Мәдениет министрімен балалар жазушыларының кездесуі болып өтті
Бөлісу:
23 сәуір – халықаралық кітап және авторлық құқық күнінде қазақстандық балалар жазушыларының ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен онлайн кездесуі болып өтті. Оған балалар жазушылары ғана емес, ҚР Парламент депутаттары, баспагерлер мен кітапханашылар да қатысты.
«Балалар әдебиеті мәселелері» жиынында сөйлеген алғысөзінде министр балалар мен жасөспірімдер оқуы жылы бір жыл ғана болып қоймай, әрі қарай да жалғасын таба беретінін, балалар әдебиетінің дамуына үкімет тарапынан қолдаудың ешқашан үзілмейтінін айта келіп, биылғы жылы балаларға арналған кітаптар 40 атау бойынша 120 000 таралыммен шығып, кітапханаларға тегін таратылатынын айтты. Сол сияқты, биыл жазушылардың кітаптарының көптеп шығарылуына жағдай жасалатынын алға тартты.
Он жыл ішінде республикалық бюджеттен балалар әдебиетіне 424 млн. теңге қаражат бөлінсе, 2021 жылы осы бюджеттің жартысынан көбі, яғни, 227 млн. теңге бөлініп отыр.
«Кіші бағдарлама» деп аталатын көтерер жүгі үлкен мемлекеттік бағдарлама бойынша ақпан-сәуір айларында авторлардан электронды түрде гонорар төлеу үшін ұсыныс қабылданады», - дей келе, министр сәуір-қыркүйек айларында мемлекет есебінен келесі жылы шығарылатын кітаптарға электронды форматта ұсыныс қабылданатынын ескертті.
Биылғы жылы әдеби конкурстардың көбірек өткізілуі көзделеді, сол сияқты, «Бердібек Соқпақбаев атындағы сыйлық» тапсыру жоспарланып отыр.
Ақын, ҚР Парламент депутаты Жанарбек Әшімжан: «Балдырған» оқымаған бала өскенде роман оқымайды» дей келе, қазір заманның өзгеруіне қарай, бала да өзгергенін, осы ерекшелікті ескере отырып қағаз кітаптар ғана емес, жаңа таным, жаңа талғамдағы кітаптардың электронды нұсқасы да көптеп ұсынылуы қажеттігін баса айтты.
Белгілі балалар ақыны Серікбол Хасан қазіргі баспалардың балаларға арналған кітаптарды басып шығуға бейімделмегенін айтып, суретші-иллюстраторлардың жетіспей жататынына тоқталды. Балалар ақыны 1982 жылдан бері бір де бір рет балалар жазушысы Мемлекеттік сыйлық иегері атанбағанын айтты.
«Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағұлұмов «Балалар әдебиеті бір жыл емес, бес жылға созылсын» деген пікірін білдірді. Сол сияқты, жиынға қатысқан қаламгерлер балалар жазушыларына арналған әдеби байқаулардың көптеп өткізілуі қажеттігін айтты.
Сәдібек Түгел, Шәкір Ыбыраев, Көпен Әмірбек сынды белгілі қаламгерлер «2021 жылды Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жылы болсын деп бастама көтерген ҚР Ұлттық академиялық кітапхана еді», - дей келе, балалар мен жасөспірімдер оқуы жылына орай, руханият қарашаңырағы көптеген ізгі бастамаларға мұрындық болып отырғанын атап өтті. Кітапхана басшысы, педагогика ғылымдарының докторы Үмітхан Мұңалбаева өз сөзінде балаларға арналған гимн жоқ екенін айтып, оның сөзін жазатын автор ретінде танымал ақын Ұлықбек Есдәулетті ұсынса, музыкасын жазуға кәсіби композитор болып табылатын министр Райымқұлованың өзіне ұсыныс жасады.
Қатысушылардың ішінде балалар әдебиетін дамытуға орай ұсыныстан гөрі бұл саланың проблемаларын қозғап кеткендер көп болды. Сол сияқты, жалпы көзделген жобаның оң шешімдерін ұсынбастан бұрын, жеке мүддесін алға тартқандар да дараланып көрінді. Бұл саланы білмейтін, дайындықсыз келген спикерлер де біраз алтын уақытты алғаны өкінішті, дегенмен, «көш жүре түзелетініне» сенейік.
Кітапхана жанындағы «Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін дамыту жобасының» бір мүшесі болғандықтан, әріптесім, Кеңес төрағасы Ербол Бейілханның балалар әдебиеті жылына орай дайындаған ұсыныстарын толық бере кетуді жөн көрдім:
Қазақ мифтік, ертегі кейіпкерлеріне арнап «Ертегілер елі» атты үлкен ойын-сауық орталығы ашылса. Мәселен, Францияда, Лос-Анджелесте әлемдегі ең ірі балалар кешені – осындай орталықтар (Диснейленд) орналасқан. Қазақстан да өзінің халық ауыз әдебиеті мұраларын насихаттау мақсатында «Ертегілер елі» балалар орталығын ашса деген ұсыныс бар. «Ертегілер елі» атты үлкен ойын-сауық орталығының ішінде «Балалар мұражайы» болғаны дұрыс. Қазақстан ойыншық өндіру өнеркәсібін жетілдірмей – балаларды кітап оқуға толық баули алмайды. Оның себебі – бала мектепке бармас бұрын бірден қолына кітап алмайды. Ең әуелі ойыншық ойнайды. Ол көркем шығарма кейіпкерлерін ойыншық арқылы таниды. Бұған бүгінгі балалар күнделікті тұрмыста қолданып, ойынға пайдаланып жатқан (яки, ойнап жатқан) шетелдік ойыншықтар куә. Мәселен, бүкіл әлемдегі Mattel ойыншық фабриксы ірі киностудиялармен конвенция (келісімшарт) жасай отырып, ойыншық өндіреді. Ал шетелдегі киностудиялар кітап желісі бойынша фильм түсіретіні баршамызға белгілі. Қазақстанда да әр көркем шығарма кейіпкерінің ойыншығы өндірілуі қажет. Осы бастамалардың барлығының «Ертегілер елі» балалар орталығында топтастырылғанын қалаймын. Қысқа айтып отырмын, бізде бұны жүзеге асырудың толық бағдармалары бар. «Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау Кеңесі» жанынан «Көркемдік кеңес» құрылғаны дұрыс. Қазір балаларға арналып көптеген шығармалар, анимациялық фильмдер, комикстер жарық көріп жатыр. Өкінішке орай, кейбірінде біздің танымызға жат жоргондар мен көше тілі орын алуда. Балаларға арнап жазылған, шығарылатын барлық дүниелерді осы көркемдік кеңестің талқысына салсақ, сараптамасынан өткізсек ондай олқылықтар болмас еді. Көркемдік кеңеске танымал тіл мамандары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері тартылады. Кеңес мүшелеріне жоғары статус беріліп, грант төленсе деген ұсынысымыз бар.ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен белгіленген «Балалар мен жасөспірімдер кітап оқуын қолдау жылы» аясында төмендегі әдеби байқауларды өткізу міндетті болмақ. Біз балалар шығармашылығына арналған республиакалық байқаулар өткізу арқылы, балаларға арналған тың дүниелерді жинақтап, антология ретінде шығарып, балалар әдебиетінің қорын молайта аламыз. Балалар жазушыларын ынталандырамыз. Жыл басталғалы 4 ай өте шықты. Жуық арада балалар шығармашылығына арналған бірнеше жанрда республикалық байқау жарияласақ деген ұсыныс бар.
Балалар шығармашылығына арнап ұсынылатын әдеби байқаулар:
Проза жанры бойынша байқаулар тізімі:
- «Кәусар» балалар мен жасөспірімдерге арналған проза байқауы;
- «Аяз би» балаларға арналған ертегілер байқауы (шыншыл ертегілер жазу);
- «Кіші ремарка» балаларға арналған драматургия байқауы (драма жазу байқауы);
- «Менің атым – Қожа» киносценарий жазу байқауы (балаларға арналған көркем фильмдердің сценарийлер);
Өлең сөз байқаулар тізбегі:
- «Балауыз» балаларға арналған өлеңдер байқауы;
- «Мейірімді бала» мысал өлең жазу байқауы;
Балаларға арналған ән жазу байқауы:
- «Мен бақытты баламын!» (Ән жазу);
Бірнеше автор бірігіп жазуға болатын прозалық байқаулардың тізімі:
- «Алдар көсе» Комедиялық жанрда комикстерстер жазу байқауы (суретін салып, әңгімесін жазады) және «Қанатты барыс» қысқаметражды қиял-ғажайып мультфильм түсіру додасы;
Бұл байқаулардың ережесі жазылып дайын тұр. Байқаудың маңыздылығы туралы қысқаша айттық. Министрлік тарапынан қолдау табады деп ойлаймыз», - деді Ербол Бейілхан. Сол сияқты, Кеңес төрағасы:
«Балаларға арналған шығармалар бірыңғай топтастырылған, балабақша, мектеп мұғалімдері балаларға арналған керекті дүниелерді тауып алатын, кез-келген бала ашып оқуға қолайлы балаларға арналған «Балалар әдебиеті» порталы ашылса деген ұсыныс бар. Көркем туындыны балалар мен олардың ата-аналарын қызықтырып, оқыту үшін, оның насихатын жасау маңызды. Қазіргі балалар мен жасөспірімдерді экран, интернет тәрбиелеп жатыр. Осы жағдайды ескере отырып, республикалық телеарналардан Балалар әдебиетін насихаттайтын, кітап оқуға баулитын, балаларға арнап жазылған кітаптарды оқып, талдап қызықтайтын бағдарламалар көбірек ашылса деген ұсыныс бар. Қазір балалар жазушыларымен тығыз байланыста жұмыс жасап жатырмыз. Бұл заманда балалардың талғамы, танымы өзгерген. Бүгінгі баланың танымын дөп басатын, бүгінгі бала қызығып оқитын шығармалар баршылық. Өкінішке орай, көп дүниеміз жас оқырмандарға жетпей жатыр. Әсіресе, кітапханада балаларға арналған база тым жұтаң. Мектеп кітапханаларының жағдайын ел басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да өткір сынға алған болатын. Баспалардан шыққан балалар кітаптары кітапханаларға міндетті түрде жетсе дейміз. Ол үшін қазақстандық баспалар ұсынатын балалар кітаптарының үлкен көрмесін жасауды ұсынамын. Сол сияқты, балаларға арналған 100 кітап шығарып беруіңізді сұраймыз. Аталмыш 100 кітапты сараптамадан өткізуді жоғарыда айтқандай көркемдік кеңестің талқылауынан өткізсек және оларға ғылыми тұрғыда рецензиялар жазылып, әдебиет сыншыларының талқысынан өтсе дейміз. Бүгінгі баланың талғамына сай кітаптарды жаздыру мақсатында қаламгерлерге алдын-ала қаламақы төлеп, келісімшарт жасауға болады. Бұндай тәсіл әлемдік тәжірибеде бар. Баспа мен қаламгер арасында дәнекерлік қызмет атқаратын шетелдік әдеби агенттіктер талантты жазушыларды тауып, алдын-ала келісімшартқа отырып, гонорарын төлеп, сұранысқа ие жанрдағы кітаптың жазылып шығуына тапсырыс береді. Біз қазір талантты жазушыларға шығармашылық гранттар беру арқылы ынталандыра алсақ, көздеген мақсатымыз нәтижелі жүзеге асады деп ойлаймын. Ондай жақсы дүние жазуға дайын жазушылар бар. Сол сияқты, дайын шығарманы кемеліне жеткізіп беретін мықты редакторларды да ынталандыруымыз қажет. Баспадан шығатын балаларға арналған шығармаларды талдап, оқырманға ұсыну үшін әдебиет сыншыларының қажеттілігі ерекше. Онысыз жарыққа шыққан кітаптардың сапасын айқындау мүмкін емес. Әр шыққан кітапқа рецензиялар жазылып, ғылыми негізде ұсынылуы керек.
Авторлар мен олардың кітаптарының насихатын өз деңгейінде жасау – оқырмандардың назарын жақсы кітапқа аудару дегенді білдіреді. Сондықтан, жарнама – заманның аса маңызды тетігі болғандықтан, жақсы кітап жарнамасын да ұмітпауымыз керек.Біз Ұлттық кітапхана қарашаңырағында балаларға арнап жазатын қаламгерлер мен қазақстандық баспагерлердің басын біріктіріп, бір мүддеге жұмыс істеуді көздеп отырмыз. Қаламгер кітабын жазып, баспагер шығаруға дайын дейік, бірақ ол кітап қалың оқырман қолына қалай жетеді? Сондықтан кітап дүкендеріне, кітапханаларға кітаптарды бір орталықтан тарататын дистрибьюторлық орталық мәселесін шешу бүгінгінің ең маңызды мәселесі болып отыр», - деп атап көрсете келе:
«Құрметті Ақтоты Райымқұлқызы, сөз соңында сізге баспагерлердің өтінішін жеткізгім келеді. Бұл салада да шешуін табу маңызды қордаланған проблемалар жетіп артылады. Айталық, көп кітаптардың авторлық құқығы мемлекет иелігінде екен де, көпшілік оқырмандардың сұранысына ие кейбір кітаптарды шығаруға осы мәселе баспагердің қолын байлайды екен. Біз Ұлттық академиялық кітапханада қазақстандық баспагерлердің басын қосып, конференция жасамақшымыз. Бұл саладағы мәселелерді мәдениет министірлігімен бірлесе шешсек деп едік. Себебі, қоғамның кітап оқуға ынталанып, рухани дамуы жалғыз жазушының қолында емес, жақсы кітаптың шығуына баспагерлер көп маңдай терін төгеді. Алайда баспа жақсы дамуы үшін ол жерде жақсы редакторлар, талантты иллюстраторлар мен дизайнерлер, әдеби агенттер, кітап маркетологтары жұмыс істеуі де маңызды. Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жылында Мәдениет министрлігі тарапынан осындай жобаларымыз қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді», - деді.
Жиын спикерлері ретінде «Балапан» телеарнасының директоры М. Жұмабай, балалар жазушысы Б.Сүлейменов, суретші-аниматор Жәнібек Нұрбек, т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.
А. Кабдуллина, әдебиет сыншысы
Бөлісу: