Бану Дәулетбаева. Төлеухан, кітап және инстаграм

Бөлісу:

12.02.2021 4173

(әңгіме)

Төлеухан кітап оқығанды жақсы көретін. Және расында да көп оқитын. Ауылдағы шағын кітапхананың бұрыш-бұрышындағы кітаптың барлығын оқып тауысты. Қашан көрсең қолынан кітабы түспейді. Осы ауылдың поштасына келетін азын-аулақ газет-журнал да Төлеухандыкі. Оны пошташы апай да біліп алған. Келген газетті мекенжайына қарамастан, бірден Төлеуханның үйіне апарып тастайды. Сонымен жұмысы да бітеді.

Төлеухан кітап таңдамайтын. Қолына түскен кітаптың бәрін оқи береді. Қайда жүрсе де қолына кітап ала жүреді. Онысы бірде «Көшпенділер» немесе «Абай жолы» романы болса, келесіде «Маркетинг негіздері» болуы да мүмкін, немесе «Органикалық химия» болуы да ғажап емес. Оның кітапқа деген махаббатын бұ дүниеде ештеңе де сөндіре алмастай еді... Тек...

Бәрін басынан бастайықшы, өзі.

Төлеуханның жасы отызға таяп қалды. Ата-анасы ауыл мұғалімдері болған, осы ауылдың сыйлы адамдары. Жас күнінде жалғыз балаларын ешкім бетінен қаққан жоқ. Солай бола тұра Төлеухан өте жасық болып өсті. Мектепте өтетін пікірсайыстарда білімі бола тұра, өз ойын еш дәлелдеп бере алмаушы еді. Шектен тыс тәрбиелі ме, әлде көңілжықпас мінезінің кесірі ме, әйтеуір, «олай емес былай» деп кесіп айтып көрген кезі жоқ. Біреу бірдеңе десе, «сенікі жөн» дейді, екіншісі қарсы шықса, оған да «сенікі де жөн, негізі» дейтін. Жалпысында да, әр нәрсенің екі ұшы болады емес пе, оның дұрыс, не бұрыс болуы бұл мәселеге қай қырынан қарағанға да байланысты ғой. Әдебиетті қатты жақсы көрді ма, жоқ па, өзі де білмейді. Тек «мұғалімнің баласы көп оқиды, Төлеуханның қолынан кітап түспейді, үндемегені болмаса басы қатты істейтін бала» деп гулеп жүрген жұрттың сөзіне лайық болуға мәжбүр болған да сияқты. Байғұс бала мектеп бітірген соң бірнеше мәрте қалаға оқуға барып қайтты. Бірақ түсе алмады. Әке-шешесі «Өз күшіңмен түсе алмасаң, оның несі білім?» деп ақша беріп, оқуға түсіруден бас тартты. Ауылға келген сайын кездескен ағайын жұрт: «Төлеухан-ау, тағы құлап қалдың ба?», «Айттым ғой, қазіргі заман қалталының заманы, әйтпесе сен түспеген оқуға кім түседі?» деп жанашыр болатын. Бұған Төлеухан да сеніп қалатын. Сеніп қалатын дейтініміз, Төлеухан шын мәнінде, емтихан кезінде бір де бір сұрақтың дұрыс жауабын білмеді. Өзін өзі жұрттың жауабымен жұбатып жүрді. Расында, «ата-анам ақша бермесе, байдың балалары түседі де ол оқуға, мен қайдан түсемін» деп ойлай бастады. Емтиханда сұраққа жауапты білмегені, түптеп келгенде ештеңе де білмейтіні есінен шығып, өзін білімді, бірақ жолы болмаған адам дегенге сене бастады.

Хош, сонымен мектеп бітіргелі де талай жылдар өтті. Төлеуханның «білімді бала» аты қалған жоқ. Әрине, кітаптан басын алмайтын адамды білімді демегенде не деуге болады. Сөйтіп жүргенде білімді жігіт алғаш рет ғашық болды. Аса бір ажарлы болмаса да тоқпақтай бұрымы беліне түскен, көздері баданадай Әдемі деген қыз еді. Тоғызыншы сыныптан соң қалаға тігіншілікті оқытатын колледжге түсіп, жақсы аяқтап келген. Содан былай осы ауылдың жыртығын жамап, келіншектердің көйлегін тігіп беріп жүретін. Өзіне де арзан матадан келістіріп көйлек тігіп алатын. Онысы мен деген қымбат көйлектерден әдемі.

Бірде Төлеухан бір журналдан сымбатты ер кісінің суретін көреді. Сырт келбеті өзіне ұқсайды екен. Тек үстіне киген қоңыр костюм-шалбары мен қолындағы сағаты келісті жігіттің одан әрі сымбатын аша түскендей. Астына "Бәленше» деген газеттің редакторы» деп жазып қойыпты. «Шіркін-ай, қалада осындай бір газетте редактор болмаса да, тілші болып жүргенімде ғой» деп армандаған да қойған. Бір күні ауылдың дүкеніне бір шаруамен бара қалды. Сөреде елеусіз тұрған сағатқа көзі түскенде қуанып-ақ кеткені:

- Ойбай-ау, мынау әлгі сағат қой! - деп дауыстап жіберді. Сатушы әйел «білімді баланың» бұл қылығына таң қалды.

- Ой, құрсын, 500 теңгелік сағат қой, - деді жақтырмай. Әлгінде Қорғасқа барғанда үшеуін ала салып едім, осы біреуі қалды.

- Алып беріңізші!

Сатушы сөреден алып берген сағатты қолына алып, таң қала айналдырып қарады. Дәл өзі! Міне, мына жерінде қолмен қойғандай «Rolex» деген жазуы бар.

- Апыр-ай, шынымен 500 теңге ме?

- Иә. Жігітім, мұндай сағаттар шет елде, қадірін білетін елдерде мыңдаған долларлар тұрады. Бұл ауылда мұның қадірін білетін адам жоқ, әйтпесе баяғыда өтіп кетер еді. Ешкім алмады, саған 450 теңгеге берейін. Жақсы заттың қадірін білетін жігітсің ғой!

Мына сөз Төлеуханды одан әрі қопаңдатып жіберді. Осы ауылда бір көзі ашық адам жоқ, әйтпесе мына «Rolex» сағатын қадіріне жетіп, тағып алмас па еді! Қалтасындағы жеті жүз теңгенің 450-ін санап берді де, сағатты тағып алды. Үйге келе сала әлгі журналдағыдай болмаса да, соған жетеқабыл қоңырлау келген костюм-шалбары бар еді, соны үтіктеп киіп алды. Мына сағатпен бірге шынында да, әлгі журналдағы редактор жігіттен аумай қалды.

Айна алдында әрі-бері сенделіп жүрді де қойды. Кенет, есіне өзінің үп-үлкен жігіт екені, осындайда бір қызға қырындап қоюы да керек екені түсіп, көзіне ауылдағы бар қызды елестетіп шықты. Сонда көз тоқтатып, ұзағырақ елестеткені әлгі Әдемі болды. Мынадай костюммен көзіне түсуге татитын жалғыз адам болса, сол – Әдемі! Әдемі ауылдың орталығында тұрады. Үйінің қасынан кішкентай үйшік ашып қойған, сол жерде тапсырыс қабылдайды. Сағатын көрсетіңкіреп тақты да, үсті-басын түзеп, бірден Әдеміге қарай тартты.

Әдемі әлдене есіне түскендей күлімдеп қойып, іс тігіп отыр екен.

- Сәлем, Әдемі! – дегенде селк ете түсіп, күлкісін тыйып ала қойды.

- Ә, ә, ә, сәлеметсіз бе? Жақсысыз ба?

- Аман-есен. Жақында қалаға бір газетке жұмысқа шақырып еді, мына костюмді сәл реттеп берсең. – Ойламаған жерден зу еткізген өтірігіне өзі де таң қалды. «Асыра сілтеп жіберген жоқпын ба» деген күдігі де болды, бірақ айтылған сөз – атылған оқ, амал жоқ.

- О, керемет екен! Жұмысқа шақырғанын айтамын. Костюміңіз де әдемі екен. Бірақ өзіңізге шап-шақ, қысқартатын ештеңесі жоқ сияқты.

- Солай ма? Қалай дегенмен маманның көзімен қараған жөн ғой деген едім. Сен енді модельер-стилистсің ғой.

- Ой, бізге қайдағы модельерлік?! – Қыз қысыла жауап беріп, төмен қарады. Мұнысы өзіне тым жарасымды еді, әрі біртүрлі аяныш сезімін тудырады екен.

- Модельер деген сенің қасыңда жіп есе алмайды ғой. Атауы ғана болмаса ол да кәдімгі тігінші емес пе?

- Ә, солай ма еді?

Төлеуханға оның түк білмейтіндігі одан әрі ұнай түсті. Өзі бәрін білетін, қамқорлыққа зәру емес қыздарды суқаны сүймейтін. Онда еркек-қатындарға ер адам не үшін қажет? Ер адам болғасын біреуге қамқор болуың керек, өзіңнен төмен әйелге пана болуың керек. Ал мына қызды осы тұрысында қанатының астына паналата қоюға әбден жарап тұр. Сондай жақсы көріп кетті.

- Қалаға барсам, газетке жұмысқа тұрғаннан кейін, сені шақыртып алайын. Нағыз модельер, тіпті модель етіп шығарамын. – Тағы да өтірік соқты. Мұндайы жоқ еді... Амал жоқ, айтылған сөз – атылған оқ.

- Сәттілік тілеймін сізге! Осы ауылдан шығатын бір мықты адам болса, сол сіз болуыңыз керек шығар. Алдымен аман-есен орналасып алыңыз, кейін тағы көре жатармыз.

- Көре жатқаның қалай? Мен сені алып кетемін. Келісесің бе?

Қыз үнсіз төмен қарады.

- Модельер болып қайтейін, кәрі ата-анамды асырауға осы табысым да жетеді. Олар қалаға барғысы келмейді. Тастап тағы кете алмаймын.

- Оларды да алып кетеміз. – «Неге аяқ астынан бөспелігім ұстап кетті? Мұндайым жоқ еді, маған не болды? Әлде мына ғажап сағаттың буы ма екен?» деп сағатын қолымен қысып-қысып қойды.

- Онда телефонымды жазып алыңыз. Барып, орналасқан соң, жағдайыңызға қарап көрерсіз.

Осыдан жарты сағат бұрын ғана көзіне елестетіп тұрып ғашық боп қалған қызының ойы бұдан кетәрі емес екенін ұққандай болды. Манағыдан қаттырақ қанаттанып, қомданып, ұшып кеткісі келді. Бірақ қайда ұшады? Айтқанының бәрі өтірік! Сол есіне түскенде аздап есін жиғандай болып, сағатын көрсете қолын созды.

- Қалам берші. Ұялы телефоным істемей қалып еді. қалаға барған соң жасатып аламын ғой. Сол кезде хабарласамын. Бірақ ойыңнан айнып қалма!

- Көреміз. – Қыз жылы жымиды. Мұнысы тіпті, «Мен сізді жақсы көремін, қайда барсаңыз да еремін ғой» дегендей әсер қалдырды.

Төлеухан қыздың ұялы телефонының нөмірін қоңыр костюмның қалтасындағы қойындәптерге жазып алды. Ұрлана жымиып, қызға «хош» деген белгі беріп, шығып бара жатып қайта бұрылды.

- Костюм дұрыс қой, ә?

- Әрине, бір міні жоқ.

- Сен айтсаң болды. Көріскенше.

Үйге келіп, қоңыр костюмды шешкен соң, сағатын қолына ұстап жатып біраз ойланды. «Әдеміге ненің жұмысын, ненің қаласын айтып кеттім өзі?! Ұят-ай! О неме де сөз де айтпаған, көңіл білдірмеген жігіттің артынан еруге дайын неме ме еді? Осы қазіргі қыздар бұзылған дегені рас. Ойлайтындары ақша. Әлгінде «Әдемі ата-анасын қарайтын адам болса болды, кімге де болса баруға дайын екен» дегенді естіп еді. Сонысы рас болды ғой деймін. Ондай қызды мен не істемекпін? Бірақ, уәде беріп қойдым. Оның үстіне ертең қалаға кетпей қалып жатсам, бүкіл ауыл шулайтын болды ғой. Не істемек керек?».

Біресе қызға уәде беріп қойғанына өкінді, біресе оның жылы жымиып тұрған момақан жүзі елестеп, іші жылыды. Біраз ойланып жатып, әлгі журналды алып, редактор жігіттің суретіне асықпай ұзақ қарады. Ақырында, не де болса қалаға кетуді ойлады.

Ата-анасымен кешкі асқа отырғанда, өзінің қалаға кетуге бел буғанын айтты.

- Әрине, сомадай болып, жұмыссыз жатқаның жөн емес, – деді әкесі.

- Үйдің, есік алдының шаруасы да оңай емес. Жұмыссыз жатқан жоқ. Осының бәрін тындырып отырған Төлеш қой. Бірақ «болатын баланың бетін қақпа, белін бу» деген. Барсаң, бар, қарағым, – деді анасы.

- Бірақ... – деп сәл күмілжіп еді, әкесі: – Ой, ынжық неме, пәтер жалдайтын ақшаны өзім беремін, жұмысқа тұрып алғаныңша, азын-аулақ малдан сатып қарасып тұрармыз. Сонша күмілжігені несі? – деп, тыйып тастады. Төлеуханның айтайын дегені ол емес еді, негізі. «Мені газетке жұмысқа шақыртып алды» деп айтыңдар жұртқа» дегісі келген. Енді еш реті жоқ.

Ертеңіне әке-шешесінің, өзінің жиған-терген ақшасын алып, қалаға тартып отырды. Қалада шешесінің жалғыз інісі бар. Жалғыз екенін аты айтып тұрады. Сатыбалды. Інісіне деп шешесі салып берген бір асым сүр ет пен бір асым жас етін алып келген жиендерін жеңгесі де жақсы қарсы алды. Аймандық-саулық сұрасып болып, шай ішкен кезде де бұл өзінің не шаруамен жүргенін айта алмады. Ертесі күні ерте тұра сала қоңыр костюмы мен сағатын тақты да, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына бір-ақ тартты.

...Көп созбақтайтын ештеңе жоқ. Себебі Төлеуханды күтіп отырған газет редакциясы жоқ. Барды. Әрі бері сандалды да қойды. Екі-үш күн басқа газеттердің де табалдырығын аттап көрді. Ауылдан Төлеухан келетін еді деп күтіп отырған ешкімнің қарасы көрінбеді.

Қоңыр костюм-шалбар мен сағаттың да еш мәні жоқ сияқты. Жоқ сияқты емес, жоқ. Ондай сағат «Саяхаттың» базарында самсап тұр. «Саяхат» демекші, баяғыда Иманғалидың кезінде бас-көз жоқ сүріліп кеткен сол автобекеттің бүгінгі күні орны ғана жатыр. Есесіне қаптаған жайма базар бар. Сол маңда бір бағанада «Жұмыс керек болса, бізге кел» деген мағынадағы хабарландыру тұр екен. Соны жұлып алды да хабарласпақ болып еді. Екінің бірінде, екінің бірінде емес, әрбір қайыршының да бір ұялы телефоны бар мына қалада телефонсыз жүргені есіне түсті. Әкесі мен шешесі қалтасына салып берген ақшадан біразын алып, сол маңнан ұялы телефон сатып алды. Оның үстіне Әдеміні модель жасап шығуға бел байлаған «газет редакторының» «соткасы» болмағаны ұят емес пе? Және анау-мынауы емес, әдемісі болғаны абзал. Осы ойлардан тағы бір жасап қалды. Жұмыстан бұрын Әдеміге телефон соққысы келді. Мына өмірден хабарсыз Әдемі ғой ол. Көздері жаутаңдап күтіп отырған шығар. Сол сәт өзі үлкен өмірдің ну ортасында жүргендей, ал Әдемі алыста, әлдебір сағымның ішінде қалып қойғандай көрініп кетті. Әрі өзінің оған: «Сені алып кетемін, әрі модель, әрі модельер жасап шығамын» деп уәде бергені есіне түсті. Қалайда алып кету керек! Ол үшін, әрине, алдымен жұмыс тауып алу керек. Ақыры, әлгі бағанадан жыртып алған хабарландырудағы телефон нөмірін қорқа-қорқа терді. Тұтқаны көтерген қыз мұны көп сөйлеткен жоқ. Десе де, өзінің жазу-сызудан хабары бар екенін жеткізіп үлгергендей болды. Мұнысын әлгі қыз тіпті, қуана құптады. «Біздің компаниямызда үлкен-үлкен тұлғалар, мықты журналистер, танымал жұлдыздар қызмет етеді, келсеңіз өкінбейсіз» дей келіп, кездесетін жерді, уақытты – барлығын белгілеп тастады. «Бәсе, - деді Төлеухан. – Бұл қаланың барлығы мен сияқты көп кітап оқымаған болар?! Өмір бойы көз майымды тауысып кітап оқығанда ең болмаса, күрекпен қора күрегеннен бөлек, мимен істейтін бір жұмыс табылмауы сұмдық қой».

Ертесі күні айтылған жерге бара қалды. Әдемі офис, тап-таза ақ көйлек пен қара белдемше киген сүйкімді қыз. Күлімдеп, жылы жүзбен қарсы алды. Мынадай жарқыраған офисті, мынадай сүйкімді қызды көргенде кешегі «Саяхат» маңындағы қайыршы жігіті де, бір-бірін қанап, жаншуға дайын саудагерлер де, сұп-сұр көшелері де, тіпті өзіңнің де сол сандалбайлардың бірі болып жүрген күндерің де ұмыт болатындай.

- Келіңіз, мына жерге отырыңыз, - деді әлгі қыз, телефонын шеткері ысырып. – Қалыңыз қалай?

Дауысы қандай ғажап десейші. Мұндай мейірімді дауысты ешқашан естіп көрмеген екен. Кенет жылағысы келіп кетті. Бар арыз-арманын айтып, қаншама талантымен дала кезіп, ия оқуға түсе алмай, ия жөні дұрыс жұмыс таба алмай жүргенін айтып зар илесе ме екен? «Қалыңыз қалай?» деген сұраққа қалай жауап берсе де өзі біледі емес пе? Жоқ, әйел баласының алдында осалдық көрсететін жігіт Төлеухан емес. Іштей өзін қанша қайраса да, дауысы сенімсіздеу шықты.

- Жаман емес.

- Есіміңіз кім болады?

- Төлеухан.

- Жақсы, Төлеухан. Менің атым – Ая. Өзіңді еркін ұста. Және менен қысылып, өзіңіз жайлы жан-жақты баяндауыңызға кедергі болмау үшін мен де бірден сенге көшейін. Төлеухан, есіңде болсын, ешқашан «жаман» деген сөзді қолданба. Яғни, «жаман еместің» орнына «жақсы» деген сөзді пайдалан. Сонда жамандық сенен алыс жүреді. Қолыңнан не келеді?

- Мен, жалпы...

- Жалпылама сөйлеме, нақты сөйле. Арманың бар ма?

- Арман көп қой.

- Көп қой деме, нақтысын айт. Арман дегенді адам көзге нақты елестетіп алып айтуы керек. Мәселен, бір жыл бұрын мен мына машинаның суретін қолыма алып, ұзақ уақыт бойы қарайтынмын. Арманым сол болатын. Бері келші, - деді де, өзі терезеге қарай жүрді. – Анау жерде тұрған дәл осындай көлікті көрдің бе? Сол – менікі. Яғни, нақты армандар ғана жүзеге асады. Жоғары білімің бар ма?

Күмілжімеу керек екенін ескерткені жаңа ғана. Сондықтан «Жоқ» деп қысқа жауап берді.

- Онда былай істейік. Мен сияқты болғың келе ме? Яғни, жоғары білімсіз-ақ армандарыңа қол жеткізгің келе ме?

- Иә.

- Онда біздің тегін тренингке қатыс. Армандарды қалай жүзеге асыруға болатынына көз жеткізгізесің. Тренинг тегін. Тек оған қатысу үшін арнайы продукцияны сатып аласың. Ол продукцияны сатып ақша жасауыңа болады. Ал мұндағы продукция ешқашан далада қалмайды, сатпасаң өзің пайдаланасың. Оны сатудың жолдарын да саған үйретемін. Мынадай Инстаграм деген нәрсе бар. Соған саласың да, жарнама жасайсың. Жұрт оны өзі-ақ талап алып кетеді. Оны сатқан сайын саған пайда түседі.

- Бірақ, мен саудаға жоқ едім...

- Үйреніп кетесің. Өмірде армандарға бастайтын жолдан ешқашан бас тартпа. Сенің әлі күнге өз жолыңды таба алмауың – осы бел шешіп кірісуден қорқатыныңда жатыр. Ештеңеден қорықпа.

- Ол тауар қанша тұрады сонда?

- Басын 200 доллармен бастайсың. Өзіңмен бірге үш адам алып келсең 200 долларыңды бірден қайтарып аласың.

Қысқасы, не керек, Төлеухан тренингке келетін болып шешті. Қалғаны да сол 300 долларға жете қабыл ақша еді, 200 долларын төлеп, бір дорба тіс пастасын, ыдыс жуатын сұйықтық, кір жуатын ұнтақ, жақпамай сияқты кәкір-шүкірге толтырып алып, Сатыбалдының үйіне келді. Кір жуатын ұнтақтың екеуін жеңгесіне берді.

Ертесі күні айтылған жерге бара қалды. Құдай-ау, қазіргі адамдар неткен сұлу. Кілең сұлу қыздар мен келіншектер. Не айтылып жатқанын басында ұққандай еді, артынан басы айналып кетті. Бар ұққаны – жұмаққа келіп түскен сияқты. Мынаның бәрі хор қызы. Неше түрлі қыздар бірінен кейін бірі қаумалап, мұнымен суретке түсті. Кешегі Ая өз сөзінде бұл бизнесте ер адамдардың көп жетістікке жететінін, тек олардың көбі ақылсыздау болып, Төлеухан сияқты жігіттердің кемшін болып жүргенін қадап айтты. Расында, ер адамдар ауыр жұмыстар істейді, мұндай жұмыстардан намыстанады ғой. Ал бұл – баспен істейтін жұмыс. Бас болса, құдайға шүкір, бар. Ендеше, не тұрыс?! Қанаттанып-ақ кетті. Әдеміден әдемі қыздар да толып жүр. Модель жасап әуре болмайсың, шеттерінен модель.

Кештің соңы Аяның үйінде жалғасты. Айтса, айтқандай-ақ кәдімгідей ел аузына ілініп қалған, танымал бола бастаған біраз жұлдыздар бар екен. Өзі мақалаларын оқып, теледидардан көріп тұратын біраз адаммен танысты. Домбыра ұстап, ән салған, атақты әншілер бар екен. Солардың дөп артасына отырып, ән салды, аздап шарап ішті. Ғажап кеш! Мұндай кереметті бұрын-соңды армандамаған екен. Елестетпепті де! Енді Аяны тыңдау керек. Елестете алмаған арманның өзін шынға айналдырған ол, елестетілген арманды мүлде тез орындайтын шығар.

Үйге келген соң, телефоны қолынан түспеді. Кітапқа тіпті қарағысы да жоқ. Инстаграмды ашты да, манағы кеште түскен суреттердің бәрін ақтарып шықты. Мына бір суретте әне бір әдемі әншінің қасында, алысқа қарап ойланып, қоңыр костюмы жарасып, шаштары толқынданып, сымбаты келісіп-ақ кетіпті! Ал мына суретте тіпті, нағыз бай бағланның өзі! Аяның түсіндіруімен жазылып алған жұлдыздарының парақшасынан өзінің сол суретін көру – не деген керемет десеңізші!

Кенет, уатсапқа хат келді. «Төлеухан, сен біздің ортаның адамдарына қатты ұнадың. Армандарыңнан еш уақытта бас тартушы болма! Жетем деген адам жетеді! Бүгін қолыңа қалам ал да, барлық армандарыңның суретін салуға тырыс. Егер сурет сала алмасаң, журналдан қиып ал да, үлкен плакатқа жапсырып, төсегіңнің қасына іліп қой. Менің машинамды көрдің ғой. Демек, сенде де бәрі жақсы болады! Сен нағыз шығармашылық адамысың. Тартыншақтама, жасқанба!». Ая. Өзінің не үшін Әдемінің қорғансыздығына ғашық болғанына жыны келді. Оған неге кісімсіп, «сен модельерсің, сені модель қыламын» деп жүр? Бейшара біреуге қамқор болғысы келуден туындаған не махаббат ол өзі? Егер адамдар жұптасып өмір сүретін болса, әркім өзінің теңімен жұптасып өмір сүрмей ме? Ал Төлеуханның теңі Ая. Аяғысы келсе, Аяны аясын. Қорғаса Аяны қорғасын. Әдеміні ауылдың кез келген жігіті қорғай алады. Төлеухандай жігіт не үшін Әдемінің қасында жүру керек? Инстаграмға тағы көз салып еді, Аяның иегін әнтек көтеріп, басын Төлеуханның иығына қарай қисайта түскен суретіне қарап, жүрегі елжіреп кетті. Мына қыздың болашағы бар. Көздерінде ұшқын бар. Оның қасында өмірге деген құлшынысың артады. Тау қопаруға да дайынсың! Түрлі тәтті қиялдарға беріліп, бүкіл арманын көз алдына елестетіп жатып, ұйықтап кетті.

Оның ертесі Аяның офисіне барып еді, тағы бірнеше журналистер мен кешегі әншілер отыр екен. Бүгін олар Төлеуханмен бұрыннан таныс адамдардай, жылы амандасты. Осының өзі неге тұрады! Кешегі теледидардан көретін атақты адам, қолын беріп, жылы амандасып жатыр. Одан артық не керек? Кеше ғана мына бір журналистің инстаграм парақшасынан осы компания туралы жақсы лебізін оқып еді. «Эфирде жүрген соң осы компанияның өнімдерін пайдаланып сымбатымды сақтап жүрмін» деген сияқты бірдеңе. Сол есіне түсті де «Өмірде эфирдегіден әлдеқайда әдемі екенсіз» деп қалды.

- Әрине, эфир адамға 7-8 кило салмақ қосып тұрады ғой, - деді. Содан әрі қауқылдасып, әңгіме-дүкен құрып біраз отырысты.

Төлеуханның баяғыда кітаптан оқыған біраз нәрсесі өмірде көрініс тауып жатты. Психология, адамның өмірі мен оның мәні, адамгершілік пен басқа да адами құндылықтар, олардың қазіргі қоғамдағы орны мен рөлі туралы, қысқасы не керек, әңгіме болмаған тақырып қалмады десек те болады. Оның арасында сұлулықтың сыры, қазіргі қоғамның әйелі қандай болуы керек деген тақырып көбірек сөз болды. Сөйтсе, қазіргі әйелдер өзін жақсы көретін, жарқын мінезді, позитивті ойлайтын, жаңа өзгерістерге ашық, жаңа көзқарастағы адам болуы керек екен. Қандай пікір айтылса да, сол бір жаңа заман әйелін Әдемімен салыстырумен болды. Өтірік болса да біреу «модель жасаймын, модельер жасаймын» десе, «маған осы да жетеді» деп, төмен қарап мұңайып отырған ол қыз замана дамуынан мүлде артта қалып кеткен қыз. Қысқасы, Төлеуханның көзқарасы 100 пайызға өзгеріп кетті. Әйелге, сұлулыққа деген көзқарасы емес, жалпы өмірге көзқарасы мүлде басқаша көзқарасқа айналды. Кеше ғана бауырына басып, паналатып алғысы келетін қорғансыз әйелді ұнатса, бүгін өзіне өзі сенімді, қандай жағдайда да бақытты бола алатын әйел бейнесін ұнататынын түсінді.

Бірнеше күн ойланып жүрді. Адамгершіліксіз адам емес еді. Сондықтан ауылдағы бір қызды «сені алып кетем» деп алдап жүргені есіне түсіп, ара-арасында ар-ұжданы қинайтыны бар. Осы ар азабынан құтылғысы келді ме, әлде Әдеміге қарағанда Аяны көбірек ұнататыны есіне түсті ме, бір күні кеште отырып, Әдеміге хат жазды. Бұрынғыдай қолмен жазып, поштаға апарып салатын емес, уатсап желісі арқылы жазса тез барады, демек, таңға дейін бұл азаптан құтылып та алады. Алдымен «Аса құрметті Әдемі» деп, леп белгісін қойып бірінші хатты жолдап кеп жіберген. Әдемі болса осыдан кейін екі сағат бойы «Толеухан печатает...» деген жазуды бақылаумен отырды. Ал біздің кейіпкеріміз хатты түгел жазып алып, содан кейін бірден жолдамағанына таң атқанша қатты өкінді. «Не жазып жатыр екен?» деп түрлі қиялға берілген Әдемі оны таңға күте алмады. Бірақ оянып, телефонына қарағанда көрген хаты мынау еді:

«Әдемі! Сен шынымен де өте әдемі адамсың. Жаның да нәзік. Жүрегің таза. Ал шаруа жағына келгенде, тіпті, біздің ауылда саған тең келер қыз жоқ. Әдемі, сен маған ренжімессің деп ойлаймын. Мен саған мұны жазғанша көп ойландым. Сен, әрине жақсы қызсың, бірақ менің теңім емес екенсің. Өйткені мен үлкен қаланың ішінде, атақты адамдар арасында жүрмін. Сені алып кетер болсам, қиналып қаласың ғой. Себебі сенің ортаң бұл емес. Маған оңай болатыны – мен әу бастан шығармашылық адамымын ғой. Ал саған әлі де жақсы азамат кездесеріне сенемін. Өзіңді бақытты ететін азаматты жолықтырсаң, етегінен ұста, мені күтпе. Мен де сенің бақытты болғаныңды тілеймін. Дос ретінде араласып тұруға, хат жазысып - хабар алысуға қарсы емеспін. Интсаграм деген қосымша бар, соны жүктеп ал. Менің өмірім қызықтырса, сол жерден қарарсың. «Tolesha» деген аккаунтпен отырамын».

Әдемі таң атпастан ішегі түйілгенше күлді. «Әй, әумесер, Төлеухан! Менің саған уәде берген жерім бар ма еді? Тіпті сен маған сөз айтқан кезің есімде жоқ. Мен сені неге күтуім керек, неге күтпеуім керек? Қуасың ба?» деп жазып жібергісі келіп, қанша оқталса да, біраз күліп жүре тұрғысы келіп, үнсіз қалды.

Ал оның үнсіздігі Төлеуханды қатты ойлантты. «Әрине, қиын ғой. Сүйген жігіті қалаға кетіп, қайта оралмауы қай қызға да оңай тимейтіні рас. Мазаламайын» деп ойлады.

Ал Әдемі кешкісін Толеша деген аккаунтты тауып, парақшасын қарап көрді. Әне жер, мына жерде әртүрлі адамдармен түскен суреті. Рас, арасында ел танитындары да бар екен.

«Ах, Толеша! Қатырасың сен! Ақымақ-ау, сені күтіп жүрген кім бар? Сен менің теңім емес екенсің дейтіндей, ең болмаса кездесіп, махаббат туралы сөйлесіп те көрмеппіз ғой. Ал мен тіпті бұл жігіт маған сөз салар ма деген ойым да болмаған. Тіпті сүйіп қалсаң да, алдымда домалап жатсаң да, әлемде сенен басқа еркек кіндік қалмаса да саған жоламас едім. Атақты адамдардың арасында қиналасың дей ме? Әй, ақымақ, сенің атақты адамдарыңа түкіргенім бар менің. Қаңғысаң жолың ашық. Қап, күйдіргі!». Бұл Әдемі сұлудың ойы болатын. Күліп қоя салмай қаттырақ күйінгеніне қарағанда егер бұл жігіт қала асып кетпегенде екеу болып өмір сүруге қарсы емес болған сияқты. Сондықтан ба, әлде тағы біраз күлкі еткісі келді ме, «Төлеш, өлтірдіңіз ғой мені!» деген бір ауыз сөз жазып жіберді. Оны оқыған Төлеухан «қайтейін-ай!» деп, жаны ашып, ауыр күрсініп қойды.

Алматының төрінде тауар сатып Төлеухан жүр. Кездескен, орайы келген адамдарға бұл тауарлардың сапасы мен емдік қасиеттері туралы аса ыждаһаттылықпен, мәдениетті түрде түсіндіріп, өткізеді де жібереді. Бірақ бұл бизнестегі басты мақсат - тауар сату емес, адам тарту. Өзінен басқа бір де бір адамды кіргізе алмады. Өткізген тауары күнделікті тамағын да ақтамайды. Ашқұрсақ болып жүреді де қояды. Сатыбалды ағаның үйіндегі жеңгейдің де қабағы шытыла бастаған соң, жатақханадан бөлме жалдап бөлек шығып кеткен. Ол бір қуықтай неме. Бір кереует пен бір орындықтан басқа түк жоқ. Қоңыр костюмды шешіп сол орындықтың иығына іледі де, сағатын үстіне қояды. Сөйтеді де кереуетке жатып инстаграм ақтарады. Құдай бұйырса, өзі де мына бизнесмендер сияқты бай болады. Аз қалды. Сол кезде бұл да қалай ауылды тастап келгенін, жалғыз қоңыр костюмы болғанын, 500 теңгелік сағат таққанын, қуықтай жатақхана бөлмесінде тұрғанын айтып, тренингтер өткізіп тұрады. Өзінің тренинг өткізіп тұрған сәтін елестетіп, айтатын сөзін бір қорытып қойды. «Ештеңеге қарамаңдар. Ешкімнің сөзін елемеңдер! Армандарыңа адал болыңдар! Қиындықтан қашпаңдар! Кез келген нәрсені орта жолдан тастап кетпеңдер! Мен үйленейін деп жүрген қызымнан да бас тарттым. Ол байғұстың мен кеткенде жылағанын көрсеңіз. Мен де оңай қидым деп айта алмаймын. Алайда адам кейде ұлы мұраттарына қол жеткізу үшін кейбір аяулы құндылықтарын да құрбан ете білуі керек. Мен мектепте оқыған кездерімде де, одан кейін де адамдар көп кемсітіп келді. Бәлкім менің оларша ойламайтыным себеп болған шығар. Басқа адамдармен бірдей ойлауға міндетті емес екеніңізді ұмытпаңыз. Осы бизнесті бастаған кезімде менің қалтамда көк тиын да болған жоқ. Барлығына табандылығымның арқасында жеттім». Осылайша, қиялында көпшіліктің алдында сөз сөйлеп болып, жапа-тармағай, «суретке түсейік» деп шуласқан қыздардың ортасында күліп суретке түсіп, одан шығып, есік алдындағы сұр түсті Ландкрузерге отырып жатты.

Ал түсінде үлкен кітапхананың ішін аралап жүр екен. Көп кітаптардың ішінен мұқабасы әдемі біреуін суырып алады, қараса ол ұялы телефон екен дейді, бетіне қараса, инстаграм. Келесісін алады, ол да солай. Кітапханашы апай дегені өзінің шешесі екен. Аласұрып жүріп, басқа кітапханаға келеді. Сөйтсе кітапхана деп келгені кітапхана емес, бизнес орталығы. Мынау соның астындағы киім ательесі. Ішіне кірсе Әдемі отыр. Бетінің оты ду ете түсті. Неге екенін өзі де білмейді. Шыға салып, манағы сұр түсті көлігін іздеді. Айтпақшы Төлеуханда ондай көлік жоқ емес пе? Ояна кетсе, терезе ашық қалған екен. Күн салқындайын деген сияқты. Таңғы ауа тым салқын. Бөлме суық. Терезеден соққан салқын самал қоңыр костюмның кір шала бастаған жеңін желпиді.

Кешегі армандар қайда? Армандар жолында тайсалмау қайда? Орнынан тұрғысы да келмейді. Артынан адам ертіп келе алмағаны үшін Аяның да қазіргі күні қабағы қатулы. Бүгін қалай бармақ? Тағы ешкімді әкеле алмадым десе не болады? Әрі ойлап, бері ойлап, киініп далаға шықты. Күн көтеріліп, біршама жылынып кеткен екен. Баратын жері де белгісіз. Не де болса Аяға барып қайту керек шығар. Жаяулатып офиске жетті. Расында Ая ашулы екен. Ашулы емес, қабағы қатулы. Сәлемі дұрыс болмады. Болмашы ғана бас изеп қоя салды. Бұл да үнсіз отыра берді. Кенет:

- Не істедің? – деді жұлып алғандай. Бұл үндеген жоқ. «Ашуланғаны да өзіне жарасады екен» деп ойлап қойды. – Мен саған қанша айттым? Бұдан артық саған қандай қамқорлық керек? Барынша сүйреп жүрмін. Тіркелгеніңе қанша уақыт болды, әлі бір де бір адам тартпадың. Бұл бизнесті жасайтын адам ширақ болуы керек. Мынадай костюммен жүруге болмайды. Өзі сөлпиіп тұрған адаммен өзге адам қалай сөйлеседі? Қалай сенім артады? Осыдан басқа костюмың жоқ па еді? Адам жұмысқа келгенде арманындағы жұмысқа қалай киініп барғысы келсе, бүгінгі істеп жүрген жұмысына дәл солай киініп баруы керек!

Одан басқа да көп сөз айтты. Киімнің жұмысқа қанша қатысы бар? Түк түсінсе бұйырмасын. Ая артқа бұрылды деген сөз – бүкіл әлем сыртын берді деген сөз екен. Бірден жан-жүрегі құлазып сала берді.

- Өзің болашағыңды қалай елестетесің, айтшы?

- ... Айта алмаймын.

- Неге? Сен өзің қызық екенсің. Елестетіп, айтып көрші. Ең болмаса не арманың бар екенін білейік.

- Ая... Айта алмайтын себебім, болашағымды қандай етіп елестетсем де, сені қолтықтап тұрамын.

Ая тосылып қалды.

- Құры бар! Үйім бар, көлігім бар, жұмысым бар. Мен сені не істеймін? Мүмкін өмір сен ойлағандай шығар, мүмкін материалдық құндылықтар маңызды емес дерсің. Бірақ өз күшіммен жеткен осы дәрежеме сені араластырып қайтемін. Сен маған не бере аласың? Жақсы, тіпті материалдық байлығың болмаған күннің өзінде, рухани бай адамсың ба өзің? Ойланып көрші? Қолыңнан түк келмейді. Оқыған көп кітабыңнан маған не пайда бар, айтшы?!

Үнсіз ғана орнына тұрып жүре берді. Көшені біраз мақсатсыз кезіп, бөлмесіне келді. Телефонын қолына алып, интсаграм ақтарып біраз жатты. Кенет көзіне жас үйіріліп, жылап жіберді. Сөйтті де, Әдеміге хабарлама жазды: «Әдемі! Мен өлгім келеді. Менен ата-анам, бүкіл ауыл үлкен үміт күткен еді. Неге мен солардың бірін де орындай алмадым? Мен неге оқуға түсе алмадым? Өмір неге әділетсіз? Әлде мен шынымен түкке жарамайтын адаммын ба? Егер солай болатын болса, менің жер басып, қара көбейтіп жүргенімнен не пайда? Ақыр аяғы мені өмір өтірікші етті. Тіпті өз өтірігіме өзім сеніп қалатын болыппын. Армандарымның бәрі алдамшы болып шықты. Кешір мені. Менің ата-анамды көрсең сәлем айт. Мен енді жоқпын». Осылай деп жазып, жіберіп кеп қалды да, қатты өкінді. Амал жоқ. Бұл уақта жылап болған еді. Әрі қарай не істейтінін шынымен білмейтін. Бір кезде Әдеміден хабарлама келді.

«Төлеш! Өмірде сен сияқты өзін өзі таба алмай, сандалып жүрген адам көп. Шындап келгенде, адам атаулының барлығы өмірін сол сандалыспен өткізеді. Ештеңеге өкінбе! Жоқпын, оқпын дегенді қой. Ауылда да сан түрлі арманға берілуге болады. Мұнда кітаптар да, инстаграм да бар. Ақыр бір сандалыс болатын болса, ауылда-ақ сандала берейік».

Өмірдің мәнін іздеген Төлеухан қоңыр костюмын киіп, шашын тарады. Сағатын алып, білегіне тақай берді де, аса бір ызақорлықпен терезеден лақтырып кеп жіберді. Сөйтіп сөмкесін арқасына салып, «Саяхат» жақты бетке алды. Адам шіркінде арман таусылған ба, ауылға, ата-анасының қасына барып, Әдеміге үйленіп, оны ауылдың модельері де, моделі де етемін деп өзіне уәде беріп қояды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар