Адамның фантазиясы сатылатын дүкен

Бөлісу:

25.02.2019 5344

Жұртқа мораль соғумен тарихта қалған дін насихатшысы француз Пьер Николь ХVІІ ғасырда кітапханаға осылай деп сипаттама беріпті. Кекесінмен айтты ма, жоқ әлде сүйсініп берген бағасы ма, бір құдай біледі. Міне, біз сол «фантазия дүкеніндеміз».

Алдымен – редакциямыздың іргесінде тұр, содан соң – кімге қалай өтініш айтып, нені қалай түсірем десең де бетіңнен қақпайтын кісілерің бар және Астанадағы ең үлкен кітапхана. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасына фоторепортаж жасай барғанда осы үш себепке сүйенген едік.

Сурет ғаламтордан алынды

Ұлттық академиялық кітапхана 2004 жылы 10 маусым күні ашылған. Ал алғашқы оқырманын арада 15 ай өтіп, 2005 жылдың 10 қыркүйегінде қабылдапты.

Кітапхананың негізгі байлықтан бөлек, қазақ және шетелдік басылымдардан, түрлі анықтамалық, оқулық және ғылыми әдебиеттен тұратын 1 446 195 дана қоры бар.

Жыл енді шығып жатқандықтан келімді-кетімді оқырман жайын өткен жылдың есебімен ұсынғанымыз жөн-ау. 2018 жылы қолында оқырман билеті бар 51 235 ізденімпаз Ұлттық кітапханаға келіпті.

Бір жылда мұнда 703 100 кітап пен газет-жұрнал оқылған.

Білерсіз, білмессіз, бізде ақпараттық теңсіздікті төмендету жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бар. Сол шеңберде Ұлттық академиялық кітапхана 2008 жылдан бері электронды түрде де қызмет көрсетіп келеді.

Қазақстанның Ұлттық Электронды кітапханасына былтыр әлемнің 92 елінен 214 423 онлайн-оқырман кіріпті. Олар 702 мың материал пайдаланған.

Тұрақты оқырманнан бөлек, кітапханада екі күннің бірінде өтіп жататын ірілі-ұсақты іс-шараға келушілердің, кейде тіпті шақырусыз-ақ экскурсияға сау ете түсетін қыдырымпаздардың да есебі бар. Бұл орайда былтыр 600 мыңдай адам тіркеліпті.

Былтыр Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында сөз болған «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» деген жобаны ілгерілету мақсатында әйгілі түркологтар Бейсембай Кенжебаев пен Немат Келімбетов атындағы Түркология оқу залы ашылды.

Түркология оқу залы «Түркі халықтарының көркем әдебиеті», «Түрколог ғалымдар», «Түркілік өркениет тарихы», «Түркі халықтарының жазба мәдениеті», «Ислам өркениеті және түркілер», «Кеңес дәуіріндегі түркология», «Тәуелсіз Қазақстан және түркі өркениеті» сынды бөлімдерден тұрады.

Академиялық кітапханадағы кірсең шыққың жоқ және бір жер - былтыр желтоқсанда ашылған Әбіш Кекілбаев атындағы оқу залы.

Жазушының үйіндегі жұмыс кабинетінің нобайында жасалған атаулы залға Әбіштің жеке коллекциясынан мәдениет пен өнер тарихы, әлемнің ұлы тұлғалары туралы және қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан құралған 6019 кітап қойылыпты.

Төрде тұрған Кітап мұражайы сырттан кірген кісінің көзіне оттай басылар еді.

Кітап мұражайындағы шығыс пен батыс, түркілік һәм ислам өркениеті негізінде тізілген көрмелерді бір сүзіп шығыңызшы, достардың басы қосылған жерде жазудың тарихы мен дамуы туралы сағаттап дәріс оқырлық халге таяп қаласыз...

Кітап мұражайында, сондай-ақ, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында қазақ балалары қара таныған оқулықтар да самсап тұр.

Кітапхана қорындағы сирек қолжазбалар мен кітаптардың бірсыпырасын да осыннан көресіз.

Кітап – әуел бастан құнды дүние. Ал «Құнды тарту» залындағы 6000 кітап осы ғимараттағы құнды кітаптардың құндысы...

"Құнды тарту" залындағы атадан балаға мұраға қалып отырып 700 жыл бойы үзбей жазылған Құран тәпсірі.

Ал мынау ағылшын лейтенанты Томас Вентрот дегеннің өмірбаяны. Авторы ағылшын заңгері әрі тарихшы Джон Рушворт. Жәдігер әлдебір әскеридің өмірбаяны болғаны үшін емес, 1686 жылы шыққан кітаптың әлемдегі жалғыз данасы болуымен құнды.

VІ ғасырда көне қытай тілінде жазылған әскери істер бамбук кітабы.

Осындағы құнды тартудың көкесі 1735 жылы Парижде шыққан иллюстрациялық альбом.

Көбінесе гүлдің суреті салынған альбомды Парсы мен Үндістаннан, Қытай мен Жапониядан іздеп таптырып, бастырған адам – француз суретшісі месье Ле Дук.

Альбомдағы кей беттердің бүктеуін жазсаңыз, Таң дәуіріндегі Қытайдың бейнелеу өнерімен көмкерілген салақұлаш полотноға айналады.

БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫ

Ұлттық академиялық кітапхана жанынан ашылған Балалар кітапханасы Астана астана болғалы Есілдің сол жағалауында пайда болған алғашқы және әзірге жалғыз мекеме.

Кітапхананың 6-14 жас аралығындағы 11 мыңдай оқырманы бар. Аптасына жеті күн, күніне сегіз сағат жұмыс істейді.

Балаларды қамап қойып, таңертеңнен кешке дейін кітап оқытады деп ойламаңыз. Мұнда «Тоғызқұмалақ», «Ағылшын тілі» және «Сурет салу» үйірмелері бар.

Міне, техникаңа пысқырып та қарамайтын ақылды бала.

Кітапқа мінәжат етіп отырған ойлы бала.

Қағаз жасау үшін оталып жатқан орманды ойласаң ішің ашиды. Ал ондай жайсыз күйден оқылып жатқан кітап қана құтқаратын шығар...

P.S. Жо-жоқ, қаптың түбін қаққанда...

Суреттер "Әдебиет порталының" меншігі

Бөлісу:

Көп оқылғандар