Аштық тақырыбы - қазақ әдебиетінде
Бөлісу:
Бес мыңдық ежелгі тарихы бар қазақ деген халықтың басынан нелер өтіп, нелер кешпеген?! Небір зұламат сүргіндер ежелгі тарихымызда, жыр- аңыздарда бедерленіп, этникалық жадымызда хатталып, генетикалық кодтағы «тыртық» болып, бітеу жарадай сыздататыны анық. Сондай зұламат сүргін ХХ ғасырдың басында қазақ деген халықтың, алаш деген жұрттың басынан үш рет өтіпті. Ол зұламаттың аты – атың өшкір аштық. Ресей империясындағы өткен ғасырдың басындағы әр түрлі деңгейлегі қоғамдық саяси катаклизмдер, сол империяның шылауындағы бодан жұрт қазақтарға асқан ауыртпалық зарарлы зардаптарын тигізіп, ауыр трагедиялық шығындарға әкелді.
Осы нәубеттердің ішінде сол ғасырдың басындағы қазақты үлкен шығынғы ұшыратып кеткен үш аштық болды. Сол аштықтың алғашқысы – бұрынғы Ресей империясының территориясында 1917-1919 жылдар аралығында болған төңкеріліс дүмпуі, одан қала берді азамат соғысының қиян-кескі, қантөгіс кесапат сипатынан туындаған көшпелі халықтың мал басының талан-таржға түсуі – оның бірден-бір аштыққа ұшырауына себепші болған. Осы кезеңдерде қазақтар 6218300 адамнан 4679795 адамға дейін кеміген.
Бұдан кейінгі екінші аштық – Кеңестер Одағында 1921-1922 жылдары боған құрғақшылық салдарынан қазақтар жиі қоныстанған облыстардағы мал басы қырылып, ашаршылыққа душар болды. Ол аштыққа ұшыраған өлкелерге: Орал, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Қостанай, Семей, Ақмола өңірлері жатады. Ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша 1921-1922 жылдардағы аштық кезеңінде өлгендердің саны 1 млн 700 мың адам болған.
Үшінші аштық – 1932-1933 жылдардағы большевиктік Кеңес үкіметінің әдейі қолдан ұйымдастырылған ашаршылығы деуге болады. Большевиктер көсемі Сталин Қазақстан басшылығына Голощёкинді жібереді. Ол өз кезегінде Қазақстанда «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» саясатын жүргізіп, «Кіші қазан төңкерілісі» деген қанды дүрбелеңге ұласады. Осы дүрбелеңде қазақ халқының 60-80 пайызы жойылып кетті деуге болады.
Қазақ демографы Мақаш Тәтімов деректерінде «ХХ ғасырда болаған, азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық қуғын сүргін кездерінде, екінші дүниежүзілік соғыста бас-аяғы 3 млн 850 мыңға жуық қазақтың қырғынға ұшырағаны» айтылады.
1932-1933 жылдары орын алған ашаршылыққа келер болсақ ғалым Талас Омарбеков 2 млн 300 мың адамның опат болғанын айтады. Ол мұрағат құжаттары негізінде аштыққа ұшырап қырылған қазақтар саны 4 млн 836 мың деп тиянақтады.
Сағат Жүсіп, Табыл Құлияс сияқты зерттеушілер ХХ ғасыр басындағы үш ашаршылық кезеңінде 10-13 млн қазақ халқынан 3,2 миллионы ғана тірі қалған деп топшалайды.
Шетелде американ ғалымы Сара Камэронның Қазақстандағы аштық туралы зерттеу кітабы бар. Қазақ тілінде жарық көрген.
Ал енді осы сипаттап өткен аштық тақырыбы қазақ әдебиетінде қалайша көрініс тапқан? Соған қысқаша тоқталып өтсек.
Біздегі ашаршылық нәубетін алғаш Шортанбай айтқан сияқты. Ілгеріде өмір сүрген Шортанбай ХХ ғасырдағы аштықты қалай айтқан дейсіздер ғой. Түсіндіре кетейік. Көркем әдебиет тек қана өткен тарихтың фактілері тізбектеп суреттеуші ғана емес, болып өткен, болатын тарихқа, философиялық көзқараспен қарап, пәлсапалық ой-тұжырым, шешім, үкім шығарушы да. Тарихи үдерістер мен фактілерге ерекше историясофиялық көзқарасты түзетуші ретінде де атқарады. Алдағыны болжау, ғайыптан сөйлеу көркем әдебиет мысалдарында аз кездеспейді.
Ғылымда мұны экстрополиция деп атаймыз. «Тарихты болжап білуге болмайды деу – өтірік. Сәуегейліктердің ақиқатқа айналған мысалдары қай жерде де артып жетіледі», - деп жазды испан философы Хосе Ортяга-и-Гассет.
Мысалға Ф.М.Достоевский «Жындар» («Беса»), М.Булгаков «Шебер мен Маргарита», А.Платонов «Чевенгур» романдарында, М.Жұмабаев «Жүсіпхан» поэмасында болашақ қоғамның сыр-сипатын, болмысын терең болжап, бетпердесін ашып, әшкерелей суреттеді. Аяусыз шенеді.
Қазақ поэзиясы да мұндай көрегендік сипаттан кенде емес. Зар заман ақыны Шортанбай:
Сауысқан, ала қарға – құстың құлы,
Басталар ақырзаман жылқы жылы...
...Мешін – тауық жылдары
Жалғыз-ақ қара қамады.
Ұялмастан бұл кәпір,
Оған да салық салады, -
деп жырлайды.
Сәуегей, көріпкел ақынның, ақыр заман басталатын жылқы жылын 1918-1919, 1930-1931, «Жалғыз-ақ қара қалатын» мешін-тауықтың 1921-1922, 1932-1933 жылдарға, яғни ашаршылық кезеңдеріне дәл келетінін дөп басып отырғанын көреміз.
1921 жылғы Қазақ даласындағы аштық зұлматы туралы Бейімбет Майлиннің «Берен», «Қырманда» атты повестері, «Күләш», «Ашаршылық құрбаны», «Айт күндері» деген әңгімелері, Жүсіпбек Аймаутовтың «Елес», Ғабит Мүсіреповтың «Шұғыла» әңгімелері бар. Бұлардан басқа Нұрхан Ахметов пен Нұрлыбек Баймұратов поэмалар арнаған.
1927 жылы қазақтың әйгілі ақыны Жақан Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімелері» дейтін 1921 жылғы аштықтың сұмдық көріністерін суреттейтін реалистік поэмасы дүниеге келді.
Поэмада «Ел ішінде сыр да көп, сыры терең жыр да көп. Соның бірін жырлайтын» бір толғап алып, сол бір сұмдық кезеңнің сырын ашып сөйлейтін Әлі қарттың әңгімелері арқылы сұрқия заманның ащы көріністері боямасыз, ашық суреттелді. Әңгімелей Әлі қарт:
Күндер мынау өткені,
Жеті-ақ жыл ғой өткелі,
Аштық дәмін таттық қой.
Колдағы үйір жылқының,
Құрып қалғыр тұқымын,
Тілін нанға саттық қой.
Әл дегенің кем болды,
Сар далада жаттық қой, -
осындай сорлы күнге қалай түскенін суыртпақтап өтеді. Поэмада басты кейіпкер Сағымбай, екі жасар баласы Әдім, бәйбішесі Жаңылдың басындағы зұлмат жылдар салған ауыр тағдыры Әлі қарттың сөзі арқылы бүкпесіз жеткізіледі. Оқырмандарында зәрлі жылдардың жантүршігерлік көріністеріне куә етеді. Жан қайғыларына ортақтастырады. Поэма 1940 жылы кітап болып шыққан бойда қырағы цензураның назарына ілініп өртенеді. Бір айта кетерлігі, осы поэма соғыс жылдарында гитлершіл пропаганданың назарын аудартып, майдан даласына советке қарсы үнпарақ ретінде ұшақтан жерге лақтырылып таратылады. Осы үшін автордың басына бұлт үйіріліп, саяси сенімсіз ретінде қарастырылады. Содан бастап тәуелсіздік алғанға дейін бұл тақырыпта жазуға қатаң тыйым салынған екен.
Дей тұрсақта... Бір кітапты ауызға алмай кетуге болмас. Ол «Қазақ Бальзагы» (Мұқағали) атанған кәдімгі Сәбит Мұқановтың «Есею жылдары» романы. Алматыдағы «Жазушы» баспасынан 1970 жылдары шыққан. «Өмір мектебі» романының «Есею жылдары» деп аталатын үшінші кітабында оқырман қауым тәуелсіздікке дейін жабық тақырып болған аштық тақырыбымен осы кітап бетінде бетпе-бет ұшырасады. Жазушы романнан үзінді келтірейік: «1931-1932 оқу жылдарын осындай ауырлықтың үстінде өткіздім. 1932 жылдың жазындағы каникулда туған ауылыма барсам халдері былтырғыдан да мүшкіл. Енді не істеу керек?! Сол жылы Бүкілодақтық Орталық пария комитеті, ішіне РАПП-ты қоса, Совет Одағындағы ұсақ әдебиет ұйымдарын біріктіріп, Бүкілодақтық жазушылар ұйымын құру туралы қаулы алған. Съезге дейін ұйымдастыру бюросы құрылып, оның председательдігіне – Максим Горький, секретаррьшылығына парияның жауапты қызметтерінде болған Александр Сергеевич Щербаков тағайындалған. РАПП кезінде жиналыстарына араласып одан да жиі араласып, бірнеше рет Горькийдің қабылдауында болдым.
Енді 1932 жылдың жазғы каникулында ауылға барып қайтқаннан кейін, болып жатқан хәлдерді айтуға Алексей Максимовичке кірдім. «Асыра сілтеу» дегеннен жалпы мәліметі бар ол, мен сипаттаған түрде болуға тиісті деп ешуақытта ойламаған екен. Мен фактілерді көрген түрде айтып бергенде Горькийдің зәресі ұшып кетті.
- Бұндай болуға мүмкін бе?! – деп, түсі қашқан ол түрегеп кетті де дағдылы қалпынан қаттырақ жөткіріп, трубкасының түтінін құныға тартып, қаттырақ бұрқыратты.Түтін жөтелін тіпті күшейтіп жібергендей, аздан кейін булығып қалды да, диванға отыра кетті. Мен түрегеп қасына барып едім:
- Су-у-у!... – деді сырылдаған демін әзер алған Горький. Берген суды құныға жұтып алғаннан кейін басын біраз шайқап отырып:
- Социалистік системада мұндай хал болуға мүмкін емес қой! - деді.
- Әрине, - дедім мен.
- Жолдас Щербаковқа да айту керек бұны, - деді Горький, ол Орталық партия комитетімен тығыз байланысты кісі ғой. Өзім де қарап жатпаспын, аузым жеткен жолдастарға айтып, Қазақстанды бұл ауырлықтан шығаруға қолдан келген жәрдемімді беремін.» (С. Мұқанов Есею жылдары. А.,1970.421-422 б.б.).
Осы үзіндіден біз қазақ жазушысының қазақ даласындағы алапат аштықты айтып берген кезде тек қана орыс әдебиетінің ұлы жазушысы емес, әлем әдебиетінің сол кездегі алыптарының бірі болған Горький сияқты ұлы тұлғаның селк етіп, жан жүрегімен беріле тыңдап, түсі қашып өңі қуқыл тартып кеткенін көреміз. Адам сүйгіш ұлы жүректің шын толқулы, тебреністі сәтін сезгендейміз. Сондықтан да тәуелсіздік алғанға дейінгі қалың оқырманның аштық туралы мәліметтері осы романмен шектелетіндігін айта кеткеніміз жөн.
Қайта құру және тәуелсіздік жылдарында жазушы Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» романының бір тарауында Жетісу өңірінде орын алған ашаршылық жайы туралы сыр шертіледі.
Тоқсаныншы жылдары (ХХ ғ.) жазушы Адам Мекебаев «Құпия қойма» деген романында қазақ даласында қызылдар ұйымдастырған қанқұйлы қырғынның шынайы кейпін ашады. Қазақстандық орыс жазушысы Валерий Михайловтың «Хроника великого джута» деректі романы осы тақырпқа арналған.
2017 жылы осы романның «Великий джут» деген жалғасы жарияланды. Бұл шығарманың бірінші кітабы қазақшаға «Ғаламат жұт шежіресі» деген атпен аударылып, бірнеше-рет кітап болып шықты. Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» («Тамұқ», «Қызыл көпір» бөлімдері), Қ. Қазыбаевтың «Сұрапыл», С. Елубайдың «Ақ боз үй», З. Жәкеновтің «Зұлмат», М.Мағауиннің «Сары қазақ» романында, С. Жүнісовтің «Заманай мен Аманай», Төлеген Қажыбайдың «Аран», Н. Ақыштың «Рақымсыз көктем», Т. Сәукетаевтің «Құзғын тойған қыс», Н.Қапалбекұлының «Жерошақтың түтіні» сияқты хикаяттарында қазақтың басынан ауыр қасірет боп, оның түп тамырына балта шапқан зұлым саясатты, ашаршылық атты кеспаттың бар сұрқия шындығын көркем шежіре ретінде бедерлеп, шынайы ашқан. Қазақ әдебиетіндегі аталмыш туындыларды Мәскеудегі большевиктік биліктің халқымызға жасаған геноцид, этноцид саясатын шынайы әшкерелеген құнды дүниелер деп есептейміз.
Бөлісу: