Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
Ақкүрең Бақыт. Арманын адасып тапқан ағам (әңгіме)...

24.09.2025 65

Ақкүрең Бақыт. Арманын адасып тапқан ағам (әңгіме) 14+

Ақкүрең Бақыт. Арманын адасып тапқан ағам (әңгіме) - adebiportal.kz

Сабырлы отырысына қарап ернін сүйірлеп алға созып:

– Темір қатын екен, - деді көрші Жамал. – жарылмай отырысын қарашы! – деп сынай қарап, таңданысын жасырмады.

Ол темір әйелдің емшегі сорғалап көкірегін жуды. «Аш қалдың ғой» деді ме, емшегін сауып, топыраққа шашты зәмзәмін. Өксіп, бар даусымен айқайлап жылап та алды. Біраз отырды. Иә, төмпешік жетеу болыпты. Жеті ұлды жер астына беріпті. Сәуірде жаңбыр шелектеп құйып тұр. Екі төмпешік тегістеліп қалыпты. Ана көз жасын көлдетіп отырып, төмпешікті қайта томпайтты. Көңілі тынышталған соң, орнынан сүйретіліп тұрып жолға түсті.

Қабір басында жылап отырған мұңды келіншек шынымен темір әйелге айналғандай үйге келген соң үйдің шаруасын дөңгелетіп шаруақор, пысық өміріне қайта кірді.

Біреуді жыр қып айтып, біреуді көкке көтермейді де, табаламайды. Шыбын жанын шуылдатып, өзекті қақ айырған бала өлімі – Көзге көрінген күйік.

Ақыры, көрші совхоздағы жеңгесі Ырыстың үйіне қарай жолға шықты. Энгельске қарай трактор жүрсе жолыңның болғаны. Айналаны көк бұлтқа жетелеген ала шаң көрінгенде Нағи шынымен қуанып кетті. Тракторшы айқайға салып, төңіректі сілкіп келеді. Тракторшы қол көтерген оған тоқтап:

– Энгельс болса, мін, – деді. 

Нағидың көзіне үйіріліп жас келді. Тірі болса тұңғышы тракторшыдай жүрер еді-ау алдыңғы айнасы күнге жарқылдап.

– Апа, он жыл демей-ақ қойдым, ел жаңаланатындай елу жыл дейінші, майжол түсер ме екен иә, апа?

– Қайдам. Біз жетпегенге сендер жетіңдер, айналайын балам, - деді көздегі жасын сүртіп.

– «Балам» дедіңіз бе?, – деді қуанып. – Менің ата-анам жоқ. Жетімдер үйінде өстім. Маған ана болшы, апа! – деді жалынышты үнмен. – Үкімет үй берді. Сыныптағы Жанарға үйленіп совхозға келдім. Бір ұлым бар. Той бергім келеді. Төрімде апам болып отырыңыз. Жақында той береміз, бұйырса. Қоныс той, бесік той, неке тойы... Бәрін бір той қылып қосамыз.

Нағи тракторшы баланы бауырына басып, түсерінде:

– Апаң болайын. Тойыңа шақыр бізді, – деп жылап қоштасты.

Жеңгесі Ырыстың үйінің алдына Нағиды түсіріп жатып:

– Шай ішіп болып шығасыз ғой, апа! Мен орталықты айналып келейін. Өзім алып кетем. Жолға шықпай күтіп отырыңыз, апа, – деді көңілі толқып.

– Айналайын, жұмысыңнан қалма. Біз ұзақ сапарға шығамыз. Бірер күн осындамын. Жолың түссе шай ішіп кет. Аға-жеңгемнің үйі. Келіп тұрғайсың, – деп маңдайынан иіскеді. 

Тракторшы бір қап алтын тапқандай қуанышы қойнына сыймай тұр еді. 

***

Жеңгесі екеуі шүкірін айтып, әулие аралау үшін ұзақ жолға шықты.

Кетпеші баба, Кешірмес ата, Сұлтан Уәйіс баба, Дәуіт ата, Пайғамбар қыз, Жүсіп ишанның басына түнеп, көңілі тынышталып үйге келді. 

Қазақтан шыққан Дәуіт атаның басына түнеп жатып түс көргенін қайыра есіне алды.

– Бір ұлды бердім, сен мейір төк. Қабың бос болмайды,- деді ақ киімді шал.

Жұрт бұ жазғанның бала көтергенінен қорқайын деді. «Тағы да шетінеп кете ме бала тоқтамайтын бақытсызға?» деп налығандар болды. Өмірбай дүниеге келіп, тентек бала ауылды трактордың шуылындай шуылдатты. Тентек Өмірбай орыс мектебіне барады. Сыныптың тоз-тозын шығаратын 16 ұл әрең дегенде мектепті бітіріп тарады. Мектеп те бір тынышталды-ау! 16 ұлдың ішіндегі басы осы – Өмірбай болды. Өмірбай 7 классты әрең аяқтап, орталықтағы кәсіптік техникумға оқуға түсті. 

Бозала таңнан Өмірбай әндетіп, ауылды тәтті ұйқысынан бозторғайша оятатын. Қыбырлап жүрген қырдағы сары үстірттің иесіндей болған құмырсқадай құжынаған көптің тірлігі таңнан басталып, кешке дейін қара қазаны оттан түспей, сығаны бар, ұрысы бар, базары да қосыла қайнайтын. 

Нағидың мұрындық баласы баяғыдағы «маған ана болшы, апа!» дейтін тракторшы Арыстан жиі келеді. Кейде сенбі мен жексенбі күндері бала-шағасымен келіп қонақтап жатады. Нағи жоғалтқан 7 ұлын жоқтап жүргенде Алланың жіберген жұбанышы деп қабылдаған еді осы Арыстанды. Екі-үш күн көрінбесе іздеп жолға шығады. Араға жыл салып дүние есігін ашқан Өмірбайдың қылығы мен бұзықтығы бәрінен асып түсті. Нағи сабырлы, шыдамды болғанымен: 

– Ой, қитұрқы, барыңнан жоғың, – деп тілі тиіп кететін байқамай. Осындай күйіп-піскен сәттерінде Арыстанның үйіне баратын. 

Бір күні Арыстан ағасы «шешем мен әкем тыныш отырсын» деп Өмірбайды Энгельске қыз көрелік деп алып кетіп, жұмысқа салды. Алты айдың ішінде тракторды тәп -тәуір меңгеріп шыға келді. Көзді ашып-жұмғанша өте шығады екен уақыт. Ауылды шаңдатып келе жататын тракторшы Өмірбай қатарға қосылды.

Арыстаннан құтылғысы келіп үстіртке сапарға баруға жазылды. Өмірбайдың қияңқы қылығына қанық болғанымен, бұған Арыстан қарсылығын білдірмеді. «Сыртқа да шығып көрсін!» деп өз- өзін жұбатып қойды. 

Ештеңесін бөлісуге көзі қимайтын Өмірбай, Арыстан ағасын көрген сайын ызаланатын. Амалы жоқ іштей тынып өсті.

– Жүрегі жоқ, қатты ғой ,– дейтін Нағи шеше.

Үстірт сапарына 10 шопыр баратын болды. Мына босмойын қызыл тракторды айдап үйреніп алғаны – Арыстаннан құтылдым дегені. Арыстан ағасынан ұзақтау жүру үшін ыждағаттылықпен меңгеріп алды. Шопыр таңдап жатқандар, бұл емтиханнан «5» бағасын алып өткенде көбі сенбей де қалды. Арыстан ағасы да таңғалып басын қасумен болды. 

– Бүлдіргіні түзу жолға салсаң, тік жатқан жолыңды қопаратындай бәле ғой! – деп бас шайқасты жиналғандар.

