Асқар Сүлейменов: Шашырап түскен тіркестер
Бөлісу:
— Қаланың паспорты — такси мен базар. Мен үшін —
такси.
— Ашуға ерік берген адам босанып кеткен қабағанмен бірдей. Онсыз да көп қабағанды бүгінгі күн қарақұрым қылды.
— Стилі жоқтың жазғанын оқу - арпа талқанды құрғақ
асағандай.
Стильсіз жазушы, стилін таба алмаған жазушы - іріге еліктеп көлеңке калькаға барады да, сорпаның сорпасының сорпасы болады.
— Өтірікті кешіруге болады, тек ақтауға емес.
— Кей кетіктің тарағы да кетік боп келеді.
— Таранбаған әйелде бір мекиеннің, таранған әйелде екі мекиеннің миы бар.
— Экономикалық қауіпсіздіктің мәселесі, ең алдымен, ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі.
— Ең терең идеялар — қиын идеялар.
— Білмеген мін емес, білместікке көнген мін.
— Түс — күндіз бұққан ойдың ойыны.
— Жездең таз болса, темір тарақ сыйла.
— Шын режиссура — жүрек сияқты. Соққаны білінбейді.
— Ұяла алмаған адам — өлік.
— Ажал келмейді. Ажалға барасың. Барған бетте аудиенция береді.
— Әйел дәлелдермен емес, сеніммен тіршілік кешеді.
— Достық, ең алдымен, еркіндік.
— Сөз — құлын да, ой — жылқы.
— Ашық айту — анық айту болғанмен, ақиқатты айту емес.
— Сүрінгенін секіргендей көрсете білер бар.
— Қазақтың екі «жауы» бар. Бірі, дос — жауы — Абай. Қалғандары — қас жауы.
— Мінсіз шығарма жазу оңай. Қиыны — ғұмырыңды мінсіз шығармаға айналдыру.
— Тірлік кешкен адамның сол тірліктен алып кетері – жат тізені кеудесіне шығармау.
— Тәрбиенің еркіндігі - еркіндікпен тәрбиелеу.
— Өмір – өнер болғанда, өнер – өлшем. Өнер – өлшем болғанда, өлшем – үнем. Ал үнем – тірліктің күре тіні.
—Адамның адамдығын - оның басқаға, басқаларға шын зәрулігімен өлшеуге болады.
—Кем талант - мүмкіндігінше, шын талант - қалағанынша жазады.
—Кісілігін жоғалтпаса - жауыңның қайсыбір иттігін кешіруге де болады.
—Зады, бірегей тұлғаларға, бірегей кітаптарға сын есім жүрмейді.
—Ең терең идеялар - қиын идеялар. Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді. Жазушының бір міндеті - идеяны ашу емес, оны мұзартқа көміп, мұнармен бүркеу. «Шайнап берген ас болмас». Оқушы шыңғырғандай болып қиналса несі ерсі? Алсын қамау терін!
Бөлісу: