Ең ұзақ түн

Бөлісу:

06.11.2020 6940

Күн сейсенбі болғанымен, Тәуелсіздік мерекесіне байланысты берілген демалыстың үшінші күні. Әйел адамға, оның ішінде кішкентай балалары, кәрі енесі бар отбасылы әйелге осындай мейрам күні үй-ішінен іссапармен жырақ кету оңай емес. Десек те, жұмыстың аты – жұмыс. Белгілі бір міндеттеме, жоспарланған тірлік бар. Сол себепті Алматы қаласында болатын маңызды жиналысқа бару үшін дайындала бастады. Дайындалды деген аты болмаса, қолы жүрер емес. Жолға дайындықтан гөрі үйде қалатындар үшін көбірек дайындық жасалып жатқандай. Балаларының мектепке киетін киімдерін шығарды, кешкі тамақтарын әзірледі... тағы басқа да ұсақ-түйек шаруаларды тындырды. Сағатқа қарап еді, бес болып қалыпты.

Сол кезде шахматтан жарысқа кеткен қызын ертіп жолдасы да келді. Қызы өте қуанышты. – Анашым, мен қыздар арасында бірінші орынды иелендім... Бірақ топтық сайыста екінші орынды алдық. Алайда ол да жүлделі орын! – деп, кеудесіне таққан қос медалін сыңғырлатып, қуана кірді.

- Жарайсың, балапаным. Менің ботақанымның қолынан келмейтіні жоқ, - деп анасы да мәз. Бірақ қуаныш аса ұзаққа созылған жоқ. Анасының жол сөмкесін көріп, әлі еркелігі қалмаған қызының көңіл-күйі бұзылды.

- Менің жеңісім үшін қыдырмаймыз ба? Ойын-сауық орталығына барайық, - деп бастырмалата жөнелді.

- Ақ ботақаным, мен қазір Алматыға іссапарға кетуім керек. Бүгін пойызда бір түнеймін. Ертең түстен кейін – жиналыс. Жиналыс біте салысымен қайта пойызға мінемін. Сен ұйқыдан оянам дегенше, мен де үйде боламын. Сосын жақсылап қыдырамыз, - деді анасы қызының бетінен сүйіп. Ерке қыз енді ботадай көзі мөлдіреп әкесіне қарады.

- Мамама ұшаққа билет алып берші. Бүгін үйде қонсын. Ертең ертемен ұшса да жиналысқа үлгереді ғой. Ұшақпен барып келсін, - деп әкесіне қиыла қарады. Қызының көңілін қалдырғысы келмеді ме, әлде өзі де ішінен қимай, осы қуанышты сәтте бірге болғысы келді ме, отағасы да жалма-жан қолындағы ұялы телефонымен әуе билеттерін сататын сайтқа кіріп, билет қарай бастады.

- Билеттер бар екен. Мүмкін шынымен ұшақпен барарсыз? – деді жұбайына.

- Жоқ, болмайды. Мен жалғыз бара жатқан жоқпын. Қасымда әріптестерім бар. Әрі бізге ұшақпен жүруге рұқсат та бермейді. Ертең іссапардың есебін қалай өткіземін... Болмайды... пойызбен бара беремін. Бір-ақ күн. Бұйырса арғы күні таң ата жетіп келмеймін бе?!- деді. – Пойыздың уақыты да жақындап қалды. Сіздер мені шығарып салыңыздар...

- Шынымен де уақыт болып қалыпты ғой. Ендеше заттарыңызды жинаңыз, біз балалармен шығарып салайық, - деді отағасы.

Қызы қанша ерке болғанмен, ата-анасының айтқаны заң! Жалпы бұл отбасының өзіндік қағидаларының бірі – үлкеннің айтқанын орындау. Бұл тәртіпті осы үйдің үлкені - 92 жастағы әжелері орнатқан болатын. Әже күндегі әдетінше кіре беріс бөлмедегі креслоның үстінде отыр. Бұл – кейуананың сүйікті орны. Осы жерде отырып үйге кірген-шыққанды, балалардың жүріс-тұрысын бақылап отырады. Өз бөлмесіне тек жатар алдында ғана баратын әжейдің бұл жер жұмыс орны іспетті.

Келін-баласы мен қос немересінің есікке қарай беттегенін көріп, әжейдің көңілі бұзылды... Кәрі жүрек бір жамандықты сезді ме, келініне қарап, кемсеңдеп жылай бастады.

- Апа, қойыңызшы. Бүгін бәріңізге не болған мен бір алысқа кетіп бара жатқандай? Жиналыс бір-ақ күн. Барам да келем. Тіпті сағынып үлгермейсіздер... – деді келіні. Әжей келінінің маңдайынан сүйіп, батасын берді. – Тез кел. Ойбұй, несін айтасың... сен болмасаң күніміз қараң...- деп күбірлеумен қалды.

Машинада төртеуі де үнсіз келеді. Әрқайсысы өз ойымен әлек. «Мүмкін шынымен ұшақпен барсам қайтеді? Бүгін балалардың қасында болып, бір қуантсам» - деген ой қылаң берсе, «Қой, болмайды! Әріптестерден ұят қой...» деген екінші ой бірінші ойды басып тастайды. Осылай оймен арпалысып отырғанда жаңа вокзалға да келіп жетті. Әп-сәтте қас қарая бастапты.

«Пойыздың келуіне әлі жарты сағат бар. Сіздер бара беріңіздер» - деп Сайра жолдасының қолындағы жол сөмкесін алды. Іссапарға қимай жіберіп тұрғаны жолдасының көзінен байқалады.

- Жарайды онда. Мен балалармен біраз серуендеп келейін. Сосын үйге қайтармыз. Өзіңіз де абай болыңыз. Жолыңыз болсын, - деп жұбайының бетінен сүйіп, балаларын жетектеп, Біржан да қайтуға дайындалды.

Сайра орындықта бір өзі отыр. Біресе сағатқа қарайды, біресе телефонындағы хабарламаларды оқиды. Қасындағы әріптестерімен хабарласуға да қол тимеді. «Мүмкін олар бармайтын шығар. Әлі де кеш емес... Мен шынымен билетті тапсырсам қайтеді... Ұшақпен барсам қалай болар екен?» деген ой да мазалай берді. Билет кассасының алды бос екен... Мүмкін шынымен барып билетімді тапсырсам ба екен?». Ол орнынан бір тұрды. Бір отырды. Бірақ аяғы құрғыр жерге байланып қалған сияқты. Билет кассасына қарай жылжымай қойды...

Осы сәтте жүрдек пойыздың бірінші жолға келіп тоқтайтынын хабарлаған дауыс естілді. Бұрын мән бермепті... дауыс күңгірлеп, қатқыл шыға ма... қалай?!

Баяу жүріп вагонға келді. Жолсеріктер бір жас қыз бен жас жігіт екен. Жүргіншілердің құжаттарын әбден тексерген соң ғана кіргізіп жатыр. «Туу, құжатымды да ұмытып кетпеген екенмін» деген балаң ой жылт етті. «Бала құсап не болды соншама?» деп оны ересек ой зекіп тастады...

Сайра жолсерікке төлқұжатын ұсынды. Сіз электронды билет алған екенсіз, өте беріңіз деді жолсерік қыз жылы жымиып.

Сайра вагонға алғашқы жолаушылардың бірі болып кірді. Әріптестері әлі келмеген екен. Сәлден соң олар да келіп, бәрі орындарына жайғасты. Қасыңда адам барда уақыттың тез өтетін әдеті емес пе?! Бір-бірімен амандық-саулық сұрасып, орындарына жайғасқанша пойыздың жүретін уақыты да болып қалды.

Жолсерік жігіт келіп пойыздағы тазалық бөлмесінің қайда екенін түсіндірді де жолаушыларға сәт сапар тілеп, өз қызметін атқаруға кетті. Купеде барлығы төрт адам, оның үшеуі бірге жиналысқа бара жатқан әріптестер. Тек жоғары сөредегі қыз бала ғана бейтаныс екен. Ол өз орнына көтерілу үшін баспалдақ іздеді. Тальго жүрдек пойызының ерекшеліктері көп. Сол ерекшеліктердің бірі – баспалдағы. «Қап, жаңа жолсеріктен баспалдақты қалай қолданатынын сұрап алмаппыз ғой» деді жолаушылардың бірі. Бірақ жастар тез пайымдағыш емес пе?! Бейтаныс бойжеткен де есіктің жанында ілулі тұрған баспалдақты байқап, оны алып екінші сөреге ілді де, өз орнына көтеріліп кетті. Ал қалған үш әріптес өз әңгімелерін айтып, біраз шүйіркелесіп отыр.

Сайраның ұйқысы келді. Күн ұзаққа үй шаруасымен күйбеңдеп жүріп шаршағанын байқамаған екен. Енді сол сезіле бастады. Әрі манағы қобалжу мен қимастық та басылғандай. Бейтаныс қыздың сөресіне ілініп тұрған баспалдақты алып, Сайра өз сөресіне қойды. Баспалдақ оған сенімсіздеу көрінді. «Селкілдеп тұр ғой, адам құлап кетпес пе екен?» - деген ой келіп, баспалдақты қайтадан тіреді. Қолымен қозғап көріп еді, енді дұрыс салынғандай болды.

Баспалдақтың бірінші таяғынан басып, екіншісіне көтеріле берген... Неден екені белгісіз баспалдақ терезеге қарай сырғи жөнелді. Екі қолымен сөрені ұстап қалмақшы болып қарманып еді, қапелімде қолына ешнәрсе ілінбеді. Сайра өзінің дәрменсіздігін, құлап бара жатқанын сезінді...

Бәрі әп сәтте болды. Сайраның аяғы ілінген баспалдақ барып бірінші сөреде отырған әріптесінің басына соқты. Ал қолымен ешнәрсе қармап үлгермеген Сайра жерге шалқасынан құлады.

Қас қағым сәтте бар салмағымен шалқасынан құлаған Сайра өзінің еш нәрсеге соқпағанын, басы мен қолдары жеп-жеңіл болып кеткенін сезді және бел омыртқасының күтір ете қалғанын да сезді. Бірінші ойы «басым ауырмады ғой» деген ой болды. Ізе-шала «омыртқам сау ма екен?» деген сауал келді. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дейді қазекем. Көңіл жүйрік екен... Бірінші адамның басына ой келеді екен, содан кейін барып ауырсыну сезімі келеді екен. Әйтеуір Сайраның дәл қазіргі халінде басына алдымен осы ойлар келді. Содан кейін ауырсыну сезімі басталды. Содан кейін барып жағдайының мәз емес екенін сезінді... Сезінді де Алланы есіне алды....

Сайраның кеудесін шаншыған ауырсыну сезімі күшейіп, демі жиілей бастады. Кеудесін кере дем алғысы келеді. Орнынан тұрғысы келеді... Бірақ оған дәрмен жоқ. «Иә, жаратқан, қазір ала көрме. Шыбын жанымды қалдыр» деді ышқынып. «Күнәларымды кешіре көр» деді күбірлеп. Бес жасында әжесінен үйренген Құлқуалла мен Алхамды оқыды (Ықылас және Фатиха сүрелері). Әжесі үнемі Құлқуалла мен Алхамды ұмытпа. Қиналсаң да, қуансаң да осы екі сүрені қайталаңдар» деп отыратын. Өзі де жұма сайын жеті нан таратып, осы сүрелерді оқып, «үш құлқуалла бір алхам құраның болсын, қараңғы көрің жарық болсын, ауыр топырағың жеңіл болсын, пейіштің төрінде бол, ұшпақтың қауымында бол. Құдай үшін бағыштаған осы дұғам шалымның рухына тие берсін» деп отыратын. Ал немерелері «атамның рухына тие берсін» деп шүпірлесе беттерін сипайтын. Ол кезде бұл сөздердің астарын ойлау қайда?! Сайра қатты қиналып жатып әжесінің осы дұғасын есіне алды. «Неге шалы? Неге ата-анасын қасына қоспады екен? Әжем қайда екен? Жұмаққа барды ма екен? Өмір бойы шалына қызмет етіп өтіп еді» - деген ойлар келді. Ол ойлармен бірге қорқыныш жақындады. «Мен қайда барам? Жұмаққа барғым келеді... Лә илләхи иллә алла, Мұхаммед расул алла» деп күбірлей ышқынды. Демі тарылып, ауру күшейіп барады.

Жан-жақ абыр-сабыр. Сайра ұзыннан түсіп құлаған. Аяғы терезе жақта, басы есікте. Бойы қысқа адам болса, жеңілдеу болар ма еді. Ал ұзыннан түсіп құлаған бойшаң Сайраның басы есікке барып тіреліп, сыртқа кіріп-шығуды қиындатып жіберді. Сайраның аяғы мен баспалдақ соққан әріптесінің шекесі жарылмағанымен, күп болып ісіп кеткен. Сырттан мұз сұрап, ол әлек. Ішке кіріп, не болғанын біле алмай сыртта жолсеріктер әлек. Сөйтіп тұрғанда есікті жартылай ашып, жолсерік жігіт ішке кірді. Жерде жатқан Сайраны бірінші сөреге көтеріп жатқызбақшы.

Сайра жолсеріктен өзін қозғамауын өтінді. Бір күш «қозғалма, саған қозғалуға болмайды. Шыда, шыдай тұр» деп сыбырлайтындай.

«Жерде қалай жатасыз? Қарағандыға дейін әлі 45 минут бар. Тұрмасаңыз, есіктен сырттағы адамдар кіре алмайды. Әрі еден де сұп-суық, жел улеп тұр. Қалай шыдайсыз?» деп жолсерік әлі де тұрғызудың қамын жасауда. «Шыдаймын!» деді Сайра жұлып алғандай. «Сендер менің басыма жастық салып, үстіме көрпеше жабыңдар. Осылай жата беремін» - деп, бой бермеді.

Сайра ауырғанын ешкімге сездірмей, шыдап-ақ жатыр. Әріптестерінен телефонын алып беруін өтінді. Жолдасына телефон соғып еді, көтермеді. Құдағайына телефон соқты. Оның туыстары – қарағандылықтар. Өте ашық, жүректері кең, қайырымды адамдар. Сайра құдағайынан туыстарына хабар беруін сұрады. Өзінің пойызда құлағанын айтып, олардың көмегі қажет болатынын ескертті.

45 минуттың қалай өткені бір Аллаға және Сайраға аян. Бұған дейінгі көрген бейнет, шеккен азап ойыншықтай көрінді. «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деп атам қазақ қалай тауып айтқан. Сай-сүйегі сырқырап барады, жанын жеп барады-ау, жеп барады. Сонда да бір күрсінбей шыдап жатыр, тек іштей білген сүрелерін кезекпе-кезек оқи береді, оқи береді.

Міне, пойыз Қарағандыға да жетті. Сырттан құдашасы Бақытжанның даусы естілді. Жылы дауыс, таныс үн. Купеге дәрігер мен мейірбике кірді. Дәрігер 60-ты алқымдаған әйел адам екен, мейірбике жас қыз.

Дәрігер әйел Сайраға біраз сұрақтар қойып, жамбасына ауырсынуды басатын дәрі екті. Содан соң ауыр бір күрсінді де, жолсерікке қарап пойыздан түсіріп алу керектігін айтты.

Мейірбике қолындағы жасыл түсті бірезент зембілді жерге төседі. Құдды соғыс киноларда көрсететін жаралы солдаттарды тасуға қолданған жасыл зембіл дерсің. Көнелігі де сол замандардың дүниесі тәрізді. Жолсерігі бар, дәрігері бар, мейірбикесі бар әупірімдеп жүріп Сайраны зембілге жатқызды. Манағы ауырған әншейін екен. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей нағыз сай-сүйегіңді сырқыратқан ауру енді басталды. Манадан бері дымын шығармай тістеніп жатқан Сайра енді ұятты да, сабырды да ұмытты. Дүние төңкеріліп кеткендей. Ауру бебеу қақтырып барады. Зембілге салды деген аты. Брезент зембіл Сайраның салмағымен созылып, бар күш онсыз да сынық омыртқаға түсті.

«Жауда да бір үйің болсын» дегенді халқымыз тегін айтпаса керек. Жолсерік пен дәрігердің қолындағы зембілді есіктің сыртында күтіп тұрған құда балалар ұстай алды. Ал құдашасы Бақытжан болса шыр-пыр етіп, қос қолымен Сайраның белінен демеді.

Бақытжанның қолы қандай жұмсақ, қандай жылы еді. Манадан бері жел улеген тас еденде жатқан Сайраға Бақытжанның жып-жылы алақаны жағып барады. Осы алақанның жылуы ғана мұрнының ұшына келген шыбын жанын шығармай тұрғандай.

Тальго жүрдек пойызы адам баласына арналмаған-ау. Вагонның дәлізінен зембілді шығармақ түгілі, екі адам қатар өту мүмкін емес. Әсіресе дәретхана есігі мен су құйылған ыдыс орналасқан бұрылыстан көтеріп өткізу қиямет қайымға айналды. Бақытжан жалма-жан үстіндегі сырт киімін еденге тастап, Сайраны зембілмен қоса соның үстіне жатқызып, барынша мұқият сүйрей жөнелді. Басқаша шығару мүмкін емес еді...

Сайраны әкеліп жедел-жәрдем зембіліне салғанда ол есін бір біліп, бір білмей жатқан. Дәрігер әйел қажетті ем-домын жасауда. «Соншама мейірімді жан екен. Алла разы болсын» деген ой жылт етті. Тағы да білетін дұғаларын оқып, тілін кәлимаға келтірді.

Қасында қаумалаған құда балалар мен құдашаларын көріп, Сайраның көңілі босады. Көзінен жас парлап жатыр. Бұл ненің жасы? Аурудан қиналғандықтан шыққан жас па? Жақындарын көргенде, олардың жанашырлығын сезгенде көңілі босағандықтан шықты ма? Шыбын жанының әзірге аман қалғанына риза болды ма? Әлде қанша дәм-тұзы қалғанын білмегендіктен, мына жалған дүниені қимағандықтан шыққан өксік пе? Әлде... Мұның ішінде осылардың бәрі де бар сияқты?! Барлығы қосылып келіп көзінен жас боп ағылып жатыр, ағылып жатыр...

Жедел-жәрдем көлігі жүйтки жөнелді. Әп-сәтте ауруханаға да жетті. Төменгі сөреде отырған әріптесін де екінші жедел-жәрдеммен осы ауруханаға алып келіпті. Оның басына зақым келгенмен, жағдайы Сайраның халінен әлдеқайда жеңілдеу көрінеді.

Кезекші дәрігер келіп қабылдау бөліміндегі қос науқасты қарап, зертханалық сынамалар тапсыру қажеттігін айтып, мейірбикелерге тапсырма берді. Бір мейірбике келіп қан қысымын өлшеді, енді бірі келіп тамырынан қан алды. Сайраның алдындағы тағы бір азап – рентгенге түсу болатын. Рентгеннен кейін МРТ кабинетіне әкеліп, толық тексеруден өткізді. Сайраға зембілден түсіп, медициналық аппараттарға жату оңай емес. Жылжыған сайын ауыырсыну сезімі шарықтай түседі. Бақытжан бұл жолы да Сайраны жалғыз қалдырмады. Зембілдің бір жағынан сүйреп, кабинеттен кабинетке жүгіріп жүр. Бұларды қайтадан қабылдау бөлмесіне әкелді.

Қабылдау бөлмесіне қасындағы әріптесі де келді. Оның түрі Сайраға ренжулі көрінді. Оған мейірбике «Сіздің рентген түсірілімдеріңіз жақсы. Ешқандай ауытқу жоқ» деп жатыр. «Ол кісіне неге рентгенге түсірді екен?» деп ойлады Сайра. Сол арада төтенше жағдайдың қалай орын алғанын білу үшін тергеуші де келді. Тергеушінің сұрақтарына жауап беруден бас тартып, Нұр-Сұлтан қаласына апаратын такси шақыртып, әріптесі жолға дайындалды. Өңінде шаршау, абыржу, реніш бар. Қысылтаяң шақта адам әртүрлі мінез танытады емес пе? Ару жанына батты ма, әлде дәрігерлер айтарлықтай көңіл бөлмеді деген реніші болды ма... ешкіммен қоштаспастан шыға жөнелді.

...Тергеуші жауап алып болам дегенше де біраз уақыт өтті. Бұл кезде Бақытжандар астаналықтармен хабарласып, науқасты елордаға жеткізетін көлікті тапқан болатын. Көлікпен жолға шығар алдында аурухананың біраз құжаттарына қол қойды. Сайраның омыртқасы сыныпты, ота жасау керек. Ондай ота облыстық ауруханада жасалмайды екен. Ол үшін елордаға жету керек.

Түнделетіп жолға шықты. Қарағанды мен елорданың арасы жақын болғанымен қыстың күні жылдамдықты азайтуға тура келеді. Оның үстіне бірнеше күн қар борап, жолды жауып тастаған. Бүгін ғана жол ашылып, енді-енді қатынас орнаған еді. «Не берсе де жеңілін берсін» деген осы-ау. Пойызда құлағаны – Алланың сынағы, Сайраның көретін бейнеті. Бірақ сынақты берген Алла жеңіл жолын да беріп келеді. Ол – Қарағандыға дейін құлағаны. Оқиға Қарағандыдан кейін орын алғанда тіпті қиын болар ма еді?! Сарышығанда мұндай емхана да, мүмкіндік те, таныс не туыс та жоқ. Әрі бүгін жолдың ашыла қойғаны да бір ғанибет болды.

Жедел жәрдем көлігі ілбіп келеді. Іште ауыр науқас жатқанда жылдамдықты асыруға болмайды. Әр шоқалақтан өткен сайын, Бақытжан Сайраның денесін құшақтап, тепе-теңдікті сақтауға ұмтылады. Сайра дірілдеп жатыр. Бақытжан сырт киімін шешіп, Сайраның үстіне жапты. Тоңып жатыр деп ойласа керек. Сайраның дірілі тоңғаннан емес, мүмкін ауырсынудан болар, әлде сынған омыртқа жұлын талшықтарына тиіп жатыр...

Машина кілт тоқтады. Жедел жәрдемнің шопыры мен алдыңғы орындықта отырған фельдшер іштегі дәрігерге бірнәрсе деп күбірлейді. Сайраның естігені «жолдан сәл алшақтау жерде көлік төңкеріліпті» деген сөздер болды.

Иә, шынымен көпірден асыңқырап бір көлік аударылып жатыр екен. Жедел-жәрдемдегілер қолдарына қажетті құрал-жабдықтарын алып, машинадан түсе бастады.

Сыртта не болып жатқанын Сайра Бақытжаннан естіді. Жол үстінде бір ер адамның мүрдесі жатқан көрінеді. Шамасы көлік аударылғанда екпінмен ұшып кетсе керек. Жол шетінде бір әйел адам жатыр. Жедел-жәрдемнен түскендер әйелге көмек көрсетуге ұмтылды.

Сайра қалың ой құшағына енді. «Иә, құдіреті күшті Алла. Әйелді аман алып қала көр» деп тіледі. «Бұл не? Маған нені білдіргің келді, жаратқан ием. Бұл не белгің? Әлде осы әйелге көмектесу үшін бізді жолға шығардың ба? Әлде осы әйелдің сауабын маған тигізейін дедің бе?» Ойына әріптесі түсті. «Сол болмағай. Мана таксимен кетіп еді. Үйіне аман-есен жетті ме екен? Аман барса екен» деген ойлардың бірі келіп, бірі кетіп жатыр.

Сырттағылар машинаға келіп мінді. Айтуларынша ер адам қайтыс болған. Әйелдің халі мүшкіл... Жүргізуші көлікті енді оталдыра бергенде апатқа ұшыраған машинадан аман қалған бір ер адам жедел-жәрдемнің алдына жүгіріп шықты. Өңі бұзылып кеткен, даусы тым қатқыл. Жаңа ғана өздері алғашқы көмек көрсеткен әйелді алып кетуін сұрайды. Үнінде өтініштен гөрі талап ету басым. Алдыңғы орындықта отырған фельдшер бір жедел жәрдем көлігімен екі ауыр науқасты алып жүруге болмайтынын, іште де бір науқастың жатқанын қанша түсіндіргісі келсе де, әлгі адам түсінетін халде емес. Енді болмаса күш көрсетуге оқтайланғандай. Сол кезде қаладан бұларға арнайы келе жатқан жедел жәрдем де жетті. Тіпті ол жедел жәрдем науқастарды салып алып, бұларды басып озды.

Бұлар ауруханаға келгенде әлі таң ата қоймаған. Сағат үш пен төрттің арасы болатын. Жедел жәрдем көлігі Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтының қабылдау бөлімінің алдына барып тоқтады. Сайраның жары, құда-құдағайы, жолдастары күтіп тұр екен. Бәрі үнсіз, көздерінде мұң, абыржу, шарасыздық бар. Сайраның көзі жолдасына түсті. Жүнжіп кетіпті. Ұнжырғасы түсіп кеткен. «Аурудан аяған күштірек» деген осы екен-ау деді іштей.

Сайра барынша өзін ұстауға тырысты. «Осылай болып қалды. Орта жолдан қайтып келдім» деді езу тартып. Бар күшін жинап, күлуге тырысты. Бірақ жанарынан аққан жас қос самайына төгілуде. Құдды көзі енді ғана ашылған бұлақ дерсің...

Қабылдау бөлмесіндегі кезекші мейірбике тым сұсты, ашушаң көрінді.. Әлде ұйқысын қимай отыр, әлде бұл науқастың қасына сонша жанашырлардың үймелей қалғанын жақтырмады. «Орныңыздан тұрып, мына жерге өтіңіз» деді қатқыл үнмен. «Орнымнан тұра алмаймын. Маған көмектеспесеңіз» деді кінәлі адамдай күмілжіп Сайра. «Неге тұрмайсыз? Тіпті тоқсандағы кемпір-шал да өздері қимылдайды. Келіңіз мұнда» деп шаңқ ете қалды. Пойыздағы дәрігер, Қарағанды облыстық ауруханасындағы медициналық қызметкерлер, жедел жәрдемдегі дәрігерлер тарапынан тек қана жанашырлық, қамқорлық пен мейірім сезіп келген Сайраға мына қызметкердің сөзі шынымен-ақ түрпідей тиді. Өзі тұра алатын болса, мына күйге түспесе, бұл ауруханада несі бар?

Сол кезде кезекші дәрігер де келді. Оқиғаның қалай орын алғанын сұрады. Тағы да қажетті сұрақтарын қойып, Қарағандының ауруханасынан әкелген құжаттары мен рентген түсірілімдерін қарады. «Аты-жөніңіз кім дейсіз?» деп қайта сұрады дәрігер.

- Сайра Кәдірханова.

- Ендеше неге бұл құжатта Дана Сенбина деп жазулы тұр.

- Білмеймін, - деді Сайра. Дана Сенбина менің әріптесімнің аты-жөні.

Сайра ойланып қалды. Демек Дана екеуінің құжаттарын қате толтырған болды ғой. Бірақ тек аты-жөндерін ғана ауыстырыпты. Ал рентген суреті Сайраның өзінікі.

- Құлағаныңызға неше сағат болды? – деді дәрігер. Жауапты естіп болғаннан кейін аяқтарын қозғауын өтінді. Сайраның аяқтары күшпен қозғалады. Қозғаған сәтте қатты ауырады, әйтсе де қозғалып тұр.

- Бәрі дұрыс, - деді дәрігер қуанышты үнмен. - Омыртқаңыз жаңқаланып сынған. Бірақ жұлын зақымданбағанға ұқсайды. Егер жұлын зақымданса, екі сағаттан кейін сіз аяғыңызды қозғай алмай, сал болып қалар едіңіз.

«Бұл кісіні қозғауға болмайды, - деді дәрігер әлгі қатқыл мейірбикеге бұрылып. Қажетті анализдерін алыңыз да тездетіп палатаға көтеруге даярлаңыз.

Міне, Сайраны сүйреткен зембіл аурухананың дәлізімен жылжып келеді. Жолдасы да жанынан бір сәтке қалар емес. Сайра бұл жалғанда өзін аса қажет ететін бір жан бар екенін бұрыннан білетін. Қазір де сол жан қасында. Жан азабын да, тән азабын да бөлісіп, еріп келеді.

Палатаға да кірді. Енді Сайраны тағы бір азап күтіп тұр. Ол зембілден түсіп, төсекке жату. Бірнеше адам жан-жақтан көтермек болған. Бірақ олардың қолы тиісімен-ақ шырқыратқан ауырсыну сезімі бебеу қақтырды. Бәрі жалма-жан қолдарын тарта қойды. «Зембілді керуетке мейлінше жақын қояйық, сіз өзіңіз жылжып көріңіз» - деді мейірбике. Бұл мейірбикенің жүзі өте жылы екен, үні де құлаққа жағымды.

Сайра алдымен сол қапталына бұрылды. Жайлап керуетке қарай қолын созды. Керуеттің бүйірінде темір тіреу бар екен. Оң қолымен тіреуден ұстап, жайлап сырғымақшы болған. Бірақ тіреуге қолы жетер емес. Осындай да енді керует болады екен-ау. Құдды екі адамға арналғандай.

Сайра оң қолымен керуеттің бас жағындағы темір тіреуді ұстады. Кеудісімен оңға қарай жылжып, сол қолымен зембілді ысырмақшы болды. Кеудесі аздап жылжығанымен аяқтары орнынан қозғалмады. Құдды зембілге жабысып қалғандай. Бар күшін салып оң аяғын керуетке қарай созды. Аяғы мен кеудесі құдды екі адамның денесі сияқты. Құдды бір-бірінен ажырап қалғандай, бір тұтас денене екі бөлікке бөлінгендей, бірін-бірі тыңдар емес.

Біресе оң қолымен тіреуішке тартыла кеудесін сүйреп, біресе қос аяғын кезек жылжытып керуеттің шетіне де ілікті-ау. Осы сәтті күтіп тұрған мейірбике бастаған жанашырлар Сайраның сол қапталынан бір мезетте көтеріп, керуетке жатқызды. Керуеттің сол жақ қапталындағы темір тіреуішті көтеріп, үстіне жылы көрпешені жапты.

Бөлмеде Сайра жолдасымен оңаша қалды. Екі адамдық бөлме Сайраның бағына бос екен. Дәрігерлерден рұқсат алған жолдасы қасында боламын деп шешті. Екеуі де үнсіз жатыр. Екеуі де оймен іштей арпалысуда. «Ертеңгі күніміз не болады?» деген сұрақ екеуін де мазалауда. Бірақ бірінің жанын бірі жаралаудан қорыққан жұбайлар үнсіз жатыр. Екеуінің де кеудесін күрсініс кернеп барады. Бірақ екеуі де бірін-бірі аяғандықтан қиналғандарын сездірер емес. Екеуі де күбірлеп, бір Жаратқанға жалбарынуда.

Сайра терезеге қарады. Таң атар емес. Есіне анасының сөзі түсті. «Қырық жыл аштық, қырық жыл тоқтық жоқ» - деп отыратын марқұм анасы, - «Қанша қиындық болса да шыдау керек. Сабыр түбі сары алтын. Түннің артынан күннің шығатыны сияқты қиындықтың артында да бір жақсылық тұрады».

Сайра тағы терезеге қарады. Қыстың ұзақ түні тұмшалап тұр. Қою қараңғылық басқан. «Осындай да ұзақ түн болады екен-ау... Тезірек таң атса екен... »

Мына түн неткен ұзақ еді... Ең ұзақ түн... Сайраның сынған сүйектері ғана емес, басы да ауыра бастады. Өне бойы зіл батпан... Құдды бір ауыр жүк құлап, соның астында қалғандай сезінді. Осы кезде есіктен кезекші мейірбике бас сұқты. Қолындағы ауруды басатын және ұйықтататын дәрісін екті. Бүгінше осымен шектелетінін, ем-дом ертеңнен басталатынын айтып, шығып кетті.

Иә, тезірек ертең болса екен деді Сайра. Анасы дұрыс айтады, бүгінгі қиындық ертең жеңілдейді, ал арғы күні ұмыт болады. Тек төзім керек.

Терезеге тағы қарады. Әлі түн, қап-қараңғы қою түн... Сайраның көзі ілініп бара жатып, таңның шапағын байқады. «Таң да атты» - деді іштей. Анасы қашан да дұрыс айтады...

Сая Итегулова

Астана, 2020 жыл.

Көрнекі сурет ашық интернет көздерінен алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар