Бүгін «Алтын орда» базарына роботтар түсіпті дегенді ести сала екі өкпемді қолыма ала жүгірдім. Бұл көлік кептелісінен ертелі-кеш бір босамайтын аймақ. Мен мектеп директоры болып істейтін жерден едәуір қашық. Баруға кежегең кейін тартып тұрады. «Құдай жүгіртпеген сиырды бұзауы жүгіртеді» дегендей керекті затыңның атын естігенде алды-артыңа қарамайтының рас. «Неге Атакент павильонында сатылмайды екен, маған жақындау еді" деген ой әу баста жылт еткенімен, іле-шала ұмытып кеттім. Жаныңа керекті заттар түрлі мемлекеттерден жеткізілетін ірі нарық орталығы соңғы кезде цифрланып, инновацияланғаннан кейін «неге онда роботтар сатылмасқа?» деп ойлаған шығармын.
Роботтар ең түкпірдегі, жайлы қатарда екен.
- Тігінші ме, аспаз ба, құрылысшы ма, үй жинаушы ма? – деп сатушы қолды-аяққа тұрмайды. Үйде жинақтап келген ойыңның базарға келгенде быт-шыты шығатыны несі екен?! Жалпы мен болбыр жанмын, жинақы емеспін, сондықтан жан-жағыма қарап, алақ-жұлақ етіп қалдым.
- Мұғалім-робот бар ма? – деген сұрағыма сатушы біраз уақыт аңтарылып тұрды да:
- Қоймада келгелі бері кітап оқып отырған бір робот бар. Жүріңіз, көрсетейін, - деді. Соңынан ілестім. Робот теріс қарап Apple MacBook-тен мәтін оқып отыр екен. Денесі металл мен пластиктен жасалған секілді емес. Кәдімгі адам. Көзі мөлдіреп, ұзын кірпіктері өзінің бет-жүзіне жарасып тұр. Бойы ұзын. Классикалық көйлегі денесіне жарасып тұр. Менің алатынымды білген сатушы:
- Шаршамайды, бәрін біледі, қателеспейді, әділдік принципін сақтайды, - деп безілдеп-безілдеп бағасын көтеріп жіберді. Мен де тиын есептеп қалған адаммын, техникалық ақау шықса, ақшамды толығымен қайтарып алатынымды ескертіп жатырмын. Саудагердің айласына астар болмасымды білсем де сөйлеп қоям. Ортақ бағаға келісіп, саудаластық. Мұғалім – роботтың аты қазақша Шұғыла екен. Екеуміз мектеп жаққа келе жатырмыз. Жол-жөнекей кеудесі ашық-шашық, беті қуыршақтың бетіндей қатып қалған, кірпігіне қабаттастырып қыл жалғаған қызды көріп:
- Көкірегі ашық, көзі ояу деп осындайларды айта ма? – деп сұрады.
- «Көкірегі ояу, көзі ашық» деп қолданады. Зерделі, сезімтал адамдарды айтады, сен көрген мына қыздың болмысына ол теңеу онша келе қоймайды – ау, - деп сөзін түзетіп, бетіне қарадым. Таңданса көзі сап-сары болып кетеді екен. Баяулап барып қоңырқай түске айналды. Жол-жөнекей «Abdi» магазиніне кірдік. Кіре берісіндегі сән бөлмесінің әйнекті есігінен көзін боятып отырған қызды көріп:
- Мына бойжеткен көзбояушылықпен айналысып отыр ма? – деді.
- Жоқ, ол көзін бояп, сәнденіп отыр.
Мен роботтың ақауы бар ма деп ойлап қалдым да, бірақ одан тез айныдым, себебі ол Семейдегі 6-сынып оқушылары арасындағы әлімжеттік, мектептегі боқтық сөз, төбелес, өтірік айту, қатыгездік туралы қызына айтқанда мен де оның әңгімесіне қосыла кетуден өзге амал қалмаған. Ол тоқтай қалып, осы жерде бір мәселені шешіп алайықшы дегендей:
- Мен мектебіңізге барғанда ҚМЖ жазбаймын, квалтест тапсырмаймын, оқушылардан БЖБ, ТЖБ алмаймын, - деді.
- Неге?
- Оның бәрі –қағазбастылық. Маған карьера керегі жоқ. Директор, білім басқармасының бастығы, оқу министрі боламын деп ұмтылмаймын. Математика мен ағылшын тілінен өте жақсымын, қазақ әдебиетінен білімімді жетілдіруім керек, ешкіммен бәсекелес болмайтынымды білген соң да сатып алып жатсыз ғой, – деп әңгімесін аяқтай бергенде мектепке де жеттік. Сыныпты жаңа мұғаліммен таныстырдым. Есімінің Шұғыла екенін айттым. Бұл сыныптың оқушылары өте қалжыңбас. Жоқтан өзгені іліп-шалып отырады. Мұғалім-робот Шұғыланы көргенде:
- Сен Оптимус Праймсың ба, әлде ауылдан келген қарапайым шаруасың ба? – десе, бірі:
- Wi-Fi-сыз жұмыс істей аласың ба, әлде сені розеткаға қосатын біреуді тағайындайық па? – деп, енді бірі:
- Біз жаман баға алсақ, ашуланып, «қатып» қалмайсың ба? – деп мұғалімді күлкіге айналдырды.
- Приколдарың өтті. Әзілқой екенсіңдер. Мазақ етуші мазақталушыдан гөрі мазақ болатынын ұмытпаңдар, - дегенде мұндай сөзді күтпеген сыныптағы ұл мен қыз тыныштала қалды. Алғашқы сабақ – әдебиет пәні. Мұғалім әр оқушыны атымен атап, сабақ сұрай бастады.
Тапсырма Майлықожаның:
Ажал келсе жатқызар,
Маңдайдан басқан ұйқыдай,
Пендені дәулет мас қылар
Қырауды кешкен жылқыдай, - деген өлеңін талдау керек екен.
- Қарашаш, дәулет дегеніміз арақ, виски емес, ол неге мас қылады, айтып жіберші, - деді де, Қарашаштың бұйраланған сары шашына қарап, көзін жыпылықтатып, тұтығып қалды.
- Қарашаш дейді, шашы сары! -Түсіне алмай тұр.
- Асып-тасып, менмендік күйге түсті дегенді білдіреді –деп Қарашаш тақ ете түсті. Шұғыла – мұғалімнің таңданысында шек болмады. Өзінің мүлде басқа мағынадағы жауап күткеніне беті қызарып, көзі біресе сары, біресе қызыл болып, әрең басылды. Өз-өзіне келген соң барып екінші тапсырманы сұрады.
- С. Торайғыров былай депті:
Көз тігіп қарадың деп күйе жақпа,
Жақсаң жақ, жөні келер жерін тап та.
Ботагөз, осындағы күйені сен қай жерге жағар едің және ол неге көзін тігіп алып қарайды? –деп келесі сұрағына көшті. Жымиғанда көзі бір сызық болып қалатын Ботагөз орнынан тұрғанда, мұғалім аң-таң болып, денесі дірілдеп кетті.
- Мұғалім, бұл күйе сіз ойлағандай бояу емес, адам адамды кінәлау деген сөз. Көз тігіп дегені көзін жіппен тігіп тастау емес. Сіз шатасып тұрсыз, – деді де орнына отыра қалды.
Шұғыла мұғалімге бүгінгі сабақ бітпейтіндей көрінді. Оқушылар алдында беделінің түсіп қалғанын ұқты. Өзін жаман сезінді. Кенет сыныптың ішін жаман иіс алып кетті. Дәретхана жақтан келген болар деп сантехник шақырып, у-шу болды да қалды. Оқушыларды сыныптан шығарып, аяқтарын сулы шүберекпен сүрткізіп, қайта кіргізді. Рамазан деген баланың жанына келгенде электронды мұрын жарылардай болды. Сенсорлар иісті идентификациялаған, мүңкіп тұр.
- Сен нәжіс басып алғансың ғой, - деп дәретханаға қайта кіргізіп, іші өтіп кеткен ыштанын шешіп, жуып, анасына телефон соғып, сыныпқа қайта кіргенде, балалар бір-бірінің аяқ киімдерінің табанын тексеріп, мұрындарын басып, беттерін тыржитып отыр екен.
- Балалар, Рамазанның жаңағы иістен жүрегі айнып, құсып, басы ауырып қалды. Анасы келіп алып кетті, болды енді, сабағымызды жалғастырамыз, - дей бергенінде қоңырау соғылып, сынып іші лезде у-шуға толып кетті. Сыныптың тең жарымы домбыра үйірмесіне барады екен. Балалар бір-бірімен алысып-жұлысып жүріп Ақжолдың қолындағы домбыра түсіп кетіп, мойны шанақ тұсынан бөлінді де қалды. Ол –Хан деген баланікі еді.
- Қазір әкем келіп сенің мойныңды да осылай жұлып алады, - деп Хан Ақжолдың жағасынан ала түсті. Шұғыла мұғалім оқушының аузынан шыққан боқтық сөз, ай-шай жоқ жұдырықтаса кеткендеріне бір сәт аңтарыла қарады да, екеуінің ортасына тосқауыл болып тұра қалды.
- Хан, сенің атыңды әке-шешең қисынсыз үмітпен қойған-ау. Оның сынуына өзің себепшісің, өзге балалардың домбырасы қабына салынып, қол жетпейтін жерде тұрды, сенікі жерде, қапсыз жатты. Киелі домбыраны бұлай ұстауға болмайды, - деп сөйлеп жатқанда Ханның әкесі де кірді. Ол баласының мұғалімге:
- Оптимус Прайм, сенен ешкім ақыл сұраған жоқ, - деген сөзін естіп қалды, бірақ баласына «не айтып тұрсың?» демеді. Ханның әкесіне Шұғыла-мұғалімнің өзі хабар берген.
- Осы қаладағы «Мәскеу ауданының әкімімін», - деп таныстырды өзін мұғалімге.
- Мен әкіммен емес, оқушының ата-анасымен сөйлесейін деп едім.
Кім-кім болса да алдында бас шұлғып туратын адамдардың мінезіне үйренген әкім мына сөзден терісіне сыймай кетті.
- Мен бұл домбыраны шеберге пәлен мың төлеп жасатқанмын, Ақжолдың ата-анасы сол соманы төлесін. Әңгіме сонымен бітеді.
- Сатып алып бермейді. Сіз өтірік айтып тұрсыз. Домбыра базардан сатып алынған, шанақ тілшелерінің желімі ажырап тұр. Домбыра балаңыздың ұқыпсыздығынан сынды, - деп әкімнің бетін қайтарып тастады. Ханның әкесі мұғалімнің мына қылығынан жарылардай болып, «Сені бұл мектепте қалдырмаспын» деп іштей кіжініп кетті. Ай мен күні оңы мен солынан қосарлана туып, айбыны асқақтап тұрғанда бұған бір кішкентай мектептегі мұғалімді ұшырып жіберу деген сөз емес.
Сыныпта жалғыз қалған Шұғыла-мұғалім әділдік принципін сақтадым, логикаға жүгіндім дегенімен, көңіл-күйінің бұзылып тұрғанын аңғарды. Осы сәт телефон шырылдады. Рамазанның анасы екен.
- Рамазан басқа мектепке ауысамын, мектепке бармаймын деп отыр. Балалар күледі, өмір бойы мазақтайтын болады дейді, - деп жыларман халде хабарласты.
- Бұл туралы бірде-бір бала білмейді. Мен сыныпқа ол нәжіс басқаннан жиіркеніп, ауырып қалды дедім, қысылмай келе берсін – деді де телефонды өшірді.
* * *
Ертесі Шұғыла мұғалім сабаққа келмеді. Ақжол оның Мәскеу ауданы әкімі тарапынан келген әрекет екенін сезді де, өзі үшін құрбандыққа шалынған мұғалімге қалай көмектессем деп ойлады. Кабинетіне кірді. Бөлме іші күңгірт. Айналадағы заттар қарауытып, бұлыңғырланып тұр. Көзі де буалдырланып, бұлыңғыр тартып кетті. Шұғыла мұғалім сілейіп, мылқау адамша тұр. Ақжол «эмоция» деген кодты терді. Кенет мұғалімнің көзі жыпылықтап:
- Мен тірімін бе? – деді даусы дірілдеп, - сенің келетініңді біліп едім, олар мені утилизацияға жібергелі жатыр. Екі жендет робот келіп кетті. Ал менің сендер секілді өмір сүргім келеді,- деді даусы қырылдап.
Ақжол қалшылдап кетті. Сәл ойланып, абыржып барып, терең дем алды да пернетақтадағы «іске қосу» деген жазуды басып қалды. Кенет сервердегі шамдар жарқырап, мониторда жазулар жүгіре бастады. Мектептің күзет дабылы қосылып азан-қазан, абыр-дұбыр, даң-дұң дыбыс шығып, у да шу болып кетті. Ақжолдың жүрегі атқақтап соғып, аузына тығылды. Сервер бөлмесінен жеделдете шығып, келе жатқан күзетшіні көріп, есік сыртына жасырынып тұра қалды. Дабыл басылып, қарауыл айналаны бір шолды да, тыныштыққа көз жеткізіп орнына кетті.
Келесі күні Ақжолдың планшетінде белгісіз қосымша пайда болып «Мені іздеп жатыр. Олар мені толық жоюды көздеп отыр. Көмек керек!?» деген хабарлама пайда болды. Ол ойланып қалды. Мектеп серверіне қайта кіріп, мұғалімін құтқара ала ма? Жалғыз өзінің шама-шарқы келе ма? Тез арада таңдау жасау керек, оған қауіп төніп тұр! – деген дегбірсізденіп. Сыныптастарымен ақылдасты.
- Қалай құтқарамыз? –деді Қарашаш пен Ботагөз ойланып.
- Хакерлік арқылы. Біз киберсынып емеспіз бе?
Жүйеге кірсек, биометриялық кодты табамыз, оның жауапкершілігін мен мойныма аламын, - деді Рамазан.
- Солай істейік! – деді сынып түгелдей. Хан да үнсіз осыларға қосылды.
Сынып информатика сабағында отырған. Үнсіздіктен үркіп кетердей тыныштық орнаған. Тысыр естілмей, әркім өз жүрек дірілін ғана тыңдап отыр. Сылдыр еткен дыбысқа елең ете түскенде, қара киімді екі робот Шұғыла-мұғалімге жақындап қалған. Рамазан мен Ақжолдың саусақтары перне үстінде жүгіре жөнелді. Планшеттеріндегі түймені шалт қимылмен қас-қағымда басып қалғанда, қара киімді екі робот дірілдеп, қалтылдап, бір орындарында ойланып, айналып барып, кейін шегінді де, келген есіктерінен сыртқа шығып кетті. Оқушылардың компьютер экранында «Рақмет сендерге! Мені құтқардыңдар! Енді мені жаңартып, кодымды толықтырыңдар!» деген жазу шықты. Оқушылар орнынан тұрып мәз-мейрам, мәре-сәре болып, бір-бірін құшақтап, бірсыпыра уақыт шат-шадыман көңіл-күйде болды. Сол қуанышпен:
- Сізді қалай жаңартамыз? –десті.
- Оны өздерің зерттеулерің керек, маған еркін ойлау мүмкіндігін қосыңдар!
Интернеттен оқыған бағдарламалау негіздерін естеріне түсіріп, оның санасына «өзін-өзі дамыту және шешім қабылдау қабілеті» деген өзгеріс енгізді.
- Дайынмын! – Шұғыла-мұғалімнің даусы жарқын шықты. Ертеңнен бастап сыныпқа қайта ораламын!
Оқушылар мұғалім-робот Шұғыланың жадында әділдік пен адамгершілік туралы мәліметтердің молынан сақталғанын, дегенмен адам баласының сезімін, фразеологизм сөздерінің мәнін толықтай түсіну бағдарламасының қосылмағанын білді.
- Сендердің көмектерің өте қажет. Сендерді түсінуім үшін маған көп уақыт керек, - деді Шұғыла-мұғалім.
- Ішкі жүйеңді дұрыстайық. Әр сөздің артында терең мағына жатқанын ұқтыратын бағдарлама жасайық. Одан сен шын адам болып кетпейсің, тек адамдармен қарым-қатынасың жеңілдейді.
Оқушылар Шұғыла-мұғаліммен ұзақ уақыт бірге жұмыс істеп бағдарламасын жетілдірді. Олар роботқа адамгершіліктің терең мағаналарын түсіндіре отырып, өздері де жаңа нәрселерді үйренді. Шұғыла мұғалімнен білім ғана емес, оның адамдық құндылықтарды үйрететін сабағын да асыға күтетін болды. Рамазанға мұғалімнің екеуара құпияны жария етпейтіні үлгі болса, Хан әкесінің қылығына ұялып жүрді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.