Аяз би

Бөлісу:

31.10.2020 4064

Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеуші әдебиеттанушы ғалымдардың белгілеуі бойынша Қазан төңкерісінен бергі кезең – қазіргі қазақ әдебиеті болып есептеледі. Қазіргі қазақ әдебиетін қалыптастырып дамытушылардың өзі де бір-бірімен дәстүрлік сабақтас бола тұра, тағдыры, қолтаңбасы тұрғысында өзгелешікке ие әлденеше буыннан құралады. Солардың ішінде ерекше дараланып көрінетіні – алпысыншы жылдары әдебиетке зор екпінмен келіп, өнімді еңбек етіп, толымды туындылар берген жігерлі де білімді, әлеуетті топ. Балалық шағын алапат аштық пен зұлмат пен соғысқа тап келіп, қиыншылықты көріп өскен бұл буын сол қиыншылықтардың кегін білімнен алған ұрпақ. Міне осылар руханиятымыздың өңін келтіріп, тамырына қан жүгіртіп, тынысын ашты. Бұл буын өкілдерінің әдебиетте дабысы зор, поэзия, проза, драматургияда да, әдебиеттанудың теориясы мен сынында десі басым. Қазіргі күнге дейін қазақ әдебиеті туралы әңгіме бола қалса, көбінесе тобын жазбай, қатарласа ұшқан алпысыншы жылдар өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы тілге тиек болады. Олардың шығармашылығы барынша насихатталды, оқырманы мол болды. Жазушы-баспагер-оқырман үштігінің дәуірлеп тұрған шағына шығармашылық ғұмыры дөп келді.

«Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер» демекші, алпысыншы жылдар толқынының ізін баса, жетпісінші жылдары әдебиетке келген бір шоғыр бар. Ұлт руханиятына салған олжасына қарасаңыз, бұл буынның да осал еместігін анық бағамдайсыз.

Аштықты біздер білмейміз,

Соғысты біздер көрмедік.

Терезе жұртпен тең болып,

Теңеді біздер өссек те,

Есерлікке ерік бермедік.

Жеңістің гүлі – Біздерміз

Өртеңге өскен өң беріп, -

деп ақын Кеңшілік Мырзабек жырлағанындай, қырқыншы жылдар соңы, елуінші жылдар басында өмірге келгендер – соғыстан кейінгі жадау-жүдеу, қоңырқалта тірліктің дәмін тата жүріп, есейіп, ержеткен буын. Тынымбай Нұрмағамбетов, Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқай, Марат Қабанбай, Мархабат Байғұт, Мереке Құлкенов, Несіпбек Дәутайұлы, Роллан Сейсенбаев, Серік Ақсұңқарұлы, Тұрысбек Сәукетаев, Тұрлыбек Мәмесейіт... Бұл толқынның өнімді шығармашылық дәуірі сексенінші жылдардың ортасы мен тәуелсіздіктің бастапқы кезеңіне тұспа-тұс келді және қазақ прозасы көшінің бұйдасы қазіргі күні де осы буын өкілдерінің қолында десек тым қателесіп кетпеген болар едік. Осы буынның қатарына жататын қарымды қаламгерлердің бірі – Жұмабай Шаштайұлы.

1984-жылы жарық көрген туындысы «Қызыл қардан» бастап жазушы бірнеше көлемді прозалық шығармаларын оқырманға ұсынған екен. Бұл жағынан алғанда, Жұмабай Шаштайұлын аса өнімді жазған қаламгер деуге де болмас. Бірақ шығармашылық өнім дегеннің өзі көлеммен, санмен өлшенбейтіні тағы бар ғой. Жазушының «аз да болса саз болсын» деген қағидатты ұстанатынын аңғарғандаймыз.

Жұмабай Шаштайұлы қаламынан шыққан туындылардың ішінде «Аяз би» романының айрықша сипаты бар. Оқырмандар жылы қабылдаған бұл романның құрылысы, жазу стилі жағынан өзіндік ерекшелікке ие. Біз мақаламызға аталған романдағы көтерілген мәселелерді арқау етуді жөн көрдік.

Романда Кеңес Одағы атты алып мемлекеттің идеологиялық негізі болған, жетпіс жыл бойы өмір сүрген коммунистік биліктің тұсындағы әкімшілік, шаруашылық басқару жүйесінің сан түрлі құпияға толы қатпарлары бейнеленген. Романның оқиғасы кеңестік кезеңнің ақырғы тұсын, нақтылай айтқанда брежневтік тоқырау заманынан бергі уақытты қамтиды. Кеңес империясы биілігінің басында отырғандар белгілеген коммунистік мұраттар жолында, өздері де үлкенді-кішілі лауазым иесі болып, қоғамға жан-тәнімен қызмет еткен бірнеше буынның бастан өткерген сан қилы өткелекті жолдары туралы баяндалған романның басты кейіпкері – Миятбек Нұржанов.

Оқиға Миятбек Нұржановтың ой-толғанысы, яғни ой ағысы арқылы өрбіп отырады. Романның өне бойындағы оқиға орны – қазақтың ұланбайтақ даласында екпіндей жүйткіген отарбаның вагоны мен Қазақстанның әлдебір ауданы мен оның шаруашылықтары.

Бірінші сөйлемнен-ақ көпшілік вагонның қапырық вагонында, әйел-еркегі аралас қалың бұқарамен бірге келе жатқан Миятбектің бұрын бекер адам болмағанын оқырман бірден аңғарады: «Миятбек Нұржанов ойлап қарап тұрса, пойызға мінбегеніне ең кемі отыз жылға тақапты». Вагондағы үлкен-кішінің мұндағы қапырық ыстық пен өзге де қолайсыздықтарға «құдай салды, біз көндік» әдепкі ғадеті Миятбек Нұржанов үшін – бір түрлі ыңғайсыз, дөрекі болып келе жатқанымен, біртіндеп осыған өзінің де көндікпеске амалы жоғы аңдалады. Аспаннан жерге түскендей болып, өз-өзін оймен жеп келе жатқан жолаушыны осы халге түсірген, құлағында әлі күнге ызыңдап тұрған мына бұйрық болатын: «Облыстық партия комитетi бюросының шешiмi бойынша Нұржанов, сiз, КПСС қатарынан шығарылдыңыз». Балалық шағында жетім қалып, анасының баурында жетімдікті көре жүріп жетілген, қарапайым маманнан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымына дейін көтеріліп, қолындағы биліктің арқасында сый-құрметке бөленіп, қолпаштау мен қошеметке әбден үйренген Миятбек Нұржановтың осы вагонға жолаушы болып енгенге дейінгі өмір жолы оқырманға пойыздың жүрісімен жарыса, сан түрлі психологиялық иірімдер арқылы өріліп отырады. Дәл осы тұрғыдан алғанда «Аяз би» – терең психологиялық роман. Романның басты ерекшелігі де осында, жазушы өз шығармасы арқылы айтайын деген ойын оқырманға тәпсірлеп, тықпалап отырмайды. Тіпті мұнда соцреализм дәуірі әдебиетін оқып үйренген оқырмандар үшін етене таныс жағымды, жағымсыз кейіпкерлер де жоқ деуге болатын шығар. Романның басты ерекшелігі де, жағымды тұсы да осында болар. Басты кейіпкері Миятбек Нұржанов – өз дәуірінің нағыз өкілі, кеңестік партноменклатураның белді өкілі ретінде бар ғұмырын қызметке арнаған жан. Қатал да бірбеткей, өктемшіл де өзімшіл, моральдық тұрғыдан алғанда да тиянақсыз болған Миятбектің де бойында талай жағымды қасиеттер бұғып жатқанын, қажетті жағдай туындағанда жылы жүрек пен ыстық қайрат мұнан да табылатынын романның барысында көз жеткіземіз. Демек, бірыңғай жаман немесе бірыңғай жақсы адам деген – болмақ емес. «Заманға күйлеп» мәнсап пен байлықтың буына мастанып кеткенде адам пенденің көбі-ақ өткен өмірін ұмытып, көз алдын шел басып кетеді екен. Бірақ, қалай болғанда да, сол биіктен құлап, жерге түскен кезде жүректің түбінде, санасының саңылауында сақталған ізгіліктің жұқанасы қайтадан көрініс бермек екен. Бұл – біртіндеп қалпына келмек екен. Бірақ ешқашан қалпына келмейтін, уысқа енді түспейтін, ол – қайран уақыт әкен. Жөәне сол қайта оралмас уақыт жүзінде отбасында қалыптасқан, отбасы тәрбиесін түзету де оңай болмайтын түрі бар. Әкенің лауазымнан айырылып, партиядан қуылуы – күйеуінің беделі мен мансабы арқылы келіп тұрған ағыл-тегіл игіліктен айрылғанына ғана әйелінің өкінетіні болмаса, ұл мен қыздың санасына да кірер емес: «Үйде Назеркенiң пальтосынан басқа бөтен әңгiме жоқ сияқты едi. Жиған-тергенi әзiрге баршылық, керектi киiм де алынар. Ұл болса анау – үйленбек. Не, сонда бұлар менiң баяғы ағылып-төгiлiп жатқан заманым дей ме? Жағдайымды әйел әйел болып, бала бала болып бiр ойлап қойса нелерi кетедi?» Иә, бұл – бір ғана Миятбек Нұржановтың ғана басындағы емес, қызмет-қызмет, жұмыс-жұмыс деп жүріп, отбасы тәрбиесінен, туыс-туғаннан жырақтай беріп, жасы ұлғайып, мал кетіп, бақ тайғанда бармағын шайнап қалғандардың жиынтық бейнесі. Қызметтен қуылып, патрбилеттен айрылып, мүсәпір халге түскенде, сүйеу болады деген әйелінің өзі жарасына тұз сепкендей қылық танытады.

Осы күнгiнiң әйелдерi қазiргi еркектердi еркек пе дегендi неге мегзеп айтады екен? Нақ менiң шешемнiң орнында болса, мына Сара не iстер едi?» Міне осындай толғаныстар арқылы автор романның барысында кешеден бүгінге, бүгіннен кешеге алмасып, ой ағынын алға жетелеп отырады. Міне, соғыс уақыты. Жүгері собығын теріп жүрген жетім-жесір жұрт. Ат үстінде ырғатыла тербелген бригадир жергілікті құдай Жолбосын соқыр егістік басына келді. «Жыртиып бiткен жалғыз көзiнiң қарашығы аласының қызғылтына тұтасып, дүниедегi өшпендiлiк атаулының уытын жиып алғандай құтырынған сәулесiн әркiмге кезекпе-кезек кiдiртiп кеп,ақыры бұған тұрақтатты». Миятбектің кімнің баласы екенін сұраған соң шешесі екеуіне төнген Жолбосынның бұларға деген ниеті мына жауаптасудан байқалады және осы бір мезеттегі оқиғадан туындаған жеккөру сезімі романның басынан аяғына дейін әр тұста қылаң берумен болады: «– Халық жауының тұқымы тұздай құрып кетсе де ештеңе етпейдi, көп болса менен табасың, – деп Жолбосын өзiнiң төсiн қақты.

– Сенен бала тапқанша, иттен-ақ тапқаным жақсы. – Шешесiнiң даусы бұзылып шыққанда төбе құйқасы өзiнен-өзi шымырлаған бұл Жолбосынға бажырая қарап қатты да қалды. Жалғыз көзiн оқшырайта iркiлген бригадирдiң күрт шымырлаған кескiнi шымқай қызылқара күреңiтiп барып, қамшысын сiлтеп кеп қалды. Мұның құлындағы даусы шығып, шыңғырып жiбердi.» Ессіз ашуға беріліп, жесір әйел мен жетім баланы қамшының астына алып жәбірлеп жатқан Жолбосынға зор тәуекелге басып ұмтыла жетіп, қамшысын жұлып алып, қуып жіберген – әкесінің қарындасы, талдырмаш қыз Дүрия болды. Жеңгесі мен бауырын Жолбосын соқырдың қамшысынан арашалап алып қалған жас қыз Дүрия – Миятбектің осы өмірдегі анасынан кейінгі ең жақын туысы. Сөйткен әпкесін, ең жақын туысын Миятбек қалай ұмытып кетті? Неге уақытында іздемеді? Өзі әбден мансабынан тайып, әпкесі қартайып, қаусаған шақта іздеп баруы, барғанымен де бірі-бірімен емірене табысып, қимай қоштаспағаны қалай? Көп қазақтың бойында туысқа келгенде күні бүгінге дейін молынан табылып жататын қазақы жақын тартушылық, бауырмалдық бұл әулет адамдарының бойынан неге табылмайды? Бұған кім кінәлі? Автор әдетте бұған түсінік беріп жатпаған. Оқырман өзі ойланады. Расымен де күйкі тірліктің еш бітпейтін күйбеңімен жүргенде, «бармасаң, келмесең – жат боласың» демекші, жалпы қазақтар арасындағы ағайын-туыстық қарым-қатынас басқа арнаға бұрылып бара жатқаны да бүгінгі заманның шындығы емес пе?

Аудан басшысы Миятбек Нұржановтың қарапайым бөлім инженері болып жұмысқа қабылданған кезіндегі психологиялық ахуалын да жазушы түрлі қимыл-әрекеттер мен айналасындағылардың оған деген қарым-қатынасы арқылы шынайы суреттейді. Романның бастауындағы, пойыздың вагоны мен ондағы жолаушылардың әдепкі жүріс-тұрыс, қимыл-әрекеті Миятбекке қаншалықты бір түрлі көрінсе, биік қызметте, жайлы орында кең-молынан пішіп, еркін жайлап үйренген Миятбектің бойындағы әдеттері де жаңа қызметтестерге, әсіресе бір кабинетте отыратындар үшін таңсық. «Мәке, сiз оған ренжiмеңiз. Үлкен бастық болған адамды көрдiм деп есептесем – ол сiз боласыз. Сондықтан мен сияқты пақырға сiздiң әрбiр қимылыңыз таңсық көрiнiп тұрады.», - дейді көрші үстелдегі жасы өзі шамалас әріптесі. «Кеңес дәуірінде адамдардың бәрі бірдей болды, жемқорлық деген қоғамдық індет қазіргіден анағұрлым аз болды», - т.б. деп жақауратқанымызбен, партиялық биліктің тізгінін ұстаған элиталық топтың қара бұқараның өмір сүру қалпынан жырақ өз әлемі болғанын айқын ашып көрсетеді. Ең бергісі, қазіргі күні тиісті құнын төлесеңіз, жер түбінен болса да өздері жеткізіп орнатып беруге әзір үй жиһаздарын қалтаңызда жеткілікті ақшаңыз тұрса да, тамыр-танысыңыз жоқ қарапайым жан болсаңыз, алуға мүмкіндігіңіз жоқ еді ғой. Тәуелсіздіктен бергі, капитализм дәуірінің адамдарына мұны түсіндірудің өзі қиын.

Романның өн бойына анасының әредік Миятбекке айтқан сөздері желі болып тартылып, оқиға мазмұны мен кейіпкерлердің іс-әрекеті, көңіл құбылыстары, жалпы идея осы сөздердің сырын ашуға құрылып отырады. Қызметтің буында, қылшылдаған қырық жастың табалдырығында жүрген кезінде шешесінің ауылдағы Байскерке қарттың кезінде өздеріне көп жақсылық жасағанын, олардың жақын аталас туыс екенін есіне салып, араласып тұруын өтінетіні бар. Мұнда да ұлы анасына уақыттың жоғын, бір қолы тигенде баратынын айтқанда анасының. «Сен ендi жас емессiң, бақандай қырыққа келдiң. Қойныңда жатқан қатыныңның, бауырыңда жүрген балаларыңның ниеттерi таза берiлген бе, берiлмеген бе, соны бiр уақ ойлап қоймайсың. Келiмдi-кетiмдi кiсiң қонақ қана. Жаның қысылғанда бәрiбiр жақыныңды табасың. Қызметтiң буына мастанып кетпе, балам!» - дейтіні бар. Романның атауы не үшін «Аяз би» аталғаны туралы айтылмаса да, автор кейіпкерлердің сөз ләмі, іс-әрекеті арқылы бұл түсінікті оқырманға емеуріндеп отырады.

Кеңестік дәуірдің әлеуметтік қамсыздандыру тұрғысындағы көп жақсылықтарын еш жоққа шығаруға болмас. Алайда кеңшарлар мен бригадалар, жеке адамдарды көкжұлын қылып социалистік жарысқа салу, осы міндеттемелерді орындау барысында жауырды жаба тоқып өтірік айтып жалған ақпар беру деген сияқты не түрлі келеңсіздіктер де жетіп артылатыны Миятбектің басынан өткен жағдайлар арқылы көз алдыңыздан өтіп отырады. Ауданға алғаш бастық болып келгенде, кеңшарды аралап жүрген кезінде 100 қойдан 137 қозы алған шопанды көрсеткен директор оның биыл 150-ден қозы алғалы отырғанын айтатыны бар. Сонда әлгі шопан: «Бұйыртқаны болады», - дегенде, Тұрғынбеков бастықтың оған шүйлігетіні бар. Амалы құрып түтіккен шопанның: «Бiзге сол Көкебаев тiрi тұрғанда ешқандай жақсылық жоқ, иттiң баласын тура ату керек!» - дейтіні – өтірік ақпар, жалған жетістіктен әбден қажыған қарапайым малшының шын жүректен шыққан жанайқайы, қарсылығы еді.

Бір ауданды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Миятбек Нұржанов та осы қарапайым малшыдан бастап қосып жазып, жалған ақпар берудің құрбаны болып, қызметтен қуылады. Романда дәл солай деп айтылмаса да, Кеңес Одағы атты алып мемлекеттің әлемнің көз алдында қаусай күйреуінің басты себептерінің бірі – осы жалған ақпаршылдық екенін санаңыздың саңылауымен анық сезінесіз.

Алпауыт АҚШ-тың өзімен бәс таласып, жарты әлемді ықпалында ұстаған Кеңес Одағының басқару билігі қолында ұстаған коммунистік партия диктатурасының өз қатарына өткен адамдардың көбінің-ақ жеке өзіндік «менін» күл-талқан етіп, құлға, зомбиге айналдырып жібергеніне романдағы көп кейіпкерлердің көлеңкесінен қорыққан қорлық тірлігі дәлел болатындай. Миятбектің есіне Жалмұқан атты көрші аудан басшысының өзіне айтқан бір әңгімесі оралатыны бар. Әңгіме мазмұны мынадай: Жалмұқанға қарамағындағы бір лауазымды, былай қарағанда маңызды қызметкері келіп, сырын ашатыны бар. Әйелі, екі баласы бар. Бірақ әйелінің суық жүрісін сезеді екен. Осы жөнінде ақыл сұрағанда Жалмұқан оған: «Соншалықты дәрежеде құл болып кетуге болмайды, ажырасыңыз», - дегенде ана бейшара шошып кетіп, аса қиналысты кейіппен: «Партиялылығымды қайтемiн?» - деп күмілжи үн қатады. Сондағы Жалмұқанның Миятбекке айтқаны: «Мәке, бiздiң адамдар партияның өзiне құл болып бара жатқанын, байқайсың ба. Анаған ашуланып кеткенiм сонша, жеке басыңның шекесi қызбай тұрғанда партияны не қылайын деп едiң деп айғайлап жiбердiм. Басқа басқа, менен тап мынадай сөздi күтпеген бейшара есi дұрыс па дегендей таң-тамаша боп, состиып барып сыртқа шығып жүре бердi». Романдағы кейіпкерлер арасында партиялық биліктің құлақкесті құлы болып, қызметте өсу жолында арын сатудан еш арланбайтындардың небір түрлері суреттеледі. Солардың бірі – бір заманда Миятбек пен анасын жәбірлейтін бригадир Жолбосын соқырдың ұлы Арқабек. «Байсерке атам сәлем айтты», - деп келіп, біртіндеп Миятбектің қолтығын паналаған Арқабекті аудан басшысы ағасы елп етіп жақын тартпаса да, сыртқа теппейді. Былай қарағанда, туыстығын алға салып, қажетті кезде жанынан табылып жүрген Арқабекті де жаман адам дей алмайсыз. Бірақ біртіндеп қызмет деңгейі өскен сайын мұның да іс-әрекеті ластыққа беталады. Алдыңғы бір кейіпкер «партбилетімді қайтемін» десе, Арқабектің де мәнсаптық өсу жолында неден болса да тайынбайтын өлермен бола бастағанын өтірік мас болып, бастығына ақ төсегін әдейі арамдатуға дейін барған арсыздығынан аңғарамыз.

Романда томаға-тұйық қала адамы мен кешірімшіл де ақ көңілді ауыл адамдарының мінездері параллельді алынып отырады. Бірақ ауыл дегенмен, ауыл адамдарының, өз туыстарының арасында да не түрлі мінезді жандар бар екен. Мәдуар мен Ұябай – томаға-тұйықтықтан ада, қалай болғаанда да шынайы тірлік кешуші адамдар.

Бала күнінде жеген таяғы мәңгілік есінде қалған Миятбектің Жолбосын соқырды еш кешкісі жоқ. Ал анасының «Қу соқырым», - деп оған кек тұтпайтыны – бұған түсініксіз. Бірде осы туралы екеуара әңгіме болғанда анасының: «Сол соқырдың сабағанынан саған келген жамандық қайсы!» - дейтіні бар. «Сабағанын жақсылыққа балай ма, сонда, мұнысы қызық екен.Осы кәрi адамдарды түсiнсе, бұйырмасын. Жаманшылықты тағы ұмыта қалады. Ал ендi осы үйде не жоқ, бәрi бола тұрып, «Құсалықтан өлетiн болдым» – дейдi және», - деп ойлаған ұлы ана жанын түсінбейді. Ұлының мәнсап, лауазым қуып жүріп адамгершіліктің көп пернесін аңғарудан қалған кебін түсінген анасының: «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш деген. Мейлi! Сенiң әкеңнен мен жиырма екi жасымда қалыппын. Ендi сен маған құдайшылығыңды айтшы, бiр ұятқа қалдырған жерiм болды ма?!» - деп тікелей сұрағына ұлының «Жоқ!» - деп абдырай жауап қататынын оқығанда ақиқық ақын Мұқағалидың:

Қайран біздің шешелер, арды ойлаған,

Шілік шауып, ши орып, бау байлаған.

Жігіттерден айрылып, қалмай қараң,

Қырман басып, егін сап, арба айдаған..., -

өлең жолдары еске оралады. Иә, сонау қиын-қыстау замандағы шешелер арды ойлады, қолында барды қанағат тұтты, бар ғұмырын ұрпағына арнады. Сонда бүгінгі заманның анасы, өз әйелінің – көз алдынан басқа ойы жоқ Сараның тірлігі не? Осыған қалай жеттік? Миятбектің басына да бұл сұрақ әбден жүген-құрығы сыпырылып, аспаннан жерге түскен кезде оралады. Бірақ бәрі де кеш еді. «Сорлы шешем сонда өзiнiң ұятқа қалмағанын Жолбосын соқырдың қамшысының арқасы деп көз жұмғаны ма?» – дедi кенет өзiне-өзi. – Бәлкiм бұған да кезiнде сондай қамшы керек болған шығар?!» - деген ойға да берілетіні бар, Миятбектің. Ия, ұятқа қалмау – қашан да оңай болмаған.

Анасымен бірге туған аулына барған кездегі Байсерке мен өзге туыстарымен қарым-қатынас барысында сан қилы психологиялық тербелістерге толы. Ауыл адамдарын анасының қабылдауы бір басқа, мұның жақын тартуы бір басқа. Ауыл адамдары да Миятбекті бір түрлі сынап, мінеп қарайтындай. Өмірден өтіп бара жатып та анасының айтқан соңғы сөзі, ақырғы аманаты: «Қу жалғыз, аман бол... Баяғы жаман күніңді ұмытып кетіп жүрме... Мені ауылға апарып қой», - болады. «Өңкей сатқынның ішінде ертеңгі көрген күнің не болар екен, жарығым-ай!» - деп опынатын қайран ананың қаупі шындыққа айналғанын көреміз.

Романның өн бойындағы қазақ қалпына төнген қара бұлттың көлеңкесі тым қою-ақ. Ата-бабадан мұраға қалған қазақ тілін мансұқ етіп, жат тілдің, жат мәдениеттің жетегінде кетіп бара жатқан ұрпақ, мәнсап пен байлықтың жолында жанын беруге де дайын ашкөз жаңа буын, қу тірліктің қамымен күнделікті ішкен-жегеніне мәз қара тобыр. Мұның бәрі де еш тықпалаусыз, дидактикасыз, көз алдыңыздан өтіп жатады. Автордың баяндау, суреттеу тәсілі осымен қызық та күрделі. «Үмітсіз шайтан», - демекші, осының бәрінің ақырында бір жақсылық болар, бәлкім. «Қожагелдi қарияның күнiне үлкен бiр шелек қымыз беретiн баяғы қызыл биесiнiң тұқымынан емес пе екен?» деп ойлады безере бедiрейген қалпы». Романның оқиғасы қос тізгінделе келе, осылай түйінделеді. Әдепкі туындыларда соқырға таяқ ұстатқандай анық түйін, кейіпкердің келіп жеткен соңғы нүктесі де жоқ. Мүмкін, шешімнің өзі осы болар. Оқырманды ойландырған туынды – құнды туынды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар