе де, түрлері сондай қатулы еді, тіпті парақшаларды жыртуға тырыспады, жапсыруға да кедергі жасамады.
Қатты абыржып, не істерімді білмей, тағы он шақты парақ жапсырып шықтым.
– Біз сені сабасына түсті деп ойлап жүрсек, сен қайтадан өз әніңе бастың ба. Фашистік сана-сезім – өте қиын нәрсе, – деді ұлы әкесіне бұрылып.
Бекзат болмысты мырза басын изеді.
– Қане, бері кел, – ол менің қолымнан тартты.
– Мыналарды жұлып тастайын ба? – деп сұрады ұлы.
– Қажет емес, насихат сөз ретінде қала берсін. Бұл оған мықты сабақ болады.
Қолымды қайырып қайтадан пәтерге алып келді. Бекзат болмысты мырза маңғаз кейіппен отбасына парақшаларды көрсетіп, жиіркенішті дауысымен болған жайды айтып шықты. Сол сәтте әлдебір жаққа жиналып жатқан екінші ұлы киінуін доғарып, кеудесін керген күйі маған зілдене көзін қадады. Алайда, сол бойда ойына бірдеңе түскен адамдай, бет әлпетін-өзгертіп, күлімсіреді. Тұнжырап отырған Кикуко маған мұңая қарады, оның көзінен айыптауды оқуға болатын еді. Қалғандары, әлбетте, ешқандай қызығушылық танытпады.
Бекзат болмысты мырза жайымен сөйледі:
– К.-кун, парақшалар үшін жауап беретінің айтпаса да түсінікті. Осы үйдегі қалыптасқан тәртіптен бастасақ, қабырғаларды парақ жапсыруға пайдалану, сондай-ақ оны бүлдіргенің үшін бір параққа жүз иеннен төлену керек. Сен он парақ жапсырдың, демек бұл мың иен. Ал бізге, әлбетте ешқандай жауапкершілік жүктелмейді. Айтпақшы, сен үй басқарушысынан парақтарды жапсыруға рұқсат алдың ба? Менің ойымша, рұқсатын алған жоқсың. Сол үшін бес жүз иен айыппұл есептеледі. Біз, әрине, бұл мәселеде үй басқарушысын қолдаймыз. Ал мұның бәрі сен күткен нәтижеге тұп-тура қарама қайшы болып шығады, – үй басқарушысы бізді толықтай қолдайды. Оның үстіне, мына үйдегі тұрғындардың шамамен жартысы пәтерақысын кешіктіріп береді. Олар сонда үй басқарушысына қарсы шығады деп ойлайсың ба? Қалғандары – түгелге дерлігі әйелдер, – олардың бәрі маған және менің балаларыма достан да артық болып кеткен...
– Не деген жексұрындық, жексұрындық, – деп кенет өлімсіреген дауыспен зарлай жөнелген әйелі бекзат болмысты мырзаның сөзін бөліп жіберді.
Оның қасында өні қуқыл тартып, еңсесі түсіп кеткен қыз тұрды. Ал кәрі кемпір әйелді жұбатып, арқасынан сипады. Мен болсам сыртқа шықтым да, өзім сондай қиындықпен жапсырған парақшаларды жұла бастадым.
Эпилог
Желді күндері К.-кун тұратын үйдің төбесіндегі тесіктерден әр түн сайын парақшалар сыртқа ағылып шығып жатады. Жел үйірген ондаған, жүздеген, мыңдаған парақшалар қаланың ішінде ұшып жүрді. Бірақ бұл парақтар қайдан ұшып шығып жатқанын ешкім білген жоқ. Оны сол ондаған, жүздеген, мыңдаған құрбандар оқыды.
Басқыншылар әлгіндей парақшаларға қатысты өзгеше бір сот процесін бастап кетті. Олар бұл парақшаларды қауіпті бактериялармен зақымданған деп мәлімдеді. Санитарлық инспекция жүргізген тексерістердің нәтижесінде шынында да белгісіз бір бактериялар табылған екен. Ар-ұяты бар бір адвокат мұндай бактериялар дезинфекцияланбаған кез келген затта болатынын айтып көріп еді, бірақ оның мәлімдемесіне ешкім құлақ аспай, парақшаларды таратуға тыйым салатын заң шығарылды. Алайда, сот шешімі шығардан бірнеше күн бұрын үйдің шатырынан парақшалар ұшуын тоқтатты. Зорлық-зомбылық пен аштықтан әбден қалжыраған К.-кун өзіне «демалыс» ұйымдастырған еді. Ол тізерлей отыра қалды да, тамағына бізді бойлата сұғып жіберді.
Орыс тілінен аударған Меңдолла Шамұратов
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.