Арман Әлменбет. Көше бойында
Бөлісу:
(әңгіме)
Қала көшелерінің бірі. Асқар кетіп бара жатыр. Әдемі киінген. Көңіл-күйі қалыпты. Бірақ асығыс. Жан жағындағы адамдарға мән беріп қарамайды. Бірінен соң бірінен озып келеді.
Екінші аялдамадан өткенде жүрісі оғаштау қыз баланы қуып жетті. Шалбарының ышқыры түсіңкі, үстіндегі киімі кір. Бір жағына қарай қисайып, аяғын сылтып басып барады. Асқар оза бере қызға еріксіз назарын аударды. Төмен қарап бара жатқан қыздың жүзінен ақыл-есі кем екенін байқады. Денесі тітіркеніп кетті. Тез-тез басқан күйі, алдына қарап жүріп кетті. Көңілін кірбің шалғандай. Бірақ артына бұрылып қараған жоқ. Телефонына бір көз салып қойып, жүре берді.
Бір мезгілде Асқар тура артынан сылтып басқан аяқ алысты естігендей болды. Бірақ жалт бұрылып артына қарауды ойлаған да жоқ. Іле-шала әлгі аяқ алыс тура жанынан естілді. Ауру қыз күліп, Асқардан озып бара жатыр екен. Асқардың жүрісі баяулап, қыз оза бергенде біржола тоқтап қалды. Әрі таңғалған, әрі шошыған күйде қаздиды да қалды. Бірауық қыздың соңынан қарап тұрды да, жолдың келесі бетіне шығып, әрі қарай жүріп кетті. Алайда, артына қарамастан мәз болып кетіп бара жатқан қызға көзі түсе берді. Ұзын көше таусылар емес.
Асқардың көңілі әлем-тапырық болды. Бір кезде күрт шешім қабылдады да, жолдың қыз кетіп бара жатқан бетіне қайта өтіп, адымдай басып, қыздан озып кетті. Асқар озып бара жатқанда қыз аузы қисайып, даусы дұрыс шықпай, булығып күліп мәз болды. Асқар да жымиды. Бірақ қыздың бетіне тура қарауға жүрегі дауаламады.
Асқар жүрісін баяулатты. Қыз бір аяғымен жерді сызып-сызып кететін жүрісімен ентігіп, Асқардан озып кетіп тағы күлді. Күлкісі мұрны бітіп қалған адамдікіндей. Асқар және бір рет озды. Сөйтіп қызға озуға тағы бір мүмкіндік берді. Қыз озып кеткен соң орнында тұрып қалды да, қызға «әй» деп айқайлап белгі береді. Қыз қараған жоқ. Асқар ысқырды. Қыз енді қарады. Күлімсірей қарады. Асқар қолын бұлғап, мен былай жүремін дегендей оң жақты нұсқады. Қыз көңілі түскендей болды. Содан соң қолын бұлғап жымиды.
Асқар шолақ көшемен бұрылды да, үйді айналып тасада тұрып қалды. Жыларман күйде тұр. Қызды аяды. Әрі оның күлгеніне қуанған сияқты. Түсініксіз һәл. Өмірдің баянсыздығына көз жеткендей сезім.
Қыз Асқар кеткен жаққа қарап тұр.
Фото: fotogenius.es
Бөлісу: