Виль Галиев. Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабы туралы цензуралық материалдар - 1
Бөлісу:
ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихының әрбір жылы маңызды әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси оқиғаларға толы болды. Солардың ішінде 1909-1910 жылдар қазақ қоғамдық ойы мен мәдениеті үшін маңызды кезең болды, ХІХ ғасырдың соңынан бастап олар жаңа шепке шықты. Қазақ зиялы қауымының ресейлік қоғамдық құрылысқа қарсылығы күшейді, қазақ кітап басу ісі ілгері басты.
1904 жылы Петербургте Шоқан Уәлихановтың шығармалар жинағы шықты. 1909 жылы сонда Бораганский баспасынан ұлы қазақ ағартушысы Абай Құнанбаевтың кітабы, сол жылы Ахмет Байтұрсыновтың “Масасы”, 1910 жылы Уфада М. Дулатұлының өлеңдер жинағы “Оян, қазақ!” жарық көрді. Ал Қазанда сол кезде оның “Бақытсыз Жамал” романы шықты. Келесі 1911 жылы Орынборда “Оян, қазақ!” жинағы қайта басылды. Біраз уақыт өткеннен кейін цензура оның идеялық бағытын анықтауға кірісіп кетті. Алғашқы дабылды Қазанқаласындағы цензор В.Смирнов көтерді. Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” өлеңдер жинағының бірінші басылымы туралы шуды да дәл сол бастаған болатын. Қазақ кітабын цензуралауға билік ерекше назар аударды.
Кітаптың екінші басылымы туралы құжатта куәлік сақталған, 1911 жылдың 19 қыркүйегінде Баспа істері бойынша Бас басқарма Қазан қаласының Баспа істері бойынша уақытша комитетіне былай деп хат жолдады: “Орынбор губернаторының 3 қыркүйектегі №9341-қаулысында айтылғандай, Орынборда шығатын “Уақыт” (“Вакыт”. – ауд.) газетінің баспаханасынан өзінің мазмұны бойынша панисламизм идеяларын таратуға қызмет ететін, қырғыздар арасында орыс үкіметінің қазіргі саясатына наразылықты өршітуге бағытталған қырғыз тіліндегі “Оян, қазақ!” (“Пробуждайся, киргиз!”) деп аталатын кітапша басылып шыққан, сонымен бірге “Жұмбақ” (“Загадка”) мақаласында Ұлы мәртебелі Императордың қасиетті құзырына және барлық орыстарға дөрекілікпен тіл тигізеді. Кітапшаның осындай мазмұнына байланысты, оның авторы Дулатұлы Орынбор губернаторының хабарламасында көрсетілгендей, 2-п.п. және 6-баптың 129-қылмыстық пункті бойынша сот жауапкершілігіне тартылған.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты және Баспа істері жөніндегі Бас басқармада бар мәліметтерді назарға ала отырып, аталған кітапша Баспа істері жөніндегі Қазан Уақытша комитетінің қарауына өз уақытында ұсынылды, бірақ олардың тарапынан қылмыстық іс қозғалады, Бас басқарма аталған комитетке сөз болып отырған шығарманы қайтадан және оның шынайы мән-мағынасы бойынша толық көңіл бөліп қарауды, сондай-ақ бұдан былай заң талабына сәйкес әрекет етіп, анық талған жайларды басқармаға жеткізуді ұсынады.
Қол қойдым: Баспа істері жөніндегі Бас басқарманың бастығы Бельгард.
Тіктім: іс басқарушы үшін С. Казанский”.
Бұдан әрі хат алмасу былай жүрген:
1911 жыл, 21 желтоқсан. Баспа істері жөніндегі бас басқарма Баспа істері жөніндегі Қазан уақытша комитеті:
1-желтоқсандағы №1953-ұсынысқа орай Баспа істері жөніндегі Бас басқарма Қазан уақытша комитетіне мынаны хабарлайды: “Дулатұлының “Оян, қазақ!” (“Пробуждайся, киргиз!”) кітапшасына салынған арестті алып тастау туралы Саратов сот палатасының қаулысын іс жүзіне асыру мәселесі жөнінде комитет, жоғарыда аталған сот палатасы прокурорының ісі бойынша жазылған пікірді Бас басқармаға жеткізу туралы нұсқау алады”.
Сонымен бірге басқарма Қазан уақытша комитетіне осы жылғы 18 қарашадағы ұсыныста талап етілген мәліметтерді хабарлауды тездетуді ұсынады.
Қол қойдым: Баспа істері жөніндегі Бас басқарманың бастығы Бельгард.
Тіктім: іс басқарушының міндетін атқарушы граф Головин”. “1912 жыл, 1 наурыз Баспа істері жөніндегі Бас басқарма
Баспа істері жөніндегі С.-Петербург комитеті.
Баспа істері жөніндегі Бас басқарма С.-Петербург комитетіне осы жылдың 23 қаңтарындағы №998-ұсыныста талап етілген мәліметтерді хабарлауды тездетуді ұсынады.
Баспа істері жөніндегі Бас басқарманың бастығы Бельгард.
Іс басқарушының міндетін атқарушы Головин”.
1912 жылдың 6 наурызында Баспа істері жөніндегі С.-Петербург комитеті Баспа істері жөніндегі Бас басқармаға былай деп хабарлады: “Баспа істері жөніндегі С.-Петербург комитеті қырғыз тілінде “Оян, қазақ!” деген атаумен шыққан Мир Якуб (Міржақып. — ауд.) Дулатұлының кітабы туралы шығыс тілдеріндегі басылымдарды қараушы толық статс кеңесші Смирновтың ұсынылған баяндамасын түпнұсқасынан оқып шығып, талқылап, баяндамашының “Жұмбақ” (“Загадка”) деген өлеңнің мазмұнында Қылмыстық заңның 128-бабында айыпталған қылмыстың белгілері бар, сонымен қоса “Қырғыз жерлері” (“Киргизские земли, VI тарау) және “Біздің таршылық жағдайымыз туралы бірнеше өлең-мадақ” (“Несколько стихотворений од насчет нашего стесненного положения”, Х тарау, І және ІІІ) деген өлеңдерінде жергілікті тұрғындардың орыс қоныс аударушыларына жеккөрушілік өшпенділігін қоздыратын – Қылмыстық заңның 129-бабындағы 6-пунктте айыпталған қылмыс белгілері бар деген пікірімен толық келіседі.
Жоғарыда баяндалғандарды Баспа істері жөніндегі Бас басқарманың қарауына ұсына отырып, 23 қаңтардағы №998-ұсынысты орындауға байланысты, Баспа істері жөніндегі С.-Петербург комитеті мынаны хабарлайды: Дулатұлының кітабы Уфа қаласында басылғандықтан, Бас басқарманың өткен жылдың 1 маусымындағы №6334-ұсынысына орай, бұл басылымға қазіргі кезде арест салуға және оның басылып шығуына кінәлі адамдарға қарсы сот тергеу ісін бастау комитетке қиындық тудыруда”.
Әңгіме кітаптың бірінші басылымы туралы болып отырғаны айқын. Цензор В.Смирнов бұл кезде кітаптың екінші басылымы да жарық көргенін білмеген. 1912 жылдың 15 наурызында Баспа істері жөніндегі Бас басқарма Баспа істері жөніндегі Қазан Уақытша комитетіне былай деп хабарлады: “Баспа істері жөніндегі Петербург комитетінде, қырғыз тілінде “Оян, қазақ!” деген атпен шыққан Мир Якуб Дулатұлының (Уфа, 1910 ж., “Каримов, Хусаиновтар және К” серіктестігінің “Шығыс баспасөзі” баспаханасы, 100-б.) кітапшасы туралы шығыс тілдеріндегі басылымдарды қарайтын толық статс кеңесші (действительный статский советник) Смирновтың баяндамасы талқыланып, комитет оның мазмұнынан Қылмыстық заңның 128-бабы (“Жұмбақ” өлеңі) және 129-бабының 6-пункті бойынша айыпталатын (“Қырғыз жерлері” және “Біздің таршылық жағдайымыз туралы бірнеше өлең-мадақ”) қылмыс белгілерін тапты.
Уфа қаласында басылған аталмыш кітапша Баспа істері жөніндегі Қазан Уақытша комитетінің құзырына қарайтынын назарға ала отырып, Бас басқарма Қазан Уақытша комитетіне осы хатпен бірге жіберіліп отырған Дулатұлы кітабының шынайы мазмұнын өз тарапынан қарап тексеруді ұсынады”.
Баспа істері жөніндегі Бас басқарманың хат алмасуларынан М.Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабының екінші басылымының шыққан уақыты айқындалады. Бұл – қаңтар айы. Кітапты баспахана асықпай Петербургке жіберген, ал онда ол ашылмаған күйі жата берген.
1912 жылдың 12 мамырында Баспа істері жөніндегі Бас басқарма маңызды істер бойынша Орынбор округтік сотының сот тергеушісіне мынадай ілкі хат (предписание) жолдады: “Үстіміздегі жылдың 28 қаңтарындағы қатынасхатқа орай, Баспа істері жөніндегі Бас басқарма Сіздің құзырыңызға мынаны хабарлайды: Мир Якуб Дулатұлының “Оян, қазақ!” деген атаумен 1910 жылы Уфадағы “Каримов, Хусаиновтар және К серіктестігінің” шығыс баспаханасында басылып шыққан кітапшасының 1-басылымының заңды даналарының саны Баспа істері жөніндегі С.-Петербург комитетінде 1910 жылдың 13 наурызында ұсынылған.
Үстіміздегі жылдың 28 сәуірінде Баспа істері жөніндегі Қазан Уақытша комитеті Дулатұлының аталған кітапшасының 1-басылымына арест салды және белгіленген арестті бекіту, автор Мир Якуб Дулатұлын Қылмыстық заңның 128-бабы және 129-бабының 6-пункті бойынша сот жауапкершілігіне тарту туралы Қазан сот палатасы прокурорының құзырына жолдаухат жіберілді. Осымен бірге Бас басқарма Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітапшасының 1- және 2-басылымдарының даналары Бас басқарманың иелігінде жоқ екенін хабарлайды.
Қол қойдым: Баспа істері жөніндегі Бас басқарма бастығының міндетін атқарушы граф Татищев.
Тіктім: Іс басқарушының міндетін атқарушы граф Головин”. 1911 жылы М.Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабы Орынбордағы ағайынды Каримовтер баспаханасынан қайта басылып шықты. Таралымы – 1000 дана. Таралымның негізгі бөлігін басталған цензуралық аңдудан жасыруға тура келді. Кітаптың сол кездегі бағасы 20 тиын (20 коп.) болды.
М.Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабы Қазан губернаторы мен цензуралық комитет үшін шектен тыс радикалдық мән алды. Оны қазақ тілінен орыс тіліне аударуға Қазандағы тәжірибелі цензор-статс кеңесші (статский советник) В.Смирнов тартылды. Бұл өте сақ адам еді. Ол жасаған М.Дулатұлы кітабының аудармасынан таңдап алынған беттер сақталған. Ол Баспа істері жөніндегі Санкт-Петербург комитетіне ұсынылған.
М.Дулатұлының кітабын Смирновпен дерліктей бір мезгілде түркі тілдерін жақсы білетін түркітанушы, цензор Н.Ф. Катанов цензуралады. 1888 жылы ол Петербург университетінің шығыс факультетін бітірген. Сонымен бірге Катанов 1917 жылға дейін Қазан университеті жанындағы археология, тарих және этнография қоғамында жұмыс істеді. Оның шығыстанушы және түркі халықтарын зерттеуші В.В.Радлов, В.П. Васильев, Н.М.Ядринцев, Г.Н.Потанин, Н.Н.Пантусов, Г.Ахмеров, Ә.Ә.Диваев, М.Н.Бекимов, т.б. адамдармен кең байланысы болды. “Қайраткер” (“Деятель”) журналында Н.Ф.Катанов қазақ кітаптарына кеңінен жазылған аңдатпа (аннотация) пікірлер сериясын жариялады. Бұл орыс-түркі қатынастарын жетік білетін тәжірибелі профессор еді.
Міржақып Дулатұлының кітабын аудару мен цензуралау Қазанда, Ташкентте, Омбыда, генерал-губернаторлар кеңселерінде жүргізілгенін атап өту маңызды. Мәселен, Омбыда аударманы Дала генерал-губернаторы кеңсесінің аудармашысы Мұхан Әйтпенов жасады.
Мұхан Әйтпенов Омбы училищесін бітірген, 1893–1898 жылдары Омбы уездік басқармасында аудармашы болып жұмыс істеді. Алайда уезд бастығы Пальчинскиймен келіспеушілігі себепті жұмыстан босатылған. 1906 жылы Мұхан Әйтпенов уездік емес, Ақмола облыстық басқармасына жұмысқа қайта алынды. Сонымен қатар Дала генерал-губернаторының әр алуан тапсырмаларын орындады. Тек 1914 жылы ғана Әйтпенов зейнет демалысына шықты.
Аудару және пікір жазу барысында аудармашылар М.Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабының әртүрлі басылымдарын пайдаланды. Жинақтың мазмұны жөнінде азды-көпті түсінік алу үшін цензор В.Смирнов аудармасының бас жағын қарап көрейік. Цензор әр өлеңнің сюжетін қысқаша әңгімелей келіп, сөзбе-сөз үзінділерін орыс тілінде келтіріп отырады.
Бастапқы бетіндегі “Оян, қазақ!” сөзінен төменіректе мынадай төрт жол жазылған:
“Открой свои глаза, киргиз, подыми свою голову,
Чтобы не проводить в темноте напрасно годы.
Земля ушла, вера ослабла, положение расстроилось,
Киргиз мой, дольше лежать не годится”.
В.Смирнов аудармасында 3-4-беттердегі “Сөз басы” (“Пре дисловие”) орыс тілінде былай берілген:
“Весь наш киргизский народ оказывается не имеющим сведений в вопросах полезных. Причина тому следующая: учившихся у нас мало, капля в море, народ наш не городской, а кочевой, живущий повсюду вразброд. Кроме того, нет газет на нашем языке, по которым бы мы знакомились с современными обстоятельствами: газеты, написанные литературным языком наших собратьев – татар, неграмотному народу не понятны, вследствие чего киргизы не могут пользоваться происходящими в мире диковинами и чудесами и уподобляются народу, спящему в темном углу дворца мира, между тем как наше время с каждым днем меняется. Если вы сравните современное наше положение с тем, которое было 15 лет тому назад, то заметите, что в короткое время мы очутились в значительной тесноте; если мы и далее будем лежать по прежнему без движения и беспечно, то что станет с нами в ближайшем будущем?!.
Будем изучать по-мусульмански науки и знакомиться со своею религиею, закроем глаза неучей и раскроем им сердца, и вместе с сим для будущей жизни обретем благо! Во-вторых, приобретем нужные для сей жизни права и ради сбережения своей земли, и своего скота, и ради избавления себя от презрительного отношения к нам других, будем учиться по-русски и станем в чем-то искусными! В Российском государстве имеется более 140 000 000 человек, говорящих на 109 языках, из которых выше всех стоит русский язык, на котором производятся дела во всех правительственных учреждениях, а также все законы”.
(Аудармашыдан: осы жолдарды қазақ тіліне қайта аударғанда былай оқылды):
“Біздің қырғыз халқы өзіне пайдалы істерді білуден мақұрым қалған. Оның себебі мынада: бізде оқитындар аз, теңіздің тамшысындай ғана, біздің халқымыз қалалық емес, саны сайдағы, ізі құмдағы көшпенді. Оған қоса бізде өз тілімізде газеттер жоқ, осы заманғы жағдайлармен таныса алмаймыз; біздің бауырларымыз татарлардың әдеби тілінде жазылған газеттер сауатсыз халыққа түсініксіз, соның салдарынан қырғыздар дүниеде болып жатқан ғаламаттар мен ғажайыптарды өз әжеттеріне жарата алмайды, сөйтіп, дүние сарайының қараңғы бұрышында ұйықтап жатқан халыққа ұқсайды, оның бер жағында біздің уақытымыз күн өткен сайын өзгеруде, жаңаруда. Егер сіз біздің қазіргі жағдайымызды осыдан 15 жыл бұрынғымен салыстырып көретін болсаңыз, онда аз уақыттың ішінде-ақ жағдайымыздың айтарлықтай тарылғанын аңғарған болар едік; егер біздер әлі де бұрынғыша қозғалмай, алаңсыз жата берер болсақ, онда жақын уақыттағы болашақта бізді не күтіп тұруы мүмкін?!.
Ғылымды мұсылманша оқып-үйренейік және өз дінімізбен танысайық, надандықтан арылып, ілім-білім көзін ашайық, сол арқылы болашақ өміріздің игілігін жасайық! Екіншіден, өз құқығымызды қорғай білейік және өз жерімізді және малымызды сақтау үшін және өзімізге басқалардың менсінбей кемсіте қарауынан құтылу үшін орысша оқиық, сөйтіп, өз қолымыздан өнер тудырарлық халге жетейік! Ресей мемлекетінде 109 тілде сөйлейтін 140 млн адам бар, орыс тілі солардың бәрінен жоғары тұрады, барлық үкіметтік мекемелердегі істер, сондай-ақ барлық заңдар осы тілде жасалады”.
Жандарм басқармасы “Оян, қазақ!” кітабының даналарын Сырдария облысының аумағынан тапқан кезде Түркістан ге нерал-губернаторының өзі де цензор рөлін атқарды. Кітаптың негізгі – “құбыжықты” тұстарын қысқаша, тезис түрінде аудару қажет болды. Поручик Федоров былайша аударды: “Қазақтардың бұрынғы және қазіргі жағдайы” аталатын екінші өлеңге қатысты: “Автор бұл тарауда қырғыздар кең-байтақ жері мен қыруар малы бола тұра, орыстар келгеннен соң оларға алып берілген өздерінің ең жақсы жерлерінен айырылды және біртіндеп малы да азайып, кедейленіп барады. Осының бәрі бейне бір қырғыздар бұрын қарақшылықпен, қашқындықпен айналысқаннан болып жатқан секілді. Ақыр аяғында, орыстар келіп, қырғыздарды бағындырды. Ол кездері олар халықпен жақсы қарым-қатынаста болады және сендердің жерлеріңе тиіспейміз, солдатқа алмаймыз деп уәде берді, сондай-ақ қызмет етуге тілек білдіргендер үшін пайдалы жағдай жасаймыз деп сендірді. Алайда олар бұл уәделерін орындаған жоқ.
Егер енді біреулер мектеп ашатын болса, оны сол заматта-ақ орыстардың көз алдында қаралап, мектепті жабады, балаларды орыс мектебінде оқытуды ұсынады. Алайда біздің балаларымыз онда ештеңе үйренбейтінін және 3-4 жыл уақытын босқа өткізіп, не оқуды, не жазуды білмей, шала-пұла ғана түсінік алатынын айту керек”.
Түркітанушы Н.Ф.Катанов “Қазақтардың хал-жайы” өлеңін былайша мазмұндайды:
“Менің арманшыл басымда бір ой туды, енді мен оны дәптер түрінде, ұрпақ жадында өзімнен кейін қалдырғым келеді. Мен мұны ХХ ғасырдың жас адамдары үшін әдейі жаздым.
Жарық дүниеде аз жасасам да, мен көпті көрдім, мен халықты бөлмей-жармай зерттедім; бәрі менің көз алдымда бірдей көрінді, біреуін артық, екіншісін кем деп айтуға болмас еді.
Қырғыздардың қандай тайпалардан таралғанын сен ататекшежіресінен біле аласың; сондықтан бұл жерде оған тоқталмаймын, одан басқа неғұрлым сұранып тұрған нәрселерді айтпақпын.
Әлемде алуан түрлі адамдар қаншама, әртүрлі діндер мен сенімдер бар, көпшілігі қалаларға орнықты, ал біздің қырғыздар кең далада көше берді.
Бұрынғы уақыттарда барлық үш орда бір-бірімен араласып тұрды, олар өздерін-өздері ғана білді, ешбір патшаға бағынышты болған жоқ; орталарынан хан сайлап, сол халықты басқарды, олар халықтың үстінен қарайтын соттың бейнесін алды.
Көшіп жүрсе де, жері мыңдаған шақырымға созылды, барлық тараптардан өзендер мен бұлақтар ақты, жер бетін көк жасыл шөп жайқалтты; қой төлдеп, бие құлындап жатты, бірақ ешкім де жер тарлығынан азап тартпады.
Ол кездері біздің қырғыздардың әрқайсысы өз ақылымен өмір сүрді, олардың сырт жағында жаулары да болды. Күштілер әлсіздерге шабуыл жасады, сөйтіп, бұрын-соңды болмаған ауыр күндер туды.
Кімде-кім шабуыл жасап, адамдарды өлтірсе, оларды батырлар деп атады, бұл батырлар кедейлердің есебінен өмір сүрді. Егер біз халыққа ақылмен пайда келтіруді ойлаған болсақ, қазіргі уақытта осындай жағдайға түсер ме едік?
Ел ішінде араздық ұлғайды, әркім өз басын күйттеп, бірін-бірі сырттан аңдыды, осылайша жауларына жем болды.
Басараздық пен тайталастан туысқандық арасына жік түсті, басқаның малын қуып, ұрлық жасап, бірін-бірі тонауға көшті, осылайша көңіл де, жер де тарылды. Сөйтіп, қырғыздар “Екі құзғын таласса, бір қарғаға жем болар” деген мақалда айтылатын жағдайды өздеріне тілеп алды.
Мұның аяғы қырғыз халқының бөлшектеніп, бөлінуіне әкеліп соқты, хан да аяғын жерге нық басып тұра алмады. Әбілқайыр ханның тұсында халық орыс патшасына бағынды.
Патша: “Сені әділ басқарамын, дініңе де, жеріңе де тиіспеймін; бір оқ шығармастан, қылышыңды жалаңдатпастан, маған өздігіңнен берілгендіктен, мен сені ренжіте алмаймын!” – деді.
Бұрын қырғыздарды хандар мен сұлтандар басқарды; солардың бәрінен бас тартып, біз енді қазіргі мүшкіл жағдайымызға жетіп отырмыз.
Ертеңгі күнін ойлаған көп адамдар шен мен шекпен қуып, билік дәрежелеріне қол жеткізді; өз халқын сатқан, олар тек қара басының ғана қамын ойлап, қырғызбен ісі болмады.
Біздің қырғыздар қалың тұманға кірді: арты – жар да, алды – ор, бұл қалай? Адасқан бауырларының алдында жүріп, жол бастайтын адамдар қайда?
Егер қырғыздар осылай кете берсе, не болмақ, аурудың емі қалай табылмақ? Егер халық білімге ұмтылмайтын болса, онда олар бұл тығырықтан шығады деп ойламаймын, өйткені өнер мен ғылым өздігінен келмейді.
Тізгін қолдан шығып кеткеннен кейін өз билігің өзіңде емес; Өзгеге тәуелді халық сергіп серпілмейді, басын көтермейді, жарасына тұз сепсе де, ештеңені сезінбейді”.
Кітаптағы бұл тұжырымдар қазақ жұртшылығы 1905 жылы көтерген әйгілі Қарқаралы петициясымен қай жағынан болса да үндес, рухтас. Онда (петицияда) былай делінген: “Қолданыстағы Дала ережесі қырғыз өмірінің қазіргі жағдайына сәйкес келмейді. Егжей-тегжейлі айтпай-ақ, Дала ережесінің 120-бабын еске алуға болады, ол бойынша жер қоғамдық пайдалануда болады, ал “қыстау” деп аталатын қысқы қонысты жеке қожайынның немесе бірнеше киіз үйлі отағасының тілегіне орай сыйға тартуға не сатуға болады, сондықтан Дала ережесін қырғыз депутаттарының қатысуымен өзгерту қажет, онсыз бұл ереженің ешбір мәні жоқ.
Болыс кеңселерінде ісқағаздары орыс тілінде жүргізіледі. Тұрғындар тарапынан бақылаудың болмауы себепті олар болыс басқарушысы (болыс старшинасы) писарінің қанауына ұшырайды. Дала генерал-губернаторының айрықша өкімі бойынша, үкімдер мен халық соттары төтенше съездерінің шешімдері орыс тілінде жазылады, бұл жағдай писарьдің сот пен тараптардың рөлі жоқтығын пайдаланып, өз мүддесі үшін ойына келгенін істеуіне жол береді. Дала өлкесінің қолданыстағы ережесі бойынша, уездік және облыстық басқармаларда қырғыз тілі аудармашысының штаты қарастырылған. Алайда жергілікті әкімшілік аудармашының қызметіне қырғызша сауаты жоқ орыс шенеуніктерін тағайындайды.
Ал қырғыздардың мүддесі үшін: болыс кеңселері мен халық соттарында ісқағаздарын қырғыз тілінде жүргізу, аудармашы қызметіне қырғыз тілі мен сауаттылығын білетін адамдарды қою, қырғыздардың өтінішін өзінің ана тілінде беру жөніндегі бұзылған құқығын қалпына келтіру қажет”.
Цензорлардың орыстардың құлағына түрпідей тиетін сөздер мен сөз орамдарын іздеген әрекеттері бекершілік еді. Қоныс аудару эпопеясы да, парақорлық пен төрешілдік те ресейлік шындықтың барлық жерінде орын алған құбылыс болатын. Осыған ұқсас жайлар Н.В. Гогольдің “Ақыл азабы” (“Горе от ума”), “Ревизор”, “Өлі жандар” (“Мертвые души”) шығармаларында да жазылған. Бұл шығармаларға қатысты да цензура қарсылық білдіріп, оны саудадан шығарып тастауды талап ететін мемлекетке қарсы шығарма деген айып тақты.
Міржақып Дулатұлының кітабы бойынша тексеру, талдау және айыптаумен шұғылданған басқарма, департамент, әкім шілік мекемелердің тек жағрафиясының өзі-ақ таңғалдырады. Бұл қалалар Ресей империясының айтарлықтай бөлігін алып жатты, олар: С.-Петербург, Ташкент, Қостанай, Омбы, Семей, Саратов, Торғай, Верный, Пішпек, Қазалы, Петропавл, Томск. Ал Міржақып Дулатұлы ойларының кеңдігі мен батылдығы сонда – ол патша үкіметінің және оның саясатының атына мақтау айтпайды, өз туыстары қазақтарды дамыған қоғам биігіне көтерілуге шақырады. Ол надандық пен жалқаулықты айыптайды. Мұнда да ол қазақ әдебиетіндегі жаңа дәстүрді – “Зар заман” ағымының сарынын тиімді пайдаланады.
Шындықты бояп көрсетуші кез келген зымиян адамдар ойшыл ақынды қылмыстық сотқа тарту үшін толып жатқан үзінділер тауып жинауы мүмкін. “Оян, қазақ!” кітабында М.Дулатұлы қазақтың көптеген кемшіліктері мен міндерін ашып айтады. Әрине, жастықтың албырт асқақтығы да жоқ емес, алайда мұның өзі де көбінше қазақ халқына деген жақсы тілектен, оның ауыр жағдайына жаны ауырғандықтан туған.
Тек жақсылықты айтумен, жағымды мадақ сөздермен ғана өмірді жақсарту мүмкін емес. Міржақып Дулатұлы айтарын ашық та ашып айтты, ол былай деді: “Қазақ қалың ұйқының құшағында қозғалмай жатыр; осылай жата берсе, ол өрт құшағында қалмас па; басқа халықтар азуын айға білеп жатқанда, біздің қазақ тұяқ серіппей ұйықтап жатыр. Ештемеге қолы жетпей, надан қалпында қалды; білімді халықтармен араласпады. Басқалар, мысалы, алтын мен күміс болғанда, біздің қазақ – жай ғана қара темір секілді. Бәрі қытымыр, сараң болып алды: білімділер өз білімін таратпайды, бай басқаға қараспайды. Егер жүзден біреу шығып, қазаққа пайдалы іс жасаса, тоқсан тоғызының ауызы бірікпейді. Көпшілдік, ауызбірлік, шынайылық ешкімге керек емес секілді, байлар, мырзалар, ел басқарушылар жемісі жоқ ағашқа ұқсайды”.
Түркістан генерал-губернаторы Ташкентте М.Дулатұлы кітабының тағы бір аудармасын жасауға өкім берді. Аударма саяси жағына баса мән беру арқылы жасалынды. Оны губерниялық хатшы, Түркістан генерал-губернаторының аудармашысы, коллеждік асессор Бахтығани Илькин орындады. Аударма мәтінінде былай делінді: “Өткен уақыттарда Қазақ елін хандар биледі – аға сұлтандар жол көрсетті, бірақ қазіргі кезде бұрынғының бәрін тастап, заңға бағындық. Көп адамдар билік қуып кетті, оған қолы жеткендер өздерін құдірет иесі санап, қарапайым халықты естен шығарды. Сөйтіп, халық қалың тұман ішінде қалды: арты – жар да, алды – ор. Адасқан халықты тұйықтан алып шыққысы келетіндер өте аз. Егер халық осы қалпында қала берсе, онда не болмақ? Аурудан айығу үшін ем іздеу керек, бірақ егер халық білім алмайтын болса, жағдайы оңалады деп мен ойламаймын. Сенің тәтті жемісің ащы болып шықты, қолыңнан мүмкіндіктер шығып барады, соған қарамастан сен сілкінбейсің, ал сенің жараңа тұз себуде”.
М.Дулатұлының ескертулері М.Тынышбаев көтерген тұжырымдармен үндес. Ол былай деген болатын: “1730 жылға дейін қазақтар саяси жағынан дербес өмір сүрді және үш орданың одағына (тұрақты болмаса да) бірікті, елді сұлтандар басқарды, олар – шығыс моңғолдардан шыққандар, қазақтар өздерін моңғол нәсілінің ең алыс бұтағынанбыз деп санайды және бәрінен бұрын Қазан мен Қырым татарларына, әсіресе соңғысына көбірек бейімділік танытады. Жоғарғы билік ақсақалдар жиналысының ырқында болды. Сұлтандар соғыста қол бастады, олар атқарушы билікке ие болды.
Жан-жағынан жаулары: қытайлар, жоңғарлар, қалмақтар, башқұрттар және орыс-казактары қыспаққа алған қазақтар 1730 жылдан бастап орыс қол астына бағына бастады, ал 1865 жылы Қоқан хандығына көшіп жүрген соңғы еркін далалықтар бағынды.
Орысқа бағыныштылықты қабылдаған қазақтар орыс халқының қарамағында бола отырып, Ресей тарапынан аналық махаббатты сезінуге ешқандай құқығы жоқ өгей баланың күйін кешеміз деп өңі тұрмақ, түсінде де ойлаған емес-ті. Үкімет саясаты және қазақтардың қазіргі хал-жайы өз әрекеттерінен үлкен үміт күткен қазақтардың қаншалықты алданғанын айқын көрсетті”.
Қазақтардың Петербургтегі жоғары мекемелерге жолдаған өтініштері мен петицияларының барлығының басында қазақтар 1731 жылы, Әбілқайыр ханның тұсында Ресей қол астына өз еркімен кіргендігі туралы жағдай ерекше атап өтілетін. Бұл бағыныштылықтың себептері ашып айтылмады. Мұның да өз себебі болды. Әбілқайыр ханның қадамы көптеген жайларға байланысты еді. Ең алдымен, қазақ қоғамы Қазақ-Ресей сауда байланысына кеңінен мүдделі болды. Бұл жағдай ХVІІ ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі барлық келісімшарттық қатынастардан көрінеді. Қазақтар шаруашылығының құрылымы, негізінен, мал шаруашылығымен шектелді, алайда қазақ қауымы астыққа зәру болды, өйткені өсірілген тары мен бидайдың мөлшері ішкі қажеттіліктерді өтеудің ең төменгі деңгейін де қанағаттандыра алмады. Сонымен қатар қазақтар өңдеушілік өндірістің өнімдеріне, темірден жасалған бұйымдарға, ұсақ қолөнер заттарына мұқтаж еді. Осының бәрі қазақ сұлтандары мен хандарының өздерінде де жеткілікті болмады. Әбілхайыр үшін Жоңғар факторы – Жоңғар хандығынан төнген қауіп-қатер де мәнді болды.
Алайда ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамы бағыныштылық туралы мәселені мүлде басқа жағынан көтерді. Мұндағы басты фактор мынадай болды: халық жерімен бірге, бағыныштылықты өз еркімен қабылдаған екен, демек, онда өзінің автономиясын қайтарып алу да ешқандай қиындықсыз іске асуы тиіс.
В.Смирнов, М.Дулатұлының “Қазақ халқының бұрынғы және қазіргі хал-жайы” деген шығармасын аудара отырып, былай деп ескертеді: “Мақалада қазақтардың кең даладағы бұрынғы еркін өмірі батыр деп аталған қарақшылардың зорлығымен, өзара қырқысумен және өкпе-реніштермен өзгерді, сөйтіп, жағдай Ресейге бодандықты қабылдаумен аяқталды деген ой айтылады.
Мақала қазақ зиялылары бірігіп, өзінің халқы туралы және “мәдениет” деп аталатынды іс жүзінде өмірге енгізуді ойлануы тиіс: өркениетті халықтар алдыға озып кетті, енді қазақтарға да “ұйқы құшағында жата беруге болмайды, қазақты ояту керек” деген тілекпен аяқталады”.
М.Әйтпенов аударған бұл өлеңдегі “Сенімнен, елім, айырылма, малың да құрбан, жаның да; өкінбесіңе сонда бәс тігем, бәс үшін тігем басты мен” деген жолдарға Бас цензуралық комитеттегі әлдекім белгі соққан.
Осыдан кейін В.Смирнов “Қазақ халқының бұрынғы өмірі” өлеңінде: “Бұдан әрі ғылым мен өнердің жаңа жетістіктеріне – теміржолға, телеграфқа, автокөлікке, телефонға, әуе қатынасына, электрге, телескопқа, фабрикалық, жер өңдегіш машиналарға, т.б. панегирик (мадақ сөздер) айтылады”, – деп жалғастырады.
Бұл үзіндіні М.Әйтпенов: “Қазақтар, онда сіздерді бұрын-соңды көрмеген құбыжықтар күтіп тұр, егер бәріне шыдай беретін болсаңыздар, онда сіздер Монай шаманға ұқсайсыздар. Сондықтан аяқ-қолдарыңыз бос кезде қимылдап қалыңыздар, әйтпесе тыпырлауға да шамаларыңыз келмейтін күн туады” деп өте түсінікті аударған. Бұл мәтінді петербургтік цензор өткір ұшталған қарындашпен қоршап қойған.
В.Смирновтың М.Дулатұлы кітабының бұл жеріне мән берместен панегирик деп атағанына келер болсақ, онда бұл цензордың нені түсінбегенін көрсетеді. М.Әйтпенов неғұрлым кең де дәл аударған: “Ғылым ғажаптарын жырға қосамын, оқырмандар, өздеріңіз ойланыңыздар. Ғылыммен не нәрсеге қол жеткізуге болатынын суреттеймін, ал сіздер отырып мені тыңдаңыздар.
Атпен алты айда жетпейтін жерге теміржолмен тез жетіп барасың. Телеграф арқылы жердің екінші шетінен қас қаққанша хабар аласың. Автокөлік атсыз-ақ өзі жүйткиді, өзіңді аударып кетпеуі үшін қолмен оны басқарасың. Ғылым су мен отты пайдаланады және ұзақ қашықтықпен телефон ар қылы сөйлесесің. Мұхитты жердегідей меңгерді, бұрынғы қолайсыздықтар келмеске кетті, мұхитта балықша жүзесің, толқынмен бірге қалаған жағыңа барасың. Ауамен ұшып, жерге қайта қонатын құрал ойлап табылды, бұған “Әуе шары” деген ат қойылды. Әлде мұндай ғажапты бұрын адам баласы көріп пе еді?”
Қазақтар үшін техника мен өнеркәсіптік өндіріс сиқырлы күшпен бірдей болды. Міржақып бұл туралы да жаны ауыра жазады. Қазақы шаруашылық Орта Азияның көршілес аймақтарымен, Батыс Сібірмен бәсекеге түсе алмайтын еді. Қазақтардың шаруашылық қызметінің жалғыз ғана тұтынушысы Еділ жағалауы (Повольжье) болды. Ол жерде мал шаруашылығы өнімдерін пайдаланатын адамдар тұрды.
М.Дулатұлының “Бұрынғы уақыттағы өмір көріністері” деген өлеңін Б. Илькин былай аударған: “Қазақ үшін көштен қызық еш нәрсе жоқ. Жастар жүйрік аттарға мініп, біріне-бірі сән-салтанатын көрсетеді. Жайлауда көл жағалай ақ боз үйлер тігіледі, қалауынша ішіп-жейді. Әйелдер мен қыздар еркін көңіл көтеріп, той тойлайды. Қазіргі кезде әркім өз ісімен әуре, бәрі де азға қанағат етуге әдеттенген, кеңдікті армандамайды да. Біздің мүсәпірлігімізді көре тұрып, сен өзіңді басқалармен тең адаммын деп санай аласың ба? Ресейде 20 млн мұсылман бар, бірақ олардың ауызбірлігі жоқ. Мысалы, біздің қазақтар қазіргі кезде басқа халықтармен қатар тұра алмайды; біз өзіміздің қалағанымызды ала алмай, қайғы шегеміз; бізді көргендердің бәрі біздің қапаланып жатқанымызды біледі, бірақ мырзалар, бұл да әлі аз, қараңыздаршы, алдағы уақытта бізді бұдан да ауыр жағдайлар күтіп тұрған жоқ па?”
“Сайлау туралы” тарауын Н.Ф.Катанов былай аударған:
“Болыстық сайлау белгіленгелі 40 жыл өтті. Егер осы сайлауға көз салып қарасаңыздар, ол шектен шығып кетті. Бай да, мырза бағлан да болыс басқарушы болу үшін ақша шашады.
Біреу ұйқысыраған адамша міңгірлеп: “Менің би болғым келеді” дейді, екіншісі: “Менің үйімді жұрт бидің үйі деп атайтын болады” деп көпіреді, үшінші адам болса: “Қалайша мен олардан қаламын?” деп желпінеді... Тағы біреу: “Менің (онымен) әкем бір, мен де сен алғанды аламын!” деседі. Жолын тауып, ол да соған ұмтылады, егер дегеніне жете алмаса, кеудесіне қайғы толады.
Автордың «Ұлтты оятқан кітап» еңбегінен үзінді
Тәржіман: Ғұсман Жандыбаев
Бөлісу: