Біз әлі кездесеміз
Бөлісу:
Дания Сәтбекқызы – ақын, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Жаратылыстану және ақпараттандыру факультеті, Информатика мамандығының 4 курс студенті.
Аудандық, облыстық «XV Абай, Шәкәрім оқуларының» бас жүлде иегері. Республикалық «XV Абай, Шәкәрім оқуларының» номинация иегері. «Бабадан қалған байтағым» атты қалалық жыр мүшәйрасының ІІ орын иегері. «Үркер» шағын өлеңдер жинағының авторы. Елордасының 20 жылдығына арналған «Астана жастар жүрегінде», «Астана– жиырмадағы жас қала», «Еркін тақырып» атты жас ақындар мүшәйрасының І орын иегері.
Астана сенде сезім бар
Астана сенде сезім бар,
Махаббаттар бар алғашқы.
Өзіңде өткен кезім бал,
Естеліктерім ең жақсы.
Бұрымын тарап таң алды,
Сыланып өскен еркем ең.
Сұлулық арбап жанарды,
Суығыңа да өртенем.
Сағынышым мен санастым,
Жырымды жазған тыңдашы.
Астанасы алты алаштың,
Ақын жүректің музасы.
Сейілтіп барлық мұңымды,
Сыйлайтын едің тәтті арман.
Ешкімге ашпас сырымды,
Есілге келіп ақтарғам.
Өрлікке сендік ғашық боп,
Шабытты талай шақырғам.
Алыстап кетсем асық боп,
Ұйқысыз таңдар атырғам.
Астана сенде сезім бар,
Махаббаттар бар алғашқы.
Өзіңде өткен кезім бал,
Естеліктерім ең жақсы.
Біз әлі кездесеміз
Біз әлі кездесеміз,бірақ қашан?!
Жабырқаймын осы ойға тұрақтасам,
Жалғыздық жырын жазып жүрмес едім,
Өзіңді ұнатпасам.
Біз әлі кездесеміз,бірақ қалай?!
Жанымда жүре алмадың жырақтамай.
Мендегі сабырлыққа салмақ салған,
Бітпейтін сынақтар-ай.
Біз әлі кездесеміз, бірақ қайда?!
Жауапсыз алам осы сұрақты ойға.
Өткен күн көңіліңде елес беріп,
Жаныңды жылатпай ма?
Көңілдің көгіндесің,құлат деме.
Естеліктер жаңғырып тұрад көне.
Алғашқы кездегідей алып ұшып
Біз әлі кездесеміз, бірақ неге?
Оян, қазақ
Ахаңды көрдім түсімде...
Қабағы сондай қатулы,
Жөн көрмей бұлай жатуды,
Оятам десең қазақты,
Оян деп қызым шақырды.
Реніш көрдім жүзінен,
Жүрмеппін түзу ізімен.
Кестелі өлең жазбаппын,
Ахаңның өткір бізімен.
Көз салып жайға бүгінгі,
Білемін іштей түңілді.
Ел болам десең еңселі,
Өлтірме деді тіліңді.
Ел, жер деп өлген еріңді,
Ұмытпа деді тегіңді.
Бастырма деді өзгеге,
Саттырма деді жеріңді.
Қазақты қазақ дос көрмеу,
Мүмкін бе бұдан сескенбеу?
Елім деп тұрсын бауырың,
Болмасын деді босбелбеу.
Алаңдатады бүгінің,
Білмеймін өлі,тірі кім?!
Кетпесін жатқа ұрпағың,
Кетпесін деді сіңілің.
Бұл күнде зулап өтер шын,
Бірлікпен баққа жетерсің.
Қазақты қазақ бауыр деп,
Байрақтай көкке көтерсін.
Жақсы мен жаман жарыспақ,
Арыңнан кетпе алыстап.
Қазақты қызым оят деп,
Қаламын кетті табыстап.
(Ұйқыдан тұрып Ахаңа,
Оқыдым Құран бағыштап.)
Ақын жары
Ақында арман бөлек, мақсат бөлек,
Деме оған жалған атақ, жақсы ат керек.
Жанын ұғып демейтін жары бол сен,
Өзгеден сұрамасын аңсап көмек.
Серігі бол қадамын бір басатын,
Биігіне шықпай еш тынбас ақын.
Тазалықшы, аспазшы емес оған,
Жары керек жай ғана сырласатын.
Өлеңінде өзгені армандасын,
Қызғанып төгілмесін жалған жасың.
Дәл өзіндей сүй оның өлеңінде,
Ол мейлі өзіңе де арналмасын.
Маңызды емес Муза етіп кімді алғаны,
Елге керек жанғаны, шыңдалғаны.
Өзің болғын ең адал оқырманы,
Өзің болығын ең үздік тыңдарманы.
Қарсы келмей көне біл дегеніне,
Көз жүгіртпе жасырған дерегіне.
Оқылмаған өлеңін талап етпе,
Айналасың сен сонда сенеріне.
Айрылдым деп ойлама әлден бұл күн,
Шын сезімнен табасың жәрдем кілтін.
Қайта тумас тұлғаның жарысың сен,
Анасы болуың да әбден мүмкін.
***
Сағыныштан сарқылғанда төзімім,
Өзің жайлы жыр жазбаудың өзі мін.
Мен адал боп өтер едім Баяндай,
Сен ерлігін жасай алсаң Қозының.
Жүрегіме сезіледі керегің,
Сен де, мен де білеміз ғой себебін.
Еңлігің боп еркелеп - ақ жүрер ем,
Сен бола алсаң сенім артар Кебегім.
Күндерімнің болғанымен бәрі мұң,
Өшірмедім сезімімнің жалынын.
Қалқаманым бола алсаң, сен үшін,
Жан беретін болар едім Мамырың.
Ғашықтардың бізге мәлім дерегі,
Дәл солардай ғұмыр кешкім келеді.
Сүйгені үшін күреспеген адамнан,
Биік маған Бекежанның беделі.
Бөлісу: