БАЙРАҚТЫ АЗАМАТ

Бөлісу:

18.01.2017 4606

(Алаш қайраткері Біләл Сүлейұлының өмірі мен шығармашылығы хақында)


dc012c463d46222df277c12983b369d1.jpg



«Ердің еңбегін ел білерлік заман бізге де болар ма екен?

Біздің еңбекшілерімізге де сондай күн туар-дағы!

Бірақ қашан, қашан? Қайда?»

С.Торайғыр

Біләл Сүлейұлы!

Алаштың атпал азаматы еді.

Кешегі Сталин-Голощекиндік заман аспанды алақандай, жерді тебінгідей еткен уақытта әуре-сарсаңға түсіп, өлім құшқан болатын. НКВД-ның оғынан опат болған Біләл кім еді? Бүгінгі мына компьютербасты жас ұрпақ Біләл деген бабасын біле ме екен?

Мен, әдебиетші болғандықтан көбіне-көп тарихтың тасасында қалған, тарихтан өзіне лайық бағасын алмаған тарихи тұлғалар жайлы жазып жүрмін. Мақсатым – Алаш тарихындағы есімі көпке белгісіз немесе ұмыт қалған есімдерді тірілту, халыққа насихаттау. Біз, қашан да, қай заман да болсын, алдыңғы буынға, әсіресе, ұлт бостандығы жолында опат болған боздақтардың әруағы алдында борыштармыз. Дүниеден өткен адамның алдындағы қарызымызды оның фәни ғұмырында атқарған қызметі мен өнегелі ісін жастарға дәріптеу арқылы қайтарамыз яки рухына арнап құран бағыштап, дұға жасаймыз. Меніңше, бұдан басқа амал да жоқ!

Әңгіме арқауы – Алаш қайраткері Біләл Сүлейұлы. Біләлдің жары, әдебиетші Фатима Ғабитованың жазуына қарағанда, 1893 жылдың (жылан жылы екен) күзінде Қапал қаласының Арасан болысы, Баянжүрек жайлауында дүниеге келген екен. Балалық шағы Сағабүйен ауылында өткен. Біләлдің алғаш қара танып, сауат ашуына себепкер болған – өз әкесі Майлы баласы Сүлей. Сүлей ескіше оқыған, көзі ашық азамат болыпты.

Біләлдің сүйегі – Найман. Оның ішінде – Қаптағай, Қаптағайдан Дуан, Дуаннан Бұйрас тараған. Өз атасы – Майлы. Әкесі – Сүлей, анасы – Қамқа.

Әкесінің тәрбиесін көріп, дүние ілімін үйренуге талпынған бозбала Біләл он сегіз жасында, 1911 жылы Ақсу болысына қарасты Қарағаштағы Маман ұрпақтарының мектебіне қабылданады. Бүгінгі «Мамания» мектебінде оқыған. Бұл мектепте бір жылдай оқыған. «Мамания» – Жетісу өңіріндегі алғашқы мектептердің бірі (Задында, алғаш ашылған осы мектеп болатын – Т.Е.). «Мамания» мектебінде, Біләл оқыған жылдары Ғазиз Мусин, Файызрахман Жиһандаров сияқты Мысыр, Түркияның оқу орындарын тәмамдап келген оқытушылар дәріс берген.

Жиған-терген дәулетімен ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен, ХХ ғасыр басындағы қазақтың атақты ақ адал, ақ жүрек азаматы, меценат, сол уақытта-ақ «Қазақтың Нобелі» атанған Есенқұл қажы Маманұлының жәрдемімен Біләл Уфаға аттанады. Мұғалімдік мамандықты даярлайтын «Ғалия» медресесіне оқуға қабылданады. Білімге құштар, дүниетанымы мен өрісі кең Біләл 1916 жылы Орынбордағы мұғалімдер семинариясын тәмамдайды. Біләлдің білім алу жолындағы ізденісі «ұша білген қанатқа дүние кең» деген қазақ мақалына саяды.

Ақын, драматург, журналист Біләлдің жары, Қапал қаласында дүниеге келген татар көпесінің қызы  –  Фатима Ғабитова. Өз естелігінде: «1916 жылы семинарияны жақсы тауысқан Біләл қара жұмысқа алынған қазақтарға мыңбасы болып, Минскіге барады. 1917–1918 оқу жылында Қапал қаласындағы татар мектебінде мұғалім және оқу ісін басқарушы болып қызмет атқарады. Менімен Біләл сол татар мектебінде танысты. Мен бір жыл бұрын ол мектепті тауысып, мағариф (оқу-ағарту бөлімі) комиссиясының ұйғаруы бойынша тауысқан мектебімнің өзінде мұғалім болып қалып едім», – дейді [1;189 б]. Енді осы мысалға алынған сөйлемге қайта назар аударайық. Біріншіден, 1916 жылдың маусымында Патша жарлығы шыққан соң, Ә.Бөкейхан бастаған М.Дулатұлы, Х.Болғанбай сынды Алаш қайраткерлері Минск қаласына барып, күнбатыс майданының штабын жасақтаған. Осы штабтағы азаматтардың қатарында Біләлдің болғанын растап отырған факт (дәлел, дәйек). Екіншіден, Біләлменен Фатиманың қай уақытта, қалай танысқанын біліп отырмыз. Бұл тұрғыдан алғанда, Алаш қайраткерінің ғұмырнамасын дұрыс жазу үшін бұл естелік бағалы болмақ.

Енді Алаш қайраткерінің қоғамдық-саяси қызметі, қазақ руханиятына қосқан үлесі жайында тоқталсақ. Алаш Орданың Жетісу облысындағы кеңесінің мүшесі болған Біләл 1918 жылдан бастап халықты сауаттандыру, оқу-ағарту ісіне белсене араласқан. 1928–1929 жылдары Ақтөбе облысындағы халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болады.

1930 жылдары Қазақстанның кейбір қалалары территориялық бөлініске байланысты өзге елдердің құрамына енгендіктен, Наркомпростың жоғары оқу орындары жөніндегі маманы қызметін атқаратын Біләл Орынбор мен Ташкенттегі қазақ институттарын елге қайтарады. Орынбордағы мұғалімдер институтын Оралға, Ташкенттегі мұғалімдер институтын Семейге көшіріп алады. Екі институтты белгіленген қалаларына көшіріп, өзі директорлық (ректор) қызметін атқарған. Семей педагогикалық институтының ректоры болып тұрғанында, яғни, 1930 жылдың тамыз айында қамауға алынып, НКВД-ның түрмесінде екі жыл отырып шығады. 1932 жылдың бесінші қыркүйегінде түрмеден шығып босаған соң, өз еркімен Қазақстаннан Мәскеуге жан сауғалап қоныс аударған. Мәскеудегі өндіріс орындарының бірінде мәдени-ағарту қызметі бойынша еңбек еткен. 1934 жылдан 1937 жылға дейін Біләл Қарақалпақ автономиясы, КСР-нің Халық ағарту ісі бойынша комиссары секілді жоғары лауазымды қызметтің тізгінін ұстаған.

Біләл – қазақ балаларының оқу оқып, білімді азамат болуы жолында көп еңбек сіңірген азамат. Жетісу өңірінде қызметте жүргенінде, өлкенің оқу-ағарту саласына айтарлықтай үлес қосқан. Тегінде, «Біләл Сүлейұлы – Жетісу өңірінің Ыбырайы» десек, артық айтқандығымыз емес (Бұл жерде руға немесе жерге байланысты айтып отырғанымыз жоқ – Т.Е.). Ф.Ғабитова Біләлдің ағартушылық қызметі турасында: «Біләл – асқан ақылды, келешекті терең болжай алатын ардақты азамат болатын. Ол Жетісу өлкесінің ауылдарында – екі жылдық бастауыш мектеп, аудандарында – жеті жылдық орталау мектеп және облыста – тоғыз жылдық орта мектеп ашты. Бұл мектептердің барлығы да жатақханалы болатын», – депті [1;190 б]. Ф.Ғабитованың бұл пікірі – қоғам қайраткерінің қызметі мен мінезіне берілген әділ де, лайықты баға сықылды.

Әдебиетші, сан қырлы қаламгер Біләл Сүлейұлының әдеби мұрасы хақында айтар болсақ, ол өз заманындағы маңдайалды қаламгерлердің сапында болған. Мысалы, жазушы Ж.Ахмади «Біләл Сүлеев кім?» атты мақаласында қалам қайраткерінің шығармашылық әлеуеті туралы ой өрбітіпті: «Біләл Сүлеев – ағартушы, ақын, драмаург, журналист, сатирик, юморист еді. Оның «Қайтсең көсем боласың» сияқты шаншыма өлеңдері болсын, «Қартаға салынған қатын» дейтін пьесасына дейін барлығы өткір, әжуалы жазылған», – айтады да, «Ілияс Біләлдің сатира, юмор түрінде жазғандарына көп еліктеді. Сөзім дәлелді болу үшін екеуінің мына бір өлеңдерін салыстырып көрейік:

Біләл:

«Қазақша, не орысша жөнді білмей,

Сөйлесең бәду-шәду шатастырып.

Сөзіңнің аяғына дұспан көз ғып,

«Жасасын да здраствуйды» матастырып» – десе,

Ілияс:

«Сөз сөйле тіл біткенді бұзыңқырап,

Боза-ботқа докладын мыжыңқырап.

О күнәңді жоям деп бақыра түс,

Күшеніп жасасынға қызыңқырап» – дейді», –

деп жазушы қос ақынның жары болған Ф.Ғабитованың естелігін орынды келтіріпті [2;4б].

Біләлдің артында қалған мұралары өте аз. Бірақ, ол семинарияда оқып жүргенінде, «Қазақ», «Шура», «Уақыт», «Тілші» газеттеріне жиі мақала, сатира, өлеңдер жазып, жариялап тұрған. Оның әдеби бүркеншек есімі (лақап аты) – «Матай», «Қаптағай», «Бұйрасқа». Енді бір дау-дамайлы мәселе – «Матай» бүркеншек есімі хақында. «Матай» есімін Ілияс Жансүргіров те қолданған болатын. Бұл – бүгінгі әдебиеттанудағы өзекті мәселе. Ілиястанушылар ақынның ғұмырнамасын толық жасағанда, «Матай» есімін нақты қай жылдан бері қолданғанын анықтаса, екеуінің шығармаларын жылнама (хроника) арқылы ажыратып алар едік.

Қаламгердің Алматы жатақханасының тұрмысы негізінде жазылған «Қартаға салынған қатын» атты бір перделі комедиялық шығармасы 1921 жылы қалалық театрда бірнеше рет сахналанған. «Қайтсең көсем боласың» (1922), «Нақысбек» (1922), «Жұт жеті ағайынды», «Қазақ мұғаліміне» (1923), «Қазақтың 24 басалқа дыбысы», «Қыз бен жігіттің айтысы» секілді шығармалары бар. Бәлкім, мұрағаттарды ақтарып, бағлан азаматтың мұрасын іздестірер болсақ, беймәлім мұраларын тауып қалармыз. Бұл, әрине, болашақтың ісі.

Бадалғыр НКВД 1937 жылдың соңына қарай қайраткерді екінші рет репрессиялап, ату жазасына кескен. Қандықасап 1930, 1931, 1937, 1938 жылдары қазақтың небір жайсаң, игі жақсы, бағлан жігіттері өлім құшты ау... Бұл – ұлттық трагедия! Біз, қазақ халқы қанды оқиғаларды ешқашан ұмыта алмаймыз. «Ату жазасына» бұйрық берген жауыздарды кешіре алмаймыз!

Алаш қайраткері Ә.Ермек: «Бізде от жүректі, алғыр ойлы, алмас тілді Алаш жастары болды. Олардың ішінде Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек, Мағжан, Мұхтарлар бар» – депті. Осы санаттағы азаматтардың қатарына тасада қалған тарихи тұлға Біләл Сүлейұлын ұялмай қосуымызға әбден болады.

Қазақ еліне, жұртына адал қызмет еткен, елінің болашағы үшін тағдырын таразыға тартқызған азаматын «байрақты ер» деп бағалайтын. Міне, біз әңгіме етіп отырған Біләл Сүлейұлы нағыз байрақты ер болатын.

Сайып келгенде, айтарымыз: «Ердің еңбегін ел білерлік заман бізге де болар ма екен? Біздің еңбекшілерімізге де сондай күн туар-дағы! Бірақ қашан, қашан? Қайда?» (С.Торайғыр) болмақ.

Ерлерді бағалай білейік!



Елдос Тоқтарбай,

алаштанушы.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Мамания. Құраст.: Ж.Қалиұлы. – Алматы: Атамұра, 1999. – 272 бет.

2.Ахмади Ж.Біләл Сүлеев кім? // Қазақ әдебиеті, №21, 1997 жыл, 27 мамыр.


Бөлісу:

Көп оқылғандар