Қазақта дарынды, мықты ақын көп. Сөз қадірін білетін әдебиетсүйер қауым олардың өлеңін жаттап, айтып, насихаттап та жүр. Солардың бірі ‒ Тоқаш Бердияров. 1925 жылы Қошқарата ауылына қарасты Ұшқын елді мекенінде туған қаламгерді заман ерте есейтті: балалар үйінде тәрбиеленді, кейіндері жетіжылдық мектепте білім жиды. Еңбекпен қабырғасы қатайған ауыл баласы ретінде мақта тереді, қырманда жүреді, шаруа қуады. Ал, ержетіп, етек жапқан шағында хатшылық қызмет атқарады, сұрапыл соғысқа қатысып, қан майданда болады. Отанына оралған соң Балтық флотында матрос боп әскери борышын өтейді-дағы, кейін Алматыға ат басын бұрады, Суретшілер училищесінде оқиды, «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас Алаш») басылымдарында істейді...
Тоқаштың «Мен өмір сүремін» поэмасы 1955 жылы Мұхтар Әуездің аузына ілінгенде, жасы небары ордабұзар отызда ғана екен. Әр дүниеге асқан талғаммен қарайтын классик жазушы, ғұлама ғалым шығарманың көркемдік ерекшеліктерін, «совет солдатының сырын», сюжеттілігін, суреттеу мәнерін атап өтеді, арнайы тоқталады. Осы кезден бастап өмірдің не қилы өткелінен өткен жас Тоқаштың жұлдызы жанып, маңдайы жарқырап, сөйтіп-сөйтіп аты арғы-бергі жұртшылыққа, әдеби ортаға мәлім боп, кең-молынан танылады. Ал, ақын ердің жасы ‒ елуге толғанда әдебиет сыншысы, тележурналист, қоғам қайраткері Сағат (Сағатхан) Әшімбаев «Өмірін өлеңмен өрген» атты мақала жазады. Онда былай делінген: «1942 жылы өз еркімен алапат майданға аттанғанда Тоқаш 17-ақ жаста болатын. Оң мен солын енді ажыратып үлгерген. Ол бұл кезде Румынияның, Венгрияның, Австрияның, Чехословакияның, Болгарияның, ең соңында Германияның суын ішіп, жерін басып, сол елдегі фашизм құлдығынан азат етуші қатардағы қаһармандардың бірі болатын. ...Тоқаш Бердияровтың алғашқы кітабы 1952 жылы жарық көрді. Бұл кітап есепші, хатшы, жауынгер, матрос, ақын Тоқаш Бердияровтың өмірдегі көргендерінің, сезгендерінің өлең-өрнек болып қағазға түсуінің беташар көрінісі еді...». 1968 жылдың 16 наурызында филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың «Бір ақынның екі өлеңі» деген мақаласы жарық көреді. Ғалым оның «Махаббат туралы», «Бақыт туралы» деген жырларын талдайды. Махабат пен бақыт ‒ мәңгілік, универсалды тақырыптар. От пен оқтың арасында жүріп аман қалған қалың қайғының иесі осыншалықты нәзік, соншалықты романтик болуының сыры ‒ ақындық қайнар көзінде, адами бітімінде. Әйтпесе, сыртқа сыр шашпайтын, жағымпаздануды, жарамсақтануды жат көріп, мінезі ‒ тік, шартпа-шұрт Тоқаш ішіндегісін тек ақ қағазға ғана ақтарып, өмірдегі көрген-баққанын, түсінген-түйсінгенін өлең ғып өріп, қаламды ғана жолдас-серік қылса керек-ті. Ел Тоқаш деп еркелеткен, Есенғали Раушанов «көке» деп сыйлаған ақынның шын ныспысы ‒ Торқысбек екен. Қабылиса жырау Асанұлын Қабан («Ақын ата», «Абыз ата») деп, Нұрмағанбет Баймырзаұлын Балуан Шолақ деп, Мұқан Мұңайтпасұлын Қажымұқан деп, Мұхаммедқали Мақатаевты Мұқағали деп құрмет тұтқан қазақы көл-көсір пейілде, даладай дарқан көңілде гәп бар ма?! Жоғарыдағы сөзімізге ‒ әдебиет зерттеушісі, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Құлбек Ергөбектің «Тоқашқа айналған Торқысбек» мақаласы дәлел. Бұл материал 2011 жылы «Жалын» жорналының №4 санында жарияланған еді. Онда автор бүй дейді: «Тоқаш Бердияров 1925 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы. ‒ Ә.Б.) Келес ауданында дүниеге келген. Оның азан шақырып қойған аты ‒ Торқысбек. Торқысбек бала жастай жетім өседі. Келес ауданы Ташкентпен шекаралас. Ақын жырында әр қырынан өрнектелетін Келес өзені қазақ-өзбек ‒ екі елге бірдей телағыс. ...Әлгі ашаршылық жылында Торқысбек жеті-сегіз жасар жетім бала. Тоқаш отызыншы жылдары Ташкендегі жетім балалар үйін паналаған. Сонда тәрбиеленген. Торқысбек Келестен Тоқашқа айналып келсе, оны детдомда бірге тәрбиеленген қыздар «майлы бауырсақ» деп мазақтайды екен. Тоқаштың алғашқы ақындық балаң қадамы осы балалар үйінде басталады...». Әркімге туған жері, өскен өлкесі қымбат. Александр Пушкин үшін Михайловское имениесі, Лев Толстой үшін Ясная Поляна, Абай үшін Жидебай, Антон Чехов үшін Таганрог, Уильям Фолкнер үшін Нью-Олбани (Юнион, Миссисипи (шығармаларындағы Йокнапатофа ‒ соның көркем көшірмесі), Жеймс Жойс үшін Ратгар, Эрнест Хемингуэй үшін Ок-Парк, Ясунари Кавабата үшін Осака, Михаил Шолохов үшін Кружилин хуторы, Габриэль Гарсиа Маркес үшін Аракатака («Жүз жылдық жалғыздық» романындағы Макондо соның әсерінен туындаған деседі) қандай ыстық болса, Тоқаш үшін Келес соншалықты қастерлі. Сыншы Аян Нысаналының «Асанқайғы желмаясының бөктергісіне сыймаған Су Келес пен Құр Келес оның іңгалаған даусын естіп, кіндік кескеніне куә болды...» деп жазуы бекер емес-тін. Ол елден алыстау жүрген кезінде де топырағына аунап-қунап өскен келісті Келесін түсінде көреді, жырына арқау етеді, еш ұмытпайды:
Қызғалдағын теріп сонау белестің,
Оңтүстік шаңына аунап мен өстім.
Алып кеттім аттанарда әскерге,
Жалғыз уыс топырағын Келестің.
Ал, автор «Адыраспан» өлеңінде туған жер, киелі мекен туралы толғанады, тебірене жазады:
Мекен жайың ‒ адырында Келестің,
Адыраспан, елемейді-ау сені ешкім.
Болсаң-дағы тым аласа селеуден,
Түз даланың сұлтанысың сен деген!
Әжем сені қоржын қапқа теңдейтін,
Дімкәстарды үптеп-сүптеп емдейтін.
Асыл шөптің сыр-сипаты мың қатпар,
Адыраспан түтінінде бір гәп бар.
Сұм соғыс жанына жара салса да, ол кісілік өлшемдерден айныған емес, адамшылықтан аттаған жоқ. Бала кезінде сурет салғанды жақсы көрген ақын, кейіндері суреткерге айналды. Тоқаштың «Мен көз болсам» жырында пәлсапалық байлам, тосын түйін, мәнді сөз менмұндалайды:
Көз болып мен жаралмадым, беу, неге?!
Шам болар ем қап-қараңғы кеудеге.
Мен көз болсам – болар едім қасыңа,
Қарайтын ем аяққа емес, басыңа.
Өткір, нұрлы жанар болсам егер мен,
Әр адамның мінін айтып берер ем.
Мен көз болсам жалын атқан, құдіретті,
Жібітер ем тас боп қатқан жүректі.
Мен көз болсам самғар едім асқарға,
Бітпейтін ем салмағы жоқ бастарға.
Мен көз болсам жауыздықты аз көріп,
Сұлулыққа көз салар ем мәз болып.
Поэзия ‒ әсемдікке ынтызар, тылсымға іңкәр жанр. Оқырман күтпеген теңеу, орнықты ой, айшықты образ, қуатты мәтін ‒ өлеңді өміршең ететін көркем көрсеткіш, бедерлі белгі. Тоқаштың турашылдығы, тазалығы, бұнымен қатар табан астында найзағайдай шатырлай түсер, шатынай қалар мінезі, жасандылықтан ада сәби болмысы ‒ жұрт назарында еді. Сонан соң осы ерекшелік өлеңде мөлдіреп, тұп-тұнық боп, емін-еркін көрінетін-ді. Кір шалмаған, ласталмаған ақын жаны ‒ «терезе» іспеттес: ашық, анық, нақ...
Кеудем менің терезе,
Ар жағында шам боп жанар жүрегім.
Кеудем менің терезе,
Алтын Аймен қол ұстасып жүремін.
Кеудем менің терезе,
О бастан-ақ күн нұрына ғашықпын.
Кеудем менің терезе,
Ілгегім жоқ,
Кірер екен ашып кім?
Графомания ‒ суреткер үшін жат әрекет, әсерсіз іс. Тума талант, шын шайыр күйі тайса да бірсыдырғы күйбең тіршіліктен босап шығып, өлең жазады. Өйткені, ол өнер тудыру үшін келді, мына өмірге, мына дүнияға. Тоқаштың естелігіндегі осы фрагмент назарымызды еріксіз өзіне аудартты: «Ақын лабораториясы демекші, жетпіс бесінші жылға дейін менде арнайы жұмыс кабинеті болған емес. Өлеңді кез келген жерде жүріп жаза бердім. Вокзал. Монша. Сквер... тіпті, той-думанда отырып та, жұртқа білдірмей сүйкей салатынмын. Өлең періштенің түн ортасында оятқан шақтары да болады». Рас, ол әдебиетті бәрінен жоғары қойды, басы ‒ бапан, аяғы ‒ сапан боп, әбігерге түскендердің қаңқу сөзін құлағына да ілген жоқ, қыстырмады да. Тек саяқ жүріп, санадағы сан алуан сауалға, көкейдегі көп дүниеге жауап іздеді, ізденді, қаламын суытпады. Т. Бердияров түр-тұлғасын ашатын бейнелі теңеулер аз емес, әдеби ортада: «тентек Тоқаш», «тосын Тоқаш», «тағдырлы Тоқаш», «Тоқашым, менің, Тоқашым», «Тоқаштың тағылымы», «Ұшқынның Тоқашы», «Тоқаштың тұңғиығы», т.б.
Автор «Тораңғыл» жырындағы ойын толық ашпайды, астарлап береді, сөзін мөлшерлеп жұмсайды. «Адам ‒ табиғат ‒ өмір» үштігі айналасындағы философиялық түйін, лирикалық мәнер шығармада сәтті көрініс тапқан-ды.
Тораңғыл мекен етіп құм даланы,
Сықылды қаса сұлу ырғалады.
Еріксіз құлағыңды елеңдетер,
Сылдырап қызғылт алтын сырғалары.
Ажары атқан таңға жалқындады,
Ерке ғой еркін өскен ол құмдағы.
Бұжыр-бұжыр балтырын қымтайды көп,
Сусыған бұйра құмның толқындары.
Түбінде сылдыр қаққан бұлағы жоқ,
Өзімен сырласатын құрағы жоқ.
Бетке ұстап күз дауылын, қыс боранын,
Өсіпті Сырдария тұрағы боп.
Ағаш та сусыз жерде өседі ме?
Жаз айы шалғыны жоқ төсенуге.
Әкесі тораңғылдың Сыр суы ма?
Немесе кешкен елдің көсеуі ме?
Тораңғыл сыбдыр қағып сол арада:
«Ұрпағым, өмір жүгін мол арқала!»
Дегендей жамыратып жапырағын,
Тұмар қып тағып жатты жон арқама.
Тоқаш ‒ тынысты ақын. Элегияға да, балладаға да, поэмаға да қалам тербеді. «Ескі паравоз», «Жорық жолдар», «Оқ пен гүл», «Жер мен адам», «Дүниеге келдім мен бүгін», «Найзағай», «Мүсінші», «Махаббат пен мархабат», т.б. дастандары, «Жастық кешуі» (1966 ж.), «Солдат сыры» (1968 ж.), «Фарида» (1978 ж.) сықылды әңгіме-хикаяттары ‒ сөзіміздің тұздығы. Бұнда бұлқыныс та, романтика да, соғыс зардабы да, сананы қажаған талай ауыр ойдың сорабы да бар. Анадан алып та, ақын да, батыр да, хан да, қара да туады. Шерменде көңіл босағанда, жыр атты керемет соның бетіне көлкіп шығады. Анаға құрмет, шешеге тағзым Тоқашта ұшырасып қана қоймайды, реципиент-адресатты бөлек-бөтен күйге бөлейді. Былайғы жұртқа сұсты, кәрлі көрінетін автор, ана турасында ойланғанда нағыз ерлерше егілетіні бар. Себебі, сағыныш сазы, есті естелік кісіні ұйықтатар емес:
Сүтімен жан-тәнімді мүсіндеген,
Анамды көп көремін түсімде мен.
Қадірін анашымның бала кезде,
Қалайша, әттеген-ай, түсінбегем?
Әлдилеп, арқасынан түсірмеген,
Анамды көп көремін түсімде мен.
Марқұмның сол бір сөзі әлі есімде,
«Құлыным бақытты боп жүрсін» деген.
Бұл күндері күнім жоқ күрсінбеген,
Жүрегім алып ұшып дүрсілдеген.
Жүзімді ашытады дымқыл жастық...
Анамды көп көремін түсімде мен.
Анашыммен екеуміз өзекке еніп,
Жүр екенбіз деймін-ау, тезек теріп.
Өксіп-өксіп аламыз оңашада,
Сыздаған көз жасына кезек беріп...
Т. Бердияровтың «Шалқы теңіз» (1952 ж.), «Бейбітшілік көшесінде» (1960 ж.), «Мен өмір сүремін» (1965 ж.), «Дауылдан кейінгі тыныштық» (1970 ж.), «Бозторғай» (1973 ж.), «Күндер, күндер, күндерім» (1974 ж.), «Ескі паравоз» (1976 ж.), «Сөнбейтін оттар» (1980 ж.), «Көгілдір планета» (1982 ж.), «Есіктің алды ‒ көк терек» (1983 ж.), «Шынар» (1985 ж.), «Жебе мен ракета» (1987 ж.), т.с.с. кітаптары оқырман қолына тиіп, талқыланып, талданып жатты. Ұлықбек Есдәулет «Тентек Тоқаш» эссесінде жазғандай-ақ, ақынның жыр жинақтары оңайшылықпен шыққан емес, кей жерде тізімнен сызылса, кей-кейде баспада ұзақ-ұзақ жатып қалатын-ды. Ал, бұл дегеніңіз ‒ арлы адамды ашуландыратын, парқадар таптырмайтын жағдай. Қынжылса да, адуынды мінезінің арқасында, өтірікке жаны қас қаламгер әдебиет айдынында еркін жүзді, ешкімнен сескенген жоқ, тартынбады да, отты жыр, ойлы сөзді тудыра берді, бұрқыратып, өндіре жазды, өнімді еңбек етті. Ол Біржан сал, хакім Абай, Қажымұқаннан тартып, Сәкен Сейфуллин, тарланбоз М. Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Жұбан Молдағалиев, Шәмші Қалдаяқов, ал «Партбилет» балладасында Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев, «Қойлы ауыл» шығармасында атақты шопан Б. Файызовтардың көркем бейнесін сомдады. Ал, ақын туған топырағынан шеткері жүргенде, өзінің «Отүкенін» сағынып, өлеңге арқау ететіні ‒ қалыпты нәрсе, табиғи жайт:
Оңтүстіктің айлы түні-ай, ақ тамақ,
Сүт аңқиды адырдан да, ойдан да.
Жапырақтар әсте қыбыр етпейді,
Бөлеп оны қойған ба?!
Төңкерілген Айым-ай,
Төкші, төкші ақ сүтіңді тағы да.
Қандай салқын, қандай салқын атырап,
Қалмапты ғой күндізгі аптап табы да.
Жымыңдайды, жымыңдайды жұлдыздар,
Ұйықтамайды түнімен.
Төңірекке төгіледі хош иіс,
Жиде ағаштың гүлінен.
Тылсым дүние. Шабындық та тұр мүлгіп,
Жүзінде аппақ нұр ғана.
Ақын Гëте (Иоганн Вольфганг фон Гөте) музасы Шарлотта фон Штейн, ойшыл Фридрих Ницше музасы Лу Саломе, композитор Густав Малер музасы Альма Малер-Верфель, мүсінші Огюст Роден музасы Камилла Клодель, суретші Пабло Пикассо музасы Дора Маар, әнші Жон Леннон музасы Йоко Оно, тағысын тағы. Муза ‒ Ежелгі Грекия аңыз-әңгімелерінде өнер адамына күш-қуат беретін, шабыттың бастауына айналған, Зевс пен Мнемозинаның некелі қызы, өнердің қолдаушысы ‒ Аполлон серігі, Геликон шыңында тұрақтаған нимфа. Өлең ‒ өнер. Ұйқыдағыны оятатын, ояуды ұйқының ұйығына түсіретін тылсымы бар ғой, поэзияның. Тоқаш Бердияровтың «Ұйқыдағы бұлттар» мен «Көл оянды» өлеңдерінде әдемі, үйлесімді прозопопея бар. Қазақ әм әлем поэзиясында ұйқы ұғымына, онейрикаға, «ояну» мотивіне мысал жетерлік. Ал, Тоқаш ақынның қос өлеңі көбіне-көп лирикалық, пейзаждық рәуіште.
Тамашалап тұрмыз міне, біз қырдан,
Күн де батты, ‒ тіршілікті қыздырған.
Ат шаптырым таудың салқын төсінде,
Қыбыр етпей, ақша бұлттар мызғыған.
Жартастарға сұлай кеткен, қонжиған,
Шаршатқан-ау, бұлттарды жол жылдам?!
Кезбе, саяқ кек әлемнің серісі-ай,
Шелек жақтан келдің бе, әлде Шонжыдан?
Немесе:
Бұл жерге қысы-жазы із ағылып,
Бастайды сабантойын бұза-тірлік.
Сәуір – шалдың күркірін естімей ме?
Бурабай ұйықтап жатыр мұз жамылып.
Мұншалық неткен ұйқы, неткен тірлік?!
Өзінше мәз болады көктем күліп.
Самал жел көл қойнына қол салады,
Ақ атлас көрпесін ептеп түріп.
Кісіні ақын ететін мектеп я оқу ордасы жоққа тән. Табиғи талант, Алла берген қарым-қабілет, өмірді тану, сөз өнеріне деген сүйіспеншілік, адалдық, құштарлық ‒ поэзия негізі. «Өлең қалай туады?» деген сұраққа әркім әрқилы жауап берері рас. Көңілге мұң ұялағанда я қуанғанда, сағынғанда, ерекше әсерге бөленгенде, ақын жанының нәзік қылы шертілгенде, іштегі шер-шемен, іштегі мазмұн көркем шығармаға айналады. Жыр жазудың нақтылы рецепті жоқ. Мәселен, Мұқағали: «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген туады қайшылықта...» деп жауап берсе, оған аға болған, қанаттас дәурен кешкен Т. Бердияров бүй дейді:
Аспанның астары мен тысы бар ма?
Өлеңнің жазы бар ма? Қысы бар ма?
Тәуір өлең жазамын қуанғанда,
Дауыл өлең жазамын қысылғанда.
Тоқаш пен Мұқағалиды бекерден-бекер қатар атағам жоқ. Екеуі де бірін-бірін сыйлады, іштей ұғысты, жауға берген жоқ, қайта көтермелеп, қолдап жүрді. Мұқағали өмірден өткен соң Тоқаш жарықтық тұнжырап, Күн бетін бұлт басқандай күй кешеді, сөйтіп «Тау ұлы едің» деген өлең арнайды: «Өр кеудең Нарынқолдың тауларындай, Көңілің Шалкөденің аумағындай. Жырларың шөлдегеннің шөлін басқан, Жайлаудың сабадағы саумалындай». Ал, М. Мақатаев ілгеріде «Тоқашқа» атты жырында жансырын ақтарады, ағынан жарылады.
О, сұлу Сыр,
Әдемі әнсің, жыр күйсің,
Паң далада мың бұралып сырғисың.
Түбегінде мамырлайды қалың мал,
Шіркін, шіркін, жақсы көрем жылқы иісін.
Сұлу сөз ‒ болмысы сұлу адамнан шықпақ. Ол алпыс үш жылдық ғұмырында қазақ әдебиетіне қалтқысыз қызмет қылды. Тоқаштың туған інісі ‒ Аралбай ақсақал: «Тоқаш ағамыз дүниеге келгенде әке-шешеміз Ташкент шаһарының түбіндегі Янгиел ауылындағы нағашыларымызды сағалап тұрып жатқан. Олар шанышқылы ішіндегі торқыс атасынан болғандықтан, құрмет үшін есімін Торқысбек деп қойыпты» (Бақтияр Тайжан. «Адуынды болғанымен, ақкөңілді еді». «Егемен Қазақстан» гәзеті, 2015 ж., 9 қыркүйек). Осы ретте, ақын, әдебиетші, ҚР Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі, Тоқаш Бердияровтың жеке дара жоқтаушысы Болат Шарахымбай үлкен іс тындырғанын атап өту керек. Ол 2015 жылы ақынның 90 жылдығында таңдаулы өлең мен дастандарының басын қосып, «Дайк-пресс» баспасынан «Адыраспан» атты жыр жинағын шығарса, «Тоғанай Т» баспасынан естеліктер мен зерттеулерден тұратын «Көке» жинағын құрастырып, халыққа ұсынды. Артында іздеушісі барда, көркем туындыларын оқитын қарақты көз барда Тоқаштың аты ұмытылмайды, әдеби мұралары насихаттала бермек. Биыл, яғни 2025 жылы шайырдың туғанына тұп-тура 100 жыл толып отыр. Торқалы той құтты болсын, Поэзия жасасын, Поэзия салтанат құрсын!..
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.