Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабы туралы цензуралық материалдар - 2

Бөлісу:

02.03.2019 5788

Сайлаудың басталуы бастыққа (шенеунікке) мың сом әкеледі, әлде оның жанында басқа орыс адамы жоқ па? Стражниктер мен писарьлар да сый-сияпат алады, сонымен қатар аудармашыға да бермеуге болмайды.

Кім ақшаны көп шашса, болыс басқарушы сол болады, сайлау осылайша үлкен дүрмекпен өтеді; көп ақша шығындап, сайланған адам жыл бойы оны халықтан жинайды”.

“...Біреу екіншіні жазықсыз жазаға ұшыратады, егер ұрлық болмаса, онда барымта жасайды: жанжал, төбелес, ұрыс-керіс үстінде біздің халық құмар ойынға кіреді”.

“...О, менің қазағым, халқым, бұл әдетті тастайық! Халықты түзу жолмен бастайық! Болыс басқарушысы, бидің лауазымы дегендер де мемлекеттің ретке келтіре алмайтын нәрселері ме?” Одан соң жинақта “Қазақ жері” өлеңі берілген. В.Смирнов оны былай аударған: “1731 жылы біз Ресейдің қол астына ендік. Біздің ешқандай өнеріміздің жоқ екенін білгендер қазақ баласын аясын ба?

1868 жылы бүкіл жерді қазыналық деп жариялады. Жыл өткенде жер де, су да тарыла бастады, ер адамдар қалаға ағылды.

Ежелгі дәуірлерден бері елді ақсақалдар билеген! Бұған мән бермеуге бола ма? Темірді қызғанда соқпай, өз бауырыңның көз жасына қалай жайбарақат қарай алмақсың? Біздің даңқты ата-бабаларымыздың зираты көшенің ортасында қалған жоқ па?!

Шалқар көлі, сылдырап аққан бұлақтар, кең-байтақ көш жолы, орман-тоғайлар – осының бәрін ойласам, менің жүрегім қайғыдан от болып жанады!

Егер енді қалған жеріңнен айырылсаң, малыңды қайда жаймақсың?! Қарапайым халық ақылын тауысты, егер тұйықтан шығар жолды білсең, айтшы қане, ол қайда?!

Бізге ащы сулар мен шөл дала ғана қалды, жақсы жердің бәріне егін егіп тастады; енді малыңды тауға айдайсың ба, тасқа жаясың ба? Қоралы қой, үйірлі жылқы тек байларда ғана бар.

Жерімізге топ-топ мұжықтар келіп, жайылымдарымызды тартып алып, байып жатыр. Әлде олар да біздің көшпенділер секілді жалқау ма еді?

Енді жеріміздің тарылғаны сонша, жыласаң да, жалынсаң да сөзіңді ешкім керек етпейді, егер жан басына 15 десятиннен жер берер болса, онда сен онымен не істейсің, о, қазақ халқы?” Бұл мәтіннің мазмұнын басқа ретте В.Смирнов басқаша түсіндіреді: “Автордың “Қазақ жері” мақаласы қазақтардың ата-бабаларының зираттарының үстіне өздерінің қоныстарын тұрғызып алған мұжықтарға, яғни орыс қоныс аударушыларының иелігіне барған сайын көптеп өтіп жатқан қырғыз жерінің тарылып бара жатқаны туралы автордың күрсінісіне толы”, – дейді ол.

М.Дулатұлы кітабы аудармасының бес нұсқасы ішінде түпнұсқаға неғұрлым жақынырағы Н.Ф.Катановтың және В.Смирновтың аудармалары болып табылады.

Өлеңнің нақты мазмұны және идеялық бағыты да сол жылдардың басқа бір қоғам қайраткері М.Тынышбаевтың түсінігімен үндес келетінін айта кетуге болады, М.Тынышбаев былай деп жазған еді: “Үкімет барған сайын жаңа жерлерді алып жатыр, қыр қазақтары жайылымға және егін шаруашылығына жарамды жерлерден іс жүзінде айырылуда. Қоныс аударушылар қайтадан кетіп жатыр, жер телімдері иесіз қалуда, соған қарамастан жер кесіп алу жалғасуда. Қазақтар бір-біріне тығылып қысылуда, жер үшін талас-тартыс, дау-жанжал туып, кісі өлімі болуда. Қазақтарды мал шаруашылығынан егін шаруашылығына өтпей жатыр деп кінәлайды, бірақ олардың иелігіне берілген тақыр дала мен құм үстінде адам түгілі аң да тіршілік ете алмайды. Енді жайылымдық алқаптар өте тарылып кетті, соның салдарынан қазақтар малды күйлендіру үшін жиі-жиі көшіп-қонатын әдетін тастауға мәжбүр болып отыр. Қыстыгүні ығында мал аяғымен жайылатын орман-тоғайларды да алып қойды. Қысқы мал азығы үшін шөп шауып алатын жер қалған жоқ. Даладағы қарлы боран, тайғанақ мұз және малдың қырылуы жиілеп кетті. Қазақтардың мал шаруашылығының статистикасы тіптен де сенімсіз. Егін шаруашылығымен шұғылданатын жер енді дерліктей жоқ. Қазақ халқы неліктен тез кедейленіп бара жатқаны және бақытсыздығы, өзінен кем емес көршісі башқұрттардың жаппай ашығуы мен қырылу тарихын жақын уақыттарда-ақ қайталауға мәжбүр екендігі осыдан-ақ түсінікті.

Қазақтар үшін жер мәселесі, сөзсіз, ең маңызды нәрсе; бұдан әрі жерді алып қоюға және олардың мүддесінің аяқасты етілуіне енді көз жұмып қарап отыру мүмкін емес. Керең күңкіл сөздер барған сайын қаттырақ естілуде, кейбір жерлерде ашық толқуға ұласуда. Мінеки, бүкіл қазақ халқын бас-басына, құқықсыз дала пролетариаты жағдайына түсірген үкімет саясатының жалпы және қысқаша сипаттамасы осындай!”

“Қазақ жерлері” өлеңін М.Әйтпенов былайша аударған: “Мұжық келді, қара бұлттай қаптап бір, келе бермек, көше бермек, қазақта ұлтарақтай жер қалғанша, баса-көктеп келді де, егін егіп, байып алды. Олар біздің халқымыз сияқты жалқау емес. Енді біз жер тарлығын сезіне бастадық, бірақ олардың аяғына бас ұрғаннан пайда жоқ. Егер жан басына 15 десятиннен жер берсе, жағдайың қалай болмақ, қазағым?”

Петербургтік цензор бұл өлеңге нашар ұшталған қарындашымен қатты шүйлігіпті, ол үшінші абзацтан басқа барлық жолдарды басынан-аяғына дейін сызып шыққан. Сірә, кейін айыптау қорытындысына дәл осы мәтін енгізілген болса керек.

Дулатұлы жинағындағы келесі өлең “Мешіт пен медресе туралы” – бұл мұсылмандық тақырыпқа арналған арнайы тарау. Оны Н.Ф. Катанов былай аударған: “Қырғыздар мұсылмандық туы астында өмір сүреді, жазық далада көше жүріп, олар күндіз де, түнде де демалмайды, олар дұға бағыштаудан да жалықпайды.

“Мен мұсылманмын” дегенмен, бәрі өзінен-өзі жасала қалмайды, қазіргі күнде көптеген халықтар сенімді қадағаламайды, қырғыз киімін киіп, қырғызша сөйлеумен ғана өзіңді ислам парыздарымен байланыстыра алмайсың.

Егер сен мешіт салсаң, үздік оқымысты адамдардан имамдар таңдап алсаң, егер байлар қайырымдылық жасап отырар болса, онда дұрыс болған болар еді.

Бейнет қайда – қырғыз сонда, ал дінге келгенде алға басқан қадамы кері кетеді; егер бұл айтқаным дұрыс емес болса, о қырғыз, онда менің бетіме түкір де, “Мұның өтірік” де.

Қырғыздардың көп жерлерінде мешіт жоқ, мұның себебі миссионерлер мен поптарда; екіншіден, халықтың өзінде де шын сенім жоқ, исламға жол қалай ашылмақ?

Егер біреу ың-дыңсыз мектеп ашса, онда екінші біреу оны бастықтарға өсектейді. Көптеген адамдардың ниет-пиғылы мен ісі түзу емес.

Көзді кеңірек ашатын күн туды енді, байлардың кедейлерге көмектесетін, ғылым үйрену мақсатымен әлемге саяхат жасау үшін надандықтың бұғауынан босанып шығатын кез келді.

Бұл қырғызда дұрыс медресе де жоқ, балаларды текке қинайды, оларды тізерлетіп отырғызып қойып жәбірлейді, тек күн батқанда ғана босатады.

Егер әлде бір бала жаза өтеу кезінде күліп қойса, онда оны дереу қытайша сызғышпен ұрады; егер ол 3-4 жыл оқып мектеп бітірер болса, соның өзінде де жазуды оқи алмайды.

Кейбір молдалар міндеттерін білмейді, басқалардың өзін мырза деп атағанына ғана марқаяды; кім өліп, кім құрбандық шалады, олар тек соны ғана аңдиды, егер көз салып қарасаңыздар, олардың көпшілігі қазір сондай.

Олардың “Такдим”, “Тафхим” және “Тахрис” шығарма­ ларымен ешбір ісі жоқ, олар әріп пен санды ғана жаттатады; олардың өздерінің мінез-құлқы шариғатқа қайшы келіп тұрғанда, халықты қалай үйретпек?

Ғылымға құрмет көрсетпейді, өйткені олардың өздері надандық шырмауында, балаларды оқытатын жер де таза емес, сабақты олармен бірге қозы-лақ та қоса тыңдайды.

Егер біз ғылымға өзіміз қол созбайтын болсақ, ол бізге өзінен-өзі келе ме? Білімді халықтардан үлгі алыңыздар, надандық әдетін тастайық!”

Смирнов өзінің аудармасында қазақтарды сенім мен адалдықтан айырыла бастағаны, дін мен ілімге мал шығындағысы келмейтін сараңдығы үшін, ал молдаларды балаларды дұрыс пиғылмен оқытпағаны үшін кінәлайды дейді.

Бұл айтылғандар Қарқаралы петициясындағы мына жолдармен үндес келеді, онда былай делінген: “Дала ережесінің 99-бабы бойынша, медресе (мектеб) ашу және мешіттер салу үшін Дала генерал-губернаторының рұқсатын алу талап етіледі.

Алайда жаңа мектебтер ашу мен мешіттер салуға рұқсат етілмейтінінің үстіне, әкімшілік тіпті Семей мен Көкшетаудағы мешіттердің жанында жұмыс істеп тұрған мектебтерді де жауып тастады.

Осы айтылғандарға байланысты ар-ұждан бостандығы, дін бостандығы қажет, Дала өлкесі қырғыздары үшін айрықша, ведомстволарға тәуелсіз, сайланбалы өткен басқарма ұйымдастыру, мектептер мен мешіттер салудың ашық тәртібін белгілеу және қырғыз, татар, араб тілдерінде шығатын діни кітаптарға цензураны жою, метрикалық жазбаларды діни басқарма органдарына беру және шетелдік төлқұжаттар берудің заңды тәртібін белгілеу”.

Әйтпенов “Мешіттер мен медреселерге қатысты” деген өлеңін былай аударды: “Қырғыздарда Мұхаммед үмбеті деген ат қана, тыныштық көрмей, пайда іздеп, күні-түні кең дала төсінде көшіп жүреді және мүмкіндігі болғанда Құдайға дұға бағыштамайды. Мәселе тек мұсылман атанып жүруде ғана емес, өйткені қазіргі кезде көптеген адамдар дінді қадағаламайды. Ал қырғызша сөйлеп, қырғызша киінгеннен Құдайға құлшылық тумайды.

Егер тиісті уақытын құр жібермей барып, дұға оқып, мешіт салса, лайықты имам ұстаса, ал байлар шамасы келгенінше вакуф жасаса, жақсы іс дегеніміз сол болар еді. Қырғыз, ауыртпалыққа құстай ұшып жетесің, ал сенімге келгенде кері кетесің, егер менің сөздерімнен аз да болса өтірік тапсаң, онда менің бетіме түкір.

Көп жағдайда қырғызда мешіт жоқ, мұның себебі – миссионер-поп; екіншіден, халықтың өзі де керенау, сондықтан біздің жеріміз бен су-көлдеріміз азаюда, олар орыс шаруаларының қоныстарына өтуде. Халықты басқаратын, құрметті ақсақалдар, сіздер мұны ойланасыздар ма?”

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Виль Галиев. Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” кітабы туралы цензуралық материалдар - 1

Енді “Сенімге қатысты қазаққа насихат” өлеңінің М.Әйтпенов жасаған басқа бір аудармасына тағы да назар аударып көрейік, онда былай делінген: “Егер осындай тәртіп орнайтын болса, онда қырғыз сенімге қатысты алғанда діни жиналысқа бағынуы тиіс; сонда сенімге жол ашылып, ол бекемірек болар еді. Әрбір болыста халық өз ортасынан сайлаған, біліміне қатысты мүфтиден алған куәлігі бар сайланған молда және оған кандидат пен азаншы болсын. Олар үшін орыс тілін білу міндетті емес, олар неке қию мен ажырастыру, мұрагерлік істерін, жаназа шығару және жас балаға ат қоюды шариғат жолымен жүргізер еді. Егер сайланған молданың уақыты болмаса немесе мүмкіндік таппаса, онда ол өз атынан басқа молдаға өкілеттілік берер еді, ал некелестіру, ажырастыру және мұрагерлік істерін мүмкіндігінше молданың өзі шешкені жөн. Сайланған молданың шешіміне риза болмаған тараптар уездік ахунға, ең соңында діни жиналысқа шағым жасай алар еді. Егер осылай болатын болса, онда бұдан біз әділетке ашылған есік көреміз. Әрбір болыста бір мешіт болғаны жөн. Мешіт ұстаушы прихожандар, сонымен қатар бала оқытатын медресені де өз қамқорлықтарыңа алыңдар; медресеге жұмсалатын қаржыны земство төлейтін болады. Медреседе екі молда ұстау керек: біреуі ғылымды мұсылманша, екіншісі орысша оқытсын және оқытуды педагогика ережесі бойынша жүргізу керек, міне, сонда қырғыз алға басар еді.

Аталған тілектердің бәрі қанағаттандырылған жағдайда және қырғыз өмірі шариғат қағидаларымен басқарылса ғана қырғыз халқы риза болмақ. Біздің халқымыз бейне бір шариғатты біле тұра аяқасты ететін секілді, мысалы, бір адам шариғатқа бойсұнуға келісіп, бірі содан өзіне зиян тапқан болса, ол шариғаттан бас тартады. Молдалар уақыт талабына сай білімге ие емес, олардың көбі қарапайым қырғыздан төмен. Аздап бірдеңені біле салып әлдекім молда атанады да, орынсыз да мақсатсыз құр босқа таласады және өзінің білімсіздігін түсінбейді де, міне, өзінің шамасын білмейтін шын сорлылар осылар, жетік білім жоқ жартыкеш молда сенімді бұзады; О, Құдайым, бізді, осындайлардан сақтай гөр.

Егер жауларың зұлымдықтың күшімен сені бөгеп тоқтатпағанда, онда сен қатардан қалмаған болар едің. Сен барлық уақытта ғылымның соңына түсіп, алға ұмтылған болар едің, тек қорқақтар мен қуыс кеуделер ғана үйінде тығылып қалар еді. Аты аңызға айналған қаһарман батыр секілді қиын сәттерде сенің дауысың халыққа үлкен күш берер еді, Құдай да сізді қолдар еді.

Егер өлсең – орның жұмақта, ал тірі болсаң – еңбек еткенге төр ұсынар төреші де сен, қырғызды алға бастап апар, еңбегің үшін ел құрметке бөлесін.

Ойы сергек жастар, уақытқа қарап бой түзе, өзіңді ғана ойламай, халық игілігі үшін қызмет қыл, кедейді байға сатпа, олардың көз жасына қалма, өксігін бас. Саған біз: “Егер ер болсаң, атойлап ортаға шық, соның уақыты туды; қайтпас қайсар ретінде жарысқа түс, бейшара қорқақтарға ұқсама; егер озып келсе, сенің бағыңды ешкім тартып ала алмайды, ал күндес жауларың артыңда шаң қауып қалады; халқыңның бақыты үшін басыңды тік ұста”, – демей тұра алмаймыз. Егер “Алаш” ұраны айтылса, кім өз қанына тартпас? Мұны түсінерсіздер деп ойлаймын, оған ақыл-парасатымызбен асықпасақ, онда қазіргіден де зор ауыртпалықтарға душар боламыз. Зұлымдықтан аулақ бол, әділет жолынан айныма, ар-намыстың биік тұғырына көтерілетін жолдан ауытқыма!”

Осыдан әрі М.Әйтпенов аудармасын былай жалғастырады: “Қырғыздың сүйексіз ет екенін білген әркім-ақ оны жеп тойынады. Құдайға шүкір, біз аз емеспіз, алты миллион халықпыз. Надандықтың батпағына батсақ, біздің мақтанатын ештемеміз қалмайды, даладағы жабайы аңға ұқсап қала береміз. Басқа халықтар ғылымның соңына түскенде біздің намысымыз неге оянбасқа! Өркениетті халықтар мен біздің арамыздағы кеңістікті жай көзбен қарап біле алмайсың? Надандыққа мас болдық, жақсыны жау санап, жаманға үйіршектейміз. Бізде ескінің бәрі құрметті орында, жаңа енді туып келеді. Егер ескі әдеттен арылмасақ, одан халыққа пайда жоқ. Өзімізге-өзіміз жау болып тұрғанда өзгеге жем болмау мүмкін бе? Егер жалпы халықтың пайдасы туралы әңгіме бола қалса, қырғыз оны тыңдамайды, оған сен­бейді, қанша арпалыссаң да, басы бірікпей бет-бетімен кетеді. Кінәмізді басқаға артуға шеберміз, өз ішімізде түсіністік жоқ. Әлде бұлай емес пе? Ойланайық...

Бірлігіміз жоқ, біз артта қалған алауыз елміз, сондықтан ғылым мен өркениетке қызықпай, надандықтан айырылмай келеміз”.

Мұндай ой-тұжырымдар М.Дулатұлының “Оян, қазақ!” жинағына дейін жарық көрген М.Тынышбаевтың мақаласында айтылды. Алайда М. Тынышбаев өз мақаласында бұл мәселеге мейлінше түбегейлі өзгерістер тұрғысынан келеді. Мәселен, ол былай деп жазды: “Мешіттердің, медресе мен намаз оқитын үйлердің жабылуы, діни кітаптардың бақылауға алынуы мен кәмпескеленуі, қырғыз тілінде Евангелияны тарату және оны қабылдағысы келмегендерге Сібірге жер аударылу қатерін туғызу, қырғыз діни училищелерінде миссионер мұғалімдер сабақ жүргізетін міндетті орыс тілін оқыту туралы бұйрықтардың шығарылуы, қырғыздарды мылтықтың дүмі мен қылыштың жүзін сүйіп тұрып ант беруге мәжбүрлеу, қырғыз балаларын миссионерлік дуалдарға қамап, оларды православтар деп жариялау, қырғыз тілінде өтініш пен арыз жазуға тыйым салу және болыс кеңселеріндегі ісқағаздарын орыс тілінде жүргізу, басқа да дөрекі түрде жәбірлеушіліктің тұтас тізбегі және тұлға мен оның ар-ұятын қорлау – осының бәрі, мырзалар, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында болып отыр және бұлар адамдар да, Құдай да ұмыт қалдырған алыс аймақтарда күні бүгінге дейін жалғасуда”.

М.Тынышбаевтың Ташкенттегі орыс тіліндегі газетте жарияланған бұл тұжырымдарымен М.Дулатұлы таныс болды ма, жоқ па, бұл жағы белгісіз. Белгілісі – М.Тынышбаевтың мұсылманша білім берудің сөзсіз басым болуын жақтағандығы, оның бұған күмәні болған жоқ. Екінші жағынан, М.Дулатұлы тұжырымдары Қарқаралы петициясының идеясымен өзектес болып келеді. Бұл қазақ зиялы қауымының жалпы идеясын жасаудағы белгілі бір сабақтастықты көрсетеді. Қазақ қауымын христиандандыруға келсек, бұл болған жағдай, ал М.Тынышбаев оның салдарына баса мән берген. Оның үстіне ол орыстар мен қазақтарды бір-біріне қарсы қоймайды. Қа­зақ­ тардың ауыр жағдайын ол қоныс аударушы шаруалармен емес, патшашылдық саясатпен байланыстырады.

Ташкенттегі аудармашы поручик Федоров әрбір шығарманы тақырыбымен және біржақты атап өтеді, өте қысқа баяндайды.

Смирнов Дулатұлының “Өз өмірін халық пайдасына арнаған біздің оқығандарымызға” мақаласын, керісінше, алдыңғы қатарлы қазақтарға патетикалық үндеу рухында аударып, оларды өз халқының игілігі үшін өз бетімен жұмыс істеуге ынталандыратын мазмұнын ашып көрсетеді.

Бұл сөздерден Міржақып Дулатұлының өз халқының ұлттық санасын оятуға шақырған үні естіледі, Қарқаралы петициясының тұжырымдарын дамытудағы халықтың рухани мүмкіндіктерінің көзін ашуға тырысады.

М.Дулатұлы кітабының келесі тарауы өлеңдер топтамасынан тұрады. В.Смирнов ол туралы: “Біздің қысылған мүшкіл халіміз туралы бірнеше мадақ өлең” тақырыбымен берілген топтамада жалпы тақырыпқа тиісті кейбір сөздерінде ғана жеке ой әуендері байқалатын сегіз элегия бар”, – деп жазды. Ал Н.Ф.Катановтың аудармасында бұл тұс басқаша көрінген: “Қырғыз көзін ашпай, қалың ұйқы құшағында жатыр, үйден өрт шықса да сезер емес, басқа халықтардың бәрі алға озып кеткенде біздің халқымыз аяғын басуға ерініп, артқа шегінуде.

“Дала, дала” деп жүріп, білімді халықтардан үлгі алмай, надандықтың қамауында қалдық, басқа халықтар алтын мен күміс болса, біздің қарапайым қырғыз халқы қара тасқа ұқсайды.

Әркім өзінше сараң, байлар малын санауды ғана біледі, білім ұрығын сеппейді; егер кімде-кім пайдалы бір іс бастай қалса, менің қырғыз халқым оны сан-саққа жүгіртіп өсектейді.

Егер жүз адамның біреуі бірігу туралы айтса, онда 99-ы оның алдында қаратас болып жатып алады, “бостандық”, “адамгершілік” және “құқық” деген үш сөзді берік ұстанбайды.

Біздің байлар, мырзалар мен ел басшылары қурап қалған жеміссіз ағашқа ұқсайды”.

Тақырыпсыз өлеңді Н.Ф.Катанов былай аударады:

“Қырғыздардың өз тілінде баспадан басылып шыққан кітаптар жоқ; оның есесіне надандығы мен жалқаулығы мол, ұмтылыс жоқ; әр күн сайын қатері күшейіп келе жатқан кеселді сылып тастар құрал қай дәрігерден табылар?

О, менің, қырғыз халқым, өмірімізді жақсартатын құралды біз қайдан таба аламыз?

Білетіндер неге әрекетсіз отыр? Біздің қырғыз балалары сүйексіз етке айналғаннан кейін, әркім-ақ оны жеуге әуес.

Біздің халқымыз басқалармен жарысқа түсу үшін өнер дәнін өсірсе еді; басқа ұлттар ғылымды меңгеріп, алдыға озып кетті, олар бізден көз жетпес алыста кетіп барады”.

Б.Илькин М.Дулатұлы кітабының 36-37-беттерін мына түрде аударған: “Кім өзінің білімін жақынына беретіні туралы. Менің арыстаным жолбарыс жүректі, қыран көзді, өзінің күшін аямай, халық игілігі үшін күреседі. Қырғыз басқа халықтардан артта қалмасын деп, тек сол үшін ғана шабатын жүйрік сәйгүлік секілді, сені жауларың ізіңмен қуып келе жатса да, сен оққа ұшпайсың, сойылға жығылмайсың. Сен аузы алты құлаш айдаһармен айқасудан қорықпадың, халқың үшін өміріңді сарп еттің. Сен үшін қырғыз ұялған жоқ, сені айла-шарғымен болмаса, ешбір жау ашық жеңе алған жоқ. Сен қырғызды өрге сүйреп, оны қол жетпес биікке қойдың.

Зерделі де алғыр жас, өзіңді қоршаған қозғалыс пен прогрестің мәніне ой жібер, өз пайдаңды ғана ойлама, халық пайдасы үшін жұмыс істе, кедейлерді жылатпа, оны байларға сатпа. Егер сенің ерік-күшің бар болса, көрсет оны – уақыт жетті. Сен жүйрік ат секілді бәйгеге қосылдың, нашар көтерем арық болып қалма, есіңде болсын, егер бірінші болып келсең, сенің басың бағалы болады. Егер ортаға “Алаш!” деген ұран тасталса, сен сол жерден табылуға тиіссің”.

Омбылық аудармашы М.Әйтпенов М.Дулатұлының мәтіндерін айқын да бейнелі аударған: “Әрбір деміміз кеудеден жалын болып шығады, езілген халықты тұйықтан алып шығар кім бар? Біздің қырғыз – өзінің күш-қуатын есепсіз шығындап, далада көшіп, мал баққан халық, малдың да пайдасын көрмейді. Әлде ол алысты болжай алмай, алданған жоқ па, өзінің құқықтарынан айырылмады ма? Өзінің алдында не күтіп тұрғанын білмеді, жолында құрылған қақпанды көрмеді. Мүмкін, ХХ ғасырда халық ішінен бір-екі ер азамат шығар. Жастар, білім мен ғылымды қолға алыңдар, біздің қайғымызды жеңілдетіңдер. Егер жастар еуропалық білім алса, неге қуанбасқа. Тиісті білім алып, ол ел ішіне тұқым шашады, сонысымен де қараңғыда адасып, құрып бара жатқан ағайындарын дұрыс жолға шығарады. Білімге келгенде қырғыз керең, соқыр, өз басының амандығына ғана марқайып жүре береді. Әлде барша алаш атанғандардың көзінен қанды жас аққан жоқ па?”

Бұдан әрі М.Дулатұлының “Ұстазға хаты” бар. Ташкенттік аудармашы Б.Илькин оны былай аударған: “Мен сізге хат жазып отырмын, өйткені менен алыстасыз, сондықтан Сізге жанымды мазалаған мұңымды шағып, бетпе-бет отырып, кеңесіңізді сұрай алмаймын. Сіз діндарлар жетекшілерінің бірісіз. Бір адамның басында байлық та, абзалдық та болатын күн қайда? Біз қараңғы сарайға қамалған секілдіміз, одан бізді кім алып шығады, меніңше, бұл сарайдың есігінің кілті Сіздің қолыңызда... Мен және Сізден сұраймын, егер Сіз өз сөзіңізді айтар болсаңыз, жақсы болар еді, қырғыздар да қараңғы қапастан құтылар еді, біздің балаларымыз алғыс айтар еді. Егер біз оларға ешқандай жәрдем бермесек, онда олар бізді кім дейді? Онда енді ұйықтамайық, ұйқы бізді ұялтып жерге қаратады”.

Бұдан әрі осы аудармашы М.Дулатұлы кітабының жесірлер мұңы тарауын былай аударған: “Қырғыздарда дау-жанжал көп, бірақ мұның себебі бар, мұның бәрі оларға әлдеқашаннан әдет болып кеткен, олардың әдет-ғұрпы шариғатпен де, заңмен де үйлеспейді және осы жанжалдардың бәрі тек жанжал үшін ғана жасалады. Сырттай қарағанда адам сияқты өмір сүргенімізбен, бірақ бізде жанжал мен ұрыс-керіс бітпейді. Ата-бабаларымыздан қалған әдет бойынша бірде-бір той жанжалсыз өтпейді. Қараңыздаршы, қазіргі кезде де ең болмаса бір той жанжалсыз өте ме? Осының бәрінің себебі бар, ол мынадай: бесікте жаңа туған ұл бала мен қыз бала жатыр, әкесі мен шешесі оларды атастыруға асығады, ал бұл балалар өскенге дейін өте көп уақыт өтеді, олардан сол кезде мылқау, соқыр, керең, таз және есуастар шығады. Мұндай жағдайдан не күтуге болады? Әрине, мұндай жағдайда жастардың бірін-бірі ұнатып сүюі мүмкін емес. Оларды бүкіл өмір бойы қалай бірге ұстап тұруға болады? Кейде 6 жасар баланы бойжеткен қызға атастырады, егер ата-аналарында ақыл болса, онда олар бұл екеуі бір-біріне лайық жұптар бола ма, ересек қыз 5 жасар баламен теңесе ала ма дегенді неге ойланбайды? Егер 50-60 жастағы қарт адамның әйелі қайтыс болса, оған 15 жасар қызды қалыңмалға бола зорлап береді.

Үлкендер өз жолымен жүре жатар, ал жастар, сендерге менің айтар өсиетім сол – бұл жағдайда сендер өз жолдарыңды табыңдар, бақытсыздықтан құтылыңдар. Бай қырғыздар көп әйел алады, бұл пайғамбардың жолы деседі, оларды тең ұстамайды, күнәға батам деп ойламайды; бірінші әйелін бәйбішедеп атап, ұрпақ қамы үшін екінші әйел алдым деп ақталады; үшіншісін жұмысқа салу үшін алады, ол күң есебінде қызмет етеді; төртіншісін де алады – ол қайтыс болған туысының жесірі болғандықтан, оның келісімінсіз, дәстүр бойынша мұра есебінде алады. Әлде пайғамбар жолы осы ма? Нашар қыз ешқашан да жақсы әйел бола алмайды, бүкіл өмір бойында сол қалпында қалады; ондай әйелдің күйеуі оны өзіне тең санамай, әрбір басқан адымы үшін жазалап отырады. Оны да Құдай жаратқан, ол да басқалармен тең, бірақ күйеуі оны адам құрлы көрмейді, ал оған өзінің теңі табылар еді.

Біздің діні бір ағайындарға қарайықшы: татар, оларды біз көріп отырмыз, ал оларда біздегідей алауыздық жоқ. Татарлар қалыңдық айттыруға асықпайды, балалары үшін қалыңмал бермейді, кәмелет жасқа келгенге дейін олардың балалары оқу оқиды, міне, неліктен олардың қыз-бойжеткендері қырғыздікіне қарағанда білімді болып келеді”.

М.Дулатұлының үш бөлімнен тұратын “Бозбалалар” өлеңі аудармашы Б.Илькиннің тәржімесінде былай болып оқылады: “Егер жақсы бойжеткен жас жігітке тең болса, олар бірін-бірі сұлуландырады; ал егер ол қыз нашар адамға ұзатылса, еріксіз рухы түсіп қадірі кетеді. Мұндай жағдайда оның жас өмірі қор болады, оны байлық бақытты ете алмайды; оның есесіне нашар күйеу өзінің түсінде де көрмеген әйелге үйленгенін мақтан етеді; ол өзін бай адаммын деп санап, әйелін жәбірлеуден арланбайды. Мұндай жағдайдан шығудың жолын таппаған бақытсыз әйел өзінің тағдырына налиды.

Сенің ақылың мен байлығың пайдаға ассын. Бұл дүниеге біз қонақпыз, ақылмен өмір сүру бізге артық емес. Өзіңді түсінбейтін нашар қызға сөзіңді шығын етпе, егер ол сені түсінетін болса, одан қашпа – өзіңе тең жарың болса, өмірің де бақытты болмақ; сыртқы сұлулығына еліктеме – ол алдамшы, кейін өкініп жүрмеуің үшін ішкі жан дүниесіне үңіл.

Жастық шақта күлкі мен ойын гүл секілді, біз бір-бірімізді көңілді кездесулерге шақырамыз. Біз өзімізді де, қолда барымызды да аямай, өзімізге әсем сұлу әйел іздейміз. Егер біреу сұлу қызға үйленсе, оны күндейміз, бірақ қалай болған күнде де адам қателеспей тұрмайды. Қызғаншақтықтан пайда бар ма? Бірақ біз өз қателіктерімізді түсінбейміз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсам: достар, біз білімнің бәрінен де қымбат екенін білмейміз”.

Автордың «Ұлтты оятқан кітап» еңбегінен

Тәржіман: Ғұсман Жандыбаев

Сурет ғаламтордан алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар