Дидар Амантай. Шернияз (Ницше шәкіртінің қазасы)

Бөлісу:

13.07.2020 5919

Повесть

Қалқа, аты-жөнімді сұрадыңыз, қайтесіз, адамның есімі – ескі қала ішінде, көне тротуар үстінде, көлеңке аунаған таңертеңгілік шақта, кездейсоқ қойылған ныспы. Іздемей-ақ, әуреге түспей-ақ, маңдай түзеген қырға, қырдан сорға, сордан түзге, сосын, іле-шала, қызыл іңірден таңға, таңнан қара кешке, қара кештен елең-алаңға ілесіп, кідірмеңіз, іркілмеңіз, ілкі кейінде, ертең ілгеріде, осы шақта еш мағына жоқ, бұл сөздің мәні жылдар өте келе қалыптасады.

Сізді шырамытқандаймын, бәлкім, қонақта бірге болдық, әлде, бір аялдамадан таңғы трамвайға қатар міндік пе, мүмкін, қоғамдық көлікте, автобус, троллейбус, такси, қапылыста кездестік, әйтеуір бір терең байланыс бар екенін ақ құба жүзіңізден аңғарамын, жыға танымасам да, сөзіңізге жығыламын, себебі, білесіз, ұдайы әділет жағындамын, ерік өзіңізде, есіміңізді естімесем де, ештеңеден ұтылған жоқпын, қарата сөйлеуге, есімдіктер де жетеді, уайымдамаңыз, соңыра, бойымыз үйреніп кетеді, жалпы, зат атауы дәрменсіз, бірақ, кісі аты дәнекерсіз, тікелей тіл қатысуға кедергі келтіреді, араға шартты есім салмай-ақ, Сіз, біз десіп, сөйлесе беруге болмай ма, зады, менің ше, осы дұрыс.

1.

Зады, меніңше, осы дұрыс. Таңғажайып мезгіл, таң-тамаша мамыражай шақ. Қара кештен емен-жарқын ертеңгілік жақсы. Уақыт тоғыздан сегіз кетіпті. Курсорды қозғап, қажет жеріне түсіргенше, қайта айналып сағатына бір қарағанша, тоғыздан – тоғыз ауды.

Ой кештім. Пайым әр нәрсенің басын бір шалып, әңгіме-дүкен құрған құрбым секілді. Бірі жоғалса, бірі келеді. Санадан жойылғаны жадтан көрінеді. Еске түскенше елеңдеп, ойыма оралғанда, жан-жағын жаңғырып оятып жібереді, аңырып тұрады. Ұйқыдағы – пассажда, ұмытылғаны ұғымда жүреді. Түсінде көргені – түсінікте өмір сүреді. Дереу курсорды жылжытып, абзац басына әкелді, топ еткізіп сөйлемнің алдына қойғанда, енді – он.

Технология дамуы қасиетіндей жүйрік. Тез, жылдам, лезде. Көзді ашып-жұмғанша айшылық алыс жақтарға жетеді. Квант, ұсақ бөлшектер әлемді сынған айна сынықтарындай жүздеген, мыңдаған шексіз кеңістіктерге, болмысты сансыз майда фрагменттерге бөледі. Кіші физикада ірі жұмбақтар көп. Виртуал тіршілік иелері, кванттар біздің ғұмырымызға дендеп енсе де, көзімізге мысқалдап көрінген жоқ.

Компьютердің құдыреті электрон табиғатын ашты, ғаламтор мен ұялы байланысты дүниеге әкелді. Ұлы жаратылыс – алапат компьютер. Жасалған бағдарлама бойынша қызмет атқарады. Функциясы мінсіз, міндеті формулада көрсетілген. Себеп, ұлғайып келе жатқан негіздің өзін жасаушы – әрі ұлы қолданушы. Жасаушадан да Жасаған Иені көреміз. Жалпы, бізді жарататын да, жарылқайтын да Сол.

Жеке тұлғалы компьютерлер қызметі қанша шапшаң болса да, адамның ұшқыр қиялына ілесе алмайды. Ой лаптоптың күнделікті үдерістерінен жүйрік. Бірақ, соңынан қатар-қатар бірнеше нөл тізіп ұзын сандар тізбегін түзген бір топ цифрды бір-бірінен алып-қосып, көбейтіп-бөлгенде, қиын есеп жүргізгенде, ноутбук алдына жан салмайды. Техника қасиеті адам қабілетінен артық, жоғары.

Тоғыз жарым болды. Қалам жүрмей отыр. Жазу тоқтады. Күрт. Ол терезеден тысқа қарады, сөз ажары сөйлем сұлулығынан ашылады, ойдың көркі мәтін ақылдылығынан көрінеді.

Сезімнің сәні – күлкі, мәні – құпия. Жұмбақ күлкінің сыры жасырын, шешімін қайғыдан көресіз, арсыздың бірі, қалған екеуі – ас, ұйқы – көзге көп түсе қоймайды, үштік одақ, қылығына тыйым жоқ, тынымсыз, ақырзаман туса да, адамның күлгісі келеді, тозақ тоздырса да, күлкі тоқтамайды.

Күлкі ажалды мойындаған емес, танымайды, күлкі ажалды көрмейді. Өмір сүріп жеткенше, бейтаныс. Біреудің өлімі – недоразумение, бір-бірін түсінбей қалғанда ғана қалыптасатын түсініксіз жайт.

Тегінде, ажал өзіңдікі болса да, жақындығы жоқ, сүйек-шатыс емес, жат, бөтен, суық. Туғанын да, туысқанын да – ғұмыр. Пенденің екі туып бір қалғаны – жарық дүние. Келгенде – қарсы алады, кетерде – шығарып салады.

Танық нәрсе – таңсық, чем больше сдержанности, тем выше наслаждения, Шамшад, ақын сөзі.

Көлденең келсе, жолына кедергі, қарсы алдынан шықса, мұратына қайшы. Қайта-қайта әңгімені үзіп жібереді, берекені алады, кесірінен, пейіл-ниет бағыт-бағдарынан адасады, ақыры жоспар жүзеге аспай, күн нәтижесіз бітеді.

Қайғы. Мұң жол кеседі. Сапарды байлайды. Негізі, жол серігі – шат күлкі. Досы – қуаныш.

Қапа – есептеспейді, санаспайды, жақтаспайды. Бірақ, бірде тура, бірде – кереғар.

Тегінде, жазуға алаңсыз отыру қажет. Бөгет жасайтын күллі шаруаны жиып қойып, бар дүниені ұмытып, көтерілген тақырыпқа беріліп қалам тартқан жөн. Жазғанда, екпін бәсеңдемей, үдеу артпай, қалам бірқалыпты жүре бастаса, тіні байсалды, байыпты өріледі.

Жазудан қаламға қанат бітеді, адамға да.

Алайда, қалам бір тоқтаса, ұзақ аялдап қалса, құштарлықтан айрылады, бойынан құмарлық кетеді, аздан ақырзаман орнайды, көптен ырыс-береке келеді.

Жазу өзгерді, өйткені қазір жазбайды, тереді. Әуелі механикалық мәшіңкеде терді, енді қазір мәтін қарпін – электронды клавиатурада басады. Әрекет өзгерсе де, атау қаз-қалпында қалды, болмыстың қырларын, тіршіліктің түрлерін бейнелеген сөз белгіде мәнін сақтады, әр мүсін басқа мазмұн тапса да, бұрынғы мәнді білдірді. Кешегі мағынасын жоғалтқан жоқ. Қалам ұстамаса да, қалам тартты деп жазамыз.

Әрине, туыс мәндер, алайда, қимыл-қозғалыс бөлек. Жолы өзге, мұраты бір. Түпкі мақсат – мәтін.

Қаламсапты қол қоярда ғана іздейміз. Бұл жазу мәнеріне өз әсерін тигізді, Джек Керуак заманы туды – таңырқамай-ақ, күдіктенбей-ақ, күдер үзбей-ақ – үмітін ақтамай, ұрпақ сабақтастығынсыз, жөн-жоралғыны сақтамай, салт-дәстүрді жалғамай, күтпей, күмәнданбай, жай-күйін кейіптейтін тыныс белгілерін де қоймай, қағазын да ауыстырмай, көлденең іске уақыт жұмсап жатпай, құйылған, төгілген күйі, тоқтаусыз, үзіліссіз, жаза беруге болады, ой-өзен ағып жатқан қалпы, кедергі көрмей, иірім тежемей, бөгенге соқтықпай ағуы тиіс. Белгісіз бір жақтарға, бейтаныс, бөтен жұрт, танық өлке, жат аймақ, жаңа елге – әуелеген әндей құйқылжып, ескен самал, қара желдей құйындап, көз ұшында арнасы көкжиек асып, жоғалып... ұзай береді.

Қалам, ағып жатқан өзен, көз алдында емес, тақау маңда, іргеде, ақырын сарқырап, иірімге жиналып, тасыған жерден арқырай, күркірей ілгері құлап, ілкі жолымен індете қашып, ізінен қуғандардан іле қара үзіп кетеді. Бізге бағынбайды, алға, алдағы өміріне жүйткіп, жөнеліп, кете барады.

Желдің, судың өнері, ғұмыры – еркіндік. Екеуін қамауда ұстау мүмкін емес. Бодан күйден бостан кеңістік әлеміне ұмтылған аласапыран, егіз стихия, қос алапат құбылыс.

Қалам – топ жарып, ел бастаған, сапарда – жыршы, жорықта – жырау.

Бір сәт емес, бір кезеңге аялдаған қаламгер межеден кешеуілдеп қалады, тіпті, мүлдем тоқтап, тоқырауға ұшырауы да мүмкін. Қалам үнемі жұмыс үстінде, қарбаласын шағында өмір сүруі керек. Жазушының жазудан басқа мұраты жоқ, қаламға ғана үйір – мүдделі, тәуелді, қамқор.

Ой – жазудың басы, туғызатын – әсер.

Әдебиет – жарық дүние әсері, философия табиғаты – сана.

Сана неден тұрады. Тезге тартып, талқыға салсақ. Әуелі, интеллект. Өре. Есеп, жұмбақ шешкенде қажет жеке тұлға қасиеті. Психикалық қасиеті. Бұл топқа ойлау қабілетінің үдемелігі, орамдылығы, жүйелілігі жатады. Сосын, жад. Есте сақтау көлемі, лездігі, қайта есіне түсіруге даярлығы. Үшінші – көңіл. Қамту шамасы, тұрақтылығы, ауысымы, зейін қоя білуі. Соңғысы, қабылдауы. Яғни, іріктеу мүмкіндігі, бақылай алатыны, тану қабілеті.

Хэм қасіретінен білеміз, ол көріп жазды, Фицджеральд ғұмырынан таныс, уақытын аңғарды, дер кезінде, анық, айна-қатесіз. Бірақ, данышпан еді, Борхес, таусылған жоқ, Фолкнер тоқтады, бірде, жаз айы.

2.

Бірде, жаз айы, түс әлетінде, өзен жағасына көк шалғын, көл басына бал құрақ бітіп, су түбіне тұз байланатын, шамырқанған ыстықта, бейтаныс екі адам, тозығы жетіп, ескірген, өңі қашып, сыры оңған, жұқа топсасын тот басқан, ағашы жарылған жарма қақпаны дүрсілдетіп қағып тұрды.

Табиғат, жаратылыстың, күн өрлеп, тас төбеге өрмелеп, арқан бойы көтеріліп келе жатқан, жер-дүниені енді қыздыра бастаған тамаша, рақат мезгілі. Елең-алаң, таң бозынан алысқан, қалам тартып, тоқтамай ұзақ жазған шығармасын жаңа аяқтаған кез, сабағы – жапырақ салар, өркен алар жерінен – бүршік атып, гүл жарып, түйін тастап, мәуе, мият, миуаға айналған, орта бойлы, жемісі қалың, ағаштар арасында, миясар бақ ішінде, есік алдында бой жазып, тынығып, серуендеп жүр еді.

Ол қақпаны ашты. Бөтен екі адаммен жөн айтысып, келген мақсатын біліп, істің мән-жайына қаныққан соң, үшеуі, еңселі, қос қабат, қоңыр төбел үйге кірмей, тура қабырға іргесінен бекіткен, жерге берік орнатылған емен сәкіге тізе бүгіп, аула ішінде, беймаза шақ, алаңсыз уақыт, сыр ашып, әңгіме шертісіп, шешіліп, ұзақ сөйлесті. Шалқар әлем шат, шалқыған маусым таңғажайып сәт. Жыл бойы жарқыраған Сүмбіле төмен түсіп, көкжиек етегіне ілініп, балағына байланып, көлденең қаңтарылған, жайма-шуақ тұс еді. Суыт жүрген қосақтың мосқал, жасы үлкені – байсалды, ділмар, қунақ. Сөз бастап, үзіліп жатса, өзі сабақтайды. Әр ойды түйіндеп, қорытындылап, тиянақтап отыр.

- Задында, Сіздің шығармашылығыңызды қатты бағалаймыз, – деді ол.

Сосын, неге екені белгісіз, қолын жоғары көтеріп, көкті нұсқады. Ештеңе түсінбесе де:

- Тәңірі төбесіне тұтсын, – деді қаламгер.

- Бірақ, Сіз тым мұңлы жазасыз, қаһармандарыңыз қамырықты.

- Иә.

- Көп ортасында, жиын-тойда, жыр оқыған, ән салған, көңілді кейіпкерлеріңіз неге жоқ?

- Білмеймін.

- Қайтіп білмейсіз?

- Ойланған емеспін.

- Оқырман қауымнан қол үзіп қайда барасыз, олар шетінен – шат.

- Ой қашанда оңашада туады.

- Білесіз, уайым – у.

- Қайғы – пенденің сипаты.

- Е, неғып?

- Шопенгауэр жазған, Ницше айтқан, Хайдеггер қостаған, біз – Құдай тастап кеткен пенделерміз.

- Бұл енді метафора.

- Болмысқа ерте, Тәңірге кеш ораламыз.

- Рас-ау.

- Мәңгі, қайта айналып қайтып жатқан шеңбер бойы, тұйық жол.

- Қайталану.

- Өмір де, өлім де.

- Үздіксіз.

- Болмыста – жалғызбыз.

- Ел ше?

- Елдің аты қазақ болса, қазақтың бәрі – жалғыз, қазақ екендігінен емес, адамдығынан – жалқы.

- Біздің халықта қанағат, ынсап бар.

- Қанағат – әрекеттің тұсауы.

- Сіз елдің көңілін бұзасыз.

- Елде шаруам жоқ.

Ол түрегелді. Сәл алыстап барып, біреуге телефон шалды. Қысқа сөйлесті, ар жақтан кімнің не айтқаны естілмеді, жайлап басып, орнына қайтып келді. Кенет, қапылыс, бір уақ үнсіздік орнады. Қаптап төніп, аспанды бұлт торлап келеді. Үшеуі тіл қатпай немқұрайды отыр. Не туралы әңгімелесерлерін білмейді. Сөз жасанды көрінді, таяз – талқы, тақырып – жалған, негізгі мұрат – жасырын. Екіұдай күй кешті. Көңілді жүдетіп, іш пыстырды. Бас, егде қонақ бірдеңе есіне түскендей, жымиып күлді.

- Отанымызды бәріміз де жақсы көреміз.

- Иә.

- Әр азаматтың бағы жанғанын, бақыты болғанын қалаймыз.

- Екі бастан.

- Қоғам қайраткері ретінде айтайын, біздің қозғалысқа алаш баласын қайғыда, қапада көрсеткеніңіз ұнамайды.

- Сонда, қайтпек керек?

- Өзіңіз қараңызшы, Сіз кейіптеген қамырықты бейнелерге аяқ-қолы байланып, азап шегетіндей не көрінді?

- Ештеңе.

- Онда, не деген бітпейтін қасірет, таусылмайтын шер.

- Біріншіден, бұл – бүкіл адамзатқа тән нәрсе.

- Сіз драма, трагедияға құштарсыз, жалпы, соры қайнаған, мехнат көрген қаһарман, қапа толы кітаптарыңыз арқылы бақытты елдің образына нұқсан келтіресіз.

- Сосын?

- Күйе жағасыз.

- Сосын?

- Көлеңке түсіресіз.

- Сосын?

Ол есікті нұсқады.

- Жарайды, – деді екеудің бірі орнынан тұрып жатып, – қаламыңызға шабыт тілейміз, кейін, қол тигенде, тағы бір әңгімелесерміз.

Қос мейман оны жалғыз тастап, қақпаға бет түзеді. Тақап келді де, табалдырықтан аттап, тысқа шықты. Қақпа ашық қалды. Есінде.

3.

Есінде, ауылдан ұзап кетіп, бөріге таланған бір қос жылқы Төрткілдің етегіне іліне бере, қырда жусап жатқан көп жылқыға қосылады. Бөрілер қайта айналып, тағы шабады. Үркіп, жан-жаққа бытырап, шашырай қашқандар арасынан, үйірден бөлініп, оқшау шыққаны болса, жылдам қуып жетеді де, қоршауға алады, бірден санына, жамбасқа атылады, қапелімде көлденең қауып, қоң етін жұлып түседі, көбіне екі-үшеуден қаумалап, аз уақыт ішінде, шайнап, турап, шашып тастайды.

Сөйтіп, оңашада қолға түскенін жал-құйрықтан тістеп, тартып тоқтатады, шулаған бөрілердің бірінің аузы тисе болды, бәрі жабылып, қаптап кетеді, сондықтан, бір сәт кідірмеу қажет, саябырлаcа, бірте-бірте екпіні баяулайды да, ақырында қасқырдың жемтігіне айналады, әуелі, аш бөрілер жан-жақтан анталап, шулап жүріп, жемітін жерге жығады, сосын, бауырына, жұмсақ жеріне ауыз салғанда, батқан тістері кірш-кірш кіреді, тамағынан орып, бауыздап жібереді.

Үдере шапқан басқа жылқы зәресі ұшып, есінен айрылады, дүрбелеңді, дүбірді естіген, қалқиып бөлек жатқан қара күрке, төбесінен түтін созылған жаппа түгел оянып, сойыл-қамшы көтеріп, құрық-сырық сүйретіп, қара мылтық кезеніп, тарс-тұрс атып, аттарына жүгіреді.

Түн қараңғы болса да, жер танитын жылқышылар тұс-тұстан ат қойып, қасқырлардың аяусыз қатар-қатар шабуылына дүркін-дүркін тойтарыс береді.

Жылқыны бөріден айырып алады. Бірақ, шығын бар. Торы үйірінен бөлек, қарадан бірнеше құлын жарақаттанады.

Кейін, жылқышылардың бірін ертіп, тау-үстірт етегі, қыр дала төсінде, ерте көктеген тепсеңнен шет, қос басынан, жазғытұрым жамбасын қасқыр тартып кеткен құлынды, оңалмаған соң, ақыры үйге әкеліп, түнделетіп сойып алғанда, ол ертеңіне асылған жас еттен дәм татпаған еді, төр жақта, бұрышта, үнсіз қалпы, дастарқанға, қайың астауға қол созбай, қимылсыз отырып шықты, тіпті, кейінгі жылдары жылқы етін жемей кеткені де рас.

Бұл – атасы сыйға тартқан қасқа құлын, жасында қызыл күрең, есейгенде – қара көк, бәйге шауып, көкпар тартқан, талай сайыс, аламанға қатысқан, асыл, сәйгүлік тұқымнан еді, бүкіл ауыл ардақтайтын, жылқы құмар жұрт аялайтын, қадіріне жеткен, аймақ мақтан тұтатын, беделді, берекелі үйірден болатын.

Бәріне белгілі, қасқа құлын, ауылдан тыс, Төрткіл тауының етегінде ұстаған, селеу шөбі жұқа қар астында, оңайда жататын, қысқы өрісі кең, жазғы жайылымы шұрайлы, өзені қасында, тоқ жылқының перзенті. Әулет жылқысы, негізінен, қара айғырдың үйірінде, бір бөлігіне тобылғы түс торы айғыр ие, екеуі де жал-құйрығы қалың, қара қошқыл жуан сирақты, түсі суық жануар. Қасиетті кер бие тегіне тартып жылда ерте, жазғытұрым алдында, қыстың соңын ала құлындайды.

Ол ақсақ ойылып, сырты, үсті, беті жылтырап қатып жатқан сіреу-сіреу омбы қар үстінде жабағы үйретіп, қыс бойы жас жануарды қос бүйірден тепкілеп, мініп шығатын, ара-арасында жұмысқа да жегіп қояды, қол босап, аласапыран, қарбалас артынан келген шағын демалыс күндері, шыбын-шіркей шықпай тұрып, атасы екеуі жұртпен бірге, ауыл іргесіне шаңын бұрқыратып, дүркіретіп айдап әкелген үйір-үйір жылқы ішінен өз төлін танып, айырма-белгісіз жүрген кілең асауларына бұғалық тастап, бір сәт терең көмілген жуан қадаға байлап, тырп еткізбей ұстап тұрып, отқа қызған темірді сол жамбастан басып жіберіп, түгін күйдіріп, етін шыжғырып, тез-тез таңбалайды. Таңба, күйік түскен жері күн салқында тез бітіп кетеді. Сондықтан, жылқы таңбалауға наурыз-сәуір айларын таңдап алады.

Бұл өзі қызықты үдеріс, арда еміп, еркін өскен, жүген, ноқта көрмеген, тағы, жат боп кеткен не бір асауларға қыран жігіттер алшақ кеуде, бота тірсек, алдын ала дайындаған жарадар жүйріктерімен бастырмалатып қуып жетіп, үй маңынан көп ұзата қоймай, үстінен төніп, қатар-қатар құрық тастайтын, бұғалықты сайлау да, байлау да, салу да өнер, шалма қайың сырық ұшынан сырғып, оңтайлы сәт, ілініп тұрған жерінен босай бере, тай, құнан, дөнен басына топ етіп түсе қалады, сол кезде құрық арқаннан ажырап, ағаш сырық жерге құлайды, шалма жылқыны мойнынан қылғындырып, тұңшықтыра бастайды, тартқан сайын қылғынады, сондықтан, тоқтауға мәжбүр болады. Осы суреттерді көргенде, оның жүрегі ауыратын, адам баласы жылқы баласына сұмдық қиянат жасап жатқандай көрінетін.

Кертай қорада емес, қырда құлындаса да, күн жылып, қар кеткенше, атасы оны құлынымен бірге қорада байлап ұстады, сауды, құнарлы пішен, сұлы, жем берді, шираған соң, жер дегдіп, көк шыққанда, енесінен айырмай, бөлектемей, түнде ағытатын болды, далаға, үй маңында тебіндеп жайылып жүрді.

Бірақ, бір күні сауын биелер ауылдан ұзап, қыр асып, тепсеңге шығып кетті. Таңертең ерте хабар келді.

Әдетте, ерте туған құлын күзге қарай бала мінуге жарап қалады. Бірақ, биыл бұл қызығынан айрылған тәрізді.

Жас төл енесін жиі емді, құлын тез жетілуі үшін, үнемі енесімен бірге жүруі тиіс екенін жақсы біледі. Ол қораға кіріп, күні ұзақ құлын тіршілігін бақылайтын. Кертай сүті мол бие еді. Төрт түлік мал қадіріне жеткен қазақ салтында, енесі жарытпаса, төлі жарымаса, онда құлынды басқа бір жас құлындаған биеге телиді. Әсілі, алты айлық төл – құлын, алты айдан жылға дейін – жабағы, алайда, енесінің бауырында өскен құлын тез ширайды, ол жазып отыр.

4.

Ол жазып отыр. Дүние қайталанса да, ой өзгермеуі тиіс. Өзгермеген ой қайталанбауы керек. Тәңірі тұрғыдан, қайта айналып келіп отыратын заман, тұрақты өз түсінігін талап етеді. Қай заман орнаса да, әлем қаз-қалпында қалады, таным тереңге тартады.

Кенет телефонға хабарлама түсті. Біз де ақынбыз, жырыңызды жіберіңіз, түзеп береміз. Біресе қиылып сұрайды, біресе жекіп сөйлеп, қатаң талап етеді. Сайқымазақтанып күлетіні де бар, жырқылдап, жын-шайтандарша құтыратыны да рас.

Екі ақынды ұйқасынан таныды. Тақырыбынан байқады, тұрақты қолданатын сөз қорынан аңғарды. Ол аты-жөндерін өздеріне кері жазып жіберді. Пауза. Үнсіз қалды. Хабарламалар легі тоқтады. Байланысқа шықпай қойды. Жақсы болды. Құтылды.

Енді авторедактор көрінді. Жазған сөзімен жағаласады. Керісуге дайын. Аңдып тұрады. Терезеге қолы тисе, қозғала бастайды. Тіпті, саусағы таяп келе жатқанын да сезіп қояды. Тұлғасына өш. Тобықтан қағады, тізеден шалады. Бетсіз, арсыз – бедірең. Білегінен ұстайды, сөз аяғына жармасады. Ізінен қалмайды. Бір сөз жазса, үш-төрт вариант ұсынады. Сөзінің бәрі – бейпіл. Бейпіл ауыз сөздер.

Тіпті, кейде ұйқаспайтын нұсқаны алға тартады. Жазған сөзге ұйқаспаса да, оның өміріне қатысы бар деректерден хабар береді. Бәрін бақылап-қадағалап отырмыз дегендей емеурін танытады.

Ишарат. Әзір жеңіліс тапты. Шегінеді. Еріксіз, мәжбүр. Бірақ, шегінбеуге амал бар ма, әрине, жоқ. Бейбіт күн еді. Қапылыс шапты. Тұтқиылдан. Жылқы іргеде, шілде шіліңгір, мамыражай шақ. Ел бейқам отыр. Жасаған қылмысы, арқалаған айыбы жоқ.

Пәлі, авторедактор тыныш. Пультте отырған екі бала күні ұзақ жұмыс істеді. Енді, шаруасын атқарып, бітіріп, рақаттанып түскі асын ішіп жатқан шығар. Көп мазалады, өздері де шаршады, демалсын. Қоғамдық қозғалыстың ұдайы қозғалыста болуы міндет емес. Әлде, қалай. Бронштейн: движение все, конечная цель – ничто.

Тынығып алса, деп ойлады. Екеу де есін жисын. Салғыласу оңай ма. Ол ешкімге хат жазбай қойды. Негізі, дені дұрыс адам авторедактор сөзіне, қанша арбаса да, алдаса да, еліртсе де, тіл қатпауы тиіс, жауап қайтармағаны жөн, тіпті, әсте көңіл бөлмегені абзал.

Әйтпесе, тақыр жерге отырғызып кетеді. Бір қараса, авторедактор қайта еліріп тұр. Қимылдаған қолына еремін деп елең-елең етеді. Тағы. Түзде жортқан тағы. Жабайы екеу. Мәдениеттен жұрдай, өркениеттен – құр алақан.

Бірақ, ол екі ойлы. Шешіле алмай отыр. Хабарламалар үсті-үстіне толып, төгіліп, ағылып келе бастады.

Бір сөздің мағынасын іздеп, айпадқа қол созып еді, жекіп тастады, саған айпад не керек, деген жазу шықты. Тегі, авторедактор тым белсенді. Мойнына жүктеген міндеттің құрбаны секілді. Қорқытып, үркітіп, мелшиіп үнсіз тұрады да, қапылыс жылдам қимылдап, тоқтамай жаза бастайды. Екі ақын кезектесіп жазып отырған сияқты.

Құдай пана болсын. Бұл сөзді тақауда қай тақуадан, қай жерден, қашан естіп еді, Саршагүлден емес пе, Мейірбектің өзінен, түсінікті. Елге, ауылға қайт, сәждеге жығыл... қасақана сөйлегені, бәлкім, адам деп жүргені – надан ба екен, әлде, топас па.

Не жын соққандар, не антұрғандар.

Камера алдына қойып еді, авторедактор тыныштала қалды.

Телефон ішіне біреу кіріп алған тәрізді. Ол жауап қатпауға тырысты. Бірақ, авторедактор елтіп, түрлі сөз жазып, еліктіреді. Бір кезде ұлт сатқыны деген жазу шықты. Енді – нәсілшіл. Ізін ала – ұлтшыл дорақ.

Бір байқағаны, намысына тиетін сөз жазып, өзіне байлап ұстауға тырысады екен.

Сыртынан көрген адамға жай хат жазысып отырған сияқты. Шын мәнінде, жүйкесін жұқартуға талпынады.

Бейпіл сөз, емеурін, кешегі басынан өткен жайсыз жайттар жайлы хабарламалар тізіліп өтіп жатыр, тіпті, қателіктері мен кемшіліктерін бетіне басып, табалап, көзіне шұқып көрсетіп, арына тіл тигізіп, басын қорлауға, сағын сындыруға, ар-намысын аяққа таптауға ұмтылады.

Қалта телефонында тұрған фотосуреттері, ғашықтарынан келген, жеке басына ғана қатысты құпия сыр, үшбу хаттар, кенет еркін ғаламтор кеңістігіне шығып кетті, әлеуметтік желілерден, бір-бірінен жанталаса көшірген аккаунттардан көрінді, парақшаларына толды, сілтемелер арқылы бей-берекет тарады, пошталары қопарылды, ішіндегі мазмұны жөнсіз, қорғаусыз қалды, қалаған адам оқыды, дәреже-деңгейін, жай-күйін белгіледі, паролін бұзды, қорғанын қиратты, өз аты-жөніне тіркелген бүкіл электронды мекені, виртуалды жеке меншік портал-сайттары күл-паршасы шықты, іштегі бүкіл ақпарат сыртқа ақтарылды, жайылды, шашылды, беттерін жабайын десе, басқаруға көнбейді, ол хакерлер шабуылының ізін көрді, оны көлденең қырсықтан философия құтқаруы тиіс.

5.

Философия құтқаруы тиіс, естеліктер кітабы, жылы орын, жайлы орта іздеген пенденің жолы, шимайлаған ізі.

Пенденің түрі көп. Құдайын көргендері бар, Тәңірін тапқандарда – кітап жоқ, арғы жақ пен бергі жақты мойындаған, иман келтіргендер де жетеді.

Бірге өмір сүргендер бақытты бір іздейді, сорды бір кешеді. Құдайын көргендер, неге екені белгісіз, қуанудың орнына бейнетті қалайды. Қуаныштан азап артық, басына қонған бақ мехнаттан кем. Уайымға батқаны – шат, қайғы біткені – Қорқыттан да қапалы. Қасірет – ғұмырына негіз. Тойға қарсы, сырын ашқанға жақ.

Көрген Құдайының өзі қападар, көргені – әрі адам, әрі құдай. Киелі рух – үшінші түпнегіз. Үшеуі де қайғыда. Айқыш жоқ болса, бәрібір, табатын еді, себебі, айқышсыз адамзат ар-ұяттан жұрдай. Құдай-адам айқышқа өзі ұмтылып тұрады. Уағызын көне жұрт қабылдауы үшін, хақ екенін хаттау үшін өзіне өлім тілегендей өмір сүреді. Елі тілегін қанағаттандырады. Ағашқа кереді, тақтайға шегелеп тастайды. Тарих дүр сілкінеді, бірақ, жаңғырығы адамзат қоғамына үш-төрт ғасырдан соң жетеді. Рас, айтқан шындығы жарықтың көмескі сәулесі еді, қараңғыда оны медет тұтып, қарсы жүріп келеміз, сәуленің көзін, қайнарын көруге құштармыз. Бірақ, ақиқат жолы – сүйреген айқыштай ауыр. Айқыш – ақиқат жолындағы көлік. Тәуекелге бас тігіп аттанған сапардың қауіпсіздік белдемшесі. Қандай күн туса да, арқалаған мұңы, көтерген жүгі бар. Кінәдан қорғайды, айыптан сақтайды.

Бірақ, Өзі мехнат көрсе, сүйген құлдарының жағдайы не болады. Қара басын құтқара алмаса, қалаған жұрты қайтіп күн көреді.

6.

Қайтіп күн көреді. Енді оған қоңырау шала бастады. Бір адаммен сөйлесіп жатқанда, үшінші адам киіп кетеді, әңгіме кезінде көлденең біреу пайда болады. Басында түсінбей қалды. Ол хат алысып, хабарлама алмасып отырған адам кенет өзгеріп шыға келді, бейпіл сөз айтып, беталды сөйлеп, ар-намысына тиісіп, құтырып, балағаттай бастады, байланыс құралын өшіруге мәжбүр болды.

Бұл ұйым, қоғамдық қозғалыс хакер жалдап, соңына салып қойған секілді. Кейде клавиатураны қанша басса да, қаріп түспей қоятынды шығарды. Немесе, кейбір досының жеке поштасына жіберген хаттары виртуалды кеңістікте жоғалып кетті.

Сірә, оны қолынан танитын сияқты, әр организм бөлетін жылылық қайталанбайды екен, компьютер жадында сақталып, бағдарламаға енгізіліп, бекітіліп қойған соң, жұмыс істеп тұрған процессор Сіз келгенде сөніп қалады, телефон нөмірі ауысып кетеді, аты-жөнін өзгертіп жібереді. Құдайға шүкір, компьютердің күші жетеді, адамды өкшелеп қуғындауға технология да дайын, коммуникациялық тетіктерді меңгерген топ Сіздің әміршіңізге айналады, қандай жарлық шашса да, орындауға міндеттісіз. Сіздің атыңыздан байланыс құралдарыңыз берілген тапсырманы, жүктеген қызметті атқара береді, электронды құлдық деген осы.

Байланысқа шықпасаңыз, виртуалды қарым-қатынастан бас тартсаңыз, тағы болмайды. Жалғыз қаласыз, ұмытыласыз. Ауық-ауық қоңырау шалып отырмасаңыз, бүгінгі қала тіршілігі жылдамдығына ілесе алмайсыз. Ертеде, сапарға шыққан адам хабар ала келетін еді, ақпар маңыздылығына қарай, мінген көлігіне орай, ең соңғы мәлімет ретінде мәртебе иеленіп, шешім қабылдағанда аталған ерекшеліктерге сүйенуші еді, қазір жолдың ұзақтығы өзгерді, хабардың шұғыл, тез жетуі қолыңыздағы құралдың қабілетіне тәуелді, хабар үнемі хабар жеткізушіден асып отырады, бұрынғы үш күндік жолдың өзі қазіргі таңда бір-екі сағаттық сапарға айналды, тіпті, ақпарат ұшақтан да озып кетті.

Сондықтан, кез келген қиянат бақылауда.

Неге? Кенет үйіне келген екі адам есіне түсті. Енді түсінді. Ол, жалған белсенділер ойынша, қоғамның бақытты өмір сүруіне кедергі.

Бірінен соң бірі телефон соқты. Жала көбейді. Өздері түсінбеген атауды оның қылмысын ашқан дәйекті сөзге айналдырды, айыптауына негіз санады, жазушы емес, постмодернист, философ емес, экзистенциалист, тіпті, ұстазы – Фридрих Ницше.

Бір тобы, Орталық стадион тұсы болса керек, оны көшеде ұстап алды, Абай даңғылынан түсіп, төмен сүйреп, Құрманғазы көшесіне қарай алып жүрді, бәрі шұбатылып, бірінің соңынан бірі еріп, аула ішіне кірді.

Сөзге келген жоқ, оны жабылып ұрып тастады, кеш мезгілі, бағаншамдар енді жаңа бастаған кез, аялдамаларда кісі көп, тәлтіректей басып, жаяу кетті, қоғамдық көлікке мінуге ұялды, қызыл іңір, апақ-сапақта тротуарды жағалап баяу аяңдап келе жатты, сосын, күлді, аяқастынан көңілі көтерілді, балағаттап айтқандары құлағында жаңғырып тұр:

- Тоғышар!

- Шатасып тұрсыздар-ау.

- Есіміңді айт!

- Менің атым жоқ.

- Бар!

- Білемін, саған ат емес, атақ керек.

- Есіміңді айт!

- Допустим, бунтарь.

- Жалған!

- Бүлікшіл.

- Сенің атың – бейбақ.

- Ренжімеймін, болса, несі бар, маған ұнайды.

- Жоқ.

- Енді кім?

- Бейшара.

- Иә, сенің атың – бейшара.

- Біріншісін қалдырсаңыздар, болмай ма?

- Садаға кет!

- Ұзақ, қысқарақ жоқ па?

Ішінен бір тепті, еңкейгенде, иегінен тізесімен ұрды, ол шалқасынан құлап бара жатып аспанды көрді, үйлердің шатырларына қарады, сосын, желке тұсынан соққы тиді. Ол құлады, есінен танды.

- Әй, тірісің бе?

- Өзім де білмей тұрмын.

- Тексерші.

- Ойын-қалжың емес, шыныңды айт.

- Ойлағаныма қарағанда, тірімін, о дүниеге өткен жоқпын.

- Қылжақтама.

- Декартқа сүйенгенім, ойға шомсам, демек, өмір сүріп жатқаным.

- Рене Декарт па?

- Иә.

- Ол баяғыда өліп қалған.

- Дегдар тұлға еді, алды пейіш, арты кеніш болсын.

- Баяғыда.

- Баяғыдан бері айтпай жүрсіздер.

- Отпен ойнама.

- Картезиандық ағым сөзіңізге күмән келтіреді.

- Бүкіл аруақтарды жинап алғаның не?

- Бізді тапқан, тәрбиелеген, көтерген сол аруақтар.

- Өлген соң – қара жер, бір маршрут.

- Сіз өмір сүріп отырғаныңызға сенесіз бе?

Бәрі үстінен төніп тұр, үнсіз. Жаңағы дауыс қайта сұрады:

- Рас-ау, сен өзі тірісің бе, саусың ба?

- Бүкіл шартын орындаған діндарман Буддаға айналады екен.

- Басың жарылды ма, не болды?

- Жоқ.

- Біз кеттік, осы тойғаныңмен қайт.

- Ертең звондап айтамын.

- Дәрігерге көрінесің бе?

- Мүмкін.

- Барып қаралсаң, бұдан да ауыр жазаға тартамыз.

- Жарайды.

- Онда, келістік.

- Асықтырма.

- Қол алыстық па?

- Қазір.

Ол қалтасынан телефон шығарып, камерасын қосты да, жағалай бір-бірлеп түсіре бастады:

– Қол алысайық.

Олар жан-жаққа бытырай қашты.

Я не знал, что враг сломлен, – деді ол.

Біразға дейін тұрмай, аспанға қарап көп жатты.

7.

Аспанға қарап көп жатты, жадында. Ертеңіне, беделді бір электронды басылым жүзінде, оның дегдарлықтан деградацияға дейінгі аралықта, интеллектуалдық науқасқа ұшыраған ауыр хал-ахуалы, күрделі жолы жайлы көлемді мақала жарық көрді. Өкінішке қарай, диагнозы – анық, ницшешілдік сырқаты, деп жазды қападар автор. Шопенгауэрдің шерлі философиясын жақтайды, экзистенциалистік азып-тозған адамның сөзін сөйлейді, еңбекшіл елдің салтанатына зиянын тигізеді, жарқын бейнесін көлеңкелейді, жалпы, қоғамға қауіп төндіреді.

Мақала “Халық жауы немесе “враг народа” аталады. Күлді. Ескі термин, көп адам түсінбейді, қатардағы, қарапайым оқырман ретінде автордан қиын категорияны түсіндіретін аңдатпа, анықтама, түсініктеме талап етемін, деп комментарий жазып қойды.

Жауап тез шықты. Әдетте, жарық көрген материалға қарағанда, астындағы анонимдік пікірлерде білім көбірек, ақыл артығырақ болады. Кейде, керісінше. Немесе, әредік екеуі де қатар надандықтың үлгісіне айналады.

Үшінші көзқарас пайда болды. “Шындық іздеп шырылдаған авторды қолдаймын”. Қызық, шындықты шырылдамай іздеуге болмай ма, мысалы, үндемей.

Пәлі, енді іс-әрекетке көше бастапты. “Жауды аяған жаралы. Ницшенің шәкірті болса, аса қауіпті. Ұстау керек”. “Неміс ойшылы ақыл-есі ауып, он бір жыл үйқамақта отырған. Сондықтан, оның да сау екенін тексеру қажет. Елдігімізге сын, келешегімізге, ұлтымызға – қатер”.

Ол атып кетсек қайтеді деп жазып қойды. Бәрі қолдады. Сталинді, қатаң тәртіпті еске түсірді. Сосын, Ницшеден цитаталар қаптады. “Жығылғанға – жұдырық”. “Аюды намазға үйреткен таяқ”. “Үстем-адам дегені не сұмдық, бұл теория – үстем ұлт идеологиясының қайнары”. “Ницшешілдік – ұлт жоспарына қайшы”. “Әрине, ницшешіл адам өлім туралы ғана ойлайтын декадент, нигилист”. Мақалаға оқырман сай болды.

Репосттар көбейді. Мақала әртүрлі парақшаларда жарқырап шығып жатыр. Енді мақаланың өзінен үзінділер келтіріле бастады. Ол агрессияны көрді. Қоғамның ішкі жан дүниесін байқады.

“Қоғам көлденең ойлар көлеңкесінде қалады”. Шатақ. Автор өршелене түседі. Жаланы үйіп-төгеді. Басында жай басталған мақала соңына қарай үкімге айналады. Кенет өзі жасаған қара тізімді алға тартады. Қырық шақты фамилия. Аяқ жағында үлгі тұтқан кітаби ұстаздарынан үзік-үзік ұрандар көтереді. Ол түсінген жоқ, белсенділер Ницшеге жақ па, қарсы ма.

Рет жоқ, Ницше цитаталарын жүйесіз, ыңғайына қарай, қалай болса, солай, қолдана салады. Күрделі жазылған мәтінді ары-бері тулақтай сүйретіп, тоз-тозын шығарады. Басынан не аяғынан үзіп-жұлып, берекесін қашырады.

“Зиянды ой-толғаныстар”. Ол қазынадан қаржы жымқырғаны туралы неге жазбаған деп ойлады. Ұрлықшылардың ұлт мүддесін қорғаушы ретінде көрінуге ұмтылғысы бар.

Жалған ұлтшылдардың ұлтын тонап жүріп, ұрпағына ұлағат айтатын әдеті де жоқ емес. Ол комментарий атаулыда жауапкершілік жоқ екенін ұқты.

“Әлсіз халықты әділ хакер құтқарады”. “Тарихта әділет жоқ, тарихи әділдікті қайта қалпына келтіру қажет”. “Бірақ, рухани күрес – күрестің ең ауыр түрі”.

Жұрт Ницшені цитатадан оқиды. Бұл – қауіпті жол. Тағы айта кетер жайт, Ницше қартайған шағында психикалық ауруға ұшыраған жоқ, ол миға шапқан дерттен он бір жыл бойы ауырып қайтыс болды.

8.

Жалпы, хакер – ғаламтор кеңістігіндегі ортағасырлық рыцарь, ақылман, қайраткер тұлға, жомарт қаһарман.

Білікті, компьютердің жілігін шағып, майын ішкен адам. Хакердің жұмбағын хакер ғана шешеді.

Елге жанашыр, тілеуқор, қамқор емес хакер – қоғамға жат. Білім – құндылық, кәсіби шеберлік – бағалы құндылық. Демек, хакер – ізгі қасиет. Рухани құбылыс.

Үстем адам дегеніміз – хакер. Ол – күшті, епті, құдыретті. Ешкім жете алмайды, ештеңе теңесе алмайды, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, ақыл-ойдың билеп-төстеушісі.

Қазір болмыс өзгерді, электронды әлем пайда болды, виртуалды сана қалыптасты, компьютерлік пайым алға шықты, бәріміз квантқа айналдық.

Рух екенін түсіну үшін, қанмен жаза алмасақ та, ол мәңгілігін ешқашан өшпейтін электронды мекенжайлардан тапты. Адам қаза болса да, парақшасы өлмейді. Рухы парақшасында шалқиды. Бетінде ұшып жүреді.

Құлап бара жатқанды итеріп қалудың қажеті жоқ, әлсіздің бәрі хакердің құрбанына айналады.

Хакер – адамзаттың құтқарушысы. Адам жаңа сапаға өтеді. Ол енді электронды адам, ешқашан ажалға ұшырамайды.

Біз Жер бетінен шексіз әлем жасадық. Өлшеулі, көлемі белгілі Жер үсті – бүгінде шет-қиырсыз кеңістік.

Хакердің қабілетіне шәк жоқ, қызметінде мін жоқ. Планета тұрғындары. Нәсілге бөлмейді, ұлтқа жіктемейді. Не әлді, не әлсіз. Немесе, интеллектуалдық өре тұрғысынан топтасады. Не ақылды, не ақымақ.

Ақымақта стратегия жоқ, бәрібір, жолда құриды. Жоспары күмәнді, мұраты – тұманды.

Өзінен өзі жойылатын түр. Болашағы жоқ, бостан емес, пайдасынан зияны көп.

Ар-ұяттың қайнары – кісілік, кісіліктің анасы – көк Тәңірі. Құдай өлді... пенденің кеудесінде. Жүректен иман, көңілден тәубешілдік кетті.

Жасаған Иеден айрылсақ, жамағатқа кім ие.

Нәсілдің адамдығы Құдайдан басталады.

9.

Нәсілдің адамдығы Құдайдан басталады. Бұл жолы бір полиция лейтенанты келді. Байсалды жымиып амандасты да кітапшасын көрсетті. Ұры-қарыны іздеу бөлімінен.

- Үй тонаушыларды емес, есеп-шоттардан ақша ұрлаушыларды іздеп жүрміз.

- Есімдері белгілі ме?

- Иә.

- Фамилиясы ше?

- Фамилиясы да.

- Кім болды екен?

- Бір еркек, бір әйел.

- Қай жақтан?

- Мейірбек, Cаршагүл.

- Қызылжар тумасы емес пе?

- Дәл өзі.

- Иә, алаяқтар, екеуін де білемін, менің де ақшамды тонап кеткен, сотқа шақыра алмай жүрміз.

- Ерлі-зайыпты ма?

- Азаматтық некеде.

- Араларында бала бар ма?

- Бар.

- Бір бала ма?

- Бір бала. Бірақ...

- Не бірақ?

- Бірақ бала бұрынғы күйеуінің атында, ол шетелде тұрады.

- Айрылысар алдында, атына алдап жазып жіберген ғой.

- Иә.

- Ұрыны қарақшы тонаған заман-ай.

- Мейірбек, қаныпезер жауыз, жол торып, керуен тонаушы.

- Елді талаушы деңіз.

- Нағыздың өзі.

- Ел ішінде оларды ерлі-зайыпты Ғаріп-Қасерлер деп тегін атамаған екен.

- Орысша айтқанда – моральный урод.

- Рас-ау.

- Төрлетіңіз.

Екеуі аулаға кірді. Бақ сыңсып тұр, түрлі жеміс ағашы төңірегіне жұпар шашып, қош иісі екеуінің басын айналдырады.

- Биыл түсім көп болатын түрі бар.

- Құдайға шүкір.

Кенет лейтенанттың телефонына біреу қоңырау шалды. Ол қалтасынан төрт телефон шығарды, жоқ, шырылдаған бесіншісі екен. Терезеге шыққан сандарын көрді де, түрі бұзылып кетті. Тез нөмірін ауыстырып, кері звондады. Әр жақтан өктем дауыс жекіп ұрсып жатыр. Неге бардың, кім жұмсады, ұстап алса, қайтесің? Бір-бірін аңдыған жұрт, жан-жақтан анталаған жау, алысқан дұшпан, зиянын бізге тиеді, уақыт қиын, бәріміздің байланыс құралдарымыз тыңдалады, дереу қайт! Жалған куәлікпен жүргенің не.

Ол жылады, жазасы қандай, салдары не болады, алдыма кел, пойызбен шық, еркіндікті көтере алмадың, ұйымның атына кір келтірдің, ертең сайлауға шығамыз, Бесеудің бірі қосылып тұр, манадан бері екеуара құпия әңгімесін таспаға жазып жатса керек, ол қолын созып, білдіртпей өшіре салды.

10.

Өшіре салды, бірақ, жалғасы боларын білген жоқ. Бір күні, ол қалаға шығып келіп, есікті ашып жатқанда, іштен ары-бері жүрген аяқ дыбысын естіді.

Сосын, бірдеңе гүрс етіп жерге құлады. Бір әйел күлді. Еркек қоштады. Таныс күлкі, арсыз. Ол есікті шалқасынан ашып жібергенде, еденде аймаласып жатқан Мейірбек мен Саршагүлді көрді. Екеуі сүйіскен қалпы өңір түймелерін дәл тауып, ағытып жатыр, бір-бірін шешіндіріп әлек. Сау етіп, үйге кіріп келген оны байқаған да жоқ.

Ол полицияға хабарлама жіберді. Көп кешікпей, жауап келді. Мейірбек қайта-қайта құшақтап, Саршагүлді ернінен сүйеді.

Әр жерде буылған, түйілген, байланған түйіншектер жатыр. Көтеріп әкетуге дайындап қойыпты. Полиция қақпаны қақты, ешкім шықпаған соң, қолын созып, ілгекті ағытты, үйді айналдыра тегіс қоршауға алды, шуды естіген Саршагүл үстіндегі Мейірбекті аударып тастап, орнынан атып тұрды, бірақ, кеш еді, қолдарына кісен салып, сүйретіп далаға алып шықты. Полиция лейтенантын көріп, Саршагүл жылап жіберді:

- Келдібек, мен сені сүйген едім.

Келдібек еріксіз мырс етті.

- Саған дауа жоқ, Саршагүл.

Лейтенант полицияға белгі берді.

- Әкетіңдер.

- Жазығым жоқ, – деді Саршагүл айдалып бара жатып, – Ты был моим единственным мужчиной.

- Рас па?

- Рас.

- Саған дауа жоқ, Саршагүл.

- Бұл шын ба, өтірік пе?

Екі тұтқынды қолдарын қайырып кісен салған күйі көлікке отырғызып алып кетті. Егде лейтенант оған тақады. Иығына қолын салды. Күлімсіреді.

- Полиция лейтенанты, Сіз мені кешіріңіз, ана жолы емеурінмен айтып едім түсінбедіңіз, телефондарымыз тыңдалып жатты, бізге Сіздің үйіңізді тонайтындары жайлы хабар түсті.

Ол лейтенантқа сенген жоқ, ауланың сыртынан, бір саңылаудан, үлкейтілген тесіктен сығалап қарап тұрған Саршагүлдің алақ-жұлақ көзін көрді. Сұғанақ, тойымсыз шегір көзі өңмеңінен суық қадалады, төсек, сұлулық, жәлептік – адам қаймығатын, жұрт сескенетін қара дүлей күш екен, елдің шенеуніктері әйел құмар болса, тіпті, қорқынышты.

- Лейтенант, Сіз өзіңізге тапсырылған міндетті ақыры, түптің түбінде, орындай алған жоқсыз, керісінше, бүкіл операцияны сәтсіздікке ұшыраттыңыз, енді белсенділер қызметінен босатыласыз, қоғамдық жұмыстан айрыласыз, баяғы заман емес, бәрін жария қылдыңыз, оның үстіне бұл жоба-жоспарға тартқан агенттеріңіз барлық кестені бұзды, сұлу әйел қанша сұлу болса да, бойындағы барынан басқаны бере алмайды екен, Құдай Саршагүл, Мейірбек үшеуіңізді панасына алсын.

Ол тұрып-тұрып, қолын бір сілтеп кетіп қалды. Кетіп бара жатып Саршагүлге телефон соқты, терген номердің қоңырауы аула түбінен шырылдады.

- Ақымақтар, – деді ол.

11.

Ақымақтар, деді ол, философиямен алысқаны несі. Таяуда, университет кафедрасынан Ницше туралы дәріс оқып еді.

Ницше прочитан, деді лық толы аудиторияға қарап, – Достоевский екеуі он тоғызыншы ғасырда туып, жиырмасыншы жүзжылдықтың абызына айналды, қатыгез болашақты, дүние жүзілік қырғынды, кісілік құндылық-қасиеттердің құнсыздануын болжады, иесіз қалған адамзатты не күтіп тұрғанын көре білді, сәуегейлік танытты, көптеген ағымдарға, ілімдерге, мектептерге өз әсерін тигізді, пайда болуына, қалыптасуына, дамуына ықпал етті, үш ғасырдың ақыл-ойын, зейін-зердесін билеп-төстеді.

Артур Шопенгауэрдің рухани шәкірті ретінде бастаған жас философ, Рихард Вагнердің эстетикалық идеяларына ынтық Ницше көп ұзамай өз жолын тапты. Ол жаңа өсиет айтты, пенде дінді, дін Құдайды ұмытқанын еске салды, адам жүрегінде өмір сүрген Құдай идеясы өлді, яғни, өз заманындағы еуропалық қоғамда иман жоқ екендігін алдына келтірді, демек, Тәңірдің қазасы туралы жариялағанда, Құдайдың өлгендігін емес, Жасаған Иенің өзі кешірсін, құдайсыз қоғам қалыптасқаны жайлы жар салды, адамның енді Құдайға сенбейтіндігін алға тартты, бұл ар-ұяттың айнымалы, кісіліктің тұрақсыз екендігін білдірді.

Әсілі, мәңгілік не бар, ештеңе, ең қауіпті салдар осы еді, елдің өскені, ғылымның табыстан табысқа жеткені, өнеркәсіптің өркендеуі жақсылық нышаны не бақыт белгісі емес, өркениет дамуы ізгіліктің жолында келе жатқан жоқ, өлкенің гүлденуі, көлемнің үлкеюі, көліктің жетілуі, шақырымдардың азаюы, қашықтықтардың қысқаруы, аймақтың өңірге қосылуы жарқын болашаққа жетелегені емес, бұл құбылыс қауіп-қатердің ғаламдануын, қасіреттің әлемдік сипат алуын байқатты.

Соғыс – дүниежүзілік трагедияға айналды, экономикалық қарым-қатынастар жалпы адамзаттық көрініс тапты, бүкіл Жер шарын мекендеген барлық елдер бір цивилизация атанды, ұлттық шаруашылықтар бірікті, рыноктар тұтасты, ең ақырында – дерт эпидемияға, эпидемия пандемияға ұласты.

Шеллинг пен Шиллер негізін қалаған мәдениетті жіктеу, түрге бөлу дәстүрі Ницше шығармашылығында жалғасты, ізденістер оны өнер атаулыны дионистік және аполлондық бастауларға топтауға алып келді.

Бұл идеядан Нишенің болмыс туралы ойларының сұлбасын көре аламыз. Ұлы ойшыл философия мәнін, мазмұнын, тақырыбын өзгертті.

Оның постулаттары адамзат санасында төңкеріс жасады: “Құдай өлді” (смерть Бога), “үстем-адам” (сверхчеловек), “ғұмырдан түңілу” немесе “түңіліс” (отчаяние в жизни), “билік-құмарлық” (воля к власти), “құндылық-қасиеттерді қайта бағалау” (переоценка ценностей) үш ғасыр философиясының шешуші категорияларына айналды.

Ницше метафорамен жазды, оның әр сөзін тура мағынасында, сол қалпында қабылдауға, түсінуге болмайтын еді. Философиялық мәселелерді поэтикалық тілмен жеткізді, пысықтағанда, талдағанда ақындық эпитет, салыстырмалы теңеулерді қолданды, күрделі, тосын пайымдарын айқын сомдау мақсатында эссе жанрын таңдап алды, әфсана-аңыз формаларын жандандырды.

Кенет біреу тақтаға умаждалған қағаз лақтырды:

- Сенбеймін, – деді ол, – жалған сөз.

- Неге?

- Ницше фашизмді жырлады.

Ол бүкіл лекциясы рәсуа болғанына өкінді.

- Қиянат сөйлейсіз.

- Сізді кім шақырды?

- Бізге қызық.

Енді бір қараса, жаңағы бала жігіт төбелес ашқалы тұр. Екі қолын түйіп алған.

- Неге тұрсыз, аудиторияның шырқын бұздыңыз.

- Сен қыз, аузыңды жап!

- Қарағым, Ницше тарихта сан рет бұрмалаушылыққа ұшыраған. Түсінбей адасқандардан басқа, қасақана, әдейі шатастырғандар да көп болған. Ұлы философ бұл сынақтан да аман-есен өтеді.

- Жалған философ.

- Е, неге?

- Классикалық үлгіде жазған бірде бір философиялық еңбегі жоқ.

- Сонда, қандай тақырыптарға қалам тартты.

- Жазғаны – эсселер, новеллалар, аңыз-әфсаналар, оның өзі де әфсана, тарихта Ницше деген философ болған жоқ.

- Бұл – оқымағандықтың белгісі. Ницше – қанатты сөздерге бай. Цитаталарға оңай бөлінеді. Жұрт оның мәтел сөздерін жеке шығарма ретінде қабылдайды, дербес туынды тұрғысында көреді, шын мәнінде, ел ішіне кең тараған, жиі келтірілетін цитаталар – жолай жазылған, жол-жөнекей жасалған тұжырымдар, түпкілікті шешім, түбегейлі ой-пайым емес.

- Өтірік.

- Мен Ницшені арашаламаймын, ол өзін-өзі қорғайды, өйткені оның философиясы – кісілікке толы ілім, адамгершілікті жырлаған поэма. Ницше – ұлы гуманист.

Оның лекцияны тәмамдауына тура келді. Қағаз-қаламын жинады да, аудиториямен қоштасып, сыртқа шығып кетті. Ертеңіне бүкіл БАҚ шулады.

“Ницшешілдер майдан ашты”, “Басқа озғанда, біздің ел тозды”, “Қиянаттың зоры”, “Ұлттың соры”.

“Төбелесқұмар ұстаз”, “Ницше бізді неге үйретеді”, “Ұрпағымыз не болады”, “Әй, мен қауіп ойлаймын”, “Жүгенсіз жұрт”.

Төбесінен қара бұлт төніп келе жатқанын байқады.

Ол үйде отыр.

12.

Үйде отыр. Сыртта – жаңбыр. Түні бойы жауды. Шелектеп төкті. Таң ата саябырсыды. Тамшылардың тырсылын естіп жатып, жас кезін, жаңа бастаған уақытын еске алды.

Жаңбырдың үні – әлемдегі ең тамаша әуен. Қуанышты сәті, қайғылы тұсы, немқұрайды кезі, бәрі естіледі.

Заман басқа болды ма, замандастары сұңғыла ма еді, өрши түскен жек көрушілік, жаулық ойлаған ұрпақ, бәрін бақылауға алған ұйым, қозғалыстар жоқ еді.

Ендігісі не, сол буын қайда кетті, бәрі зәрін төгіп, айбат шегіп, басынан сөз асырмайды. Күшейгендері соншалықты, кісі өлтіруге дейін баратын сияқты.

Қорқытады. Пікір қалыптастырады. Қалыптасқан пікір озбырлығына қорған, әрі аяусыз күрес жүргізуіне жол ашады. Әуелі дайындайды, сосын, қолдатады. Өз жағына шығарып алса болды, қалғаны – қолында. Ар-ұят күзетінде тұрған тәртіп сақшылары жаудың көзін жоюға даяр, жан-жақтан анталап шапқан дұшпанға тойтарыс беруге асық.

Жаңбыр толастамайды, себелеп жатыр, бала кезінен жаңбырды жақсы көреді. От пен суда біз білмейтін бір құдырет бар. Ол екінші қабатқа көтеріліп, кітапханасына тақады. Кітап сақталатын жеке бөлме. Кітаптары әр жерде шашылып жатса да, қай жерде не жатқанын біледі.

Көне грек философиясы, Орта ғасыр дәуірі, Ағарту заманы – Бэкон, Декарт, Гассенди, Паскаль, Гоббс, Спиноза, Лейбниц – Батыс еуропалық XVII ғасыр майталмандары, сосын, Кант, Фихте, Шеллинг, Гегель, Фейербах: XVIII-XIX жүзжылдық жайсаңдары.

Сосын, Шопенгауэр, Ницше, Соссюр, Гуссерль, Хайдеггер, Тойнби, Сартр, Барт, Делез, Деррида, Бодрийяр, Фуко.

Кітап көп. Үйіліп жатыр. Терезеге тиген жаңбыр тамшылары тырс-тырс етеді. Кітаптағы болмыстан гөрі табиғат құбылысы әлдеқайда жанымызға жақын, абстрактілі әлем нақты өмірдің көлеңкесі тәрізді. Бәрімізге бір көлеңке. Бір жалпыға – сан жалқы.

Абайға таң қалады. Қиырда, жапандағы жалғыз үйде, пікір алмасатын серігі, ұғысатын туысы, ой бөлісетін ортасы жоқ, қайтіп шыдады, төзді екен, сабырға жүгініп, қалай сыр алдырмады.

Кемел ойшылдың өмірі де – филоссофия. Қырдың Кант тәрізді сайыпқыран қаһарманы.

13.

Қырдың Кант тәрізді сайыпқыран қаһарманы. Бел шешіп кірісті, бағыты белгілі еді. Бірақ, райынан қайтты. Сақара кемеңгері қарсылыққа жолықты.

Қара нөсер түні бойы жауған ақ жауынға айналды. Тырс-тырс. Перне дыбысты оятады. Дыбыс домбыра құлағында, мүмкін, шанағында, әлде, тиегінде өмір сүреді.

Ол – адамзаттың Абайы. Қазақ әр сөзінен бір-бір кітап жазды. Абайдың әр сөзі – есепте. Ұлы ақын сөзі – шыңыраудай терең, аспандай тұңғиық, кеңістіктей шексіз.

Інжу-маржандай сирек асыл, алтын-күмістей қымбат. Киіз туырлықты қазақтың басына қонған бақ, маңдайына біткен жарық жұлдыз.

Хәкім, әділет жыршысы, жақсылық жаршысы, қайраткер тұлға. Өмір бойы таным-білім үшін күресті.

Ұлы дала перзенті, шалқар дала шайыры, ғажап ойшыл.

Сөзі сүйекті. Дабысы ұзақ.

Әр сөзі – өсиет. Халық аузында жүрген, ел арасында кең тараған мәтел. Білмеген жұрт оны халықтыкі деп ойлайды.

Үш жүздің басын қосқан Абылай болса, рухани топтастырған – Абай. Бір мақсатқа жұмылдырған. Үміті бір, жолы бір қазақ Абайды жақсы көреді. Сыны бізді сергек жүруге үйретеді.

Бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық. Бірақ, Абай – пұт емес. Абай – қамқор дос. Пікірлес, әріптес тұлға. Дауға түсетін, пікірталасқа шақыратын серік.

Нөмерін теріп, телефон шалды. Елең-алаң, ерте звондаған жоқ па екен, ұйықтап жатыр ма. Қоя салды. Ол кері қоңырау соқты:

- Қайырлы таң!

- Таң бозынан оянып.

- Не болды?

- Абай туралы ойлап жатып, Сіз есіме түсіп кеттіңіз.

- Жақсы екен.

- Хәкім жайлы сөйлесейік деп қоңырау шалып тұрмын.

- Сөйлесейік.

- Абайды қозғасаңыз, нұрға бөлеңесіз.

- Рас.

- Құлаққа кіріп, бойды алар әсем ән мен тәтті күй.

- Көкірегіңізге сәуле толады.

- Абайы бар алаш қандай бақытты.

- Таза, мөлдір сөздің, таңғажайып ойдың иесі.

- Оқығанда, көңілдің кірі кетеді.

- Ізгіліктің нұры.

- Жуып-шайып жібереді.

- Иә.

- Рақмет, жан сарайым жадырап қалды.

Ол қоштасты да, сырт киімін киіп, тысқа беттеді. Тысқа шыққанда – қаптап кетті. Ойланып, сұрап үлгерген жоқ. Таң атқалы аңдығандар оны көшеде қапылыс ұстады.

14.

Оны көшеде қапылыс ұстады. Таңертеңгілік мезгіл үйінен шығып бара жатқанда, жол бойында, екі-үш адам жабыла кетті. Қалпағын көзіне басып қалды да, қолын артына қайырып, кісен салды.

- Кімсіңдер? – деді ол.

- Төледі.

- Енді?

- Енді апарамыз.

- Сен Жарқын емессің бе?

- Бақтыбекпін.

- Қазір бүкіл әлем шулайды.

- Шулатпаймыз.

- Түске қарай мені іздей бастайды.

- Сен кімге керексің?

Ол күлді.

- Елге.

- Ел сені қайтеді?

- Мен қазақты әлемге танытамын.

- Сөзін қара, науқастың сандырағы.

Оны көлікке мінгізді. Машина селкілдеп келе жатыр. Ұзақ жүрді.

- Бір нәрсе сұрайын.

- Сұра.

- Араларында менің жазғандарымды оқыған адам бар ма?

- Оқыдың ба?

- Жоқ.

- Сен ше?

- Қайдан оқимын, танымаймын да.

- Сен, қызылкөз пәле, қызыл сөз қуып, қызыққа батырып, қулық жасап, адастырып кетпексің бе?

- Жарайды, кітап оқып көрдіңдер ме?

- Ашсақ, ұйқымыз келеді.

Көңілді топ қарқылдап күлді.

- Сонда, мені ұстап алып кетіп бара жатқандар кездейсоқ адамдар ма?

- Жоқ.

- Енді не?

- Бұл – спецоперация, деді бізге.

Үшеуі жымыңдаса қалды.

- Қайдағы спецоперация, мен қолыма қаламнан басқа нәрсе ұстап көрген адам емеспін.

- Ұлтқа қарсысың, деп айтты.

- Дінге қарсы.

- Алабүлік.

- Қорқау.

- Менің бар зияным, мен жаңа философия аштым.

- Ол не?

- Екі рет қайталауға тиісті емеспін.

- Айтуға да.

- Қазір аузыңды бітеп, жауып қоямыз, есірмей сөйле.

- Философия дегеніміз не?

- Иә, не?

- Мынауың қияли ғой.

- Мен тек шындықты айтамын.

- Жетеді, өзіңді мақтап болдың.

- Философия, жігіттер, ойлану.

Бәрі тегіс сықылықтап күлді. Қасақана ақымақ па, әлде шын мақұлық па?

- Адам хайуанға айналды, сөзге тоқтамайды, айтқанды тыңдамайды, естігенін түсінбейді.

- Сен кереметсің.

- Мені айыптайтын, тұтқындайтын, тергеу жұмыстарын жүргізетін сендерсіңдер ме?

- Енді кім?

- Өзің қайда, қандай көлік машинасына отырғаныңды білмейсің бе?

- Спецоперация көлігі.

- Философия – аса бір нәзік нәрсе, бұл – ой жұмбағын шешу, тіпті, әрекетсіз пайым, бейбіт парасат, әрекетке қайшы толғаныс.

- Пайдасыз дүние болса, бағытымыз оң.

- Түзу.

- Адамзаттың еңбек, қырғын, соғысқа толы тарихын торт түрінде елестетсек, соның ең кішкене бөлігі, ең жіңішке қабаты – философия.

- Сандырақтады.

Тағы күлді. Біреуі оның қалпағын қайта көзіне басып қойды.

- Саған көз керек жоқ, сөзің болса болды.

- Жігіттер, мені жіберіңдер, ешкімге зияным жоқ, ал пайдамды халық кейін көреді.

Ол үш жігіттің бірін танып қойды. Үйге келген екеудің жасы, сыңары. Көлік тоқтады. Оны сыртқа алып шықты. Ескі зираттың шеті. Ескі мола орны. Ессіз озбырлық түрі. Дайындаған, қазған жері бос жатыр. Біреуі қолын созып, ішінен, түбінен, астынан қарайып шіри бастаған, басқа адамның, бұрынғы қабір иесінің шашылып жатқан үш-төрт қабырғасын бір-бірлеп құшағына жинап алып, сыртқа, тысқары апарып тастады, құшақтап әкеліп, таяу маңдағы бөтен бір шұңқырға төге салды, сөйтіп, орнын босатты. Сосын, теріс қаратып, сөйлеп келе жатқанда, желке тұсынан атып жіберді. Шалқасынан құлап, екі бүктетіліп түсті. Бәрі үнсіз қалды. Өлік көр ішінде, екі бүктетіліп, бөгде, жат біреудің қабіріне сыймай жатыр.

- Қайттық па?

- Көміп кетейік.

Үштік біртүрлі қападар, жуас, манағы жарқын-жарқын нық дауыс, бұйыра сөйлеген өктем рай жоқ, күлкі тыйылған, ұнжырғасы түсіп, түгел жасып, басылып қалыпты.

- Жігіттер, – деді бірі, – білесіңдер ме, біз кісі өлтірдік.

Тегіс үнсіз.

- Кім атты?

- Мен бәріңнің атыңнан аттым.

- Бәріңнің атыңнан аттым деген болмайды.

- Қару ұстап атқан – сен.

- Бізге пәле жаппа.

- Кешір, бауырым, кешір.

Ол қабірдің аяқ жағына етпетінен жата кетті, екі беті дымқыл топырақ, суық жерге тиді, көрші бейіттің, таудан тіліп, тастан шауып әкелген, көлденең жатқан көне көк құлпытасына басын соқты. Өкіріп, қайта-қайта маңдайын, шекесін соққылап, солқылдап ұзақ жылады.

- Біз дүниеде ешкімге зияны жоқ...

- Иә, бейкүнә жан, жазықсыз пенденің өмірін қидық.

- Зарлап айта бермеші.

Үшеуі қалтырап, қабір басынан кете алмай, қипақтаған күйі, қара шоғырланып біраз тұрды, сосын, өкініш, күйік басылып, ұмытылғандай болды.

Оны көме бастады. Үстіне өз сырғауыл, тақтайларын тастап, бетіне топырақ үйді. Сосын, іргелерінде жатқан шөмеледен бір құшақ шөп алып, үйіндіні ұқыптап, мұқият жауып қойды, қылмыстың ізін жасырды.

Жұрт тегіс оқшау, етекте тұрған жеңіл автомобильдеріне қарай төмендеп, үсті-басын қақты, есігін ашып, салонға кірді, ешкім жақ ашқан жоқ, томаға-тұйық, үнсіз қалпы, рөлге отырғаны көлікке от алдырып, машина жайлап орнынан қозғалды, қисалаңдап жүріп барып, жайдақ жолға түсті. Келген іздерімен қайта қалаға қайтты. Селкілдеп келе жатыр.

Жолшыбай телефон шырылдады. Марқұмдыкі. Бәрі тұтқаны көтеруге қорықты, ақыры біреуі алды. Әйелі. Көркем, әсем, сәнді. Әрі нық дауыс.

Үні құстай саңқылдап, анық, таза естіледі, салонды жаңғырта сөйлейді, әр нәрсенің басын бір шалып – бастырмалатып, құйындатып, төпелетіп – төпеп барады, көңілді, әңгімесі ұзақ, шолақ емес, тыңда, қызықтың бәрі алда, жұмыстан келген соң айтамын, үшеу мінген шағын машина кібіртіктемей, бірқалыпты ағызып, сыдыртып келеді, қоршай отырғандар байланысқа қосылған телефонға қарап, үркіп, үнсіз отыр, үрейлі.

Кейде, көзі ілініп, қалғып, ұйықтап кеткенде, сүйген жардың саңқылдаған дауысы түз жамылған қараңғылықта түн жарып, қақ тіліп келе жатқан көліктегілерді түгел оятып жібереді:

- Шернияз, сен жақсы көретін асты дайындап қойдым, ет астым, қазы-қарта, жал-жая дегендей, молынан салдым, бүгін, күнделіктей емес, тұзын аз қостым, жас малдың сорпасын әдеттегідей, қамыр илеп, қазанға салмай тұрып, құйып алдым, қақпаны ашқан бойда байқа, ит бос жүр, сыртқа шығып кетпесін...

Шернияз, сен жақсы көретін асты дайындап қойдым, ет астым, қазы-қарта, жал-жая дегендей, молынан салдым, бүгін, күнделіктей емес, тұзын аз қостым, жас малдың сорпасын әдеттегідей, қамыр илеп, қазанға салмай тұрып, құйып алдым, қақпаны ашқан бойда байқа, ит бос жүр, сыртқа шығып кетпесін... елді қауып алмасын, қара аспанды төндіріп жатқаным жоқ, пәле-жала көптігін меңзегенім, емеурінмен тіл қатысатын заман келді, басымызға бұлт байланып, күн туғалы, аяр тобықтан қақты, алаяқ аяқтан шалды, қаныпезер тізе батырды, көрген қиянат-қорлықтан ит батпақтап, ат сүрінеді, пәлесінен аулақ, жарма қақпаны ашып-жауып жүргенде, әрі-бері шыққанда, сергектік танытып, алды-артыңа бір қарап қойсаңшы, ойға шомып келесің де, қақпадан өткенде ешкімді аңдамайсың, ештеңе байқамайсың, алабайды үнемі ұмытып, сыртта қалдырасың да, кіре сала шақырып ауладан іздеп жүресің, ол бейшара елдің бәрін қорқытып-үркітіп, көшеде бір қыңсылап, бір ырылдап тұрады, қанден болса бір сәрі, тайыншадай ит, түрінің өзі қорқынышты, жалын күдірейтіп, қалт бұрылғанда, тықырға елеңдеп, жалт қарағанда, жұрттың зәресін алады, сірә, жүректері тоқтап қалатын шығар, жүзі суық, райынан қайтып, сабасына түспей, ашулы кейпінде қазір атылатындай көрінсе, көше қыдырған көрші-қолаң, алаңға бой жазып шыққан ауыл-аймақ, күркіреген дауысынан қалтырап, өзіне-өзі ие бола алмай дірілдеп, апақ-сапақ шақта, алагеуім мезгіл, сірә, жүрек талмасына ұшырайды, әупілдеп үрсе, бүкіл ауылды басына көтереді, екі бүйірі қолқ-қолқ етеді, жуан дауысы тереңнен шығады, кейде біреу-міреуді жарып тастай ма деп қорқамын, қанша айтқанмен дәу ит, бірақ, қасиетті жануар көршіге қарап үргенін бір көргенім жоқ, өзі түлеп жүр, өзенге апарып, бір шомылдырып алса, қайтеді, обал, күн жылып, ысып келеді, түнде болмаса, күндіз байлап ұстау қажет, қауіпті, қақпа ашылып кетсе, ұзақ жүріп қалса, шынымен, бөтен біреуді тістеп алып жүрер, ең бастысы, тірі болсын, бұған да үйреніп алдық, жұмыста алаңдап отырамыз, сапар шегіп, жолға шықсақ, сағынып, аңсап ораламыз, қайран алабай, жарты ғасыр өміріміз бірге өтті, қазірдің өзінде сағынып кеттім, тамақ апарғанда, сүйсініп ұзақ қарап аламын, расында, ер қанаты жылқы болса, серігі – ит, қазына, айтпақшы, саған бір үшбу хат, қызық мәтін оқып берейін, кім жазғанын тауып ал, қалқа, аты-жөнімді сұрадыңыз, қайтесіз, адамның есімі – ескі қала ішінде, көне тротуар үстінде, көлеңке аунаған таңертеңгілік шақта, кездейсоқ қойылған ныспы. Іздемей-ақ, әуреге түспей-ақ, маңдай түзеген қырға, қырдан сорға, сордан түзге, сосын, іле-шала, қызыл іңірден таңға, таңнан қара кешке, қара кештен елең-алаңға ілесіп, кідірмеңіз, іркілмеңіз, ілкі кейінде, ертең ілгеріде, осы шақта еш мағына жоқ, бұл сөздің мәні жылдар өте келе қалыптасады.

03.04.2020 – 12.04.2020

Бөлісу:

Көп оқылғандар