Үстірт – биік жер. Ми қайнаған ыстық. Жанып тұрған күнде көлік жүргізу оңай шаруа емес. Жоспарды орындап, қолға ақша да түсті. Ұйқысы аз, ширақ Өмірбай «КамАЗ» жүргізуді де меңгерді. Үстірттегі шопырлар ащы судан ұртап алып, Үстірт жайлы әңгіме айтты. Ащы суды бұрын-соңды ішіп көрмеген Өмірбай әңгімені аузы ашылып тыңдап отыр. Шопырлар ақ құмның үстіне брезент төсеп жата кетті. 

– Үстірттің бір ханшасын Қоңырат қаласына қарай алып қашу керек. Дұрысы сол. Үстірттің ханшасына үйленсем, Арыстанның лаңынан біржола құтылам ғой. Таң атпай-ақ жолға шықсам ба? Ақылы бар ғой, алдымен көліктің майын тексеріп алайын. Артық тағы бір бөтелке май алып, көлікті оталдырып, «қайдасың үстірттің ханшасы?» деп үлкен жолға түссем бе? 

Шопырлардың әңгімесіндегі «Үстірт ханшасы» қай ғасырда өмір сүрді? Ащы суға алғаг тойған Өмірбай оның ескілікті әңгіме екенін қайдан білсін?! Жол ұзақ. Қаншама шақырым жүруі керек. Қай бағытта келеді? Мұны аңғарып келе жатқан жоқ. Періштесі қағып, сүйемелдеп аман-сау көлікті басқарып келеді.

Таңертең шопырлар оянса Өмірбай мен «КамАЗ» жоқ. Не істерін білмей кепкаларын шешкен күйі сығымдап шопырлар тұр. Бригадир Амал ағай қатты қиналды. Арыстан қайта-қайта ескертіп еді оның бұзақылығын. 

– Амал аға, Өмірбай менен қашып сіздерге барды. Небір сорақы қылықтарын білемін. Ініме көз қырын салып жүріңіз, аға, – деп жалынғандай болған көзі кіртиіп. «Арыстанның алдында ұятты болдым-ау!» деп өзін қоярға жер таппай тұр. Тоғыз шопыр толғанып не істерін білмей теңселіп қалды. «Арақ іштік, Өмірбайды білмейміз» деп қалай айтады. 

Өмірбай жолды шаңғытып, бір тоқтамай шайтан қуғандай ызғытып келеді. Көліктің іші әбден ысып, сырты күйіп, өзі сары бала әбден қызара бөрітіп алған. Түн бата қараңғылық түсіп келе жатқанда, «КамАЗ» ақырындап барып бір үңгірге кіріп бара жатқанда шыққан ысылдаған қалың дыбыс Өмірбайдың көзін ашты. Зәресі қашып, көзі шарасынан шықты. Қол-аяғы қалтырап шүберек іздеді. Терезенің кішкентай тесігінен естілетін ысылдаған дыбыстан бүкіл денесі қалшылдап, аяқ астынан тоңып кетті. Тізгін тепкіден аяғын ала алмай құлағы шуылдап сала бергені-ай! Қолындағы шүберекпен тер басқан бетін сүртіп, шүберекті аяқ астына тастай салды. «Мынадай үңгірге қалай кіріп кеттім?» деп аяққа бар күшін салып, артқа қарай басты. Қалай да шегініп шығуы керек. «КамАЗды» артқа басып жатқанда көк алмадай көкшіл көздері шарасынан шығып кете жаздап тұрды. Улы жылан ұялаған үңгірден әупірімдеп аман шыққан соң газды басып жолға түсіп алды. Арадан 5-6 сағаттай уақыт өткенде, суы жылтырап канал көрінді. Каналдың жағасына барып тоқтады да көлігіне қараған. Өз көзіне өзі сенбей сілейіп тұр. Көліктің терезесіне қан қатып қалған ғой. Бұл қалай? Әлгі үңгірдегі жыландардың шоғырын байқаусызда жаншып, сүзіп, езіп өткеннен қалған қан екен ғой. Терезе қызыл түске боялыпты. Бұған дейін мұндай қоқыныш сезімі кеудесінде болмаған ол көліктің терезесіне қатқан қанды көріп талып қала жаздағаны. Үстіндегі жейдесін шешіп, терезеден жол көретіндей етіп алақандай жерін әрең сүртті. Шөл қысып тұрғанымен, алдындағы канал суын ішуге жеркенді. Сумен бірге жыланды жұтып қоятындай күйде болды. Қанға боялған алдыңғы терезені сүртіп, бастықтың кеңсесіндегі Сталиннің портерті сияқты өзінің басы көрінетіндей жерді ыбылжып екі сағатта әрең тазалады. 

– Лабақ атам, мен Қожіректің тұқымы. Лабақ атам жатқан жер. Лабақ ата, Дәуіт ата мені қолдаңыздар. Мен үстірттемін, жол көрсет! - деп өкіріп, айхайлап жылап алды. Көз байлана бастады. Сонда да көлікті айдалаға тоқтатуға болмайды. Түндегі жыландар іздеп тауып алатындай қалшылдап қояды. Түн ішінде маңыраған қой-ешкінің даусы құлаққа жеткенде Өмірбай «ауылға келіп қалдым ба?» деп ойлады. Өз ауылы ұзақта қалған болатын. Бұл мүмкін басқа ауыл шығар? «КамАЗ» ауылдың шеткі үйінің қорасына кіріп кетіп тоқтады. 

– Уақсыз уақытта тап болған жайсыз жолаушы болды-ау! – деп, көліктің жанына қаумалап ауыл адамдары да жетті. Соғыстан қайтқан үлкендер Өмірбайды көліктен түсіріп алды. Бала-шаға таңырқай қарағынымен, үлкендер: «Тараңдар!» деп 19 жасар жас жігітті аялай жетектеп, сүйеп үйге кіргізді.

– Келін, сұйық тамақ әкел! 

– Ата, қуырдақ бар ғой. 

– Жоқ, тек сұйық әкел. Аз-аздан ішеді, балам.

Келін бір тостаған сорпа әкеліп еді, жұтып алды. Ыдысты келінге берді. Екінші тостаған сорпаны әкелді. Кесені босатып келінге тағы қайтарды. Үшінші кесені тағы ұсынды. Төртінші кесені ұсынғанда ата келінге қарап басын шайқады.

– Әкелме, қарағым. Болды. 

Бір тізерлеп қыз көруге келген күйеу баладай томпиып отыр. Ұйқы қысып барады-ау! Жұмылып бара жатқан көзін ашуға тырысып бағады. 

– Ұйықта, қорықпа! Өзім күзетіп жаныңда отырамын.

Атаға қарап қояды. 

– Ұйықта өзім жаныңда боламын.

– Жыландар келсе, бермейсіз бе?

– Жоқ,бермеймін. Ал сен ұйықта, баламІ

«Жолда жыбырдақтан шошынып қалған бала болды ғой» деді атасы келініне. Өмірбай ұйқыға кеткелі екі күн өтті. Атай келіп тамырын ұстайды. Жанында отырады. Баласына қарағандай қарады. Бір ай дегенде Өмірбай өзіне келе бастады. Атаның немере қызы да Өмірбайға қарады. Ата алғашқы күннің өзінде-ақ азаматтарды жинап алып, көлікті жақсылап жуып қойған екен.

– Қоңырат жақтың баласымын, - дегенде, – Бір өлкеден екінші бір аймаққа өтіпсің-ау! - деп бір күліп алды.

– Немере қызымды берейін. Бізге де осындай дәу көлік жүргізетін шопыр керек. Сен осы Ақжігітте қал, айналайын! Айналаң ат шаптырым, көсіліп жатқан ауыл, – дегенде Өмірбай іздеген арманына тіке келіп жеткендей толқып кетті. Қоңыраттағы Арыстаннан өзін құтқарып қалған ауылда қалса несі бар?!...Жақсы емес пе? Бірақ, жүрегі Бейнеуден ауылға тартты. Енді көлікке жақындай бергенде көзі үйренген сұлу, сымбатты Сырға жетіп келіп:

– Мен сені жақсы көріп бара жатырмын, – деп мойнына асыла кетті.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар