Бақытбек Қадырұлы. Хокинг және Қондыбай
Бөлісу:
«Игры разума» (математик, Нобел сыйлығының игері Жон Нэш жайлы Рон Хоуардтың фильмі), «Вселенная Стивена Хокинга» (әйгілі физик Стивен Хокинг жайлы Жеймс Марштың фильмі) және М.Әуезовтің хакім Абай жайлы «Абай жолы» романы – бұлар портреттік туындылардың әлемдік озық үлгілері. Бұлар – өмір шындығынан тыс, өнердегі көркем шеберліктің шырқау биігі, телегей тереңі.
Әлемде тағдырлары тақылеттес, тіптен, типтес келетін ұлылар бар. Әсірсе, С.Хокинг пен С.Қондыбай. Екеуі де бір дәуірде өмір сүрді. Екеуі де ұлы. Екеуі де дәуірлер мен ғасырлар қойнауына сіңген ұлы уақыттың тарихын қазды. Бірі мифпен, бірі физикалық өлшеммен. Екеуі де мүгедек, бірақ жан-рухы еркін самғайтын пырақтар. Түрлері де ұқсас. Екеуі де он томнан көп еңбек жазды. Хокингті әлем таныды. Қондыбай жақсысын елемейтін елде туды. Айырмасы осы ғана.
ҰҚСАС МАҚАЛА: Серікбол Қондыбай: Аруақ хақында
Әлемдегі ұлы адамдардың көбі ұрпақ санасына әуелі әдеби көркем бейнемен сіңісті болды, сосын аңызға айналды. Өмірдегі шындық мүлде бөлек болу мүмкін, алайда ұрпақ солардың өнердегі көркем бейнесіне қарап өзгермек.
Серікбол Қондыбайды насихаттау – ол тек өзіміз үшін, ұрпақ үшін ғана қажет. Адам арбада отырып та дүниені өзгертуге болатынын көріп, өзіңнен ұяласың.
Жә, негізгі айтайын деген дүние бұл емес, ақын Оңайгүл Тұржанның «Мифтің түбі – ақиқат» атты шағын драмалық персонажы қақында. Ақынның драматург я прозаик болып шыға келуі тосын құбылыс емес, себебі поэзия расына алғадай жанр. Айналып келгенде бәрінің де поэзиясы бар болып тұр ғой.
Оңайгүл апайдың ақындығынан бөлек, аудармадағы шеберлігі талайдың таңдайын қақтырып-ақ келеді, әлі де қақтыра түссе деп тілейсің.
Стефан Цвейгтің әдеби-сыни мақалаларын өте жоғарғы деңгейде аударды. Әлемнің керемет жауһарлары осындай аудармашының тезіне түсе, қазақтың әдеби-рухани қоры байи берер еді.
Сонымен, апайдың ғалым Серікбол Қондыбай жайында жазған шағын драмалық туындысын оқып, бек қуандым. Гётенің «Фауст» трагедиясын оқығандай болмасам да, бізде де «осындай да» бар екен-ау деген мақтаныш бас көтерді ішімде.
Серікбол арбада отырып, қалың қорықтың ішіндегі балбал тастарға қарап: «Балбал тастар, кәрісің бе, жассың ба? Жаңалыққа доссың ба, әлде қассың ба? Тасқа айналған адамсың ба, сен, әлде, Адам болып келе жатқан тассың ба? А-а? Мені құштар еткен жұмбақ сен едің, Жұмбағыңды шешсем деумен келемін», - дейді.
Кішкентай кезімде көктеулікте отырғанымызға, күнде барып ойнайтын сын тас, кісі тас, (балбалтастар) бар еді. Бір күні әжем «олар да бұрын өздерің секілді адам болған» дегені есімде мәңгі қалыпты. Менің ойыма осы сөз оралыды...
Бұл мөлтек туында алда кемел де кең мол бір шығарманың сөзбасы сияқты сезіледі. Себебі мына жүлге тым қысқа. «Қысқалық та – шеберлік» деген қағида мынандай ұлы адамдардың портретін сомдауға жүрмесе керек. «Абай жолының» да басы «Абай аға» деген шағын тараумен басталғаны белгілі.
Тақырбы сәл «нелеу» сияқты «Аңыз түбі – ақиқат» десе, оқуға да айтуға да жеңіл. Кейін шет тілдеріне аударылса онысыз да «миф» болып шығар еді.
Туынды әлі де кең көсіле түссе, оқулық болып оқырманға жетсе, драмалық пьеса болып сахналанса, театр репертуарын түспей жатса, кейінгілердің ой санасын нелер қилы қиял биігіне шарықтатып, шыңырау тереңге тарта түссе, басқа жұрт біздің Серікболға сүйсініп қарап тұрса деген ұлы арман-тілек бар-ды.
«Адамның адамшылғы істі бастағаннан білінеді, қалайша аяқтағаннан емес».
Осыны апай өзіңіз жасамасаңыз кім жасайды!?
Р.S.«Вселенная Стивена Хокинга» фильмі мен «Мифтің түбі – ақиқат» атты шағын драмалық пьесаны оқып болған соң жазылған рецензия. Ал фильмді көру керек...
Бөлісу: