Дидар Амантай. Баянжүрек – Тілеуке

Бөлісу:

31.01.2022 3841

(Дәурен Қуаттың “Бөрісоқпақ” топтамасы туралы)

Эссе

Бұл өңірде, күллі соқпақ атаулы алыс-жақын сапарын Баянжүректен бастайды, кейін Баянжүректен аяқтайды да. Әлемнің алтын тәжі – Баянжүрек, алаштың киелі жері – Баянжүрек. Әсілі, Баянжүрек үлкендігіне бола шексіз, биіктігіне қарай еңселі емес, ол – терең сырлы, абыройлы, асқақ өлке. Жаз маужырап, қыс көміліп жатады.

Белгілі мәтін

Біз жер жаннаты Баянжүректі әдеби кейіпкеріне айналдырған кәсіпқой автордың ақ қағаз, күміс сия, алтын қаламына сенгенді жөн көрдік. Сенім асқар тау бейнесін асқақтата түседі деп ұйғардық. Сөз биігі шын биіктен жоғары, ұзын, заңғар. Қалам ұшынан тамғаны – мағыналы, таңбалы әріптер. Құйылып түседі. Белгілі бір таңбаны бейнелеп тұрады. Таңба – мағынаны. Мағына басқа жолаушы/жолдаушы таңбадан келеді. Сөйтіп, таңба таңбаны қайталайды. Лингвистикалық структурализмнің (Фердинанд де Соссюр) постмодернистік дәуірдегі ауытқулары: кез келген түпнұсқаға техникалық өнім тұрғысында қарайтын болсақ, таралымы миллиондаған есеге көбейген сайын, мағынасынан айырылады, кезінде зат немесе нәрсе бойына ой-пайым жүктеген мағына аура жатқан алғашқы нұсқада қалады. Постмодернистік бейненің күйреуі. Мағына мәтінге қалам арқылы хабарланады. Мәтін мән-жайды өзін көргендерге, оқығандарға жолдайды. Сиядан оймақталып образ тұнады. Иірім де белгі. Әріптер топырлап, мағына жолында топтасып, мән тосып жатады. Жол торып, белгілі бір мәнзел (негіз) күтіп жүреді. Таңбалар тұтас күйінде, бүтін қалпында – мәтін. Әр автордың тілінен жазу мәнерін аңғарамыз. Оқудан жазу, жазудан стиль қалыптасады.

Тіл – таңбалар жүйесі. Кеше қарым-қатынас құралы дегеніміз – бүгін қызметінің бір парасы ғана. Сөйтіп, постмодернистік дәуірде тілдің қызметі кеңейіп, тіл бұзып-жарып жаңа әлем, үлкен кеңістікке шығады. Стиль – тілге, тіл стильге айналады. Кино тілі, жазушы тілі, алгебралық тіл, компьютерлік бағдарламалар тілі, архитектуралық тіл. Көп. Демек, салалық тіл бар, оған қоса, тұлғалық тіл де бар.

Баянжүректе із көп. Жалпы, із – Жак Деррида ашқан (енгізген) постмодернистік термин. О да таңба. Ізде елдің іздегені жатыр, жанын тілгілеген азап-мехнаты, жүрегін шимайлаған қайғы-қасіреті, сосын... сырын шертіп, тарихын баяндаған бөрісоқпақтар, жықпыл-жықпыл сай-сала, сандықтас шоқылар. Ескірген, көнерген көмескі іздер де толайым. Сүрлеу-соқпақ сілемі ирелеңдеп, бұралаңдап, өрмелеп жоғары көтеріледі, тау асып, өрден құлайды. Жоқ. Мүмкін, құз-шатқал жағалап апатқа ұшыраған ағаш кеме, алып қайықтар тәрізді жайлап шыңырауға батады. Табиғат салған суреттер, өрнектер – кәдуілгі мәтіндер. Біздің прозашы – классикалық үлгідегі мәнерді ұстанушы. Стилі таза, тілі жатық, қолтаңбасы мөлдір. Сағым жоқ, сағынышы – көп. Іздегеніміз – екі ауыл (модерн/постмодерн) арасын жалғастырып жатқан дәнекер – қара жол.

Кітапқа енген дүние жойылмайды, қалам атаған зат жоғалмайды, қағаз бетіне түскен әлем бояуы өшпейді. Дерриданы қазақшаласақ, тіпті, кітаптан тыс ештеңе жоқ. Біз кітаптан шықтық, кітапқа енеміз. Кітап – мәтін өлшемі, көлемі жанрын анықтайды, қалыңы роман, қысқасы әңгіме, бетіне қарап тынысын аңдаймыз, мәтіндердің өмір сүру формасы – кітап. Бірін айтсаң, бірі елестейді. Қазір мәтін ұғымы компьютерлік офсеттік қағаз парақтарға көшті, азды-көпті, ірілі-ұсақты көлемін айқындайтын, санын түзіп, ретін тізіп, есебін жүргізетін өлшем бірлігіне айналды.

“Бөрісоқпақ”

Көптен аңсап жүрген кітаптарымыздың бірі «Бөрісоқпақ» қолға тигелі маза қашты, көңілдегіні жеткізіп айтудың қолайы келмей қойды. Тез оқып шықтық. Еш асыққанымыз жоқ. Баяу оқыдық. Байыпты оқыдық. Классикалық үлгі, қазіргі ізденістер түріне жатқыздық. Ескіден осы. Жаңадан – форма, атмосфера, сосын... тілдің айрықша құнары. Төгіліп тұр. Әдетте, ұзын сөйлемнің кескіндеген кейпі солғындау келеді. Әрге бай персонаж – сөз байлығының жемісі, деп бейнелеу өнерін теріс немесе үстірт түсінген қаламгердің біразы көпсөзділікке ұрынады. Ділмәр образ мылқауға айналады, үн қатпайды, сөз үйіліп жатады. Сөз көптігінен сөйлемейді, дәлдігімен алады. Эстетика – сөздің орны, орналасу тәртібі, стиль.

Демек, түптің түбінде, бір ғана сөзбен жарқ еткен образ өшіп, көп сөзді үйіп-төгіп сомдаған жалпылама бейне көмескіленеді, түнекке енген, түбегейлі сіңген жарық сықылды, түн қараңғылығына батады. Негізі, сюжет күңгірт, деталь айқын болуы тиіс. Сұңғыла автор бұл проблеманы оң шешуге талпынады: әрбір етістік қайырымын нақты, әр сөз оралымын анық жазады. Сөйлем бірнеше уақиғадан («со-бытие») құралады. Сөз уақиғадан көп болмауы керек. Бай тіл, негізінен, бай уақиға, ұзақ хикаятқа жарасады. Дәуренді оқыған адам екіұдай сезімде қалады: модерн белгілері де, постмодерн сипаты да бар. Сөз қолданысы, сөйлем құрылысы – ойымыздың айқын дәлелі. «Бөрісоқпақ» Бейімбет дәуірін, жас Мұхтар заманын еске түсіреді. Қаһармандары «Қорғансыздың күні» хикаятындағыдай экзистенциалистік жағдайда көрсетіледі. Өлім аузында, ажал құшағында бейнеленеді.

Метанарратив метафораға айналады. Метафора – ұзақ баян, қас-қағым сәттің шағын пішіні. Нығыз күйі. Автор үш желіні қатар ұстайды: кафедегі заманауи персонаждар әңгімесі, қасқырлар уақиғасы, қазақ жанталасқан аласапыран уақыт. Қайсы басты кейіпкер екені неғайбыл. Меніңше, автордың қаһармандары – бөрілер. Еліне қайтып келе жатқан көксеректер. Олар – қазақ даласының символы. Иесі.

Сана – Көксерек. Шешен қаламгерде қашанда тағы бір сюжет бар – ол тіл уақиғасы. Тіл ұстарту мектебі, қазақ прозасының классикалық үлгісі, сөз үйрету өнегесі. Дәурен Қуат сөйлегенде, XX жүзжылдық қақ-соқта, қулық-сұмдық жылдары қапылыс, қапыда айырылып қалған, ал XXI ғасыр ақпарат тасқыны кезінде қол үзіп алған әдеби тіл, ауыз-екі әңгіме айту дәстүрі қайта оянып, тіріліп келе жатқандай әсер береді. Бір талант – жалғыз өзі уақиға емес, құбылыс (не событие, а явление), әдебиет жаңа сатыға көтерілу үшін тұтас бір толқын, буын керек, өзгеріс сонда болады, жаңалық сол уақ көрінеді. Әрине, музейге айналуға болмайды. Дәурен әлемді билеп-төстеп келе жатқан заманауи ағымдардың әдіс-тәсілдерін, озық үлгілерін, үздік нұсқаларын пайдаланып отырады. Үшеудің әңгімесінен:

“Сен білесің бе? Ықылым заманда аспан жерге төніп кеп, жамбастап жатып алған көрінеді. Адамдар зіл батпан аспанның астында бүгіле-бүгіле бүкірейіп қалыпты. Тіпті еңбектеп, жер бауырлап жылжитындай халге жетеді”…

Кейіпкерлері қасқыр туралы аңыздың түп төркіні қайда жатқанын аңдағысы келеді, талпыныстары табыссыз да емес, сөйтіп, салиқалы әңгіме барысында, бөрінің барға, болмысқа қатыстылығы дүние бастауында, жаратылыс негізінде екені айқын бола түседі. Үш құрбы, фабула сюжетке айналып келе жатқан кезде, түз тағылары туралы ағыл-тегіл әңгіме қозғайды, қасқырға деген махаббат қайдан келгені жайлы сыр шертеді, тарих – сөзде, ғаламзат кімнің сценарийі бойынша дамып келе жатқаны енді анық болды, кафеде бас қосқан үшеу сөздің мәнісін жақсы түсінеді: қасқыр – әлем жаратушы.

“Осы сәтте жалғыз қасқыр ғана мұз сауыттай құрсанған аспанның бауырына тұмсығын сұғып ұлыған екен. Қасқыр және ұза-а-ақ ұлыпты. Қасқырдың мына ерлігін еп көрген адамдар тегіс жиналып, бір сәтте «Ауп» деп аспанды көтеріп тастапты. Содан бері бұл қасқырыңыз киелі, қасиетті аң есебінде”.

Ел үшін, жер үшін күресіп жүргендер туралы бөлігінен:

“Жалғыз жаяу түн ортасы ауғанда баяғы Күрең жылқышының қосына кеп кірді”... “Кенжеахмет бала кезінен таныс сүрлеу соқпақтан табан аудармай жүріп отырып, таң қылаңында Сарнауаның шатқалына құлдилады. Қараса, ақбоз суатқа құлап барады екен. Айнала төңірек тез ашылып, түннің бояуы солғын тартқан шақ. Құлынынан қолға үйретіліп, Кенжеахметке бауыр басқан боз дөнен әуелі құлағын қайшылап, құйрығын тігіп, құйын-перен жоғалуға ыңғайланды да, таныс дауысты естіген бетте шұрқырап жетіп келді”...

Сөз қолданысына, алғырлығына, тілді жетік білетіндігіне назар аударыңыз. Бір кемшілік, бір қателік жоқ. Алдыңғылардан сый-құрмет, кейінге үлгі. Немесе:

“Бір сәт адасып, тоқырағандай айналшықтаған ақбоз мойнын төмен сала берді де, шөкелей түсіп дем тартты. «Біткен жерім осы екен, – деп ойлады бала жігіт, – біткен жерім осы болды». Кенет ақбоз жылқы баласының әдетінде жоқ еппен еңбектей берген. Еңбектей бере дем тартады. «Бұ не?» Кенжеахмет ерден сырғып түсіп, ақбоздың иіскелеген жеріне үңілген. Көзі үйренгенше үңіліп қарай берген. О, Тәңірім, міне, қара! Ақбоз арлан қасқырдың ізінен түскен соқпақты тауыпты. Бөрісоқпақ! Соны иіскеп жан шақырып, бағыт түзегендей. «Иә, Алла, жар бола гөр! Я, аруақ!» Кенжеахмет ақбоздың жалына жармасқан. Боз дөнен бұлтты сүзіп, мұзарт шыңдардың қылыш жүзді қырлауыт жондарына тұяғын жебедей қадады”.

Бөрі соқпақ – санада жатқан соқпақтар. Бірін-бірі оятады. Тарихтың екінші жолы санада жатыр. Сана ұғымына ақыл, көңіл, ниет, жад, сезім кіреді. Дәурен Қуаттың кітабы – сананың жоспары не шежіресі. Бір әңгімесі жер-дүниенің бүкіл тарихын баяндап беріп отыр.

“Біздің жақта ел айтушы еді: Жөкей батыр ақбоз ат мініп, Жоңғар Алатауынан түсіпті. Ақбоз ат тегінде жай жылқы емес, бұлттан жаралса керек. Шауып келе жатып көрінеу көзге жоқ болып кетеді екен. Соңында түтіліп ақ шуда ғана қалады дейді. Сонысына қарағанда, расында, бұлттан жаралған-ау... деп”.

Енді финал. Ескіше. Қазір ескінің өзі үлгі. Әрі жаңалық.

“Әлқисса, сонымен, Жөкей батыр ақбоз ат мініп Жоңғар Алатауынан түседі. Түседі де, Арасан бекетіне келеді. Бөрідей тиіп, қамалдағыларды қасқырдай талайды. Бірақ жалғыз екен. Жігіттерін ертпепті. Күрнестен алар жеке кегі болғанға ұқсайды. Жалғыздың аты жалғыз емес пе, әлде ішкі есебі солай ма екен, батыр шығанға шығып ақбоздың басын қоя береді. Курносов әскерімен «жау қаштылап» қуып береді. Сонда Жөкей ақбоздың басын кері бұрып, жұлдыздай аққан күйі Күрнестің кеудесіне қорғасын оқтың бірін қадап кете барыпты”. Мынау үшінші желі: “Апан-қаладан ауған абадан бөрісоқпағын тапты”.

Финалда үш уақиға бірігеді: “Ақын-жазушы атанғалы жүрген үшеуді даяшының ескертуі елең еткізген жоқ. Олар мас еді. Шаһар жұрты тегіс мас болатын. Бір қызығы, сарамастар сарқылып қасқыр туралы әңгіме айтыпты. Өйткені, сол түні бөрісоқпағын тапқан абадан аспан астын күңірентіп ұзақ-ұзақ ұлыған еді. Ай толыпты”. Топтаманы оқып отырып екі қапталдан төніп тұрған асқар тауларды сезінесіз, үстіңізден кенет құлап келе жатқандай көрінеді. Мәтінде құз- жартастар болмаса да, Баянжүрек, Тілеуке, Сарнауа тәріздес шың-құздардың уақиғаларға қатыстылығы білініп тұрады. Өйткені атыс-шабыс, қырғын-сүргін, бейбіт өмір, махаббат, сүйіспеншілік туған жер аясында, атамекен елінде өтіп жатыр. Тау туралы жазылған сюжеттен тау тұлғасы кітап бетінен не компьютер терезесінен одырайып шығып тұрады.

Дәурен Қуат және Джек Керуак

Жалпы, Дәурен Қуат қолданыстан шығып бара жатқан көне әдеби сөздерді қайта жаңғыртады. Сөйлемінде – селкеулік, сөзінде мін жоқ. Сөйлегені қағаз бетіне қаз-қалпында түседі. Джек Керуак талаптарындай, алғашқы нұсқаны қаз-қалпында қалдырған жөн. Шынайы эмоцияға толы, туабіткен түпнұсқа сөз немесе ой-пайым өзгермеуі тиіс, өңделмеуі қажет, дейді Керуак. Ізбасарлары өсиетіне адал. Көңіл-күй, хал-ахуал, жаратылыс өңдеу барысында кескін-келбетін, суретін, сипатын жоғалтады. Қасиетінен айырылады. Сондықтан мәтін түскен қалпында сақталғаны жөн: ол біздің шығарма атмосферасынан көз жазып қалмауымызға мүмкіндік туғызатын негіз.

Автор жарқ етіп туған ой-қателіктерін түзетіп, жөндеп жатқанда түпнұсқадан алыстап кетеді. Мәтінге деген сенім жоғалады. Жазғаныңыз жасанды болып шығады. Таласбек Әсемқұлов: шын классиктің жазғаны мен сөйлегені сапалық тұрғыдан бірдей, деп айтушы еді, яғни, қалай сөйлесе, солай жазады, қалай жазса, солай сөйлейді. Дәл.

Жинақта топтасқан шығармалар – жинақы. Әсілінде, тиянақты, ұқыпты жасалған кітап. Әрі тілі шұрайлы, дедік, қамырықты қаһармандары жайсаң да, жабырқаулы да, немқұрайды да бола алады. Сөзден кесте тоқыған жазушының кемел жазбалары – шебер қолынан өткен, ине көзінен жаңа шыққан қамқа жібектей – төгіліп тұр. Қара мұрын ұстаның кіршіксіз өнеріндей. Қуантатыны, қалам еркін, ой бостан, мәтін нығыз. Мазмұнды кітап, негізінен, ықшам туындылардан тұрады. Тақырыбы, түптеп келгенде, ХХ ғасыр төңірегі: қазақ тағдыры, алаш аңыз-әфсаналары, қазіргі заман. Бір-бірімен ұйқасқан, жымдасқан, қиюласқан сюжеттік желілер. Уақиғасыз жазылған шығармалары да жоқ емес. Қазақ прозасының 60-шы жылдардағы табысы, мәнері көрініс тапқан. «Бегім-ай жырындағы» оператор-жазушы бейнесі – сәтті шешімдердің бірі.

Бір қаламгер әріптесіміздің бір еңбегінде ағыл-тегіл айтылған алапат ойларының жаңғырығы естіліп тұрғандай көрінеді. Түбін тексерсеңіз, бұл жаңғырық Сізді басқа бір туындыға сілтейді. Ол туынды өз кезегінде басқа бір әдеби кітаптарға жолдайды. Сөйтіп постмодернистік ойындар басталады. Тамырынан үзіліп, түпнұсқадан айырылған, мәні күңгірт мән-мәтіндер өмір сүрген сайын көбейе түседі, тараптарға шексіз жайыла береді, түптің түбінде, қызыл жұлдыздар секілді қаусап, құр сүлдеріне ілініп, мүлдем тынышталады, әбден мағынасызданады. Уақыт декарттық-ньютондық түсініктен, яғни, уақиға қатысушыларынан уақиға жүріп жатқан фонға айналады.

Модерндік нышандар

Бірақ жазбалардағы модернистік нышандарды да айтпай кетуге болмайды. Бәрімізге белгілі, әлем әдебиетіне – дәл модерндей қомақты үлес қосқан, зор табыс әкелген ешқандай басқа ағым жоқ. (Сервантес пен Шекспирден басқа). Оның маңыздылығын атомдық ұсақ бөлшектердің ашылуымен ғана салыстыруға болады. Модернизм – ең әуелі философиялық тұжырымдама. Концепт. Ол көптеген жазушылардың әдеби шығармаларынан көрініс тапты.

Модерн қысқа жазады. Оны тану оңай: тақырыбы абсурд, сюжеттік желісі – сана ағысы, сөйлемі ықшам, сөзі нығыз немесе нақты. Мысалы «Улисс» (Джеймс Джойс), «Сені жоқтап күңіренген қоңырау» (Эрнест Хемингуэй), «Жоғалған уақытты іздеу» (Марсель Пруст), «Мизам-шуақ» (Уильям Фолкнер), «Венециядағы ажал» (Томас Манн).

Рас, қайталанып айтайық, автордың сөз саптасында мін жоқ. Мәселе – мәнерінде. Мәнерін модерндік үлгілерден іздейміз: бірақ сұңғыла қаламгердің модернизмі постмодернистік хал-ахуал жағдайында отыр. Екі ағымның әсері жаңа жолға салғандай: метомодернизм. Постмодернистік еркіндік пен модерндік нық тәртіп аралық метомодернизмді тудырады. Кітабында он сегіз шығарма топтастырылған екен. Кітаптың беташар шығармасы – «Мүйізтарақ». Бұл – символдық әңгіме. Ең танымал, ең көп оқылған әңгімесі. Мүйіз тарақ деп автор тағдыр тауқыметін, өмір азабын айтып отыр. Күміс тарақ бұйырмады. Пешенесіне ғұмырын мүйіздеген азап-мехнаты көп ауыр тағдыр жазған екен.

“Қара шелектегі қиды пештің көмейіне жытырып болған соң жаулығын шешті де, тұқылдана бітіп, тұтамға айналған бұрымын тарқатып, жан қалтасынан мүйіз тарағын суырды. Самай шашы тұтас ағарып, төбесі шала бурыл тартқан құйқаға мүйіз тарақтың тісі сіңгенде кемпірдің жүдеу басы дуылдай жөнелді. Мүйіз тарақты сағынып қалыпты. Мүйіз тарақ... кемпірдің көне көз серігі”. “Әскерден босаған бетінде қала жақтың тырна сирақ қызын қолтықтай қайтқан. Кейін сонысы бұзылды. Жеңіл жүрісі қойының құмалағы санаулы біздің ауылда тез білініп, ақырында қарасын батырып тынған. Қатыны жаман атын шығарып кеткен соң, Тойшан ағамды ауылдағы шарап сататын дүкеннің маңайынан жиі көріп жүрдім. Өзі бір ақ жүрек жан еді. Амал не, ат құлағы көрінбейтін соқыр тұманда бағытынан жаңылып, тракторымен Ақсудың құлама тік жарынан ұшып өлді”.

Екінші әңгімесі «Кірекей – Күнекей». «Күдері ердің қызын пері ұрлады ма, жын жетектеп кетті ме». Бұл шығарманы Құдай аса үлкен міндет жүктеген адам баласының өз күш-қуатын, сана-сезімін жеке мүддесіне пайдаланғаны, адам атына кір келтіргені туралы аңыз-әфсана десек те болады. Адамнан қиянат көрген түз тағысы «аю» ата-анасын өлтірген адам атаулыға қарсы кек жолына түседі. Ол аңшының әйелін ұрлап алып, тауға қашып кетеді. Бапы өткізген, аң-құстар бас қосқан қалың жиында аю – Бапы бастаған ділмәр шешен, сұңғыла әулие көкіректерді тыңдамай, шешіміне келіспей – аңшының зайыбын өзіне жар етеді.

Тіпті, ұрпақ жалғастырады. “Сосын ат басты қобызын шалып аңыраған. Айбүбі әже үйді айналдыра шырақ жақты. Күнекейді толғақ қысып, бебеулете түскен. Сонда Айбүбі әже: «Шырағым, Аңшы, Күнекейдің толғағы теріс толғақ. Бұдан өзінің де, баланың да жаны қалмауы мүмкін. Теріс толғақтың емі – ұрғашы аю терісі. Ұрғашы аюдың терісі әйелдің жатырын жібітеді», – деді. Бұны естіген Аңшы қонжықтарын ертіп Тәңіртаудың етегінде жүретін қоңыр аюды есіне алған”...“Енді, міне, сол теріні сүйретіп, Аңшы жолда келеді”. “Аңшы алдымен нар түйенің бойындай ор қазды. Ордың бетін шөппен жауып, ернеуіне тірі бейнесіне ұқсатып Кірекейдің тұлыбын қойды”.

«Аспан таулар аясында» атты лирикалық дүниеден бастап енгізілген ең соңғы әңгімесі «Кәрі солдатқа» дейін үздік жазылған дүниелер. Атап айтсақ, “Мүйіз тарақ”, “Күнікей-Кірекей”, “Қаңтардың соңғы шілдесі” “Мысық пен Маруся” “Әлімбектің әулеті”, “Он сом”, “Бөрісоқпақ”, “Жалбызым менің – жалғызым”, “Күңгірт кеп”, “Тас монша”, “Қасқа айғыр қайтып соғар ма?”, “Бегімайдың “жыры”, “Қабірші” “ызыр әулие мен Мұса ғалайассалам”, “Байғыз әйел”, “Пермедегі Пигмалион”, “Әлқисса. Шахмаранның кітабы”, “Кәрі солдат”.

Кейбір әңгімелерінен композициялық әлсіздіктер байқалып қалатындай көрінуі мүмкін, бірақ, ол түсініксіздік, бірден айтайық, модерн немесе постмодерндік шешім, жағдай, фон, шығармаға ешқандай көлеңкесін түсіріп тұрған жоқ, керісінше, оқырман қызығушылығын арттырады. Жалпы, тіл байлығы алдыңғы орынға шыққан кітапта сын көтермейтін дүниелер жоқтың қасы.

“ Сол кезде танауыңды ерменнің өткір демі қуырып, Тілеукенің қылт етпесіне қарап жұтынасың: шіркін, бір саптыаяқ қымызды төбеңе бір-ақ көтеріп, сарық басар ма еді. Тілеуке, Тілеуке, Тілеуке. «Тілеуіңді бергір, Тілеуке, қашан жеткізесің?» Қақпандай қаппа тастары ат беліндегі адамның бүйірін соғатын жылан жон Тілеукенің тігінен талай қой жамыратып, жылқы айдап түскенбіз. Сонда Тілеуке деген бізге жайлау мен қыстаудың жолында жатқан белдеудей сезілетін”.

Дәурен Қуат: оқу амалдары

Жақсы кітап – екіұдай кітап. Бірыңғай жауап, біркелкі тұжырым жоқ. Әрі тез, әрі ұзақ оқылады. Сосын, дамылсыз, үздіксіз ойландырады. Біз де кітап соңына жете алмай қойдық. Жүйрік кітаптың жеткізбей қоятын әдеті бар. Тілеуіңді бергір, Тілеуке, қашан жеткізесің дегені қалың оқырман қауымға да қатысты, финалдың рақатын көру үшін фабуланың күллі тақсіретін тартып, бейнетін кешу қажет. Иә, жүйрік кітаптың жеткізбей қоятын әдеті бар. Сірә, ақиқатқа жету пешенемізге жазылмаса керек.

Бірақ, бір нәрсе анық: бұл кітап мұқият оқуды талап етеді. Баяу оқылуға тиіс дүние. Тиіп-қашып оқыған жарамайды. Байыптылық, парасат тереңге сүңгітеді. Інжу-маржан тереңінде жатыр. Көп жұрт даңқына, дақпыртына еріп, жағаласып, жармасып оқығанды жақсы көреді, бірақ асығыс-үсігіс, жылдам, тез арада оқимыз дегендер оқу рақатынан, шытырман ой қызығынан айрылады.

Қазіргі заманда асығып оқитын, шолып оқитын, парақтап оқитын ел көбейді. Әдеби шығарманы – мінезді сабырға жеңдіріп – көңіл қошы, ықыласы, сәнімен оқу қажет.

Өзін де, шығарманы да баптап, күтіп оқығанда ғана жақсы кітап бойға сіңеді, әйтпесе, құр босқа әуреге түсесіз. Құр босқа әурешілік болады. Оқыдым деп айтудың өзі ұят. Қор қылдым десеңіз – дәлірек.

30.12.2021

Бөлісу:

Көп оқылғандар