Баланы туғаннан бастап әдебиетке қызықтыра білу керек

Бөлісу:

08.09.2022 5043

Әдебиеттің ішіндегі негізгі саланың бірі – балалар әдебиеті болса керек. Тәрбие мен тәлім беріп, бүлдіршіндердің болмысын қалыптастыратын құралдың бірі де – балалар әдебиеті. Соңғы уақытта осы салаға мемлекет тарапынан көп көңіл бөліне бастағанын байқаймыз. «2021 жыл – Балалар әдебиеті жылы» болса, биыл «2022 жыл – Балалар жылы» болып бекітілді. Руханияттың мөлдір бұлағы іспетті бүлдіршіндерге арналған әдебиетте қандай жаңалықтар бар екенін білу мақсатында әдебиеттанушы ғалым, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қыметкері, филология ғылымының докторы  Гүлжаһан ОРДАМЕН сұхбат құрған едік. 

– Балалар әдебиетіне былтырдан бастап ерекше көңіл бөліне бастағаны белгілі. Бір жылдың жүзінде ауыз толтырып айтарлықтай нендей жетістіктер болды деп айтар едіңіз?

«2021 жыл – Балалар әдебиеті жылы», «2022 жыл – Балалар жылы» болып аталғандықтан, мемлекет тарапынан балалар әдебиетіне ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда балалар әдебиетін зерттеуге деген сұраныс та осындай мемлекеттік бағдарламалар аясында туындап жатса керек. Өткен жылы бірнеше баспадан балалар әдебиетіне арналған көптеген кітаптар шықты. Солардың ішінде ерекше атап өтетін Атамұра баспасынан шыққан қазіргі, яғни тәуелсіздік тұсындағы соңғы 30 жылдың көлеміндегі поэзиялық туындылар, отызға жуық ақынның шығармаларының жинағынан құралған «Қазіргі қазақ балалар поэзиясының антологиясы», «Қазіргі қазақ балалар әңгімелерінің антологиясы» деген прозалық, поэзиялық екі антология шықты. Сондай-ақ Байбота Қошым-Ноғайдың құрастыруымен 10 томдық балалар әдебиетінің антология және «Жаңа заман ертегілері»,  «Қазақ балалар поэмасының антологиясы»  жарық көрді. Міне, осылардың бәрі де «Балалар жылымен», «Балалар әдебиеті жылымен» тікелей байланысты. Олардың сыртында әрбір баспа шығарған балалар әдебиетіне арналған қаламгерлердің көптеген шығармалар жинағын атауға болады.  2013 жылы «Балаларға базарлық» көркемсуретті энциклопедия шыққан болатын. Ал 2021 жылы балалар қаламгерлерінің туындылары бірнеше баспадан жарық көрді. «Атамұра» баспасынан қазіргі таңда балаларға арнап жазып жүрген отыз қаламгердің таңдамалы шығармалары,  «Балалар әдебиеті» баспасынан Шәкен Күмісбайұлының «Бабамдай болғым келеді...», «Жалын» баспасынан О.Асқардың «Балалар әлемі» жинақтары жарық көрді. 

2021 жылы «Таймас» баспасынан балаларға арнаған «Жаңылтпаштар», «Алдар көсе», «Алпамыс батыр», Адырбек Сопыбековтің «Көңілді біздің күніміз» (өлең, мысал, ертегі, аңыз, поэмалар), З.Жұманованың «Күләйша. Рокуфеллер және басқалар», Жаңабек шағатайдың «Ауылдың 

кішкентай археологтары», Н.Ақыштың «Тау ішіндегі тауқымет», О.Асқардың «Ауыл балалары мен қала балалары», Б.Сарыбайдың «Ақтабан», Әбділдабек Салықбайдың «Айдана мен Ақжолтай», Серік Байхоновтың «Сара анамның сабақтары», Оразбай Байбақұлының «Бәсіре», Сейфолла Оспанның «Қоңырау», Көмек Ыбырайұлының «Шуақ», А.Сәрсеков «Алақай», Әлия Беркімбаеваның «Дәуіт атайдың ертегілері» т.б. кітаптар жарық көрді. Бұл аталған кітаптар біздің тілімізге оралғандары ғана екенін баса айтамын. 

– Балалар әдебиетіне қатысты жобамен жұмыс істеп жатқаныңыз жайлы естідік. Сол жайында кеңінен тарата айтсаңыз...

– 2020 жылы балалар әдебиетіне қатысты жобаны ұсынарда «Балалар жылы», «Балалар әдебиеті жылы» әлі басталмаған болатын. Мен – соңғы 7-8 жылдан бері мектеп бағдарламалары бойынша жұмыс істеп, мектеп оқулықтарын жазуға тікелей араласып жүрген авторлардың бірімін. Осы уақыт аралығында менің байқағаным, қазіргі таңда балаларға нені оқытамыз, қалай оқытамыз деген дүниелер шешімін таппай жатыр. Яғни, соңғы 30 жылдағы әдебиеттің ішінен балаларға арналған шығармаларды іріктеп алу жағы қиындық туғызуда. Көбінде елдің айтатыны «ақын-жазушылар балаларға арнап балалар шығармаларын жазбайды», «балалар шығармаларына тапсырыс беру керек» деген сияқты пікірлер туындап жатады. Шын мәнісінде, олай емес. Балаларға арналған туындылар барлық жанрда да, ол әдеби ертегі бола ма, жоқ әлде аңыз бола ма, әңгіме бола ма, поэзияның шағын жанрлары – тұрмыс-салт жырлары бола ма, не болмаса балаларға арналған табиғат жырлары, жұмбақтар, жаңылтпаштар, санамақтар, мазақтама, метаграмма, бата-тілек, жыл мезгілдері т.б. сияқты балаларға арналған жанрлардың бәрі де жазылып жүр. Ал драматургия саласында, интермедия, скетч, ойын өлеңдер сынды шағын жанрлар, балаларға арналған бір, екі көріністі дүниелер де жазылуда. Біз «қазіргі балалар әдебиетінде не бар, не жоқ?» деген сұраққа жауап беру үшін осы жобаны ұсынған болатынбыз. Ел айтқандай, «қазіргі таңда балалар қаламгерлері балаларға арналған шығармаларды аз жазады, немесе жазбайды» деген уәжді жоққа шығаруға болады. Себебі қазіргі таңда баларларға арналған дүниелер жеткілікті деңгейде жазылуда.   

Балалар әдебиеті – қазақ халқымен бірге жасап, бірге өсіп келе жатқан рухани сала.  Ұлттық әдебиеттің барлық дәуірінде де балалар әдебиеті бірге жасап келе жатыр. Қазақ балаларына арнап классик жазушыларымыз Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, АБайтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, М.Сералин,  С.Дөнентаев, С.Көбеев, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Бегалин, Ө.Тұрманжановтар түрлі жанрда шығармалар жазды. С.Сейфулиннің өлеңдері, Б.Майлиннің «Хан күйеуі», «Өтірікке бәйге» сияқты өлеңмен жазылған ертегілері, І.Жансүгіровтің балаларды өмір тануға үйрететін табиғат жырлары, М.Әуезовтің «Көксерегі» мен С.Мұқановтың «Бақташының баласы», «Менің мектептерім» атты кітаптары – қазақ балаларының бірнеше буын ұрпағын тәрбиелеген шығармалар. Бүгінгі қазақ балалар әдебиеті осы құнарлы топырақтан нәр алып өсіп келеді. 

Бұлардың бірсыпырасы кеңестік дәуірдегі балалар әдебиетіне және қазіргі қазақ балалар әдебиетіне үлес қосқан қаламгерлер. Ал, енді олардың бер жағында қазіргі таңда бірнеше буын өкілдері балалар әдебиетіне араласып жатыр. Балаларға арналған «Дарабоз» байқауы кейінгі жылдары тоқтап қалған еді. Сол байқау жөнінде балалар жазушысы Т.Әбдірайым балалар әдебиеті туралы сұхбатында: «Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы Шәкен Күмісбайұлы ұйымдастырған, талдықорғандық кәсіп­кер, меценат Бауыржан Оспанов демеу­шілік жасаған үздік балалар туындыларына арналған «Дарабоз» әдеби бәйгесі жыл сайын тұрақты түрде жарияланып тұрды. Жүлде алған шығармалар «Кәусар бұлақ» деген атпен кітап болып шығатын, кітап дүкендеріне түсетін, кітапханаларға тарайтын. Осы «Дарабозды» «Алтын қалам» деген конкурсқа апарып тіркеді де, баяғы «Дарабоздың» үні өшті, беделі төмендеді.

«Алтын қалам» конкурсы керек. Оған еш қарсылығым жоқ. Бірақ балалар шы­ғармашылығына арналған «Дарабоз» бәйгесі, бұрынғыдай, өз алдына жеке отау болғаны жөн», – деген болатын.

Мәселен, биылғы жылы Жазушылар одағының жылдық қорытындысында балалар әдебиеті жеке жанр ретінде қарастырылды. Сонымен бірге балалар әдебиетінің поэзия, проза, драматургия жанрлары туралы жеке-жеке баяндамалар жасалды. Осылардың бәрі де қазіргі балалар әдебиетіне деген көзқарастың ерекше екендігін көрсетеді. Біздің жобаның негізгі мақсаты – қазiргi қазақ балалар әдебиетінің даму үрдістерін бағамдау, көркемдiк-эстетикалық жетiстiктерiн ғылыми тұрғыда саралау, тәрбиелік мәнін анықтау. 

Көркем әдебиеттің өзге салалары секілді балалар әдебиеті де өз бастауын ауыз әдебиеті үлгілерінен алады. Санамақ, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, өтірік өлең, Алдар көсе, Қожанасыр хикаялары сияқты ауыз әдебиеті үлгілерінен жалғасып келе жатқан балалар әдебиеті заман талабына сай өз жалғасын табуда. Ұлттық әдебиетте әдеби ертегі жазған Ә.Тәжібаевтың «Толағай», Ж.Смақовтың «Бұршақ туралы ертегі», Ө.Тұрманжановтың «Құмырсқалар, аралар қиыспас дос құдалар», «Аңғал бұғы, алдамшы түлкі, аң патшасы ауру арыстан туралы хикая» сияқты ертегілерінің қатарын қазіргі балалар қаламгерлері дәстүрлі түрде  жалғастыруда. Қ.Толыбаевтың «Алма қыз және оның батыр ағалары», С.Қалиевтің «Бақ атай туралы аңыз», Қ.Күзенбаевтың «Айлакер шыбын, аяр бүйі, аңқау шегіртке және зауза қоңыз туралы аңыз», М.Жаманбалиновтың «Бала пілдің қалаға саяхаты», Б.Сүлейменовтің «Хан шатырындағы кездесу» сияқты әдеби ертегілері мен аңыз-әңгімелері – балалардың сүйіп оқитын шығармалары. Бала тәрбиесінде сан ғасырлық халық мұрасымен бірге авторлық әдебиеттің де берері мол екендігін аталған шығармалар көрсетіп келеді.

Балалар әдебиетін зерттеу – қазіргі таңда әдебиеттану ғылымында көп көңіл бөлініп отырған өзекті мәселе. Ұлттың болашағы мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балалардың алған білім, тәрбиелеріне тікелейбайланысты екендігін әлем ғалымдары мойындап, балаларға нені, қалай оқыту керектігіне көңіл аударуда. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бермен қарай Ұлыбританияның П.Ханта, П.Пинсента, М.Мико сияқты ғалымдары балалар әдебиетінің даму бағыттары, балалар әдебиетінің қарым-қатынасты дамытудағы рөлі, ұлттық бірегейлікті сақтау, қоғам өмірімен байланыстыру, халықтар достығын нығайту тәрізді мәселелерді зерттеуде оң нәтижеге жетті. Әлемдік деңгейдегі К.Вандергрифтің «Балалар әдебиеті: теория, зерттеу және оқыту», А.Алстонның «Ағылшын балалар әдебиетіндегі отбасы (балалар әдебиеті және мәдениеті)», К.Бутцовтың «Балалар әдебиетіндегі американдық қаһарман: стандарттарға негізделген көзқарас», Х.Эверстің «Балалар әдебиетін зерттеудің негізгі тұжырымдамалары: әдеби-әлеуметтанулық тәсілдер», Э.Салливанның «Салыстырмалы балалар әдебиеті» деген еңбектері балалар әдебиеті жан-жақты зерттеліп жатқандығын көрсетеді. 

ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бермен қарай К.Матыжанов қазақ фольклорындағы балалар поэзиясының алатын орнын, Ә.Әмірова ересектер тобындағы балаларды қазақ балалар әдебиеті арқылы адамгершілікке тәрбиелеудегі қызметін, З.Абдуллина Б.Соқпақбаев, М.Гумеров, М.Қабанбаев шығармаларындағы кейіпкерлердің тілдік тұлғасын, Ә.Аманжол  балалар поэзиясының генеалогия, типология, поэтикалық даму бағыттарын, Қ.Сапарбаева Әнуарбек Дүйсенбиевтің әдеби мұрасын, А.Ақтанова қазақ балалар драматургиясын зерттеді. Бұл еңбектерде ауыз әдебиеті үлгілерінен бастап, 1980-1990 жылдарға дейінгі аралықтағы балаларға арналған шығармалар бір қырынан ғана зерттелді.

Біздің «Қазiргi қазақ балалар әдебиетінің даму үрдістері» (1991-2021 жж.) атты жобамызда қазіргі балалар әдебиетінің қазақ мемлекетінің егемендiгiн бекiте түсудегi танымдық-тәрбиелiк рөлi айқындалып, қазіргі әдебиеттегі балалар кейіпкерлерін сомдаудaғы қаламгерлердің стильдiк шeбeрлiгi анықталады. Тақырыпты зерттеу барысында тәуелсiздiк кезеңде жазылған балалар шығармаларының көркемдiк деңгейiн, жасөспірімдер бойындағы ұлттық рухты күшейтудегі рөлін ғылыми саралауда түрлi тақырыпты арқау еткен туындылар зерттеу нысанына алынады. Тәуелсіздік тұсында жазылған  шығармаларды жүйелеу, зерттеу, ғылыми айналымға түсіру – қазіргі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерінің бірі. Ұжымдық монографияда балалар әдебиетіне үлес қосып жүрген отыз шықты қаламгердің шығармашылық портретін береміз. Олар Мұзафар Әлімбаевтан басталады да қазіргі қаламгерлерге дейінгі аралықты қамтиды. Сонымен бірге бұл жобада әр жанр бойынша шолу тараулар берілетін болады. Бұл шолу тараулар соңғы 30 жылдағы қазақ балалар әдебиеттің аяқ алысын байқатады.    

– Бүгінгі балалар ақын-жазушылары жайында не айтар едіңіз? Олардың шығармашылығында қазіргі заман балаларының болмысы көрініп жатыр ма?

– Әрине. Өнердің басқа түрлері тәрізді көркем әдебиет адамның ақылына ақыл, сезіміне сезім қосады. Әдебиеттегі көркем кейіпкерлердің өмірі мен қызметі оқырманға әсер етіп қана қоймай, көп жағдайда идеалға айналып жатады. Балаларға арналған әдебиет өскелең ұрпақты өмірді тануға, білім-ғылым алуға, салауатты өмір салтын ұстануға, әдеби кейіпкерлерінің тағдырынан өмір тәжірибесін жинақтауға баулиды. Тарихи тұлғалар туралы шығармалар жасөспірімдерді биік шыңдарды бағындыру үшін үлкен мақсаттарға жетелейтін асқақ армандардың болуына сендірсе, Б.Айдарбектің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» пьесасында мектеп жасындағы жасөспірімдердің тәрбиесіне көңіл бөлінген. Автор М.Әуезов айтқандай, қазақтың болашағы өскелең ұрпақта екенін есімізге салады. 

Қазіргі балалар қаламгерлерін бір сұхбатта атап өту мүмкін емес. Бір қаламгер туралы атап айтатын болсақ, Ө.Ақыпбекұлының бүлдіршіндердің ойын дамыту үшін құрылған санамақ, мазақтама, есепжұмбақ, жаңылтпаштарының балалар әдебиетінен алар орны ерекше. Владимир Маяковсийдің ізімен жазылған «Мен таңдайтын мамандық» өлеңінде ақын, аквалангист, әнші, әртіс, әрлеуші, әскери адам, әйнекші, әдепті болу, бағбан, балташы, балықшы, бақташы, бизнесмен, вагоншы, виоленчельші, вело-спортшы, геолог, гимнаст, ғалым, ғарышкер, дихан, дәрігер, елші, етікші, жиһангез, жорналшы, жұмысшы, жүкші, заңгер, зергер, инженер, имам, киногер, кәсіпкер, қаржыгер, қойшы, лоцман, лифтіші, мүсінші, мұғалім, мұнайшы, наубайшы, нотариус, аңшы, шаңғышы, орманшы, омарташы, өнерпаз, өнертанушы, поицей, поляршы, реизор, радиошы, суретші, сазгер, сәулетші, саяткер, саясаткер, таксиші, тракторшы, уролог, ұсташы, ұстаз, үскірікші, үйші, фермер, философ, фотограф, хирург, химик, һижрашы, циркші, цензор, чекист, шахтер, шаштараз, щиші, ысшы, ісмер, эколог, юнга, юморшы, яхтсмен тәрізді мамандықтардың ерекшелігіне тоқталып, аталған кәсіптер туралы көптеген мағлұмат береді. Аталған мамандықтардың көпшілігі қазіргі заманауи мамандықтар. Автор сол кәсіптің ерекшелігін бала ұғымына сай сипаттап оларды мамандық таңдауға шақырады. 

Қазіргі замандағы шығармалардың негізгі кейіпкерлері – қазіргі заман балалары. Негізінен көркем туындылар сол дәуірдің көркем шежіресі, дәуір шындығын көрсетеді деп айтамыз. Бүгінгі балаларға арналған шығармалардың да негізгі кейіпкерлері біздің қазіргі тәуелсіздік тұсындағы балалар. Мәселен, К.Құныпияұлы шығармаларынан кездесетін ойын-өлеңдерді атауға болады. «Түстер жайлы жарыс» өлеңінде бес бала қызыл, сары, жасыл, ақ, көк түстерді бөліп алып, сол түстермен таныстырады. Бірінші бала: «Қызыл алма – нәрім, Қызыл менің шарым», екінші бала: «Сары  – ауламдағы Дала сарғалдағы», үшінші бала: «Жасыл – шырша, шалғын да, Ну тоғай тұр алдыңда», төртінші бала: «Ақ деген түс әрқашан Адалдықты таппақ!», бесінші бала: «Көк түсімен қымбат қой, Қасиетті Туымыз!» деп әр бала әр түстің ерекшелігіне көңіл бөледі. Балалар ойын-өлеңді жатқа айтып, өз түстерінің ерекшелігін көрсетеді. Осындай ойын-өлеңнің бір түрі – «Біздің ойыншығымыз». Ойын-өлеңде ұлдар мен қыздар екі топқа бөлініп, өздерінің ойыншықтарымен таныстырады. Екі қыз қуыршағының тамақ ішпейтінін, жыламайтынын, жүрмейтінін айтып таныстырса, үш ұл ракета, самелет, вертолеттің ерекшелігін айтып болашақта Тоқтар, Талғат ағалары тәрізді космонавт болуды армандайды. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш космонавттары. Ұл балалар   ғарышкер ағалары тәрізді ғарышты бағындыруды қалауы орынды. Аталған ойын-өлеңдер – фольклордан жалғасып келе жатқан балалар ойынының жаңа мазмұнға ие болуы. 

А.Тілегеннің «Инстаграм&Тик-Ток» айтысы бүгінгі заманауи әлеуметтік желілерге құрылған. Тәрбие сағатында ұл мен қыз екеуі айтысуына болады. Ол жөнінде автор «Айтысқа ұл мен қыз шыққан тиімді. Ұлдың үстінде инстаграмның суреті, ал қыздың үстіне тик-токтың суреті жабыстырылады. Домбыраны бір шертіп қойып, айтыса беруге болады»,  – дейді. Өз жетістіктерін айтып мақтанған екі кейіпкер, сөз соңында балалардың бос уақыттарын тик-ток пен инстаграмға жұмсамауын сұрап, білім-ғылым алуға үндейді. 

Бірер мысал келтірер болсақ, балалар поэзиясынан үлкен орын алатын – туған жер, Отан, ел туралы өлеңдер. Б.Үсенбаевтың «Отан – ана», «Отанды сүю ерге сын», Ә.Қайырбековтің «Қазақстаным менің!», Ш.Жұбатованың «Айналайын елім!», Қ.Адистің «Менің Отаным», С.Намазшамованың «Отанды жақсы көремін», «Отанымның байлығы», С.Қамшыгердің Бірлік жыры», «Айналдым сенен, азаттық», «Алматым», «Түркістан кесенесі», «Жұмбақтас», «Көлсай», О.Қасымның «Әулиеағаш», «Торыш аймағы», «Жеке батыр тауы», «Әншіқұм», «Қайыңды көлі», «Рахман қайнары», «Мыңжылқы құдығы» өлеңдерінде Отанның оттан да ыстық екені байқалады. Ақында қаза жерінің тауын да, тасын да, суын да, нуын да, шөлін де, құмын да жырға қосып, жер асты, жер үсті байлығын мақтан етеді. Туған жерді Жұмақ мекенге теңеу әдебиеттің арғы-бергі тарихында қалыптасқан әдеби дәстүр болса, ақындар балаларға арналған туған жер, Отан туралы өлеңдерінде туған жердің құдіретіне бас иеді.   

М.Әлімбаев, Т.Молдағалиев, С.Оспан, М.Қабанбай, Т.Нұрмағанбетов, Т.Әбдірайым С.Қалиұлы, С.Сәдуақас, Ә.Қайран, Н.Ақыш, А.Естенов, Б.Үсенбаев, Н.Ораз, З.Жұманова, Қ.Баянбай, Ә.Табылды, С.Әкірамұлы сияқты қаламгерлер өз шығармаларымен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге ден қойып жүргені байқалады. Бірсыпыра қаламгерлер өткен тарихқа үңіліп, батырлар мен хандар бейнесін әдебиетке алып келсе, енді бірпарасы өмірі үлгіболарлық замандастарымыздың өмір-тіршілігін көркем бейнелеуде. Тарихи қалаларымыз, ұлттық жәдігерлеріміз туралы балалардың қабылдауына жеңіл түрде жазылып жатса, бүгінгі күннің бейнесі, болашаққа деген құлшынысқа құрылған мәтіндер – балалардың зейінін ашатын таптырмас құралдар. Байбота Қошым-Ноғайдың «Әліппесі», Темірақын Жақыптың «Кәрекей мен қонжықтары», Серік Нұғыман «Күрес», Бағдат Мәжитов «Қай әріптер ауысқан», Есей Жеңісұлы «Арша», Қанат Қайым «Балалар кітабы», Серікбол Хасан «Қасиетті Қазақстан», Асылан Тілеген «Жұмбақ қалалар» т.б авторлардың еңбегі балалардың таным көкжиегін кеңейтуде.

– Бала тәрбиесінде балалар әдебиетінің орны қандай? Қазіргі бала бұрынғыдай батырлар жырын оқи қоймас. Оларды әдебиетке қалай қызықтыруға болады? 

– Балалар әдебиетінің балаларды тәрбиелеуде атқаратын қазметі өте жоғары. Көркем әдебиет жас оқырманды толық адам ретінде қалыптастыруға, адамгершілік қасиеттерді бойына жинақтауға, асқақ асыл армандарын жоспарлауға, отбасына, адамзат баласына, отанға деген махаббат сезімін, патриотизмін қалыптастыруға, оқуда озат, өмірде алда болуға баулуға міндетті. Мұндай асыл мақсаттардың оңай жолмен келмейтіні белгілі. Ол үшін әрбір оқырман тынымсыз ізденуге, көп еңбектенуге, өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі жетілдіруге міндетті. «Білекті бірді, білімді мыңды жеңетінін» түсінген ұрпақ тәуелсіздік тұсындағы бәсекеге қабілетті болып өсу керек. Мектепте жақсы оқу үшін көп іздену керектігін ұғынған жас ұрпақ өмір үшін күресе білетін күрескер болып қалыптасуы тиіс. Бұл жолда олар Абай айтқан бес асыл істі бойына жинақтап, бес жаманнан қашуға дағдыланады. Абай шығармаларын оқу арқылы «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахымды» бойына жинақтаған өскелең ұрпақ «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтан» бойын аулақ салуға тырысады. Көркем әдебиеттің негізгі міндеттерінің бірі – тәрбие құралы болса, кез-келген қаламгердің шығармаларын оқыған бала сол шығармадан өзіне қажетін алып, жаманынан бойын аулақ салатыны белгілі. 

Батырлар жыры немесе біз оқыған ертегілер қазіргі балалар үшін қызық емес. Қазіргі әдеби ертегілерде балалардың өзінің ұстайтын смартфондары мен теледидар, сол сияқты электронды құралдар қазіргі әдеби ертегілерде көптеп кездеседі. Одан шығатын дүние, біз қазіргі балаларға арналған шығармаларды жазған кезде олардың өзі ұстанатын, өзі білетін заттарды қосып, солар жөнінде жазған дұрыс деп ойлаймыз. Әрине, біздің қаламгерлер де шығармашылықтарын солай дамытуда. Ал, енді оларды қалай қызықтыру керек деген кезде, менің ойымша, балалар әдебиетін мектепке барғаннан кейін оқытамыз деген бос сөз. Бала туғаннан бастап әдебиетке қызықтыра білу керек. Қазір қарасаңызар, орыс қаламгерлерінің балаларға арналған тақпақтары, өлеңдері жеке кітапша болып шығады. Оған қоса орыс тілінде суретті, мұқабасы қалың, жыртуға келмейтін мектепке дейінгі балабақшадағы балаларға арналған шағын-шағын кітапшалар бар. Сол сияқты балаларды қызықтыратын, шағын бір әңгіме болсын, шағын өлең болсын, не болмаса ертегі болсын, ары кетсе 10 беттен тұратын, бір бетке бір шумақтан артық өлең жазылмайтын суретті дүниелер біздің балаларға ауадай қажет. Осындай дүниелерді қазақ тілінде көптеп шығарса. Кітап дүкендерін қарасаңыздар, орыс тілінде балаларға арналған суретті кітапшалар өте көп. Әдебиетке балаларды мектепке дейін осылай қызықтырған дұрыс шығар деп ойлаймын.    

– «Қазіргі балалар ертегі тыңдай ма?» деген сұрақ мені алаңдатады. Бұрындары әжеміздің алдына үймелеп, ертегі айтуын жалына сұрайтынбыз. Заманауи балалардың ертегі секілді ауызша әңгіменің ең қызықты түріне қызығушылық танытпауын немен түсіндірер едіңіз?..

– Қазіргі балалардың ертегіге қызықпайтыны белгілі. «Заманына қарай адамы» дейді. Қазір ақпараттық заман. Ақпараттық заманның адамдары да сол ақпараттық технологияға ілесіп өмір сүруде. Оның негізі, қазіргі біздің балаларымыздың теледидардан көретіні және сонымен бірге қол телефон, смартфон, осылардың ішінде әлеуметтік желілердің бәрі де бар. YouTube-тың ішінде балаларға арналған дүниелердің көбінде орысша Ресейдің шығарған ертегілері, көпсериялы мультфильмдері балаларды қатты қызықтырады. Себебі ол жерде баланың танымына, жасына қарай түрлі деңгейдегі көпсериялы мультфильмдерді шығарып қойған. «Маша и медведь», «Синий трактор», «Буренка Даша» сынды дүниелерді балаларымыз көптеп көреді. Орысша мультфильмдерді тамашалағандықтан, көбінде кішкентай балалардың тілі орысша шығып жатады. Осы сияқты қызықты ертегілерді біздің де аниматорлар көпсериялы етіп шығарса балаларды қызықтырар еді. Сонда біздің балалардың тілі қазақша шығар еді. Үйінде орысша сөйлейтін адам болмаса да балалардың тілі орысша шыққанда ата-аналарының өзі таңғалып жүреді. «Бұл қалай болды? Қалайша орысша сөйледі?» деп. Оның себебі, күнделікті тамақ ішіп отырып болсын, не болмаса бала өз бетінше ойнап отыратын кезде теледидармен алдандырады немесе қол телефонды қосып қояды, сондай кезде олардың орыс тіліндегі мультфильмдерді көп көретіндігінен деп ойлаймын.   

– Болашақтағы қазақ баласы ата-анасынан тыс, немен тәрбиеленуі, неден тәлім алуы мүмкін? 

- Тәрбие дегеннің өзі қоршаған орта, оның өскен ортасының баланың тәрбиесіне тікелей қатысы бар. Оның араласатын адамының балаға тікелей әсері болады. «Ұлың өссе ұлы жақсымен көрші бол, қызың өссе қызы жақсымен көрші қон» деген қазақтың жақсы сөзі бар. Үйдегі ата-анадан бөлек, мектепке дейінгі, не болмаса мектеп жасындағы балаларға орта қатты әсер етеді. Әсіресе мектепке баратын кезде, қарап отырсаңыз, кейбір сыныптың балалары жаппай оқуға ынталы болып келеді де, ал кейбір сыныптың балалары сабақ оқығысы келмейтін жалқаулар болады. Сонда олар ортаға қарай икемделетінін аңғару қиын емес. Бір сыныпта 1-2 бала дұрыс оқитын болса, оны бәрі мазақтап оқытпай да қоятын жағдайлар болады. Ал, керісінше, жақсы оқитын балалар көп болса, бірен-саран нашар оқушылар соларға ілесіп жақсы оқитын болады. Сондықтан бала тәрбиесінде, шын мәнісінде, ананың бойына біткеннен бастап тәрбиелеу процесі жүреді. Бес жасқа дейін балаға негізгі тәрбиені беру керек. Ал одан кейін көбінде біздің ата-аналарымыз балабақшаға барған кезде тәрбиешілері жауапты, мектепке барған кезде мұғалімдері жауапты дейді. Олай емес. Мұғалім де, тәрбиеші де – қосымша тәрбиемен айналысатын қызметкерлер. Ал шын мәнісінде баланың тәрбиесіне жауапты – ата-ана.  

– Қазіргі қазақ әдебиетінен Алдар көсе, Қожанасыр секілді кейіпкер шығуы мүмкін бе? 

– Қожанасыр немесе Алдар көсе сияқты кейіпкерлер тек қана қазақ халқында емес, түркі халықтарының әдебиетінде болды ғой. Сол сияқты балаларды қызықтыратын ортақ кейіпкерлердің қажет екенін тек біздің қазақ әдебиетіне қатысты емес, жалпы әдебиетке қатысты айтуға болады. Сондай бір ортақ кейіпкерлер, әрине, әдебиетке қажет. Алдар көсе, Қожанасыр секілді кейіпкерлердің шығуы, әрине, әбден мүмкін. Себебі Қожанасыр да өмірден алынған кейіпкер. Ол қаламгердің талантына байланысты дүние деп айтар едім. Сондай бір жақсы кейіпкер туындап жатса оны балалардың бәрі де қызықтап оқитын еді. 

– Әңгімеңізге рақмет!  

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар