Екінші дүниежүзілік соғыста жапон мен италиялықтардың рөлі айтылмай қалады
Бөлісу:
Жеңіс күні қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыс төңірегіндегі кей нәрелерді жаңаша байыптауға ұмтылып көрген едік. Нәтижесінде жан-жақты пікірлер айтылып, тосын жауаптар, жаңаша түйіндер жасалды. Соны міне назарларыңызға ұсынып отырмыз.
1. Әр кезең әдебиетке өзіндік өрнегін салады. Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына тоқталатын болсақ, әуелі сол соғыс сапында болған қаламгерлердің шығармаларына үңілеміз. Солай танимыз. Десек те, соғыстың аяқталғанына 75 жыл толса да, «Ұлы Отан соғысы» деуден танбай келеміз. Қан майданда қабырғадан қан кешіп, бірге шайқасқан кешегі одақтас, бүгінгі көрші мемлекеттердің көбі тіптен бұлай бағалаудан, тойлаудан да бас тартты. Адамзаттың аспанына қара бұлттай үйіріліп, қанды қырғынға ұшыратқан сол оғысқа бүгінгі ХХІ ғасырдағы әлімнің көзқарасы, біздің көзқарасымыз қандай?
Ықылас ОЖАЙҰЛЫ
ақын, журналист:
- Әдебиет – әлемнің айнасы. Кез-келген адамзаттың басынан өткен қуаныш та, қайғы да тілге келіп тұнады. Уақыттың шындығын тас та, су да ұстап тұра алмайды. Тек қана сөз ұстап тұрады. Сөзден қадірлі, сөзден қария дүние жоқ. Мысалы, соғыстың алдында 1932 жылғы аштықтан:
«Арпа-бидай ас екен,
Алтын-күміс тас екен», -
деген сөз қалды. Шынында да бір кесек алтыннан, бір уыс бидайдың құны артық. Заман осыны ұқтырды...
«Аштан өлген адамның моласы жоқ». Осы сөздің де байыбына бара бермейміз. 1921-32 жж. қынадай қырылған аштықта әр бұрышта теңкиіп қала берген адамдардың моласы да қазылмай сүйектері ақсөңке боп шашылды. Бұл да сол зұлмат заманнан жеткен сөз. Бұдан шығатын қорытынды: әр дәуірден сөз қалады екен. Сол сөзде заман шындығы, қоғамның табиғи болмысы сақталады.
Көп адам келісер, келіспес, Оралхан Бөкей көп нәрсені қатты айтқан: «Біз шата буынбыз», - дейді. Сол шақта көп буын әкесіз жетім өсті ғой. «Соғыс уақытында әкеміз ауылға бір келіп кетіпті», - деп алдарқатқанмен шындығында олай емес еді. Сол жылдардан «Шал да болсын ойнайық, шандыр да болсын шайнайық», - деген сөз қалды. Бұл өте ауыр сөз. Соғыс тақырыбын ерекше игерген екі ақын болса Өтежан Нұрғалиев пен Жұмекен Нәжмеденов. Поэмасының соңында Жұмекен:
«Қаралы үйдің есігін қара түнде,
Сексендегі шал келіп қағып тұрды»,
- дейді. Бұдан асырып трагедияны қалай беруге болады. «Еркексіз үйде есік болмас, әйелсіз үйде бесік болмас», - деген де сөз қалды. Енді, еркексіз үйді әркім басынбай ма?.. Осы сөздерден-ақ сол кезеңнің өз келбеті жарқырап шыға келеді. Бұдан байқағаныңыздай, дәуірдің өз шындығы сөзге үйіріліп қала береді екен.
Әбдіуақап ҚАРА
тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан
көркемөнер университетінің профессоры:
- Бұл соғысқа екі бағытта қараған дұрыс. Бірі адамзаттық, екінші ұлттық тұрғыдан. Адамзаттық тұрғыдан келгенде әрине әрқандай соғысты құптауға, жақсы болды деуге болмайды. Өйткені, соғыс – қырғын, қан, апат. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс болса, бүкіл адамзат тарихындағы ең жойқын қақтығыс. 70 миллиондай адам қаза тапты. Қаншама қала жермен-жексен болды. Сондықтан әрқандай бір соғыстан сақтану жөнінде мұнан ғибрат алған дұрыс. Соғыстың нәтижесінде Гитлердің жеңіліске ұшыраған қуантарлық. Себебі, Гитлер жеңіп шыққанда әлемде апат одан әрі жалғасар еді. Сондай-ақ Орта Азиялық түркі халықтарға оның зардабы тимей қоймас еді. Бұл болжам емес, негізі бар шындық. Кейде «Кеңес Одағына қарсы соғысқан нацистер жеңіске жеткенде Орталық Азия түркі елдері 1991 жылы емес, 1945 жылы тәуелсіздікке қол жеткізер еді», - деген тұжырымдарды естіп қаламыз. Бұл уәж шындықтарды, фактілерді білмей жатып, «дұшманымның дұшманы – досым» деген мәтелдің аясында айтыла салған негізсіз сөздер.
Біз Мұстафа Шоқай туралы зерттеулерімізде, нацистік үкіметтің сыртқы істер министрлігінің құжаттарында Кеңес Одағы жойылғаннан кейін Орталық Азия елдерін большевиктерден әрі жабайы түрде қанайтыны жөнінде жоспарлар жасағанына қатысты мәліметтерді кездестірдік. Оның үстіне Гитлерде Түркістан халықтарын қорлау шамадан тыс болатын. Оның пікірінше, Германия Кеңес территориясына билігін жүргізер болса, Орта Азияның түркі халықтарымен ешқандай да қарым-қатынас жасалмайтын еді. Тек оларды неміс ықпалы астында ұстап отыру мақсатында, жыл сайын бір топ қырғызды неміс астанасына саяхатқа алып келуге болатын еді. Бұдан басқа олармен ешқандай да бір байланыс орнатуға болмайтын еді. Міне сондықтан, большевиктердің орнына нацистік биліктің келуі кеңестік түркі тілдес халықтар үшін қожайын ауыстырудан басқа ештеңе емес еді. Осы себептен, 1921 жылдан Еуропада жүрген Шоқай Гитлердің бұл ойын түсінгендіктен, соғыс кезінде, атап айтқанда 1941 жылдың соңында Түркістан легионын құру немесе басқа қандай да бір нацистермен ынтымақтасу жөніндегі ұсыныстарды ойланбастан кері қақты. Ал бұл бірге істеспеушілік оның өліміне себеп болды. Өкініштісі, нацистермен бірге істеспеу үшін осылайша құрбан болған ұлы тұлғаға адам сенгісіз жаланы Кеңестік билік жапты. Шындықты теріс айналдырып, Шоқайды туған халқына «нацистермен бірге істескен сатқын», құбыжық етіп көрсетті. Бұл туралы үгіт-насихат соншама күшті болды, тәуелсіздікке 30 жыл толса да әлі де осы негізсіз жалаға сеніп келе жатқан Қазақстан азаматтары аз да болса бар. Алайда, Ресей сияқты кейбір бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің азаматтары болса, әлі де осы пікірдің ықпалы астында жүр. Осыған жаның ашиды. Ұлыларымызды әлемге таныта алмай келе жатқанымыз өкінішті. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Екінші дүниежүзілік соғыста нацистердің жеңіліске ұшыратылуы адамзат үшін ұлы жеңіс деп бағалаймыз және мұнда қазақ халқының да айтарлықтай үлесі болғаны ақиқат. Осы орайда Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагке жеңіс туын алғаш тіккен жауынгер екенін еске алайық.
Енді қазақи тұрғыдан бұл соғысты бағалайтын болсақ, ең алдымен мұны «Ұлы Отан соғысы» деп атау тәуелсіздіктің мазмұны мен рухын түсінбегендікпен пара-пар. Өйткені біріншіден «Ұлы Отан соғысы» атауы халықаралық атау емес, орыс халқына ғана тән атау. Сталин 1941 жылы Ресейге нацистерден зор қауіп төнгенде, 1812 жылы Наполеонның шабуылы кезінде болғанындай оны «Ұлы Отан соғысы» деп атаған. Сондықтан орыс емес халықтардың, оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өзінің отанында шайқас болмаған халықтардың бұл атауды қолдануы қисынсыз. Екіншіден, соғыс Қазақстан жерінде өткен жоқ.
Енді кейбіреулер «Ұлы Отан соғысын» Екінші дүниежүзілік соғыс десек онда соғыста қаза тапқан жауынгерлер «Отан» үшін өлмей, бекер қаза тапты ма? Жоқ, олай айтуға болмайды, - деген ойда. Бұл – бұрынғы кеңестік елдердің тысында бүкіл дүниежүзі қолданған атау. Сол соғыста ғазиз жандарын құрбан бергендердің барлығы да жоғары құрметке лайықты. Өйткені олар адамзат үшін жанын пида еткен асыл азаматтар. Әр тарихи жағдайды сол заманның жағдайымен бағалаған дұрыс.
Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ
журналист, "Айқын" республикалық қоғамдық-саяси
газеті бас редакторының орынбасары:
- Иә, Екінші дүниежүзілік соғыс та әдебиетке өзіндік із қалдырғаны анық. Бәлкім әдебиет пен масс-медианың, үгіт-насихаттың ықпалы шығар, посткеңестік елдерде Жеңіс күні мейрамына, аталған соғысқа көзқарас бөлек екені рас. Өйткені, бұл халықтар көп құрбандық берген. Біз де солаймыз. Сондықтан «Ұлы Отан соғысы» деп атауға әр отбасының аталған соғыстағы құрбандығы да ықпал еткен шығар. Кім аталарын, көкелерін жамандасын?! Сондықтан, аталған соғысты солай атап келеміз. Ал әлемнің көзқарасы тұрғысынан қарастырсақ, Екінші дүниежүзілік соғыс – екі қанқұйлы империяның бастауымен болған соғыс. Германия мен КСРО бастаған соғыс. Жаһанда осындай баға беріледі. Дегенмен Екінші дүниежүзілік соғыста жапондардың да айырықша рөлі бар екенін жоққа шығармау керек. Көбіне бұл соғыста жапондардың, италиялықтардың рөлі жайында айтылмай қалатыны бар. Бәлкім жапондардың Азияда ойран салғаны, ал бұл құрлықты батыс жұртының екінші орынға қойып, азиялықтарды адам қатарына қоса қоймайтын көзқарасының сарқыншағы әсер еткен болуы керек, әйтеуір жапондардың Азиядағы қырғыны тым жиі айтылмайды. Әлде мұндай көзқарастың қалыптасуына жапондардан сол кезде көп қыспақ көрген Қытайдың қазір күшейіп, азуын айға білеп, ықпалды күшке айналғаны үшін батысқа қуатты бәсекелес бола алғаны да әсер етті ме кім білсін?! Әйтеуір Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты көзқараста осындай ерекшелік бар.
Досым ОМАРОВ
абайтанушы, теолог:
- Екінші дүниежүзілік соғыс, оның нәтижесі туралы біздің елде ғана емес, әсіресе Батыс елдерінде көптеген қарама-қайшы ойлар айтылады. Абай мұрасы аясында бұл мәселеге көңіл аударатын болсақ, біз де көп нәрсені басқаша түсіне аламыз.
Абай «Ғұмыр өзі – Хақиқат» (38-сөз) деп, не болмаса «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңінде:
Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп екі басын ұстаған Хақ. –
деп әлемнің бір Жаратушысы барын және өмірдегі құбылыстың барлығы тек қана Оның құзырында екенін білдіреді. Өмір – жан мен тәннің, яғни жан құмары мен тән құмарының күресінің көрінісі. Өткен өміріміз, тіпті бүкіл адамзат өмірін осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, көп нәрсені басқаша түсініп, басқаша көруге болады.
Кеңес дәуірінде сыртқы саясатта Сталин басқа елдермен бейбіт қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. Себебі, мемлекетті тез қарқынмен жетілдіру үшін бейбіт өмір керек болды. Бірақ ол Ұлы Отан соғысын тоқтата алмады. Соғысты болдырмауға Сталиннің мүмкіндігі де болмады. Себебі, соғыстың себебі және қозғаушы күші, Абай ойымен айтқанда, оның құзырынан тыс, жоғары әлемдерде жатты. Дүние жүзіндегі бұл тарихи құбылыс жеке адамдардың емес, жоғары әлемдердің ықпалы десек артық болмайды. Себебі, Екінші дүниежүзілік соғыс жоғарғы әлемдердің адамзат өмірін үйлесімге келтіру үшін жасаған әрекеті болды. Табиғатта кездейсоқ құбылыстың болмайтыны белгілі. Абай: «Белгілі, Құдай-Тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсеге хикметсіз тәклиф қылмады. Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар», - (38-сөз) дейді. Ендеше бұл соғыстың да өзіндік себебі бар. Оның себебі – әлемді жойқын қара күштерден құтқарып, үйлесімді өмірді қалпына келтіру еді.
Фашистік Германия өздерін нағыз арийлер деп жариялап, немістерді басқа халықтардан жоғары қойды. Фашистердің талабы бойынша неміс халқы алдыңғы қатарлы, ең жетілген халық, сондықтан олар бүкіл әлемге билігін жүргізуі керек. Яғни, немістердің мақсаты – әлемді жаулап алу. Осылай олар Еуропаны жаулай бастады. Фашистердің мақсаты орындалса – адамзат өмірі өткен дәуірге, құлдық дәуірге ұқсап кетер ме еді, кім білсін. Яғни, бүкіл әлем үшін үлкен қауіп.
Кеңес Одағының мақсаты да одан кем болған жоқ. Коммунистердің мақсаты – коммунизм идеясын бүкіл әлемде іске асыру. Утопиялық атеистік коммунизм идеясы адамға қандай зардап әкелетінін, және ол ұзақ өмір сүре алмайтынын Кеңес Одағы тарихынан білдік. Бұл екі идеяның қайсысы болса да бүкіл әлемге жайылса, олардың адамзат үшін орасан зардабын болжау қиын емес. Екі елдің сүйенгені де Қара күш: бірі – нацизм, екіншісі – атеизм. Екеуі де адамзат өміріне өте қауіпті. Қара күштер өркениеттің заттық құндылығын (тән құмарын) жетілдіруге арналған, сондықтан олар жеңетін болса, рухани құндылықты тұншықтырып, бүкіл адамзатқа жақсылық болмайды.
Осындай тарихи кезеңде адамзат өміріне Жоғарғы әлемдердің араласуына тура келді. Олар төменгі әлемдермен тығыз байланыста болып, өміріне бағыт беріп, басқарып отырады. Сондықтан адамзаттың өмірін бір үйлесімге келтіру үшін Жоғарғы әлемдердің араласуы заңды құбылыс еді. Қара күштерді әлсірету үшін олар екі елді бір-бірімен соғыс алаңында кездестірді. Осылай екі Қара күш бір-бірімен қан-майданда соғысып, қансырады.
2. Сол шақта әлемдегі үлкен екі күшке айналған Германия мен Кеңес Одағы өзара бейбітшілік келісімді бұзуға не себеп? Германияның Кеңес Одағына кенеттен басып кіруі нені аңдатады? Екі алпауыт күштің ту еткен идеясы қандай еді? Өзі бастаған соғыста Германияның жеңіліс табуының сыры неде? Бұл соғыс адамзатқа нені ұқтырды? Соғыс майданында ең көп шығынға ұшыраған халық ретінде қазақ халқының тартқан тақсіреті толық ашылды ма?
Ықыла ОЖАЙҰЛЫ, ақын, журналист:
Біз міне, тәуелсіздік алғалы 29 жылдың бедері болды. Мен мұны көп уақыт деп есептеймін. Тәуелсіздік дегеннің өзі тәуелсіз адамның пайым-парасаты деген сөз. Тәуелсіздік деген жеке адамның мәселесі. Жеке адамның пікірінен тәуелсіздік көрініп тұрмаса, онда ол сөзді айтудың да қажеті жоқ. Тәуелсіздік деген – тәуелсіз адам. Біз осы 30 жылда әлемге орыстың емес өз тәуелсіз көзімізбен қарайтын уақытқа келдік қой. Мысалы, мен былтыр ғана өзімнің мектеп бітірген ауылыма барып қайттым. Көңілді күпті қылып, пұшайман еткен дүниені жолықтырдым. Таңданатыным, біз әлі күнге батырлық, елге қызмет деген дүниелерді осы Екінші дүниежүзілік соғыспен өлшейміз. Елге еңбек сіңірудің мазмұнын әлі сол төңіректе қарастырады екен. Мектеп ауласына сол соғысты бейнелейтін ескерткіш салып қойған. Мен мұндалап көзге ұрып тұр. Менің жеке түсінігімде ол соғыстың тарихта болғаны, қанша азаматтың барғаны анық. Бірақ ерлік, батырлық тұрғысында мен үшін кешегі «Алаш», Кенесары хан мен оның жасағы одан биік тұруы тиіс. Мен осы түсінікті сетінету үшін университет қабырғасында жүргенімде «Жас азамат» ұйымын құрдым. Мақсатымыз еркін ойлауға дағдыланып, санада қатып қалған қағидаттарды бұзу еді. Кішкентай ғана мысал келтірсем, біз жыл сайын 9-мамырда дәстүрлі түрде Қараөткел зиратында жатқан Кенесары жасағына, Смағұл Сәдуақасовтың рухына құран бағыштаймыз. Биыл да Алла бұйырса барайын деп отырмын.
Менің түсінігімде бұл соғысты ешқандай да төмендетпеймін, тек әр кезеңдегі жағдайларға әділ баға берілсе деп ойлаймын. Әрекетіне қарай, сіңірген еңбегіне қарай бағаланса.
Мен үшін ұлы геройлар осы мемлекеттің тәуелсіздігі, жері, тілі үшін тіке күрес ашып, керек болса сол жолда шейіт болған адамдар. Бүгінгі заман тарихшылары КСРО-ның 43 миллион адам жоғалтқанын айтып отыр. Осынша адамды қырып салған соғысты Сталиннің ерлігі, жеңісі деп емес, керісінше, үлкен трагедия деп бағалағанымыз дұрыс сияқты. Соғыс дегеннің өзі, гуманистік көзқараспен қарап басқаны айтпағанда, адам өлтіруді заңдастырып алу деген сөз ғой. Сол да жеңіс пе?
Кешегі тарихта қазақтың өз санасында қалыптасқан заңдары бар еді ғой. Мысалы:
«Қанша батыр болса да,
Жауға салма жалғызды.
Қанша сұлу болса да,
Қойныңа алма арсызды.
Қанша шешен болса да,
Дауға салма малсызды», - дейді.
Малсыз адам бәріне сатыла береді ғой. Мұны мақал дегеннен қарағанда қазақ даласының заңы деген дұрыс. «Жауға салма жалғызды» дейді. Мысалы, бидің орынына батыр жоралғыға жүрмейді. Батырдың орнына би жоралғыға жүрмейді. Демек, әркімнің өз орыны бар. Ал соғыс кезінде осы қағидаттардың ешқайсысы жұмыс істемеді. Соғыс ол өлшем бірлікке қарамайды.
Мұны ескерген халықтар да бар. Әлемдегі ең танымал "Нобель" сыйлығы десек, соны алғандардың дені еврейлер. Неге десеңіз, соғыс біткеннен кейін де өмір бар емес пе? Олар соны ескеріп экономика, мәдениетті көтеретін тұлғаларын сақтап қалды. Соның жемісін көріп келеді. Ішкі сұрыптау қайткенде де болу керек еді ғой. Соғыс қашан да ірілерді жұтып, майдаларды қалдырады. Соғыстан кім қалды бізде? Шал-шауқан, бала-шаға, мүгедек, жетім-жесірлер, алаяқтар.
Тағы бір айтарым бізге соғыспен бірге арақ келді. Адам қанын төгу оңай ма? Қан көргесін міндетті түрде психика бұзылады. Бойыңда үрей, қорқыныш пайда болады. Соны жеңу үшін бәрі арақ ішті. Бұл әлі зерттеліп, байқалмай келіп жеткен қасірет дер едім.
Әбдіуақап ҚАРА, тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры:
- Қазақ халқының осы соғыста тартқан материалдық та рухани да тақсіреті әлі ашылған жоқ. Ол соғыста Кеңестік армия қатарында бір жарым миллиондай қазақ жауынгері немістерге қарсы соғысты. Олардың ішінде көзі ашық оқымысты қазақтар да көп еді. Соғыстың алғашқы жылдарында қолда жөнді қару жоқ, неміс армиясының алдына тірі қалқан ретінде жіберілгені де ақиқат. Қазақстаннан соғысқа қатысқандардың жарты миллионнан астамы қаза тапты. Сол азаматтар соғысқа қатыспай тірі болғанда, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның әлеуеті мұнан да зор болар еді.
Соғыс кезінде қаза таппай немістерге тұтқынға түсіп, кейін еліне қайтқандарға ату жазасы берілді немесе итжеккенге айдалды. Өзгелері Кеңес Одағында қуғын сүргін көрді. Сонымен қатар бұл соғыстың рухани мәдени зардаптарына тоқталар болсақ, ұлттық тарихымыздың тамырына осы соғыс кезде балта шабылған. Сталин кеңес халқын соғысқа қарсы жігерлендіру барысында ғалымдар мен жазушыларға Кеңестік кезеңнен бұрынғы батырлар мен тарихи тұлғаларды зерттеп, халыққа жария етулері туралы нұсқау берді. Міне сол кезде қазақтың біртуар тарихшыларынан Ермұхан Бекмаханов Кенесары ханды жан-жақты зерттеп докторлық диссертация ретінде қорғап шықты. Бірақ соғыс біткеннен кейін ұлтшылдық жасағандық та айыпталып қудаланды. Сонымен қатар Сталин соғыс жылдары Алтын Орда туралы зерттеулерге де тыйым салды. Сол тыйым-шектеулерден кейін өсіп өркендеп келе жатқан қазақтың ұлттық тарихнамасы өкінішке орай дамымай кенже қалды. Алтын Орда тарихы тәуелсіздіктен кейін біртіндеп қолға алынып, биыл алғаш рет 750 жылдығына байланысты кең көлемде зерттеулер басталмақ, осы орайда ірі ғылыми шаралар өтпек. Бұл шаралардың да Екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығына дөп келуі де ойлантарлық. Сонымен қорытып айтқанда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақ халқының тақсіреті орасан зор болған.
Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ, журналист, "Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары:
- Германия мен КСРО арасында не себепті соғыс бұрқ ете қалғанын тарихшылар айтып, солар баға бергені дұрыс шығар. Менің ойымша, екі елдің де сол кездегі идеясы жаһанға билік жүргізіп, адамзатты қойдай өргізу еді. Ал адамзат бұл соғыстан ештеңе ұққан жоқ. Өйткені, соғыс адамзаттың үйреншікті дағдысына айналғанына мыңдаған жыл болды. Тек Екінші дүниежүзілік соғыс бұдан былай тұтас шеп құрып, тым көлемді майдан жасаудың тиімді бола қоймайтынын байқатты. Күштілер одан кейінгі соғыстарын әлсіздердің аймағында өткізіп келеді. Әйтеу антигитлерлік коалицияның күші басым түскені анық еді. Ал қазақ халқының шығынына келсек, біз орыс, украин, белорус сияқты жау басып алған халықтардай шығынға ұшырамадық. Рас майданға көп азамат аттандырдық, бірақ өзгеміз тылда едік. Сондықтан шығынымыз славян халықтарындай емес. Бірақ ашаршылық пен репрессиядан ауыр зардап шеккен халық үшін бір азамат болса да ауыр шығын болса керек. Сондықтан аталған соғыста ұлттың тақсіретіне баға беру қиын. Меніңше ең алдымен оқиғаға тарихи баға беріп, сабақ алу өзекті шығар. ХХІ ғасырда мұндай оқиғаларға жол бермеу үшін не істеу керек, қандай амалдар жасаған дұрыс, өзіміздің ішкі қуатымызды қалай арттырамыз деген мәселелер өзекті шығар. Қырағылығымыз, мемлекетшілдігіміз өзекті-ау. Тарих деген – сабақ алу үшін керек. Ал біз әлі күнге оны мақтан тұтуға пайдаланып келеміз. Екінші дүниежүзілік соғысты сабақ алу үшін емес, өзімізді жеңімпаздардың бірі ретінде сезіну үшін жиі насихаттайтын сияқтымыз.
Досым ОМАРОВ, абайтанушы, теолог:
- Немістер ұлттық саясатты ұстанды, ал коммунистер коммунизм идеясына сүйенді. Екі елдің ұстанған саясаты әртүрлі болғанымен, мақсат бір – әлемдік гегемония. Әлемде бір ғана гегемон болуы керек. Германия тәрізді Кеңес Одағы да үлкен қарқынмен дамып, экономикасы жылдан жылға тез көтеріле бастады. Күш алған Кеңес Одағы енді біраз жылдан кейін әлемдік билікке ұмтылатыны айқын еді. Әлемде екі гегемон болуы мүмкін емес. Сондықтан екі алып Қара күштің өздерінің мақсаттарын қорғау үшін уақыт келгенде соғыс алаңында кездесуі заңды құбылыс болды. Ал бұл құбылыстың болуы тек қана уақытқа байланысты. Нақты жағдайды, әрине, екі жақ та жақсы түсінді. Сондықтан Германия Еуропаны жаулап алуға кіріскенде, бұрыннан алаңдап отырған Кеңес Одағы енді соғысқа күрт дайындала бастады.
Бірақ әзірше бір-бірімен соғысуға екі ел де дайын емес. Кеңес Одағы әлі толық күш алған жоқ, ал Германия Еуропаны әлі түгелдей жаулап үлгермеген. Сондықтан әлемді екеуі уақытша бөлісіп, өзара бейбітшілік келісім жасады (Молотов-Риббентроп пактісі). Бұл келісім бойынша Кеңес Одағы Батыс Украина, Батыс Белоруссия, Финляндия және Прибалтика елдеріне ие болулары керек болды. Бұл елдерді Кеңес Одағы 1939 жылы өзіне қосып алды. Қарсылық көрсеткен Финляндия болды. Бұл жағдайды Кеңес Одағы тарихшылары: Сталин Финляндиямен өзара көмек туралы келісім жасамақ болды деп түсіндіреді. Бірақ коммунистердің шын мәніндегі мақсатын жақсы түсінген Финляндия ешбір келісім жасамайтынын білдіреді. Нәтижесінде екі арада төрт айға созылған соғыс басталып, ақырында Москвада екі ел арасында бейбітшілік келісімі жасалды. Соғыста Кеңес Одағы адамнан да, техникадан да үлкен шығынға ұшырайды.
Бұл жағдай Германияның Кеңес Одағына кенеттен басып кіруіне себеп болған. Бұл кездейсоқтық па? Неге Германия өзінің уәдесін бұзды?
Бұл арада да Жоғары әлемдердің ықпалын көруге болады. Олар соғыстың басталуын тездетті. Неге? Себебі әлем үшін бұл соғыстың басталу уақыты зор маңызды болды. Бұл соғыс неғұрлым кеш басталса, оның жойқын әсері де солғұрлым үлкен болмақ. Ғылыми-техникалық өркениеттің тез дамыған дәуірінде бұл жағдайды түсіну қиын емес. Ұлы Отан соғысы 1941 жылы емес, енді бес-он жыл кейін басталған жағдайда бұл соғыстың зардабын ешкім болжай алмайды. Мүмкін жер бетіндегі өмір жойылып кетер ме еді, кім білсін. Себебі, бұл уақытта Германия мен Кеңес Одағы атом бомбасына ие болады. Осылай атом соғысы басталып, оның жойқын күші бүкіл адамзат өміріне үлкен қауіп төндірер еді. Япония елінің Нагасаки және Хиросима қалаларына тастаған АҚШ-тың атом бомбасы бұл ойдың жақсы дәлелі. Бірақ тағдыр адамзатты бұл қауіптен құтқарып, соғысты мезгілінен ерте, 1941 жылы бастады. Бұл кезде екі ел де атом құралын жасап үлгермеген еді.
Германияның соғысты ерте бастауының, міне, осындай маңызы болды. Германия 1941 жылы Кеңес Одағына басып кірді.
Осы арада үлкен сұрақ туады. Гитлер батыс елдерін әлі түгелдей өзіне қаратып үлгермеген. Соған қарамай, Германиядан халқы жағынан да, жер байлығы жағынан да көп үлкен Кеңес Одағына бейбітшілік келісімін бұзып, өзіне Екінші майдан ашуға қалай батылы барған?
Мұның себебі де Жоғары әлемдер десек болады. КСРО-ның өзінен көп кіші және әлсіз Финляндияға шамасы келмегенін көргенде, Гитлер Қызыл Армия өзіне үлкен қауып тудырмайды деп шешеді. Міне, ол осындай шешімге келіп, үлкен қателік жібереді. Кеңес Одағына шабуыл жасайды. Осылай соғысты Германия жағы бастады.
Бұл арада Гитлердің қателігі – адамның патриоттық сезімін, яғни жан құмарын ескермеуі. Финляндия соғысы жаулап алу соғысы болып, Сталин адамдарды мұндай әділетсіз соғысқа зорлықпен қатыстырды. Сондықтан Қызыл Армия өзінің қаһармандығын толық көрсете алмай, азғантай ел Финляндияны жеңе алмады. Ал Отан соғысында жағдай мүлде басқаша еді. Бұл соғыс жерді, Отанды қорғауға арналған әділетті соғыс болды. Жауынгер «Отан үшін! Сталин үшін!» - деп жауға ұмтылды. Себебі, ол отанын, отбасын, өзін қорғауға жанын аямады. Осылай олар жан құмарынан шыққан қайрат-ерлікке ие болды. Ал немістердікі – әділетсіз соғыс. Олар басқадан өздерін жоғары қойып, жаулап алуға кірісті. Осылай жан құмары мен тән құмары беттесіп, ақыры жан құмары жеңіп шықты. Жан мәңгілікті және құмары шексіз болғандықтан отанын қорғаған адам өмірін қиып, шексіз ерлікке баруға дайын. Ал басқа елді жаулаған адам ондай ерлікке бара алмайды. Себебі, қандай қатаң тәртіп болса да, тән құмарының өз шегі бар, уақытша берілген тән өлімнен қорқады. Гитлер бұл жағдайды ескермей, үлкен қателік жіберіп, ақыры соғыста жеңіліс тапты. Жоғары әлемдер әділетті соғысқа көмектесіп, қолдады. Әрине, Сталин де, Гитлер де қарапайым адамдар емес, белгілі бір мақсатпен жіберілген адамдар болған. Олар өз рөлін атқарды.
Егер тарих сахнасына көз жіберетін болсақ, немістер бір емес, бірнеше рет қателік жіберген. Бұл қателіктің себебі – немістердің ұлттық мінезі. Олардың мінезі – не нәрсе болса да дәл орындайтын педант, қатаң тәртіпті сүйеді. Осылай қатаң тәртіп арқылы экономикалық жетістікке жетіп, үнемі басқа елдердің алдына шығып отырады. Бірақ жан құмарын ескермей, тек қана тән құмарына ұмтылған мұндай заттық мінез адамның көкірегін көтеріп, тәкаппар сезім пайда болады. Осылай олар көршілерін алакөздеп, өздерін артық сезініп, жаулап алуға ұмтылады. Өздерінің тәртіпті сүйетін осы жақсы қасиетін дұрыс түсініп, пайдалана алмаған неміс халқы тарихта бірнеше қателікке ұрынды. Олардың Екінші дүниежүзілік соғысты ғана емес, сонымен бірге, осыдан алты ғасыр бұрын Еуропаны біріктірмек болған әрекеті және Бірінші дүниежүзілік соғысты бастап, ақыры өздері жеңіліс тапқаны осының көріністері. Осындай заттық көзқарас немістердің өздері ғана емес, бүкіл адамзатқа үлкен зардап әкелетінін тарих осылай көрсетіп отыр.
Бұл тарихи құбылыс жан құмары мен тән құмарының өзара байланысын дұрыс түсінуге мүмкіндік береді. Қатаң тәртіп тән құмарынан шығатындықтан, жан құмарын ескермей, оны тұншықтырып, жетілдірмейді. Қатаң тәртіп өркениеттің заттық құндылығын ғана жетілдіреді. Ал адамның рухани болмысы шет қалады. Қатаң тәртіптің көмегімен Германия бүгінгі күндері де Еуропа елдерінің алдыңғы шебіне шығып отыр.
3. Жеңіске жеткен Кеңес Одағы неге ақыры ыдырап тынды, жеңіліске ұшыраған Германияның бүгінгі жағдайы қандай? Соғыстан соңғы 75 жылда әлем қалай өзгерді, әдебиет қалай дамыды?
Ықылас ОЖАЙҰЛЫ, ақын, журналист:
- Бұл соғыс о баста Германия мен КСРО-ның өзара одақтасқан эканомикалық саяси жобасы болатын. Ол жобаның негізгі мақсаты – Польша мемлекетін екіге бөліп алу. Басында екеуі соған келіскен. Сосын сырттан қаржылық топтардың араласып кетуі соғыстың тактикасын өзгертіп жіберді. Кейін бұлар бір-біріне жау боп кетті.
Соғыс дегеніміз – таза қаржылық топтардың ойыны. Соғыстан белгілі бір мемлекет қаржы табады. Соғысқан екі мемлекет те шығынға ұшырайды да, ұйымдастырған қаржылық топтар пайдаға кенеледі. Қарапайым түрде айтсақ, белгілі бір боксшылардың бәсекесі десе болады. Рингтегі екеу қанға батып, ауыр соққы алады. Ал қаржы салушылар ақшаға кенеледі. Соғыстың кіші моделі дәл осы деуге болады.
Бір қызық жағдай, 1933 жылы Нидерланды елінде «Синдей Уарбург» деген кітап басылып шығады. Сол кітапта алдағы уақытта Германия мен КСРО-ның соғысатынын, фашистік Германияның жеңілетінін толық айтып шығады. Кітаптың авторы әлі күнге дейін белгісіз болса да бұл туындыны кей зерттеушілер Уарберг отбасына телиді. Бұл кітап турасында «New York Times» газеті де жазған. Кітапта Ұлыбритания банктерінің Гитлерді тікелей қаржыландырып отырғаны, сондай-ақ «Dawes Plan» және «Юнг» секілді үлкен жобалардың артында «Уолл Стрит» секілді ірі алпауыт қаржы топтары тұрғандығы туралы айтады. Уолл-Стриттің артында сол кезеңде Еуропаны билеген банкирлер мен Ротшильд династиясы тұрғандығы мәлім. Демек соғыс – осы топтардың ойыны болған.
1943 жылы сөйлескен Рузвельт пен Черчилль: «Германия, сөз жоқ жеңілуге тиіс», - деген шешімге келген. Осылайша, Ротшильд династиясы сияқты қаржылық топтар қазынаға кенеледі. Соғысқан КСРО мен фашистік Германия алапат азаптың астында қалды.
Соғыстан қатты сабақ алған Германия қалай адам танымастай дамыды. «Жеңісті» тойлап келген КСРО-ның өзі шын мәнінде жеңді ме? Ойланарлық дүние. Шындап келгенде «Жеңдік», - деп сананың илануы ғана ғой. Оны қолмен ұстай алмайсыз. Ал тарихи сана бүгін Германияның жеңгенін дәлелдеп отыр.
Бұл соғыс адамзатқа мемлекетті тұлға басқару керек екендігін ұқтырды. Диктаторлар басқармау керек. Адамзат солардың кесірінен қанша рет қанға боялды. Солардың ұзақ ортырып, жүйе ауыспағандықтан шіріді. Мемлекетті гуманист, терең адам басқармай болмайды. Біздің алған сабағымыз осы.
Әбдіуақап ҚАРА, тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры:
- Неміс халқы – білімді, еңбекқор халық. Сондықтан соғыста қаншама қираса да, елі қырғи қабақ соғыс кезінде екіге бөлініп Кеңес Одағы мен АҚШ тарапынан бақылауға алынған болса да, бүгінгі таңда әлемнің мықты елдері арасында жоғарғы орнын алып отыр. 40 неше жылдан кейін Батыс Германия және Шығыс Германия деп бөлінген елін 1989 жылы қайта бүтіндеп алды. Бұдан шығатын қорытынды: халық білімді де еңбекқор болатын болса, аспайтын асуы, алмайтын қамалы болмайды деген сөз.
Әдебиет мәселесіне келер болсақ, соғыс әдебиеті деген жанр туындады. 75 жылда әлем халықтары арасында бұл салаға қалам тартпаған жазушы жоқ. Сондықтан бұл салада көп туынды бар. Қай елге барсаң да, бұл турасында жазылған роман, әңгімелер және солар негізінде түсірілген киноларды таба аласыз. Тіпті соғысқа қатыспай бейтарап қалған Түркияның өзінде де бұл салада көптеген туындылар баршылық. Түркі дүниесінде осы тақырыпта «Жәмила» атты роман жазған Шыңғыс Айтматов бірінші сол романымен әлемге танылып кетті. Ал осы саланы әдебиетте ұлттық мүддесіне тиімді пайдаланған озық халық еврейлер екені даусыз. Олар Нацистік биліктің өздеріне жасаған аяусыз геноцидті бүкіл әлемге роман, естелік, кино әртүрлі әдеби құралдармен жоғары деңгейде насихаттай білді. Сондықтан бүгінгі таңда дүниежүзінде оларға жасалған осы қырғынды білмейтін, естімейтін жан жоқ шығар.
Егер немістердің фашистік билігінен еврейлерден кейін ең көп зардап шеккен халық кім деп сұралса, ол сұрақтың жауабы түркі халықтары болар еді. Өйткені соғыс кезінде Кеңес армиясынан немістерге миллионға жуық әзірбайжан, қазақ, қырғыз, өзбек, татар, түрікмен сияқты түркі тектес жауынгерлер қолға түсті. Бұлар алғаш кезде лагерлерде көрген азабы еврейлерден көп болмаса аз болған жоқ. Аштан, суықтан, басқа да адамгершіліксіз жағдайлардан жүз мыңдап қырылды. Кейін 1942 жылы көктемде Түркістан легионы құрылғаннан кейін соған қатысқандар ғана аман қалды. Соғыс бітісімен, халықтардың одан тартқан азабы бітті. Бірақ түркі тектес тұтқындардың азабы бітпеді. Олар енді, «Бізде соғыс тұтқындары жоқ, сатқындары бар», - деген Сталиндік зұлматқа тап болды. Сөйтіп олар соғыс кезінде әрі Гитлерден, әрі Сталиннен екі бірдей зардап шеккен әлемдегі дара жандар болды. Гитлер мен Сталиндік өктемдіктен сонымен қатар Алаштың белгілі қайраткері Мұстафа Шоқайдың ауыр зардап шеккенін айта кеткен жөн. Оның өзін нацистер өлтірген болса, рухани болмысын Сталин жер мен жексен етуге күш жұмсады. Шоқайдың өзі 1941 жылы Берлинде көз жұмған болса да, рухани мұрасы 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін халқымен қайта қауышты.
Бұл жағдайдан әлемде қай халықтардың хабары бар? Көбі білмейді. Білетіндердің өзі де сталиндік жаланын әсерімен «сатқын» деп біледі. Міне біз Шоқайдың және Түркістан легионы жауынгерлерінің шындығын әдебиетте еврейлер сияқты әлемге ашып көрсете алмадық. Дегенмен әлемде бұл тақырыпта қалам тартқан жазушы жоқ емес. Мұндай романдар ішіндегі ен көрнекті де әсерлісін өзі де Түркістан легионында болған кейін еліне қайта алмай өмірінің соңына дейін Лондонда өмір сүрген Қырым татар жазушысы Шыңғыс Дағжы өмірге әкелді. Оның көрген білгендерін, басынан өткен адам сенгісіз қиын жағдайларды суреттеген екі томдық «Қорқынышты жылдар» және «Отанын жоғалтқан адам» атты романдары 1956 жылы түрік тілінде Ыстамбұлда жарық көрді. Бірақ бұл роман өкінішке қарай әлемге насихатталған жоқ.
Сонымен қорыта айтар болсақ, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты әлемдік әдебиетте өзге халықтарға қарағанда айтар сөзі көп болған түркі халықтарының жазушылары лайықты орнын ала алмады деп айта аламыз. Әрине мұнда тек жазушыларды ғана кінәлау орынсыз. Өйткені кеңестік идеология бұл тақырыпқа тиым шектеулер қойғаны оларға бұл турасында шынайы туынды шығаруға мүмкіншілік бермегені ақиқат. Енді бүгінгі тәуелсіздік тұсындағы жазушылардың өзге халықтардың ұлттық тарих мен мәдениеттерін насихаттауда әдебиеттегі жетістіктерін үлгі ете отырып мықты шығармалар қолтаңба қалдырары сөзсіз.
Досым ОМАРОВ, абайтанушы, теолог:
- Сонымен, Екінші дүниежүзілік соғыста Германия жеңіліп, адамзат фашистік нацизмнен құтылды. Бірақ, жеңіске жеткен Кеңес Одағы аман қалды. Адамзатқа қауіпті атеистік коммунизм идеясы сақталып қалды. Бұл идеямен қаруланған Кеңес Одағы адамзатқа жақсылық әкелмейтіні түсінікті. Сондықтан Жоғары әлемдер оған қарсы екінші соғысты ашты. Бұл майдан соғыс алаңында емес, енді жоғары деңгейде, идеология деңгейінде болды. И.В.Сталин қайтыс болып, үкімет басына Н.С.Хрущев келгеннен кейін КСРО мен АҚШ арасында әлемдік гегемония үшін текетірес басталды. «Қырғиқабақ соғыс» деп аталған бұл текетірес АҚШ жеңісімен аяқталып, ақыры Кеңес Одағы ыдырап кетті.
Не себептен ашық майданда жеңіске жеткен КСРО бейбіт өмірде жеңіліс тапты? Себебі бұл майдан АҚШ демократиясы мен КСРО тоталитаризмінің арасында, яғни жан құмары мен тән құмарының, еркіндік пен тәртіптің арасында болды. Нәтижесінде жан құмары басқарған АҚШ демократиясы тән құмарына берілген КСРО тоталитаризмін жеңіп шықты. Тарих сахнасы Отан соғысында әділетті және әділетсіз соғыстың айырмашылығын көрсетсе, ал КСРО мен АҚШ арасындағы текетіресте демократияның тоталитаризмнан артықшылығын көрсетті. Жан құмары атеистік тән құмарын жеңіп шықты.
Осылай Жер бетінен фашистік нацизм де, коммунистік атеизм де жойылды. Енді адамзатқа ондай үлкен қауіп жоқ. Содан бері, міне, Алла-Тағала адамзатты жетпіс жылдай Үшінші дүниежүзілік соғыстан аман сақтап отыр. Осының бәрі кездейсоқтық деп кім айта алады? Әрине, мұның барлығы Алла тағаланың адамзатқа көрсеткен шапағаты! Соны түсініп, біз дұрыс бағалай білуіміз керек.
Тағдыр осылай жеке адамдарға ғана емес, бүкіл адамзатқа сабақ беріп, жол көрсетіп отырады. Бірақ тағдырдың бұл сабағынан ғибрат алу оңай емес екенін өмірден білеміз.
«Дөңгелек үстел» форматындағы әңгімеге тізгінші болған:
Бөлісу: